Поэмалар ✍️
Нұрлы жол
(поэма)
– Әй, қарағым, Жігер-ай,
Кімге тартқан мінезің?
Төзе тұр кемі бірер ай,
Барасың қайда бір өзің?
«Тоқыр» деген немене,
Қол емес саған ұсталық,
Омарды ешкім бұл елде
Оқытқан жоқ қой ұста қып.
Оқымай-ақ болды ұста,
Үйреніп шебер атадан.
Біздерге біткен туыста
Адам жоқ ұста аталған.
Мұғалім болсаң, бір басқа,
Оқысаң, оқы осыған.
Онда да кетпе алысқа,
Табылар оқу осынан.
Шықпа, қарғам шеткері,
Албыртсың, әлі баласың.
Колхоздан артық құт жерді
Қайдан іздеп табасың? –
Деп Жігерге кәрі ана
Айтып отыр ақылын.
«Баланың көңілі қалада»,
Дейді тағы ақырын.
«Оқымай өнер келмейді,
Тусаң да қандай атадан.
Колхоз да «барма» демейді
Ұғыңыз мұны, апажан»...
Шайқайды басын кәрі ана:
– Кімге тарттың, қарғашым?
Жоқ еді сендей атада,
Жуас еді-ау нағашың.
Жеті класс бітірдің,
Жарайды сол да бұйырсын.
Сырыңа, балам, жетілдім:
Не болса, соған үйірсің.
Үйретпек болып асауды,
Мертігіп қала жаздадың.
Айтамын саған қашанғы,
Оқырсың кейін, аз ба күн?
Омардай ұста болам деп,
Әуре болдың жазды күн.
Үйрендің бе одан көп?
Айныдың тағы, ал, бүгін...
Айныған жоқ, ол қайта,
Осы ойға берік бекіді.
Намыс отын лаулата,
Үрлей түскен секілді.
Жәрдемші ұста боп Жігер,
Жаз бойы биыл жүрген-ді.
Өткен жоқ зая, ол бекер,
Өзінше біраз үйренді.
Таяуда, бірақ, жас ұста,
Ұстазын, өзін сынады.
Сынады суыт жұмыста,
Ой туды сонда шынайы.
Тоқтап қалды комбайн,
Үзіліп шағын тетігі.
Деп алып Омар «оңдаймын»,
Уақытты босқа кетірді.
– Болмайды екен токарсыз,
Керек те екен станок,
Болыппыз әуре бекер біз, –
Деді ақыры ұста кеп.
МТС-ке колхоз салды атой,
Ат сабылтып арада.
Табылса одан жақсы ой,
Кетпесе іздеп қалаға.
Қайырлап қалған кемедей,
Далада тұрды комбайн,
Алтын дән теңіз – телегей,
Күн қақтап жатты маңдайын.
– Әттең, бір токарь! Станок! –
Деген сөз талай ауыздан
Сол күні ұшты құстай боп,
Кем емес еді арыздан!
Халықтың сөзін қайталап,
«Әттең бір...» дейді Жігер жас.
Ойланды соны айта сап,
Есіне түсті бір жолдас.
Өзіндей еді ол бала,
Тұратын көрші колхозда,
Қазірде токарь қалада,
Келіп те кеткен ол жазда.
Өз ісін айтып баптанып,
Оқыдым деген ФЗО-да,
«Тұр ғой,– деп Жігер,–
мақтанып»,
Қойған жоқ еді қызыға.
Сол бала оған, алайда,
Аңғартты басым өнерін.
Мақтады оны ауыл да,
Шебері-ай деді өреннің!
Кең жатыр өнер өрісі,
Ойының биік шоқтығы,
Ұстаға да болысты,
Білмейтіні жоқ, тегі.
Ал, бүгін колхоз әудемде
Зар болды соның ісіне,
«Әттең бір» Жігер дегенде,
Сол жолдас түсті есіне.
ФЗО-ны Жігер сол күні,
Аңсады сүйіп бар жаны.
Аңсатты намыс толқыны,
Токарь боп шығу арманы.
Ұлының қайсар мінезін
Анасы жақсы біледі.
Алмайды қайтып ол сөзін,
Тынғанша іс боп тілегі.
Ашынып қатты айтпады,
Алайда Жігер бой бермей,
Токарлықты мақтады,
Токарь боп өзі көргендей.
– Темірге сөзін тыңдатқан,
Токарь боп шығу жаман ба?
Темір де көніп тіл қатқан
Тетігін тапқан маманға!
Тұрпайы, түрсіз темірге
Тигенде құрыш қолымыз,
Тетік боп шығар өмірге,
Ұршықтай ойнар оныңыз!
Машина, міне, жүйткіп жүр,
Ағылып он, мен солынан.
Жүйткіткен соны тетіктер,
Өтті ғой токарь қолынан.
Қағаздай қырқып құрышты,
Ағаштай оңай жонасың.
Жұртқа керек зор істі
Жасайсың, токарь боласың!
Токарь боп сондай келемін:
Орнатсын колхоз станок.
Өзінен тапсын керегін,
Тұрмасын қолы қысқа боп.
Ойланатын кез жетті,–
Он бестің өттім өрінен!–
Деп отыр Жігер ізетті,
От жанып қара көзінен.
Он бестен ұлы асқанын,
Енді ғана сезгендей,
Жүзіне қарап жас жанның,
Отырды ана сөз бөлмей.
Түлғалы, рас, кең кеуде,
Қазір де «жігіт» дегендей,
Жарығы, нәрі мол жерде
Жас өскен жаңа емендей.
Шынықтым колхоз түзінде,
Дегендей, өктем күшім бар.
Дөңгелек құбаң жүзінде,
Сабырлы, қатал пішін бар.
Қалың қабақ, қыр мұрын,
Алдында отыр жас жігіт.
Ұққандай ана ұл сырын,
Қуантты жаңа жақсы үміт.
Алайда «бар» деп айтпайды,
– Қалайша кермей отырам?
Қалаға барса қайтпайды
Кейбір жастар оқыған...
Өржан қарт сөзге қосылмай
Отырған еді манадан.
«Кемпірдің бәрі осындай»
Деп ойлап, үнсіз қараған.
Тамағын кенеп жөтелді,
Ананың байқап лебізін.
Күлімдеп көзін көтерді:
– Сөзді қой, кемпір, сен езің.
Тоқтатпа жолдан баланы,
Үйренсін, көрсін, оқысын.
Еңбектің бар ма жаманы?
Кем болып кімнен отырсың?
Бекерге бағын байлама,
Колхозға келсін маман боп.
Жақсы атанып қайда да,
Жүрсе болды аман боп –
Деп сөзін Өржан бір түйіп,
Отырды кенет ойға қап,
Сарғыш тартқан күн тиіп,
Сақалын сипап салалап.
– Жігержан, сен де қарыспа.
Әрине, оқу – өте жөн.
Біздерді, бірақ жарысқа
Шақырып отыр «Төте жол».
Жиналмай жатыр мол егін,
Санаулы мұнда әр адам.
Ойыңда бар ма ол сенің?
Күзге дейін күт, балам...
Уәделі уақыт өткенде,
ФЗО-ға Жігер аттанды.
Қарсы ұшқан құстай көктемге,
Жетелеп үміт жас жанды.
Жинасып еңбек жемісін,
Келеді Жігер өкінбей,
Бүгін де колхоз ісі үшін,
Қалаға шыққан өкілдей.
Колхоздың өскен талабын,
Жүрекке жазып алғандай,
Әрі ісі туған даланың,
Аманат артып қалғандай.
Еседі күзгі қоңыр жел,
Секілді бақыт самалы.
«Жол болсын, Жігер, кел, Жігер!»
Дегендей алтын заманы.
II
Жайлы түн. Жанды тербеген,
Жұпардай желі, ауасы.
Жарығын жаңа сөндірген
ФЗО-ның жатақханасы.
Көгілдір түсті тек бір шам
Көгеріп әлі сөнбеген
Күзетте деуге, тұр бейқам
Күлімдеп қарап бөлмеден.
Көгілдір соның көзімен
Қарайық ішін бөлменің.
Көрсетер мүмкін іздеген
Геройымды ол менің.
Алайда, қазір бұл түнде,
Ұйқысын бөліп қайтейін,
Керермін оны ертең де,
Көз тастап қана кетейін.
Ұйқыда тәтті ұйып тән,
Бөлмеде өңшең жас жатыр,
Жеңістен кейін тыныққан
Секілді ылғи қас батыр.
Сағымды мөлдір теңіздей,
Сәулесін көк шам төгіп тұр,
Көрінді бәрі егіздей –
Бөлмеде түнгі көгілдір.
Егіз деп ойлау жөн тегі,
Айырып алар кім түнде?
Айырғысыз ең кемі,
Ілулі тұрған киімі де.
Солардың бірі, ал қазір
Түс көрді ме тамаша,
«Берсеңіз деп болса әзір»,
Сөйлесті кіммен оңаша?
Ұйқыда солай тіл қатып,
Көзін ашты жас адам,
Өз сөзі өзін оятып,
Түрткендей біреу тасадан.
Көтеріп басын қарады,
Ой түскендей бір тағы.
Ашылып қалған баланы,
Тұрды да барып қымтады.
Сөйтті де келіп орнына,
Көз салды таяу үстелге,
Кітапты алды қолына
Үстелдің жатқан үстінде.
Беттерін, бірақ, ашпады,
Отырды ұстап жай алып,
Көзімен атып көк шамды,
Екі жағын таянып.
Сонан соң барып жас адам,
Жатты да біраз ойланып,
Ұйқыға шомды қайтадан,
Ұрланып ұйқы бойды алып.
Уайымсыз ұйқы тәтті ғой,
Ұйқыға түнде не жетер?!
Түсіне енсе тәтті ой,
Әлдилеп ол да тербетер.
Алайда, әлгі жас Жігер,
Не ойлап, неге оянды?
Түсті ме еске туған жер,
Өзегін қандай ой алды?
«Берсеңіз екен» деді ме,
Құмартты нені жас жаны?
Түсіне әлде енді ме?
ФЗО есігін ашқаны?
Сол болса ойың, жас Жігер,
Оралып бірге қарайық.
Қызықсыз емес ол күндер,
Еске алуға жарарлық,
Есіңде ме, Жігерім,
Келісімен нені сұрадың?
«Жасауды үйрет,– дегенің,–
Комбайнның құралын?»
Мұғалім саған таңдана,
«Қайдағы,– деді,– комбайн?»
Ду күлген еді бар бала,
Айтқанда өзің мән-жайын.
Дәл шынын айтсақ: ол күнде
Талаппен ғана келдің сен.
Токарь деген немене,
Оны да жөнді білмеуші ең.
Балғаны қалай соғудың
Меңгермей үлкен тәсілін,
Білеудей құрыш шойынның,
Білмесең «сырын», «нәсілін»,
Төпелеп қанша ұрсаң да,
Дәрменсіз екен қара күш.
Біліп пе ең мұны сен сонда,
Тірелгенде талай іс?
Білем деп бір кез ойладың,
Ойыңды өмір түзетті.
Өнерге сүңгіп бойладың,
Зымырап күндер тез өтті.
Адамдай суға жүгірген
Ыссы да ұзақ шөлден соң,
Тап бердің аңсап сен бірден,
Өнердің көзін көрген соң.
«Жеңіп ал» деді ол, бірақ,
Жемісін оңай бермеді.
Алмадай бетің албырап,
Маңдайың талай терледі.
Шегінген жоқсың сен одан,
Шегедей бойлап қадалдың,
«Арнайы,– дедің,– ауылдан,
Аңсап келген адаммын».
ФЗО-да тағы үйрендің
Дәстүрін жатақхананың.
Салтына сәйкес ұлы елдің
Жолдастық күшін сынадың.
Былтырғы Жігер емессің,
Биіксің одан әр қайда.
Ар жағын биік белестің,
Жеткендей көзің барлауға.
Түсті ме еске осылар,
Не көрдің, Жігер, түсіңде?
Жарайды, кейін ашылар –
Түсіңде сенің ісім не?
Шаттықтың тудың елінде,
Бақытты жансың, Жігер, сен!
Арманның шығып төріне,
Алшаңдап басып жүрерсің.
Өмірдің бұлақ шәрбәтін,
Сіміріп қайнар көзінен,
Сермеген шыңға қанатын,
Жастықты көрем өзіңнен.
III
Аспанды қоңыр бұлт басқан,
Көрінбей тұрды жұлдызы,
Сондай-ақ, көкпен таласқан,
Алатау, алып шың-құзы.
Алматы, бірақ жарқырап,
Жайнаған нұрға бөленген.
Жел тербеп, күзгі жапырақ
Жайқалған терек, еменнен.
Жұлдыздар бүкіл көктегі,
Көшеге келіп қонғандай.
Парк те сонау шеттегі,
Жайнаған отқа толғандай.
Күлкісі сынды қыздардың
Сылдыр қаққан арықтар.
Арықтың ылғал, ызғарын
Баурына тартқан бау-бақтар.
Дүрсіліндей жүректің,
Тынған жоқ қала дүбірі.
Түнде де ғажап тұр екпін,
Күндіздей түнгі өмірі.
Түні жоқ менің қаламның,
Тынысы қандай, нұр қандай!
Москваша даламның
Бақытын қорып тұрғандай.
Жар салып завод гудогы,
Еңбектің өктем тіліндей.
Ойыңды өрге сүйрейді,
Жеңіске жаршы бір үндей.
Осыдан шабыт алғандай,
Кеңседе отыр манадан,
Кере қарыс кең маңдай,
Қаршыға көзді бір адам.
Мұрты да бурыл, ақ шалған,
Қыраулы жылдың күзіндей,
Жүзіне әжім тап салған,
Өмірдің өткен ізіндей.
Көзінде жалын, жас қайрат,
Жігерлі жанға ұқсайды,
«Кәрілік, менен жүр аулақ»
Дегендей алыс нұсқайды.
Жанында ешкім жоқ өзге,
Кітаптар жатыр алдында.
Телефон соқты бір кезде,
Түсті ме біреу жадына?
«Ивановпысың? Саумысың?
ФЗО-дан ғой, Естаев.
Бар еді сенде бір ісім,
Ғафу ет, достым, етпе айып.
Замполит едім қазірде –
Өзіңе таныс жұмысым.
Көрінбей кеттің сен, неге?
Алло! Тыңдап тұрмысын?
Ертеңдер біздің бір бала
Барады паспорт алуға.
Түңғыш рет, ия, ия!
Өтінем: өзің қабылда.
Тағатсыз өзі күтіп жүр.
Аты ма? – Жігер Өржанов.
Адым ғой үлкен бұ да бір,
Жылы сөз айт, ой салып....
Сөйлесіп болып Естаев,
Отырды көңіл толғандай,
Жігерді тағы еске алып,
Өз жолын бірге шолғандай.
Ұзатып талай қыс, жазды,
Өткен жан небір асудан.
Партиялық стажы
Жігердің үлкен жасынан.
Естаев сондай большевик,
Не дейін артық осыдан?
Өзгеше баға не керек,
Лайық болсаң осыған!
...Уақыт – түнгі сағат бір.
Замполит отыр әлі де.
Жұмыс күні шашып нұр,
Басталғандай әлгіде.
Отыр: «алыс әлі таң, –
Дейді, – түн жаңа басталды».
Өткізді оймен алдынан,
Ұйқыда жатқан жастарды.
Өткізді тағы неше бір,
Әркімді қарап қайтадан.
Секілді көргіш командир,
Солдаттың сапын байқаған.
Түнде де оның алдынан
Шешуін көп іс тапқандай.
Күтіп тұр жұмыс алуан,
Тынасың қалай атқармай?
«Ұйықтап қалды-ау комсорг,
Қарайтын жұмыс жоспарын.
Тынықсын жігіт, жас серік,
Бойында толы күш-жалын.
Завхозбен, бірақ, сөз басқа:
Көрмей жүр істе бар мінін.
Қарт токарь мастер Имашқа
Алпыс жыл толмақ дәл бүгін.
Көп жасқа Имаш болды ұстаз,
Беру жөн сыйлық бұл қартқа.
Директор науқас, биыл жаз
Бар дейін оған курортқа.
Саяси сабақ тағы бар –
Лениннің, өмірбаяны.
Білуге жастар ынтызар.
Жұтқандай нәрлі ауаны...»
Замполит тұрып жай басып,
Ойланып біраз алды да,
Терезені қойды ашып,
Жанарын ұйқы шалды ма?
Көрініп ЦК үйі түр,
Сөнбейді оты ұзақ түн.
Еңбекшіл милы үй, о да бір
Ойлайтын қамын қазақтың.
Замполит соған сүйініп,
Қарап тұрды қасқия,
Жүрекке жас қан құйылып,
Елестеп ұлы Москва.
«Политбюро тап қазір
Құрып, мүмкін, мәжіліс,
Жатқан шығар тағы бір
Жоспарланып ұлы іс...»
Жұмысқа қайта кірісті,
Естаев жайнап желпініп,
Бергендей жаңа тың күшті,
Бөлмеге жұпар жел кіріп.
* * *
Алатау – шың құз, кар жақпар,
Сығалап содан өрмелеп,
Шұғыла шашып жан-жаққа,
Шықты күн – алтын дөңгелек.
Жүзі де оның ақ жарқын –
Жүзіндей біздің адамның.
Оянып-ақ қапты әркім,
Оянған халқы қаламның.
Біреулер шықты оқуға,
Кейбірі кетті жұмысқа.
Жыр толғатып ақын да,
Таза ауада жүр тыста.
ФЗО-да мана оянды
«Хош келдің, бақыт, – деп, – таңы!»
(Әлдеқашан жұмған-ды
Көгілдір көзін көк шамы.)
Жас дауыстар саңқылдап
Кернеді жатақхананы
Тұрғандай болып ән тыңдап,
Сол үнге мейірің қанады.
Бір кезде жастар жиылып,
Шықты сол жатақханадан,
Әскердей бір түс киініп,
Туғандай ортақ анадан.
Арасында солардың
Естаев та жүр екен,
Әдеті болса сол әр күн
Тынымсыз жанның бірі екен.
Кеш жатып, ерте тұрса да,
Ізі жоқ шала ұйқының,
Жайдары жарқын соншама,
Бір қалпы мінез-құлқының,
Деуші еді күліп бұрыннан:
– Жұмыссыз жатсам шаршаймын...
Жұмыста жүрсем – тынығам...
Сол сөзі рас – байқаймын.
Жастармен бірге жайраңдап,
Шықты о да жатақханадан.
«Тұр, – деп ол, – әркім не ойлап»,
Жүрекке үңіліп қараған.
Жаюлы жатқан кітаптай
Жастардың оған қабағы.
Тұрса да олар тіл қатпай,
Замполит ойын табады.
– Кездестің бе әкеңмен?
– Емханаға бардың ба?
– Тар емес пе бәтеңкең?
– Кепілдеме алдың ба?
Біреуден тағы тұр сұрап:
– Таңертеңгі ас қалай? – деп,
Бір бүгін бе бұл, бірақ,
Сұрайды күнде, талай кеп.
– Не түс көрдің? – деп қойды,
Жігерге күліп әзілдеп,
Салғандай еске бір ойды,
Жауабын әрі әзірлеп.
Лезде жүзін суытып,
Жігердің, қарап көзіне:
– Түр едім, – деді – ұмытып,
Ойыма түсті кезінде.
Бейуақытта, түнде сен
Оянып неге отырдың,
Айтамын ба білмесем,
Уақыты бар ғой оқудың.
Қалды ма еске алынбай
Тәртібі жатақхананың?
Қасиетті өмір заңындай
Сақтай біл тәртіп талабын.
Жақсы оқушы еш кезде
Отырмайды түн қатып.
Жетеді уақыт күндіз де,
Түнде тынық, тың жатып.
Білемін, жақсы оқисың,
Оқи бер артық одан да,
Алдымен, бірақ, ол үшін
Денсаулық керек адамға.
Соны айтып ол Жігердің
Көзіне тағы қарады,
Көргендей оның жүрегін,
Жадырай қалды қабағы.
Ұлындай оған әр ұлан,
Бәріне ортақ мейірім:
Кейбірін қақты арқадан,
Маңдайдан сипап кейбірін...
Сап түзеп міне жиылып,
Сабаққа кетті ол жастар.
Естаев тұрды сүйсініп:
«Келешек бұл, – деп, – жолдастар»
IV
Келесі күні жас Жігер
Барды да алды паспортын.
Оқушым, мүмкін, «қалай?» – дер,
Білгісі келер жас жұртым.
Хош алып оны Иванов,
Паспортты өзі тапсырды.
Сөйлеспей де сонша көп,
Ұққандай кезбен бар сырды.
Есінде қалар әркімнің
Салмақты сөзі, өтімді,
Паспорттың әрбір әрібінің
Айқындығы секілді.
– Советтік ұлы еліңе
Бол, – деді, – жақсы азамат!
Айтқан жоқ өзге ештеңе,
Болған жоқ өзге салтанат.
Осынау сөз де Жігердің
Ойымен үндес өзінің,
Әкетті билеп жүрегін,
Серпілтіп мақтан сезімін.
Бола алсаң жақсы азамат
Күрескер елде, ұлы елде,
Осыдан артық не мақсат?
Өзгені ешкім тілер ме!
Көшені бойлап сол Жігер
Келеді міне, көріңіз,
Бөлмеден сонау көгілдір
Көргендей түнде өзіміз.
Жүрісі ғана өзге одан:
Байсалды, әрі нығырақ.
Қалғандай кейін бір қадам
Балалық мінез, балғын шақ.
Өскендей тағы бір саты
(Көрмей-ақ қойсын мейлі жұрт).
Өзінше маңғаз сипаты
(Болуы шарт па сақал-мұрт?)
Жастардың сонау көбіне
Көріну ойы ағадай.
Паспорты қазір көзіне
Кәмелеттік бағадай.
Өзінің құнын, қадірін,
Білетін ердің, біріндей.
Төзіп ең бірақ, қайбірің,
Тұра ма жастық білінбей?
Қарыштап кейде қадамы,
Кетеді шаттық жетелеп,
Қалтаға қолын салады,
Тигендей төске ыстық леп.
Төс қалтаның төрінде
Паспорты жатыр жаңа алған.
Тағы да, тағы көруде
Тоқтай қалып жаңадан.
«Қарасын жас та, кәрі де,
Көрсінші халқы қаламның!
Бар ғой бұл, бірақ, бәрінде
Осынау жүрген адамның...»
Осындай тағы ой туып,
Тежеді қолын Жігердің,
Қалған жоқ бұдан бой суып,
Көрсетсе де күлер кім?
Сүйкімді құбаң жас жүзін,
Сүңгідей сұңғақ денесін,
Аялап асқақ зор сезім,
Келеді керіп кеудесін.
Берген жоқ ешкім бұған мән,
Қуаныш аз ба әркімде?
Жерімде шаттық жұртқа тән,
Шаттанып жүрміз әр күнде.
Жігер де өкпе артпады
Көп көзге түспей жүрмін деп,
Қуанды қайта, мақтанды,
Бақытты жұртпен бірмін деп.
Біледі Жігер: паспорты
Беделді, биік кепілді.
Советтік адам сипаты
Жазылған сонда секілді.
Мандат қып Отан берді оған,
Таниды оны жер үсті.
Доллардан, атом бомбадан
Беделді мәңгі, бұл күшті.
Бүл паспортпен әр адам
Отанын еркін шарлайды.
Ешқашан сұрап жұмыс, нан
Жат елге, сірә, бармайды.
Келеді Жігер өренім
Кейде тез, кейде жай басып.
Кезеді ойдың әлемін,
Қиялға қиял жалғасып.
«Ертеңгі маман жас токарь!
Азамат Жігер, жас адам!
Алдыңда үлкен парыз тұр,
Сай болсын соған әр қадам.
Жете ме күшің, Жігерім?
Жетуге тиіс, сыр берме!
Жауабын айтқан жүрегім
Комсомолға кіргенде:
«Комсомолдық билетті
Арымдай тұтып жүремін.
Партбилеттің бір беті
Секілді деп білемін...»
Жігерді қиял лашын
ФЗО-ға самғап жеткізді.
Қиял емес, бұлар шын,
Тұрғандай игер деп бізді.
Жетті жайнап Жігер жас,
Жүзінде ойнап атар тан,
Қарсы алды достар бауырлас
Келгендей ұзақ сапардан.
Құтты болсын паспортың,
Жоғары ұста атағын,
Атындай біздің, жастықтың,
Гербіндей ұлы Отанның!
V
Мастерской – кең бөлме,
ФЗО-ның өнер дүкені.
Керегін алған кеудеге
Білімнің бұл да мекені.
Осында біздің Жігердің
Жас қолы іске жаттығып,
Токарьлық терең өнердің
Жүрегі сырын жатты ұғып.
Осында, міне, осында,
Үңіліп талай тұрды ол.
Әзірлеп өзін зор сынға,
Елестеп алда нұрлы жол.
Оқылған қилы кітаптар,
Осында келіп сынайды.
Басыңда бәрін ұстап бар,
Әр сөзін талдап сұрайды.
«Не оқыдың, не білдің?» –
Деп бір тергер жері осы.
Тілмашы тілсіз темірдің –
Станок – әділ төреші.
Алдында соның бүгін де
Маңдайдан шып-шып тер шығып
Жас токарь жеңін түріне,
Құрышты жонып, тұр сылып.
Станоктың үніне
Үн қосып жүрек дүрсілі,
Тетікке қарап үңіле,
Күткендей Жігер бір сынды.
Жасалды міне бір кезде,
Әлде ненің бөлшегі,
Шұқшия қарап чертежге,
Бөлшекті мастер өлшеді.
«Жарамсыз! Брак!» деген сөз
Соққыдай кенет сарт етті.
Тұнжырай қалды талай көз,
Бекерге майын сарп етті.
Жаны ашып, достар жаутаңдап,
Жігерге үнсіз қарады.
Тұр еді ол аң-таң қап,
Түйіліп бұлттай қабағы.
– Жарты миллиметрдей,
Қысқа, – деді қарт Имаш, –
Темірді зая кетірме,
Өлшемей кесіп қым-қиғаш!
Оқуда, ертең жұмыста
Есіңде болсын, біліп ал:
Бармақтай осы құрышта
Адамның маңдай тері бар!
Оның әрбір сынығын
Жарата біл кәдеге.
Жүрекпен тыңда, шын ұғын,
Қайтадан істе, кел, қане!
Имаштың сөзі Жігерді
Жүк артқандай терлетті.
Тетікке көзі тірелді,
Тағы станок тербетті.
– Қарқыныңды суытпа,
Айналым аз! – деді Имаш, –
Сапасын да ұмытпа! –
Сапа мен саны бауырлас.
Станокта тұрғандай,
Жігердің бүкіл тағдыры,
Көздерін одан тұрды алмай,
Жолдастар, достар – барлығы.
Ақ көңіл, жомарт Тілеулі,
Қатыгез, тұйық Мұрат та,
Тілегін достың тілейді,
Қалмасын деп ұятқа.
Жанындай досы Жігердің
Тұр комсорг Николай,
Тебіреніп, тістеп ерінін,
Дегендей, «қайттік, бұл қалай?»
– Әзір болды! Қараңыз! –
Деп Жігер демін бір алды.
Саңқ етті бір сөз: «Жарамсыз!» –
Тағы да брак шығарды.
Жаудырап жалт-жұлт көздері,
Қынжылды жастар, өкінді,
Жігермен бірге өздері,
Сәтсіздік көрген секілді.
Жігерді жақтап Тілеулі;
– Бұл, – деді, – өте ұсақ мін.
Емес қой мүкі бір елі –
Жүзіндей ғана пышақтың.
Шалып қалды бұл сөзді,
Қарт мастердің құлағы.
– Тілеулі, – деді, – кім сізді
Адвокат бол деп сұрады.
«Ұсақ мін» деген сөздерді,
Есіңнен шығар, тозды бұл.
Бүгінде бұлар өзгерді,
«Міні жоқ» деген сөзді біл.
Мін тапсаң егер жолдастан,
«Ұсақ» деп оны жұбатпа.
Талапкер, қатал бол жастан,
Уақытпен дайым жұп атта.
Николай тұрған томсарып,
Бұл сөзді ол да қостады.
Жалтақсыз еді комсорг.
Жалтарта алмас дос тағы.
Өзінің Жігер қатесін
Көрген бе оңай кешіріп,
Демейді: «Ұсақ, қайтесің»,
Сынайды, қайта өсіріп.
Кеңесіп өзі арымен
Алдында соның қызарды.
Сол екен қатал бәрінен,
Соттан да, сірә, ызғарлы.
* * *
Клубы – залы ФЗО-ның,
Бөленген нұрға әр кеште.
Әлденеше жүз орын
Сап түзеп қатар тұр десте.
Ашық тұр бүгін тағы да
Сахнаның жібек пердесі,
Даланың алтын таңына
Ұқсайды жомарт сәулесі.
Жаңа ғана көп дауыс
Шырқаған еді асқақ ән.
Ұшқандай құздан қыран құс,
Саңқылдап түйдек тастаған.
Оркестр де әлгіде
Кең залды күймен кернеген,
Көтеріп көкке әнді де,
Әуезі қанат сермеген.
Билеп жүр енді топ бала,
Ұршықтай зырғып дөңгелеп,
Бағана олар далада
Көйлектерін жел кеулеп,
Волейбол ойнап жүр еді,
Сыйғызбай допты жер-көкке,
Сынасып күшін кейбірі,
Айналып жатты турникте.
Үйретті ФЗО ән-күйді,
Домбыра, гармон тартуды,
Спортты, биді әрқилы,
Өнерлі бол, деп, айтулы.
Өнерпаз оның жастары,
Не жетсін шіркін, білімге!
Өнерден олар қашпады,
Үйреніп жатыр бүгін де.
Бұл күннің Жігер кешінде
Жаудырап көзі танадай,
Отырды шықпай көшеге,
Айыпты болған баладай.
Аяғын қия баспады,
Залдағы үнді сүйсе де,
Жаттығып күйге саусағы,
Жақсы үйреніп жүрсе де.
Сәтсіздік сырын бүгінгі,
Кітаптан Жігер іздеді,
Тағы да, тағы үңілді,
Түйілді ойдың, тізбегі.
Демеді «жанды қинама»,
Кітаптан көзін алмады.
Шақырды достар киноға,
«Бармаймын» деді, бармады.
Тұжырып айтқан бұл сөздің,
Түсінді достар себебін,
Біледі оның мінезін:
Тындырмай тынбас дегенін:
Ол баста да Жігерге
Оңайға оқу түспеді.
Күдерін Жігер үзер ме,
Бар жанын салды, күштеді.
Мақтаулының бірі еді
Қазір де Жігер оқуда.
Ал, бүгін қалай сыр берді,
Неліктен бұл бір оқиға?
Ақырын басып аяғын,
Николай келіп тосыннан,
Сұрақтың сол бір жауабын
Сұрады жайлап досынан.
– Сен емес мені тергеуші! –
Деп салды Жігер ашулы.
Бұл сөзін бірақ көрді ерсі,
Өкінді, дереу басылды.
– Әрі дос, әрі комсорг, –
Сұрауға менің қақым бар.
Себепсіз әлде қас көріп,
Деймісің, қандай ақың бар?
– Қадалдың неге? – деп Жігер,
Қарады жылы шыраймен, –
Көмектес, қайта бері кел,
Ойымды бөлме сұраумен.
– Жарайды, – деді Николай, –
Сұрамай-ақ қойдым, ал.
Жүргем жоқ мен де байқамай,
Айтайын өзім, мойныңа ал.
«Білем» деп соңғы бір кезде
Станоктан шет жүрдің.
«Білсең де одан қол үзбе»,
Деген сөзден бет бұрдың.
Салдары соның бүгінгі.
Ондайды енді жуытпа.
Ұға біл, достық үнімді,
Комсомол атын ұмытпа!..
Тынған жоқ, бірақ, осымен
Бүгінгі сөздің ақыры:
Жігерді қоса досымен
Замполит және шақырды...
VI
Екі жас жаңа өспірім
Паркте жүрді кешқұрым.
Еріксіз сөзін естідім,
Еркіндеу кетсем, кеш, жырым.
– Жүрмейді бұлай қыз ертіп,
Іш пысты, Жігер, шаршадым.
Отырдым қанша күзетіп.
Түбірін тозған аршаның?..
Сары қыз солай тұжырды,
Сары алтын шашын бір сілкіп.
Қабағын кербез тыжырды,
Серігін секем күрсінтіп.
Бал уыз бұл қыз, сары қыз,
Сәуледей дер ең көрсең бір.
Теңіздей бұлтсыз, сағымсыз,
Көздері ғана көк зеңгір.
– Жүр, – дейді сол қыз, сары қыз,
– Сәл, – дейді Жігер, – тұрақта.
Қайтайық бірге бәріміз,
Келеді қазір Мұраттар.
—Сыйлауың қызды, демек бұл?
Күтетін, тағы кімің бар?
Естаев, Имаш, директор...
Әйтпесе қорқар түрің бар.
Өзіңе Мұрат, Мұраттар,
Таңсық па, айтшы әр қызға?
Оларсыз күн жоқ бір аттар,
Кім жейді сені жалғызда?
Бұлтитып ұртын сары қыз,
«Кетемін» дейді, кетпейді.
Мұнартып алыс қарлы құз,
Батуға күн де беттеді.
Келеді Жігер қызарып,
Көзінде тілсіз жалыныш.
Қалайша шықты қыз алып,
Қай жаққа кеткен жалын, күш?
Не дерін білмей бұл тағы
Уақытың босқа оздырды.
Қолдағы оқу кітабын
Бүктей де бүктей тоздырды.
Бәрің де – үлкен, кішің бар,
Қыздар-ай, қызық халықсың,
Пысың бар, жұмбақ күшің бар,
Шамшылсың, назға қанықсың.
Азапқа түссе жігіттер,
Алғандай ләззат жаныңыз.
Сол жайдан, сірә, үміткер
Назданған мына сары қыз.
Зеңгір көк көзін төңкеріп,
Қарайды салғырт Жігерге.
«Кетемін» тек бір еркелік –
Дегендей «жалын, жіберме».
Қарайды тағы, ойлайды:
«Қонымды қандай форма оған.
Офицер неге болмайды,
Оқыса, шығар ол да одан».
Ұқты ма, Жігер, жоқ па әлі,
Райын қыздың, шырайын:
– Жүр едім бір сөз айтқалы,
Тыңдашы, Валя, сұраймын.
Күтсе де соны қыз одан,
Кілт бұрды Жігер жалғасын:
– Көлеңке қалай ұзарған,
Жеткізген қайда тал басын.
Қарашы, Валя, тамаша
Парктың кешкі самалы!
Қоңыр жел ескен, көк майса
Даланы еске салады.
– Жетті! – деп сөзді үзді қыз, –
Сол болса ылғи айтарың,
Жүрмейік енді бекер біз,
Өтінбе, жоқ, жоқ, қайтамын.
Білерің – колхоз, бір дала,
Баяғы ФЗО, достарың.
Станок, кітап мұнда да
Жыр қылып маған тосқаның.
Қанша айттың, қанша мақтадың
Бір ғана менің алдымда?
Бәрін де білем, жаттадым,
Өзге сөз құрып қалды ма?
– Тоқташы, Валя, бүлінбей.
Ұқпайсың әлі мені шын.
Әлемдей, бүкіл өмірдей
Колхоз бен ФЗО мен үшін.
Колхоз, тек, иә, білерім
Сонан соң ФЗО көргенім.
Даламен дайым біргемін,
Ол – менің бесік-жөргегім.
Оны айтпай, айтам нені өзге?
Күрт Жігер қолын бір сілтеп,
Бой ұрды кекшіл мінезге:
– Жүр, қайтсаң, бұл сөз бітсін, – деп,
– Қайтпаймыз.
– Міне қызық, жан!
Жарайды, өзің қала бер.
– Кетпекші қашып қызынан,
Қарай гөр қандай кавалер!
—Барым сол, қандай болсам да,
Көтермен қыздың мазағын.
Күлесін, кімге? Қалсаң, қал –
Мен емес ондай қазағың.
—Дәл сондай! Сезбей жүр ме едің? –
Деп Валя сақ-сақ күледі.
Кетуге қалған Жігердің
Қолтығын орап білегі.
—Ех, Жігер, Жігер, білмейсің,
Мазақ, па, мұным, назым ба,
Онсыз да ұзақ жүрмейсің,
Төзе тұр қалған азына...
Түнерген бұлтты жел кейде
Түретін түтіп лезде.
Мынау сөз біздің, Жігерге
Болған жоқ содан бір өзге.
– Ғафу ет, – деді жымиып.
Қабақта бұлтсыз жаз қалды.
– Жүрміз біз, рас, жиынып.
Сырласар уақыт аз қалды.
Айтайын десем сол жайды,
Қысылам толқып сенделем.
Тәуекел деймін, болмайды,
Батылсың, қайта, сен менен.
Сары қыз тағы күледі:
– Құрдассың, бірақ баласың.
Қыздар қу, қала түлегі,
Сен болсақ аңғырт даласың.
– Қыз сұмқылт десең нанамын,
Өзгені мақтап ұзама.
Білесің айтшы, қаланың
Кімі озды менен ФЗО-да?
– Жә, қойдым, Жігер, ойнадым.
Сөзіңді айт әлгі бастаған.
– Айттым ғой.
– Айту – ойдағың.
– Ой – батыл, сөзге жасқанам.
– Жауап бер маған ендеше:
Қалада қалмау шының ба?
– Қаламын кезі келгенше,
Шарты бар, Валя, мұның да.
Айттым ғой, айда бұл өткен
Станок мені сынады.
Беріде әлі жүр екем,
Көп екен жұмбақ сыры әлі.
Шын токарь керек ауылға.
Пайдасы аз шала, дүмшенің.
Ерте екен елге баруға –
Барымды байқап, өлшедім.
Заводта қалам бірер жыл,
Жұмыста тағы үйренем.
Сонан соң, барам – біл де жүр,
Сонан соң барып үйленем...
Айтса да Жігер айтарын:
– Соңғы сөз, – дейді, – әзіл ғой.
Санаулы қалған әр таңым.
Сынақтан өту қазіргі ой.
Қалжыңға Валя тұр әзір,
Қуаныш, күлкі көзінде.
– Үйленем деудің несі әзіл,
Қызықсың, Жігер, өзің де.
Тамаша – шыным – жоспарың,
Бесжылдық десе болғандай!
Бекіттім түгел, қостадым!
Орындай баста толғанбай.
– Жұмсаса, Валя, жіберсе,
Барар ма ең, айтшы, ауылға?
– Шалдыққан жансың, Жігер, сен
«Ауыл» деп атар ауруға.
– Қойдым, – деп Жігер күледі,
Ақырын қысып қолтығын,
Қолтықта қыздың білегі,
Жүректе тоят, зор тыным.
Екі жас әсем жұп болып,
Қақпаға беттеп келеді.
Келеді қарсы жұрт толып,
Сейілшіл қандай ел еді!
Жарқ етті бақтың оты да,
Жастардың жолын ашқандай.
Жас қыран, балғын тоты да
Жазбаған әлі дастандай.
VII
Өмірді тағы оздырып,
Өтті күндер, айлар да,
Жаңғырды дала өзгеріп,
Жаңа өзен ақты сайларда.
Осы уақыттың ішінде
Салынды талай заводтар.
Жағылды ауыл үстінде
Жұлдыздай самсап жаңа оттар.
Салынды жаңа үйлер де,
Толқып тұр тағы алтын дән.
Осынау өткен күндерде
Жетілді, өсті сан адам.
Біздерге таныс ФЗО-да
Оқып жүр өзге жас ұрпақ,
Жетілді, өсті бұлар да,
Нығайтты сапын жастық шақ.
Өтті күндер, айлар да
Осылай менің елімде.
Жас Жігер біздің жүр қайда?
Колхозға қайтып келді ме?
...Гулеген үйге бөленген
Заводтың алуан цехтары,
Тұрғандай сөйлеп өлеңмен,
«Біздерге үн қос» деп бәрі.
Бірінде балқып көк құрыш,
Бір цехта балға гулейді,
Келгендей содан мол ырыс,
Жүректі шаттық билейді.
Токарлар, міне, бір цехта,
Көбісі кілең жас адам,
Тізіліп бейне тұр сапта,
Толы станок самсаған.
Әр токарда әр тетік,
Шабытты қимыл, ер екпін,
Тұрғандай асқақ әндетіп,
Ансамблі еңбектің.
Міне тұр Мұрат, Тілеулі,
Өткізіп ойын құрышқа,
Тағы да таныс біреуді
Көремін сонау бұрышта.
Алдынан чертеж арылмай,
Жалғасып жатыр жаңарып.
Жол-жол боп күре тамырдай,
Жүрекке құйған нәр алып.
Шұқшиып іске токарь тұр,
Чертежден өрнек тоқыған.
Композитор бейне бір
Әсем ән көрген нотадан.
Осы еді менің геройым
Бітірген былтыр ФЗО-ны.
Өрлесін дейік өнерін,
Құттықтайық біз оны.
Хош алды оны інідей
Жұмысшы завод қауымы,
Бейтаныстығы білінбей,
Осыдай туған ауылы.
Есінде алғаш жалақы,
Секілді тұңғыш махаббат,
Қытықтаған алақан
Шытырлақ қағаз қат-қабат.
Есінде алғаш жеңістер,
Алғашқы еңбек қадамы.
«Жас токарь» не «жас Жігер»
Деген сөз сиреп барады.
Ер жеткен Жігер, шыныққан,
Тұлғасы, тұрқы мол жатыр.
Станок сырын шын ұққан –
Қимылы қауырт, қол батыр.
Қолында оның жөнге кеп
Жаңғырды құрыш, жасарды:
Комбайнның – дөңгелек
Тетігі міне, жасалды.
Сол сәтте оймен жер кезіп,
Келгендей Жігер аулынан,
Комбайнды жүргізіп,
Жинасқан сынды алтын дән.
Тетіктің тілсіз жүзінен,
Көргендей жүзін өзінін.
Мін тапса одан азды-кем,
Тапқандай токарь өз мінін.
Бір емес, оның талайы
Қолынан шықты Жігердің,
Сүйсініп өзі қарайды,
Дегендей «күтіп тұр елім».
Ісіне Жігер риза боп,
Жеткендей көзі кәміл-ақ:
– Жолдас бастық Фролов,
Алыңыз, дейді, қабылдап.
– Көрейік, – деді Иваныч,
Токардың келіп қасына, –
Ойыншық емес мұндай іс.
Асығыс болма жасыңда.
– Асығу керек, Иваныч!
Басталды егін орағы.
Істесем де қандай іс,
Елестеп колхоз тұрады.
Қазір де соны ойлаймын:
Колхозды ауыл қырында
Тұруы мүмкін комбайн,
Керек боп сәл бір бұранда...
Цех бастығы тіл қатпай,
Тетікті өлшеп, қарайды,
Қарап та қатал, мін таппай
Қабылдап алды: «жарайды!»
Енді ғана нанғандай,
Жігердің әлгі сөзіне,
Жүрекке қызу барғандай,
Жылылық туды жүзінде.
– Жақсы айттың, Жігер! Ол дұрыс.
Ойлау жөн солай әр уақыт.
Осында біздің ұлы күш,
Ел сенімі – зор бақыт.
Ойласақ біздер колхозды
Станоктар жанында,
Колхозшы ойлап жүр бізді
Егінжайда, жайылымда.
Сондықтан шығар, шырағым,
Шыққанша қолдан әрбір іс,
Асығып мен де тұрамын
Алардай содан жаңа ырыс, –
Дейді мастер Иваныч,
Жүздеген жастың, ұстазы,
Жастарды баулу қуаныш,
Жалыққан емес қыс-жазы.
Солардан о да көргендей
Өзінің өлмес жалғасын,
Нығая түскен емендей,
Жаңадан бүршік жарғасын.
– Келгенде былтыр сен алғаш,
Өте алмай өрін норманың,
Шыққандай кезден ыстық жас,
Есімде қапа болғаның.
Сонда да еңсең түспеді,
Сол кезде маған ұнадың,
Жетелеп намыс, күш сені,
Арта берді құмарың.
Үйрену ісін ағадан,
Еш кезде намыс кермедің.
«Қалай деп мынау» сен маған,
Көп уақыт маза бермедің.
Төселіп кеттің біразда,
Зорға да өрең жетеді.
Ісіңе завод риза,
Ауылың да мақтан етеді...
«Ауыл» деп Жігер күбірлеп,
Ойланып қалды, күрсінді,
Сөйтті де қайта күлімдеп,
Ортаға салды бір сырды.
– Үйімнен кеше хат алғам,
Кешікпей құстай тез жеткен.
Көрген екен ата-анам
Суретімді газеттен.
«Таңдап түскен жолыңның
Түсіндім түзу екенін
Құтты болсын орының,
Көріп қайтам, жетемін...»
Деп жазып анам, «бірақ та,
Біздерді, – деген, – алдадың».
«Алдадың» деуі – бұл жақта
Ауылға бармай қалғаным.
Токарь боп қайтып келем деп,
Кетіп едім колхоздан.
Барымды соған берем деп,
ФЗО-ға аңсап қол созғам.
Әлі де осы тілегім:
Орнатсын колхоз станок,
Жасасын өзі керегін,
Тұрмасын қолы қысқа боп.
Шынайы сырды Иваныч
Шын жүректен тыңдады.
– Емес қой ол күн тым алыс,
Болады ертең бұл дағы!
Қазіргі осы еңбегің,
Қадірсіз бе, бауырым?
Жасасып жүрсің керегін,
Бір емес, барлық ауылдың!
Слесарь да, токарь да
Болады барлық колхозда.
Асықпа, Жігер, өкінбе.
Сөзіме илан. Кел, қозға!..
– Сенемін, – деді Өржанов,
Жалынды жүрек үнімен,
– Бір сөз бар, – деді ойланып,
Бата алмай тұр ем, күнімен.
Құпия сырым, Иваныч,
Айтуға бұрын ұялдым,
Беріңіз маған қолқабыс,
Сынауға сырын қиялдың.
Колхозға арнап станок
Істеуді ойлап жүр едім,
Ойдағыдай шықса тек,
Пайдасы көп деп білемін.
Ұста да, өзге адам да
Кетеді оңай меңгеріп.
Жобасы әзір. Ал, онда,
Сынатам кешке мен келіп...
– Көрейік жетсе әліміз...
Ұмыттым әлденемені!..
Айтпақшы, мана сары қыз
Телефон соқсын деп еді.
...Қолына алды чертежді
Ертеңгі мастер Өржанов,
Жалынды кезі, дер кезі.
Жұлдызы жайнап тұр жанып,
Чертежі тағы жаңарды –
Жүзінде жарқын салтанат,
Алғандай берік қамалды,
Ашқандай құшақ шар тарап.
Жасалған сайын әр тетік,
Шыққандай Жігер жоғары.
Жүзінде бақыт жарқ етіп,
Шаттанып жүрек соғады.
Қарайды Жігер бұларға, –
Жалындай ыстық көзіне.
Өмірге керек бұранда –
Тетіктей болып өзі де.
Осылай токарь Жігердің
Зор өмірі басталды.
Биледі сенім жүрегін,
Сезінді күшін жас жаны.
О, Отаным – ұлы ана,
Өзіңді сүймей шыдар кім!
Өмір атты сахнаға
Көтеріп бізді шығардың!
Дейді сансыз Жігерлер,
Отанның барша адамы.
Рахмет саған туған ел,
Сәулетті совет заманы!