04.07.2021
  195


Автор: Иса Байзақов

Бүгін

Күн бүгін күндегіден неге нұрлы,
Сөз бүгін неге әдемі, неге сырлы.
Сипаттап ел тұрмысын құйылды сөз,
Түйінді шешпек болып неше түрлі.
Бұл нұрлы сәулеленген баспа күні,
Әлемге ұран салып шыққан үні.
Баспасөз жұртшылықтың жаққан шамы,
Ескеріп еңбекшілер ұқсын мұны.
Құлдықта жаны езілген жалшы-жарлы,
Қараңғы неше мың жыл болған зарлы,
Сендерге ақыл айтып, білім берер,
Үлгі алу баспасөзден өнер алды.
Тексеріп салт-сананы жөн сермейтін,
Қаламгер тілшілері өзгермейтін,
Білім мен мәдениет өркендеуге,
Шырағын партияның сөндірмейтін.
Баспасөз желдей ессін, судай тассын,
Әлемге жарық күндей нұрын шашсын,
Болғандай дос сүйінер, жау күйінер,
Көркейіп көп жасасын, алға бассын!

5 май, 1927 ж.





Пікір жазу