04.07.2021
  349


Автор: Сабырбек Нұрманұлы

ДОМАЛАҚ АНА

Ана-тұлғам,
Пейіліңмен дара туған,
Бар болмысың мейірімнен жаратылған.
Ғасырларды уақыт арқалатқан,
Өзің жайлы аңыздан дала тұнған.

Таймасын деп қонған бақ от басынан,
Тұрды күмбез Ақтаудың ақ тасынан.
Қостұраға ұқсаған қос мұнара,
Қаратаудың аумайды қақпасынан.

Кең далаға сән беріп көрік болған,
Елжіретіп жүректі ерікті алған.
Тәжмахалдың сіңлісі сен екенсің
Қаратауға ұзатылып келіп қалған.

Табындырып даланың көп түменін,
Жетектеген қазақтың текті легін.
Сағынышын жеткізген Балабөген
Бәйдібектің рухы деп білемін.

Алла-тағала нұрымен тұлғалаған,
Келбетің де аумайды бұл даладан,
Құлыптасың-бесігім, құт-берекем,
Тілеуберді бір кезде іңгәлаған.

Қаны тасып бойымда Жарықшақтың,
Дода бұзып топтарда жарып шаптым,
Ұлы көштің жетелеп бұйдасынан,
Мәңгілікті ту етіп алысқа ақтым.

Қайта есіне алған соң халық бүгін,
Есіміңе тәу етіп зарықты ұлың.
Ақ желекке оранып Бәйдібекті
Әлі күтіп тұрмысың, жарықтығым!!!





Пікір жазу