04.07.2021
  361


Автор: Жұбан Молдағалиев

Қыран дала

СӨЗ БАСЫ
«Әуелі бұл шіркінді бастау қиын,
Екінші, көптің сөзін тастау қиын».
Тер қысып, өлең буған қайран жыршы
Көңілдің күңіреніп ашты-ау күйін.
Е, жырдың ең бірінші жолы қиын,
Бастапқы бораздадай жоны құйын.
Алғашқы сапардың да ауырлығын,
Әрине, татқан білер жорық уын.
Тартамыз қай істе де жол азасын,
Қалайша пенделіктен оза аласың?
Ең кемі маскүнем де қиналады
Ашарда «бас жазудың» оразасын.
Қиыны сәбиге де тұңғыш адым.
Қиын ол десең де бір шыңға ұшамын.
Қиын ғой «сүй» деу де алғаш,
«сүйем» деу де,
Ашу да не жаңалық, тың құшағын.
Бастау да – тың жол салу, жаңаны ашу.
Бастау ол – жана жазық, жаңа асу.
Бастау ол – ойыңа өріс, революция,
Ол – еңбек, ол – қиялдау, жағаласу.
Не істеу керек? Не заттан бастау керек?
Ежелден бұл сұрақтар бас дау дер ек?
Сан ғасыр келді бұлар жауап таппай
Небір ми, небір дана бастан зерек.
Қайталады қанша сол ой сұрақты?
Қанша жау халық легін ойсыратты?
Түстік қой қасапқа да Гапонға еріп,
Әзәзіл текеге ерген қой сияқты.
Келген жоқ бостандық пен бақ тәңірден,
Тиген жоқ аузымыз да аққа бірден.
Тек Ленин, большевиктер партиясы
Дүниенің дауын шешті Октябрьмен.
Тарихта тың адым жоқ одан асқан,
Жер түгіл одан сәуле алады аспан.
Қаз тұрып сол адыммен қарыштаған
Дала аңыз,
дала думан,
дала дастан.
Шарықтар қыран ба тек өте биік?
Барады байтақ дала көтеріліп.
Мінгізіп халықтарды қанатына,
Тауларды топшысымен кетеді іліп.
Сондықтан тағы «шүу» деп жырға бастым.
Сұлудай жатыр жерім сырға мас қып.
«Миллиард! Тек миллиард!» – дейді бүгін
Бір кезде зар болған түз бір қап астық.
Бір кезде үзім нанмен жан сақтаған,
Бір кезде үзім нансыз жер соқты адам
Бір етек бидай ердің кұны болды,
Дедік пе кебекті де жаңсақ тағам?
Сол елдің, сондай елдің баласымын,
Анамның сүтінше емдім дала сырын
Өлеңім – таңғы шықтың бір тамшысы,
Тасқыным, тебіренісім, жан асылым.

ОЙҚОЙҚОЙ ДАЛА
(автордың монологы)
Ойқойқой, дала, ой дала,
Шойқара дала, шой дала,
Барсың-ау биік бойға да,
Байсың-ау тұнық ойға да!
Мұхитсың жалпақ, жағасыз,
Көкжиек қана көмкерген.
Көкшулан, ала шарбы түз,
Аспандай теріс төңкерген.
Пай-пай-пай, дала, пай дала,
Тарланбоз дала, тай дала,
Масайра, дала, май дала,
Аруана дала, ай дала!
Кәрісің жасын ұмытқан,
Жігітсің жаңа жасанған.
Шапақсың шыққан ымырттан,
Мекенсің молдан жасалған.
Кепкені кеше кірпігің,
Жібуі кеше үрпіңнің.
Белгісі болды-ау бейнеңде
Тасбақа менен кірпінің.
Тас сауыт сен де кигендей,
Найзалар сынды тіреліп.
Жыланға тиді инедей
Түрпідей түгің түнеріп.
Дей көрме «мені басынды»,
Теңесем сондай кішіге.
Оларша иіп басыңды,
Тықпадың, жоқ, жоқ, ішіңе!
Жылжыды, бірақ, соларша
Жылдарың, талай ғасырың.
Дүние бір соқта сонарша
Гүліңді терең жасырдың.
Мызғымай, мұзға батқандай
Қалпыңда тұрдың баяғы.
Тек кері кетіп жатқандай
Ілгері басқан аяғың.
Жазылмай жатса бауырың,
Қанатың барын кім білген?
Қиқулап қыран дабылын
Қағатын барын кім білген?
Кім білген сенің қойныңда
Таулардың мүлкі жатқанын?
Кім білген ойдым-ойдымға
Мұхиттер көзі батқанын!
Жаттың ба басып байлықты
Еңбек пен ерлік алсын деп?
Әйтпесе шіріп майлықтай
Бауырымда тұнып қалсын деп?
Жауларды қалай атқардың,
Ішіңді өртеп кек-демің?
Тұяқтарынан аттардың
Жарылып қалай кетпедің?
Ұқсадың мыстан сараңға,
Кимейтін, ішіп-жемейтін.
Сен емес пе едің далаңдап
Әлсіз бен жоқты жебейтін?
Емес пе ең жомарт, шіркінім,
Жасымас көңіл, жарқын ән,
Бір тамшы шаттық күлкіні
Теңіздей шайқап, шалқыған?
Емес пе ең достың құлы сен,
Емес пе ең қастың ажалы?
Емес пе ең ердің құны сен,
Емес пе ең жүрек ажары?
Бәрі рас, бәрі тұңғиық,
Мойныңда тұрды түн құрық.
Әйтсе де үміт сәулесін
Түндіктен көрдің күн қылып.
Жомарттың қолын жоқ байлап,
Замандар сеңін жатты айдап,
Саңқылдап сұңқар Қозылар,
Боздады Баян – ақ тайлақ.
Даланың ата гербіне
Дегендей «сондай ел міне!»,
Түйе мен қыран суретін
Ұсынар едім белгіге.
Момындық, өрлік, күш, қанат,
Ірілік, ерлік, сұс, тағат –
Өлкенің осы қасиетін
Олар да бақты-ау ұстап-ақ!
Ой далам, ойқой қызығым,
Қуаныш, дырду, құзырым,
Жарымдай жан дос, қызығым,
Арымдай бетте қызылым!
Мен үшін арың – жар ары,
Жанарың – ана жанары.
Ақ тайлақ, сұрша сұңқарлар,
Сен үшін тоңып, жанады.
Тоғысқан сенде кемедей
Адамзат, ата мұраты.
«Дала» деу – «қазақ» дегендей,
Қазақтың сенсің бір аты.
«Далалы ел» десе кроссворд,
Жауабы – Қазақстан тек.
Жанымда сен боп құрасты от,
Ұғамын сені ұстам деп.
Даласыз өмір тұлдай-ақ,
Даласын қазақ бұлдайды-ақ.
Даласыз бірақ ел де көп,
Көп тілге жұмбақ мұндай ат.
Сұрады қанша шетелде
«Далаңыз осы не?» деп те.
Ондайға енді ет өлді,
Өң көрген едім әдепте.
Не дейсің мұндай сұраққа,
Соқырға дүние сыры өңсіз.
Құр ызың сынды құлаққа
Саңырауға сөз де сүреңсіз.
Даланы ұқпақ болғандар
Сарп етсін оған жылдарын.
Көрмеген көзде жалған бар,
Қиырдан от та – құр жалын.
Аязда қыста қарылсын,
Аптапқа жазда қақталсын.
Ағынан түзге жарылсын,
Өзі де жанын ақтарсын.
Самалын оның сімірсін,
Тыңдасын желден сыбызғы.
Бұлағын бойға сіңірсін,
Мас болсын сары қымызға.
Киікоты, жусан иісін,
Жұпардай иіскеп, ұйысын.
Бой жазсын еркін көсіліп
Қысылған қала үйі үшін.
Еркіндік қандай болады,
Кеңістік, кеңдік немене?
Немене дала бораны? –
Көз көрсін, көрмей сене ме?
Білмейтін кілтті, құлыпты
Көрсінші есік, қақпаны.
Танысын мінез-құлықты
Аралас көктем, ақпаны.
Танысын түздің сыр-сынын,
Қазақтың ата мекенін.
Көлеңке, асы, сусыны
Сатусыз жер бар екенін.
Естісін түнгі ән қандай!
Тыңдау жоқ оны таң қалмай.
Тәтті де асқақ – талғамдай,
Жарысқан қанат талғандай.
Жүректі қосып жүрекке,
Елдерді елге жалғайды.
Самғайды ән-күй жер-көкке,
Жердің жоқ оған шалғайы.
Ізгілік, достық, жомарттық
Алдынан шығар аттаса.
Жолаушы жаннан жоқ артық,
Жау боп кеп оғын атпаса.
Дархан ғой біздің дыр дала!
Жүрегін ашып тұр дала.
Әлем тек тегіс келе алмас,
Әттеңі сол-ау бір ғана,
Әйтсе де, «түз не» дегенге
Айтамын сөзбен, өлеңмен.
Лүпілдеп жүрек, дедеңдеп,
Даламды оймен көрем мен.
Көзімді көркі көгендеп,
Қиялға батып бөгем мен.
Ғажайып түстей көлбеңдеп,
Тоғысар сұлу ол өңмен.
Көк теңіз, көл боп сағымдар
Алдында шұбап жатады.
Шомылып соған шағылдар.
Шадыман шешек атады.
Буалдыр теңіз сағымның
Бетінде – ың-жың тіршілік.
Төсінде толқып ағынның
Бір батар кеме, бір шығып.
Көгінде самғап қырандар,
Қағады қанат құлдырап.
Жайылған киік, құландар
Жайқалған жаға кіл құрақ.
Емес-ау теңіз бұл бірақ.
Елес-ау жатқан бұлдырап.
Кересің солай талықсаң,
Таңдайың кеуіп, тіл қурап.
Жолаушым, сап, сап, түңілме,
Шығарма бірің түк үн де.
Тұрады ертең осы елес
Шындық боп сағым түбінде.
Жатады дегдар теңізің
Еңбекпен, қолмен жасалған.
Туғандай көкте егіз күн
Түннің де жүзі жасарған.
Қалалар қатар қоныпты
Ақиқат ың-жың тіршілік.
Көресің жасыл қорықты
Сусаған жерде тұншығып.
Көк толқын көл де көп алда,
Балапан бақтар, көк алма.
Көшіріп күрең шағылды,
Жапан түз қонған көгалға.
Құр құрақ емес бұл бірақ,
Елес те емес бұлдырақ.
Көтерген тың бұл, көктем бұл,
Көгерген толқып қырды орап.
Оянып таңғы қылаңда,
Көк жазық биік қиянда,
Қызықтап туған даланы
Қағады қанат қыран да.
Қағады қанат ұлан да,
Қалады темен қырандар.
Иеді қызыл бастарын
Қызғалдақтар да қылаңдап.
Мәңгілік көктем, май дала,
Байқоңыр дала, бай дала
Ұсынды жігіт құшағын
Шолпан мен кербез Айға да.
Тақырда құрылыс тасырлап,
Құмдар да күшке бас ұрды-ақ.
Далам тұр сөйтіп әр күні
Сағымның шебін басып ап.
Сайраймын солай түз жырын.
Шет жұрттар аң-таң тыңдайды.
Жасайды түрлі тұжырым,
Сұрақ та сұрақ – тынбайды.
– Қалай түз мұнша жаңарған?
– Жаңару неден жаралған?
– Қазақтар қандай қарумен
Қисапсыз мұнша жер алған?..
– Жаңбырдай нұрлы, ақ дауыл,
Жаңғыртқан – деймін – Октябрь.
Октябрь, Ленин боп түзге
Орнады, – деймін, – бақ дәуір.
Қазақты дала толғатты,
Кім білген қанша, қай заман.
Даласын қазақ қорғапты
Дойырмен, сойыл, найзамен...
Біреулер мәз боп шұлғыса,
Біреулер қалар сазарып.
Жүрекке қонар жыл құсы
Даладан, таңнан саз алып.
Барша тіл, барша сөздікте
«Дала», ия, – «қазақ» дегендей.
Ерліктей қарсы ездікке,
«Дала», ия – азат дегендей.
Жарқылдап Орақ – Балғасы,
Дүниеге даңқын жайды өңір.
Тағы бір түздің таңбасы –
Целина – тың жер, Байқоңыр.
Сол дала біздің сұс дала, –
Космонавт дала, құс дала.
Сол дала – шопан, егінші,
Құрылысшы, ғалым, ұста да.
Қайда да соны айтамын,
Қайдан да соған қайтамын.
Көктемдей маған қаңтары,
Көремін дәйім май таңын.
Мақтанбан қалай тайтаңдап,
Мәз болмас бұған қай тарап?
Көз жұма қалсам, жұмармын
Атыңды, далам, қайталап.
Атқарған небір сең-селді,
Болсаң да құдірет, еңселі,
Жүремін уыс топырақтай
Жүрекке түйіп мен сені.
Айқайқай дала, ән дала,
Думан той дала, дән дала!
Еңбек пен ерлік енесі –
Советтік дала, сән дала!

КЕЗДЕСУ
(музейде естіген монолог)
«Малды деп жерде мықты адам.
Малсыз күн бар деп ұқпаған,
Жылқымен бірге желдеген,
Қосылып қойға ықтаған;
Жалынған аттың беліне,
Сиырдың желіндеріне,
Көрмеген өзге тіршілік
Қараңғы қазақ жерінде;
Жауырын бөрі жайлаған,
Жалғызын зорлық жаулаған,
Боранда бұрын үсіген,
Жаңбырда бұрын жаураған;
Майлаяқ қана қалатын
Жолдас боп қайғы-шеріне.
Қарлығаш ұя салатын
Адыра болған еріне,
Қара тірсек малшыны
Таң таңына көтерген,
Жалаңаяқ жалшыны
Хан тағына көтерген
Айналмас елден болар ма?!
Ақсүйек атты аңдардың
Құдайы берген құлындай,
Базарға ұстар пұлындай,
Аяғын сүртер құрымдай,
Кермеген тірі қызық күн,
Шабата киген мұжықтың,
Тәңірі Разин, Пугачев
Бүлікшіл-бунтарь «бұзықтың»
Орақтай белін жаздырып,
Еңсесін түңғыш көтеріп,
Қақаған қысын жаз қылып,
Жанына жалын – от өріп,
Патшаның берген пәрменін,
Көктемнің берген қуатын,
Дауылдың берген дәрменін,
Қыранның берген қанатын,
Айналмас елден болар ма?!
Айналмас және болар ма
Шаруаның шалқақ орағын,
Орақ пен Балға одағын?!
Айналмас елден болар ма
Диханы батыр атанса,
Дана мен дана олар да
Дәреже алса, ат алса?!
Танкідей талай от кешкен
Тұғырда тұрса трактор,
Шатыр да тудай оқ тескен
Музейде тұрса тұрақты?!»
Ол бейтаныс мені күтіп тұрғандай,
Бар жан сырын монолог қып құрғандай,
Лак, еткізіп бір-ақ айтып тоқтады,
Мен аң-таңмын кісі еді деп бұл қандай.
Кім болса да сірә адамға сенеді,
Орта жаста, кең жаурынды, денелі.
Бет пішіні орысқа да ұқсайды,
Көз бітімі қазаққа да келеді.
Күнге күйіп көп тотыққан жүзі бар,
Қоңыр шаштың боз қыраулы күзі бар.
Дәл қазіргі тұрпатында, тұрқында
Толқын-толқын тебіреністің ізі бар.
Москвада мәшуір музей залында
Жолықтық біз тұрғын шатыр жанында.
Шыңғысханның шатырындай ол дағы
Ысталған-ақ небір түтін, жалынға.
Алтын емес заты оның кенеп тек.
Кей пұшпағын ойларсың да елек деп.
Жел-теке де ойнаған-ақ сүзісіп,
Аспан да оған жасын төккен шелектеп.
Борандар да аш бөрідей арсылдап,
Етегінен жыртпақ болған аршындап.
Қатқан қандай – қара майдың қатпары,
Автограф, автограф – әр сыр-дақ.
– Біздің шатыр! Біздікі! – деп тұр кісі.
Жоқ секілді соны айтудан тынғысы.
– Біздің шатыр! – дейді езуі құлақта, –
Біздің шатыр – тың қосының тұңғышы...
Жымиғаны – жарқыраған баладай,
Айтқан түрі – аңқылдаған даладай.
Мұндайлармен жүрек ыстық, жұрт ыстық,
Мұндайлармен адам – адам, дала – бай.
Қай кезде де ақын қызба, жыр қызба,
Шырқады ойым тың көтерген жыл-құзға.
Ойнағандай менің қиял-ойыммен
Жымыңдайды кеудесінде Жұлдыз да.
Ұқтым мен де, о да мені тез ұқты.
Көктен емес, жерден өлең кезікті.
– Сөйле, – деп ем, сайрап тұрып,
кілт тынды.
Таныса кеп тілі шықты, кежі ықты.
Қолқа салып келдім қонақүйге алып,
Еститіндей бір қызықты күйді анық,
Өзегі еңбек өмірінің бір түсін
Түңғыш сірә өзге қиды қиналып.
– Мақұл, – деді – бар кішкене шартым да.
Қаптаған ел менің алды-артымда.
Атай қалсаң, Целинник де, Тыңбай де,
Одан артық жоқ дәрежем, атым да.
Сылап өскен толқыған дән бұрымын
Сол Целинник – Тыңбайлардың бірімін.
Жұлдыз да бұл – шоқ жұлдыздың бір көзі,
Тіршіліктің еңбек емей, пірі кім?
Мендейлерді кем қылғандай пәруар,
Баяғыда дейтін «қара шаруа»,
Сараң да сол, надан да сол,
Жоқ та сол,
Күлкі де сол еді жердің шарында.
Бақыт қашан бірден өзі сау етті?
Қиын жолдан қысқа күнде сан өттік.
Мен де, ия, шаруамын,
мұжықпын,
Шаруамын, мұжықпын тек советтік!
Атаған жан бізді бүгін «қара» деп,
Жұрт алдында болар өзі қара бет.
Шаруаның шаңырағы шаңқиып
Тұр әр таңға өз жарығын ала кеп.
Иесімін, тұтқасымын орақтың,
Жарқыраған гербінде ұлы Одақтың.
Ақын болсам, оған гимн арнар ем,
Әттең, әттең, шорқақ тілім,
шолақ тым...

АЛТЫН ОРАҚ, АЙ ОРАҚ
Нұрымен айдың арайлап,
Отымен күннің алаулап,
Гербте тұрған Ораққа
Қараңыз бір сәт абайлап.
Мың жылдар терге батқанға,
Дән болып жерде жатқанға,
Арқасы сор боп ақтаңдақ,
Азапты тоя татқанға
Секілді ол тұңғыш табыну
Адамның таңы атқанда.
Арақты ойлап тапқанға
Патша жоқ, хан жоқ кінә артқан.
Шарапқа ұрты шомылып,
Құлқыны, қайта, құмартқан.
Орақты ойлап тапқанға
«Рахмет!» деп тақтан кім айтқан?
Іздеймін содан сыр өткел,
Ұғыну, білу – бар тілек,
Орақшы бейне суреткер,
Орағы – автопортрет.
Қараңыз соған ой тастап,
Жүгінтіп, жығып, тұрғызып.
Жаңаша орақ бой тастап,
Ұқсастық туар бір қызық.
Еңкейтіп оны қарасан:
Жата қап жерге үңілген,
Үңілген сайын түңілген,
Дихан ғой белі бүгілген.
Тік қойып тағы қарасаң:
Кеудеге басы құлаған,
Құдайдан сұрап жылаған
Жүгінген сорлы бір адам.
Шаруаға не бұл шерменде
Белгісі осы сұрақтың:
Бере ме құдай, бермей ме?
Бітеді қашан шұнақ күн?
Айшыққа және ұқсас ол,
Жылусыз, нұрсыз бозарған.
Имиген ашпен ықтас ол,
Көп қайралып, аз орған.
Сонда да орақ – асыл жар,
Жем терді жерден ғасырлар,
Бейнетін тартты шаруа,
Зейнетін татты масылдар.
Қос басты жыртқыш самұрық
Таңбадай қолды тұрды орап.
Мойыннан түсті сан құрық,
Қиратты балға, қиды орақ.
Тұр Орақ енді шалқайып,
Советтің ұлттық туында.
Масайрап, жайнап, марқайып
Қарайды жаңа буынға.
Ол – жалау жеңіс өрінде,
Ел аты мемлекет мөрінде.
Балғамен бірге би де сол
Жоғарғы Совет төрінде.

ТҮЛЕКТІҢ ТҮЛЕУІ
Сонымен солай десек – Тыңбай қызық,
Сөйлейді бір сөйлесе, тынбай қызып.
Бір үзсе, сөзін қайта жалғау қиын.
Жаңаны көтергендей тыңдай бұзып.
Айтады не айтса да жан-жүрекпен,
Ақындай сәл дүниені сән жыр еткен.
Тың сірә еркетотай махаббаты
Сұлудай сан қуантып, сан жүдеткен.
Дауысы бірде қоңыр, бірде қатаң,
Бірде шат, бірде оқыс дірдек атқан.
Қызығып оқыттым мен өлең де оған,
Салғаннан сау желеді – жүйрік аттан.
Әуелі бас тартты, рас, безек күліп,
Тілегін, жан құмарын тежеп тұнып.
Оқыды алда жатқан қос кітапты,
Орысша-қазақшаға кезек мініп.
Тегі бұл, тотықса да, ақсары адам.
Толғатып тапқан далам – тақсыр анам
Құрыштан құйылғандай нық тұлғасы,
Мол ғана, молдық қана шақ сірә оған.
Табиғат берсе, неге іркіп берсін,
Көзіне көзің түссе – бүркіт дерсің.
Қап-қара тұнығында от жатқандай,
Шалды екен шашын, әттең, іркіт несін?
– Тыңбай бұл,
– деді – дүние ден қоятын,
Ер атым, елдік атым, еңбек атым.
Өзімді біреу білсе, мың білмейді,
Әрине, тың сұлуды мен де ояттым.
Ояттым сонша адуын, сонша армандай,
Айғайлап атам қазақ ән салғандай:
«Суық қол етке тисе шошиды-ау деп,
Ояттым орамалмен мен сор маңдай».
Ояттық трактормен түз бойдақты,
Түз бірақ міз бақпады, қызбай бақты.
Сырға ғып сыңғырлатып алтын дәнді,
Дулаттық қызойнақтай күз бейбақты.
Сөйлейді ханы соқыр көзін қысып,
Ғафу ет, есіп кетсем өзің құсап.
Сынықтан өзге, деген, жұғуы хақ,
Көңіл де көреген-ақ, сезінгіш-ақ.
Қаһарлы – жатса тулап тұнбай теңіз.
Ешкім де бақытымен тумайды егіз.
Мирасқа тәж-тақ алған ханзада емес,
Мені, ия, шаруа деңіз, Тыңбай деңіз.
Жылдардың жүрегімде жыр есі бар,
Баста бақ, жауырынымда дүресі бар.
Қанымда – дала қаны, қазақ қаны,
Жанымда талайлардың үлесі бар.
Аялап әкем қазақ, шешем орыс,
Аттасам – айнала нұр, шешек өріс.
Жүгірмек, жеті жасар октябрят
Деген бе тағдырымды шешеді ұрыс.
Сол кездің көз алдымда сұрапылы,
Құлақта қайғы-зары, сорақы үні.
Басталды бәрі батыс шекарада,
Жоқтай-ақ соғыс соңы, сор ақыры.
Біздің үй бірер жылдан Бресте еді,
Командир әкем шепте, күресте өлді.
Мерт болды анам жаудың бомбасынан,
Дүре деп осыны айтам бір естегі.
Фашистер кәріні атты, баланы атты.
Мені бір белорус шал паналатты.
Жанымнан зор үлесі бар деп білем
Осынау қамқор болған дана қартты.
Жасырып жау көзінен, мәпеледі.
«Аманат, – деді, – ана, әке кегі».
Торғайдай тұмсығымен жем тасыған
Әйтеуір тағам тауып әкеледі.
Ол маған артты бірер жүйе, міндет:
«Мен сені жұртқа айтамын жиенім деп.
Ұмытпа әкең атын, шешен атын,
Ұмытпа ұлтыңды іштей, жүр «елім» деп.
Қалтқысыз қазақ деген жомарт халық.
Біраз жыл бірге жүргем жол атқарып.
Дос үшін қан мен терін қиюға бар,
Қолына орақ та алып, жарақ та алып.
Ол сонау Николайдың заманы еді.
Кім жарлы – сол адамның жаманы еді.
Ақ айтып «ә» дегендер жазаланды,
Менің де көрген күнім шамалы еді.
Бірі боп жер ауғанның, босқан елдің,
Даланы сонда түңғыш басқан едім.
Көрінген, аузын ашса, жан-жүрегі
Қазаққа білгенімді бастан бердім.
Үйреттік әліппені баласына,
Достасып, дән тастастық даласына.
Түйірі түсті оның жанына да,
Дарудай жарасына, шаласына.
Біз түздің сүтін іштік, құтын іштік,
Ағайын – аға, іні тұтыныстық.
Оралдым Октябрьден кейін мұнда,
Кімге де туған жердің түтіні ыстық.
Сен де ертең өз өлкеңе ораласың.
Өтесің ордан аттап, өр аласың.
Мен сені сақтауға, ия, борыштымын,
Әзірге адамның да көр аласын.
Бақыттың басқыншылар ұрысы ғой,
Бұл соғыс үлкенге де ұлы сын ғой.
Бұйрық сол: тыңда мені, тәртіпті бол,
Сен қызыл командирдің ұлысың ғой...»
Осылай бірден қатал шарт қойды да,
Қолғаптай тығып алды қарт қойнына.
Сақ ұстап жүрегімді жұмыртқадай,
Ақырын тартты ойына, тартты ойынға
Көп жүрдім бөлтіріктей бауыр баспай,
Күш қайда қайғырмастай, ауырмастай?
Өксимін, түнде шошып оянамын,
Жанымды жанышып зіл ауыр тастай.
Пимен қарт құшақтайды, жұбатады,
Тіл қатпай кейде еркімше жылатады.
Көбіне ертегі айтып ұйықтатады,
Есінде небір аңыз, жыр атаулы.
Сол болды жалғыз жақын, жанашырым,
Дастандай ағытады дала сырын.
Жарама қазақ сөзін басады кіл
Жатқанда түн жамылып алас ұрып.
Кезінде қазақ тілін таза білген,
Жәдитше оқи білген, жаза білген.
Көргені, естігені, түйгені көп,
Мойнына жылдар небір азап ілген.
Шамасы, бір алпысты орталаған.
Таймаған тұғырынан, ол тағадан.
Өлгенше өзіне жоқ, өзгеге бар,
Болады-ау жұртқа осындай ортақ адам.
– Қазақта сөз бар, – дейді, – «тамыр»
деген.
Қадірлі, қасиетті ол тәңіріден.
«Сенімен қосақтаулы, бірмін, деу бұл,
Тілекпен, түбегей түп тамырыммен».
Ол солай мен үшін бе, өзі үшін бе,
Сөйлейтін қазақша да сөз ішінде.
Бақсам, бұл – дегені екен тыныс-демін
Туған жер, туған тілдің сезінсін де.
Көңілге құйды сөйтіп айлап үміт,
Бойымды жайлады үміт, байлады уыт.
Маужырап қарттың сөзін тыңдап жатып,
Қиялмен жүрем түзде тайға мініп.
Сүңгимін толқын ұрған көк егінге,
Қуамын ор қоянның көжегін де.
Ойнаймын асық атып, садақ тартып,
Сімірем зерең аяқ көжені де.
Жанары жаутаңдаған бота қандай!
Дірілдеп көкті еріні отағаны-ай!
Аялы әже менен ата қандай!
«Ботам» деп, «құлыным» деп атағаны-ай!
Алады тарамыстай қолдарына,
Ұқсаған түздің арба жолдарына.
Олардың төрт жыл болғам бауырында,
Ойнақтап тізесінде, жондарында!
Қалайша уыз жүрек алқынбасын!
Аспанда жалт ойнайды әр күн жасын.
Атымды атап мамам шақырады,
Иыққа серпіп тастап алтын шашын.
Құйғытып кірем барып құшағына,
Құшады, көкірегіне қысады да.
Әкеммен ну орманды аралаймын,
Жем тастап жер-дүниенің құс, аңына.
Оған да осы Пимей қарт сияқты
Құлаққа түзді құю шарт сияқты.
«Даладай нұрлы, шалқар, емін-еркін»,
Дегендей теңеулерге шат сияқты.
Арнаулы ертегі, аңыз сағатында
Тұрамын сапта солдат санатында.
Жүремін Челюскиншілер жорығында,
Шарықтап ер Чкалов қанатында.
Тынышсыз күндер өтті, түндер өтті,
Күрмелді көтере алмай тіл де дертті.
Кей уақыт нан табам деп кетеді қарт,
Ал кейде әлдекімдер түнделетті.
Жоқ, бұлар дұшпан емес қан сасыған,
Дәметкен қайыршы емес қарт асынан,
Сипайды маңдайымнан келген сайын,
Сарғайған қант әперіп қалтасынан.
Бәрінің кейін ұқты бала сырын,
Көп екен, жалғыз емес жанашырым.
Барлаушы партизандар – түнгі қонақ,
Келеді алғанда көз жаңа шырын.
Солардың секілді бір ісіне ортақ,
Жеткенде оны-мұны түсінер шақ,
Жүрдім мен төбем көкке тигендей боп,
Қартша айтсам, ауызға сақ, тісіме сақ.
Қиындық ерте сірә есейтеді,
Ерке де еркіндіктен есер тегі.
Шындықтың шытырманын көрді бөбек,
Бір кезде дүниені тек десе ертегі.
Шал маған айтқан емес шаласың деп,
Шанбаймын, білмейсің деп, баласын, деп.
Дер, қайта, естиярсың, жігітсің сен,
Мені өзі осылайша санасын деп.
Кеңесіп кәдімгідей ес көреді,
Тыңдайды айтқаныңды, ескереді.
Тәптештеп төрт жыл бойы өзі оқытып,
Тырысып даярлады беске мені.
Сағыныш сонау түзге самғап қонып,
Жатты тек жолданбаған сан хат болып.
Бір күні бұлтты түріп күн шыққандай,
Азаттық келді біздің солдат болып.
Сол бір күн – қайта туған күнім менің.
Көз жасын сығып тұрып күлімдедім.
Кигізіп пилоткасын басыма өзі,
Бір жігіт: – «Сыйым саған, ұлым», – деді.
Солдаттың қаны менен терінде ары,
Ілулі сол пилотка төрімде әлі.
Алқызыл бес тармақты жұлдызынан
Тұлғасы өз әкемнің көрінді әрі.
Кешікпей соғыс бітті. Дауыл тынды.
Желпінді көтерген жер ауыр сынды.
Сыздатып бүйрегімді бұрып кейде
Аулақта, анау жақта ауыл тұрды...
Күйзелген жылдар көші оңға басты,
Көз көрді бүтін киім, оңған асты.
Көз көрді жаңа село, жас қаланы,
Бәйек боп бітіртті қарт он класты.
«Кім болам?» деген сосын сұрақ тұрды.
«Адам бол», –
дейді қарттың тұрақты үні.
Нан зарын, жер жарасын көргеннен бе,
Үйрендім комбайнды, тракторды.
– Енді, ұлым, – деді Пимен – еріңді тарт,
Ес барда, ескіше айтсақ, еліңді тап.
Көз жасын құрғат барып өзге атаңның,
Қыранға – түлеп ұшқан белінде бап.
Дүбірлеп жатыр қазақ далалары,
Теңіздей тыңды игеріп дән алады.
Ал мынау өсиетім мен жолдамам, – деп,
Ұсынды бір қағазды дана кәрі.
Білмеймін қашан, қайдан алғанын да,
Жеткендей желеу қылған арманына,
Беріп тұр туған атам адресін...
Жоқ, кетпен оны тастап ар барында!
Амал не, дүние салды жарты айдан соң,
Ажалды күткені ме қартайған соң?
Көз жұмды, аяғын тік басып жүріп,
Көзден от, буынынан хал тайған соң.
Жерледі қарияны жұрты болып.
Талайлар тұрды жасын сүртіп өнік.
Жүрдім мен дел-сал болып
әкеткендей
Жүректі жапырақтап жыртып өлік.
Десем де қанаттымын, тұяқтымын,
Жалаңаш жаңқа емес, қияқтымын,
Нансаңыз, о жолы емес, осы жолы
Шынында жетім қалған сияқтымын.
Жылма жыл барып қайтам басына оның,
Әкем мен шешем де дәл қасында оның.
Келемін бұ жолы да сол өлкеден
Аралап өскен жердің жасыл жонын...
Солай деп тынды Тыңбай, тынды қонақ,
Түрегеп терезеден тұрды қарап.
Мавзолей, Қызыл алаң, Блаженный...
Кремль жалауында тулайды орақ.
Білем мен ажал қандай, майдан қандай
Көрмеген тағдыр бар ма қайдан, қандай
Сонда да өзгеше бір тебіреніп,
Отырдым орындыққа байланғандай.
Қолыма түскен батыр тұтқиылдан,
Босатты өзі ойлардың тұтқынынан.
– Сонымен, – деді,
– даңқты Елу төртте
Қарсы алды ақ борандар ұйтқып лаң...

СӘЛЕМ, ТЫҢ ЖЕР, ТУҒАН ЖЕР
– Қарсы алды ақ борандар ұйтқып лаң,
Секілді жұт қуырып, құт қуылған.
Қорқаудай ұлиды жел, ышқынады,
Дала бір мұз теңіздей күрт құбылған.
Вагоннан түсіп болмай шатыр әлі,
Әр ауыл әр ауылға шақырады.
Жылытып жүрегімен, жылы асымен,
Ұсынып төрін, ығын жатыр әрі.
– Сәл тоқта, тоқта, Тыңбай, осы арада.
Кітабын тартқан мына дос анада.
Алғашқы беттеріне көз жүгіртші.
Ойыңа, бәлки, үлес қосар о да.
«...Майдангер ғана біледі
Шабуыл деген не екенін.
Майданмен бейне бір еді
«Тың» атты айқас мекені.
Атойға тартқан солдаттай,
Аттанып жатты вокзалдан.
Шықпақшы пәлен сағатта
Қызылжар, Қарой, Ақжалдан.
Батпаққа батқан танктей
Омбықты қарға ДТ-лар.
Адамдар жаурап талықты,
Дүлейден қалай құтылар?
Теке жел тентек мүйіздеп,
Тәніңді тінтіп өтеді.
Шатырды жерге тигізбей,
Қаңбақтай қуып кетеді.
Түксиіп боран түтігіп,
«Әурелік, – дейді, – босқа бұл!
Бұл жерде тірлік түтіні
Болмаған маған тосқауыл.
Болмаған, – дейді, – болмасын.
Тежеусіз бейпіл бораймын.
Көмемін, кесем жол басын,
Алдыңды, – дейді, – ораймын.
Қараңдар, дейді, айнала,
Қабірлер бар да, қыстау жоқ»...
Салады жел де байбалам:
«Мені де, дейді, ұстау жоқ.
Бұл жер тек менің мекенім,
Бұл жерде жөнсіз жекемін.
Әкетем бөркін жігіттің,
Көтерем көйлек етегін.
Уілдей алам сәби боп,
Жылай да алам қорқау боп.
Сала да алам сан үйге өрт,
Қайда да менен қорқар көп.
Боран да – менің перзентім,
Бола алам қара дауыл да.
Тақыр таз етіп жер бетін,
Аңызақ шашам жауында.
Келеді ертең сол аптап,
Бұл жердің оты менмін деп.
Теріңді сорар сораптап,
Бұл жерде тек мен деммін деп.
Ия, мен – желмін, шөлмін мен,
Жер-көкке өртін төндірген.
Су емес, сағым көлмін мен,
Жүректің отын сөндірген.
Қабірде анау жатқандар –
Құшақ шөп, қауға су үшін
Малшынып қанға батқандар,
Талғамай досын, туысын.
Меншік те, «мен» де – жел-дауыл,
Үрледі қанша жер дауын!
Қабірден қайта шығады ол
Секілді сойқан перғауын...»
«Ха-ха-ха!—дейді адамдар,
Күртікке батып, малтығып.
Күлкіні тыймақ борандар,
Ауызға, көзге кар тығып. –
Ертеде солай болғаны
Бәрі рас, оны білеміз.
Болады десең ол әлі,
Ха-ха-ха! – дейміз, – күлеміз.
Не істейді боран жау болып?
Борасын, қайта, борасын.
Ақша қар жатса тау болып.
Тау-тау ғып егін орасың.
Ерке жел, неге мұншама
Өзіңді есер санадың?
Жүрміз ғой сені тұмшалап,
Досымыз майда самалың.
Дауылда өстік шыңдалып,
Күрес пен еңбек ішінде.
Дауылды дәйім жырладық
Өр мінез, күші үшін де.
Көл қалай сенсіз шайқалмақ?
Қолаң шаш қайтып толқымақ?
Қызғалдақ қалай жайқалмақ?
Тербелер қайтіп торғын бақ?
Дауылдат, ойқой, жын ұрсын!
Шіріген емен жұлынсын!
Қорқақтар інге тығылсын,
Тамыры бостар жығылсын!
Аңызақ және аптасың,
Тер, тұзын түздің суырсын.
Тартпайды желден ат басын,
Тынығар шөлде буыршын.
Түйеше, тістеп сүйді деп
Шілдеге дер кім шет ене.
Еріннен ерін күйді деп
Ер жігіт арыз ете ме?
Аптап пен боран – ағайын,
Бірі ыссы, бірі суық тек.
Тулаған бірі ақ айдың,
Құшады бірі сұлық тек.
Қабірді, о жел, қозғама,
Тырнама ғасыр жарасын.
Көлгірсіп бекер боздама,
Бабаға тақпа жала, сын.
Джунгли заңын далаға
Ұсынған сонау аң заман.
Дәстүрге оны балама,
Зорлыққа сенген заң жаман.
Жарлылар зәбір көріпті,
Семірсе хан мен байзада.
Дау менен жауда өліпті,
Жүгіріп шоқпар, найзаға.
Адамнан адам түңілмес,
Айуандар ғана түңілер.
Араздық қайта тірілмес,
Бабалар, бәлки, тірілер.
Біз келдік ата арманын
Оятып көрден, ақтауға.
Аламыз баба алмағын.
Жаулық жат бізге, жат дау да.
Бүгінде жалғыз халық жоқ
Секілді қурай бұтағы.
Жұтайтын жарлы ғарып жоқ,
Жұттардың өзі жұтады.
Табиғат әсте арудай
Дәндеген өзін тыңдатып.
Еркек бол дейді әр ұдай,
Тәтті де қатты тіл қатып.
Қысар да, тіпті қинар да,
Берілмес оңай, бет алмас.
Адамсыз бірақ сый бар ма,
Айрылып күштен кете алмас.
Зорлықтан өлген бабаның
Қайтардық кегін қорлықтан.
Бостандық – бүгін даланың
Тұрғыны мәңгі орныққан.
Жоқтықтан өлген бабаның
Аштықтан өшін алдық біз.
Тоқтықтан кенде даланың
Астықтан өшін алдық біз.
Дәуірі тыңның туғалы
Даланың жүзі нарт қандай!
Ұқсайды күнге тың наны,
Тың күні нанға тартқандай.
Бау-бақ қып елге тартамыз,
Құлазып жатқан қонысты.
Қане, жел, боран, сартамыз.
Тінте бер қойын-қонышты».
Осындай оймен, тілекпен,
Жүрекпен, мимен, білекпен
Ұл-қызы қилы ұлттардың
Ту қылып тыңның тұтты арын.
Домбығып беті, қолдары,
Жыларман кезде күлді олар.
Төңкерді, тілді жондарды,
Айырмай түн мен күнді олар.
Боран мен желдің сырнайы
Солқылдап, сыңсып сарнайды.
Ха-ха-ха – күлкі тынбайды,
Жер-жаһан тұрып тыңдайды.
Желпілдеп, тулап, сатырлап
Тігілді тұңғыш шатырлар.
Табылды тұңғыш қашқындар,
Танылды тұңғыш батырлар.
Жоқ емес құрбан болған да,
Майданда қаза тапқандай.
Жас зират жаңа қорғанда
Жас бақтан венок таққандай.
Басталды сөйтіп далада
Тағы бір ұлы аттаныс.
Ай, жылдар болып арада,
Миллиардтар онда жатты алыс...»
Кітаптан Тыңбай баяу көзін алып,
Сол жылдың болса да әрбір кезі қанық,
Отырды шылым сорып үнсіз біраз,
Ойымен ой-шұқырды кезіп анық,
Рас, қой, – деді, – солай басталғаны,
Қар төсеп, мұзды жұрттың жастанғаны.
Рас қой қол темірге қарылғаны,
Жасырын жанарлардан жас тамғаны.
Уақыттың, табиғаттың түрлі иреңі
Кітап боп, тарих болып түр үйде енді.
Оларды оқу қызық, айту да оңай.
Миллиардпен көз таныспыз, тіл үйренді.
Бәрі бар – машина да, адам да көп.
Күзі алтын
көктемеде далан, да көк.
Сайраған бау-бақтарда бұлбұлдарға
Үзіліп үн қосады баран көкек.
Байтақ түз жиырыла қап төс-тағандай,
Бір сәтке кішіргендей тостағандай,
Бүгінде шексіз жерді жырту деген –
Көрпесін бір-ақ сілкіп тастағандай.
Күз қандай – алтын бидай, ақсары дән!
Түн қандай – аспан жерге ақтарылған!
Самсаған жұлдыз болып кетеді өлке
Комбайн, трактордың оттарынан.
Тербелген теңіз дәнде таң бойына
Қарасаң сол бір сансыз комбайнға,
Берлинге атой салған танктердей
Маздатып прожектор маңдайында.
О баста күш болды ма мұндай сірә,
Зар болдық жазда кейде мұздай суға.
Жетпеді құрал-сайман, мамандар да,
Сағындық тас кеше мен қыз даусын да.
Сағындық алаңы жоқ ұйқыны да,
Сағындық сауық-сайран қиқуын да.
Ақ көйлек, костюм жатты қап түбінде,
Сәндіктің өзгергендей сиқы мұнда.
Соң келді молшылық пен мерекелер,
Сөздер де «жер екен!» дер,
«ер екен!» дер
Ұмытпан ең алғашқы бораздамды,
Еріксіз дегенімді «береке бер!...»
Борозда өтті кеуде арқылы да,
Жүректі тығылдырып алқымыңа.
Дың еткен домбыраның ішегіндей
Жанымның сайрайды әлі әр қылында.
Жазы да болды жылдың қатты, бірақ.
Шілдесі шашты отын шаптығып-ақ.
Бозарып кей өңірде бороздалар,
Жарылған еріндердей жатты қурап.
Күз де есте қарсыласқан алас ұрып,
Сұр жаңбыр,
қар аралас қара суық,
Жұт қырған қойдай жайрап,
масақ жатты,
Етіңнен ет кескендей жара сылып.
Қайратқа, қайсарлыққа шақырады іс,
Көп керек әлі сірә ақыл, әдіс.
Әзірге қапқаның мен тапқаның бір –
Көңілдің күткенінен жатыр алыс.
Жоқ емес күңкілдеген бұған ептеп.
Біреулер бірдеңені кінәлі етпек.
Шет елде өңештерін жыртты жаулар,
Дәмесі: дән орнына күмән екпек.
Жыл өтті,
жылдар өтті арада ауыр.
Жаз өтті,
жаздар өтті қара дауыл.
Жер-ана шалқиды алтын мұхит болып.
Шөлің де,
айызың да қанады-ау бір!
Көз қалай,
көңіл қалай қасаңдайды,
Мастану болмаса да аса ыңғайлы?
Бұ жолы тек шаттықтан өлер еді,
Тірілсе зарлап өткен Асан қайғы.
Айттым ба тапқанымды кәрі атамды?
(Ауылы қазірде оның қала атанды).
Үйіне бара қалсаң,
қабырғадан
Ілулі нан көресің қара тандыр.
Сұрасаң «ата,
мынау қандай нан?» деп,
Бастайды
«Ертеде бір құл болған» деп.
Кейін ол бек қисапсыз байыпты да,
Шамасы осы айнала, қыр қонған кеп.
Салсын деп өткенді еске сол атамыз
Төрге іліп қояды екен шабатасын.
Сондай бір осы нан да белгі болсын.
Зейнет те бейнеттен тек табады асын.
Түс емес,
еске салсын өң күндерді,
Нан үшін,
нансыз аштан өлгендерді.
Құраннан қазақ оны биік қойған,
Ұмыту жөн бе өсіп-өнгенде енді?
Шықты деп нанға мұнша бүйіріміз,
Қалайша түсіреді түйірін түз?
Айтшы бұл не тасқындық, масқаралық,
Жылқының жайсақ онда үйірін біз?
Қарашы қанша күлте, десте қалған?
Дән емес, секілді алтын кесте қалған...»
«Бүл мысал аздау сірә» дегендей қарт,
Тағы бір аңызды айтар есте қалған:
«Ертеде
шілдеде нақ
сарша тамыз,
Шығыпты бақыт іздеп бір атамыз.
Көп жүріп сұрапты кеп әулиеден:
«Бар ма бақ,
мұрат па не құр аты аңыз?»
«О пендем, депті әулие,
шегінбей бақ,
Алласын ұмытады-ау небір бейбақ...
Жүре бер құрыш етік тесілгенше;
Инедей таусылғанша темір таяқ...»
Таусылған етігі де, таяғы да,
Көмусіз қалған сорлы баяғыда.
Бақытты қадірлеңдер көп іздеген», –
Дер атам, әңгіменің аяғында.
Секілді ұлы аманат бата сөзі
Осынау кішкене аңыз, ата сөзі.
Жұмыр жер айналмаса түн өте ме?
Күннен нұр алмаса таң, ата ма өзі?
Бақытын менің халқым көп іздеген,
Жер кезген,
жерше айналған көп іздермен.
«Таптым!» деп айтады енді аңыз қылып
Жырымен, домбырамен, қобызымен.
«Таптым!» – деп Тыңбайың да айтар еді.
Таппаса бақыт өзі, қайта, мені.
Жүректе тыртық ізі қалса да бір,
Жарасын жазды ана боп байтақ елі.
Де: солай тамам қылды жігіт сырын,
Қалтқы жоқ,
қалған жоқ, де, бүгіп шынын.
О пәлі, шындықты айту үгіт болса,
Мен бе мен –
өле-өлгенше үгітшімін.
Нүкте қой. Риза бол, ал, осыған.
Әйел ме? Ленинград қаласынан.
Соғыста көп баламен бірге келіп,
Қазақтың пана тапқан даласынан.
Адамның о да көрген қан, қабірін.
Біледі дос қадірін, нан қадірін.
Екі ұлым – Бименде мен Пименім бар,
Құяды сонау қария жанға нұрын.
Олар да – дән теңізі штурманы;
Қолында – комбайнның штурвалы.
Қош алды өткен жазда әр күні таң
Бір үйден қатар шыққан үш тұлғаны.
Кім білген әлі көп-көп көрісерміз.
Бүгінде қала,
дала – өріс егіз.
Келеді қонақ бізге шет елден де,
Тың жердің наны дәмді,
қойы семіз.
Жә, бір іс тындырдық па,
желпіндік пе?
О, маған тоқтағандай жер күндікке, –
Деп күліп Тыңбай суыт қош айтысты,
Асыққан ақиықтай еркіндікке.
Мен қалдым шытырман ой шырмауында.
Тұр толқын тұлабойда, тұр дауыл да,
Мен емес,
Тыңбай мені кіргізгендей
Жетектеп гүл жазира жыр бауына.

СӨЗ СОҢЫ
Ақ күміс – Алатаудың самайында.
Бір жаңбыр,
бір қар марттың сал айында
Гүл ғана, көктем ғана, шапақ қана –
Сәулетті сәнді Алматы сарайында.
Соққан қол алақанды жандырады,
Жаңғырық дүр сілкініп, жаңғырады.
Бүгінгі той иесі – целинниктер.
Даланың саңлақтары, сан қыраны.
Бойында,
ойларында жыр қызу бар,
Жаурынында,
иығында жыл құзы бар.
Жүзінде күннің күллі қоласы бар,
Кеудеде жер мен кектің жұлдызы бар.
Ақ жарқын әр көңілде – жаз мейрамы,
Адамның қандай сұлу мәз-мейрамы!
Жанында тебіреніс рахаты,
Көздерде бақыт оты маздайды әрі.
Сезім бай,
сөзге бірақ сараң адам,
Өзгеден өзін ерек санамаған
Еңбегі осылардың саусақтары
Сапырған ақ бидайды, салалаған.
Уақыттың оздырса да қысын қандай,
Бақыттың қондырса да құсын қандай,
Айылын жинамаған бұл тарландар
Мақтаудан, мадақтаудан қысылғандай.
Ыңғай ер,
ыңғай жайсаң, ыңғай дығал,
Көремін көп ішінде Тыңбайды да.
Халықтың, партияның ұлы алғысын
Көзде жас,
көңілі мас тыңдайды о да.
Азықтың ауыры нан, адалы нан.
(Келмеске кетті күндер ада бұдан).
Ел қандай – жоқ өзге пір-жаратқаны
Халықтан,
қайырлы еңбек адамынан!
Жұрт қандай – жоқ жер дауы, шекарасы,
Бірлік тек –
берекесі, бел ағашы.
Бас иіп тұрды алдында Тыңбайлардың
Басшысы партияның, ел ағасы.
Батырлық бәйгесіне қосқан аттай,
Мың алғыс, миллиондар, қос қанаттар!
Көтерген жерді,
жерден көтерілген
Мың алғыс, целинниктер – космонавттар!
Мың алғыс, асау қиял, ақ армандар,
Самайы Целинада ағарғандар.
Сендермен сол кездегі құрдас бүгін
Жаңа ұрпақ, жаңа ауыл,
бақ, ормандар.
Мың алғыс, коммунистер – ар шынары,
Мазасыз мейрамдардың жаршылары!
Міз бақпай дауылдарда жүрген сіздер
Жол нұсқап жүрек оты, жан шырағы.
Жүрдіңіз әр кеудеге еніп сіздер,
Жүрдіңіз тыңнан тыңға еріп сіздер.
Өзге үшін оққа ұшуға еріктілер,
Өзі үшін өлуге де еріксіздер.
Мың алғыс саған, дала, ұлы іс үшін!
Игілік майданы үшін, ұрыс үшін!
Мың алғыс, мың сан алғыс даладан да
Даланың ыдыс жетпес ырысы үшін!
О дала, ойқой дала,
өркен дала.
Өңкей бір шілдехана өлкем дала!
Білмеймін неге сені теңерімді,
Кең дала, керік дала,
көркем дала!
Әрине,
анам болдың құндақтаған,
Әрине,
әкем болдың күн қақтаған.
Әрине,
жар да болдың, дос та болдың.
Әрине,
әр сүйемің қымбат маған.
Ия, сен –
байлық аты, бардың аты.
Ия, сен –
адалдық пен ардың аты.
Ия, сен дүбірлейсің, дүрілдейсің,
Жеккендей жер тарпыған арғымақты.
Жүйрікті қазақ сондай тұлпар деген.
Қайсарын қанаттының сұңқар деген.
Сұлуды, сүйіктіні ару деген,
Ынтығын, құмарлығын іңкәр деген.
Көсілген кеңдікті де дала деген.
Кесір мен кемдікті де дала деген.
Атаған өз атыңмен құлазуды.
Сондай-ақ сені ардақты ана деген.
Тең келсін енді қайтіп қыран саған!
Ол сорлы қанатыңды құр аңсаған
Атасы тұлпардың да ат қана ғой.
Бұл кезде қызықпайды қыр онша оған.
Тұр, рас,
тұлпарша ойнап өңір күліп,
Жарқылдап кеудесінде өмілдірік –
Шашағын оқа зердей алтын дәннің.
Тастаған төгілдіріп, көмілдіріп.
Қыз, бәлки,
түз көркіне тең келеді,
Толқыса шолпы, сырға, теңгелері –
Сипайды ақ бидайдың бұрымынан
Сыбырлап, сиқырлап жел – жеңгелері.
«Ат қайда ақ бақайдай шаппай желген
Қыз қайда құдашадай көзі күлген?»
Әсем ән, әрине, әлі мың жасайды,
Оның да шарықтайтын кезі келген.
Кеңдікті әлі айтамыз даладай деп,
Даланы дәріптейміз анадай деп.
Ойлаймын мен білетін теңеулерден
Өмірде осы екеуі қалады-ау деп.
Мәңгілік мейірінен нәр алдырар
Ананың бәрі тақсыр, бәрі алдияр.
Адалдық таратуға жаралды олар,
Адамды жаратуға жаралды олар.
Ендеше сені қалай ана демес?
Анадай бәйексің сен балаға әуес.
Бақытсыз бола алмайды ардақты ана,
Безсе әйел бөбегінен – ана да емес.
Жоқ өзге теңеу –
Тілді өңдесем де,
Жоқ өзге биік –
Көкке өрлесем де.
Білем мен: қиын саған балау табу –
Іздеймін, тапқан күні өл десең де.
Қуанам, тең таба алмай қуанса адам,
Жаныммен өзің үшін жыр аңсаған.
Қыран деу – қанаттысың дегенім ғой,
Әйтпесе тең келер ме қыран саған?!





Пікір жазу