Дәрігер, өлшемеші қан қысымын...
Бір емес, тағдыр талай таңды сынын.
Дәрігер, өлшемеші қан қысымын.
Жыландай жорғалаудан жүз артық қой
Қанатын бір қаққаны таң құсының.
Ұқпапсың жыр жүректің құлқын әлі,
Жарылса, өзіме тақ бұл кінәні.
Ол бірде балапандай шырылдайды,
Ол кейде арыстандай бұлқынады.
Жатырмын төсек тартып айдан аса,
Қан маған неге керек қайнамаса?
Не пайда мұздай қаннан, өлі қаннан?
Сорсын-ақ, қайда сүлік, қайда маса?
Жазбайды жалғыз ғана таблетка,
Мың есе Уақыт одан қабілетті.
Ол енді мені оншама тежемейді
Жеткемдей жетпісте тек кәмелетке.
Дәрігер, азайтайық дәріні ептеп,
Босатшы, тоқтатпашы сабыр ет деп.
Есектей тым тілалғыш, төзгіш болдық.
Соның да, бәлки, зардап зәбірі өтті!
Білеміз жартастың да бір құларын.
Сақтайды сайрап қана бұлбұл арын.
Жырлау шарт маған әлі армандарын
Майданда опат болған құрбылардың.
Әр тыныс, әр істе олар жасау керек,
Олар боп тауларды да қашау керек.
Олар боп сүю керек, самғау керек,
Олар боп тулай берсін асау жүрек.
Жанымның солармен бір ірге-есебі.
Шақырам шарықтауға бірге сені.
Жүрегім жер шарындай болмаса да,
Мен басқан топырақтың бір кесегі.
Сондықтан қой, дәрігер, қан қысымын.
Мойнымда қарызы бар сан кісінің.
Жыландай жорғалаудан жүз артық қой
Қанатын бір қаққаны таң құсының.