06.07.2021
318
Ер адамдар
Ер адамның демеу әр сөзі бізге.
Түсінеді тұңғиық кезімізде.
Ер адамнан күтеміз ерлік қана,
Қулық деген жетеді өзімізде.
Ерлер жайлы жоқ тарих жазып біткен.
Құрсын соғыс ерлерді азып күткен.
Өжеттікпен, өрлікпен емес, қыздар,
Жігіттерді сыйлайық нәзіктікпен.
Ерлер жоқта мәні жоқ тіпті үміттің.
Ерлер жоқта сәні жоқ түк қылықтың.
Жүк ауырын көтерсе азаматтар,
Керегі не әйелге мықтылықтың?!
Осы өлеңмен демеймін мәз етемін.
Мойындадық қыс кетіп, жаз өтерін.
Мойындаудан қашамыз неге бірақ
Жер бетінде ерлердің аз екенін.
Әртүрлі іспен жадыңда қалады әр күн,
Көзі жетер ойменен қарағанның.
Теңдік алған әйелден әлдеқайда
Биік әлі орыны ер адамның.
О, арулар, сәндеп шаш тарағандар,
Жігіттерге биіктен қарамаңдар.
Өмір ұлы көш болса, баяғыдан
Алға тартып келеді ер адамдар.