Бетіңді аш
Теңіздей теңдік алып жеткеніңе,
Күңдіктен басыңды азат еткеніңе,
Атқардың он бір жылда талай міндет,
Тағы жет бұдан әрі күткеніңе.
Шіріген ескі жолмен жұртты арбаған,
Монтансып, молда, қожа сиқырлаған,
Күңдікте талайыңды тұншықтырып,
Әлі бар, дін қырсығы арылмаған.
Көміліп көлеңкеде күнді көрмей,
Теңдікпен пайдаланған түрді көрмей,
Паранжы, шәшбантпенен жаншып, езіп,
Тұтқында талай әйел азып, өлмей.
Бүгін марттың сегізі, он бір жасың,
Әлі күнге көмілсең не боласың.
Бірің қалмай отқа жақ паранжаңды,
Серпіліп қатарға кел кәрі-жасың.
Қазақ, өзбек, қашқарлың, ұйғыр, дүңген,
Әйелін, әсіресе, күнсіз көмген.
Осы іспен күресуге қамданыңдар,
Белсенді комсомолдар нақ бүгіннен.
He сұмдың жас ананың жанын жеген,
Көміліп, күнсіз, демсіз сасық термен.
Анадан туа сала жазалы деп,
Қырсығы қиянаты діннің берген.
Теңдікті іске асыру жалпы міндет,
Тойыңда он бір жылдық теңдікке жет,
Білгенің білмегенге түсіндіріп,
Жоюға паранжаны ет қызмет.
8 март, 1928 ж.