ЖЕТІМ ЖҮРЕК
Жетім жүректің жартыкеш ғұмыр сүріп келе жатқанына жиырма жылға жуықтапты. Содан бері Назира сағыныштан сарғайып, сағымға айналған бейненің елесін күзетумен келеді. Осы бір бұлыңғыр бейне қыр соңынан қалмайды, жоқ болып та кетпейді.
Бүгін де ол таң алдында түс көрді. Көптен күткен заңғар биігіне жетіп, әлденені ала бергенде аяғы тайып кетіп, төменге қарай құлдырай жөнелген. Жүрегі зуылдап, енді жерге жетіп тасқа соғылармын – ау деп ойлап үлгергенше оқыстан шошып оянды. Тұла бойы терге малшыныпты. «Биіктен құлағаным жақсы ырым емес – ау» деп қамықты. Басын көтеріп, жан - жағына қарап еді, ешкім көрінбеді. Арғы бөлмеде тұла бойы тұнғышының тырп етпей ұйықтап жатқанын сезді. Ол да - жетім. Есіне әлденелер түсе ме, кім білсін, ұйықтап жатып өзінен - өзі сөйлейтін әдет тапқан. Бұл жолы неге тыныш жатыр? Әлде түні бойы тым алыста жүрген әкесін ойлап, таң алдында талмаусырап ұйықтады ма екен? Баласының қайғысына өз азабы қосылып, бұл үйдегі қайғы бұлты қоюлана түскелі бері Назира өзін қоярға жер таппайды. Айналып келгенде екеуінің де іздейтіні бір адам. Сол арманға айналған адам арсалаңдап қашан кіріп келер екен деп екеуі де есік сықырласа болды, елеңдеп отырғаны. Бірақ оның келмейтінін, келе алмайтынын екеуі де жақсы біледі. Сөйте тұра әйтеуір бір алдамшы сенім екеуін де алға сүйрелейді. Үміт отын маздатып жағып қойып, қалтарыста ту сыртынан бақылап отырады. Бәлкім, елес қуып адасып жүрген бұған сыртынан сақ–сақ күлетін де шығар-ау. Сондықтан ба Назира тағдырдан өш алғысы да келеді. Бірақ, қайтіп? Мұны өзі де білмейді. Мына бірінен–бірі аумайтын бүдірсіз, баянсыз өмірі қаншаға дейін жалғаспақ? Тағдырмен тайталасып өмірін мүлдем басқа арнаға бұрғысы келгенімен әлдебір белгісіз күш оны шідерлеп, ойға алған ісін жүзеге асыртпай – ақ қойған. Оның не күш екенін Назира баласы мектеп табалдырығын аттағанда барып тапқандай болды. Сөйтсе ол күш ұлы Мақсатқа деген махаббаты екен ғой. Егер тағдырын тас-талқан етіп бұзып, өз отының шарпуына өзі өртеніп, бақытын сырттан іздесе жанының жалауына айналған жауқазынының бетіне қалай қарамақ? Оны барлық ләззаттан бездіріп, жанын азапқа салып қойған ұлы күш – аналық сезім болып шықты.
Ұйқылы-ояу ойының тереңіне тұншығып жатқан келіншек жүрегінің дүрс-дүрс соғып, дегбірсіздене атқақтап, айдынына асыққан шағаладай шарқ ұрып, алыстан бұлыңғырланып қана елес беретін Азаты іздеп жатқанын білді. Қаншама түндер азап сыйлаған іштегі өгей сезім, қанша тұншықтырса да бәрібір жетібасты аждаһадай бой көтеріп шыға береді. Басын жұлып тастағанымен екіншісі, үшіншісі қайта өсіп шығады. Құдайым-ау, бұлардан қашан, қайтып құтылады? Тағы да алданыпты. Қасында ешкім де жоқ. Іштегі шерді қозғап, жан-дүниесін тербеліске түсірген баяғы тәтті түндердің талмаусыраған, алыстан қол бұлғаған елесі ғана екен.
Азатпен ол ойда-жоқта танысты. Құрбылары бір отырысқа Назираны да ерте барған. Азатты сонда алғаш рет көрді. Домбырамен салған әндері жүрегін баурап алған. Өзін ақын екен деп те қалды. Жыр нөсерін төгілтіп – төгілтіп жібергенде талай қыздардың жүректеріне шоқ түскен. Қыр мұрынды, шашын артына қарай толқындата тараған жігіттің көздері де оттай еді. Сол отқа соқыр көбелектей еріксіз байланған. Ақыры осы бір соқыр сезім Назираны да торға түсірген. Торғайдай тыпыршыған жүрегі жыланның аузына өзі барып түсті.
...Сол түні жастар отырысынан екеуі сытылып бірге шыққан. Ала шамдары жарқырап, көңілге ерекше күй сыйлайды. Шығыстан саумал самал есіп, жан-дүниені нұрландырып жіберген. Жұрт әлі ояна қоймаған. Дегенмен, таң да атып қалған еді. Айнала тылсым тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Жол бойындағы тал–теректердің жапырақтары ғашықтарды қоштағандай сыбдырласады.
Назираның қуаныштан басы айналған. Оған себеп те бар. Өйткені, кештегі дәмелі бойжеткендердің ешқайсысына да мойын бұрмай Азат өзімен ұзақ билеп еді. Шығарып салмаққа би үстінде келісімін алған. Енді міне, таң себезгілеп атып келе жатқанда жаңа күнді қол ұстасып бірге қарсы алмақ. Назира мұны да жақсылыққа жорыған. Жаңа күн арқылы жаңа өмірінің басталарына нық сенімді.
Түн пердесін түріп, жарық тіршілікке үстемдік ете бастады. Енді көшеде қараңдаған адамдар да көбейген. Дүрілдеп көліктер қозғала бастады. Қаланың қым-қиғаш тіршілігі күшіне мінді. Сонда да бұлар таңғы салқын самалға беттерін тосып көше бойлап жүре берді.
Назира мұндай бұла сезімді бұрын-соңды бастан кешіріп көрмепті. Ән салып, төгілдіріп жыр оқып отырған Азат былай шыққаннан соң да үстінен су төгілмес жорғадай әсерлі әңгімесінен жаңылмаған. Бойжеткен оның әрбір сөзін ықыластана тыңдады. Айтарының астарына өзінше барлау жасап бақты. Қалай дегенмен де осы кездесу әсерлері оның жүрегін жаулап алғаны соншалық, ендігі өзінің Азатсыз тұра алмайтынын сезді.
Бірде оған Мәлика жолыққан. Назира одан ешнәрсені бүге алмаған. Азат екеуінің кездесіп жүргенін жасырмаған.
– Япыр-ай, осының барлығы ішіңе қалай сыйып жүр? Тіпті, маған да сездірмепсің ғой, – деп Мәлика күлген.
Назира үнсіз құтылды. Түптің түбінде екеуінің жолығуына осы Мәлика да себепші болған. Ол Азаттың болашағының зор екенін Назираның құлағына құйып баққандардың бірі. «Мұндай жігіт қыздардың арманы ғой» деген де өзі. Ендігі екеуінің достасқанына іштарлық көрсете қоймас.
– Дұрыс болыпты, – деп күлді де қойды Мәлика.
«Менің бақытты болуыма іштей тілеулес екен ғой» деп сүйсінді. Құрбысының ішінде ит өліп жатқанын сонда сезсе ғой, бәрі де басқаша болар ма еді?!
* * *
Күйіп-жанған, от пен жалынның ішінде жүрген күндерінде ол ақылынан оңай алжасып қалды. Алапат бір сезім теңіз толқынындағы қайықтай қақпақылдап, өз еркін өзіне билетпей қойған. Өңі мен түсінің қайсы екенін айырып болмайды. Тұла бойын қорғасындай балқытып, көңілінің көк дөненін ала қашқан тасқынды тебіреніс тұнғиығына тарта берген. Ұшы-қиыры жоқтай көрінген телегей теңіз бақыт құсы қолынан ұшып кетпейтіндей көрінген.
Жаздың таңы жадырап атты. Биыл көктемде жауын мол түскен. Содан да шөп қалың, тұтаса өскен. Самал тұрса шөп басы толқындала тербеліп, керемет өрнек салады. Жусан мен дермененің, құлқайыр мен кеуректің, жалбыз бен жуаның иістері араласып ұшпа сезімді қытықтай түседі. Дала төскейін жұмсақ нұр аймалайды.
«Машат» өзенінің бойына ел-жұрттан қалтарыста алаңсыз тынығу үшін Азат пен Назираның келгеніне бүгін үшінші күн. «Машаттың» салқын суы ыршып ағып, ерке кыздардай сылқ-сылқ күліп тынымсыз төмен қарай құлдырайды. Назираға мына әлем тау суындай мөлдір көрінеді. Өзінде бір еркеліктің табы бар. Қараторы жүзіне қуаныш иірімі үздіксіз келіп тұрады: ажары алаулап, екі бетінде терең шұңқыр пайда болады, бетіндегі жұқа қызылы күн нұрынан қуат алады-ау деп еріксіз ойланасыз. Өзінен өзгеше биязылық аңғарылады. Күлкісі де басқарақ. Сыңғырлап күлгенде сиқырлы әлемге тұсауланып қалғандайсыз. Тұңғиық қара көздері сұмдық сыр ашады, жан-жағына мейірім шуағын мөлдектете себелейді.
Осылай жан-дүниесі жарқырап жүрген сәттерінің бірінде ол жан сырын сүйіктісіне ақтарғысы келген. Бірақ, ұяң мінезі ұят деген ұлы құдіреттің алдында тізе бүкті. Қалай айтады?!
Суық суға сүңгіп кеткен Азат Назираның белінен құшақтай алған. Оның қолы төмен сырғып барып, бүйірге тірелгенде Назира әлсіз қарсыласқан. Ол сонда ғана байқады, қыздың іші кәдімгідей көтеріліп қалыпты. Азат қолын жылдам тартып алды. Өңі жылан көргендей үрейлі.
– Назираш, мынау не?! – деді ол кыздың бұртиып тұрған ішіне қарап.
Қыз кәдімгідей ұялып, төмен қарады.
– Азат, біздің баламыз болады, – деді сосын естілер-естілмес сыбырлап.
Ол Азат өзін құшақтап, қуаныштан ессіз аймалап сүйе берер деп ойлаған. Тіпті, балаша мәз болып, өзен бойлап «біздің баламыз болады» деп асыр салып жүгірер деген. Қайдағы? Түрі қарақошқылданып сала берді. Бейкүнә бойжеткен оның бұлай түтігіп ашуланғанын көрген жоқ еді. Қорқып кетті. Не жазып қойғанын бағамдай алмады.
– Жоқ, бұл болмайды! Оны алдыртып таста. Мен саған қажетті қаржыны тауып беремін, – деді Азат ашудан ба, әлде қорқыныштан ба қалш-қалш етіп қалтырап тұрып.
Қыз ешнәрсеге де түсінген жоқ.
– Азат-ау, оны неге алдырамыз? Шарананың қандай кінәсі бар?
– Назира, сен де мені түсін. Бұлай болмайды. Менің болашағыма балта шабылады. Қызметтен қуыламын. Әйел, бала–шағамнан айырыламын. Әйелімнің әкесі қайда істейтінін білесің бе? Мен құрыдым, – деп Азат айқайға басты.
Сонда ғана Назираның миына суық хабар жеткендей болған. Ол басын қос қолдап ұстап сылқ етіп отыра кетті. Буын–буыны босап, өзін игере алмаған. Көзі қарауытты. Дүние шыркөбелек айналып бара жатқандай сезілген. Құсқысы келді. Жүрегі айныды. Мынау тамылжыған табиғаттан да, армандай көрінген Азаттан да жиренді. «Бәрі де алдамшы екен ғой. Оңбаған! Азғын! Мені қиянатқа қалай қидың?!».
Ол үлкен жолдың бойында Азаттың автокөлігінен түсіп қалды. Қалаға басқа машинамен жетіп алды.
* * *
Назираның өмірдегі ең азапты, ең ауыр күндері мен түндері басталды. Таң сарғайып атқанша кірпік ілмейді. Анасы алдында енді қалай ақталмақ? Некесіз бойына біткен баланы өмірге қалай әкелмек? Жұрт не дейді? Құрбыларының көзіне қалай көрінбек? Осыларды ойлай-ойлай шөкімдей болып шөгіп кетті. «Таң атпайын дегенмен күн кояр ма?» демекші, қанша жасырып-жабулағанымен құрсақ шіркін уақыт өткен сайын үлкейіп келеді.
Ол жылап отырып барлық сырын анасына айтуға мәжбүр болды. Анасы ашуланып, тұлан тұтып тулады. Оған салса, қызын да, оны алдап кеткен жігітті де өлтірмек. Сотқа бермек болып та бекінді. Назираны көкала қойдай етіп таяқтап тастады. Көбіктеніп барып сабасына түсетін ашыған қымыздай бұрқырап-бұрқырап барып ақыры басылды. Басылмасқа шарасы да жоқ еді. Көзінің ағы мен қарасындай қызын өлімге қалай қимақ? Тағдырдың жазғанына мойынсұнып, іштей тынған.
Іштей құса болып, өз ұятына өзі өртеніп, жұртқа көрінуден жүзін жасыратын Назира ойлана, толғана келе ширықты. «Алдыртып таста. Бәрібір ол жолыңа кедергі болады» деп маза бермейтін Азаттың азғырғанына іштей қарсыласу сезімі бой көтерген. Осы қарсыласу оған қайрат сыйлады. «Енді мені осы бақытымнан ешкім де тайдыра алмайды. Оған ерегіскенде баламды ешкімге жаутаңдатпай өзім жетілдіремін.» Бұл – Азатқа қарсы ашу-ызысының булығып барып бой көтерген бұлқынысы болатын.
Өткенде ғой, Азат телефон шалып:
– Назира, бойыңдағыдан құтыл. Ертең өзіңе де кедергі болады. Алдыңда әлі талай тағдыр бар. Шырағыңның қайта маздар мезеті болады. Сонда кім көрінгенге көз түрткі болмасын. Көмектесемін. Керек десең, түсіктен соң баяғы қыз қалпыңа қайта келтіреміз. Қазір медицина дамыған. Таныс дәрігерлерім бар. Теңгесін төлесем, бәрін де қатырады, – деген.
Ақжарылқап жүрегі бар деп санап келген адамынан мұндай сұмдық суық сөз естимін деп ойламапты. Сол күні ол бүкіл өн бойы лапылдап жанып, қатты ауырып қалды. Азаттың сөзі өткір қылышқа айналып, мұның барлық денесін аяусыз тілгілеген. Жан-дүниесі тұра алмастай жаншылды. Бұдан да кемшілігін мойындап, үнсіз жоғалғаны жақсы еді. Жанын жаралап, күзгі жапырақтай жұлым-жұлым етіп шашып кеткенше өлтіріп-ақ тастағаны дұрыс па еді? Онсыз да көрінгеннің табасына қалып, күдігіне жем болумен ғұмыр өтер. Ал, мына сөз жығылған үстіне жұдырық болып тиді. Ерегіскенде барлығы үшін өз жанын пида етіп, о дүниеге армансыз-ақ аттанайын десе әлі жарық дүние есігін ашпаған нәрестенің обалынан қорқады. Сонда не істемек? Әрине, тағдырдың мойынға салғанына көніп, өмір ағысына қарсы жүзіп өту керек. Бұлай істей алмаса несіне Назира болып жүр?
«Махаббат үшін көзсіз көбелектей алданып қалғанымды оған бәрібір дәлелдеймін, – деді ол іштей ширығып, – Егер ол мені кім – көрінгеннің жетегінде кетер жолбике санаса, ғұмырымды бақылап көрсін. Баласын барымды салып бағамын. Ертең ол менің алдымда да, баласының алдында да бәрібір басын төмен иіп кешірім сұрап, жалынатын болады.»
Ол енді жетім жүректің, жесір ғұмырының оңай болмасын ішкі бір сұңғылалық сезіммен анық сезінді. Ширыққан көңіл оны алған бетінен қайтпастай етіп шарболаттай қайрап шыңдаған еді.
Содан бері арада айнап ай, жылжып жыл өтті. Назира ұлы Мақсаттың жолында өзін құрбандыққа балады. Алғашында ол осы Мақсатты тәй-тәй басып жүре бастағанда қабырға ағайыннан мұның хабарын білгендер құда түсіп келуді шығарды. Бірақ Назира иліккен жоқ. Несіне илігеді? Бүгін аялағанымен, күні ертең ұлын өзекке теппесіне кім кепіл? «Әлі-ақ балаң басқаның босағасында жаутаңдап отыратын болады» деген еді-ау Азат. Бақытына, ер-азаматына балаған оның аузынан осындай шірік сөздер шығады деп кім ойлаған? Оны айтасыз, алғашқы жүктілік кезінде «бұл – менің балам емес» деп бас тартқанын қалай ғана ұмытар. Ол өз қағынан өзі жерігенде бұл басқадан барқадар бақыт табар деймісіз? Ойлап-ойлап ақыры ол өз шешіміне шеге қақты.
Алайда, азапты күндері әлі де алда екен. Соңғы кезде ол аңсарлы сол бір шырын сәттерді жиі есіне алатын болып жүр. Азаттың тағатсыздана күтіп алатыны, сосын оңаша кетіп тәтті табысатындары есіне түскенде көздерін мұң кіреукелейді. Жүрек түпкірінен әлде кімді елегізіп күткендей сарытап сағыныш бой көтереді. Кімді сағынады? Неге сағынады? Бұл арасын өзі де бағамдай бермейді. Бірақ жетім жүрегі аласұрып, сыңарын іздеуден шаршамайды. Мұндайда ол жұбанышын ұлын әлдилеумен табады. Соңғы кезде ол да күн санап бөтенсіп бара жатқандай. Аракідік болса да Арқаның салқын самалындай көңіл кірбіңін тазалап кететін жылы да жұмсақ лепті күтеді. Азаттың кейде шаруа жайымен ұзағырақ хабарласпай кеткенінде көңіл қуанышын сағынышынан табатын. Иә, сағыну да бір бақыт, екен-ау.
Бәрінен де баз кешкенімен, оның да ішкі құртын жаншып өлтіре алмай аласұратын кездері көп. Бүгін де ол ләззатты шақтарды аңсады. Аһылап-үһілеп, ақыл-есінен арыла отырып, бір сәттік шырын сәтке бар ғұмырын қиғысы да келген. Аппақ төсегінде аппақ төсі көріктей басылып- көтеріліп, ыңырсып ұзақ жатты. Көкірегіне ащы бір өксік тығылып, ақыры шыдай алмай жастығын құшақтап үнсіз егілді.
Бір жақсысы бұл жолы бөлмесіне анасы кіре қойған жоқ. Бұлаудай болып іскен көзін көрсе шошып кетер еді. «Сорлы қызым-ай!» деп іштей мүсіркеп мұның тағы да жарасын тырнап кетері сөзсіз. Бұған салса ешкімге көз жасын көрсеткісі жоқ.
...Тосын жайтты ол ұлы тоғызыншы сыныпқа өткенде аңғарды. Базарлы күндерден баз кешіп, тұмсықтыға шоқытпай, тырнақтыға ілдірмей жанына балап жүрген Мақсаты өзгеріп сала берді. Мінез-құлқына тіптен түсініп болмайды: бірде бұлттан шыққан күндей жайдарыланып сала береді, енді бірде жауар күндей түнереді. Бұйығыланып алды. Бұрынғыдай анасымен сырласпайды да. «Сыныптастарыммен қыдырдым» деп түннің әлде бір уақтысында келеді. Назира шырылдап ақыл айтқанымен, оны жүре тыңдайтындай. Үйде отырса көбіне сыртқа елеңдеп тұрады. Осы жәйттың барлығы Назираның онсыз да жаралы жүрегін жұлым-жұлым етеді. Мақсат кешіксе келгенінше кірпігіне тіреу қойылады.
Көп ұзамай мына оқиға Назираның төбесінен жай түсіргендей болған. Бірде Мақсат шешесіне әкесімен жолыққанын айтып келді. Ия, оның әкесі бар. Бірақ, осы күнге дейін екеуі ол жайында әңгімелесіп көрмепті. «Әкем қайда?» деп ол сұрамаған. Бұл да тіс жармаған. Оның мүсіркеуі мен есіркеуіне зәрлі емес еді ғой. Қайта оның табалауына қалмайын деп тырбанды емес пе? Соңына сыпсың сөз ілестірмей, сезім-сүйінішін суық ұстады. Сонда тапқан бақыты кәні? Шыққан ұшпағы қайда?
Енді, міне, ол жалғыздық деген жалмауыздың тұтқынына қайта түскелі тұр. Назира мәңгілік жалғыздықтан құтылу үшін күрескен жоқ па еді? Қанша адастырып кеттім дегенімен, ту сыртынан көлеңкедей ілесіп қалмаған жалғыздық мұны тағы іздеп тапты.
Өз арбасын өзі сүйремекке жеке отау болып шыққан еді. Жамылған көрпесі басына жетсе, аяғына жетпеді. Аз ғана жалақысы тамақтан артылмайды. Оның үстіне ұлының да сұранысы көбейді. Осылай екі оттың ортасында жүргенде Азаттан хабар келген. «Балама көмектесемін. Барлық жағдайларыңды жасаймын. Бірақ бір талабым бар. Күйеуге шықпайсың. Онда көмекті сол күйеуіңнен ғана күт» депті.
Құдайым-ау, күйеусіреп бара жатса әлі де бетінен қызылы кете қоймаған жастау шағында біреудің етегінен ұстар еді ғой. Қаншама азапты түндерін неге ұрлатты? Жас кезінде татар тоятты баласы сотқалдай азамат болғанда енді қайдан іздей қойсын?
Жүз ойланып, мың толғанып жаңа өмірдің кілтін таптым ба дегенде жолына жыландай кесе-көлденеңдеп Азат тағы да жатып алды. Ғұмыр бойы қыр соңынан қалмайтын неткен жан еді өзі? Қуаныш болып жолығып, бүкіл өміріне сарыуайым салып кетті. Осы азаптың өзі жетпейтін бе еді?!
Баласының өзінен бірте – бірте алыстап бара жатқанын, жалғыздықпен және жеке қалатыны ойына оралғанда жесір келіншектің жетім жүрегі таудай тулап, көкірегі қарс айырылардай аһ ұрды.
Ай кеш туатын еді. Аспан әлемін қою бұлт торлап, қараңғылық тұмшалап келе жатты. Тұңғиық қапаста аждаһа ойнақ салатындай. Осы бір аждаһаның апан аузына түсіп қалмасам екен деп ойлаған келіншектің денесінде тоқ жүріп өтті.
Алыстан шарт-шұрт ойнаған найзағайдың даусы түн көбесін сөгіп өтті. Мұңлы келіншектің шерлі көкірегі де қарс сөгіліп, жаралы да жетім жүрегі тағы да аунап түсті...