04.07.2021
529
Арман
Арман дейтін - арғымақ,
Шындық дейтін - шабан ат,
Үстіне жатсын жар құлап,
Шабатын әлін шамалап.
Абайла, бауырым, абайла,
Ала керме, у ұрттап,
"Абайла!" деген Абай да,
Ұнатпасаң да, ұғып бақ.
Арман дейтін - арғымақ,
Шындық дейтін - шабан ат,
Үстіне жатсын жар құлап,
Шабатын әлін шамалап.
Сезім дейтін - сел нөсер,
Төзім дейтін - қара жер.
Әулекі келер жәрмес ер,
Әуреге түспей қала гөр.
Жер болмаса, нөсерден
Миуа түгіл мүк өнбес.
Қиқу қуған бөсерден
Қияметтен басқа түк өнбес.
Күшіне сенген дүлейдің
Моласы жатыр сайғақсыз.
Ісіне сенген сүлейдің
Бір ізі жоқ айғақсыз.
Көнбесең көнбе күштіге,
Аяй біл, бірақ, басты да,
Сия алсаң жердің үстіне,
Сиярсың, сірә, астына.