Ән тағдыры
Ән салсаң,
Ән бар ма еді асқан одан,
Жететін Алатауға астанадан.
Қайран қып өнеріңмен алыс жұртты,
Қайтып ең сабақ алып «Ла Скаладан».
Қызығып әніңе де, затыңа да,
Қалатын аузын ашып ақын аға.
Шыңылдап хрусталь шамдар кетуші еді
Ән шырқап сен шыққанда сахнаға.
Сонда ашық еді даусың қандай,
Көрмедік біздер қайтып маусымды ондай
Әуен қазір ән салмайсың театрларда,
Тамаша талант көзі таусылғандай...
Не болды?
Қалай сөнді отың ішкі?!
Қаладың қалай әнсіз отырысты?
Гауһарын табиғаттың жаныңдағы
Теңізге тастағаның — өкінішті!
Өзгерді мінезің де, жүрісің де,
Аяйды ел көзіндегі мұң үшін де.
Айтады көршілерің: «Шыдай алмай
Шыңғырып шырқайды» — деп түн ішінде.
Бұл деген қасірет қой, өгей үнмен
Қалайша саз төгесің көмейіңнен?
Ащыға тұншықтырып бұлбұлыңды
Өлтірген өзің болсаң не дейін мен?!
Керемет сәні емес пе ең өнердің сен,
Кететін нұр шашылып, егер күлсең.
Жалынан ұлы өнердің ұстап тұрып,
Жаңылып сол «періге» неге ердің сен?!
Ел жұрты шын дарынды сүйе берер,
Сөздердей тағдырлар да жүйеленер.
Жүгі ауыр қас таланттың қашаннан да,
Қалайды қастерлеуді киелі өнер.