04.07.2021
  258


Автор: Жұбан Молдағалиев

Поэма фрагменттері

1. ҚЫСҚЫ КЕШТЕ
Январьдың әдеттегі бір кешінде,
Жалынбай жайдақ «бестік» пілтесіне,
Ұшымен бір саусақтың жағылған шам,
Манадан маздап қарап тұр тесіле.
Айналып кеңсенің кең төңірегін,
Құрман қарт бекем ұстап бел күрегін,
Түрткілеп, тықырлатып қатқан тоңды,
Күндегі әдетінше жүрді бүгін.
Шымшиды шыдап көр деп шымыр аяз,
Сонда да Құрекеңнің шығыны аз:
Ішінде қарыс жүнді қара тонның
Бар әлі ыссы жүрек, шұғыла жаз.
Күбірлеп күрбең-күрбең жүреді де,
Сүйеніп салмағы мен күрегіне,
Тынығып тұрар кейде құлақ түріп,
Ауылдың еркін соққан жүрегіне.
Тосыннан тұңғыш рет көргендей боп,
Немесе көп жылдан соң келгендей боп,
Шұқшиып қарайды ауыл бейнесіне,
Көргені – көне жанға бергендей от.
Тұр тынбай радио сайрап әлі,
Біреудің естіледі салған әні.
Кетеді кейде шырқап, секілді бір
Қыранның тұғырынан самғағаны.
Жарқырап өз үйінің терезесі,
Тұрғандай күле қарап немересі,
«Тағы да кешікті» деп кейіп кемпір,
Еске алып дәл осындай нелер кешті,
«Одан да ойласайшы: сағат қанша,
Өзіне өзгелерді қаратқанша?
Жатпай ма тәтті ұйқыда түс көріп тек,
Төзеді ол күтуге де таң атқанша».
Құрекең тұрды шолып өскен елді,
Ауылдың қызықтырып кешкі демі.
Клубтан кино көріп шыққан ғой жұрт,
Жастардың дауыстары естіледі.
Құрман қарт сақтанғандай әлде неден,
Күрегін қысып ұстап көлденеңнен,
Жолына жұрттың қайтар шығып алды,
Топты сол тоқтатардай өр кеудемен.
Көшені көп жүрісі дүбірлетіп,
Көрпесін тыныш түннің дірілдетіп,
Жарыса сөйлесіп жұрт келе жатыр,
Сөздері өздерінен бұрын жетіп.
– Даурығып осыншама жеті түнде,
Жүгіріп, аласыңдар кімнен жүлде?
Шуламай тез өтіңдер! – деп Құрекең,
Қатал үн тастаса да кейбіреуге,
Екпіні думан топтың басылған жоқ,
Оншама елеген жоқ, бас ұрған жоқ,
Ду етіп өрши түсті одан бетер,
Бензинге секілді боп шашылған шоқ.
– Құреке, ақырғаның, не дегенің?
Бұздық па ұйқыңызды біздер сенің? –
Деп, келіп кейбіреуі тұрып алды,
Күлісіп қарсы алдында терезенің,
– Ұйқы емес, тыңда әуелі, біл мәністі,
Кеңседе – партияның жиналысы!..
Сол бір сәт жұрт тым-тырыс бола қалды,
Басылып су сепкендей сөз жарысы.
Кеңседе Ильич шамы жанған жайнап,
Сәулесі түсіп мұзды жолға тайғақ,
Көз қысып терезеден жымыңдайды,
Тұрғандай тамашаға болып айғақ.
Қаратты сый көзімен лезде осы,
Әркімді кеңсенің сол терезесі.
«Партия жиналысы!» деген сөзден
Көрініп өз тілегі, өз мүддесі.
Сүйінген халықтың зор ізетіне,
Қуаныш Құрекеңннің тұр бетінде.
Коммунист болмаса да, ортақ жандай
Осынау ұлы атақтың құрметіне.
Тек қана әлгі жігіт ат жалында,
Қалжыңдап тиіп кетті қарт жанына.
– Сен неге бармай тұрсың, мәселе не? –
Дегенде, ду күлісті жұрт жабыла.
Құрекең басынан сөз асырмады,
Шын сырын айтты өзінің басындағы:
– Сенемін жиналысқа, бармасам да, –
Партия ойын елден жасырмайды!
Тұжырып Құрман солай сөз кесімін,
Алаңсыз айналысты өзге ісімен.
Белгісіз бір қуаныш жүрді билеп,
Туғандай соңғы айтылған сөз күшінен.
Боларын білсе мұндай жиналыстың,
Ол үшін өз жұмысы қызғаныш тым.
Ол ғана бар керекті әзір қылып,
Кеңсенің қоя алады жинап ішін.
Суықта суымастай ерте-кеші,
Қызулы болуы шарт кеңсе пеші,
Осындай өз пікірі Құрекеңнің
Білмеймін кімге мақұл, кімге ерсі.
Партия жиналысы болған сайын,
Зор үміт артады қарт оған дайым,
Алданып күткенінен көрген де жоқ,
Біледі: ойлайды олар адам жайын.
Бүгін де келіп алып қас қараймай,
Күткізіп үйін, кешкі асқа оралмай,
Жүр жинап кеңсенің ол төңірегін,
Әдетін үйреншікті тастай алмай.
«Үлкен іс, өйткені ұзақ отырысты» –
Деп, кейде топшылайды осы кешті.
– Олардың аз ба ісі, асықпасын,
Болмайды ойланғанның өкініші...
Тартылып таразыға кәміл күштер,
Шешіліп қазіргі істер, кәдімгі істер,
Кезекті жиналысын жатты өткізіп
Бақытқа бастаушылар – коммунистер.

2. НАУҚАСТАНДЫ ҚҰРЕҚЕҢ
Далада марттың майда күн шуағы,
Тіршілік күнге, нұрға құлшынады.
Құрекең көзін жұмса, әлдеқайдан
Өзінің ойына ұқсас үн шығады.
«Қалайша, Құреке, сен қалдың жатып,
Қандай күш жыққан сені қалжыратып?
Жүр едің жүзге сәлем бермеймін деп,
Кетті ме асылық боп, қарттық батып?
Үстінде сен қадаған шарбақ, талдың,
Омырып, ойсыратып қар қапталын,
Тұр бүгін тамылжыған көктем күні,
Су баспақ ертең егіс алқаптарын.
Тұр даяр трактордың тобы қырда,
Тартады көктемгі егіс жорығына
Ұстаның дүкені де жатыр гулеп,
Қалдың ба қысқы кеңсе қоруында?»
Сырттағы шүу-шүуі де бозторғайдың,
Білдіріп іргемізде жаз тұрғанын,
Еш тағат қарт жанына таптырмайды,
Жуық деп қайтуы да қаз, тырнаның.
Құрекең науқас қазір. Лажы жоқ,
Жатқан жоқ бұл күйіне разы боп.
Төсекке тұтқын болып қалғанына
Қайнайды зығырданы – ызасы кеп.
Шыдамай кереуеттен кетсе тұрып,
Қызуы кенет қайта көтеріліп,
Бұлдырап қарауытып екі көзі,
Қысады көкірегін жөтел буып.
Содан соң амалы не жатпағанда,
Қыбырлап қозғалғаны жақпағанда?
Мамығы тас боп тиіп төсегінің,
Кей күні ұқсайды таң атпағанға.
«Шынымен бұл кәрілік нышаны ма,
Ауру ма алған тартып құшағына?
Жоқ, – дейді Құрекең қарт, – ерте әлі!»
Қайтесің,
қанаты жоқ ұшарына.
Еңбекпен тұтас тұлға болып кеткен
Адамға не бар ауыр бұл төсектен!
Ойласа,
өзі жоқта осы кезде,
Колхозы айрылғандай бір тетіктен,
Өкінсе төсек тартқан әр күніне,
Жақпайды дәрігердің тәртібі де.
Жатады алакөзбен қарап қойып,
Дәрінің ұнтақ, сұйық әр түріне.
«Біреуі шаншуға ем күшті дейді,
Өзгесі бас жазады,
іш түзейді».
Кемпірі қарсылығын елең етпей,
Күніне қасық-қасық ішкізеді.
Содан соң үш көрпені бір жабады,
Пешті де күн жағады,
түн жағады,
Газетке қарауға да тыйым салды,
Әзірге осы болды тым жаманы.
Құрекең соның бәрін шолып өтіп,
Болатқа айтып жатыр шағым етіп:
– Сонда да, шыбын жаным қиналса да,
Көрген жоқ, – дейді, өмірден шаным кетіп,
– Сол дұрыс, сенім деген бас дәрігер,
Болатын Құрекең бе босқа әбігер!
Қалай деп ауданда да сұрады арнап,
Алдыртпақ емханаға,
барсаң егер.
Сол уақыт әлденеге қырың қарап,
Жөтеліп,
бетін басып бірер қабат:
– Рахметі Өркені өссін! – деді ақырын,
Білмейтін жәй сөйлеуді Құрекең қарт.
Науқастың тегеуіріні батқан жүзін,
Нұрланып, көрінді бір мақтан сезім,
«Қарашы,
қарт болсам да керегім бар,
Асылы, салымдымын бақтан өзім!».
– Рахмет, бәріне де ризамын!
Айығып қалғандаймын біраз бүгін
Барғанмын емханаға өткен жазда,
Босап қап, есіңде ме, бір азуым.
Тесекте жатқан Құрман шалқасынан,
Жастықпен тіретті де арқасынан,
Бұрылып,
езу тартты бұрынғыша,
Шынында айыққандай науқасынан.
– Сонымен қаратып кеп қалмаймын ба!
Ескерттім хал-жайымның қандайын да...
Дәрігер аузымды керіп қойды,
Тықты да бір темірді таңдайыма.
«Ауруын асқындырып жібергенсіз,
Жаны бар кісі болса – жүрер ме емсіз!
Құрт жеген, түбі ірің...» деп соғып жатыр,
Түрі жоқ құтқаратын бірер күнсіз.
Мен айтам: «шаруам жоқ еш іріңмен,
Босаса ол – кемпірімнің кесірінен,
Тоздырдым соған қайрап бар тісімді,
Бол, деймін, қала алмаймын осы іңірден».
Деп көрдім: «біздің бастық – жаман бастық,
Қит етсе, ойлайтыны – маған қастық.
Кешіксем кемпір де, о да оңдырмайды,
Не керек, жанжалдастық,
жамандастық.
Ақыры,
қоймады ол көнбесіме,
Тұрса да көзім жетіп өлмесіме.
Табандап емханада үш күн жаттым,
Бір өзім сыймай бүтін бөлмесіне.
Жоқ, оңай жібермейді әлі олар,
Білем мен алуан-алуан әлегі бар.
Жазуын бұл аурудан жазғанменен,
Соңынан жасартам деп бәле қылар...
Одан да меңзе мені жұмысыңа,
Ұясын тауып жатыр жыл құсы да»...
– Әзірмін өз орнымды беруге де,
Құреке,
ол жағынан құр қысылма!
Қызық қой Құрекеңнің қылықтары,
Кісі емес жан сарайы құлыптаулы.
Сырқатын сау кездегі мінез жеңіп,
Болаттың әзіліне күліп те алды.
– Берсең не, алмайды деп ойлаймысың,
Болатжан,
Құрман емес ондай кісің.
Болғанда он үй артель о басында,
Басқарған бір ай соны мен байғұсың.
Болат мәз сайқымазақ қарт сөзіне,
Жүрегі толы бүгін шат сезімге.
– Басқарма, – дейді Құрман қайта жатып –
Әкелдің не жаңалық айтшы өзін де.
– Құреке,
осал емес жаңалығым,
Дүниенің қарағаны дала бүгін.
Оянбақ ұйқысынан тың жерлері
Кең байтақ Қазақстан алыбының.
Қостанай,
сұлу Көкше, Ақмоланың
Елемей сары аязын, ақ боранын,
Жатыр ел ен далада қосын тігіп,
Таянды үлкен арман ақталар күн.
– Күш жетсе, қисапсыз ғой жер дегенің,
– Күш ғажап!
Төгіп жатыр ел керегін.
Қаншама совхоз орнап, халық келді! –
Алады сан ғасырдың бермегенін.
Қыз дала,
сұлу дала,
тұмса дала,
Туды деп қойыныңды ашар күн саған да.
Қол салмақ көрпесіне көктем – жігіт,
Еліміз ертең оны жұмсағанда.
Қосылып көктем мен күз аралары,
Сонда одан алтын толқын жаралады.
Аққан тер,
себілген дән,
шыққан қаржы
Астықтың теңізі боп оралады.
– Естігем,
байтақ дейді Арқа жері,
Байлығын қашан бірақ сарқа берді?
Халықпен соны игерген бірге болсам,
Шіркін-ай,
бір құмарым тарқар еді!
– Құреке, өзімізде өз тыңымыз,
Сәл ғана сонау қырға көз тігіңіз,
Тимеген түрен жүзі керің қанша! –
Білесіз,
науқастан тек тез тұрыңыз!
Аттаныс енді соған басталады,
Үлесін қарт та алады, жас та алады.
МТС-ке келді жаңа көп трактор,
Солардың талай сақа,
жас маманы.
Аз емес алда тұрған қиындық та,
Жетер ол бір жаз емес, биылдыққа,
Жұмыс көп,
уақыт тығыз,
әзірлік кем...
Ауданға осы жайлы жиылдық та.
– Қиындық жаңа көрген жауымыз ба,
Құт келсе сол арқылы ауылымызға...
– Күмән жоқ, Құрман ата,
келеді құт!
Ұқсамақ қызыл қырман таулы құзға.
Не өкпе бар жалпақ Жайық жазығына,
Демесең кейде аңызақ жазы ғана.
Тың жерді көтереміз сол үшін де,
Табамыз оның қорек-азығын да.
Шындығы, сұлу көркі ертегіңнің,
Суретін жайып салып ертеңгі елдің,
Бөлейді қуанышқа жүректерін,
Бірі жас,
бірі кәрі екі ердің.
– Болатжан, құлақ сенде, айта бер сен.
– Ақсақал, әңгіме көп, айта берсем!
– Сөздерің емнен артық болды маған,
Қол тисе, кешке қарай қайта келсең?..
– Қысылма,
орындаймыз, жан саламыз,
Болғандай колхозымыз баршаға аңыз.
Құреке, осы жұрттың ой-тілегі.
Ал, енді тынығыңыз,
шаршамаңыз.
...Далада марттың майда күн шуағы,
Қайда да көктемге тән үн шығады.
Сол шуақ тұр Болаттың көңілінде
Ал көңіл шалқиды да, құлшынады.
«Күн жарқын,
өмір жарқын,
дала жарқын.
Кім сүймес содан жарқын дана халқын.
Өсуде елімізде жақсы адамдар,
Бақытын таба алатын, ала алатын.
Қарасаң Құрмандардың талабына,
Ақынның әзір жыр ғой қаламына.
Жатыр ол ауырса да құштар болып
Жайына даланың да, қаланың да»
Соны ойлап Болат тағы көңілденді,
Шуақ та содан түсті көңілдегі.
Жаңа адам,
жақсы адам – оның дәйім
Үлкен бір мақтанышы өмірдегі.
Соғыста, сонау ауыр күндерде де,
Қуантып осы сезім жүрді бірге.
Отырды ол өзін оның алға бастап,
Жетелеп үйретуге,
үйренуге.
Шыққанда Болат үйден кең ауаға,
Шаңқай түс болған екен енді ғана.
Айнала әдеттегі бейбіт дүбір –
Қуатты,
қуанышты еңбек – ана.
Ол дүбір әсем әндей бойды алады.
Тартады құшағына,
ойды алады.
Болаттың ұмытылып кете барды
Сәл ғана тынығуды ойлағаны.

3. КӨКТЕМ
Көктемнің кешке таяу сұлу көркін
Сүймес пе емірене,
жаның еркін?
Алтынның ұшқынымен аптағандай,
Сарыала сәуле жауып жердің бетін.
Өсімдік неше аталы сан құбылып,
Түстері алуан түрмен жаңғырылып,
Киеді қызыл-жасыл қыз киімін,
Шыққандай кемпірқосақ,
жаңбыр тынып.
Құмдар да көрінбейтін қиыр-шегі,
Алтынның секілді боп қиыршығы,
Жарқырап жалпақ төсін жатар жайып,
Етекке таянғанда күн ұршығы.
Көсілген көк майса боп көктеп дала,
Тұрса ұқсап жердің беті көк торғынға,
Бітсе егер жас бұтаққа жасыл бұйра,
Жайғандай болмайсың ба көкті алдыңа!
Осындай тұрса тұнып сән жеріңде,
Кім оны жалығады сан көруге?
Кетеді кешкілікте көкке өрлеп,
Қосылып егіншінің әндері де.
Сол көктем «Коммунист» колхозына
Құшағын жомарт ашып, қол созуда.
Өрісте,
көк майсада жатыр жылқы,
Сондай-ақ, саңсыз сиыр, қой-қозы да.
Думанды еңбек үні тарап қырға,
Кең дала бөленгендей ғажап жырға,
Тың жердің топырағын төңкерілте,
Тіркеген тракторлар соқа,
тырма.
Жосылта боразданы
сүңгіп жерге,
Қопарды жер қыртысын түрендер де.
Жылтырап шық-ылғалы көрінеді,
Маңдайда ұқсап шып-шып тұрған терге.
Қуанып Гүлжәмила қарайды оған,
Есінде қысқы күндер қар тоқтатқан,
Есінде: талайларды таңырқатқан
Деп, «тыңды көтереміз тыныш жатқан».
Көп жыртса
көнеріп жер, тозатынын
Дәлелдеп айтқан талай өз ақылын.
Сермеген сонда қолын әлдекімдер,
Күтпей-ақ, тыңдамай-ақ сөз ақырын.
«Таныс жау жақсы, –
дейтін – атыспаққа»
Әлі де бізде кейбір бастық жоқ па?
Соқырдай көргенінен жазбайды олар,
Танса одан, түсетіндей жанған отқа.
Сондайға сөзі қыздың өн көрінген.
– Одан да жаңбыр алып бер көгіңнен.
Сыр мінез көнеміздің өзі жақсы,
Белгісіз, – деген олар, – тыңға егуден.
Сонда да Гүлжәмила шегінбеді:
– Тек соны жерде бітік егін, –
деді.
Ақыры былтыр алғаш «байқау үшін»
Бес гектар тыңға тұқым себілген-ді...
Міне енді Партия өзі айтты сөзін,
Жіберіп келешекке көргіш көзін.
Бақытты,
қуанышты Гүлжәмила
Куәсі болғанына осы кездің.
Бірақ та мәпелеуді тілейді егін.
Білеміз әлі талай тер керегін,
Ойлайды осыны қыз жүргенде де
Өлшеп әр боразданың тереңдігін.
Қиындық қыз жігерін тауыспайды,
Жүрегі «жеңіміз» деп дауыстайды.
Мол астық аламыз деп тұжырады,
Егінші ерлердің де табыстары.
Сол үшін қиып ұйқы,
түндерін де,
Серт етті ел егісті тез үлгеруге.
Тұрғандай ду көтеріп осы ұранды,
Тынымсыз трактордың үндері де.
Оқшауда,
шөпке мес боп ұйығандай,
Ай мүйіз өгіздер жүр – күйі қандай!
Түспеген қамыт табы мойынына,
Жұп-жұмыр сауырыңа үй қонғандай.
Маңқиып қарайды олар тракторға,
Дегендей: «Мың сан алғыс! Бірақ, тұрма!»
Өздері демалысқа шыққандай-ақ
Еркін жүр,
құйрықтарын бұлғап қырда.
«Тартады өгіз байғұс өрден-өрге,
Тілі жоқ жануардың өлдім дерге», –
Деп қазақ,
аянышты оның халін
Бір кезде қоспап па еді өлеңге де?
Ойлансаң, ойға сыймай кетеді өмір,
Көңілдің шерткен дейін күйін не бір.
Көргендей Гүлжәмила жыртқан жерден
Ертеңгі мол егінді алтын өңір.
Демеймін жерге ынтық ол құндақтан,
Мүмкін, бұл – агроном болғандықтан,
Қазақтың өмірінің бір елесі
Оны да ерте, бірақ толғандыртқан.
Мысалы, делікші, бұл март айында..
Бес түйір бидай жатыр қарт алдында.
Шұқылап терезенің ішкі ернеуін,
Қолымен «бороздасын» тартады да,
Егеді, бидай бетін жасырады,
Бұл мені демесе де асырайды,
Күтеді күнде оны, мәпелейді,
Беріліп соған жаны, асыл ойы.
Ылғалы терезенің, жайма-шуақ,
Бергендей бір ғаламат бойға қуат.
Он күнде бидай қарыс көтерілер,
Көк жасыл, секілді боп майда құрақ.
Әлгі қарт жасыра алмай таңырқауын.
Толқытып түрлі қиял жан арқауын,
Тұрады ойлы көзбен қарап ұзақ,
Көргендей ұшан-теңіз дән алқабын.
Шет жағын көрді мұның Гүлжәмила,
Еккені өзінің де тұр жадында,
Ол кезде жап-жас бала, кішкене қыз,
Қарады ойыншық деп бұл жағына.
Арада жылдар өтіп бойжеткенге,
Толысып топшылауға ой жеткенде,
Оралып осы елеске Гүлжәмила,
Жіберді сан алуан ойды өткенге.
Сол қарттың төрт-бес түйір еккен дәні,
Емес пе халқымыздың ескі арманы?
Дәл кеше бүгінгі өмір болды қиял,
Әр адам күліп енді еске алады.
Жақындап не бір арман жолымызда,
Талайы орындалды, қолымызда.
Ол түгіл отырмыз біз ие болып,
Болмаған бақытқа да ойымызда.
Бір кезде алабота өскен жерде,
Құм,шаңдақ – қызыл тұман көшкен
жерде,
Жыл сайын жинайды егін колхозшылар,
Дес бермей аңызаққа, ескен желге
Жалынын жас жүректің алаулатып
Тәтті ойға Гүлжәмила талай батып,
Қуантып туған жердің болашағы,
Далаға зор үмітін қарайды артып...


1951 – 1954.





Пікір жазу