ЖАРҚ ЕТІП ЖОҒАЛҒАН БЕЙНЕ
Новелла
Ақмұзтаудай аппақ әлем. Алтын шапақпен аймаласқан ақ ұлпа көз шағылыстырады. Қос өркешті кішігірім таудың қолтығындағы шағын станция сұлу қыздың меңіндей болып мидай жазық далаға жарасымды орныққан. Шағын теміржол стансасы демесеңіз, мұның да өзіне лайық тыныс-тіршілігі, тағдырға татырлық тауқыметі бар. Адамзатқа тең бөлінген сүйсіну, күйіну, сағыну, налу, тағатсыздану, аңсау сияқты сан алуан сезім-күйлер осы ауылдың адамдарының да басынан күнделікті өтіп жатады. Егер сіз «Сексеуіл» атты шағын стансада сәлемдесіп үлгере алмайтындай ғана санаулы секундтарға ғана аялдап өтсеңіз «е, айдалада осындай да ауыл бар екен ғой» деп қалғып-мүлгіп, самарқау есінеп кете барар едіңіз.
Бірак, мұнда Айдар тұрады емес пе? Шағын стансада отырып ой-қиялын шартарапқа самғайтын, әрі-бері ағылған самсаған составтарға сәттіліктер тілейтін ақжарылқап жүректі осы жігіттің жүрегін жалғыздық торлағаны қашан. Ол ту-ту алыстан әлдекім іздеп келіп, стансадан секіріп түсіп қалатындай жүрегі лүп-лүп етіп тоқтаған әрбір пойызға белгісіз бір ынтык сезіммен қарағыштайды келіп. Темір доңғалақтары гүрс-гүрс етіп, өзі «осы пәлелерден құтылар күн бар ма екен?» дегендей ырс-ырс етіп пысылдап, аһылап-уһілеп тоқтайтын электровоз ентігін баспай жатып қоңыр даусымен жүрегін қайыстырып қозғала бастағанда-ақ Айдардың жан дүниесі жұлым-жұлым болады. Вагондардың терезесінен бейнелері бұлдырап, көрініп-көрінбей кетіп бара жатқан жолаушылардың арасында әлдебір қимасы кетіп бара жатқандай жүрегі шырыл қағады. Соңына шылаушындай шұбатылған состав тиеген электровоз «менің көрген күнім осы енді» дегендей ауық-ауық ащы айқайына басып, алыстай береді. Соңғы вагон бұлдырап сағымға сіңіп кеткенше жаралы жүрек бұлқынып аласұрады. Сосын келесі пойызды күтеді. Сағындырып жеткен келесі пойыз да сан соқтырып кетеді. Аласарып көңіл қалады. Өмір көші осылай шығыстан батысқа, батыстан шығысқа ағылады да жатады.
Кенет... кенет жүрдек пойыз бір сәтке екпінін басты да он жетінші вагонның тамбурынан бір сұлу сусып жерге түсті. Ол түскен бойда құбырға қарай тікелей тартты. Құбыр шүмегін ағытып, салқын сумен сұлу жүзін шайды. Мына ғажап көрініске Айдар аңтарылып қарап қалған. Сусып түскен сұлудың жүрісі қандай! Құлын мүсіні қандай! Бәрінен де айналаға үркектей қараған бота көздері қандай! Дәл мұндай сұлулықты бұрын-соңды сезінбеген Айдар өң мен түстің арасындағы жандай аңтарылды да қалды. Белгісіз бір күш оны құрсаулап тастағандай, қозғалуға дәрмен жоқ.
Осы кезде пойыз ырсылдап-гүрсілдеп орнынан қозғала бастады. Ал, сұлу құбыр басына біреу шегелеп қойғандай орнынан қозғалар емес.
– Сағыныш!
– Сағыныш!
– Болсаңшы тез!
– Пойыздан қалып қоясың.
– Әй, сені жын иектеген бе? Құбыр басында сені құбыжық арбап алған ба? Жүгірсеңші бері!
Бірақ, бұл сөздің барлығы зая кетті. Сағыныш аяғына кісен салған жандай сазарып орнында тұра берді. Айдар әлгі өктемси сөйлеген өркөкірек жанның қалтарыста қалған қарындастың құдай қосқан қосағы екенін іштей пайымдады.
Пойыз бірте-бірте екпін алып ұзай берді. Әуелі тамбурдан, кейіннен терезеден өңеш керіп айқайлаған бейбақтың үні құмығып, тұншығып барып тыншыды. Осы кезде ойына әлдеңе сап ете түскендей Айдар мотоцикліне жүгірген. Қырсық қылғанда ол оталса нетті. Әрі тепкіледі, бері тепкіледі, түк шықпаған соң, атына қарай жүгірген. Арғымағының ер-тұрманын түгелдеп, шоқырақтап шауып келгенде пойыз құланиек көкжиекке сіңіп те кеткен еді.
– Мінгесіңіз, – деді аптыққан Айдар, – пойызды қуып жетеміз.
Алайда, кешіккен келіншек кербез қылық танытты.. Үзеңгіге аяқ салу орнына жігітке үздіге карады. Жаратқан адам баласын осыншама сұлу етіп сомдай салады екен-ау. Сағыныш айналасына ұзақ уақыт келмей кеткен ауылына келгендей жәудірей қарады-ай бір. Сырға толы жанарына Айдар арбалып қалды.
– Ту-у, өмір жолы әйтеуір осылай бір кенеттен үзілер еді, – деді сұқсырдай сұлу.
– Не? Не үзіледі дейсіз? Сіздің пойызыңыз әлдекашан кетіп қалды. Атыма мінгеспедіңіз. Сізді келесі пойызға салып жіберемін, – деді Айдар тағы да асығыс сөйлеп, – міндетті түрде. Сіз тек қамықпаңыз. Қуып жетесіз. Сөйтіп, сүйгеніңізбен қайта қауышасыз.
– Жо, жоқ, қайта қауыштырмай-ақ қойсын. Кейде осылай айдалада адасып қалғанның өзі жақсы, – деді пойыздан қалып қойған келіншек.
Мына сөз Айдарға тым тосын естілді. «Қорыққан мен қуанған бірдей» деген. «Пойызынан қалып қойып, қорыққан әрі торыққан адамның жан далбасасы ғой» деп ой қорытты іштей.
Дегенмен, Сағыныштың көзінен мұң көре алмады. Ақ мұнар басқан далаға тесіле карап тұрған келіншектің жанарында жасын ойнап тұр еді... Айдар шошиын деді. Есіне үлкендерден естіген қордың қызы, перінің қызы дегендер түсті. Перінің қызына ғашық болып маң далаға қарай қашып, жынданып өлген әлдекімнің оқиғасы еске түскенде өн бойы қорқыныштан қалш-қалш етті. Ішкі секемшіл сезігін сездірмеуге тырысты. Әлемде әйел қулығына тең келер қарсылас күш әлі табылған жоқ. Сағыныш бекеттегі бейтаныс батырдың еріні көгеріп кеткенін, сөздері алабажақтанып шығатынын әлдеқашан сезген еді.
Айдар апалақтап, ана пойызға да, мына пойызға да жүгірді. Тіпті товарлы пойызға да тақалып көрді. Дегенмен, Сағынышты салып жіберетін көліктің реті келмей-ақ қойды.
– Сен бүйтіп әуреленбе. Әлде менен құтылғың келіп тұр ма? – деді кездейсоқ келіншек.
Айдар әлі өз-өзіне есеп беретіндей жағдайда емес еді. Сағыныштың мына сөзі оны селк еткізді.
– Неге олай дейсіз?
– Пойызды қуып жете алмаймыз. Қуып жеткім де келмейді. Маған енді түнеп шығатын жер керек. Таңғы нәсіп тәңірден.
«Япырым-ай, манадан бері Сағынышты неге үйге апармағам?» деген ой санасын соққылағанда Айдар кәдімгідей қызарақтады.
– Біздің үйге жүріңіз.
– Келіншегің қызғанбайды ма?
– Жоқ, мен үйленбегенмін.
– Бойдақпын де. Әке-шешең не ойлайды?
– Мына бекеттен ештеңені де бүркемелей алмайсыз. Сенің қалай қалып кеткеніңді де, біздің қалай апалақтап жүгіргенімізді де олар көріп тұрды. Қысылмаңыз. Бүгін қонақсыз. Ал, ертең, бірінші пойызға міндетті түрде мінгізіп жібереміз. Бекеттегілер болған мән-жайды алдағы стансаларға әлдеқашан хабарлап үлгерген болар. Демек, енді сіз, үкімет қарауындағы адамсыз.
Сағыныш «тағы да тұзаққа түстім ба?» дегендей ернін қымқыра тістеп алды.
Көздері кіреукеленді. Айдарға мұңая қарады.
Айдардың әке-шешесі келіншекті қадірлі қонағындай күтті.
– Жарығым-ау, жүгіргенде пойызға ілігіп кететіндей де едің ғой, – дейді шешесі Балнұр.
– Жау қуып бара жатқандай пойыздың асығыс аттанатынына жыным келеді. Бағдаршамдарға қараймын деп жүріп байқамаппын, пойыз қозғала бергенде қалып қойғаныңды бір-ақ білдім ғой. Нешауа, қызым. Ертең-ақ күйеуіңді қуып жетесің, – деді әкесі Беркінбай гүр-гүр етіп.
Кешкі тамақтан соң Сағыныш пен Балнұр оқшау қалды. Сыбыр-сыбыр, гүбір-гүбір әңгіме екпін алды. Үй іргесін дүрсілдетіп әлсін-әлсін пойыз өтеді. Айдардың құлағына екеуінің әңгімесі үздік-создық талып жетеді.
– Жолдасыммен дәм-тұзымыз жараспады. Қаладағы қалталылардың бірінің еркетотайы. Төркінімнен қайтып келеміз. Кіді мінезінен, ерсі қылығынан, өркөкірек өгіз мінезінен бүкіл ауыл мезі болды. Әке-шешем ешнәрсені елемеуге тырысты. Күйеу балаларының еркелігін көтеріп бақты. Әйткенмен, бұдан былай екеуміздің жолымыз тоғыспайтынын білдім. Қалып қойған себебім де осы, - деп Сағыныш тұншыға жылады.
Айдар шешесі Балнұрдың бәйек болып жұбатып жатқанын сезді. Өзі де барып жұбатқысы келген еді, бірақ, анасынан ұялды.
Ертесіне Сағыныш ештеңе болмағандай, ештеңе өзгермегендей жайдары, көңілді отырды. Жүзінде жатырқаудың титтей де ізі жоқ. Тап бір осы үйде бұрыннан тұратындай бәрімен етене жақын болып оянған. «Әкелеп», «апалап» іші-бауырына кіріп барады. Ал, Айдардың...
Әкесі Беркінбай да, шешесі Балнұр да оған бауыр басып қалды. Оларға салса, тіптен жібергілері жоқ. Сағыныш та қолды-аяқтай пысық болып шықты. Сиыр сауысты, мал өрістетті, тамақ жасасты.
Бірде Айдар мен Сағыныш мал өрістетіп жүріп оңашалана қалды.
– Енді менің қалаға қайтуым керек. Нұртаймен ажырасып, құжаттарымды аламын да жұмыс істеймін, - деді Сағыныш.
Келіншек тап қазір кетіп қалатындай Айдардың жүрегі атқақтады. Ол Сағынышты бірер күнге болса да бөгегісі келді. Бірақ, қалай?
– Айдар, сенің жоғары білімің бар ма? – деп сұрады Сағыныш оған жақын келіп мойнына білегін артып тұрып.
Жатырқамай жақын тартып тұрғаны Айдардың көңілін босатты. Енді оны бұрынғыдан да бауыр тарта түсті.
– Жоқ, бекеттен әрі ұзай алмадым ғой.
– Мұның жарамайды, Айдар. Қалаға жүр. Өмір көресің. Білім аласың. Думанды дүние қалада.
– Білмеймін. Әкем мен шешем не дейді?
– Сенің білім алып, үлкен азамат болғаныңды олар қаламайды ғой деймісің. Қайта қуанады. Сырттай болса да оқуға түс. Сосын осы бекеттің бастығы боласың.
Бекеттің бастығы болу қайда? Ол үшін Ынтымақ ағасындай үлкен кісілермен табақтас-дәмдес болып жүруі керек емес пе? Қой қайырудан басқаға қыбы жоқ адам қалай бастық болмақ?
Айтқандайын Сағыныш көп бөгелген жок. Бекетке бірер минутқа іркілген пойыздардың бірінің тамбурына еліктей секіріп мініп, қол бұлғап кете барды.
Әкесі де, шешесі де жылады. Сағыныш та жылап кетіп бара жатты. Ал, Айдардың жүрегін біреу суырып алып қашып бара жатқандай еді. Ол көзінің жасын әке-шешесіне көрсеткісі келмеді. Бірақ, Сағыныш кеткен күннен бастап шойын жолға отырып алып, ұзақты күн тапжылмайтын есірік бір күй тапты. Меңіреу адамдай ешкімге тіл қатпайтынды шығарды.
Баласының дегбірсіз көңіл-күйін әкесі тез аңғарған. Белі бүгіңкі, жанары жасаураулы, күш-қуаты әлсіз болса да байырғы бүркіт баласының беймаза кейпін тамыршыдай тап басқан.
– Балам, бөгелме! Қалаға бар. Оқы. Білім ал, заман сендердікі, – деді ентігін зорға басып.
«Сағынышты ізде. Тауып ал» деп айтқан жоқ. Әке онсыз да баласының ішқұсалығын сұңғылалықпен сезетін еді. Оны тауып алуына тілектес болатын. Аз ғана мерзімде үйіне ажар беріп кеткен осындай жан құт шаңырағына қонса қуанбас па?
Енді, міне, желдей жүйткіген жедел пойыз бірқалыпты ырғақпен ақ көрпе жамылған аңырақай алқапты, маңайды солқылдатып мұзжарғыш кемедей екпіндеп келеді. Үміт жетектейді. Күдік етектен тартады. Десек те, Айдар белін бекем буған.
Айдар пойыздың қиғаштай тартқан бір сәтінде терезеден әке-шешесі қалған бекетке көз салып еді, көне жұрт қарақатқа айналып үлгерген екен. Іші уілжіді. Жүрегі атқақтады.
«Бақытыңды табасың» дегендей пойыз иен даланы жаңғыртып үздік-үздік уілдек әуеніне салды.
Айдар ак мұнар басқан далаға үздіге қарады. Алыстан ағараңдап Сағыныштың сұлу жүзі көрінгендей. Тағатын тауысып, дегбірін алып асықтырып келе жатқан тылсым күш кенеттен түсіп қалып, кенеттен жедел аттанған, бекеттен белгісіз нүктеге сіңіп кеткен Сағынышқа деген сағынышы екенін сезінгенде Айдардың тағатының тамырлары бырт-бырт үзілді. Оған енді жүрдек пойыз есек арбаның баяу қозғалысындай сезілді.
Ақмұзтаудай аппақ әлем Айдардың жүрек тербелісін сезгендей алыстан қол бұлғап шыр айналып қалып бара жатты...