Күй
Абыл күйші аруағына ескерткіш
I
Онсыз да қапырық шатырдың іші түсте тіпті ысып кетті. Күн жеп тастаған кенептің күңірек иісі қолқаны атып барады. Қалайы кружканың қара шайын қанша ішкеніңмен шөлің бәрібір қанбайды, сол бойда тер боп саулап қайта шығып жатыр. Таң атқалы далада күннің өтінде жүрген жігіттер ыстық таратқылары келіп, ысылдап-пысылдап біраз отырып еді, айналадан аптап ұрып, береке қашырған соң, дастарқанды жинай бастады. Тек Құрбан ақсақал ғана міз бақпады. Кең шатырдың қақ ортасындағы қарағай столдың бір басында, сыртына алабажақ гүлдің суреті салынған құманын үстіндегі ала шыбық шапанның етегімен тас қып қымтап алып, көк шайдан бас көтерер емес. Қалған жұртты ағыл-тегіл тер алып бара жатса, қарияның тек қабағы ғана жіпсіген. Шүңірек көзінің алдын шүпір-шүпір сірке тамшылар тұмшалапты. Күндегі әдетіне басса, осыдан шатырда ешкім қалмағанша шай ішеді. Сосын анау су құйған күбіге арқасын тіреп, алыс көкжиектен көз айырмай жатады да қояды. Ондайда ләм-мим демейді. Білем-білем тамыры шыққан ұзын мойыны бір жығылмайды. Құдды көз ұшынан бірдеңе көріп, сәл қалт етсе көз жазып қалатындай, қашан көлеңке ұзарып, ыстық іш тартқанша сол қалпынан тапжылмайды. Қанша талып-талықсып келсін, күндіз көз іліндіріп көрген кісі емес. Соңыра көлеңке ұзарып, ыстық қайтқан кезде қолына қылдырық мойын жылтыр жез құманын ұстап, машинаның ізі түспеген, шөбіне шаң қонбаған, май тимеген таза жер іздеуге шығады. Құрбан ақсақал ондай таза жер тауып, сосын беліне орап жүрген ақ шүберек жайнамазын жарқыратып жайып салып, құбылаға бетін беріп, бір тұрып, бір отырып намаз оқып болғанша, қостағы жігіттер де ұйқыларынан оянып, машиналарының күйін күйттеп болып, жолға шығуға әзір тұрады. Бірақ Сырым мана қосқа қайтып келе жатып, шайдан соң кешегі тартқан күйін қайта тартып беруін сұрап еді. Бүгін қария шайын күндегідей көпке созып кеткен жоқ. Әне, құманының түбіндегі жасыл шаманы сыртқа апарып төгіп келді. Сосын шатырдың тіреу ағашына іліп қойған дутарын алды. Мынандай аптапта қаңсып қалмасын деп қара шүберек қабының сыртынан да әлденеше қабаттап орап тастапты.
Құрбан ақсақал дутарына айналған соң, Сырым босағадағы күнде шал жантаятын су құйған күбіге арқасын тіреп, аяғын созып, түрулі іргеден көрінетін алыс көкжиекке көз тастады. Жаңа ғана далиып жатқан ұлан асыр қара жон талма түсте бырысқан терідей бір уыс боп қалыпты. Сағым шалған қара дөңнен қарауытқан көрінді. Өздері әлденешеу. Көкжиекте аспан мен жердің арасын тіреп-тіреп тұрып алды. Бірінен соң бірі шығып жатыр, шығып жатыр. Сағым көмген көкжиек бірде дөң үстіне тұнып қалған түтін сияқты, енді бірде қатқыл дөңнің астынан қалқып шыға келген көл тәрізді. Маңайда сағымнан өзге ештеңе жоқ. Бұлардың қосы жайғасқан мынау тоқымдай қара жер жан-жақтан жапа-тармағай қаптап келе жатқан жойқын судың ортасындағы құрдым аралдай. Шыр айнала қырық құбылып, қырық толқып сағым билейді. Анау қарайғандар сол көк теңізді тізесінен кешіп серейіп-серейіп тұрып алыпты. Қозғалғаны білінбейді.
Бүгін бұлар түскі асқа күндегіден кеш қайтып еді. Содан күн өтті ме, әлде таң сарғайғанша Құрбан ақсақалдың әңгімесін тыңдаймын деп ұйқысы қанбаған ба — әйтеуір, тұла бойы дел-сал, басы мең-зең. Төңірегінің бәрі бұлдырап, буалдырланып кеткен. Бесенеден белгілі нәрселерді біріне-бірін ұқсатып, қауыштырып отырғаны да сондықтан. Баяғы бала кезінде атасына мінгесіп келе жатып, төңірегіне көзі талғанша қараушы еді. Сонда күнде көріп жүрген үйреншікті төбешіктер мен қыраттар біраз жүрген соң, таңғажайып сиқыр заттарға айналатын; күндегі кескін-кейіптерінен айырылып, небір кереметке, небір құбыжыққа ауысады. Бала қиялы маңайындағының бәрін осылай қырық құбылтып келе жатып, қашан атасы: «Ал түс енді!» дегенде барып есін бір жиятын. Әлгіндей мінезіне бола әуейі атанды. Сол аты әлі келеді. Тіпті осы отрядтағылардың өзі геодезистің артынып-тартынып жүретін өзге ылдырмақ-шылдырмағы аздай қайдағы бір магнитофон, киноаппараттарды да жүк қылып арқалап алатын, бұны сыртынан «әуейі» деп күліседі. Оның үстіне Құрбан ақсақал келгелі ылғи шала ұйқы боп көзі қызарғанын көрген соң, тіпті құдайлары беріп қалды. Жапан даладағы кез келген оба мен жыраның атын жаттап жүрген әуресіне місе тұтпағандай, әлдеқашан сүйегі қурап қалғандардың не істеп, не қойғанында не жыны бар екен...
Осындай әуейілігінен де болар, мектеп бітірген соң, жыл он екі ай үй көрмей, көші-қондымен жүретін геодезистікті қалады. Міне, Қақпақты десе дегендей тақтайдай тегіс жалпақ дөңде әр бұтаның түбіне бір тауап етіп, әрлі-берлі кезгеніне айдан асып барады. Мынау ұлан асыр қу медиен далаға елу жылдай болыпты, ел қонбапты. Ай бойы қанша жерді араласа да, әдетте теңге жараның орынындай оқшау бозарып жататын көне жұрт, не күзеуте, не көктемде ши қорамен отыратын қойшы ауылдардан қалған ескі көң — ештеңе көзіне түскен емес. Малдың сүрлеуі, тезегі — түгі жоқ, жым-жылас. Тек теп-тегіс жазық, көптен бері тұяқ баспай, тіс тимей қақалып өскен майқара жусан.
Осынау бедерсіз кеңістіктен бағыт айыру, бағдар тану тіпті қиын. Анада алғаш келіп түскенде бір апта бойы салпақтап босқа жүрді. Далиып жатқан қара жонда назарыңа ілігер бір белгі кезіксейші. Бұған серік қу тілді жігіттер: «Бір парақ қағаз алып, күнбатыс шетіне Каспийді белгілеп, қалған жеріне қол тигізбей аппақ күйінде апарып тапсырсаң, Қақпақтының картасы дегенге кім сенбейді. Босқа қаңғығанмен қашып жүрген қара құйрықты белгілемесең, картаның бетіне не түсіресің?» — деп күледі. Шынында да апта бойы аралағанда карта бетіне бір-екі-ақ ауыз сөз жазылды. Атам заманнан бері із түспеген дөңнің ойын-қырын білетін кісі қалып жарымапты. Сырым да базаға адам қатысқан сайын жол көрсетуші тауып беріңдер деп қақсады да жатты. Жан-жаққа хабар шашып, иегінде сақалы бар кісі көрінсе жік-жапар боп жалынып жүргенде, түрікмендердің Қособа деген аулынан осы Құрбан ақсақал табылыпты.
Құрбан ақсақал жасы жетпістен асса да, сыр алдыра қоймаған сіңір қара шал. Жұмыртқадай шап-шағын басын қақшаңдатып шапшаң сөйлеп, шапшаң қимылдайды. Кеше бұлар тек жылмиған жазық қой деп жүрген қара жондағы қоңыр жусанның арасынан еміс-еміс көзге түсетін әр бұдырға ат тауып береді. Қапелімде соның бәрі сыртынан көзге түсер-түспес елеусіз көрінгенмен, аттары дардай. Әне бір қалың бұйығының қақ ортасында қалып, айналасына құмырсқа илеу салған көк тастың аты —«Қанжар жаныған», ал ана бір жалғыз қылауытқан тоқымдай кебірдің аты — анау-мынау емес «Қол қырылған». Құдды баяғы бабаларымыз көз сүрінтпес тегіс дөңнің бетінен өздігінен көзге шалына қоймас елеусіз белгі-жұрнақтардың бәрін де, ең болмаса, есіміне назар аударып тұрсын деп әдейі дабырайтып атаған тәрізді. Не де болса, Құрбан ақсақал келгелі картаның беті шүпірлеген жазуға толып кетті.
Бір кезде мынау иесіз далада да тіршілік болғанын білетін тек сол Құрбан ақсақал мен дөңнің екі-үш жерінен ұшырасып, қоңыр далада, қапелімде, көзіңе іліге қоймайтын көне қауым молалар ғана. Ен даладағы көне көз екі кәрінің — мынау ызғыған жонда ыққан жылқыны талай қайтарған кәрі жылқышы Құрбан мен осы өңірде тірлік еткен пенденің бәрін өз көкірегіне тығып, бұл маңайда не болып, не қойғанын өзі ұмыттырып, өзі есіңе түсіретін көне моланың — бір-біріне ұқтырары көп болса керек. Құрбан қария анадайдан мола көрінсе болды, машинаны тоқтатып, жерге түседі. Басындағы қара дудар сеңсеңін қолыменен бір басып қойып, шофер мен бұған ыммен бұйырады. Шофер кабинасын ашып, орындығының астынан бензин иісі аңқыған май-май кепкасын суырады. Сырым басына етегі делдиген сабан қалпағын киеді. Сосын үшеуі шығып зиратқа беттейді. Құрбан қауымның құбыла жақ алдына шығып дұға оқиды. Шофер мен Сырым зираттағы құж-құж қара тастан әр қилы қып орнатқан көне ескерткіштерге үңіледі. Күн жеп, су шайып, қына мен мүк басып, бедері қашқан мелшиген-мелшиген меңіреу тастар. Кейбіреуі жер қойнынан зорға қылтияды, кейбіреуі бүк түсіп жатып алыпты. Құрбан қария дұға оқып болған соң орнынан тұрып, тізесіне жұғып қалған ақ ұлпа топырақты қағып, қауымның құбыла бетіндегі қара тастан қалай болса солай қалай салған тығырық қара молаға келеді. Қасынан бір уыс топырақ алып, қара молаға ішіндегі топырағы ойылып, қымыздық шыққан ескі көрдің үстіне тастайды. Сосын машинаға жеткенше артына қарамайды, тырс үндемейді. Мола бір дөңнің астында қалған соң барып, әңгіме қозғайды. Сонда әлгінде ғана бүк түсіп, бүлк етпей жатқан қына басқан, құс саңғыған, күн жеген меңіреу тастардың қай-қайсысының да көл көсір хикаясы бар боп шығады.
Кеше түс қайта теңізге тұмсық тірей таусылатын қара жалдың шетінде бір көнетоз қауымды көрсетті. Жалдың етегінен басталатын пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке түбек көк айран дарияның төріне дейін сүңгіп кіріп жатыр. Сырым мынау елден ерек таңғажайып түбектің сырын сұрап еді, Құрбан ақсақал басын сонау, ту әріден алатын ұзын-сонар хикая қозғады. Қосқа келген соң қолына дутар алып, осы оқиғаға байланысты шыққан бір күйді тартты. Жетпістен асса да, қолына діріл жүгірмеген. Саусағынан төгілген саз әлі тәтті. Сырым да жастайынан күй тыңдап өскен қазақ-ты. Баяғы бала кезінде қу тақтайдың бетінен өзінен-өзі өрбіп жатқан сиқыр үнге еліткенмен дәл қазіргісіндей сұғына тыңдамаушы еді. Қазір күй естісе, өне бойының бәрі шымырлап, көкірегіне әлдеқандай бір өзгеше сезім қордаланып, жанарына мұң ұйып, ынты-шынты кетеді. Әсіресе Құрбан ақсақалдың кешегі тартқан күйінен әлі айыға алмай жүр. Мана түске дейін дөңді қыдырғанда да құлағында сол саз оянып, баяғы бала күніндегідей әр саққа құбылып, әлденеге елегізумен болды. Теодалитке қанша телміріп қараса да, көз ұзындағы қара ноқаттың бәрі біресе әлдеқайда асығыс аттанып бар жатқан қалың қолға, енді бірде әлдебір жақтан соңына қиқу түсіп, жапа-тармағай жапырыла қашып келе жатқан қалың жылқыға ұқсап қалады. Құрбан ақсақалды қайта-қайта қасына шақырып, көкжиекте кілкіп тұрған қалың мұнардың ішіндегі буалдыр елестердің не екенін неше мәрте сұрағанмен, құлағына кірмей қойды. Бағана түскі тамаққа қайтып келе жатып Құрбан ақсақалға:
— Қария, кешегі күйіңізді қайта тартып беріңізші,— деген.
— Мақұл,— деген қария.
Енді, міне, Құрбан ақсақал дутарының күйін келтіріп болып, маңдайына шып-шып шыққан терді сүртті. Шай ішіп болған жігіттер шатырларына тарап, бір қатары ұйқыға кетті, бір қатары қартаға кірісті. Сырым ұйып қалған аяғын созып, түрулі іргеден көрінетін алыс көкжиекке көз тастады.
Сабы жіп-жіңішке түймешік бас дутардан үн шықты. Сырым сағым шалған сары далаға қараған күйі елітіп тыңдай қалды. Онсыз да бір бедер, бір өң жазық дала енді бұрынғысынан гөрі де бұлдырай түсті. Қостың қасындағы машина мен бензин құйдырған темір күбілер де, сол сағым боп сапырылысқан буалдырға кіріп жоқ болды. Күй тартып отырған Құрбан ақсақалдың өзі көз алдынан жоғалып, құлағында тек сай-сүйегін сырқыратқан ызың ғана қалды.
Бәрін де көріп, бәрінен де торығып, бәрінен де сырт айналып, іргеге қарап бүк түсіп жатып алған кәрі дананың үй ішінде өзінен басқа адам қалмаған бір сәтте көкірегін кеулеп, жүрегін сыздатқан мұң-наланы бір лықсытып оңаша күрсінгеніндей, өткен мен кеткенді, дәл қазір қасында кәрі жүрегін тілімдеп жатқан пәтуасыз көп күйбеңді, не күлдіретіні белгісіз, не бүлдіретіні белгісіз беймәлім ертеңді ойлап күрсінгеніндей, ыңылы баяу, лебі ыстық күй сазы шымыр-шымыр еніп, бірте-бірте ширығып барады. Күй көкірегі өрепкіген сайын түрі жоқ, тілі жоқ мынау мақау дала бетінде әдемі әшекейі болмаған соң ешкім көзіне ілмей, оқып та көрмей, бір шетке ысыра салған көнетоз сұңғыла кітап сияқтана түсті. Сиқыр күй мелшиіп жатқан меңіреу даладан таң атқалы бұның қиялын әр саққа сабылтып жүрген көмескі елестерді қайта тірілтті.
Күңіренген дутарды тыңдаған сайын құдды жер түбіндегі бірдеңені көріп отырғандай, Сырымның тұнжыр қара көздері кішірейе берді. Көз ұшында, көкжиекте сорайып-сорайып бейтаныс қарайғандар тұр. Өздері көк сүңгісін көтеріп, жер түбінен айбат шегіп келе жатқан қалың қол сияқты...
II
Ала жаздай нәр тамбаған ала дөңде ауыл отыр. Алды-артында иек артпа қырқа-қыраң жоқ, тұп-тұлдыр жазық. Тек теріскей көкжиектен инедей шаншылып сағым зорайытқан қарауыл төбе бұлаңытады. Ортадағы үйдің түрулі іргесінен үңіле қараған шүңірек көз кермедегі арғымақтың серек аяқтарының арасынан сонадайда шаншылып тұрған қара сырық бұлдыр сағымға манадан бері тесілулі. Тақтайдай тақыр дөңге қолмен үйгендей оқшау біткен найза төбе биыл тіпті қызыл топырағы шығып жалаңаштанып қалыпты, жер түбінен буалдырланып көрінеді. Керме маңының сілті иісі қыр шөбінің күйік иісімен араласып, қолқаңды атып барады. Төңірек жым-жырт. Қол-аяғы серейген қара мойнақ қатпа боталар таң атқалы зарлай-зарлай жалығып, енді үй-үйдің көлеңкесіне тығылыпты. Үй ішінде де сес жоқ. Төрден есікке дейін тізіле жайғасқан дудыраған сеңсең бөріктер бір-біріне ауық-ауық үнсіз көз тастап, түгел мүлгіп кеткен. Торы ала құманмен келген шай да ішілместен суыды.
Теріскей көкжиектегі сидиған сырық бұлыңғыр тапжылар емес. Қауқиған-қауқиған қара сеңсең бөріктер де қашанғы едірейіп тұрсын, көкірекке сұлапты. Тек қақ төрдегі айыр сақал дойыр қара ғана апай төсін әнтек шалқайтып, шаншылған қалпы, кірпі қабағынан ашу шашырап, түрулі есіктен көрінген бір үзік көкжиекке түйіліп алған. Оның сол қолындағы ақ сеңсең киген, сақал-мұрты қудай қария алдындағы ақ лақтың терісіне шашылған жиденің тастарына қарап, басын шайқап қояды. Айыр сақал оны көзінің қиығына бір ілді де, қайтадан маңдайшаның астына қадалды.
Қарауыл төбе жақты іргеден бағып отырған қызыл шыбығы, қара шыбығы аралас торы ала шапанды қайыс қараның иық тұсы бүлк ете түсті. Мүлгіген бастар селк етіп айыр сақалға қарады. Кенет жұрттың өзіне тесіле қалғанын көріп, айыр сақал артына бұрылды. Еңкейіп іргеге көз салды. Қарауыл төбенің шығыс жағынан төбелерімен көк тіреген екі-үш қарайған шығыпты. Жүрістері өнбей көкжиекте бұлдырап тұрды да қойды. Қарауыл төбенің басындағы қара буалдыр орнынан тырп еткен жоқ. Айыр сақал тіктеліп отырды. Елегізіп еңсе көтеріп алған сеңсең бөріктер қайтадан сұлық түсті.
Жаңағы қарайғандар тезек теріп келе жатқан мәңгүрт қазақтар болып шықты. Олар өткен жазда қолға түскен тұтқындар еді. Бұл Дүйімқараның туған нағашысының аулын шауып, он бестен он алтыға енді шығып отырған алты қыз бен он алты он жеті жасар алты бала жігітті таңдап жүріп атқа өңгеріп әкеткен-ді. Алты қыз адайдың деген арулары екен. Бетінен қаны тамған, тостаған көз қырдың қызын көргенде Мәмбетпана әулеті түгел естерінен танды. Бай ауылдың шетінен әупірім көп жігіті тұтқыннан келген алты сұлуды өзара бөлісе алмай, әлі дау-шармен жүрген көрінеді. Алты бала жігітті бұл бай ауылға түсірмей өз аулына алып келді. Аз ғана ағайынын жиып ап әмір қылды. Бұл атаның өзінен үлкен ақсақалы — балгер. Аннадүрдіні Мәмбетпанаға жұмсады. Кешегі жорығы мен алты күңнің ақысына ана жылы Хорезм шапқынынан қолға түскен ақ інгеннен туған ақ тайлақтардың біреуін берсін, Көкбөрінің басына сойып құдайы берем деді. Қас дұшпаннан қан құстырардай қып өш алып қайтқан соң, інісінің басына ақ түйе сойып айдын асырғысы келді. Аннадүрді Мәмбетпананың аулына көп айналған жоқ, сол күні кештетіп екі өркеші баладай ақ тайлақты жетелеп қайтты. Ақ тайлақ ауылдың қасындағы шөбі әлі тұяқкешті бола қоймаған астау ойға жайылып шықты. Тұсаулы тайлақты таң атқанша атқа мініп үш жігіт күзетті.
Ертеңіне осы күнді бір айдан бері асыға күтіп отырған ауыл ақ тайлақты жетелеп, Көкбөрінің басына барып, құдайы беріп қайтуға аттанды. Алты тұтқынды арқасы қырдай екі көрт түйеге қомсыз мінгізіп алып жүрді. Ілгерірек аттанған қос аттының соңында екі өркеші дір-дір етіп, ақ жібек желке шудасы желкілдеп, ақ тайлақ кетіп барады. Қос жорғаның жүрісіне сыр білдіргісі келмегендей май бүлкілден бір таяр емес.
Аттылы-түйелі қара құрым тізбектің қыр соңында алты тұтқын келеді. Мынау жер қайысқан қалың дүрмектің өздерін қандай күнге тап қылатынын біле алмай, айналаға алақ-жұлақ қарай береді. Ағаш ашамайға кілем жапқан сала мойын қара нарлар ырғала басады. Сұр мойнақ арғымақтар да сес шығармай суси жүйткиді. Сеңсең бөріктері қалқиған сұсты жүргіншілер олар түгілі бір-бірімен де тіл қатыспайды. Қырдың шөбі енді-енді пісіп, адыр-адыр марқа жонданып бұйраланып қалыпты. Аспан да ап-ашық. Аңтарыла қараған алты балаға о да: «Шырақтарым, мен ештеңе білмеймін»,— деп, жалтарғандай сыр ашпайды, жазғы күннің әлі қайратына міне қоймаған жылы шұғыласына малынып жарқырап тұр.
Алты тұтқын қатқыл жонның дүк-дүк дыбысына құлақ түріп, тұяқ сайын қылт-қылт ұшқан аласа ақ шаңға көз тігеді. Көз ұшында садақаға шалынатын ақ тайлақтың әсем екі өркеші ақырғы рет көзді арбап бұлт-бұлт етеді. Ұлы дүрмек бір шай ішім жер жүріп, қара жусанды қатқылға келіп тоқырасты. Қол-аяғы шандулы тұтқын жігіттер жайпақ даланың қалың қара жусанының арасынан қапелімде көзге түсе қоймайтындай, осы бір жермен-жексен оқшау сұр төмпекке жеткенше көресілерін әбден көрді. Жауыр көрттердің пышақтың жүзіндей қыр арқасы қоңдарын ойып тастапты; қомсыз түйенің тері сіңіп удай ашытып барады. Елдерінен шыққалы еттерінен екі елі жырақ кетпеген қыл арқан кесіп қанталап қалған білектері түйенің изең жүрісінен қайтадан қажалып, бебеулете түсті. Оларды Көкбөрінің моласына жеткен соң да көрттен түсірген жоқ.
Оқшау молаға келісімен аттың бәрі қаңтарылды. Жұрт кішкене төмпекті көш жерден шыр айнала қоршап құран оқысты. Қыннан босаған қатулы қолдар алақан жайып, беттерін сипады; от шашқан көздер бір сәт момақансып мүлгіп қалды. Жаңа ғана айдаланы тітіренткен айбарлы топ тып-тыныш, моп-момын. Үзеңгінің де сыңғыр-сыңғыр үні тыйылған күңіреніп шыққан зарлы мақам құлаққа талықсып жетеді. Құран оқылып болды. Қалың дүрмек дүркіреп орындарынан тұрды, ақ топырақ жұғып қалған тізелерін қақты, жаңағы тылсым тыныштық кішкене селдір тозаң боп ауаға көтерілді. Енді әр жер, әр жерден қауқылдасқан дауыстар шыға бастады. Екі-үш жігіт моланың құбыла бетіне ақ тайлақты алып келді. Ақ сәлделі молла тағы да алға шығып құраннан қысқалау бір сүре оқып берді. Жұрт тағы да жапа-тармағай жер тізерлеп, қолдарын жайып, құдайы мал қабыл болсын десті. Білектерін түрінген төрт-бес жігіт ақ тайлақты әп-сәтте жайратып тастады. Екі-үш жерден жер ошақ қазылып, қазан асылды. Қара нарлардың қапталында келген кішкене емен кеспектердің суы қотарылды. Бойынан ылғал кете қоймаған қыр шөбінің қышқылтым иісті ашық көк түтіні ұшты.
Алты тұтқын бір сәт уайымды ұмытып, түрікмендердің асы қандай болады екен деп, айналасына қызыға қарасты. Қазақтардай ашылып-шашылып жатқан бұлар жоқ. Қазақтың асындағыдай қарқ-қарқ күлкі де, өжеңдескен дау-жанжал да, шырқырап көкке сермеген ән де, тартылған күй де жоқ. Беліне шарқат буып, қыз-келіншек жиылған жерлерді төңіректеп, жер бетіне сыймай желпініп жүрген жігіт-желең де көрінбейді. Қатар-қатар үй де тігілмеді, шолпылары сылдыраған қыз-келіншек те әкелінбеді. Шапса шашасына шаң жұқтырмас арабы қан ағызба арғымақтар да ертеден қара кешке дейін қаңтарулы тұр. Түрікмендердің бәрі түнерген қалпы; үйге тастаса біреу ұрлап әкететіндей, бәрі де қылышы мен қанжарын салақтатып асынып келіпті.
Ақ тайлақтың еті табаққа түсіп желініп, тағы да құран оқылған соң, әр тұтқынды екі қолынан екі жігіт жетелеп ортаға алып шықты. Қастарына қолдарында жалаңаш қанжарлары жарқ-жұрқ етіп, бір-бір мосқал түрікмен келді. Білектерін түрініп алыпты. Тұтқын балалар жаутаңдап жүздеріне қарап еді, қанын ішіне тартып қара сұрланып алған қатулы кісілер еш шырай бермеді. Төбелеріне төніп келе жатқан қанжарды көргенде алты бала жігіт сілтіден шыққан сүйектей қуарып, көмейлеріне өксік кептеліп, көздері мөлтеңдеп, буын-буын, жұлын-жүйкелерінің бәрі жидіп, суға түсіп кеткен шөже балапандай дір-дір етті. Қатулы түрікмендер қанжардың қынымен желкеден бір салып еді, дірілдері пышақ кескендей тыйылып, мойындары ұйып, қалшиып қатты да қалды. Аршынды түрікмендер құлақтан тұқырта тартып, жерге шөкелетіп отырғызды да, екі иықтарын тақымдарына қысып, желкелерінен төніп тұрып алды. Мойындары сорайған жез құманмен су әкелінді, әуелі бастарына су құйылды; қанжары жалақтаған мосқал түрікмендер шаш жібітіп жатқандай, алты тұтқынның бас құйқасын, самайын ысқылап уқалай бастады. Аң-таң тұтқындар алақтап айналаға қарайды. Төбелерінде күлімдеген жазғы күннің көзін көлегейлеп қанжар дірілдейді; айналаға қараса әлгінде ғана далиып жатқан көкжиекті қусыра тарылтып, қалың дүрмек шыр айнала қоршап алыпты. Таң атқалы жақ ашпай үнсіз тұрған көп түрікмен қауқылдасып, тыныш даланы бастарына көтеріп барады; бәрінің де көзі түкке түсіне алмай абдырап отырған алты тұтқын балада.
Зілдей жұдырық желкеден нұқып қалды, алақтап отырған алты тұтқын жым болды. Айнала қоршап тұрған жұрт та бір сәт саябырсыды. Мосқал түрікмендер онсыз да зәреқұты қалмай отырған алты баланың жүрегін зу-зу еткізіп, қанжарларын қоныштарына жаныды. Сосын бір қолдарымен тұтқынның маңдайынан ұстап, қылпылдаған ақ алмасты шашқа тигізді. Сыр-сыр етіп шаш сыпырыла бастағанда шиыршық атып жиырылып алған құйқа тері жазылып жүре берді. Бірақ жұрт тұтқындардан әлі көз айырған жоқ. Көзді ашып-жұмғанша алты тұтқынның шашы алынды. Шаш алғыштар қанжарларын сүртіп, қындарына салды. Алты бала әлі сол шөкелеген қалпы: жұрттың көзі енді бұлардың жалтыр басында. Жаңа ғана шашы алынған көк құйқа бастар айнадай жарқырайды; жазғы күннің жылы шуағы шекелерін қыздырып, маужыратып барады. Айнала қоршап алған қалың түрікмен енді бұрынғыдан да гөрі ентелей түсіпті. Төрт-бесеуі ақ тайлақтың терісінің маңында күйбеңдеп жүр. Жаңағы шаш алып берген мосқал түрікмендер аулақ кетісті. Әрқайсысының қасына тағы да екі-екіден басқа бір мосқал кісілер келіп тұрды. Бұлар да білектерін сыбанып алыпты. Тұтқындардың көкіректерінде тағы да күдік оянғанмен, бұл жолы қорқыныштан гөрі енді не болар екен деген әуестік жеңіңкіреп, манағыдай емес, тыныш отыр. Қалың көптің ортасында қайтадан гуіл ұлғайды. Жұрттың қоршауындағы алты тұтқынның қақ алдында жатқан Көкбөрінің кішкене төмпегі де бір сұмдықтың боларын білгендей, шашақтанып бой түзеп өскен түздің сойдақ сояу қара жусанының тасасына бұға түсіпті.
Алты тұтқынның көздері ақ тайлақтың терісіне үймелескен көп түрікменде; күнге шағылысқан ақ қанжарлар сыр-сыр етеді, жаңа ғана көлдей боп жайрап жатқан ақ теріні үзім-үзім қып турап жатыр. Қанжары жалақтаған жас жігіттер кесіп алған терілерін анадайда жер тізерлеп, тұқшыңдасып әлденені малшылап отырған екі шалдың алдына тастайды.
Көлдей ақ теріден де ештеңе қалмай барады. Әлгінде ғана сол арада айналасына тостаған көздерін төңкере қарап, қаннен-қаперсіз күйсеп жатқан екі өркеші баладай жібек шуда ақ тайлақ теңкиіп төңкеріліп түскен қарыны мен қан-жынынан басқа еш белгі қалдырмай біржола ғайып болды.
Қалың дүрмектен бір адым ілгері оқшау тұрған айыр сақал, дойыр кісі алты тұтқынды көзімен атып жеп барады. Мынау қара жусанның қалтарысында жатқан аласа төмпек — оның інісі Көкбөрі. Жау іздеп жалақтап өткен ер еді. Небір тұтқиылда көк арғымақпен жалғыз тиісіп, жылқыны айырып кете беретін төтен ерлігіне әбден сыр мінез болып алған қазақтар оған Көкбөрі деп ат таққан. Дүйім түрікмен де оның азан шақырып қойған Дүрді атын ұмытып, Көкбөрі атап кетісті. Десе дегендей жүрек жұтқан көк жұлын болды. Кейде бұның өзі дәт қылмаған жортуылдарға аттанып жүре беретін. Біраз жылдардан бері мұнымен қабақтары жараспай жүрген Мәмбетпана тұқымы оңашада Көкбөріге: «Сенің қасыңда ана ағаң Жөнейіт те батырмын деп найза ұстап жүр ғой»,— деп қоятын. Ондай кеу-кеу қошаметке жалаң төстеу жас батыр іштей ылығып, дәліріңкіреп кететін болса керек. Опатына көрінген соңғы соқтығысқа да әлгіндей айдап салма әңгімеге елігіп барған сияқты. Қазақтар түрікменді Үстірттің қыры мен Маңғыстаудың ойы түгілі, Қарынжарық, Ақсорқа, Үдек сияқты жайдақ қоныстарынан да ығыстырып, ішер суы, жайылар оты тапшы Қауынды, Қақпақтының ызғыма дөңіне тықсырып тастады. Әсіресе ызғындай малы бар Мәмбетпана тұқымының өрісі тарылды, қалған түрікменге де күй болған жоқ. Дутар біткен «адыра қалған Айладырды» сарнап, бақшы біткен Маңғыстаудың қара ойын айтып жыр шертеді. Кешқұрым ыстық тарап, сағым қашқанда терістікте сонау жер түбінен Қаратаудың шоқылары бұлдырайды. Сонда түрікмен біткен көлеңкеге кілем төсеп сыртқа отырады. Көк шайды сораптап, көз ұшында мұнартқан ата мекенге көздері талғанша қарайды. Ләм-мим тіл қатыспайды. Адам түгіл мал екеш малға дейін үйреншікті өрісін өгейлейді де тұрады. Жатқа бұйырмасын деп жаның қалмай торып жүрген жылқы жаңбыр мен желде жаудың қолына өзі ығып барады. Ұзын сирақ түйе жануар тіпті қайырғаныңды білмейді, өрісте соңында малшы болмаса, ерте алмайтындай әлжуаз бота-тайлақты шайнап тастап, ежелгі от-суына тартып отырады. Бөрік киген еркек кіндіктің қай-қайсысы да осыны көргенде басына қан шауып, көз алды қарауытып кетеді. Дәл сол сәтте: «Ал, кәнеки, атқа мініңдер!»— десе, бәрі де тілге келместен жүгенге жүгірер еді. Бірақ сондай берекесіз шапқыншылықтан ел де әбден титықтап бітті. Талай үйдің төрінде сеңсең бөрікті біте жеп тоздырды. Талай боздақ қазақтардың аулының қасында белгісі-берекеті жоқ үйме-жүйме қырғын төбе болып қалды. Жеңілген елдің талай батырының басына жеңген елдің иті сарыды. Соның бәрін көре тұра, біле тұра жау қайдасың деп атқа қона беруге батырлардың да жүрегі дауаламайды.
Мәмбетпана малына жау тиген сайын: «Бара көр! Қайтара көр!»— деп осыған келеді. Соңғы бір келісінде: «Құмырсқадай құжынаған көп әулетің бар, қасыма қол ерт. Әйтпесе маған да жан керек, жаңғыз аттанар жайым жоқ»,— деп қайтарған. Батырдан да айдынды бай тұқым айбат асырғысы келгендей үйінен сегіз өрме қамшысын сығымдай қысып, сызданып шыққан. Сол бойда Көкбөріге барыпты. Аңғал батыр көне кетіпті. Талай рет жау соңынан жалғыз қуып, Мәмбетпананың жылқысын қайырып әкеп те жүрді.
Мәмбетпананың сағымға шомылған көп жылқысында көз ақысы бар қазақтардың бірі — Дүйімқара. Бүгінде адай ғана емес, исі алшында одан асқан батыр жоқ. Оның қайнына ұрын барған сапарына дейін қазақ түгіл түрікменге де аңыз боп тараған. Қалыңдығының қасына алғаш түнеген түнінде қайын жұртының жылқысына жау тиіпті. Айдауға кеткен жылқысын қайтарып келер батыр таба алмай сасқан ел күйеудің отауына кіріп барады. «Жау тиді» қиқу құлағына тиісімен батыр күйеу жар төсегіндегі жалаңаш қалпы атып шығып, атқа қонады. Таң енді сес берген елең-алаңда жауға да жетеді. Бұлыңғыр таңда жайдақ шауып келе жатқан жалаңаш неменің адам екенін, жын екенін біле алмаған барымташылар жылқыны тастап қаша жөнеліпті. Ертеңіне түсте Дүйімқара жалаңаш етіне алдынан шыққан жылқышының қақпа шекпенін киіп, жылқыны айдап, қайнына оралыпты. Сөйткен, Дүйімқара бүгінде бір елді ығында жүргізген дігірлеген батыр. Қос балтыры бурадай, уда-дуда, жүн-жүн төсін дудыратып, иініне киім ілмей, белуардан жоғары тыр жалаңаш шабатын оны түрікменнің жылқысына дейін сонадайдан танып, жөңкіле қашады. Бірақ оған да тісін қайраушылар көп-ақ. Оның аулының да іргесі тыныш тұрмайды. Әсіресе Мәмбетпана әулеті сойыл жиып, Дүйімқараға қарсы аттандырады да жатады. Екі жақтың да бір-біріне соғымға сойдыртқан жылқысынан соққыға жыққызған жігіті көп.
Бұның сонау бала кезінде екі елдің игі жақсылары бітімге жиылып еді. Жиынға атасы Оғыланға ілесіп бұ да барған. Кеше ғана бірінің жағасы бірінің қолында кетіп, жұлқыласпен жүрген екі жақтың да қабағы қатыңқы, иіні салыныңқы. Пәлен жылдан бергі қан төгістен қай-қайсысы да қалжыраған. Бірақ екі жағы да жүні жығылғанын байқатпай, дөң айбатпен сырт орай ұшырасып, самарқау тілдеседі. Қараман атаның басына жиылған қара құрым жұрттың ішінде түрікмен жағының ең белдісі әрі би, әрі бай Жұма болды. Көшелі көк мойнақ арғымаққа шалқалап жатып алған кербез байдың артында сүліктей қара арғымақ мінген қаншырдай қара бала жігіт еріп жүрді. Сол — осы кебеже қарын Мәмбетпана. Ол кездегі өңінен тек төңірегін ішіп-жеп отыратын жылан көзі ғана қалпында қалыпты. Аңдысқан екі жақ әуелі бірін-бірі ықтырып тастағысы кеп көпе-көрінеу даудан бастады. Көк арғымақтың үстінде шалқалап жатқан Жұма қауымның күнбатыс бетіндегі әлдеқашан сыры оңып, тек бұдыр-бұдыр бедері қалған дәу қара құлпытасты иегімен нұсқады. Онысы: «Білесің бе, мынау ең көне құлпытасты кім орнатқан?»— деп сұрағаны еді. Адай биі бұған абыржыған жоқ. Екі би беттескен жерде көрі ойылып кеткен көне қабыр бар-ды. Қабырдың үстінде жел мүжіп, күн жеп, әбден шөгіп, тек төбесі ғана қылтиған, өне бойында қынадан сау-тамтығы жоқ, жермен-жексен қой тастың жұрнағы тұр екен, соны меңзеді. Жұма шүңірек көзін қыса қарап тұрып қалды. Адай биінің сөзіне шегі барын сездіріп, қасынан бір шал, бір жігітті тасқа жұмсады. Жұрттың бәрі енді сол кішкене тасқа ентеледі. Екі түрікмен кішкене тастың ана жағына да шығып қарады, мына жағына да шығып қарады, ештеңе көздеріне түспеді. Жұмаға қарап иықтарын қиқаңдатты. Адай биі қасындағы бір серігіне иегімен тас жақты сілтеді. Ол орнынан тұрып тастың қасына келді. Кішкене қой тастың құбыла бетіндегі ұйысып өскен қалың қынаның арасында енді болмаса ізі жоғалуға айналған алшын таңбаны көрсетті. Екі түрікмен «Көрдік, көрдік» дегендей бас изесті. Екі бидің әр қимылын көз жазбай бақылап тұрған халық бір гу етті. Адай жақ бел алып масаттанып дуылдаса, түрікмендер опынып бас шайқасты. Жұма қазақтарға бұл жер менің ата мекенім деп иық көрсетейін деп еді, адай жағы бұл жерді алшындар сендерден де бұрын иеленген деп қарсы дау айтты. Екі жақ бұндай теке-тірестен ештеңе өнбесін біліп, енді бопсаға көшті. Түрікмендер қазақтың жерді алғанымен қоймай, қайда көшсе де өкшелеп, малын малша, жанын жанша қиып, елді тоздырып бара жатқанын бетке басты. Қазақтар діні басқа, тілі басқа қалмақтан бас сауғалап ағайын деп келгенде түрікменнің алдарынан қару ап шыққанын, соғыстың содан тұтанғанын салық қылды. Бұл енді шіренісу емес, бір-бірінен сөз тартқаны еді. Екі жақтың тілмарлары да әңгімені ушықтырмай, майдалай-майпаздай жөнелді. Жеті жұртты ел қылған, жеті жұртты жер қаптырған Маңғыстауды шұқылай берсең, қай халықтың да моласы табылатынын айтып, өткен өреуіл қалған салауат десті. Атырау мен Аралдың, Сағыз бен Қарабұғаздың арасындағы көл көсір ала қырдың адайдың да, айладырдың да еркін жайлауына жететінін айтып тыныш тірлікке, ағайыншылыққа пәтуаласты. Екі жақтың да аузы дуалылары қауымның терістік бетіндегі шыңдағы кеуекте жатқан Қараман атаның басына барып құран ұстасып, ант берісті.
Одан бері де көп заман өтті. Содан ат ұстауға барған бұлар да азамат болып, атқа мінді. Заман өзгерді, заң тозды деп, баяғы бітімді қомсынатындар да шықты. Ондай әңгіме ең әуелі сол бітімді өз көзімен көріп, өз құлағымен естіген Мәмбетпана аулынан өрбіді. Сол әулеттің молласы Дегене ахун адай мен айладырдың бітімі кезінде бір арам айладан болды деген қауесет таратты. Адай мен айладыр кім жазықты болса, соны жазала деп әулиенің басына жығылып, анттаспақшы болған деседі. Алдымен ант су ішетін адай жағы қулық істеп, астарына қара ат мініп, ерінің басына етік тігетін біз шаншып барыпты да: «Е, әулие, қараны атсаң қара атты ат, біз айыпты десең, бізді ат!»— депті. Сонда ердің басындағы біз анадай жерге ұшып кетіпті, қара ат табанда қатыпты. Бұны көріп тұрған екі жақтың ақсақалдары: «Әулиенің өзі де кінәні адайға да, айладырға да артпай, тар заман, қысталаң халға аударып, кәрін қара ат пен етік тігетін бізге түсірді, енді екі елдің жауласатын жөні жоқ!»— деп бітіммен тарасыпты. Адай әулиенің кәрінен айламен құтылды, бірақ жерінен айырылған елдің кегін тек қанмен ғана құтыла алады, сүйекке түскен таңбаны тек қан ғана жуып кетіреді,— дейді Дегенеахун. Молланың бұл сөзіне елден бұрын Мәмбетпана ұйыды.
Ол содан бастап соңғы кезде іргесі тыншып, ен жайлай бастаған адайдың шашау шыққан жылқысын тақымға басып, шетірек қонған аулын шауып кетуді кәсіп қып алды. Қарап жатар адай ма! Қан төгілді, намыс қозды. Екі ел тағы да сойылға жармасты. Баяғыдай қалың қол жиып, қаһар салыстырысатын майдандасу азайып, оның орнына оқшауға тиіп, оңашаны тонайтын бөрібасарлық көбейді. Әуелі жылқыға қамшы, жылқышыға сойыл тиді, сосын батырдың басы шабылды, шалдуар жағалас аруаққа шапты. Алғашқы кездегі қылжыңға ыңғай бермегендер де амалсыз айбалта ұстады. Жөнейіт те екі ел арасы осылай ушығып тұрған тұста атқа мінді.
Екі елді керістіретін де сөз, келістіретін де сөз. Дауға найза араласты-ақ келісім жоқ, кетісу бар. Келістірер сөз тек кемеңгердің көкейінен шығады, алжастырар айбалта кез келген тентектің тақымында жүр. Тентек күнде туады, кемеңгер мың жылда бір туа ма, жоқ па, туа қалса, өңшең қылышқа жақын қыршаңқысы көп қырсық ел оған тізгінін бере ме, жоқ па?.. Беймәлім дүние. Ендеше ол шапса, сен де шап! Ол қорласа, сен де қорла! Алдырып жатып ақылгөйсіген кемеңгерлік құрысын! Жөнейіт атқа мінгенде осындай қатты тұтыммен мінген.
Дүйімқараның да қорлығы асып барады. Малды алғанымен қоймай, ылғи арға тиіседі. Жау қуып шықтым деп ауыл шабады. Жылқыны іргеге матап тастап, қызылды-жасылды кілемді күлге төсеп, олардың біріне де тимей, етегін жел ашпаған қыз баланың намысын шашады. Бұл бос кергілес, итырқылжыңнан бойын тысқары ұстап, араласпай жүр еді. Ана бір жыл аталы бір ауылға көріскелі бара қалды. Бүкіл жалдың басын бір өзі толтырған іргелі ауылдың кеудесінде жаны бар пендесінің бәрі сыртта сенделіп кеткен. Еркек біткен өз бармағын өзі шайнап, тістеніп алған. Әйел жағы шаштарын жұлып азан-қазан. Ауылдың алдында көген басында жиырма-отыз бойжеткен қыз жерден басын көтермей, беттерін тырнап, шаштарын жұлып, қызыл ала қанға батып өкіріп жылап жатыр. Той-томалаққа үйірлігі шамалы түрікмен жыл он екі айда бір келетін құрбан айтта ғана бір жасап қалатын. Бұл ауылдың да еркек жағы бүгін таңертең Мәмбетпана аулындағы сайысқа ат қосуға, палуан күрестіруге кетіпті, ауылда қалған қыз-қырқын бастаңғы жасап, әткеншек тәуіп, мәре-сәре боп жатқанда Дүйімқара бастаған қалың қол сау ете түскен. Адам түгіл құдайды да ұмытқан айлаңкес батыр әткеншектердің арқанын қиып, қыздардың бәрін ауылдың қақ ортасына алып шығыпты, қолдарына жабысқан қатын-қалаш жағын қамшының астына ап, байлап тастаған. Ауылдағы қыз біткенді көгеннің басына апарып, соңындағы қолына қорлатып, құмарларынан шыққан соң бәрінің де қол-аяғын матап, етектерін басына түріп, қоламта құйып кетіпті. Жау тиді хабарды естіген еркектер жалма-жан аттарына мініп, шапқылап жетсе — жау әлдеқашан ұзап кеткен, орнында мынау масқара қалған. Еркектер үйлеріне де кіре алмай, ойран тиген қатын-баласына тіл де қата алмай, аттарының тізгінін ұстап, бармақтарын қыршып, өз қандарын өздері жұтып қатқан да қалған.
Көшерін жел, қонарын сай білетін мұның халқының жылқы бары болса, қыз ары емес пе еді. Ол байғұстың одан басқа қан төгетін, жан қиятын не асыл, не ардақтысы бар! Жөнейіт азан-қазан ауылдың зарын тыңдап тұра алмады. Аттың басын терістікке бұрып, ағыза жөнелді. Бір уақытта барып артында қалың дүсір келе жатқанын байқады. Бағанағы ауылдың бар еркегі атқа мініп соңынан ергенін сонда білді. Бұл содан бері ат үстінде. Содан бері иісі түрікменнің Дүйімқараға қаны қатулы. Бірақ түрікменді өшіктіріп алдым-ау деп айылын жиып жүрген Дүйімқара жоқ.
Өткен жазда жылқысына тиген жауды қуа-қуа Қақпақтының дөңіне шығып кетіпті. Түрікмендердің қалың ортасына тым сұғына кіріңкіреп кеткеннен кейін байқап, астау ойдың маңында отыратын жаңғыз үйлі түрікменге кеп қонады. Есер батыр түрікменнің үйіне құдайы қонақ боп келген кісіге қиянат жасауға болмайтын мұсылмандығына сеніп қонды ма, жоқ әңгүдік неме маған кім тиетін еді деп ойлады ма — оны бір Алланың өзі білсін! Жатарда қонағы түзге отыра кеткенде үй иесі керегенің басында ілулі қалған қылышын ап, қынабына желім құйып қояды.
— Ит те болса, қонағың ғой?— деп, әйелі қолына жабысқан екен, қағып жіберіпті.
Мейманның көзі ұйқыға кете Мәмбетпанаға хабаршы шаптырады. Хабар тиісімен Мәмбетпана Көкбөріні алдырады.
Жөнейіт ақ тайлақтың терісі жатқан жақта, ішінде Дегене молла бар айғыр топтың ортасында тұрған Мәмбетпанаға көз тастады. Мәмбетпана күннің ыстығына шыдамай, алаулай қызарған етшең бетін бір қырын салып, молланың аузына телміріп қалыпты. Дегенеахун ақ шәйі сәлдесінің бір ұшын жымырып ұстап ап, ұзын-сонар шариғатқа түсіп кетсе керек. Қастарындағы төрт-бес дудар бөрік тым еңсесі түсіп, төмен иіліп кетіпті; молла сөзіне ден қойған боп, шұлғи береді. Тек Мәмбетпананың көк ала сеңсеңі ғана құдайыда емес, жиын-тойда тұрғандай әуелеп қарайды, білектей-білектей күрең бұғағы иегін тіреп шалқалап қалыпты. Әрине, былтыр алдына Көкбөрі барғанда бүйтіп аспандап қараған жоқ. Ол әдетте өзімен теке-тірес кісілермен ғана қабағына сыз жиып сөйлеседі. Басқаларға түсі жылы, дастарқаны кең. Көкбөрілердей алдауына оңай көнетін ақ көйлек кісілерді көргенде анау білекпендей бұғақ жіптіктей боп кетеді, дағара бөркі де бүйтіп көк тіремейді. Ебдейсіз етженді денесін де ширақ ұстап, шапшаң қозғалып, лыпып сөйлейді. Сөз реті де, мап-майда. Адуын батырға: «Ал қапы қалма, Көкбөрі. Алдыңда адайдың ең мықтысы кетіп барады. Жырынды неменің енді тап осылай оңай қолға түсе қоюы екіталай. Қимылдап қалар кезің осы!»— деген соң, ол сірә атына мінгенше асығады ғой. Арамдығына найза бойламайтын Мәмбетпана батырдың мәрт мінезінен қорқып, Дүйімқараның қынабына желім құйылғанын, әрине, айтпай бүгіп қалады.
Таңертең шайланып-жайланып барып жолға шыққан Дүйімқара тап осы араға, мынау кішкене қоңыр төмпек жатқан көне қауымның өпке тұсына келе бергенде, артынан ақ бұрқылдақ шаң көреді. Дәу де болса қуғыншы шығар деп ойлаған Дүйімқара ала тірсек қара атының тізгінін кілт тежеп, талтайып тұра қалды. Қуғыншыны тұлға-тұрпаты анық көрінетіндей жерге жақын келтіріп, кім екенін білген соң атынан түсті; шылбырын қарына іліп, түзге отырды. Ойнақшыған көк арғымақ таптап кетердей, дәл көк желкесіне кеп кідірді.
— Дүйімқара, тұр орныңнан!
Дүйімқара елең еткен жоқ, отыра берді. Қамшысының сабымен алатағанақ жерді бір нұқып қалды да, уысын толтырып, кесегі аралас топырақ алып ауына апарды. Сосын орнынан тұрып, қуғыншымен тіз киімінің бауын байлап тұрып сөйлесті. Екі ат бір-біріне едіреңдеп, құлақтарын қайшылайды. Мына басынғанға шыдай алмай, ызаға булығып қалшылдап тұрған қуғыншының қолындағы қылыш күнге шағылысып дір-дір етеді. Көмейіне кермек толып, үні де шықпай қалды. Дүйімқара майтопырақ жұғып қалған қолын тізесіне сүртіп, атына беттеді.
— Шық жекпе-жекке!
— Болсын, бала.
— Қылыш?!
— О да болсын.
Бұндайдың талайын көріп, әбден сыралғы болып қалған екі арғымақ ытқып кері шегіністі. «Әй, шәуім бас қазақ, кәллаңды құзғынға мұжытармын»,— деп Көкбөрі қалшылдайды. «Шүлдіреген шақша бас неменің құтырғанын-ай»,— деп Дүйімқара тістенеді. Екі арғымақ аңдысып тұр. Екі батыр айбат салыстырады. Дүйімқара жай әншейін насыбай атысқалы тоқтағандай жайбарақат, нығыз. Көкбөрі де тайсалар емес, тап берер сәтті күтіп жалаңдап тұр. Айдала. Құла дүз. Араға түсер, араша сұрар ешкім жоқ. Батырлар беттескен маңайда шөп арасында ұясы болуы керек, қырдың бармақтай қоңыр торғайы екеуінің біресе о жағына, біресе бұ жағына шығып шыр-шыр етеді... Суға өріп бара жатқан бір үйір қара құйрық екі аттыны көргенде естері қалмай айдаладан безе жөнелді. Екі адамның оларға алаң болар мұршасы жоқ. Олардың көзі бір-бірінде. Қабақтар түюлі. Шықшыт еттері жиырылып, сақылдаған тістерін күшпен әзер басып тұр. Қан қарая түсті.
Көк арғымақ қарғып кетті. Ақ алмас зу етіп ағып өтті. Қара ат жалт беріп бұғып қалды. Артынша ытқып сырт айналды. Көкбөрі сеңсең бөркін көзіне түсіріп, тағы емініп келеді. Дүйімқара қынға қолды енді салды. Әншейінде лып етіп әуеге ойнап шыға келетін қайқы қылыш тапжылар емес. Дүйімқара аңдысқан жауынан көзін айырмай, тағы да тартып көрді. Қылп етпейді. Жон арқасына шып-шып тер шықты. Ту сонау қара бақайына дейін сұп-суық бірдеңе жүгіргендей болды. Алқымын әлдеқандай бір ащы кермек тырнап барады. Көкбөрінің қылышы жарқ-жарқ етіп төне түсті. Дүйімқара енді қылыш суырам деп әуре болмай, қынабымен түгел ағытып алды да, көк арғымақтың құлағының үстінен құлаштап сермеп қалды. Шекесіне қан шапшып, көзінің алды ию-қию араласып, асыр салып жүрген теңбіл-теңбіл дөңгелектерге толып көк ала тұманданып тұрған Дүйімқара анадай жерге саулап ағып түскен екі жай отын көрді. Қынабын қайта тартып алды. Көкбөрінің қылышы бел ортадан қақ бөлініп жерде жатыр.
Екі батыр оларға бір қарап қойысты; енді үн-түнсіз тіс қайрасып, жақындаса берді. Екі ат кегежектеп бастарын қаштыртады. Міне, үзеңгі қағысты, екі темір бірін-бірі сірә аяр ма, шақыр-шұқыр тістелесіп жатыр. Қылыш та, қамшы да жайына қалды. Бұғанадан мытып ұстаған тегеурінді шеңгелдер жазылар емес. Шірене тебінген үзеңгілер аттардың тірсегін майыстырып, жерге сіңіріп жіберердей. Екі жануар бір-біріне шошына қарады. Екі адам болса бір-біріне кенеше қадалып алған. Киімнің дар-дар жыртылғаны, өкпелердің өліп-өшіп алқынған демі, шақыр-шұқыр қайралған тістер, мүңкіген тер иісі ию-қию араласып, екі жылқының басын айналдырды. Адамдардың қапелімде айқасты доғарар түрі көрінбейді. Аттар тәлтіректеп зорға тұр. Кенет көк арғымақтың шоқтық тұсы жан шыдатпай тызылдап ала жөнелді. Жануар құлындағы даусы құраққа жетіп, шыңғырып жіберді. Күтір етіп бір уыс жал үзілді, көз алдын қара мұнар басып, есеңгіреп кеткен жылқы бір уақыттарда барып көзін ашып еді, арқасы босапты. Көз алдынан от саулатып әлдене ағып өтіп, анадай жерге барып түсті — қылыштың сынығы. Сол екі ортада біреу тізгінін оқыс жұлқыды. Жалт қарады. Екі адам енді жерде алысып жүр. Анадай жерде қылыштың қалған сынығы күнге шағылысады. Бірін-бірі алма-кезек аударып, ит жығыс түсіп жүрген екі дұшпан ыңғайға келгенде қылыштың сынығына екеуі бірдей таласа қол созады. Бірақ бірін-бірі жібермейді. Арсы-күрсі алысып жүрген екі адам тағы бір жаққа аунап кетеді де, ақ алмастың жарқылдақ сынығы көзге оттай басылып, сол орнында қала береді.
Шірене тартқан қайыс тізгін көк арғымақтың мойнын ауыртып тастады. Кенет тізгіннің бір ұшы шолтаң етіп, көзінің алдына кеп ұрды. Ат анадай жерге бір-ақ ытты. Бұрылып артына қарап еді, төсі жүн-жүн дәу қара кісі бұның иесінің кеудесіне мініп алыпты. Қылыштың сынығы ақыр соның қолына түсіпті. Мұның қайыс тізгінін шорт кесіп ап, иесінің қолын байлап тастапты. Енді өзінің қыл шылбырымен аяғын буып жатыр. Көкбөрі бақырып-шақырып бірдеңе дейді. Оны құлағына қыстыратын Дүйімқара ма — көзіне құйылып бара жатқан ащы терді шынашағымен қағып жіберіп, ырс-ырс дем алады.
Көк арғымақ шыр айнала шапқылап жүрді де қойды. Иесіне барайын десе, төбедей боп төсіне мініп Дүйімқара отыр, алақандай ала көзін айналасына төңкере қарап қояды. Көз жетер жерде қара жоқ. Күншығыс жағындағы қоңырлықтан өне бойын қына басып кеткен төрт-бес қара тас қылтияды. Ескілікті моланың орны. Дүйімқара орнынан тұрды. Қасында жатқан қылыштың сынығын өзімен бірге ала кетті. Тастардың қасына барды. Біреуінің көрі ойылыпты. Ит-құс алып жеген бе, қураған қаңқа сүйектің жұрнақтары сыртқа шығып қалыпты. Көрдің үсті ойпаттанып шөгіп кеткен. Дүйімқара көк шұлан көкірегін қамшының сабымен қышыр-қышыр тырнап қойды. Сосын қол-аяғы байлаулы жатқан Көкбөрінің қасына қайтып келді. Ақырып әлдене деді. Көкбөрі де ақырды. Дүйімқара сүйрей жөнелді. Қыл шылбырдың ізінен бұрқыраған шаң көтерілді. Ойылған көрдің қасына апарды. Сосын сәл кідіріп әл жиды да, Көкбөріні қос қолымен балаша көтеріп алды. Әрлі-берлі шайқап-шайқап ойылған көрге бір-ақ атты. Өзі кейін ытқып кетті. Көрдің үстінен тозаң бұрқ етті. Жер астынан тұншыға айқайлаған дауыс шықты. Көк арғымақтың жон арқасы дір ете түсті. Көрдің айналасын шыр айнала тепкілеп, топырақ құлатып жүрген Дүйімқараны көрді. Ала шаң... Жан ұшырған айқай. Көк арғымақ шұрқырап бір кісінеп алды да, қатқыл қара дөңді дүңк-дүңк төмпештеп, кейін қарай шауып жөнелді.
Көк арғымақ ер тұрманын бауырына алып, бос келген соң онсыз да май ішкендей болып отырған ауыл бір сұмдықтың болғанын біле қойды. Еркек кіндік атқа мініп, Көкбөрінің сүйегін жиып қайтуға шықты. Ішінде Жөнейіт бар бір топ адам ертеңіне осы араға жетті. Көрі ойылған қара тастың маңы гу-гу, көк шыбындар құжынап жүр. Аттарынан түсіп, ентелей басып келіп еді, көр түбінде — Көкбөрі. Көкірегіне тас құлапты, топырақ басыпты. Топырақтан шығып жатқан бет-аузына шыбын үймелепті. Анадай жерде жазғы күннің нұрымен көз ұялта жарқырап Көкбөрі қылышының сынығы жатыр. Дүйімқара Көкбөріні бауыздап та өлтірмей, тірідей көрге көміп кеткен. Жөнейіт мына сұмдықты көргенде тұқым-тебері түгел құрып кеткенше Дүйімқарадан бұдан да өткізіп кек алмай тынбасқа ант қылған-ды.
Көкбөрінің моласын шыр айнала қоршап тұрған қалың дүрмек оқыс дүр ете қалды. Жөнейіт ойынан серпіліп басын көтерді. Қолдарына ағараңдаған бір жапырақ тері ұстаған алты жігіт қалың топты жарып өтіп, тұтқындарға беттеді. Манадан бері білектерін сыбанып әзір тұрған мосқал еркектер алты баланы құлақтан тартып шөкелетіп, жерге бұқтырды; алты жігіттің қолдарындағы теріні алып, тұтқындардың басына жапты. Әлі ылғалы бойындағы жып-жылы тері жаңа ғана шашы алынған жалтыр басқа жабыса кетті. Тұтқын балалар бұның не екеніне түсіне алмай, айналасына әлі алақтап отыр. Қолдары жып-жып еткен мосқал еркектер терінің жиегін шыр айнала бүрмелеп қойған көн тартпаны шірене тартып, сықитып таңып тастады. Жаңа ғана дені жайылып отырған бастар қайтадан зіл тартты. Жылы тері шекелерін солқылдатып сорып ала жөнелді.
Алты тұтқынды қайтадан екі көртке бөліп мінгестірді. Жұрт та жапа-тармағай аттарына жүгірді. Ұлы дүрмек енді қайтадан ауылға бет алды. Бедірейген қара дөңде тұяқ сайын қылт-қылт шаң өрді. Екі көрттің сол баяғы изең жүрісі. Тұтқын балалардың көздеріне тер құйылды. Сүртейін десе қол кісендеулі. Бастары да солқылдатып алып барады. Шақырайған жаздың күні қақ төбеге барып шалжиып жатып алыпты. Ұлы дүрмек көп озып кетпей, бұларға айналсоқтап келеді. Ауылдың өзі жер түбінде қалса керек. Қақпақтай қара дөңнің әр жер әр жерінен самсап әлденелер қарауытады; қастарына келгенде сағым зорайтқан бұталар боп шығады.
Екі көрттің қара қайыс мойындарынан тер жылтырады. Тақымдары да удай ашиды. Кенет тұтқын балалардың бірі артындағы тұтқынның кеудесіне екі шекесін алма кезек ұрғылап шыңғырып жіберді. Ақ тайлақтың терісі күнге күйіп тырысып барады. Қаудырлап кеуіп жатқан түйенің көні бас сүйекті сытырлатып шаға түсті. Қазір-ақ ұн қылып уатып жіберетіндей. Басқа тұтқындар да бебеулей бастады. Манадан бері алда кетіп бара жатқан аттылы дүрмек арттарына қарап, тұра-тұра қалысты. Көздерінен жас парлап, кісендері шақырлап, қалшылдап-дірілдеп, арпалысып жатқан алты тұтқынды көргенде көп атты: «Я, аруақ!»— деп, ауылға қарай топырлатып шауып ала жөнелді. Көрттерді жетелеген екі мосқал түрікменнен басқа ешкім қалмады. Алты тұтқын айдалада ауыз жаппай сарнап келеді.
Олар бір апта бойы осылай зар илеп, шыңғырды да жүрді. Сосын бастарына шаш шықты, ол түйенің көңінен өте алмай, қайтадан бастың құйқасын тесіп кері өсті. Алты тұтқын елі қайда, жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналды. Жүре-жүре тілден де айрылды. Түйемен бірге өреді, түйемен бірге келеді. Жөнейіт былтыр бауырларының қандай күйге ұшырағанын Дүйімқара өз көзімен көрсін деп екі тұтқынды адай арасына апарып тастады да, былайғы төртеуін осы ауылдың түйесін бағуға, тезегін теріп, суын тасуға алып қалғанды.
Тезек теріп қайтқан мәңгүрт қазақтар ауылға келіп, ошақтың басына қаптарын төгіп жатыр. Қарауыл төбенің басындағы шолғыншы тапжылар емес, қаққан қазықтай серейіп әлі тұр.
III
Бұл Дүйімқараның нағашысын шауып келген сол сапарынан бері жортуылға шықпады. Ойлап отырса, күні кеше аты күркіреген Ер Оғыланның тұқым-теберінде бұдан басқа батыр қалмапты. Жас деген жер ортасынан ауып барады. Баяғы дабырық болмаса, көптен бері жекпе-жек түскен жері жоқ. Қазір қауқарының қандай екенін де шамалай алмайды. Соңынан шыққан ізбасары тағы жоқ. Үлкен ұлы Қылыш сексеуілдей мығым қайыс қара болатын; әрі қылышкер, әрі найзагер, көздемей көзден тигізетін мерген еді. Жастайынан жауға ертіп барам деп ертерек мерт қылып алды. Қазір ауылдың алдындағы қара жалдағы қауымда. Одан кіші ортаншысы Алпан аяғына мінген соң-ақ жұдырығына жалынды, ауылда одан зәбір көрмеген бала мен ит жоқ, сонысы үшін аттың бауырына алып талай сабаған. Ерегіспе болғанымен о да еліккіш, әсіресе дау десе, жанжал десе жаны қалмайтын, ылғи оқтың өтінде жүретін Көкбөріге құмартын. Соған ерем деп ақыры сүйегі жиюсыз жат жерде қалды. Кенже ұлы Дәулет анадан келбетті, тұлғалы болғанмен, үгілме көңіл үлпілдектеу туды. Екі иығына екі жігіт мінгендей жоталы. Той-томалақта жауырыны жерге тимейді. Тостаған көз, торсық шеке, түрікменге бітпейтін бидай өң; екі бетінен қан төгіліп, албырап жүреді. Жүндес қабағын ылғи нұр шашырап тұратын қоңырқай көзі жұмсартып жібереді. Өзін осы төңіректің итіне дейін жақсы көреді. Әншейінде атты жолаушы көрсе, бір көш жерге дейін үріп қуып тастайтын қырдың сақ төбеттері Дәулеттің аяғына жығылып, бұлаңдап сала береді. Баласының қыз-келіншек жағына да өтімді сыбысы құлағына шалынып жүр. Қаза болған бір жігіттің жесірімен қабақ жарастығы барын естігенде, шақырып ап, оңашада сыбағасын берген-ді. Қанша салқам сері боп жатса да, одан басқа бетіне қатты барған жері жоқ.
Бұл тұқымда оның соңына көп түсетін Көкбөрі еді. Адай, түрікменді аударып қондырғандай айбат, атағы болғанмен ағайын арасында аузының дуасы шамалы әңгүдік батырды көбінесе көп бай ауыл жақ алдарқатады. Інісімен басы қосылған жерде ылғи кермар сөйлесіп қалатын көрінеді. Көкбөріге Дәулеттің тұла бойынан ештеңе ұнамайды. Еркектен гөрі әйелге лайық нұрлы көзін де, жау тиіп жатса да жайбарақат мінезін де, сөйтіп отырып сүйегіңді шағатындай шақпа тілін де сөлекет көреді. Әсіресе оның әр немеге бір құмартатын әуейілгіне ызасы келеді. Еркекке найза мен қылыштан басқа не өнер керек. Қолыңнан келеді екен — қол баста, жау шап, келмейді екен — ақ таяқ ұстап қой бақ. Ал Дәулет кішкентайынан бахшы, дутаршы десе есі кететін, жасы он бестен асысымен-ақ көшелі күйші боп алды. Бұл өңірде одан асқан дутаршы жоқ. Ана жылы сонау Ташауыздан ел аралап келіп кеткен Яхия бахшы да жас жігіттің өнеріне таңдай қағыпты деседі.
Жөнейіт әуелден ат үсті жүрісте кетіп, жиын-тойдан, жын-жыбырдан жырақ жүретін кісі-ді. Әке болып баласының алқаға түскенін әлі көрген емес. Үйінде өзі барда баласы қолына дутар ұстамайды. Бұл әулетте оның қасына еріп, жыртысын жыртатын жаңғыз Аннадүрді ғана. Жөнейіт баласының сауықшыл мінезін ішінен құп көрмейтін. Әне бір жылы Аннадүрді адайға ертіп апарып, тартысқа түсіргенде небір айтулы күйшілерді жерге қаратты, тек өзі шамалас бір жас күйшімен ғана тең түсті деп бөркі дағарадай болып келген соң бұ да масаттанған. Со тұста Көкбөрі әбден долырды. Атақты батыр тұқымының төлі бола тұра жын ойнақтың кеу-кеуіне ылығып кеткен інісіне өкпесін айтып бұған келген-ді. Жоғары да шықпай, табалдырықтың қыр көзінде жүрелеп отырып ап, өндіршегі өрттей қызарып, таусыла сөйлеген-ді.
Бұның баласы дутаршы, бахшыдан не қадір, не қасиет іздеп жүр? Атқа мінген есі дұрыс бөріктіні көрсе, бөрлігіп қалатын дұшпан елдің өзі дутаршы мен бахшы барса, әншейін сайқымазақ диуана келгендей айылын жимайды. Оғылан тұқымынан біреу аттаса, исі адай ереуілдеп ер тұрманын ала жүгірмес пе еді. Жөнейіт батырдың баласы Дәулетті көргенде қылп еткен қазақ болмапты. Ал Дәулет, жын иектеген жел көкірек неме, талай рет намысыңды қасып, насырыңды төгіп отырған елге нағашысының аулына барғандай айлап жатып, тайраңдап қайтты. Есі дұрыс елдің еркегі түгіл төмен етек ұрғашысының да осынша намыссыздыққа дәті шыдар ма? Дәулет болса адай барып, ақ орда құлатып келгендей бұтқа толады. Ал Аннадүрді: «Біздің Дәулетжан дутар шалғанда ата жауымыздың өзі «әй, бәрекелде» деп арқасынан қақты»,— деп санын шапалақтайды. Жау мақтады деп осынша елірген бұл ақымақтарды ез дейсің бе, ер дейсің бе? Ол немелердің орнына түрікменнің бір батыры барып күшін көрсетсе, қазақтар өліп жатса да «әй, бәрекелде» дер ме еді. Күйші, өлеңші дегендерің де күлімсіреген еркекке емешегі құрып, есі кетіп қалатын жел қуық ұрғашы сияқты ғой. Солардан не пәтуа табылады. Әй, намыстың найзадан басқа қорғаушысы бар ма, тәйірі! Күні кеше бір жиынның үстінде бұл не қып жүргенің деп бопса айтып еді, інісі миығынан күлді. Жайына қарап отырмай: «Аға-ау, күпсініп, көкірегіңізбен жер айырып барғанда көп болса бес-алты қазақты өлтірерсіз, бір үйір жылқыны үркітерсіз. Сол бес-алты бейкүнә пенденің жайбарақат өз тіршілігімен жүргенінен, сол бір үйір жылқының өз өрісінде жайылғанынан сіздің намысыңызға шоқ түсетіндей не бар?»— деп кейуаналық айтады. Бұл атаның аруағын айтса, ол: «Қапысы кетіп құрыған ата-баба жоқ, тұстарында алысқанмен олар да алысып, жұлысқанмен олар да жұлысқан шығар; қазір қолыңыз қышыса, кешегі ата-бабаны көрден қозғаған да сауап па екен?»— деп кекетеді.
Інісінен әбден түңіліп келсе керек, сөйлеп отырғандағы қан күрең өңі сөзін бітіргесін бірден түтігіп кетті. Көкбөрі сөзін түгел айтып болған соң тойдағы Дәулетке шақырту жіберді. Інісін: «Бала ғой, бүйтіп қашанғы жүрер дейсің? Кезінде ақылға келер»,— деп шығарып салды.
Жөнейіттің тап осы жолы баласының бетінен қақпағанына өкпесі қара қазандай боп кетті білем, Көкбөрі содан қайтып бұл босағадан аттаған емес. Бұл да Көкбөрі өлгенше Дәулетті сауық-сайраннан тыйған жоқ.
Інісінің басына барып, ақ тайлақ сойып, құдайы беріп келген күні ел тараған соң үлкен үйге баласын алып оңаша жатты. Үсті-үстіне жұлдыз саулаған жаздың түні еді. Туырлықта, үзікте шілделік шырлайды. Ауылдың анадай шетіндегі қара құрым күркеде алты тұтқын бебеулейді, сарнап-сарнап ап шыңғырады, тістерін қайрап ышқынады, сөйтіп біраз азапқа түсіп, ең соңында ештеңе өнбеген соң өкіріп кеп жылайды. Жерге аунап домалайды — кісенде де тыным жоқ, шылдыр-шылдыр. Жылқылар құлағын қайшылап едірең-едірең етеді, түйелер күндегісіндей күлге шөгіп күрт-күрт күйсеп жатпай, ербиіп-ербиіп тұрып алған. Бүкіл ауылда көзі ұйқыға кеткен бір адам жоқ — есінегеніңе шейін естілетін киіз үйлерден қорылдаған дыбыс шықпайды. Жым-жырт. Баласы қайтер екен деп бұ да көп уақытқа дейін тіл қатпады. Дәулет теріс қарап, бұқшиып жатып алды. Дөң үстінің түн салқыны бар. Түрулі іргеден лап қойған қоңыр салқын денесін шымырлатты. Жөнейіт сыртқа құлақ түрді. Ауыл тым-тырыс. Құрыс күркедегі тұтқындардың ғана жақтары тыйылар емес. Алтауы бірдей қосыла сарнайды, қосылып шыңғырады, кісендерін сылдыратып, төбелерін төмпештейді. Күркені күзетіп тұрған қарулы жігіттер жекіген рет жасап әлденені міңгірлейді. Оларын демдерін ішіне тартып, төңірекке құлақ түріп жатқан жым-жырт ауыл естігенмен, арпалысып жүрген тұтқындар естір емес.
Жөнейіт басын көтеріп баласының төсегіне көз тастады. Дәулеттің иығы бүлк-бүлк етеді. Мына неме жылап жатқаннан сау ма? Көкбөрі көмілген қабірді көргенде беті аппақ шүберектей боп, жыламай да, сықтамай да бозарып тұрып қалған. Мынау айдаладағы алты тұтқын шеккен азап ағасының өлімінен гөрі қабырғасына қаттырақ батқаны ма?
Көкбөрінің айтып жүргенінің жаны бар болмасын, осы неме дутар мен думанның соңында жүріп, елдің намысы атаның аруағы дегендерді атымен ойына да алмай жүрмесін. Дұшпанның қысастығына қысастықпен жауап бере алмаған еркекке сеңсең шығындап бөрік кигізгенше, біржолата әтек қып ақталап жіберген дұрыс. Ендеше, Дәулет мынау ауылдың желкесіндегі жау бөлтіріктердің қалай ұлығанын мәңгі бақи құлағында қалатындай боп әбден естіп алсын.
Жөнейіт үстінде жатқан торы ала торғын көрпені көкірегіне тартыңқырап, қымтанып жамылды.
Ертеңіне шай үстінде бұрынырақ тұрып сыртқа шығып кеткен баласын қайта шақырып алды. Дәулет өзінен-өзі қысылып, көзінің алды күлбіреп, өңі қуаң тартыпты. Әкесінің кесесіне торы ала құманнан толтыра шай құйып бергені болмаса, тіктеп қарамай сүлесоқ отыр. Өз кесесіндегі көк шай әлдеқашан суып қалды. Жөнейіт соның бәрін көзінің астынан аңдып отырды. Баласына бұл жолы да ештеңе демеске бекіді.
Екі-үш күннен соң Жөнейіт аңға шығатын болды, Дәулетті тұңғыш рет бірге алып жүрді. Соңдарына екі қызыл қайың тазыдан басқа ит те ертпеді. Осынша оңашаланатын да жөні бар. Көкбөрінің қайта-қайта арыз айтып келе беретініне қарағанда, Дәулеттің беттен қайырып тастайтын қасарыспа мінезі болса керек. Қағытпа әңгімеде есесін жібермейтін ауыздылығын өзі де байқаған. Қазіргідей тұқым тозып, ағайын азып тұрған кезде Ер Оғланның жұртындағы екі еркек бірін-бірі беттен алып жатса, көлденең көзге өлім ғой. Онысын бүкіл ел Дәулет десе бетінен басар, Жөнейіттің де бұрынғы айбыны қайтар. Мәслихаттас боп көрмеген баласымен оңаша сөйлесейін деді.
Екі ат қоңыр дөңде салдыртып желіп келеді. Екі тазы ауық-ауық жолдың екі бетінен анадай жерге барып, төңірекке көз салып, құлақ тігіп тұрады-тұрады да, қайтадан қастарына шауып келеді. Сәске шамасында бір үйір қарақұйрық қашып еді, екі тазы соңдарына салып берді. Көз ұшында бұлдыраған көкжиекке дейін қуып барды. Екі атты селт етпеген соң, соңдарынан қиқу, ат дүрсілі шықпаған соң, сол арада адыраспанның түбіне бас сауғалап жатып алды. Екі атты деңгейге келгенде қайтып кеп, аттылардың талтүстегі ербиген кішкене көлеңкесінен ешқайда аттап шықпады.
Жүргіншілердің аңға елігетін түрі көрінбейді. Екеуінде де үн жоқ. Жөнейіт сонау сағым шалып жатқан көкжиектен көзін айырар емес. Бүкіл тұлғасы ермен бірге жаратылғандай, сіресіп қалыпты. Тек басындағы көк сеңсеңі ғана аттың жүрісінен дір-дір етеді. Өн бойында мойыл сапты қамшымен ат сауырын салғырт сипаған оң қолынан басқа да қыбыр жоқ. Дәулет әкесі жаққа көп қарамады. Еңсесін төмен салып, ой үстіндегі қалып танытады. Екі ат аяқтарын тең алып, үзеңгі оздырмай қатар желіп келеді.
Түс ауа тырбық қара жусаны бар саздың дөң астынан қызыл қиыршық ұсақ тас көрінген жапағы қалың қатқылға айналды. Қарсы беттен күлімсі иіс салқын леп бетке ұрды. Жөнейіт аттың басын құбылаға бағыттады. Алдарынан келте жал қалтиды. Күнбатыс шетінен оба қарауытады. Дәл оң қолдың түбінен шылп-шылп дыбыс шықты да, кішкентай кемиек қыраңның ар жағынан көк айран дария қалқып шыға келеді. Манадан бері сағым салған көкжиек секілденіп жатқан көк жалқын теңіз екен. Сонау көз талдырар көл көсір төрі әлі де мұнартқан қалпы. Одан бергі айдың білем-білем боп, ақ селеуленіп сапырып жатыр. Кішкене боркемік қырбықтың етегі ақ қайраң құм. Ол теңізден жал-жал боп келген көк соқта толқынға көміліп кеткенде көрінбей қалады да, артынша-ақ теңіз түбінен ырғып шыққандай қайта ағараңдайды. Арғы жағада жел болса керек. Айдың бетіндегі ақ селеулер барған сайын ақ жалданып ұйыса түсті.
Жөнейіт көк теңізге іреп кіріп жатқан пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке қара түбекке беттеді. Әлгі тұмсығында обасы бар қара жал тап сол түбекке тіреліпті. Қара оба басына ағаш шаншыған әулие. Бұлар анадайдан жерге түсіп, аттарын жетекке алды. Қара үйіктің түбінде ортасында май құйып от тамызатын шұңқыры бар шырақ тас тұр; жел жеп, күнге күйіп ақ қылшықтанып кеткен қара ағашта екі-үш ақ шүберек желбірейді. Үйіктің құж-құж тастарының үстінде арқардың мүйізі, әулиеге түнегендер сойған малдың бастары жатыр. Жөнейіт тізерлеп отырып дұға оқыды. Дәулет те тізерлеп қол жайды. Жөнейіт аспанға жайған алақанымен бетін сипап сақалын уыстады, ернін жыбырлатып күбірлеген күйі орнынан тұрды. Әулиенің ағашына байлаған шүберектерді алып, шешініп шетіне не түйілгенін де көрместен қойнына тықты. Сосын аттарын жетектеп әулиеден анадай жерге аулақ кетісті. Төбенің басы азынап тұр. Екі аттың жалы уда-дуда, бұлардың да шапандарының етегі тізелерін сабайды.
Жөнейіт баласына әлі үн қатқан жоқ. Мынау оба — Темірбаба әулиенің моласы. Баяғыда Шопан ата Хорезмнен келгенде Темірбабамен дәл осы төбенің басында жолығыпты деседі. Онда көк теңіз қазіргісіндей шалқайып кетпеген: Темірбаба анау жатқан қотыр тастың басында аяғын суға малып отыр екен. Ту сыртында жаяу келе жатқан адамның дыбысын жер түбінен есітіп отырыпты. Қашан қасына келгенше бұрылып қарамапты. Жаяу жолаушы дәл көк желкесіне келіп кідіріп, сәлемдесіп үн қатыпты. Темірбаба теңізге қарап отыра беріпті. Шопан ата өз жөнін айтып, Темірбабадан да жөн сұрапты; Темірбабамен құдірет таластырғысы келетінік де білдіріпті. «Құдіретіңді әуелі өзің көрсет»,— депті Темірбаба. «Ендеше жүзіңді бұр,— депті Шопан ата.— Анау жайылып жүрген бір үйір қара құйрықты көрдің ғой!». «Көріп отырмын»,— депті Темірбаба. Шопан ата сол арада шөрелеп шақырған екен, үйірдің алдында құлағын қайшылап осқырынып тұрған ор теке маңырап жетіп келіп, етегін жалап жата кетеді. Шопан ата текені пышақсыз бауыздап, терісін сыпырып, сойып, жіліктеп-мүшелеп жайратыпты да тастапты. Сосын етін терісіне үйіп орап, үстінен алақанымен бір сипап өткен екен, теке орнынан атып тұрып, сілкініп-сілкініп алып, бір маңырапты да, анадай жерде жатқан үйіріне қарай шауып ала жөнеліпті. Енді кезек Темірбабаға тиіпті. Темірбаба балағын тізесіне дейін түріп, қарын жарып ыңыранып, ақ көбік атып жатқан көк теңізге қойып кетіпті. Кетіп барады, кетіп барады. Көк теңіз қарс айрылып, аяғының тиген жері қара жер боп қала беріпті. Сол бетімен барып-барып Шопан ата неғып тұр екен деп артына бұрылса, ол сәлдесін шешіп ап, бұлғалықты салып жатыр екен. Шопан ата сонда: «Әулиелігіңе сендім, бұдан әрі жүре берсең, көк теңізді жарып, дұшпандар келетін жол саларсың деп қайтардым»,— депті. Анау жатқан кішкене қара түбек содан қалыпты.
Ата-баба қызғыштай қорыған сол салхар сахара енді, міне, кім көрінгеннің қолында кетіп барады. Түрікменнің найзасынан кие қашып, боса берген соң, Темірбаба: «Мен өлсем осы төбенің басына жерлеңдер; дұшпанның иті енді менің молама сарымасын десеңдер, бұдан әрі бір елі шегінбеңдер»,— деп кетіпті. Содан бері беліне қанжар ілуге қауқары жететін еркек кіндік атқа мінер күн болса, Темірбабаның басына келіп кетпегі шарт.
Күн жеп, жел мүжіп - қабыршақтанып қалған қара жартас бүгінде белуарынан жерге сіңіп аласара түсіпті. Жартастың төбесі қалай болса солай кедір-бұдыр қалана салған дөңгелек қорған. Әулие адамның моласы әшекейленбек емес. Дөңгелек қорғанның ішінде жай адамның бойына келіңкіремейтін үш құлаштай ұзынша төмпек жатыр. Оны да жауын мүжіп шөгіп қалған. Қара тастарды қоңыр ала қына басқан. Осынау жермен-жексен боп жерге сіңіп бара жатқан әулие зиратта әзірге еңсе көтеріп, айбын шақырып тұрған қабырдың басына шаншылған сойдақ қара тас қана. Етім тірі дейтін еркек кіндік оны бір сүймей кетпеген. Марқұм бабасы Оғылан да көңілі қалып налыса да, көңілі тасып масаттанса да, осында келуші еді. Жөнейітті де талай ертіп келген. Кәрі батыр көк теңізге төбеден төніп қарауыл қарап тұрған жалғыз обаны көргенде көзі шоқтанып кететін-ді. Астында арғымақ, айдағаны аруана түрікмендей халық осындай-осындай анадайдан көзінен қағып, қайда барасың, қайдан келесің деп сұрау салып тұратын ата жұрнақтар болмаса, сайда саны, құмда ізі қалмай қайда тозып жүретінін кім білсін деп отыратын. Оғылан батыр кейде ата мекенінің ұшы-қиырсыз молдығына, қанша күн жортсаң да бір ұрттам су татырмай қаншардай қатыратын шөлдігіне масаттанатын. «Бір жағы құм, бір жағы шың, көк теңізден басқа суы жоқ, көкпектен басқа шөбі жоқ айна таз ала түз деп қомсынбаңдар. Осы құм мен шөл ырыстарың, әйтпесе, гүл жазира иранбақ болса кез келген тентек найзасын шошаңдатып күн бермес еді»,— дейтін. Дұшпан шөліңе де, құмыңа да қарар емес. Малы мен жанының ындынын ойлайтын жау атаңның аруағын, өзіңнің обалыңды қайтсін, қарны ашқанда әуелі бір пұшпағыңа жабысады да, сол арадан тойынған соң, жеріңнің төскейі мен қызыңның төсегіне қол салады. Күйінің бұзылатынын иттің пысқырғанынан, күннің бұзылатынын жылқының іш тартқанынан білетін аңқау халық сол бір аяр қолдың қыл бұғалықты жеңіне тығып жасырып кеп, бір күні үн-түнсіз ту сыртынан шап беріп, алқымынан сығып, аяғына жығатынын біліп құри ма, білмей құри ма — о да беймәлім.
Жөнейіт жөңкіліп жағаға ұрып жатқан көп толқыннан көзін айырар емес. Лепіріп жатқан теңіздің желі оның қап-қатты, тып-тығыз айыр сақалын қақпақыл қып ойнап, өндіршегін тырнайды. Батыр ақ айран теңізден жүзін бұрып баласына қарады.
Дәулет әкесінің мұнда неге ертіп келгенін іші сезіп тұрса керек, айтқаныңның бәріне де бас ұрам деген бағынышты қалып танытты. Жөнейіт жалма-жан Дәулеттің қолына жармасып, қайтадан Темірбабаның басына беттеді. Екеуі де тізерлеп дұға оқыды. Дәулет жерден бір уыс жаңа топырақ алып, Темірбаба төмпегінің үстіне тастады. Әулиенің басындағы сорайған сойдақ тасқа ертіп апарды. Ерніне теңізден ұшқан ашқылтым тосап сордың, күлімсі кебір топырақтың, күнге күйген қап-қара тастың күңірсік дәмі келді. Екеуі аттарын жетелеп төбеден түсті. Жөнейіт атына мініп жатып, баласының жүзіне алғаш рет тіктеп қарады. Дәулет тайсақтаған жоқ, әкесінің үнсіз сауалына байсалды, үнсіз көзқарасымен жауап берді. Жүргіншілер аттың басын ауылға бұрды.
Жөнейіт сол жолы баласына көңілі бітіп қайтты. Дәулет әкесінің көкейін айтқызбай-ақ таныды. Ауылға келген соң жиын-тойда мінетін сал күреңін босатып жылқыға қосты. Ер-тұрманын екі-үш күн желге қақтырды. Бұл тұқым жауға көк ат мініп шабатынды. Жылқышылар құйрығында бір-ақ уыс қара қылы бар көк ала бесті айғырды ұстап әкеп кермеге байлады. Бұл ауылдың атқа мінуден қалған ақсақалдары түгел келіп көріп, көк ала айғырдың құйрығындағы бір уыс қара қылды Алла тағалам айрықша жаратқан нысанаға жорып, бата берді. Баласының атын Жөнейіт өзі ерттеді. Көк ала айғырдың арқасына қара жөкеден шапқан, найза тіреуге ыңғайлы қасы биік, су жаңа ер салынды. Дәулет беліне қанжар байлап, иығына бесатар орама мылтық іліп, атқа мінгенде еркек жағы қанжығасына жабысып құтты болсын айтып қауқылдасты, әйел жағы еркектердің керме басында жүргенін пайдаланып, бет-аузын көлегейлеген шарқаттарының шетін түріп, киіз үйдің тесігінен жарақ асынып жайнап шыға келген иықты, тұлғалы нарт қызыл жігітке сұқтана қарасты. Естеріне қаза болған ұлдары түсіп кемпірлердің көңілі бұзылды. Ойларына қайдағы-жайдағы оралған кейбір келіншектер мен бойжеткендердің де көзі суланды.
Жөнейіт екі айырым сақалының ұшын біріктіріп сипап, көк ала айғырдың аяқ алысынан көз жазбай сынап қарап тұрды.
Дәулет нағыз мерген екен, бір топ жігіт ертіп, аңға шығып қайтып еді, қасындағы серіктерінің бәрі қайран қалып келді. Қылыш шабуға да ұста, семсер сілтесіне көз ілеспейді. Әзірге найза шаншуға орашолақтау; қолының қайратына сеніп, ердің қасына тіремей, аттың қос құлағының арасынан сүңгіте шаншуға әуес: оған шалымдылығы жетеді, бірақ қарсы келіп, қасқайып тұрып найзаласуға дәті бара бермейтін тайғақтау. Жөнейіт қанша үйретсе де, шіреніп тұрып қайта тартуға, я дұшпанды аспанға серпіп аударып кетуге шорқақ. Жауынгерліктің жөн-жосығына Қылыш пен Алпаннан ұғымтал. Бірақ олардан ықылассыз. Кейде насыбайы таусылған кісідей әлденеге аңырып, өзімен-өзі боп кетеді. Дегенмен Көкбөрі өлген соң елдің желге ұстары өзі боп қалғанын тез түсініп, тез мойындады.
Бірде Жөнейіт көрші ауылға барып қайтып келе жатып, ауыл шетіне іліге бере дутардың үнін естіді. Жұрт бұның үйіне дәт қылып кіре бермейтін; ауылда қалған адамның бәрі үй-үйдің көлеңкесіне шығыпты: қазан басында құрт қайнатып жүрген қатын-қалаш та жер ошаққа үңіліп мүлгіп отыр. Бұл да құлақ салып еді, тамыр-тамырыңды мұздатып әкетіп бара жатқан салқын саз екен. Таразының суығындай төбе құйқаңа дейін шіміркендіріп барады. Есіктен әкесі кіріп келгенде Дәулеттің перне бойлаған қолы кілт мүдірді, орнынан тұрып, әкесін төрге оздырды, қолындағы дутарын керегенің басына іліп қойды. Содан үш күн өткен соң Дүйімқараға жорыққа аттанды. Жөнейіт алғаш рет қол бастап бара жатқан баласын қасына ақсақалдарды ертіп төрт-бес қыр асқанша шығарып салды. Барып-барып қоштасып кері қайтты. Біраз жер жүрген соң артына бұрылып еді, көк сүңгілері көкке сүңгіп, құлт-құлт жорытып бара жатқан қолды көрді. Енді біраз жүріп барып артына бұрылып еді, жаңа ғана қол кетіп бара жатқан жерде сағым көтеріп аңдап-аңдап тұрған көп адыраспанды көзі шалды. Тағы да біраз жүріп барып бұрылып қарап еді, сағыммен шайқалған бұлдыр көкжиек бұлаңытты. Сол арада барып, кенже ұлымды алғашқы жорығына өзім бастап апарып қайтпаған екенмін деп опынды. Қасындағы ақсақалдар тобына ауыл-ауылдарына тарамай, Дәулет оралғанша қасында қала тұруға қолқа қылды.
Содан бері ұйқысы қашып жүр. Енді келетін уақыты болды деп кешелі бері қарауыл төбенің басына күзет қойды. Бірақ әлі ештеңе көрінген жоқ.
IV
Түс қайтты, ыстық басылды. Таң атқалы күл өңденіп тұрған аспан да аршылып, көгілдір тартты. Қарауыл төбенің басындағы сақшы сол баяғы қалпы.
Жөнейіт іргеден көзін аударып, үй ішіндегілерге қарап еді. Олар да серпілген. Қолдың осынша кешіккеніне ақсақалдар да абыржиын депті. Кенет іргеден қарауыл қарап отырған қайыс қараның иығы селк ете қалды. Жұрттың бәрі шұғыл соған мойын бұрды. Ауылдың күнбатыс бетінен дауыс шыққан сияқты. Жөнейіттің тұла бойы мұздап кетті; төрде нығыз отыр еді, екі-үш ұмтылып зорға тұрды. Бәрі де сыртқа шықты. Күн астынан мұнартқан шаң көрінді. Жорыққа кеткендер жолы боп оралса, әуелі қарауыл қараған адамға белгі беріп, ол сүйінші сұрап ауылға шабар еді. Ал мыналар әлденеге қарауылдан қаймығып бір бүйірден сау ете түсті.
Әне бір далбаңдап шауып келе жатқандар кім? Қақ алдындағы қара аттының найзасының ұшында бозараңдаған не нәрсе? Көк ала айғыр неге көрінбейді?
Екі-үш атты ауыл шетіне ілікті. Күн астындағы мұнар да қалыңдай түсті.
— Өй, бауырым!
Бүкіл күнбатыс жақ сарнап келеді. Ауылдың шетіне келіп қалған екі-үш шапқыншы аттарының екі бүйіріне алма кезек ауып түседі; бастарындағы сеңсең бөріктер көтертпей келе жатқандай бұлғаң-бұлғаң етеді.
«Өй, бауырымдаған» әжептарқы үн қасынан да шыққандай болды. Жаңа ғана жанында тып-тыныш тұрған ақсақалдар қамшыларының сабымен кеуделерін түйгіштеп, теңселіп жүр. Жөнейіт өңі қашып, мынау әлденеге аласұрып, бүгіліп, көкіректерін төмпештеп, екі шекелерін тарсылдата жұдырықтап, ерсілі-қарсылы сенделіп кеткен көп тобырды ерсі көргендей айналасына алая қарап, сазарып тұрып қалды. Анадай жерде Аннадүрді сақалын жұлып өкіріп отыр. Қатын біткендер қара шарқаттың астында ауға түскен сазандай бұлқынып, беттерін тырнап, бұның әйелі отырған қара киіз үйге қарай жөңкіліп барады. Кермедегі аттар шылбырын жұлқылап, жер тепкілеп, мама ағашты тістелеп шұрқырасып жатыр. Ит біткен ұрмай қыңсылап, құйрықтарын қысып ап, айдалаға бет-бетіне боса жөнелген. Арқандаулы боталар қазығын шыр айналып жүр. Тек мәңгүрт тұтқындар ғана иықтарындағы қаптарын да жерге түсірмей үйме тезектің қасында аңтарылып тұр.
Күн астындағы қалың мұнардың арасынан тырағайлап шауып келе жатқан аттылар шықты; олар шауып келген бойларында аттарынан домалап түсіп, мұның қасында тұрған ақсақалдарды құшақтай-құшақтай кетті. Құлағы тұнып, көзі бұлдырады. Аттылар шапқылап келіп жатыр, келген бойында домалап түсіп жатыр. Жұрт бірін-бірі құшақтап өкіріп зарлап жүр. Мына қым-қуыт жұрт мұның шарт түйіліп алған жүндес қабағынан ығар емес, қайта енді бәрі бұның өзіне қарай жабыла ұмтылып келеді. Әуелі ақсақалдардың біреуі кеп мойнына асылды; сол-ақ екен бұған қарай құшағын ала жүгіргендер көбейе берді. Бірінен соң бірі кеп құшақтап, мойнын да ауыртып тастады. Жұрттың сол айқыш-ұйқыш құшақтарының арасынан үйдің ту сыртындағы кере ағашқа жаңғыз байланған құйрық-жалы қыл түбінен қырқылып тоқырайып тұрған көк ала атты көрді. Төрт-бес жігіт үсті-басы шаң-шаң бірдеңені ағараңдатып үйге қарай алып өтті. Енді жұрт топылып үйге бас салды. Екі шал келіп бұны қолтығынан сүйеді. Жұрт қақ жарыльш жол берді. Бұл үйіне кірді. Ағаш үйдің қақ ортасында серейген шаң-шаң бірдеңе ұзыннан сұлапты. Жұрттың бәрі жүзіне үңіліп өкіріп жылайды. Жүзін көргендер өкірген күйі жөңкіліп сыртқа шығады. Жүзін көрмегендер сырттан: «Өй, бауырымдап» жөңкіліп кіріп жатыр. Бір кезде қайдан сап ете қалғаны белгісіз, қасында Дегенеахун бар Мәмбетпана кірді. Мәмбетпана кірген бетте мұның мойнына асылып, өкіріп қоя берді. Дегенеахун серейіп жатқан шаң-шаң нәрсеге үңіліп әлденелерді күбірледі. Сосын топылып жүрген халыққа қарап бірдеңе деп еді, олар үн-түнсіз сыртқа шыға бастады. Үйде тек ақсақалдар қалды. Дегенеахун енді бұған беттеді, дәл қасына, оң иығының тұсына келіп аузын жыбырлатты. Жөнейіт молланың сойдақ күрек тістеріне қарап қатты да қалды, тіс жарған жоқ.
Дегенеахун бұның жүзіне торыға қарады да, әрі бұрылып Аннадүрдіні қасына шақырды. Сақалын жас жуып кеткен Аннадүрді солқ-солқ жылап отырған күйі молланың айтқанына бас изей берді. Жеті-сегіз ақсақал серейіп жатқан шаң-шаң нәрсені қоршап тұр. Екі адам мұны екі қолтығынан демеп, Аннадүрдінің үйіне қарап алып жүрді.
Аннадүрдінің үйінде қанша отырғанын да білмейді; әйтеуір бір уақытта сырттан бір шал кіріп, қасындағы серігіне бірдеңе айтты, шидің арасынан селдір түсіп тұрған күннің қызғылт нұрын көрсетті. Екі шал бұны екі қарынан демеп сыртқа алып шықты. Дегенеахун сыртта тұр екен. Топылып жүрген халыққа күннің көзін сілтеп әлдене дейді. Төрт-бес жігіт асыға басып бұның үйіне кіріп кетіп, көп айналмай қара киізге серейтіп буып тастаған бір нәрсені алып шықты. Сол бойда оны екі жігіт иығына салып ап, ауылдың алдындағы қара жалға қарай жүгіре жөнелді. Ығы-жығы жұрт соңдарынан қуып берді. Жөнейіттің қасындағы екі шал да оны екі қарынан тартып сүйрелей-мүйрелей шұбырған жұрттың соңынан салды.
Қара жалға қарай қаптай жүгіріп бара жатқан жұрттың аяқ басқан жерінен бұрқ-бұрқ шаң көтерілді. Жұрт босып барады. Соңдарынан қара тер боп бұлар да келеді. Аршынды жігіттер киіз көтергендерді бірінен соң бірі қуып жетіп, екі-екіден иықтарына салып ап безе жөнеледі. Соңдарынан басқа жігіттер де тұра шабады.
Қара ауданның басындағы қауымға бұлар да жетті, күн де батты. Дегенеахун қасына он шақты жігітті шақырып алды. Жігіттер молланың айтқанына бастарын изеп, моланың күнбатыс жағындағы көп бұтаға беттеді. Барған бойларында қылыштарын суырып ап, кешкі ауаны зу-зу тілгілеп бұта шаба бастады. Ә дегенше құшақ-құшақ бұтаны қазылған қызыл топырақтың қасына үйді де салды. Серейген қара киізді шешіп, ішіндегі ағараңдаған бірдеңені анадай жерге кеңіске апарып қойды. Жұрттың бәрі намазға тұрды. Бір жігіт қалтасынан шақпақ тас алып, бұталарға от берді. Дегене ахунның күңіренген мақамынан басқа дыбыс жоқ. Жұрт үн-түнсіз намазға жығылды.
Екі-үш жігіт әлгі ағараңдағанды қабірдің қасына әкелді. Қабірдің ішінде тұрған екі-үш адам оны көтеріп ап, жер астына әкетті. Жөнейіт жайсыз жатып бастығырылып, қорқынышты түс көргендей. Қазір оянып кететін сияқты. Сонда мынау жабыр-жұбыр көрініс те жым-жылас жоғалатындай. Қабірдің ішіндегі жігіттер сыртқа шықты. Жұрт екі-үш жерден күрек ұстап, әлгінде ғана томпиып жатқан қызыл төмпек топырақты шұқырға құлатты. Біреу бұның алдына да күрек әкеп тастады. Қасында тұрған Мәмбетпана қолтығынан демеп, жерде жатқан күректі қолына алғызды да, қолының сыртынан қысып ұстап, бірер күрек топырақты қабірге тастатты.
Жөнейіт осы бір бастығырылған есірік түстен арыла алмай-ақ қойды. Көзінің алды бұлдырап, тұмандана берді. Бір уақытта барып көзін дұрыстап ашып, ес жиған болып еді, бұны екі қолтығынан екі адам демеп, дедектетіп келеді. Жұрттың бәрі жөңкіліп әлдеқайда безіп барады. Бұл елге жау тиген бе, немене... Бәрі неге жаяу, аттары қайда кеткен? Бұл не қып қапыда қалды? Ер Оғыланның бел баласы Жөнейіт батыр жауына осынша неғып басынтып жүр? Ауыл қайда? Қатын-бала не күйде? Мына жөңкілген жұрттың ішінде адасып жүр ме, Дәулет неге көрінбейді? Неге әкесінің қасына келмейді...
V
Сары ала етек күз келді. Жерге өнген қылтанақтың бәрі күйіп, қурап кеткен. Ала дөңдегі ауылдың үзік-туырлығын әбден күн жеп, құрым сасып тұр. Ауыл ебіл-себіл бір тіршілікте. Күні бойы қыбыр етпей үйді-үйінде жатып алады. Түс ауа, ыссы ішін тарта, еркек атаулы сыртқа шығады. Көлеңке бетке кілем жайғызып, төсек салдырады. Балаларына үйден сеңсең бөріктерін алғызады. Таң атқалы тас төбелеріне киіп жүрген алақандай дөңгелек тақияларын қолдарымен бір басып қойып, оның үстіне сеңсеңін киіп көреді. Намаздыгердегі ұзынтұра көлеңкелеріне қарап әрі тұрады, бері тұрады. Сосын қайтадан шешіп алып күнге ұстап, біте-міте түспеп пе деп түгінің арасын қарайды. Әр үйдің қасында бір-бір жөке таяқ қағылған. Сеңсеңді соның басына іледі. Қолдарына солқылдаған көк шыбық ап, сатырлатып сабай жөнеледі. Көздерінде от маздап, ынтшынтын сап қағады. Сосын қолымен тарайды. Әйтеуір, еркек біткен күн батқанша бөркімен әуре. Кешке балаларын жұмсап, жайылып жүрген аттарын алдырады. Ақалтеке серек мойнақ арғымақтар қашан ерттеп болғанша тықыршып зорға тұрады. Аты ерттеліп болған соң, түрікмен жөке таяққа ілулі бөркіне барады. Қолына алып тағы бір тінте қарап шығады. Үйден кесемен су алдырып, ернінің ұшымен ептеп сеңсеңге су бүркеді. Сұқ қолына қондырып, төрт-бес рет шыр айналдырып барып басына киеді.
Үзеңгіге аяқ тиюі мұң екен, арғымақ басын кекшеңдетіп, анадай жерге ырғып кетеді, сол екі ортада шабандоз да ытқып ер үстіне қона қалады. Бөркі едірейіп маңайына масаттана қарап қояды. Сосын әрқайсысы жылмиған тегістіктің әр бағытын бетке ұстап шауып ала жөнеледі. Қатқыл қара дөңнің өне бойынан өрген жіп-жіңішке.таспа шаң жыландай жылжып, зулап ағып бара жатады.
Қазір жер қуаң. Түйе біткен өріс іздеп жердің түбіне асып кетеді. Мәңгүрт қазақтар жаяу барып айдап келе қоятындай жерде емес. Ауылда қалған боталардың зары миыңды жеп, сай-сүйегіңді сырқыратады.
Күн батады. Ай туады. Сүттей жарық түн. Жаңағы көл-көсір көкжиектен әлденелер қылт-қылт көрінеді. Түйенің боздағаны, аттың пысқырғаны шығады. Манағы жан-жаққа шапқылап кеткен кәп салт атты түйелерін айдап айдың астында құлтылдап келе жатады. Ойнақты мүсін теке арғымағының жылтыр сауырында жалт-жұлт етіп айдың нұры ойнайды.
Ауылдың күндегі тірлігі осы. Бір шеттегі құрым күркеде кісенде отырған тұтқын жігіт мынау аз ғана қимыл-қыбырдың әрқайсысын қалт жібермей, сарыла қарап қызықтайды. Содан басқа ермегі де жоқ. Қолына кісен түскеніне, міне, қырық күннің жүзі бопты. Содан бері мұның маңына бұл ауылдан ешкім келіп көрген емес. Бастапқы кезде екі-екі жігіттен күзетіп еді. Кейін бір-ақ күзетші қалып жүрді. Бүгін қайтадан екеуін жіберіпті.
Қазақтың кісісі өлген қаралы ауылы біреу келіп, біреу кетіп күніне сан мәртебе жоқтау айтылып, абыр-сабыр боп жатады. Бұл ауыл тас түнеріп алған. Келіп жатқан да, кетіп жатқан да ешкім жоқ. Бұл маңайдағы түрікменнің бәрі Дәулет әкелінген күні келді. Бұлар оны бір күн қонақ қып, оң жаққа қойып күзеткен де жоқ. Келген Пойда жерлеуге әкетті. Олардың ғұрпынша өлген кісіні түн асырмай күн батқанша жерлеп үлгеру керек. Әйтеуір өліктің ертеңге қалдырмай бетін топырақ асырғаны сауап. Жөңкіліп әкетіп еді, моладан да жөңкіліп оралды. Қабірден қайтқандарға табақ-табақ ет тартылды. Оны аузына алған ешкім болған жоқ. Қызығын осы ауылдың иті көрді. Бүкіл ауыл сол жолғы бір күнгі жөңкілістен соң мүлгіді де қалды.
Анау ортадағы қара қоңыр үйдің көк желкесінде байлаулы көк ала арғымақ тұр. Оны анада Дәулет жерленген күннің ертеңіне құйрық жалын шолтитып өріске қоя берген-ді. Бүгін қайта әкеліп байлапты. Түрікмендер көк ала арғымақ байланған керме ағаштың маңына барғыштай береді. Әне көк арғымақты шешіп те алды. Ауылдың алдыңғы жағына қарай алып кетті.
Тұтқын жігіт күзетшіге тіл қатты.
— Анау тұл арғымақты қайда апара жатыр?
— Сояды. Бүгін Дәулеттің қырқы ғой. Жан-жақтан кешелі-бері бірлі-жарым аттылар келіп жатыр. Жөнейіт сыртқа шыққан жоқ. Бұл баласы өлгелі Жөнейіттің сыртқа шығып, атқа тақым салғанын көрген емес. Ту сырты мен қақ маңдайына қара үзік жапқан қаралы үйге анда-санда маңайдағы көрші ауылдардан ақсақалдар келеді. Бірақ қаралы үйге отырып жарымайды. Көп ұзамай кермедегі арғымақтарын қайта шешіп жатады. Ара-тұра бұның күркесінің тұсынан өтеді. Сонда әлденеге бастарын шайқап, қауқылдасып бара жатады.
Ел жатып қалған соң күзетшілердің табанынан тозып қақшиып тұра беруден жалығып бұнымен тілдесетіні бар. Олардың айтуынша Жөнейіт баласы өлгелі ешкімге тіс жарып, әлі ештеңе айтпапты. Дәулет өлді дегенге сенбей, жерлеуден келген соң да, бір аптаға дейін қарақшы төбенің басына қарауыл тұрғыздырыпты. Атасы Айладырдың бар жақсысы жиылып кеп басу айтпақшы болған екен, айыр сақалын салалап меңірейіп тұра беріпті. Кеше ғана Аннадүрді бастаған бір топ шал барып, Дәулеттің қырқы болғанын айтыпты.
Мұның да мынау қара күркенің құрым иісін иіскегеніне бүгін аттай қырық күн. Дәл осыдан қырық екі күн бұрын арқар қуып көк бауырдан шығып еді. Ел үсті жиын-той, сауық-сайран жүрістен де жалықты. Жас кезінің өзінде-ақ ырду-дырдуға құлықсыз еді, ылғи оңашаны аңдып, шеттеп жүретін. Күйшілік өнер оны дәйім алқалы топқа итермеледі.
Ел іші қашан да жиын-жыбыр. Әсіресе түрікмен екі орта ылғи дүрбелең. Ауылдар бір күні бөріктерін аспанға атып, ақ түйенің қарнын жарып, ұлан асыр той қылып жатса, ертесіне қара жамылып қан құсып отырады. Әдетте екі бала асыққа төбелессе, ит терісін бастарына қаптайтын, ересектер жұдырық сермесіп, бет жыртыспай-ақ бірін-бірі жарып салады. Бір-біріне неден жазып қалғанын өздері де білмейді. Қан соқта боп арпалысып, айқай-таласқа түсісіп жүрген қара жерге екеуі де құлайды, екеуі де шіриді; ұрыс даласында шашылып қалған сүйектері сол күні қираған қылыштың, найзаның сынығымен бірге, сол күні түскен аттың тезегімен бірге біраз уақыт жатады да, бір күндері бәрі де топыраққа айналады. Кеше ғана көкіректеріне сыймай, дүниенің төрт бұрышын қайта қондырып шықпаса тыншымайтындай лепірген өр жүректері ессіз жонның құрт-құмырсқасының аузында кетеді. Екеуінің артында қалған екі жетім бала ер жеткен соң әкелері өлген соғыстан тірі қалған екі еркекке еріп келіп, енді олар алысады; олар да бір-біріне тісін қайрайды. Олар жермен қоса баяғыда қызды-қыздымен бастарын жұтқан екі өліктің де кегін кектейді. Ол екеуінен туған балалардың істейтіні тағы сол. Қара жерге бәрібір. Адамдар пайдам дегенін қылсын. Тірі жүрсе тірі жүргендерін ауырсынбайды, өлсе өлгендеріне қиналмайды. Әйтеуір, олар бір-біріне қанша кеуде қағып, асып-тасқанымен бұдан басқа барары жоғын жақсы біледі. Адамдар бірін-бірі жеңсе жеңер, бірақ бұны жеңе алмайды. Жер бетінде қанша қырғын соғыс болса да жеңіс жердікі. Ол үстіне сиыспаған адамдарды астына ап, оп-оңай-ақ сиыстырады.
Бұл адамдардың соны неғып ұқпайтындарына таң қалады. Шетінен жер түбіндегіні қозғап, өжектеп шыға келеді. Өздерінің жұмыр басы мен ошағының үш бұтының пайдасына бастары жетпей жатып, әлдеқашан сүйегі қураған аруақты айтады. Аруақ түгендейміз деп жүріп, өздері де аруаққа айналғандарын білмей қалады. Тәңірінің көл-көсір жаратқан жеріне қаралай сиыспай қырылысады да жатады; табиғаттың небір жайсаң жадырап, мейір шашқан күндерінде қойнындағы жарын, қолындағы ұлын, қорадағы малын қызықтамай, біреудің іргесін бұлдіріп кеп, енді өзі іргеге құлағын түріп, дүсір мен дүбірді аңдып, сыбыр шықса құдайдың қасық қара суын да шашалып жұтып отырғаны.
Сонымен тұрмай жанжал-жағаластан сәл қолдары босаса, қойдағы қошқар мен қорадағы итті таластырып қызықтайды. Көңіліңнің желі, қолыңның ебі болса өзіндей екінші біреумен ұстастырып қояды. Олар бір-біріне ұқсас екі жан иесінің қатар жүріп, қатар тірлік құрғанына өш. Қалайда бірін-біріне құртқызбақ. Олар тәңірінің берген екі көзі,екі қолы, екі аяғын да көпсініп, біреуін оққа ұрындырып жүреді. Осы бір күн ұрыс, бір күн егес көрмесе жарылып кете жаздайтын адам пақыр ақыры жаңғыз басын жалматып барып зорға тыншиды. Күні кеше оны әр нәрсеге ұрынтып арам терге түсіріп жүрген қасындағы көп тобыр енді көз жастарын көл қылып жылайды, зар еңіреп жер төбелейді, көктегі тәңіріні қарғайды, өздерін қарғайтын ешкім жоқ. Олар мейлі жылай берсін. Жыламақ түгіл көздерінен қара қаны ақсын — жұбатпау керек, жылату керек. Жұбатсаң жұбанып алып, жаңа ғана жылағаны есінен шығып, сойқанға тағы кіріседі. Бұл адам деген хайуанның көзінен жас шыққанда барып, көкірегіне ақыл келеді. Олардың көзі жастан айықса, көкірегі ақылдан айрылады.
Тұтқын жігіт жал мен құйрықтан ада боп, ақылсыз адамдар өшін алу үшін пышаққа жыққалы апара жатқан тұл жылқының соңынан қарап соны ойлады. Жаңа ғана жүрегін запыран боп қысқан ащы ойларынан адасып, көкірегі кеуіп, қос шекесі шымырлап, жүйкесінің бәрі босап, саусақтарының ұшы дірілдеп, өңі қашып, сұрқайып кетті. Қырық күн кісенде отырғаны қажытты ма, әлде жаңағы бір ойлар қажытты ма — одан да бейхабар. Тұла бойын тер буғандай тәні бір ысып, бір суып, талмаусырап, әлденесі ұмыт қалғандай жан-жағына алақтай қарады. Қасынан көрінбей қолына түспей тұрған нәрсенің не екені де жадына оралмай қойды. Қолын ербеңдетіп бірдеңе сұрап еді, екі көзі Жөнейіттің үйінде тұрған күзетшілер оны көрмеді. Бұл дал болып тұрып қалды. Біреу жеңінен тартты. Қараса — Аннадүрді. Екі күзетшіге әлдене деп ымдайды. Бұл ештеңеге түсінген жоқ. Кісені сылдырап екі күзетшінің алдына түсе берді.
Бүйірлі қоңыр үйдің іші тылсым тыныштық. Бұны әкеп есіктен кіргізгенде ешкім тырп еткен де жоқ, тіл де қатқан жоқ. Тұтқын жігіт қақ төрде мелшиіп отырған қудай аппақ сақалды кісіні Жөнейіт шығар деп жобалады.
VI
Жөнейіттің үйі қырық күн бойы кісіден құр тұрмады. Содан бері төңірегіне назарын тіктеп, құлағын түргені бүгін. Қаба сақалды үш түрікмен жігіт тұтқынды әкеп кіргізгенде бажырайып қарап қалды. Есіктен боп-боз боп қуарған, шілмиген арық, қара кісі кірді. Еңсесі еңкек, аласа бойына симайтындай ебедейсіз ұзын қолдары тізесіне сәл-ақ жетпей тұр. Кірген бетінде босағада тоқтап қалды. Маңайына көз де салған жоқ. Ісініп кіртиіп кеткен қысыңқы қой көздерін төрге қадап қатыпты да қалыпты. Бас игісі келмеген асқақ тұтқын деуге назары сынық. Құдды мынау өзіне үнсіз телмірген көп жандардан көзін алып қашқандай, кереге басына тесіліп тұр. Оны үйге әкеп кіргізген жігіттердің бірі қолынан ұстап, ортаға, ошақ орнына оздырды. Ол аяғын сүйрете басып, ортаға келді. Жігіттер қолындағы кісенді ағытып, орындарына кетті. Тұтқын сілейіп тұра берді. Дәулеттің құны қылып әкеліп жүрген тұтқындары осы ма?
Жөнейіт оң жақта отырған көп сеңсең бөріктерге шаншыла қарады. Кәрі батырдың қаһарынан ықтаған көп бөрікті шалдардың ішінде отырған Аннадүрді жаққа көз тастады. Аннадүрді үнсіз орнынан тұрып сыртқа шығып кетті. Жөнейіт көзін енді тағы да тұтқынға аударды. Тұтқын сол керегеге қарап телмірген қалпы. Өзі есі ауған, ақылынан адасқан біреу емес пе — өңінде тәкаппарлық та, үрей де, қорқыныш та жоқ, бұрын ұшырасып көрмеген бір жұмбақ жүз. Өндіршегі сорайып жұтынып қойды. Сырттан Аннадүрді кірді. Қолында қара шүберекке ораған дутар сияқты бірдеңесі бар, әкеліп тұтқынға ұстатты. Тұтқын Аннадүрдінің қолындағы қара шүберек қапты нәрсеге аңтарылып біраз тұрды. Боп-боз жүзіне, теңбіл-теңбіл қан жүгіріп, таңданды ма, қорқып кетті ме — әйтеуір жаңағы бейжай күйден айықты. Әлдене айтқысы келгендей ернін жыбырлатып еді, аузы қиыспады. Аннадүрді ұсынған қара шүберекке батылсыздау ұмсынып, қолына алды. Сосын малдасын құрып отыра кетті. Бір шөкім боп шөкті де қалды. Кішкене шақша басын қырын бұрып, маңайына енді көз салды. Жұрт жаутаңдап Жөнейітке қарайды. Тұтқын қара шүберек домбыраны қолына ұстап көріп аз ғана үнсіз отырды. Біраздан кейін барып құлағын бұрады. Ешкімде үн жоқ. Аннадүрді де аяғының ұшынан басып орнына озды. Тұтқынды үйге кіргізген жігіттер де босағаға барып тізелерін бүкті. Жылқы сойып жүргендердің күбір-күбірі мен қан-жынға таласқан иттердің ырылынан басқа сырттан да дыбыс естілмейді. Шаңырақтан көлбеу құлаған май тоңғысыз күзгі шуақ тек туырлыққа ғана түсіпті. Жөнейіттің құп-қу жүзі үй ішіндегі ақ шаңқан жарыққа сіңіп, еміс-еміс қылаңытады. Қауқиған қара сеңсеңі ғана міз бақпай дүрдиіп тұр.
Тұтқынның төңірегіндегі қаумалап отырған кісілерде де, қақ алдында сазарып отырған Жөнейітте де шаруасы болмады. Домбырадан қолы шығып кете жаздапты. Көптен қыл арқан буып, кісен қиып, ісініп, көн тақаланып кеткен саусақтары перне сайын бір сүрініп, малтығып жүр. Домбыра да қақсып күйінен жаңылыпты. Қапелімде үні түзеле қоймады. Құлағын қанша бұраса да тарғыл дыбыс тазарып кетпеді.
Домбыра шіркіннің де не күйі тасып барады дейсің! Анада Көкбауырдан шыға келген жерінде дауыс сап даланы басына көтеріп келе жатқан көп түрікмен бұны қоршай алды. Баяғыда күй тартыса келген Дәулеттің ат қосшылары болса керек, бір-екі түрікмен көрген бойда бұны танып қауқылдаса женелді. Әсіресе бір имек қара қол басына мұның домбырасын көрсетіп, көп өзеуреді. Жүздері суық қалың жасақтың арасында қаннен-қаперсіз тұра берді. Айдалада өзімен-өзі боп, аң қуып жүрген бейсаубат аңшыға тиісе қоймас деп еді. Қолдың қауқылы көбейіп кетті. Бұның көкірегіне үрей кірді. Сонда да сыр бермей шыдап бақты. Бір-екеуі қасына келді, әуелі мылтығын тартып алды, сосын домбырасына қол салды. Сол сәтте бұл домбыраның осы кеткені шығар, қайтып қолына түспес деп ойлаған; содан бері көкірегіне құса боп қатқан бір сыры ішінде өзімен бірге кете ме деп қорқып жүрген-ді, соны сыртқа шығарудың орайы енді келген сияқты.
Жөнейіт тұтқынның тұла бойындағы әр қыбыр-қимылды қалт жібермей қадағалап отыр. Еңкіш тұтқын бала емізген әйелдей басын бауырына алып домбырасының асты-үстіне түсіп емініп апты. Сала-сала жіңішке саусақтары сексеуілдің шырпысы тәрізді, бір шайнам ет жоқ, сылдырап сүйегі ғана қалыпты. Мына тұтқын күй тартатын кісінің сыңайы емес, қолындағы қу ағашты тұла бойынан түк қалдырмай сипалап, есі кетіп елітіп отыр, ештеңемен ісі жоқ. Әй, бәсе, есі дұрыс жан жаудан азалы қайтқан қолдың жолында тұрар ма? Кенже баласына ертіп жібергені қол емес, өншейін бір көп шуылдақ болды ғой. Дәулетжандай арыстың өтеуіне әкеліп жүрген адамын қарашы! Мынау тұла бойында бір шайнам еті жоқ, кісі көрер көркі жоқ, бір жапырақ құр сүлдерден өш қайта ма? Өзі таз неме болмасын. Әне бір тер сасыған қоңыр телпек бас терісімен бірге жаратылғандай кептетіле қалған екен. Самайдағы ақ аяңы әлі арылмапты, қаспақтанып тұр. Жөнейіт тұтқыннан көзін аударып оң жақта отырған көп түрікменге қарады.
Олар бұдан қаймығып не істерін білмей жанарымен жер шұқып кетті. Домбыра әлі тып-тың. Тұтқын әр пернені бір басып, құлағына тосып, ыңын тыңдап көріп, ығысып кеткендерін орнына апарып, әлі жайбарақат отыр. Сеңсең бөріктің ауырлығы енді сезілді. Көбінің төбесіне шып-шып тер шықты. Тұтқын қылдырық сап қара домбырасын қырық шұқиды. Жөнейіт те міз бақпайды. Қаралы үйге жиылған қарайған жанның бірінде сес жоқ.
Қара домбыраның тарғылы енді тарай бастады. Қос ішектен есіліп шыққан қоңыр саз әлі бір арнаға түспей қашқалақтап жүр. Тұтқынның пәлен күннен көкірегіне қонақтаған көп құса, көп нала, көп ойы көмейіне кептетіліп, сеңдей соғылып, опыр-топыр жөңкіліп, өлі сараланып болмаған. Арбасқан сезімнің қайсысына көнерін білмей қырық құйқылжыған кәңіл қапелімде күй түйе алмай жатыр. Мынау моладай жым-жырт қаралы үйде қабырғасын кеміріп, жүрегін мүжіген зіл батпан қасіретті сездіргісі келмей, қабағынан қан жауып, қарайған халықты қаңтарып отырған қаһарлы шал тұтқынды көзімен атып жеп барады. Баяғы қол бастаған кескінінен айрылмай, айбатын жоғалтпай сызданып бағады. Кенже баласы мерт болғанда екі-үш күнге дейін есіне келе алмағанын да, Дәулет әлді дегенге сенбей, бір апта бойы қарақшы төбеге қарауыл қойдырғанын да, үйіне бата оқып келіп-кетіп жатқан адамдардың ешқайсысын жыға танымағанын да, баяғы дөң айбаттан айрылып, келеден босаған көрі үлектей күлге шөгіп қалғанын да — бәрін де ұмытқансиды. Қайтадан айбын шақырмақ, қайтадан қаһарына мінбек; енді мынау не істерін білмей абдырап отырған көп тұнжыр қабақ, сынық жүздері қайтадан серпілмек. Тағы да қол жиып, тағы да атқа қонбақ. Кек қумақ. Тұтқын күйші көкірегінің сонау ең түкпірінен бас көтерген ыза мен ашуды лап еткізіп теге салғысы келді. Бірақ одан мынау меңіреу батыр не ұғады? Мына жаман неме ашулана ма, қайтеді-ей, деп миығынан күлер де, апарып көп тентегінің қолына беріп, қылышқа жем қылар. Мұның зығырданы қайнаған ызалы күйін тыңдап, желігі тіпті қозар.
Домбыраның шегін ортан қолымен шертіп қалып еді, қарағай шанақ бір күрсініп қойды да, күңіреніп ата жөнелді, тепсінбейді — жер түбіндегіні қозғап тебіренеді. Әлгінде ғана сексеуілдің сояуындай аңдап-аңдап тұрған сойдақ саусақтар да ауаға еріп кеткендей көзге түспейді, тек қара шанақтың қақпағын желпіп әлдене ағараңдайды. Күйші сәл бір қырына бұрылса да, ешкімге, ештеңеге көзін тіктемеген, өзімен-өзі. Тұла бойында екі қолдан басқада ешқандай қимыл жоқ. Қараңғы күркеге қамалып, күн көрмей қуаң тартқан сұрғылт жүзі сол баяғы ызадан да, реніштен де атымен ада сынық қалпы. Қысыңқы қиықша көзі де бұлдырап көрінеді. Күңіренген күй мына отырған күйшінің қолындағы домбырадан емес, айдаладан желмен ығып келіп жатқан сияқты. Жөнейіт күйкентайдың балапанындай күйкі күйші тұтқынның көкірегінен ақтарыла төгіліп жатқан сиқыр сазға аңтарылып отыр; бірақ сыртына сыр шашпады, шаншылып алған қаһарлы қалпын бұзбады. Қара шанақтың қақпағының үсті еміс-еміс бұлдырайды. Күмбіреген қоңыр үйдің ішінде мелшиіп-мелшиіп тізілісе қалған көп дудар бөріктер де, қақ ортада шоқиған тұтқын күйші де бір қара мұнар буалдырға айналды.
Әуелі жасқаншақтап шыққан жаңа күй бірте-бірте ширығып, серпіліп, көшеленіп келеді. Көмейіне кептелген ыза-реніш те, мұң-нала да былай ығысып, бір кейуана саз төгілді. Құсаға тұншыққан қапалы жүрекке басу айтқан көсем атаның көкірегінен шыққан сөздей ақылды да аялы саз. Ол біраздан бері ел ішіндегі ырду-дырду, ұрыс-жанжалдарды көре жүре, тап осылай бір ақтарыла сөйлеуге талай рет оқталса да, қапелімде көмейіне я реніш, я ыза — әйтеуір бір пенделік сезім кернейді де тығылып қалады. Қолын бір сілтеп, өзімен-өзі боп кете барады. Оңашаға шыққан соң да ойы ойран боп тыншу таба алмайды. Түрікмендер ауылында тұтқында жатқанда да көп толғанып, көп тебіренді. Азаматын жоғалтып аза тұтып жатқан елге, баласынан айрылып қасірет қапқан атаға әлдене айтқысы келіп, көңілі елегізіп, құлағында сан қилы сарындар оянса да, күйді тыңдап, ойын ұғар құлақ жоғын біліп, білегіндегі шықырлаған темір кісенге телміре қарап шөгіп-шөгіп отырып қалады. Әлгінде ғана аласұрған асау көңілі де жуасиды. Сондайда қолымда әттең домбыра болар ма еді деп армандайды. Бірақ талайлардың құлағын арбаған мына екі қолына ендігі қалған санаулы ғұмырында бедірейген темір кісеннен басқа не жуыр дейсің деп торығады. Сонда құлағына күрсінген деміне ілесе күңіренген үн келеді. Бір сәт ызыңдап тұрады-тұрады да, біраздан соң о да сейіледі. Тағы бір тебіренгенінде тағы бір саз оянады. Қолында домбырасы жоқ болған соң, о да жым-жылас жоғалады. Күйшінің қолыма домбыра енді бір түссе, кеудесінде жаны бар тірі пенденің қай-қайсысының да өле-өлгенінше көкейінен кетпейтіндей қылып бір күй тартып берер едім деген құштары күшейе түседі. Жаңа осында әкеп кіргізгенде кереге басындағы дутарды көріп, аңсары ауып кетті. Көптен көкейін тескен арманы екі .аттам жерде, көз алдында тұрғанын көргенде ақылынан адасып, абдырап қалды. Мынау бедірейген безер жандар оны бәрібір алып бермейді ғой деп әбден бақ кешіп тұрған-ды, қолына өзінің домбырасы түсті. Пәлен күн өрісте түнеп қап, ботасына енді оралғанда қанша еміренсе де есін жия алмай, тамыры түйіліп, сүті байланған аруанадай қапелімде бұның да қолы икемге келмей, көкірегі саздан айрылып, домбырасын шұқылап ұзақ отырып қалып еді. Қолындағы өз домбырасы екеніне әбден көзі жеткен соң барып, басын жерден көтерді. Қақ алдында отырған Жөнейіттің жүзін де сосын көрді. Мына көп құлаққа айтсам деп толғанып жүрген сыры да сол перзентінен айрылып, күйік тартып отырған кәрінің қаумалаған халқынан қасіретін жасырып, қаһарлы, тас-түйін, қайратты көрінгісі келген түрін көзі шалған соң барып ойына оралды. Саусағын бөгеп тұрған тұсау да сосын шешілді.
Жөнейіт бір сәт күйшіден жүзін тайдырып, күй тыңдап отырған жұртқа көз тастады. Жаңа ғана бұның қасы мен қабағын бағып, тырп етерге дәрмені болмай отырған момын көп енді күйшіге ентелеп қалыпты. Дудар бөріктің астында ылғи ызғар шаша қарайтын шүңірек көздерден де ашу ыдырап, елітіп отыр. Дүрдиген-дүрдиген сеңсең бөріктерден басқаның бәрі жұмсарыпты, бәрінен де айбат қашыпты. Мына отырған қалың тобыр дүниеде Жөнейіттің барын атымен ұмытып кеткендей. Әрқайсысының да жүзіне бір-бір тесіліп, тінте шолып шықты, бұған қараған, бұдан сескенген ешкім көрінбеді. Көкбөрі байғұстың күйші-бахшы да бір, жын-пері де бір деп күйіп-пісіп жүргені рас екен ғой; жын арбамаса мына жұрттың осынша естері кетер ме еді! Жөнейіт көкірегін кеулеп бара жатқан әзәзіл ашуды жасыра алмады. Күйшінің жүзіне кіжіне қарады.
Күйші көңілі сабасына түсіп келеді. Ешкімге назар салмаса да, жұрттың көзі өзінде екенін сезіп отыр. Халыққа айтарыңды осындай ықыласы ауған кезде айтып қал. Ел көріп, жер көріп жүргеніңде көкірегіңде түйгеніңнің бәрін де айт. Құлта қалдырма. Тәңірінің тегін жері мен тегін ауасына таласып қырылып бара жатқан мынау жұмыр басты пенделердің босқа арамтер болып жүргенін де айт. Адам қашан өзінің алақандай төріне көңілі толғанда ғана пейілі кеңитінін, кісінің өз пейілі кеңімей тұрып, жер де, ел де кеңімейтінін, шаншылған бас пен шашылған сүйектің ешбір елге ешқашан да шекара бола алмайтынын, адам өз бауырындағы бала мен өз қойнындағы жарын жарылғай алмай тұрып, көрші-көлеміне көңілі жібімей тұрып, байтақ елі мен күллі жұртына еш жақсылық жасай алмайтынын айт. Адамшылықтың басы — аяушылық. Аяушылық жоқ жерде адамшылық та жоқ. Өзің ешкімді аямасаң, өзіңді де ешкім аямайды. Өзің бөтен елге жасанып барсаң, жараланып қайтқаныңа ызаланба! Ол үшін көктегі құдайды да, жердегі жауыңды да қарғама, өзіңді-өзің қарға! Жат жерде көргеніңе бола өршеленбе, қайта тәубеңе кел! Адам, адам қалпыңа келсең сонда келесің; әйтпесе, етіне ащы тырнақ, өткір тіс батқан сайын өрелене, өршелене түсетін сен де бір хайуансың. Айуан екенің бар, өзгеден адамшылық күтпе! Өткеніңе өкінбе, көргеніңе кіжінбе! Осы айтқандарымды ұғып отырсыңдар ма, жоқ әншейін, мынау қаралы үйде мүлгіп-қалғып отыруға жалыққан соң бір сәт көңіл алдарқатқандарың ба! Түзікке түсінетін құлақтарыңыз бар екен, соны енді көкейге түйер құлықтарыңыз бар ма? Қазір ұғып, ертең ұмытып, қазір жылап, ертең есіріп жүрмейсіңдер ме? Әй, қайдам... Сен бейбақтар осы дүниеге келгелі тауқыметті де аз тартқан жоқсыңдар, бармақты да аз тістеген жоқсыңдар. Бірақ содан не пәтуа шығардыңдар? Жабырқасаңдар — адамсыңдар, масайрасаңдар — хайуансыңдар. Кісі қай мінезіне тұншығып, қай қасиетіңді медет тұтар...
Күйшінің көмейіне жас тығылғандай болды. Домбырасының да даусы бір сәт егіліп шыққандай. Манадан бері міз бақпай отырған Жөнейіт тап осы арада бір мырс етті. Ол күйші өзіне рахым тілеп отыр деп түсінді. Қаһарлы қалпын бұзбай тұтқын күйшіге бұрынғысынан да кәрлене қарады. Күйші де жүзін тіктеді. Қысыңқы тұнжыр көзінде жалбарыныш та, реніш те, ыза да жоқ. Бірақ бұған тесіліп алған. Қайтер екенсің көрейін деп сынап-мінеп отырған кісідей ішіп-жеп барады. Қағысынан жаңылар емес. Күй сарыны баяғы. Тек жаңағы бір мөлт тамып, тыиыла қалған көз жасындаи сәл егіліп кеткен тұсы болмаса, сол бұрынғы салқын сарын. Анада Дәулетжаны адайға аттанарында оңаша күй тартып отырған жерінде үстінен шығып қалып еді. О да бір осындай сай-сүйегіңді сырқыратқан салқын саз болатын. Бұлар мүнша неге күңіренеді? Мүддесі не? Тұтқын күйші бұның жүзіне әлі қадалып отыр. Көзін айырар емес. Бұның өңіндегі сәл өзгерісті өзінше өлшеп-пішіп отырған шығар.
Жөнейіт сыр білдіргісі келмеді. Айыр сақалы салбырап, күйшіден көзін жалтартып, маңдайша жаққа қадала қарап отырып қалды. Соңғы айда сақал-шашы мықтап ағарыпты; маңдайдағы, екі ұртындағы әжімдері де қазыла түскен. Көзінде шөлмектей шытынаған ашу тұр. Бұл жаратылысынан қатты қатыгездігінен емес, әлденеден әбден ашынып, бірдеңеге белді бекем буған ызаның нышаны. Жаратылысынан қатты кісінің ашуы ылғи бір қалыпта, міз бақпай тұратын ақ көз ашу. Жөнейіт қанша зілдене бергенмен, оның бет-әлпетінде бір түрлі бұйығы мұң да бар. Қансыраған, жарақатқа ашынған ызалы аңның ашуындай бұ да омырып тастамай тынбайтын томырық, қатерлі ашу. Жаралы аңды жарасынан түртсең құтырынып кетеді. Ызалы адамды да ызасына тие берсең, бұрынғыдан да өшіктіре, өршелендіре түсесің. Жаралы аңды жарасынан сипап райдан қайтарсаң, жаралы адамды да алыстан орағытып, ақылға шақырып, сабасына түсіресің.
Домбыраның үні былпып майда шықты. Құлақты қытықтар жұмсақ әуез көңіліңе қонақтаған сайын көкірегіңді тілгілей түседі. Әлдебір әзәзіл сезім азғырғандай. Жөнейіттің жүйе-жүйесінің бәрі босап барады; ширыққан жүйкесі жібектей есіліп, құрыстаған арқасы кеңіп сала берді. Бұл не? Жөнейіт түсінбейді. Әне бір қойшының торсығындай қара шанақ, мынау бір шөкім күйкі күйші не деп азғырады? Анада қолында қалған ақырғы медет — кенже ұлынан айрылғанына анық көзі жеткен күні де тап мынадай сүйегі еріп, сүлдері құрымап еді ғой. Әлденеше күн бойы ең мен түсін ажырата алмай есеңгіреп жүріп бір күні керегенің басындағы Дәулеттің дутарын көрді. Қасына қылыш пен найза да ілініпті. Қылыштан да, Алпаннан да қалған тұл қылыш, тұл найза. Дәулетті ауылдың ақсақалдарын жиып, батасын алып, кек ала арғымаққа мінгізген күні осы екеуін өз қолымен апарып иығына өзі аспап па еді. Ендеше, үйде Дәулет жоқта бұл екеуі керегенің басында не бітіріп тұр? Бір де бір иесінің қолына құт болып қонбаған мынау жалмауыз қылыш пен жалмауыз найза соңына ерген тігерге тұяғы Дәулетжанының да басын жұтқаны ма? Әлденеше күннен бері жүру-тұрудың не екенін де ұмытып қалған Жөнейіт орнынан атып тұрып, қылышты да, найзаны да ошаққа ұрып сындырған-ды. Керегенің басында жалғыз қалған тұл дутарға тимеген. Көптен бері ашуланып көрмеген жүзі түтігіп, иегі сақылдап, жұдырығын түйіп үнсіз кіжінді, тісін қайрады. Пәлен күн бойы қалғып кеткен сана, ыза, кек, тапталған намыс — бәрі бір күнде, бір сәтте оянып, өне бойын жарыса кеулеп, зіркілдетіп алып барады. Санасы алғаш оянғанда жадына оралған ойды көкірегіне шор етіп мәңгі түйіп қалған-ды. Кәрі Жөнейітте енді не қауқар қалды, құйрық-жалдан түгел айырылды дейтін болды-ау кешегі дұшпандары... Сол күні пәлен күннен бері төңірегін қымтап келген дел-сал мұң ыдырап, орнын қаһарлы қасірет, қалшылдаған ыза жайлаған-ды.
Домбырашы одан көзін айырмады. Енді күй өз тізгінін өзі алып кетті. Қара шанақтың көмейінен лықылдап төгілген майда әуезге өзі де құлақ түріп, еліге тыңдап отыр. Пәлен уақыттан бері ішқұса боп келгендегі айтайын дегені де осы емес пе? Ешкімге жалынып-жалбарынбай да, зекіп-жекірмей тап осылай баппен байыптап сыр шертіскісі келіп еді ғой. Жұрт ұғып отыр ма, жоқ па — әйтеуір, ұйып қалыпты. Сырттағы қыбыр-қимыл да тынған. Бағанадан бері еңсесін түсірмей сексиіп-сексиіп тұрған сеңсең бөріктердің де бір қатары жығылыпты. Ақсақалдар жағы бастарын көкірегіне алып мүлгіп кеткен. Есіктің алдындағы еңгезердей күзетшілер де қаһарынан айрылып, қажыған қалып танытады. Қамшыларының сабына сүйеніп, пәлен күннен бері өздері күзетіп келген тұтқынның саусағынан өріп жатқан майда қоңыр әуезге елтіпті. Оң жақта соңғы шапқынға барып қайтқан сарбаздар да салбырап отыр. Төрдегі Жөнейітке де, ортадағы күйшіге де алақтамай әркім өзімен-өзі.
Қай-қайсысының да құлағына мына бір саз жағып барады. Баяғыда бесікте жатқандарында аналары күңіренетін көйгөйге ұқсайтын тәрізді. Ертең жорыққа аттанамыз деген күндері төсін көз жасына малшып шығатын әркімнің ақ некелі жары да тап осылай сай-сүйегіңді сырқыратып, қанша қатты болам десең де, жұлын-жүйкеңді иітіп әкететін ексік аралас қолқа қылушы еді ғой! Бес қаруыңды асынып белдеудегі атыңа барғанда, сыртқа шыға алмай үйде жермешел боп қалған кәрі атаң мен әжеңді, құлынымдап үзеңгіңе жабысқан анаңды, маңыңа келе алмай, үйдің арғы қапталында, белдеу арқаннан қос қолдап ұстап алып, екі иығы селк-селк етіп солқылдап жылап тұрған уыздай жарыңды, не болып жатқанын, жұрттың неге жылайтынын біле алмай жаутаңдаған жас балаңды көргенде, тап осылай егілмеуші ме едің?! Көз жасыңды сыртқа шығармай, жүрегіңнің басына домалатып, қамшыңды қаһармен жиып, онсыз да ойнақшып.тұрған атыңды аямай тартып-тартып жіберіп, шікірейіп шаба жөнелсең де, дымың ішіңде боп булығып, осы жолы аман-есен оралар-оралмасыңның неғайбыл екенін сезіп, көкірегің ит жыртқандай тызылдап бара жатпаушы ма еді. Сонда ошағыңнан айырып, от-ойранға салған қас дұшпанға ішіңнен қарғыс жаудырып, қаныңа қарая түсетінсің. Алдыңнан дұшпан ат ойнатып шығады. О да тісін қайрап, еміне төніп, құлаштай шабады. Сенің де аруағың қозады. Алдыңда тұрған адам екен деп тіпті де ойламайсың; оның жары, ошағы-отаны атымен жоқ сияқты, жүйкесі талып, жүрегі сыздамайтын секілді. Оны аяй алмайсың. Мына жердің бетінде тірі жүргізбейді, тезірек көзін құртқың келеді. Омақасқан атты, домалап түскен дұшпанды, шапшып аққан қара қанды көргенде өшің қайтып, өзегіңе толып келген өксік ыза бірден серпіледі. Көзіңде ұшқын ойнап, көкірегіңді жел сүйеді. Бұрынғыдан да еміне шабасың, бұрынғыдан да еліге шаншасың. Сөйтсе, дұшпан да өзіңдей екен ғой. О да сендей пенде екен. О да артына қалған үй ішіне, ойрандалған отанына тап сен құсап егіледі екен. О да мынау орынды-орынсыз ұрыс-жанжалға түсіне алмай дал болатын кәрінеді. Шынында да бұл не тірлік өзі? Жаңа ғана дәл жаныңда жайраңдап шауып келе жатқан қыршын боздақтың енді бір қарағаныңда жау атының астында жайрап қалғанын көргенде сен де осылай тітіренетінсің. Кеу-кеулеген қалың көптің ортасында жүргенде делебең қозып желіккенмен, өзіңмен-өзің оңаша қалғанда сен де тап осылай таусыла тебіренетінсің. Өз ісіңе өзің ренжіп, ызаланатынсың. Адам сөйлегенінде көкірегі қан қақсап тұрса да қаһар төгіп, ішінен егіліп, ет-жүрегі езіліп бара жатса да дөң айбатпен әкірең-әкірең етіп, сырын сыртына шаша бермейді. Ал мына күй жалған сөйлей алмайды, ішіне құлта сақтауды білмейді, жанындағысын жалтармай жайып салады.
Күйші емініп отыр. Жыланмен арбасқан бақсыдай көзін Жөнейіттен айырмай, домбырасының үстіне төне түсіпті. Қара шанақтың пұшпақ-пұшпағында қалған сиқыр саздардың бәрін сауып жатыр. Қара шанақ күңіренеді, тебіренеді. Қай-қайдағыны айтып, жаныңның қалтарыс-қалтарысын қазбалайды. Қылқылдап қыр соңыңнан қалмайды. Мынау рақым сұрап аяғына бас ұрған жалыныш-жалбарыныш емес. Намысыңды қасыған таба да емес. Сай-сүйегі неге сырқырайды? Мынау жалба-жұлба тұтқын баяғыда Дәулетжаны тартқан салқын сазды қайдан біледі? О да тап осындай әлдекімді ақылға иліктіре алмай таусыла күңіренбеуші ме еді, талмаусырап егілмеуші ме еді? Апырау, Жөнейіт мықты еді ғой. Ай бойы аза тұтып отырғанда алқымына жас тығылған кезі бар ма еді. Тап осы қазір бұл осынша неге жасып, неге жуасып отыр? Бұл босаса, мынау соңына ерген көп найза бет-бетімен босып кетпей ме? Әне, бәрінің де басы салбырап қалыпты. Көкбөрі күйді тегін жек көрмепті. Дүлей батыр әйелдің дауыс қылғанына, бахшының дутар шалғанына шыдай алмаушы еді. Зекіріп тыйып тастайтын. Тыя алмаса атына мініп өзі аулақ кететін. Жөнейіт, бекем бол. Қолыңда қалған жалғыз перзентің жер құшқанда да қаққан қазықтай қалшиып, сұсыңнан айрылмап едің ғой. Мынау әзәзілге де ішіңді алдыртпа.
Күйші қадалып алған. Домбыраның қос ішегін еміне сауып, есілтіп отыр. Қара шанақтың көйгейі көкірегіңді қысып, ырқыңды алып барады. Қанша қатты болсаң да иліктірмей қоймайтын өз көкірегіңнен шыққан ерке сәбидей еліктіріп, ерітіп барады. Жүрегі шымырлады. Көмейі бітіп, көзінің алды жыбырлап кетті. Дәулетжаны тап осылай қылқылдаса қабағынан қар жауып отыра алар ма еді? Мына күй қыршын кеткен боздақтарын, қаңырап қалған қаралы шаңырағын, жападан-жалғыз қуарып қалған қу басын — бәрін-бәрін есіне салды. Жөнейіт күйшімен арбаса беруден қаймығып, көзін жоғары қашыртты. Үйдің қазандық жақ үзігінде екі уықтың арасына ала жіп керілген-ді. Дәулеттің жамбасы жерге түскен күні қырық күлше пісірілген еді. Осы үйде құран ашып жатқан Дегенеахун күнде кешқұрым соның біреуін алдырып, есіктен аттағандарға дәм татыратын. Әне, содан жаңғыз-ақ күлше қалыпты. Ол да бүгін жоқ болады. Сөйтіп, бұның Дәулетжанын есіне түсіретін нәрсенің бәрі азая бермек. Бір күндері оған енші нәрседен тек көне қауымның ішіндегі бір құла қоңыр төмпек қана тиеді.
Күй тынды. Күйші домбырасын сылқ еткізіп тізесіне тастай берді. Тәкаппар батыр көзінен ыршып кеткен түйдек жасты сүртуге арланды. Екі айғыз жас мұртының шалғайына ілігіп, одан тамшылап сақалына құйылды.
Қаршығадай шүйліккен күйші де еңсесін түсірген жоқ. Маңдайына шып-шып шыққан терін сүртпеді. Кәрі батырдан әмір күтіп отыра берді.
Ең алдымен есін жиған Жөнейіт болды. Қарсы алдында көп жаумен бір өзі айқасып, бәрін де жайпап, қырғын далада жалғыз қалған батырдай өңі қашып жадап-жүдеп, қалжырап күйші отыр. Үй ішіндегі көп түрікмен әлі мең-зең.
Жөнейіт үндеген жоқ. Күйшінің жұпыны киімін де, жадау жүзін де әбден қадағалап алды. Сосын ақсақалдар тобына көз тастады. Жұрт емексіп қалды. Жөнейіт қайтадан бойын тіктеді. Мана тұтқынды әкеп кіргізген жігіттерге ымдады. Олар орындарынан тұрып, тұтқынның қолына қайтадан кісен кигізді, екі қолтығынан демеп тұрғызып, сыртқа алып кетті. Үй іші сілтідей тынған. Жұрттың көзі Жөнейітте. Жөнейіт әлі түсін берер емес...
VII
Жермен-жексен бұжыр қорған бұл налып келеді екен деп бүлк еткен жоқ. Ішіндегі көш құлаш төмпек кебірі езіліп, сұлбасынан айрылып барады. Себелеп құйған қара нөсерден айылын жимаған тек сойдақ сояу қара тас қана.
Жөнейіт әулие үйіктен тайғанақтап әрең түсті. Ертұрманы малмандай су болып қалыпты. Тақымына жабысып, удай ашытып барады. Қара нөсердің селдір пердесінің ар жағынан теңіз түксиеді. Бүгінде оның да жалы жығылған; баяғы айбатынан айрылғысы келмей, төбесінен шылп-шылп төмпештеген мазасыз тамшыға жөн көрсетіп селсоқ аунақшиды; мынадай лайсаң күні белінің құяңы ұстап төсекте төңбекшіген беймаза кәрідей ара-тұра ыңыранып та қояды.
Ат миы түсіп езіліп жатқан кебір саздан аяғын әзер алып, қара жолдың етегіндегі қақ тұрып қалған тастақ қатқылға шатқаяқтап зорға жетті. Толарсақтан су кешіп ауылға беттеді. Былайырақ шыққан соң көк теңізге жетіп жығылып жатқан келте жалға қарап еді, әулие үйік қара нөсерден бас сауғалап қалғандай көзіне түспеді. Жөнейіт жүзін бұрып түзеліп отырды. Төңірегі бетінде құла дүздің тосабы, қоңызы мен құмырсқасы, қураған шөптің қиқым-сиқымы қалқып жүрген қара су. Аттаған сайын шалп етіп шашырап ат қапталын жуып кетеді. Әдетте көл-көсір көсіліп жататын құба дөң себелеп құйған күзгі нөсердің күлгін пердесі қымтап бір уыс боп қалыпты.
Жөнейіт бұл сапарынан мұңайып қайтты. Шер таратқалы барып еді, бұрын да жыртық күркедей ызынаған күңгірт көңілін онан сайын құлазытып жіберді. Мойынынан су сорғалаған кебір төмпек айбыны жоғалып, тым жүдеу, тым жұпыны көрінді. Елден береке кеткен соң, әулиеден де аруақ қашайын дегені ғой. Сонда бұл мынау әбден жүні жығылып, берекесі безіп, бейжай тартқан самарқау дүниеде елден ала бөтен жаңғыз өзі жау жағаласпен жүрген есер біреу болғаны ма... Сонда күні кеше жау десе еліріп шыға келетін ереуіл елі қанжарымен сүйек мүжіп, найзасымен от кесеп, ошақ күзетіп қалғаны ма?
Ызғыған қара дөңде ши қорамен күзеуде отырған қоңырқай ауылға түс ауа жетті. Атының тізгінін алдынан шыққан Аннадүрдіге ұстатып үйіне кірді. Сосын қайтып ешқайда ұзап шыққан жоқ.
Иінінен су кетіп қара күз өтіп барады. Күн сайын жаңбыр жауады. Даланың ащы жусаны әбден малшынып, түбі қазылып қара сояуланып алған. Түн суығы ширақ. Таңертең шептің басынан бу ұшып, маңайды сұрғылт буалдыр бүркейді. Күн түстете айнала аршылып, ашық кәк аспан жалтырайды. Тек сонау терістік көкжиектегі бүк түсіп жатып алған қара мұнар ғана ыдырамайды. Киіз үйлерге сырттан ұстаған жалаңаш шилер су өтіп қоңырайып-қоңырайып көрінеді. Күндіз ауылда қалатын азғантай бота-тайлақ күн көрінгенде анадай жерге өрістеп шығады да, күннің сыңайы бұзылса ауылға қайтып келеді, киіз үйлердің алақандай тар ықтасынына сыймай тістесіп қырылып барады. Күн жылтыраса жұрттың бәрі бүрсектеп сыртқа шығады. Кемпір жағы маңдайын шуаққа беріп, ұршық созады. Ондайда Жөнейіт те бір сәт ауылдан ұзаңқырап шығып, ауа жұтып қайтады. Сонау көкжиекте қыбыр-қыбыр қарайып мал жүреді. Ащы іздеген аруаналар алыс жалдарды төскейлеп әлдеқайда маңғыстап барады. Құралайын өргізген үйір-үйір киіктер түстікті бетке ұстап, бұл өлкеден әлдеқашан безіп кеткен жаймашуақ жазды артынан қумақ. Аяғы ұзынның бәрі жақсы өріс, жайлы өлке іздеп әлек. Тек мынау бүріскен ауыл ғана іргедегі көңнің иісін алып омалып отыр.
Түс ауа терістіктен бір ызғырық сыз келеді. Аспанды бұлт торлайды. Жұрт қайтадан үйге тығылады. Үй ішінің де сәні шамалы. Су отын пыс-пыс етіп жана қоймайды, көз көрсетпес көк ала тұман.
Жөнейіт қақ төрде төсекті қалыңырақ салғызып ап, жатады да қояды, не күні бойы міз бақпай шаншылып отырады. Оң жақтағы ер тұрманы әбден ыс сіңіп, сарғыш тартыпты. Дәулеттің қырқы берілгелі бұл үйдің келім-кетімі азайды. Кемпірі келі түйеді, жіп иіреді, әйтеуір намаздыгердің көлеңкесіндей боп ертеден қара кешке дейін көлбеңдейді де жүреді. Бетіне ел қарамаған батырдың хал-ақуалын сұрауға о да қаймығады. Алғашында өз-өзімен томсарып алған Жөнейіттен сыр тартпақ болып, ағайын арасының ақсақалдары келетін еді. Кәрі батыр салғырт тілдескесін олар да есіктен қарауды қойып барады. Күнде түскі шайдан соң Аннадүрді соғады. Әлдене айтқысы кеп кіреді де, інісінің қырыстаған қабағын көріп, іштей таусылып, үн-түнсіз біраз отырады. Сосын басын бір шайқап, орнынан тұрып, шығып кетеді. Кешке қарай Аннадүрдінің баласы Құрбан аттайды. Кемпір екеуі екеуден-екеу тамақтарынан ас өтпей отырған кезде келген балаға кәрі батыр тіс жарып, дін ашпаса да ызғар шашпайды. Бала батырдың дастарқанына келіп, бірге шай ішеді. Бықсыған отты үрлейді, тезек қалайды. Кемпір мен шалға ауыл-үйден естіген хабарын айтады. Жөнейіт маңдайын қазан астындағы оттың табына төсеп үнсіз отырады. Бала айтып отырған сөздерінің құлағына бірі кіреді, бірі кірмейді. Құрбан әр неменені бір сылтауратып, қипақтап кетпей қояды. Сосын Жөнейіттің көзін ала беріп, кемпірге ымдайды. Кемпір де қипақтап шалының бет-әлпетін байқатпай барлап алады. Шыдамы таусылған бала көп болса қамшының астына алар деп дутар ілулі керегеге құйрығымен жылжып жақындай түседі. Жөнейіттің бұрылып оған қарайтын түрі жоқ. Бала не істерін білмей аңтарылып біраз отырады. Сосын сесін шығармай орнынан тұрады. Жасқаншақтап қолын керегенің басына созады. Дутарды қолына алады. Қара қапты дутарды ұстап тұрып қалады. Көзін Жөнейіт жақтан айырмайды. Жөнейіттің онымен жұмысы жоқ. Бала дутарды құшақтап қайта отырады. Қабын сыпырады. Дутардың өзін көргенде көзі жайнап кетеді.
От басындағы Жөнейіт қазанның астында лыпып жанған қу тезектен көзін алмай ойға шомып отыр. Жаздай күн жеп ақ қылшықтанып қалған қу тезек қау шөптей маздап жанады, сәлден кейін-ақ жаңа ғана қол басындай боп дөңкиіп жатқан жападан бір шөкім күл қалады. Отты қағыстырып түртініп жүрген күйе-күйе көсеу қауқиып тұрған жапаның күлін қағып жібереді де, орнына басқа тезек қалайды. Енді әлгінде ғана тезектің үстінде теңкиіп жатқан алақандай құрғақ жапаның күлін таба алмайсың. Ол мынау қай тезектен, қай жападан түскені беймәлім қобырсыған көп күлдің ішіне сіңіп жоғалады. Бірін-бірі жалмап жатқан бір дүние. Үлкені кішісін жоқ қылады; күштісі әлсізін жоқ қылады. Ертең ол үлкенге одан да үлкен, ол күштіге одан да күшті жолығады. Сөйтіп, шеті жоқ, шегі жоқ бірінің басын бірі алып жатқан аласапыран тірлік. Сонда мынау мігірсіз қимыл-қыбырдың, итжығыс алыс-жұлыстың мәні не?
Қазан астындағы қызыл таптың денең жайылып сала беретін жайлы қызуы бар, қанына дейін дарып, өне бойыңның бәріне тарап, маужырата түседі. Бірақ Жөнейітке бүгінде о да әсер ете алмайды.
Ту сыртынан әлдене дың етті. Жөнейіт жалт бұрылды. Құрбан шоқ басқандай дутардан қолын тартып ала қойды.
— Бар, әкет! Үйіңе апарып дыңылдат!
Бала дутарын құшақтап, есіктен зыта жөнеледі. Жөнейіт жаңа желі салып келе жатқан ойының жүйесінен адасып қалып, қасындағы жастыққа шынтақтап жата кетеді.
Кемпір қазанын түсіреді. Бүгінде бұл үйде баяғыдай о шеті мен бү шеті ат шаптырым боп шалқып жататын дастарқан жоқ. Екеу ара алдарына алақандай майлық орамал төсейді. Оның үстіне кертік ернеу тегеш жайғасады. Жөнейіттің асқа да тәбеті шамалы. Қоңыр тегештегі еттің қара жоңқалау бір-екеуін аузына салады да, қолын сүртіп, кейін шегіне береді. Сорпаны да тек ерніне тигізіп кері қайырды. Кемпірі дастарқанын жинайды. Ошақта өлеусіреп солғын бозарып жатқан қоламтаға шылапшын төңкеріледі. Көп ұзамай қазан аяқ жақтағы сығырайма шырақ та сенеді.
Жұрт бұлардан кейін жатқанымен бұрын ұйықтайды. Айдаладағы оңаша ауыл ұйқыға кетеді. Күздің жібіскілеп жерге жетіп болмайтын сірке жауыны түндік тысырлатады. Содан басқаның бәрінің де жағы қарысқан, ауылдың иттері мен бота-тайлағы да ықтасын тауып ап, бұйығып үннен қалған. Тысыр-тысыр... Тырс-тырс... Қоңыр үйдің сыртындағы көл-көсір ұшан далада бұдан өзге дыбыс жоқ. Мынау жібіскі жауын кеудесінде жаны бар жәндіктің бәрін ініне қуып тыққан.
Бұның күні-түні құлағы түрік. Біреу ауыл-аймақтың хабарын айтса, маңай тыныштық екенін естиді де, қалғанын тыңдамайды. Көптен бері Мәмбетпана әулеті де ат-ізін салмай кетті. Шамасы, бай ауылдың жылқысына жаңбыр мен желден басқа тиісуші болмаса керек. Әне бір шамада Аннадүрдінің аңда жүріп бір аңшы қазаққа жолықтым, Дүйімқараның ауылы ала қырдан ойға құлап, қыстауына оралыпты деп келіп еді. Одан бері де ай боп барады. Сонда бір серпіліп, біразға дейін төңіректен тың тыңдап тықыршып жүрді. Оның кәнігі кәрі құлағына саздауыт ала дөңде жер түбінен дүңкілдеп естілетін көп тұяқтың дүсірі келмеген соң қайтадан қамығып қалды. Анада бір күні таң алдында көзі ілініп кеткен екен. Қай жігіт екені анық есінде жоқ, әйтеуір, осы ауылдың бір жігіті жер түбінен дүсірлетіп шауып келеді, алыстан қолын бұлғалақтап, бірдеңе деп айқайлайды. Терістік көкжиекті сілтейтін сияқты. Бұл қуанып кетті. Дүйімқара қол жиып келе жатыр екен деп, атын іздеп, айналасына қараса қаңғырма хайуан тұсауымен шапшып, ту сонау жер түбіне кетіп қалыпты. «Атты әкел!»— деп еді, дауысы шықпады. Екі қолы ербеңдеп, бастығырылып жатқанын көріп, кемпірі оятып жіберді. Көзін ашып алды. Көрші үйдің қатыны келі түйіп тұрып, ауылдың сыртында бота жетелеп жүрген баласына айқайлайды. Бала да жер түбінен шырылдап бірдеңе дейді. Содан бері Дүйімқара өш алуға келер деген дәмесі өшіп келеді. Сыртынан оны әрі батыр, әрі бай деп еститін. Бір көзі жауда, бір көзі малда жүретін неме мынадай сылпық күзде намысты қайтсін; қорасының маңынан шыға алмай жүрген шығар. Дүйімқара тым-тырыс. Күйшінің құнын іздеуші болмады.
Жөнейіт төсегінде бір аударылып түседі. Бұл енді шамалыда ұйықтай алмайды, жамбасына тас батқандай аунақшиды да жатады. Күйшіні жазалап қайтқаннан бері осы үйдің төсегіне ошаған өскен сияқты. Бұрынғы жорықтан оралғандағы егін орып келген диқандай құлағын кесіп алса да оянбайтын қатты ұйқысының қайда қалғанына өзі де таң. Қазір басы жастыққа тисе болды, есіне, ең алдымен, шамалыда ұйықтай алмайтыны түседі де, көз алдына құж-құж қалың бұталы қара түлей сайрап келе қалады. Сол қазан шұңқыр қара түлейді ернектеп Маңғыстаудан шығып бір жағы Хиуаға, бір жағы Балханға баратын үш тармақ айдау қара жол өтеді. Қара жол қашан да өткіншісіз тұрмайды. Бұл Дәулеттің қырқын берген күннің ертеңіне қасына қырық жігіт ертіп сол қара түлейге беттеді. Тұтқын күйшіні де атқа мінгізіп алып жүрді. Олар түлейге түс ауа жетті. Қас қарайғанша түлейге сіңіп тасада жатты. Ол күні қара жолдан әрлі-берлі өткен өткінші көрінбеді. Ымырт үйіріле түлейден шығып, қара жолдың бойына жетіп, аттан түсе-түсе қалысты. Көз жетер жерде қарайған ештеңе жоқ. Екі-үш жігіт қанжығаларынан күрек суырды; білектерін сыбанып жер қаза бастады. Көп жігіт қойсын ба, кісі бойы тік шұқырды көзді ашып-жұмғанша опыр-топыр қазып тастады. Тұтқын күйші аттан түсірілді. Екі жігіт оны кісендеулі күйінде шұқырдың ішіне салды. Күйші айналасына алақ-жұлақ қарағанмен, ешкім оның жүзіне назарын тіктемеді, қызыл төмпекті шұқырдың ішіне қайта ата бастады. Жігіттер басын жерден көтермей шұқырды тез көмді. Қызыл төмпек жым-жылас жоғалды. Шұқырдың орнында күйшінің мойны ғана қылтияды. Тұтқын бұларға ләм-мим үн қатпады. Жігіттер атына мінді. Айдалада айдау қара жолдың бойында жаутаңдаған қос жанар тасыр-тұсыр шауып бара жатқан аттының соңынан көз алмай қарап қала берді...
Ертеңіне ауылда қараң еткен жан болмады. Қара сорпа бүйірін соғып қалған аттар да ауылдан алысқа ұзап жайыла алмады.
Жөнейіттің есігінен де кісі қарамады. Төр алдында аунақшып жатты да қойды. Құдайдың күні әзер батты. Үй арасындағы аяқ дыбысы да ерте басылды. Күннің қызылы сембей жатып түндіктер жабылды. Ауылдың желкесінде аттар пысқырады. Желіде ауық-ауық бота ыңырсиды. Жапан түзді өзірейілдей төнген зіл батпан тыныштық басқан. Ішінде қырық аунақшып, қырық күрсініп адамдар жатқан қараңғы үйге түндік пен үзіктен саңылау тауып, найзадай шаншылып сөуле төгіледі. Жөнейіт көзін жұма береді де қайта ашып алады. Төңірегіне құлақ түреді. Жым-жырт. Тағы да көзін жұмады. Тағы да қайта ашып алады. Түн ортасы ауғанша дөңбекшіді де жатты. Түн орталады-ау деген кезде көзін күшпен жұмып, құс жастыққа көміле түсті. Төбесіне тылсым түн төнген. Сырт сүттей аппақ жарық бір түрлі елегізеді. Үрей ме, басқа ма — оны өзі де білмейді. Жата қалып тағы да тың тыңдайды. Үйдің алдындағы мәңгүрт қазақтар терген үйме тезекке байғыз қонды. Әрі-бері шықылықтап отырды да, ұшып кетті. Сосын ауылдың ана шетіне барып шақырды. О да тынды. Қайтадан жым-жырт тыныштық орнады. Мұның ұйықтай алмай жатқанын біліп, кемпірі күрсінді, жақын маңайда індігеш болу керек, кебежені тышқан тықырлатады. Кенет айналадағы мынау оқшау ауыл сонша қорқынышты көрінді. Төрт сағанақ пен тал шаңырақты паналаған мынау бейқам жандарға жасанып келген жау түгілі осындай жым-жырт түнде бейсаубат жүрген жолаушы да, оқыс пысқырған ат дыбысы да үрейлі екен. Жөнейіт бір түрлі қылтылдаған қайық мініп аласұрған көк теңізге алғаш шыққан кісідей, үміттен гөрі үрейге беріліп, құлазып қалды. Мұндай ой өмірінде көкірегіне бірінші рет оралып отыр. Ол көзін ашып керегенің басына қарады. Айдың жарығынан қақ төрде ілулі тұрған қылышын көрді. Жүрегі енді басылғандай. Бірақ бәрібір ұйқысы келмеді. Тағы да елегізіп, сыртқа құлақ тікті. Ауылдың алдыңғы жағынан түлкі үрді. Қара ауданның басындағы қауымға өлексе жеуге келген ит-құс болса керек. Ырылдасады. Шақ-шақ үреді. Түні құрғыр ұзақ екен. Ұйқы да келмей қойды. Ойына тұтқын күйші оралды. Манадан бері есіне алғысы келмей әр нәрсеге алаңдап бағып еді. Бәрібір болмады. Сүттей аппақ айлы түнде айдалада ұзыннан-ұзақ ақсиып айдау жол жатыр. Жол бойында жер астынан мойны ғана қылтиып күйші тұр. Көзі жаудырап, бұлар кеткен жаққа әлі қадала қарайды. Қарсы алдында қара түлей қарауытады. Мынау сүттей аппақ ай нұрынан жердің беті бозғыл тартқан. Сол жап-жарық кеңісте қара түлей бұрынғысынан да үлкейе түскендей. Зәресін ұшырады. Әне, қара түлей жазғытұрғы жайылма судай зорайып бірте-бірте жақындап келеді. Күйшінің сонау жер астындағы қара бақайына дейін мұздай тер шыққандай болды. Пәлен күннен бері тірсегінен түспеген шынжыр кісен жер астында да жіліншігін шағып барады. Жан-жағынан топырақ қысқан арса-арса кеудесіндегі жүрек дүрсілі мынау жеті қат жердің өзін дүбірлетіп бара жатқандай. Күйші көзін түлейден аударып, жер түбінде бұлдыраған бұлыңғыр көкжиекке қарайды. Ештеңе көрінбейді. Кенет тағы да елегізеді. Тағы да түлей жаққа көзі түсіп кетеді. Қара түлей жаңағысынан гөрі де жақындай түскен сияқты, тіпті қасына келіп қалғандай. Күйшінің көзі адырайып барады. Ересен қап-қара бірдеңе жан-жағынан қаумалап келеді. Аяқ басқан алапат дыбысы да құлаққа естіліп тұр. Күйші шыңғырмақ болады да, онсыз да жер танабын қуырып жақындап қалған қара түлей даусын естісе, бұған тұра жүгіретіндей, көмейіне кептелген жан даусын кері лықсытып, үнсіз қалады. Сол екі арада көңіліне үміт қашады. Мынау жылжып жақындап келе жатқан қара түлей емес, мана мұны тірілей жерге көміп кеткен көп салт атты шығар. Тұтқынның көзін қорқытайық деп көмуін көмсе де, артынан аяп, қазып алайық деп жол ортасынан қайтып келе жатқан болар. Күйші қара түлейге тесіле түседі. Ат дүсірі емес ияқты. Бір алапат аяқ сонау жер астынан қозғалғандай, тіпті жақындап қалған. Әне, ұйысып жатқан қалың қарайғанның шетінен бөлініп, ұсақ бірдеңелер жыбырлап келеді. Тіпті таяқ тастам жерге жетті: күйші таныды. Айдаладан адамның иісі шыққан соң сүмеңдеп тартып келе жатқан түлейдің ішіндегі қасқыр, қарсақтар екен. Күйшінің жер астындағы денесі түгел түршікті. Қазір жетіп келіп шақыр-шұқыр қадала кететін ашқарақ тістерді анадайдан танып, тұла бойы тітіркеніп кетті.
Жөнейіт орнынан атып тұрып, төрдегі қылышына қол созды. Жұлып ап қасына, көрпесінің астына тықты. Әр бұдырына дейін көзін жұмып тұрып танитын өз қынын тас қып қысып-қысып қойды, әлгі әлем-тапырық елестер енді тарағандай болды. Бірақ көкірегін дүбірлетіп, әлдеқайда қашып шыққалы бұлқынып жатқан кәрі жүрегі шамалыда басылар емес. Қылышын бауырына басты. Төңірегіне құлағын тігіп еді, жымжырт. Кебежедегі тышқандар да ініне кеткен. Мола жақтағы түлкі, қарсақ та тыныш тапқан. Дәулет қайтыс болғалы иесіз қалған, бұрын кемпірі отыратын қара үйде ұйықтап жатқан мәңгүрт қазақтар ғана тістерін қайрап, ышқына қорқырайды.
Жөнейіттің көкейіндегі әлгі бір оқыс қорқыныш ыдырағанмен, бірте-бірте иірімге тартып бара жатқан үрейлі ой ыдырамады. Тұтқын күйшіні тірілей көмбегенде не болар еді?
Жөнейіт тағы да аударылып түсті. Иә, сонда не болар еді? Бұл жұрттың бәрінің күйші тұтқынға көңілі кетіп қалғанын көрді. Ендеше, соны көре тұра мынадай қатыгездікке неге барды? Байғұс күйшінің жазығы қанша? Аннадүрдінің айтуынша Дәулет ана жылы адайға барғанда осы күйшімен күй тартысыпты. Ылғи тең түсе берген екі күйішіні: «Екеуіңнің өнерлеріңе де сөз жоқ екен. Шын жүйрікке дара шапқаннан, қатар шауып, намыс қоздырар бәсекесі болған жақсы»,— деп бір ақылгөй ақсақал әрі қарай сайыстырмай қойыпты. Дәулеттен айрылып, бұған не беттерімен көрінерін біле алмай келе жатқан қол, айдалада өзімен-өзі ат үстінде жүрген аңшыны көреді. Ана жылы Дәулетке еріп адай барған бір жігіт күйшіні тани кетеді. Ол жасақ басына күйші қазақты Дәулеттің құны қып әкетейік деп ақыл салыпты. Әттең сол жолсыз жасаққа күйші емес, адайдың аспанға түкірген көп адуын батырларының біреуі іліксейші. Онда ол неменің етін турап итке тастаса да, тап осындай тынышы кетер ме еді, қайта төбесі көкке жетіп рақаттанар еді ғой. Кегі түпкілікті қайтпаса да, әйтеуір бір ашуы өтелер еді. Өңшең маубас құн қылып күйшіні өңгеріп келді. Жөнейіт қолына түскен тұтқынды аман-есен еліне қайтарып жіберсе, жұрт аяушылығы деп емес, тұқым-теберінен түгел айрылған кәрі батырдың жаугершіліктен жүрегі әбден шайлыққан екен деп ұғады. Қас дұшпаны мұның найзасы біржола құлады деп қуанады. Жоқ, бұл қара қанын қасыққа құйып ұрттамай кегі қайтпайтын ата жауына Жөнейіттің әлі тірі екенін, қасырын қасыған дұшпанға әлі де есесін жібермейтінін білдіру керек. Сонау жер түбінде күллі осы аймаққа үрей шашып дүбірлеп жатқан Дүйімқараның өзін сайысқа шақырады. Бұл жаңғыз Жөнейіттің намысы емес, ата түрікменнің түгел намысы. Қоңырат пен Бесқаладан ақ жүгері іздеп қалашы шығып, айдау жолдың бойында әрлі-берлі шұбырып жататын қаңғыбас қазақтың бірі болмаса біреуі атақты күйшісін тірі болса тірілей, өлі болса өлігін әйтеуір бір көрер. Елдік намыстарына тиетін масқара хабар Дүйімқараға қалай да жетеді. Дүйімқара аспандаған ақылсыз тасыр болмай, шын батыр болса, талағында биті, көкірегінде қыжылы бар азамат болса, бұл қорлыққа шыдай алмас.
Қол жиып Дүйімқара келсе, қорқатын Жөнейіт пе! Тап осы жолы аруақ қолдап ата жауының кеңірдегін шайнап, қанын қылғытса, бұл тірліктегі қалған тілегі түгел орындалар еді. Қыршын кеткен боздақтарының, адуын болса да кіндіктес туысы Көкбөрінің, шілдің тезегіндей быт-шыт тозып бара жатқан елінің кегін бір қайтарар еді. Құдай ол тілегіне жеткізбесе, балауса күйінде ораққа түскен үш боздағынан жаны артық па, өледі де қалады. Артындағы дүйім ел түгел құрығанша көкірек қыжылдатып намыс қоздырар кек тастап кетеді. Кешегі күйшіден кейінгі жұртты мүлгіген момындыққа, бітімге азғырмай, аруаққа, намысқа шақырып өледі. Асқар таудай айдыны бұл жығылса, түрікменнен туған еркек кіндік ата дұшпанның шаңырағын ақыры бір ортасынан түсірмей, сірә, тыным таба қоймас? Бұл осындай қаттылық істеп, қайрат шақырмаса мынау әншейін бөрік арқалаған өңшең маубастың найзаны тастап қауға ұстап, қой соңында қаңғырып кететін түрі бар. Жоқ, Жөнейіт, сенікі дұрыс. Байғұс күйшіні құдайы оң қараған жан болса, не Хиуаға, не Қоңыратқа базар шегіп бара жатқан біреу тап болып, құтқарып алған шығар. Ал енді маңдайынан сор арылмаған бір бейбақ болып өліп кетсе, обалына бұл қалатын не жөні бар? Ол Көкбөріден, Қылыштан, Алпаны мен Дәулетінен артық па? Обалы өз елінің көп есеріне. Жоқ, Жөнейіт, бір пендені аяймын деп, бүкіл бір елдің өлісінің аруағын, тірісінің намысын таптатпа! Аюдай ақырған айбынды атыңа кір келтірме. Бұның дұрыс болған. Қас дұшпанға иінің түсіп, еңсеңді жібере берсең, сездірмей сорып, білдірмей қылғытатын асқазанына әбден жайлы жылы-жұмсақ қылып алады. Анда-санда өңешіне көлденең тұрып алатын өзіндей сойқан сояуы болмаса, ата жауың еліңді бір араны ашылғанда түгел жұтып жіберуі де мүмкін ғой.
Жөнейіт жаңа ғана жүрегі атша тулап, шекесі дыңылдап, жүйкесінің бәрі шарт үзілердей шиыршық атып жатыр еді. Енді бәрі де тынши қалыпты. Бәрі де әлгі пәтуасына бас изегендей. Манадан бері кірпігін тіреп-тіреп тұра қалған көп тіреу де құлапты.
Ояуында көңілін паршалап жан жүйесіне ұша сіңіп қалған ойран ой ұйықтаған соң да мазалады. Көзі ілініп кетсе, аяғының астында жыланша ирелеңдеп қу томар жатқан, қарсы алдыңнан шабынған буыршындай кеудеңнен қағып, алапат бұталар аңдаған қара түлей келеді. Жанынан қоян екені, қарсақ екені белгісіз әлдебір аң зулап өтеді. Бұл бұта-бұтаның ара-арасымен ептеп басып ілгері жылжиды. Анадайдан аранын ашып аңдап тұратын бұталар қасынан өткенде жабыса кетпейді, жай әншейін жеңінен сипап қалады. Міне, ну түлейдің де шегіне жетті. Сусыған құм топыраққа аяғы батып-шығып, батып-шығып әзер аттайды. Түлейдің жиегіндегі кебіртік қара қырбық жеткізбей қойды. Сол кебір қырбыққа иек артса, арғы жағы айдау жол. Кенет көк желкесінен дүсір шыққандай болды. Түлейдің шетіндегі оқшау бұтаға бұға қалды. Жүрегі дүрсілдеп алып-ұшып барады. Таң атқалы бұның соңында аңдушы келе жатқан-ау. Мана ауылдан бұл қайда бара жатыр деп ере шыққан болды ғой. Ол бұның мұнда неге келгенін біліп қойса, ертең соңына еретін көп жасағына не айтпақ? Өзі жазалаған тұтқынды өз қолымен босатқанын олар не дейді? Дұшпандары бұл қорықты деп табалап жүрмей ме? Құлағын тігеді-ақ, ештеңе естілмейді. Оқшау қараңдап тұрған да ештеңе жоқ сияқты. Бұтаның тасасынан шықты. Кебір қырбық ернекке де ілікті. Айлы түнде ақсия жарқырап айдақ жол жатыр. Әне бір болар-болмас қарауытатын күйші тұтқынның басы ғой. Әлі ешкім көріп, ешкім тиіспеген болды. Жүрегі тағы да елегізе соқты. Өне бойының бәрі жидіп, буын-буыны босап бара жатқандай. Бұл не қуаныш па? Неге қуанады? Бәрібір босата алмайды. Сонау жер түбінен іздеп келіп, бостанға шығарып кете алмайтын болған соң, қасына не деп барады. Әйтеуір, әлі тірі екен. Сүйек-сүйегінің бәрі еріп, тізерлеп отыра кетті. Ай астында қылтиып жалғыз бас қарауытады. Сыңайы, күн ұзаққа маңайдан жол бойынан әрлі-берлі өтіп жататын кездейсоқ жолаушы көріне ме деп көзі талғанша қарай-қарай күдері үзілген соң, қалғып кеткен тәрізді. Әйтпесе, қара түлейдің ішінен қараңдап шығып келе жатқан мұны неғып көрмейді. Маңына жақындап барса қайтер еді... Оянып кетіп, танып қойса не демекші? Түні бойы қасында болып, таң ата қалың түлейге еніп кетсе, күнде ымырт жабыла жанына келіп, түнді бірге өткізсе, қашан өткінші қазақтар көріп құтқарып алғанша айдалада, жапан түздің ит-құсынан қорғап маңында жүре тұрса не етер еді? Көп болса үш күн кетер. Сол үш күннің бойында мына жолдан ақыр біреу өтпес дейсің бе? Ауыл: «Қайда жоғалып кеттің?»— десе: «Аң ауладым»,— дер. Бұл тұтқынның жер бетіне әзер қылтиып шығып тұрған басына аяғының ұшынан басып жақындап келеді. Бұның тықырын естіп шошып кетіп, бейуақытта айдалада жаяу-жалпылап жүрген бұл неғылған адам деп жүрегі жарылып кетсе қайтпек? Кілт тоқтай қалды. Қылтиып тұрған бас қимылдаған сияқты. Таң атқалы бұны көріп, қасыма қашан келеді деп күтіп тұрған болды-ау. Бұл асыға басып жақындай түсті. Мынау кім? Күйші ме? Ұқсамайтын тәрізді... Жоқ, мынау күйші емес... Жаным-ау... Мынау Дәулет пе? Бұл қайдан жүр? Аңтарылып тұрып қалды. Баласы жүзін қырын сап, бұған қарамайды. Жөнейіт баласын жер астынан қазып алғысы кеп, қос қолдап тырналай бастады. Топырағы тіпті жұмсақ. Мамықтай үлбіреп тұр. Бірақ қолына ілікпейді. Қанша тырналаса да өнер емес. Дәулет бұған көзін де салмай, қырын бұрылып, ай астындағы алыс көкжиекке қадалыгі апты. Жөнейіт жер тырналағанын қоя қойды. Көкірегі толып, аузын аша алар емес. Көзінің алды жыбырлап, шарасы жасқа толды. Көмейіне кептетіле тұрып алған қатты түйін ағытылып кетті. «Қарғам-ау, неге үндемейсің?» Өзінің әлем-тапырық даусынан өзі оянып, көзін ашып алды. Үйдің ішіне таң сәрінің сұйқылт көгіс жарығы жайылыпты. Үйдің киізі, кереге, жиһаз — бәрі де күлден қазып алғандай боп-боз, бұлдырап тұр. Қос шеңгелмен төсіндегі мамық көрпені мытып ұстап апты. Жөнейіт қапелімде, бұның өңі екенін, түсі екенін біле алмады; әрі-бері солай жатты да ішінен қалимасын қайырды. Үй сыртында бота ыңырсыды. Сауын түйе буындары сытырлап орнынан түрегелді. Кемпірі сыртқа шығып кеткен екен.
Ештеңені ойына алғысы келмей түндік астынан еміс-еміс көрінетін шаңырақтың қарына қарап біраз жатты. Сосын жадына жаңағы түсі түсті. Бұл кеше қара жерге өз қолынан көміп кеткен тұтқынды түсінде өзі құтқармақ болып аласұрып жүр. Түс түлкінің боғы деген осы екен ғой. Егер Жөнейіт түсінде емес, өңінде осылай аласұрар болса, жұрт оны жынданған дер еді.
Содан бері ол өң мен түстің ортасындай есірік бір халде. Сарылған күндер өтіп болмайды. Осыдан бірер ай ғана бұрын Жөнейіт қай айдың қашан өтіп кеткенін де білмеуші еді. Енді, міне, ін түбіндегі қарсақтай үйіне тығылып жатып алған соң, таңның атқаны мен күннің батқанын баққаннан басқа кәсібі жоқ. Бұрын ол зулап өтіп жатқан опыр-топыр күндерді барып қайтқан жорығымен, не осы елдің бір дыр-думанымен, не үйіне келіп-кеткен сыйлы меймандармен межелеуші еді. Енді олардың бірі де жоқ. Үйден екі елі аттап шықпай салулы төсекте сарғайып жатқан кісіге күннің бәрі бір өңкей. Бәрі де бір селт еткізері жоқ сартап сарылған күндер. Енді ол мынау бедерсіз біркелкі күндердің қайсысын меже тұтарын да білмейді. Қазір ол уақытты өңіндегімен емес, түсіндегімен өлшейді. Бұрын: «Анада Мәмбетпана келіп-кеткеннен екі күн кейін» не «Адайға жорыққа аттанарымнан екі күн шамасы бұрын» деп есеп қайырса, енді: «Анада түсімде күйшімен айтысып жүретін күні» не «бірдеңеге көңілім босап, күйшіге арыз айтып жүретін күнімнің ертеңіне»,— деп есеп қайырады.
Жөнейіттің бүгінде, шынында да, өңінен түсі артық. Бұны бүкіл осы өңір түгел ұмытып кеткендей. Баяғы қауқылдаған көп қошаметші де, қасы мен қабағына қараған қара құрым қол да жоқ. Бұл жүрген жерде қаздай тізіліп жүретін қалың нөкерінің қазір қайда шашырап кеткенін өзі де білмейді. Артына ақырғы рет күйшіні жазалауға барғанда ғана жасақ еріпті. Атқа мінген қырық жігіт бұның айтқанын қалт еткізбей орындады. Байғұс күйшіні көзін жаутаңдатып тірілей көміп жатқанда да ешкім қыңқ демеді. Бұл жігіттердің топырақты қалай тастағанына дейін көз айырмай қарап тұрды. Бәрі да баппен қимылдайды. Бәрінің жүзі де бап-байсалды. Атқа да үнсіз қонысты. Жол бойында да ешкім тырс үндемеді. Ауылға үнсіз келіп, үнсіз тарасты. Содан қайтып сол жігіттердің ешқайсысын көрген емес.
Көршілер де тыныш. Баяғыдай бірі түсіп, бірі аттанып жатқан көп дүсір жоқ. Келінің дүңкілі балғаның тықылы сияқты күлді-көмеш күн көріс күйбеңнің үні. Көрші үйлерден кеу-кеу әңгіме естілсе де, бұған жұрт қотыр ешкі мен жоғалып кеткен түйенің жайын сөз қылып жатқандай боп көрінеді.
Соны ойлайды да мына тіршіліктен түпкілікті суынып, төңірегінің үн-дыбысынан да құлағың қашыртып, өз ойымен өзі боп тұйықталып алады. Мынау жарық жалғанда қалған жалғыз мұңдасы — анада өзі көміп кеткен өлі-тірісі белгісіз күйші тұтқын ғана. Ояу отырғанда ол жайында да дұрыстап ойлай алмайды. Көрші-қолаңның көп көз, көп құлағы осының ойын аңдып отырғандай, өзінен өзі қуыстанып, басқа бір атымен бейтарап жайларды қиялдағысы келеді. Бірақ мына дүниеде содан басқа ойлайтыны да қалмапты. Түсінде тұтқынды құтқарғысы кеп жаны ашып, аяп жүрсе, оянған соң ол дәмесінен өзі ұялады. Мынау аңдаған аңдушы көздерге алжасқан боп көрінгісі келмейді. Түсінде шешілген қол өңінде байланған бір далбаса хал. Өңінде ойлай алмағанды түсінде ойлайды. Өңінде айта алмағанды түсінде айтып жүреді. Кейде мынау тым күбірсіп-күңірсіп кеткен тыныш тірлікке ыза боп, жұрттың тым бос белбеуленіп кеткеніне күйініп күйшіге шағынып жүретіні бар. Күйші мұның әңгімесін бар ыждаһатымен тыңдап алады да, күлімсіреп: «Мен не дейін, анадағы күйімді тыңдамап па едің?»— дейді. Кейде бұл күйшімен дауласып та қалады. Ел намысын қолдан беретін, тізгінін кез келген тентекке ұстатып, тағдырын тәлкекке айналдыратын ынжық тобыр боп кете ме деген күдігін айтады. Күйші күлімсірейді де, үндемейді. Ол мұның қазір ойлап жүргенін баяғыда ойлап қойғандай, мұның қазір ашынып жүргенінен баяғыда торығып болғандай. Мүнарлы көкжиекке мұңдана қарап тұрады-тұрады да: «Сабырсыз ерді орынсыз дәме болдыртады, сабырлы ерді орындалмайтын арман болдыртады»,— дейді.
Жөнейіт ұйқыдан сүлдері құрып, қалжырап оянады. Көзін ашып алған соң жаңа ғана көкірегін қыжылдатқан ашу мен ыза да, күдік пен ой да жым-жылас жоғалып, елсіз түзде бір өзі тентіреп қалғандай құлазып сала береді. Ондай сәттерде қайдағы бір бықпырт тобырдың бейпіл сыпсыңынан сескеніп, бейшара күйшіні баяғыда босатып жібермегеніне екінеді. Күйшінің артынан кек қуып келмей, тым-тырыс жатып алған Дүйімқараға ызаланады. Әр неменің басын бір шалып, қайдағы-жайдағыны ойлап әбден қалжырап ұйықтайтын ол түсінде де күйшіні көргенше асығып, қара түлейдің шетіне шыға алмай ыза боп, күйші әлі тірі ме екен, жоқ әлде түз тағыларының біріне жем боп кетті ме деп қатты қорқып жүреді.
Анау бір күні түсінен шошып оянып, кешке дейін ес жия алмай қойды. Қара түлейден шыға келсе — күйшіге бір көк шулан бөрі тісін ақситып, желкесін күдірейтіп тап-тап беріп тұр. Көре сала мылтығын оқтап еді. Күйші: «Атпа! Оны атқанша мені ат!»— деп шыңғырды. Бөрі мұны көріп безе жөнелді. Күйші томсырайып қабағын ашпай қойды. Бұл өзінің амалсыз осылай еткенін, Дүйімқараның намысына тигісі келгенін, қарғыс атқыр Дүйімқараның табан серіппей жатып алғанын айтып, жік-жапар болса да, ол шырай бермеді. Қара жерге қаққан қазықтай шаншылып қақшиып тұру әбден жүйкесіне тиіп қажытыпты. Жөнейіттің де көкірегі сыздап кетті. Енді ол мынау жарық жалғандағы жаңғыз мұңдасынан да айрылды. Күні кеше намыс қуған, кек қуған еңіреген ермін деп ойлаушы еді, «кек», «намыс» деп босқа лепіріп жазықсызға тырнағы, нақаққа найзасы батқан желбуаз жендетке айналғанын сол күні ғана сезіп, жүдеп қалды.
Жөнейіт бір күннің ішінде жақ сүйегі салдырап, сылынып шықты. Буын-буынын діріл алып, қолы қалтырайтынды шығарды. Кейде қараптан қарап отырып өзімен-өзі күбірлеп сәйлеседі. Ұйқыдан шошып оянғанда да сөйлеп оянатын болып жүр. Қазір ұйықтасам түсімде күйшінің өлгенін көремін деп, түнімен көз ілмей бақырайып жатады да қояды.
Әулие бұған не нышан байқатар екен деп Темірбабаның басына барып еді. Мынау лайсаңда атағы жер жарған әулиенің өзі жүні жығылып, ықтап кеткендей көрінді.
Бүгін де сырттағы сытыр-сытыр жаңбыр үніне құлағын тосып жатты да қойды. Бұлыңғыр таңның көмескі жарығы үй ішін әбден жайлап, айнала бозарып анық көріне бастағанда барып, түні бойы шиыршық атып шыққан кәрі жүйке бір сәт қалжырап, көзі ілініп кетті. Түсіне тағы да қара түлей, оның аттаған адымыңды кері кетіретін сусыма құмы кірді. Күндегісінен де көбірек алқынып, ақ тер, көк тер боп ілгері тырмысады. Құм таусылып кебірге ілікті. Кешелі бергі жібіскі жауыннан о да әбден миы шығып езіліпті. Аяғын алдыртар емес. Сонда да тайып жығылып, тайып жығылып өрге тырмысады. Бауыры, екі алақаны, екі тізесі — бәрі батпақ. Сонда да айдау жолға жеткенше асық. Уһ! Ақыры шықты-ау! Алқынған жүрегі атша тулайды. Айдау жолға беттеді. Жол бойынан қарауытқан ештеңе көрінбеді. Күйшінің көмілген жері мына бір түс сияқты еді. Алдынан күн жеп қуарып қалған қу бас тап болды. Қу бас, екі көзі шүңірейіп, тісі ақсиып асығып-аптығып келе жатқан бұны табалап тұрғандай. Бұл кілт кідірді. Көзін айыра алар емес. Тісі ақсиып қу бас жатыр. Айналасын әлдеқандай бір аю тырнақтар аямай тырналапты. Жан-жаққа баттиған-баттиған іздер тарапты. Бұл қапелімде ақылына келе алар емес. Тісі ақсиып, табалай қарап қалған қу басқа жүзі шыдамай көзін төмен түсіріп еді, қу бас жатқан жер үңірейіп қалыпты. Сол үңірейген қара үңгірден қабырға ма, омыртқа ма — әлдебір сүйектер қылтияды. Мынау күйшінің сүйегі болды ғой. Күйшіге түздің аңы жабылып, айналасын ашып кетіпті. Есі енді кірді. Ілгері аттарын да, кейін шегінерін де білмей тұрып қалды. Терістіктің салқын желі омырауын жалап, шапанының етегімен ойнайды. Мынау тағы түздің жел екеш желіне дейін ашқарақтанып қойны-қонышыңды ақтарып, жалаң-жалаң етеді. Жөнейіт тағы да қу басқа қарады. Сол баяғы тісі ақсиып табалай күлген қалпы. Күндегідей батыл етіп қасына бара алмады. Мынау ырсиған бастың күйшімен еш байланысы, түк қатысы жоқтай. Жоқ, мұның жер түбінен іздеп келгені бұл емес. Бұған күйші керек. «Ә, солай ма еді?» дегендей қу бас бұған шүңірейе қарайды. «Ендеше, сол күйшінің басын жұтқан өзің емес пе?»— деп тісін ақситып, сақ-сақ күледі. Жөнейіт мынау сұмдық елес айықсындеп көзін жұмып алды. Құлағына күңіренген үн келді; сол бір үн сай-сүйегін сырқыратып, жан-жағынан қаумалап қоршап келеді. Азынаған айдала. Қу бастың астындағы ашылып қалған тесікке жел кіріп, әлдеқандай ызың шығады. Күйші мынау ызғыған желге шыдап тұра алмай, жер астына кіріп кетіп, күңіреніп жатқандай.
Жөнейіт қу бастан сырт айналып қаша жөнелді. Әлгі бір күңіренген үн өкшелеп қуып келеді.
Жөнейіт көрпесін серпіп тастап, орнынан атып тұрды да, құлағын қос қолымен басып алып есікке қарай тұра қашты. Дауысы да шығып кетті. Әлгі бір ыңыранып шыққан әуез қалар емес. Әлденеге сүрініп құлап түсті. Маңдайы бір қатты нәрсеге тиді. Көкірегінен әлдене жерге домалап кеткендей болды.
Жөнейіттің таң ата көзі ілініп кеткен соң, кемпірі ұршық созып, әңгімелесіп отырайын деп Аннадүрдінің үйіне кіріп еді. Аннадүрді баласына дутар тартқызып отыр екен. Құрбан соңғы кезде Дәулеттің дутарын өзі иемденіп, біраз күйдің басын шалып қалыпты. Өсіресе осы бір күйге құмар. Қолына дутар ұстаса болды, ең алдымен анада Жөнейіттің үйінің күн жағында, үй сыртында тұрып естіген адай күйшінің әуезін дыңылдатады. Бүгін де таң атар-атпастан дутарға жармасып, әкесіне күй тартып бермек еді. Жөнейіттің оқыс даусы шықты. Жұрт орнынан тұра-тұра есікке ұмтылды. Кіріп келсе — табалдырыққа басын сүйеп Жөнейіт жатыр. Аннадүрді иығынан қусырып ұстап көтеріп алып еді, былқ-сылқ, әлдеқашан жүріп кетіпті.
VIII
Сырым сұлқ отырып қалды. Құрбан ақсақал дутарын шатырдың тіреу ағашына іліп, әлдеқашан сыртқа шығып кетіпті. Ол жаңағы күй мен көз алдынан өткен көп елестің әсерінен әлі айыға алмай отыр. Күн жеп тастаған кенеп пен таң атқалы өзі тартқан темекінің күңірсік иісін енді сезді. Басын көтеріп, айналаға құлақ тұрді. Мана көрші шатырда дуылдасып карта соғып жатқандардың даусы шықпайды. Шамасы, олар жұмысқа шығар алдында ұйқы соғып жатса керек. Құрбан қарияның күйін тыңдаған жалғыз бұл ғана болды. Ыстық өтіп қапырықтанып кеткен кенеп шатырдан бой сергіткелі сыртқа шықты. Күннің әлі ыстығы қайта қоймапты. Аяғының астындағы ақ ұнтақ май топырақ күл өңденіп көгіс көрінеді. Керіліп-созылып, делсал тартқан бойын жазды. Құрбан ақсақал әлдеқашан намазын оқып болып, шатырдың көлеңкесінде машинаға май құйып жатқан шофер жігітке қарап отыр. Әлі ұйқысы тарамаған шофер жігіт аяғын теңселе басады. Шала ұйқыдан беті күп боп ісіп кетіпті, жағына ойлы-қырлы жердің бұдыры батып, ала шабырланып қалыпты. Машинаға май құйып болып Құрбан ақсақалдың қасына көлеңкеге кеп, темекі тартып тұр.
Сырым да көлеңкеге беттеді; дел-сал бойын сергіткелі темекі сұрады. Шофер жігіт май-май шалбарының қалта сынан есі кеткенше мыжылған «Севердің» қорабын шығарды. Ішінде белі шойырылған бір тал қалған екен.
— Темекі де таусылыпты,— деді ұсынып жатып. Кенет терістік жаққа көзі түсіп қуанып кетті.
— О, жақсы болды, барып темекі алайын!
Терістік көкжиекте манадан бері төбелерімен көк тіреп тұрған көп қарайған машиналар екен. Арылдап-гүрілдеп келіп қалыпты. Көшпелі бұрғылау станоктары тиелген ауыр «Маздардың» ыңыранған үндерін ыстық тұншықтырып, еміс-еміс естіледі. Ту даланың ақ шаңын аспанға көтеріп келеді.
— Разведка ғой,— дейді ұйқысынан оянып, қастарына енді келген екінші жігіт, қолын топыраққа ысқылап жатып. — Машина деп осы жарықтықтарды айт. Бұл сабаздар сәл бірдеңе болса көкірегі сырылдап тұрып алатын мына біздің «газиктер» емес. Күн жаумақ түгілі қан жауса да, сартытып тарта береді. Көрерсің, бұлар осы Қақпақтыдан да мұнай табады!
Ажылдап-гүжілдеп өтіп жатқан ауыр машиналардың айдаладағы геодезистер қосымен де, жолдың жиегінде қолын бұлғалап тұрған темекіші жігітпен де ісі болған жоқ. Ақ тозаң шаңға тұншықтырып өтіп жатыр. Жарқырап тұрған күннің көзі де қою шаңға малтығып көрінбей қалды. Ажылдаған үн. Аспанға айналған аппақ шаң. Күнге тотығып, әбден қарайып кеткен біреулер қабинадан тісі ақсиып күле қарап, жүн-жүн білектерін созып бірдеңе дейді. Ажылдаған үн құлағыңды жарып барады. Қою шаң тынысыңды бітеп, тұншықтыра түсті. Машиналар топырақ боратып өтіп жатыр, өтіп жатыр. Қара жердің қабырғасын майыстыратындай ауыр доңғалақтар арбаңдап әлдеқайда асыға жылжиды. Бұлардың қосы да, май-май машина да, май құйылған темір күбілер де, ұйқыларынан шошып оянған жігіттер де желімдей жабысқан қою шуда шаңның астында қалды. Төңірек көзге түртсең көрінбейтін лайсаң.
Сырым құлағы тұнып тұра берді. Қасындағы жігіттер абыр-жабыр бірдеңе дейді. Қапталдан құйындатып өтіп жатқан құдіретті әуен шала ұйқы кісілердің қарлығып шыққан жарқыншақ дауыстарын аямай таптап жатқандай. Ақсиған тістер мен жыбырлаған еріндер көрінгенмен ештеңе естілмейді.
Бір сәт қою шаңның арасы ашылды, түйдек-түйдек ажыл-гүжіл бірте-бірте алыстай түсті. Қалың тізбектің артында оқшау келе жатқан су таситын машина жол бойында қолын көтеріп жүгіріп жүрген темекіші жігітті тұмсығымен сүзе тоқтады. Кабинадан ақ сары шашты ашаң кісі жерге қарғып түсті. Көзіндегі қара көзілдірігін алып, жол тосқан жігіттің қолын қысты. Сосын оған әлдене деп тіл қатты. Мойнындағы былғары планшетінен карта суырып, жігіттен жер сұрап еді. Жігіт картаға өңмеңдей төнгенмен ыю-қию сызықтар мен бытысқан көп нүктеден ештеңе ажырата алмай, басын қайта көтеріп алып, көкжиекке қарай қолын ербеңдетіп, сампылдап соғып тұр.
Ашаң сары қара көзілдірігін қайта киді. Жол сілтеуші жігіттің қолын қысып машинасына отырғалы жатыр еді, анау қанжығасына жабыса кетті. Ашаң сары кабинадағы шоферға қолын созып, бірдеңе алып темекіші жігітке ұстатты.
Машина жүріп кетті. Темекіші жігіт соңынан қолын бұлғап қала берді. Машина анадай жерге ұзап кеткен соң барып қосқа беттеді. Екі езуі екі құлағында. Қолында төрт-бес махоркасы бар.
Аспанға айналған қою шаң ашылды. Айналада селдір тозаң ғана қалды. Күннің көзі қайта көрінді. Ауыр машиналардың ащы ажылы да бәсеңдей түсті. Жігіттер жұмысқа алып шығатын құралдарын жайғастырып болып, жұмыс алдында тағы бір шайланып алу үшін қостың қақ ортасындағы үлкен шатырға кірді.
Сырым көлеңкеде тұрып қалды. Далаға қайтадан тылсым тыныштық орнады. Үйдегі жігіттердің кеу-кеу дыбысы енді анық естіледі. Олар әлденені айтып мәз-мейрам боп жатыр. Сырым манағы бір саздың әсерінен әлі түгел айығып болған жоқ-ты. Көзі боталап көкжиекке қарап еді, қайтадан сағымға араласып қарауытып тұрған машиналарды көрді. Өздері, шынында да, алыстан найзасымен көк тіреген қалың қолға ұқсайды екен.