04.07.2021
  2282


Автор: Әбіш Кекілбаев

Аңыздың ақыры

ҚЫЗЫЛ АЛМА


(Бірінші бөлім)


I


Ат тұяғынан құм сауырын ойып түскен дөңгелек шұңқыр лезде қайта толады. Алдындағы оқ бойы озық өңшең құла ат мінген күзет сарбаздарынан тау-тау шағылдың беткейінде шашырап қалып жатқан көп із көзді ашып-жұмғанша-ақ ғайып болады. Сусыма құм баянсыздықтың тылсым құдіретін танытқысы келгендей, құп-қу жүзіне жолап кеткен сәл таңбаны жалмап жұтып жатыр.


Әмірші ұлы шөлге келгелі бері оппа құмның осы бір обыр мінезінен назарын қанша алып қашса да, құтыла алмай-ақ қойды. Сары ала күйменің ішінде сусылдақ құмаққа шашасын қаптырып, малтыға жорғалап келе жатқан көп аттың тұншыға шыққан жапа-тармағай дүсірін тыңдай-тыңдай мезі боп кетіп, тұсындағы селдір пердені ысырып, сыртқа қарады-ақ - көзіне ылғи сол түседі.


Шаңылтақ көктем. Қыста қар көріп жарымаған жабырқаңқы шөл көзіңді қажытады. Жүзген мен сексеуіл әлі бүр жармапты, сояу қалпы. Төңірек түгел мүлгіп тұр. Деңкиген шағылдар да, тырбық құм бұталары да ғұмыры қыбыр-қимыл көрмегендей, жер тістеп жатып алыпты.


Тасбақаның дауылы басылғаны таяуда ғана емес пе еді. Бес күн бойы қарсы алдынан тандырдың деміндей бет шарпыған қызыл жел ұрған да тұрған. Әлдеқандай долы дүлей қара жерді тас-талқанын шығарып, күл қып уатып, сосын бір алапат табаққа салып ап, елеп, кебегін желпіп ұшырып жатқандай, жер мен кек түгел шаңға айналып кеткен-ді. Қара құрым қалың қол бірін-бірі көре алмай, кеуделерінен төмпештей ұрғылап кері итеріп баққан қызыл желді бетке ұстап ілбіген де отырған. Күллі дүние түлен тигендей тулап шыға келген-ді. Аспан қайда, жер қайда — ешкім ажырата алмастай... Құлақ сарсытып ұлып тұрған жел... Күллі кеңістікті бір өзі иемденіп, асыр салып ойнақтап жүрген шаң-тозаң... Енді дүние қайта орнына келместей... Сол бір шаң-тозаңға айналған қалпы біржола күлі көкке ұшатындай. Әумесер жел бұл мініп келе жатқан сары күймені де жер бетінен жұлып ап, төбесінде бедірейіп жатып алған сұп-сұр кеңістіктің әлдебір тұңғиығына жітіріп жібергісі келгендей, екілене жұлқылайды.


Аттар әбден титықтап болдырды; жұрт көздеріне құм құйылып, желге қарай жүре алмай, ит зықылары шықты. Сонда да шеруді кідіртпеген-ді. Тоқтағанда да, қара құрым қалың қол тырдай жалаңаш тұлдыр шөлде ықтасын таба ала ма?


Қайта тентек жел күймелер мен жүктерді құла түзге бет-бетіне қуып әкетуі де мүмкін. Шөлдің есірік дауылы талай-талай керуендерді құм астына көміп те кеткен.


Бұрын тасбақаның дауылы мен қазанның кірісінде жолға шықпаушы еді. Осы жолы елге қалайда көктем басында оралам деп амалсыз ұрынып отыр.


Бірақ әлдекімнің қарсылығын көрсе, бұрынғысынан бетер қарысып бағатын әдетіне басып, әбден тістеніп алды. Дүниені көктемде бір дүрліктіретін жел күшті ме, жоқ, қаласа жарық жалғанның астын үстіне келтіретін бұл күшті ме?


Дегенмен, найзаңа ілікпейтін, қылышың кеспейтін мына жел деген пәленің осынша жын ойнағына зығырданы қайнап та келеді. Сонда да, тоқтаймыз ба, қайтеміз дегендей, сары күймені айнал соқтап, қайта-қайта келе берген қол басыларына еш шырай танытпаған-ды.


Сырттағы ышқына ұлып тұрған желді көрмеген естімеген кісіше сұп-сұр боп қатқан да қалған.


Бесқонақтың бес күні өткен соң, дүние жынынан айрылған бақсыдай жым-жырт бола қалды. Жер беті айғыз-айғыз жарылып кетіпті. Жарықтың арасынан шықса керек, мына жерде де, ана жерде де, теңкиіп-теңкиіп тасбақалар жатыр. Кейбіреулерін жел аударып тастапты, төрт аяғы көктен кеп үйелеп қапты.


Дауыл басылған күйі бесін ауа құмға іліккен-ді. Астынан әлдекім алып дәулердің сүйегін қазып алғандай, шағылдардың бүйірлері опырайып-опырайып көрінеді. Сусылдақ сұп-сұр құмға малтығумен келе жатқандарына да әлденеше күн өтті. Кеше желден шаршаса, енді, міне, мелшиген меңіреу тыныштық қажытып келеді. Мынау қимыл-қыбырсыз, сыбыс-сыбдырсыз кеңістікте мен де тоқтап қалармын деп қорыққандай кеуде тұсында жұдырықтай бірдеңе еміс-еміс бұлқынады.


Жолдарына дөңкиіп-дөңкиіп кес-кестей құлаған жал-жал шағылдардың қай-қайсысына да жеткенше асыққанмен, қара қатқақтың сыңайы әлі білінбейді. Көз жетер жердің бәрі — әжім-әжім құм.


Жаяу борасыннан сақина-сақина боп шимайланып қалған ұлпа құмақтағы әлдебір сиқыр жазып кеткен жұмбақ дұғалықтай көп шиыр, қанша телміргеніңмен, ой сергітердей нышан танытпайды. Қайта көңіліңе тіршілік дегенің өзі де құм бетіндегі осы бір мән-мағынасыз құр шимайдай мынау ұлан-асыр сұрқай кеңістіктегі бүгін бар, ертең жоғалып кететін өткінші бедер ғана емес пе екен деген күдік қашырғандай. Күні кеше ғана асырды салып-салып, ақырында мысы құрып, өз-өзінен тыныш тапқан көктеменің әумесер дауылындай о да қанша аласұрып баққанмен, уақыт дейтін сусыма құм бәрібір із-түзін қалдыртпай, түп-түгел өшіріп жіберетіндей.


Төрт жыл бойы жорықта жүрді. Жүз мың аттың тұяғының баспаған жері жоқ. Сонда күндердің күнінде соның бәрін де дәл мынандай қып, жел үйіріп, құм жұтып қоя ма? Адам деген неменің ғұмыры ұйтқып-ұйтқып басыла қалатын қырдың желіндей құр әншейін өткінші нәрсе ғана болса, тұсында соның әрбір ұсақ-түйегін жіпке тізіп тіркеп бағатын адамның жады да мына сусыма құмдай тұрлаусыз бірдеңе екен ғой. Сонда анау аспан мен мынау жердің арасында баянсыздықтан басқа ештеңенің болмағаны да. Басқасының бәрі — өткінші, тек баянсыздық қана мәңгілік пе?


Кім біліпті солай болса солай да шығар. Баяғыда өзінің көрмеген қорлығы бар ма еді... Тіпті осы ұлан-асыр түздің өзінде қатын-баласын жетектеп, қашып-пысып жүрмеп пе еді... Міне, сары ала күйменің ішінде отырып, көз салғанының өзінде жанарын пышақтай кескілеп келе жатқан кесір құм мұның талай борбайын осқылап, табанын күйдірмеп пе еді. Ең болмаса, түбінен қолымен тырмалап, сыз шығаратын бұта екеш бұта да табылмай еріні кезергенде, көңін қуырып, қаталатып бара жатқан қаскөй шөлден өмір-бақи құтылмайтындай, қасық қара су таңдайын шылайтын күн енді айналып келмейтіндей көрінуші еді ғой. Ал қазір соны кім біледі? Тіпті өзі екеш өзі де осындай ілуде бір қайыптан тайып ойына түспесе, есіне алып жарымайды емес пе? Баяғы қорлықты бүгінгі мәртебе, баяғы азапты бүгінгі бақыт ұмыттырмады ма! Сонда кешегідей бүгін де ұмытыла ма? Ендеше, жұрттың ертең деп көкіп жүргендерінің не болғаны? Жолындағының бәрін жапырып, бәрін құрдымға жіберер әулекі құртушы ма, әлде әлемдегі ар атаулының баршасының мүңкір-нәңкірі — баянсыздықтың қолындағы аяу білмес алмас қылыш па? Не? Ертең қылыш болса, төбесінен аузын арандай ашып тажал төніп тұрған бүгіннің не қажеті бар? Бірақ, бүгін мәңгілік болса, ажалсыз болса, кешегілер қайда? Кеше бұнымен теке тіресіп арыстандай арпалысып жүргендердің көздеріне қалай құм құйылды? Оларды омақастырған тек бұның аяу білмес алмас қылышы ғана ма? Жоқ. Ең алдымен, өздері, өздерінің әлсіздігі. Кеше деген әлсіздіктің екінші аты. Бүгін әлсірей-әлсірей кешеге айналады. Ал бет қаратпас алапат күш бүгін түгілі ертеңнің өзімен белдеседі. Күштіліктің шын аты -Мәңгілік... Мәңгілікпен сол бет қаратпас алапат күш қана тіл табыса алады. Әлжуаздың ажалы бүгіннен, екі ортадағы дүрегейдің сазайы — ертеңнен, ал атасын танымас алып күштің Мәңгіліктің дәл өзіндей ажалы жоқ.


Бүгін деген — қорқыныш пен үміттің екі ұдай аралығы. Пенде біткеннің қалтылдақ қайық мінгендей қалтырап күн кешетін бар аясы-тек сол ғана. Олар тек сонда ғана мықтылардың ұстап тұтынғанына көнеді. Ал, мықты тегеурінсіз өңшең әлжуаз түк те бітіре алмайды. Бір қолына қорқынышты, екінші қолына үмітті мықтап ұстап, қалғандарды екі ортада әрі-сәрі қылып қоя алатын тегеурін ғана әлжуаз әлсіздікті күшке айналдыра алады; оның қолына түскен бүгіннің өзі — ертеңмен егесетін қару...


Оның қай сардарының да құлағына құйып бағатыны — «басыңа қандай қиын іс түссе де, айла таптырмас тығырықтан қаш; әйтеуір түбі бір сытылып шығар амалды алдын ала қарастырып қой... «Әлсіздік те — тығырық... Одан да қашып құтылар айла-амалыңның көп болғаны дұрыс».


Шариғаттың өзінде де бар емес пе? Баяғыда сұңғыла Сүлейменге бір күні құмырсқа кеп: «Саған жаратқан ием желді неге бағындырып бергенін білесің бе?»-деп сұрапты. Сүлеймен қапелімде жауап таба алмай мүдіріп қалыпты. «Ол сенің патшалығыңның ақыр түбі желге ұшатынына меңзегені», — депті құмырсқа. Сүлейменнің бұны естігенде өңі ауып кетіпті. Әлгі құмырсқа: «Алланың әмірін ұлыларға кішілердің сөзі жеткізеді деген осы болады», — деп тайып тұрыпты. Сүлейменнің де басынан ауған бақ кімнің басынан аумайды дейсің. Бірақ Сүлейменнің басынан бақ ауғанмен, даңқ ауды ма? Соған қарап-ақ, бақ-аз ғана күн тіршіліктің ырызығы да, ал даңқ — ұлан-асыр мәңгіліктің несібесі екенін біле беруге болмай ма?


Бағзы Сүлейменнің даңқын қазірге жеткізген де әлгі жарлы дихан мен құрдым құмырсқа емес пе? Ұлыларға Алланың пиғылын жеткізетін кішілер олардың атын да тым алысқа шығандатып шығармай ма? Үлкендер істеген үлкен іс-кішкентайлардың кішкене көзіне тым алапат боп көрінбей ме? Ал шын ересен іс істесең, олар сені құдіреттің өзінен кем көре ме?


Даңқтың астындағы дүлдүлі — дақпырт. Парасаттының аузындағы керенау ақиқат қашан үзеңгіге аяғын салғанша, дарақының аузындағы далаңбай дақпырт екі етек боп елден бұрын жетпей ме?


Дақпырт тарататын дарақы тек дабырайғанды көреді. Дабыралап іс қылмаған даңқтың жылы-жұмсағынан дәметіп, құр бекерге тамағын ісірмесе де болады.


Кішкентай көздерді не істесең де ірі істеп таңғалтасың. Таңғалған кісінің жақсы мен жаманды таразылап жатар шамасы қайсы? Мінекей, алдында күн батыстың талай елінің қазынасында жатқан алтын мен асылды теңдеп ап, тау-тау шағылдардың жып-жылмағай көбесін омыра опырып, балп-балп басып бара жатқан пілді алғаш көрген адам, «бұл жақсы хайуан ба, жаман хайуан ба» деп бас қатырып жата ма? Оның ересен үлкен денесіне де, орынсыз шұбалып жатқан оғаш тұмсығына да түк шошынбай да, жиренбей де, бірден таңғала қарап, таңдайын қақпай ма?


Кішкентай көздерге жақсылық істе мейлің, жамандық істе мейлің, жанарының шарасына сыймайтындай алапат қып істе. Әйтпесе, аз жақсылығыңа бәрібір місе тұтпайды, ал сәл ғана жамандығыңды көрсе-жерден алып, жерге салып жазғыра жөнеледі. Біреудің тұмсығын қанатсаң, бар пәлені басыңа үйіп-төгіп бағатын немелер кең әлемді белшеден қанға малып қойсаң: «Бұл не істегенің?» деп нәлет айтпайды. - «Апырай, қалай істедің?» деп қайран қалады.


Тек тіріңде маңайыңдағылардың бәрін таңғалтумен өт. Өле өлгенше таңғалып өткенде саған өлген соң да таңғалады. Олардың аузындағы лақапты естіп, сені көрмегендер де таңғалады. Тек оларға әлгі өзгеден естіген естігіштеріне «е, бәсе» деп қойғызатындай қып, әр жер-әр жерге өз құдіретіңнен жұрнақ қалдырып отырсаң болғаны,


Ол кез келген пенденің қолынан келмегенмен, бар қазынаны астыңа басып, бар қаруды маңайыңа иіріп ұстап отырған сенің қолыңнан келеді. Тек қажып қалма... Тоқмейілсіп қалма... Өйтсең болды, күйеуінің көзіне шөп салмай жүре алмайтын жады қатынның қойнынан өрген бөтен еркектей мына опасыз дүниенің тағы бір пұшпағынан өзіңнен гөрі мықтырақ басқа біреудің сыпаң етіп шыға келуі оп-оңай... Өзің де осынша құдіретке жұрттың қапысын тауып жетпеп пе ең, ендеше өзің де жұртқа қапыңды таптыртпа... Қапыңды құдай таппаса, адам таппасын...


Құдай таппаса... Иә, бұл бұрын ол жорықтан жеңіспен оралғанда дәл осы жолғыдай қайдағы-жайдағының бәрін ойлап, миын ашытушы ма еді. Бұның бәрі ту сонау жүрегінің түбінде жасырулы жататын еді ғой. Жұртқа көрсетпек түгілі, қайта-қайта қолына алып қарай берсе, көлденең көзге қолды қылып алармын деп, қорқып, әйтеуір, сенімді жерде тұрғанын біліп, іштей тоқ боп, өзі де көп сұқтана бермейтін қымбат бұйымындай осы бір ұры түйіншек түп ниетін тіпті өз ойынан да бірер қабат қалтарыс ұстаушы еді ғой... Енді неге бүгін кеп, өз жынын езі қайта шайнап, күйіс қайтарған қоспақ түйедей әлдеқашан бүге-шігесіне дейін ойлап, әбден кесіп-пішіп қойған, тіріде ешкімге аузынан шықпайтын сырларын қайыра толғап, қайта ойлап отырғаны несі? Іш есепті де тұтынғасын, алмас қарудай берік тұтынған жөн. Орынсыз шошаңдата берсең, о да қолыңнан шығып кетеді, жауға бұйырса, өз қаруындай, о да өз мойныңды қырқады.


Сондықтан ол өзі бір тұтынған шешімді қырық қайтара кесіп-пішіп жатпайтынды. Бүгінгісіне түсіне алмай келеді. Бұрынғы жорықтарында қанша шаршаса да тап мынандай ойы ойран болмайтын. Әлде, бір апта бойы ұлы құмның ішінде қыс пен көктемнің өліарасы-Бесқонақтың дауылына тап боп, әбден титықтап қажығанынан ба... Әйтпесе, бұ жолы да бағындырған елі, қиратқан тағы аз емес. Жол-жөнекейгі ұсақ патшалықтарды былай қойғанда, өзімен көптен ұстасып, сырттай текетіресіп жүрген екі бәсекелесінің көзін құртып келе жатыр.


Бұрын аяғының астына домалап түскен бетен тәжді көрген сайын, бір айдынданып қалушы еді, бұл жолы селт етпей қойды. Әлде, бұл қанша бел бермеуге тырысқанмен іргеңе қонып алып, әрлі-берлі жүріп тұрғаныңның бәріне де итін қосып жатқан қаскөй көрші кәріліктен бе екен? Ол немені қалың қол ертіп барып шауып алуға да болмайды, айла-тәсілмен алдын орап қайтарып жіберетін аңғал жау да емес. Самсаған сары қолмен көк желкеңе келіп шатыр тігіп жатып алған ата дұшпандай бірден қол салмаса да, күн өткен сайын төбе-құйқаңды шымырлатып, сеніміңді сетінете түседі.


Енді, міне, жылдап-жылдап жүріп қайтатын алыс жорықтардың да, бұдан былай ауырға түсетінін мықтап сездіріп келеді. Соны ойлағанда жүрегінің басын аяз қарып алғандай, шым ете қалды. Тақ бұйырып, тәж киіп, әзін басынған жауды бір-бірлеп алдына жыға бастағанда-ақ, өмірінің алтын тақтың үстінде емес, ат үстінде өтетінін анық аңғарғанды.


Сол бетімен әлі келеді. Талай елді бағындырды. Ат тұяғы жетер жерде бұның қол астына қарамаған жалғыз-ақ ел бар. Қара құмырсқадай қаптаған немелер көптігіне сене ме, өзгелердей айбына қоймайды. Тіпті ауық-ауық бұған жіберіп тұратын селдір сақал, қысық кез елшілерінің өзі бірде елпілдеп аяғына жығылып, бірде кілгіре қарап, манаурай тіл қатып, мардамси қалады.


Тісін көптен қайрап жүргенмен, оларға кезек енді келген сияқты. Қалған үш тарапты аузына қаратып, қайта тұрмастай етіп тізесіне басты. Енді басқа алаңдары да жоқ.


Қазір талай жаудың жүрегін шайлықтырған әскері де нағыз «сен шап, мен атайын» боп бабында тұр. Оның ойы—әскерінің осындай тас түйін қалпын жоғалтып алмай, бірер ай ғана тыныс қып, алыс жорыққа аттанып кетпек. Соған бола, осы жорығында ертең тағы бас көтеріп, қарудың күшімен ұстап тұрмас үшін қай елді алғанда да, әскерлерінен жұрнақ қалдырмай түгел қырғызды. Жол-жөнекей бұрын көнген аймақтардан да қол қосып алып келеді. Мың сан тұяқ құм шағылды қарш-қарш асап, мың-мың көк найза күнге шағылысып, шағыл-шағылдың ара-арасынан шұбырып шығып жатқан соңындағы қара құрым қол алыс жорықтан еліне қайтып келе жатқан әскерден гөрі елінен жорыққа енді аттанып бара жатқан әскерге көбірек ұқсайды. Жауынгерлері қыз қойнынан өргендей құп-қунақ. Тулар мен көзге түскен онбасы, жүзбасылардың қыл құйрық нысана найзалары да шашақтарын желге сылап желк-желк етеді.


Жорықтан қайтып келе жатқандарын сездіретін қазына артқан керуендер мен қолдарына кісен салулы көп құл, көп күң ғана. Ол не болса да Байтақ шаһарының өзіне осы сары масадай самсаған қалың қолымен кірмек. Үш тарапты табанына таптап келе жатқан әміршілерін халық өз көзімен көріп, бір айбынып қалсын...


Кенет, Әмірші алдындағы ақ шағылдың үстіне шаншылып шыға келген бір жіңішке сырықты көзі шалды. Көктемгі шайдай ашық көк ніл аспанның өзінен де көкпеңбек сол тіп-тік сырық құм тасасынан сәл-пәл мұнартып көрінетін көкжиекке инедей қадалып тұрып апты.


Бұны әлденеге аян берген нышан ба деп, қасына сейіттерінің бірін шақырып сұрағысы келді де, оның барған сайын тым қара көктеніп, айқындала түскенін байқап, әліптің артын бақты. Ұлы шағылдар таусылып майса құмақтар басталды. Көп ұзамай қатқыл жолығатын сыңай танылды. Әуелі тыр жалаңаш құмның әр жер-әр жерінен қылаңытып қана көрінген бұта басқан бұйрат шағылдардың барған сайын қатарлары жиілей түсті.


Шағылдардан асқасын, бұрынғы аяғының астына кеп жатып қалған көкжиек те бауырын көтеріп ту-ту алысқа жылыстай бастады.


Мынау қара құрым қалың қолдардан сескенгендей алыс-алыс бұйраттарға қарай мысық табандап шегіне түскен көктемгі күлтілдек көкжиекпен бірге әлгі бір сиқыр сырық та алыстай берді.


Бұлар жүзген, сексеуіл, шағыр ұйлыға өскен ойдым-ойдым түлейлерді орағытып етіп, құмақ жалдарға көтерілді. Көп ұзамай қатқақ қара жонға да шықты. Сонау ту-ту алыстан сағым көтерген ала теңбіл таулар бұлаңытты.


Тағы да біраз жүріңкірегенде, алабас таулардан көп беріректе сағым шалып жатқан кең қойнауда көп қарайғандар көрінді. Әлгі бір елден ерек серейіп көрінген көк сырық та бірте-бірте селдір мұнарға сіңе түсті.


Көк қойнаудағы көп қарайған айқындала бастады. Қарсы алдарынан қара құрым қалың қол кес-кестеп тұра қалғандай зәулім мұнаралары көк мұнарда қалқып, байтақ шаһар шыға келді. Қақ төрде әлгі бір аспанмен бой таласқан көк сырық, енді байқады-мұнара. Оны бұрын бұл шаһардан көрмеген сияқты еді. Көк масаты көйлек киген әлдебір арудың алыстан арып-ашып келе жатқан жарына сағына қол бұлғап, көкке көтерген білегіндей жұп-жұмыр, сымбатты мұнара жақындаған сайын жалт-жұлт ойнап жарқырай түсті.


Қалың қол жылмиған жазық кең қойнауға түскенде, жер реңі кенет қызғылт тартты. Әр жер-әр жерде жыбыр-жыбыр қыбырлап, кішкене-кішкене қарайғандар жүр. Көктем шаһарды шырқ айнала қоршап жатқан кең ойпаттың астын үстіне шығарыпты. Атқа жеккен, өгізге жеккен, жаяу сүйреткен көп соқа енді-енді бозқылшықтана бастаған тақтай тегістіктің сауырын таспадай тіліп, жеңіспен оралған сапардың салтанатты шеруіне тұрды. Қақ алдында адырналарын шірене тартып садақшылар, одан кейін сұп-суық көк алмастарын көкке көтерген қылышкерлер мен найзагерлер тұрды. Олардың өкшесін баса, кісендеулі құлдар мен олжалар артылған ұзын-шұбақ керуен жүреді. Керуеннің артын ала-әр қилы халықтан таңдап алынған тұтқын қыздар өтеді.


Солардан соң барып, он мың нөкердің ортасында күмбірлеп хан отырған шатыр көрінеді.


Қос қанаттағы жер қайысқан қалың қол мен тосқауыл әскер сансыздың соңынан шаһар қақпасына дейін бірге барады.


Жолдың екі бетіндегі жүзімдікке, қауын-қарбыз егетін бақшалыққа, мақтаға айдалған аңыз жер біраздан соң бау-бақшаға ұласты. Жеміс ағаштары енді-енді бүрлей бастапты. Төңірек көк ала шыт көйлек кигендей. Сол селдір көк шабдар алаптың астынан шым дуалдар қоршаған аула-ауланың арасымен көшелер басталды. Көшенің екі бетіндегі кең жаймаларда қытайы жібек, күнге шағылысқан әр алуан асыл тас, алтын, күміс, былғары мен шұға, аң терілері, шартараптың саудагерлері әкелген ірілі-ұсақ бұйымдар ыбырсып жатыр, жылы самсаның, кепкен мейіздің, буы бұрқыраған ыссы палаудың, сексеуілдің шоғына шыжғырған кәуаптың ию-қию иісі мұрын жарады. Көк желек жамылған бау-бақша кілт азайып, ығы-жығы адам мен иін тірескен қоңырқай дуалдар көбейе түсті. Лай шалшыққа бір бүйірден келіп қосылған ақ түтек ағындай боп, шерудің алды шаһарға ене беріп еді, шаһардың қақ ортасындағы биік дөңестегі шырқ айнала су толы тоғандармен қоршалған биік қорғанның іші кернейлетіп қоя берді. Сол-ақ, екен шашақты найза мен қыл жалаулары жалбыраған қалың қолдың да бар керней, бар дауылпазы дабылдата жөнелді. Мың-сан тұяқтың саздауыт жерді шегелеп басқан қуатты дүсірі мен даңғырлаған дабылдан Байтақ шаһардың барша көк күмбездері мен көк мұнаралары да байлаудағы тұлпардай арқасы қозып жер тарпып тұрғандай, күллі дүние тітіреп кетті.


Шаһар тұрғындары қапелімде өңдері қату көк найзалардан қорқып кеткендей дуалға асылып, саңылаулардан сығалап, шерулетіп өтіп бара жатқан көп әскерден көз алмай қарап қалыпты.


Алмас ханның бар назары шаһар үстіндегі шалқар аспанға асқақтай бой көтерген жаңа мұнарада...


II


Әмірші жорықтың жеңіспен аяқталғанына той өткізді. Той екі айға созылды. Ол өткен ашық алаң тағы да қаңырап бос қалды. Екі ай бойы той тойлаған байтақ, шаһар қайтадан үйреншікті тіршілігіне көшті. Әбден қапысыз сайрандап, құмарларынан шыққан жұрттың бәрі қунақ. Тек Әміршінің ғана шаршағаны тарамаған. Ол той өткен күннің ертеңіне шаһардың шыға беріс сыртындағы оңаша сарайға көшіп алғанды. Ол ішіне күн түспейтін қалың бақтың қақ ортасындағы биік төбенің басында-ды. Салтанаты өзге сарайлардың ешқайсысынан кем болмаса да, онда ешкімді қабылдамайтын. Сарай тұрған төбенің жан-жағындағы бақ та тау қойнауларындағы табиғи тоғайдай өз бетімен өскен-ді. Оның ішіндегі еліктер мен тотылар да, өзге бақтардағыдай қолға үйретілмеген, жабайы; адам көрінсе анадайдан қаша жөнеледі.


Мұнда келгенде Әмірші өзге сарайлардағыдай қақырайып тақта отырмайды. Көбіне-көп сарайды шырқ айнала қоршаған тоған судан көпірмен өтіп, күні бойы бақ ішін аралайды. Қасына жолдас та ертпейді. Бұл баққа үй ішінен басқа сарай адамдарынан ешкім жіберілмейді. Бірақ олар да мұнда тек өз рұқсатымен ғана аттайды. Ол көбіне-көп кішкене немерелерін осында шақырып ап, күні бойы бірге қыдыратын да, кешқұрым күймеге отырғызып, бәйбішесіне қайыратын-ды.


Бұл жолы мұнда немерелерін де алдыртпады. Жолығатын шаруа бар еді деп, бәйбішесі адам жіберген екен, кейінірек сөйлесерміз деп қабылдамай қойды. Ұзақ жорық, одан кейінгі той-томалақтың ырду-дырдуы әбден қалжыратқан. Қазір ешкімді көргісі келмейді. Саябақтың оңаша түкпіріне барып, сылдырап ағып жатқан бұлақ басындағы қойтастарға отырады да қояды. Мынау жарық жалғанда тек осы бір аядай тұма бұлақтың басында ғана ол өзін билеуші сезінбейді. Сылдыр-сылдыр ағып жатқан мөлдір бұлаққа да, жасыл-желек арасында мігірсіз шықылықтаған сансыз құстарға да, су үстінен шыр айналып шықпай қойған көк қанат инелікке де оның ешқандай әмірі жүрмейді. Бұл арада одан ештеңе ықпайды. Тек қалың нудың ішінен шыға кеп, бұны көргенде дүркіреп кейін қарай зыта жөнелетін үркек еліктер ғана сескенеді. Бірақ олар да бұдан атақты билеуші екен деп емес, көп екі аяқтылардың бірі екен деп қорқады. Ол бұлаққа беттегенде төңіректегі сақшылар мен сарай қызметкерлері де көзге көрінбей жымып береді.


Әмірші оңаша тұма бұлақ басында ұзақ отырады. Талай-талай алыс жорықтарға тәуекелді осы арада буғанды. Талай-талай тәж кигендердің тағдыры да осы бір пейіштей рақат маужыраған оңаша алаңқайда сылқ-сылқ күлген сылқым бұлақ басында шешілген-ді. Мұнда келгенде көкірегінде де әрдайым мынау жер қойнынан жылымшылап шығып жатқан тұнба судай таусылмас, тартылмас ойлар қоздайтын. Бірақ бұлақ суы бір қалыпты шыға береді, бір арнамен аға береді. Ал, Әміршінің көңілінде енді түлеп жатқан түртіншек ойлар қайта-қайта арнасынан адасып, әр саққа бір жүгіріп кетеді. Міне, бүгін де ол көп ұзамай тағы да атқа қонатын келесі жорығы туралы ойланғалы келіп еді, есіне қайдағы бір алма сап ете қалды.


Сол бір білінер-білінбес жіп-жіңішке пышақ дағы түскен нарт қызыл алма кеше бұның алдынан қайтқанды, жаңа тамақ үстінде қызметші әйел алтын табаққа салып тағы әкеліпті. Ол өзге алмалар жетпегендей, тап соны ұстай апты. Арасын ашып қарап еді, бұлаңдап құрт шықты. Қызметшілерінің алдында мінез шақырып жатпайтын; байқамаған боп табаққа қоя салды.


Қызметші әйел қайта алып кетті. Ол қатуланып отырса да, қызметшінің бұл ағаттығын кешірген болды, лықсып келе қалған ашуын жасырған болды.


Бірақ мұның қиырдан шалып отыратын қырағы көзі қызметші әйелдің жұқа ернін жымқыра тістеп алғанынан басқа, жүзінен не жүріс-тұрысынан ешқандай қысылған-қымтырылған мінез байқамады. Қызметші әйелдердің иба сақтаған боп, еріндерін тістеп, жымиып күліп жүретіндері қашанғы әдеттері емес пе! Сонда қызметші әйел Әміршінің алдында әлгіндей ыңғайсыз жағдайға ұшырағанына түк қысылмағаны ма? Әлде дастарқан үстіне өзге тағамдар мен ыдыс-аяқтарды қойып, күйбеңдеп жүріп, көрмей қалды ма екен? Қызметші түгілі уәзірлер де, қол басылары да, тіпті өз балалары алдына келгенде бауырларын жаза алмай, бүгежектесі тұрмай ма? Ендеше, бейшара әйелге не жорық; ол тіпті әміршінің жүзіне қарауға, не істеп не қойғанын аңдып отыруға жүрегі дауалайды дейсің бе; әлгіндей-әлгіндейді тіпті байқамайтын да болар.


Әміршінің кейде қарауындағылардың оп-оңай нәрсеге қайтіп ақылдары жетпейтініне қайран қалатыны бар. Артынан өзі байыптап ойлап-ойлап, онысының бекер екеніне көзі жетеді. Өзі болса, біреуге жаға ма, жақпай қала ма деп қипақтамайды, ал қарауындағылар мұның қас-қабағын бағып қипақтап тұрғанда, шатаспастан шатасып кетуі әбден ықтимал. Ол бағыныштылармен оңаша сырласқанда мәжіліс тесін ұзақ сөйлетіп, өзі үн-түнсіз тыңдайды да отырады. Әбден айтатынын айтып болғанша сөзін бөлмейді. Ұстаз алдындағы бала шәкірттей қыбыр етпей, аузына қарап қатады да қалады. Тіпті «иә, дұрыс, айта бер» деп мақұлдап басын да иземейді. Өйтсе де, кейбіреулердің «тап осы бағытымнан ауып кетсем, жақпай қалармын» деп ыңғайға аунап, көп сырын ішке бүгіп қалуы мүмкін ғой. Оған өз бағыныштысының ішіне құлта сақтамағаны, не ойлап, не қойғанын түк қалдырмай түгел айтып бергені керек. Өйткені бұның әмірінің астындағы елде ішіне сыр бүгіп, құлта сақтауға тек оның өзінің ғана хақысы бар. Ал былайғы жұрт бұның жолынан жаны мен қанын аямағанда, сырын аяп қайтеді... Бұл өзіне бағынышты жердегі әр пенденің не ойлап, не қоятынын түгел біліп отыруға тиісті. Әсіресе өз төңірегіндегілердің көкірегіндегісін әбден ақи-тақи бәрін біліп алмай тұрып, көңілі көншімейді. Адамның сырын білмейтін атқа мінбейтіні сияқты, не ойлап, не қоятынын, өресінің қайда жетіп, қай жерден сүрінетінін білмейтін кісілерді де маңайына жолатпағаны жөн. Оның үстіне әр адамның сыры көкейінде жатқанда ғана өзінің қаруы да, аузынан шығып кеткен соң естіген кісінің қаруы емес пе? Бұл өз маңайындағыларға ішіне құлта сақтатпауға тырысады. Қайқайсысының да бар сырын біліп ап, өз сөзімен өзін матап қояды. Сондықтан да бағыныштыларын ештеңеден секем алдырмай, еркін сөйлетіп бағады. Біреуді тыңдап отырып, сөзін түзеткенді ит етінен жек көреді. Қайта білетін нәрсесін білмеген боп, өп-өтірік аңғал сұрақтар қояды. Сонда жер түбіндегіні біледі дейтін сұңғыла Әміршінің қайдағы бір қарапайым нәрселерден де бейхабар екенін көрген мәжілістесінің манағыдан бері көмейіне іркіп, ашып айтпай, маңайлап қайтып жүрген тілдегі тиегі өз-өзінен ағытылып қоя береді. Сөйтіп, әуелі бағыныштысына ішіндегі қырындысына дейін айтқыздырып алады да, өзінің анау ойлап отырғандай аңқау еместігін артынан барып аңғартады, ар жақ-бер жағыңды айтқызбай біліп отырған көріпкел кісінің қалпын танытады. Сонда әлгі саулап отырған «сабазың» бірден жым болады. Бұдан кейін ол да бір, мұрындығы тесілген тайлақ та бір-айтқаныңа жүріп, айдауыңа көнбеске амалы қайсы... Әмірші атаулының былайғы жұрттан биік тұратын жері де — өзі кімнің сырын білгісі келсе де, сұрап біліп ап, өзге ешкімге сыр айтпайтындығын да емес пе? Арғы-бергіде Әміршіден сыр сұрауға жүрегі дауалаған адам бар ма, тәйірі... Әмірші аузына қандай берік болса, құлағын да әркімнің аузына төсеп отыра алмайды, оған біреудің өсегін тыңдағаннан гөрі басындағы алтын тәжді жұлып ап, сасық ауыз өсекшінің алдына түкіргіш қып қойғаны әлдеқайда дұрыс. Ол біреу туралы шағым айтып келген кісіні ит етінен жек көреді. Ал өзі туралы өзгелер не айтып жатқанын өсек қып жеткізгендерді бір-екі рет дар астынан қайтарғаны да бар. Содан бері бұған ешкім әлгіндей бұралқы әңгімемен маңайламайтын болды. Уәзірлері мен балалары өзі тапсырма бермесе, ешкім жөнінде ештеңе айтпайды. Бұл білуге тиісті төтенше оқиғаларды ханның үй іші не сарайдың аса жоғары дәрежелі ұлықтары бұл бал аштыратын сейіттерге айтады. Олар бұған өздері естіген жайсыз хабарды нысаналап білдіреді. Бұл олардың әлгіндей нысаналарының әр жағында не жатқанын ақи-тақи білгісі келсе ғана шақырып ап, әлгі өзі байқаған нысананы жорытады. Сонда сейіттер оған өздері естіген қолайсыз лақапты ашып айтпай, әлгі нысананың жоруы қып тұспалдап жеткізеді, оны қалай түсіну бұның өз еркінде. Әлгі тұспал әңгімеге қарап, қандай қорытынды шығарарын, жазықтыға қандай жаза қолданарын тек өзі ғана біледі. Әрбір құлағы естіген ұнамсыз жағдайды әшкерелеп отыру, жазалап отыру падишаның өзіне де оңай тимейді. Ал біреуден әлгіндей қылмыстың анық-қанығын естіп біліп отырып, оған лайықты жаза қолданбаса, о да халық алдындағы асқар таудай абыройына дақ салар еді. «Қайда да айла таппас тығырықтан қаш», деген өз қағидасын берік тұтынатын ол бұл мәселеде де өз қолына өзі бөгеу салғысы келмейді. Оның үстіне шағым мен өсек жекелеген кісілер үстінен айтылады. Қара нөпір әскерді қан қасап қып қырып тастауға бар Әмірші әрбір жеке пенденің іс-әрекетін бағалағанда, әсіресе жазалағанда, қиянат, әділетсіздік жіберуге қатты қаймығады. Өйткені соғыста жазықсыз жауынгерлерді, әркімнің әлпештеп өсірген өрімдей ұлдарын қанша көп қырсаң, соншалықты атағың асса, жай өмірде жай әншейін көкірегінде жаны бар жалба тонды қайыршыға істеген сәл әділетсіздігің абыройыңды айрандай төгеді. Ал Әмірші басыңмен қарапайым біреуге қайырым жасасаң, қаншама боздақты қырған қан ішер атағың жойылып, қарашыға қайырымдылық жасаған, қара қылды қақ жарған әділетті атағың жайылады. Оған да баяғыда күнгей жорығының тұсында әбден көзі жеткен.


Пәлен ай бойы үдере тартып келе жатқан ауыр қол ақыры жау астанасына да жақындады. Алдарынан арқырай мөңкіген тау өзені жолықты. Арғы бетте өкшелері жалтыраған қара сирақ диқандар маң-маң басып дән сеуіп жүр. Кең қойнауды шырқ айнала қоршаған таға таудың баурайының бәрі бұйра-бұйра ну жыныс, үлпілдек ақ жолақ, ақшыл жолақ, сарғыш жолақ, қызғылт жолақ, жасыл жолақ - теңбіл-теңбіл. Ертеңгі пісетін шырын жемістердің дәмін сездіретіндей бір түрлі күмілжі тәтті иіс кісіні еліттіріп, басқа шабатындай. Сол бір пейіштей көркем қойнауға быжынап көп шатыр қонды. Барлық кернейлер тартылып, барлық дауылпаз дабыл қақты. Әлгі тұнып тұрған тыныш қойнау мен манаурап жатқан марғау тауларға жан біткендей, жан-жақтан дүбір мен дүсір көбейе бастады. Бұйра жы-ныстардың арасындағы бұғылар мен еліктер сытылып шығып, өзеннің арғы бетіндегі ұлан-асыр кең жазыққа қарай лап қойды. Жан-жақтан тартылған сұр жебе онсыз да жүректері ұшып безіп бара жатқан жүйрік хайуандардың соңынан суылдап қуып берді. Талайы омақаса құлап, опат тапты. Қалың қолға оңай ет табылды. Өзеннің арғы бетіндегі қара сирақ диқандар да, қара жолақ айғыз-айғыз аңыз басына қолдарындағы соқалары мен кетпендерін, тұқым толы дорбаларын тастай-тастай қаша жөнелді. Бірақ олардың соңынан оқ жауған жоқ. Тау баурайындағы сыбдыр күшеймесе басылар емес. Олар, шамасы, қалың-қалыңның арасымен арғы қауіпсіз баурайға жылысып бара жатқан жымысқы жыртқыш аңдардың дүсірі болса керек.


Жауынгерлер ағаш кесіп, шоқы-шоқының басына отын үйді. Кешқұрым кеңінен орағытып жатқан тағы таулардың басынан қатар-қатар тізіле жағылған көп алау лаулап қоя берді. Жазғы аспанның быжынаған көп жұлдызы жер бетіне көшіп қонғандай. Түнгі көкжиек түп-түгел өрт құшағында. Ертеңіне де ол тырп етпей сол көк қойнауда жатып алды. Тағы да кеш түсті. Тағы да жер мен көкті отқа тоғытты. Астана төңірегіндегі қалың елдің мынадай жұлдыздан да көп әскерге дәт қылып жатар шыдамдары екі-ақ күнге жетті. Үшінші күні таңертең жан-жақтан бұларға еркімен мойын ұсынған босқындар лек-лек ағыла бастады. Ол босқындарды әскер жайғасқан алқапқа жолатпай бір жағы-ақар-шақар тау, екінші жағы-доғаша иіліп, орағытып ағып жатқан жойқын өзеннің ортасындағы тығырық тар түбекке иіріп қамай тұруға әмір берді. Осынау жер қайысқан жау нәсілді ертең піл үстінен от жаудырып шығатын жау әскерінің алдынан салмақшы.


Түс ауа босқындарды барып көріп кел деп үлкен ұлын жұмсап еді, көп ұзамай қайтып келді. Өңі сұп-сұр Қалың кірпіктері жаппай көтеріліп, бадырақ ала көзіндегі бар үрейді жарқыратып жайып салыпты. Есіктен аттамай жатып:


— Босқындардың саны жүз мыңға жетті, — деді.


— Бесінге дейін біздің әскердің санынан асып кетуі мүмкін, — деді әмірлердің бірі.


Бұны естігенде сары ала шатырдың екі жақ іргесін толтырып, қаз қатар тізіліп отырған әскер басылар бір-біріне қарасты. Олардың көңіліне ойда жоқтан қонақтай қалған қобалжуды бұл айтқызбай-ақ танып отыр.


Бұның оң жағында сыртын тай жарғақпен қаптаған қалың Құранды, қарсы алдындағы күміс тағанның үстіне қойып, таспиық тартып отырған ақ сұр хазірет әңгімеге араласты.


— Уа, тақсыр, қара шыбындай быжынап, мынау жарық жалғанды қайдағы бір ыбылыс-ластыққа жайлатып бара жатқан кәпір тұқымды қалай қырсаңыз да, қанша қырсаңыз да сауап. Мен өзім ол найсаптардың онын өз қолыммен бауыздауға әзірмін. Оларды осы қазір қылыштың астына алмасаңыз, алдымызды түнге айналдырсақ, қапы қалуымыз ықтимал, — деді.


— Хазірет жөн айтты.


— Иә, қапы қалуымыз мүмкін.


Үлкен ұлы мен бас уәзір оның сөзін қосарлана қостады.


Бесін ауа қалың әскер босқындар иірілулі тұрған түбекке беттеді. Олар әуелі бұлардың не мақсатпен келе жатқанына түсінбей, айқайлап қуанды. Көктің жүзін көшіп келе жатқан шегірткедей жебе қаптап кеткенін көргенде барып, жан дауыстары шығып бақыра бастады. Жүз мың адамның өкірген, бақырған, шыңғырған әжептарқы даусының жаңғырығынан жан-жақтағы шоқы-шоқылар ел көшкен жұртта қалған бұралқы иттердей жапатармағай ұлып қоя берді. Жойқын өзеннің сары ала суы бұрынғысынан бетер жөңкіле ағып жатқандай.


Садақшылар жаудырған көп жебеден босқындар бірінің үстіне бірі құлап, жайрап қалды. Қалғандары қаптап келе жатқан қалың әскерден, қастарында сұлап-сұлап жатқан өліктерді бірінің үстіне бірін қалап, төбе-төбе қалқа жасап, жандәрмен қорғанып бақты. Енді іске найзагерлер кірісті. Көк сүңгіге ілінгендер ақырғы рет аспанды бір көріп қалайыншы дегендей, басын әнтек шошаң еткізіп, шалқая бір қарайды да, сосын мойындары сылқ құлап, найза ұшында қан сасып жатқан қара жерге тесіле қарап тұрып қалады. Өліктерден қалаған тосқауыл опыр-топыр құлағанда қылыштар көкке ойнап шыға келді. Өмірінде қой да бауыздап көрмеген хазіреттің өзі қолына қылыш алды. Босқындар қарусыз болса да, арыстандай арпалысты. Қолына түскен жауынгердің кеңірдегін орып, құлағын шайнап жатқаны қайсы, оқ тиіп жерде құлап жатып, өтіп бара жатқан жауынгердің аяғына жабысып, тілерсегін қырқып, қадалып айырылмай жатқаны қайсы-манағы өкірген, бақырғанның бәрін қойып айқасып бақты. Қарш-қарш тіс шықыры мен дүрс-дүрс тиген жұдырық дыбысы қылыш суылына, ақырғы рет ышқынған жан тәсілімге араласып, ию-қию; суға атылып бас сауғаламақ болған босқындар қызыл түтек ағын мен садақ оғына жем болды. Күн екіндіге таянғанда тығырық түбекте жауынгерлер жұлықтарынан қан кешіп өліктерді төбе-төбе қып үйіп жатты. Қара шыбындай көп деп айбынып келген жұртты оп-оңай жусатып тастағандарына әбден еліріп алды. Ол күні түні бойы аспанды шырақтай маздатып өлік өртеген алаулардың айыр тілі шарпып шықты. Түнгі аспан күңірсік өліктердің май-май күйесіне батып қалған тажал қазанының түбіндей қап-қара боп, бауырын алауға аймалатып, тас төбеден төңкеріліп төнді де тұрды. Ертеңіне таң намазын оқып болған соң, хазіретке Құран аштырды. Ақ сұр молда қалың құранды алдына алып жая салды да, ашылған беттегі сүрені күңіреніп оқи жөнелді: «Шынына келсек, мұндағы өмір неге ұқсайды? Ол аспаннан жер бетіне адам мен барша жан-жануар атаулы азық қылатын алуан түрлі өсімдік өнсін деп жауатын нұрдың суына ұқсайды. Жердің беті қызыл-жасыл құлпырып, гүл-гүл жайнап шыға келгенде, пенделер оны бұндай көз тойдырар көрікке бөлеп жүрген өзіміз ғой деп ойлайды, ал сол араға бір күні не бір түні мына біздің тәтенше әміріміз тап болса, ол өмірі ешқашан әлгіндей гүлдеп, құлпырып көрмегендей, түк атаулы тып-типыл боп түгел жайпалып, құлазып шыға келер еді». Ақ сұр хазірет Құранды қайта жапты. Сосын жай әуенге кешсе, құран оқыған мақамын ұмытып қалатын кісіше ыңыранып сөйлей бастады:


— Тақсыр әлгі ашылған сүре мынау көк найзаңыздың астына кеп, ажалын тосып тұрған көп кәпірдің басына көрінетін болжал. Іншалла, бүгін олар да орылған қаудай жайпалып қалады екен. Енді Алла тағала сіздің өзіңіздің бүгінгі ғазауат ұрысыңызға қандай нышан білдірер екен, соны көрейік, — деп тізесінде жатқан құранды қолына қайта алды. Бұ жолы: «Алла сізді ештеңеге билігі жүрмейтін құлақ кесті құнсыз құл менен оны құрбандыққа шалмай тұра алмайтын асыл қасиет, абзал сипат беріп өз тәнімізден әдейі жаратқан сүйікті ұлымызбен салыстырып көруге меңзейді» деген сүре шықты. Хазірет оны: «Бұл жерде жаратқан ием кәпір мен мұсылман жайлы мисалды айтып отыр. Біреуі-алтынға сатылатын құлақ кесті құл, қор; екіншісі-өз ырзығын алланың шарапатынан алған, не істеп, не қоям десе де еркі бар азат адам; ол екеуі ешқашан бір-бірімен тең болмайды деп, сіздей сайыпқыранның қылышынан өлгендердің сұраусыз екендігіне меңзейді», — деп түсіндірді. Сосын басталғалы тұрған ұрыстың кәпірстанды пайғамбардың ақ туының астына жығуын тілеп бата қылды. Ол әскерін алдарындағы асау арнаның арғы бетіне шығарды. Өзі атына мініп, әскердің оң қанаты мен сол қанатын, маңдайы мен ортасын, тосқауылды сапқа тұрғызып, орын-орындарына жайғастырды. Оң қанатқа үлкен ұлы мен кенже ұлын және төрт әмірді, сол қанатқа екі ортаншы ұлы мен төрт әмірді, алдыңғы шепке бас қолбасшыны, бір ұлын және төрт әмірді қойды. Ортадағы әскерді өзі басқаратын болды. Жау жағында жиырма мың атты әскер, отыз мың жаяу әскер, жүз жиырма піл ұрысқа кірісуге сақадай сай тұр. Жүз жиырма пілді бір-біріне тұмсықтарынан тіркеп қойыпты. Арқаларына ұзын-шуақ ашамай ерттеліп, оған әрқайсысына алты-алтыдан садақ ататын мергендер отырыпты, пілдердің ара-арасында алма кезектестіріп тас атқыштар мен ауыздарынан от шашатын зеңбіректер қойылыпты. Мынау дөңкиген-дөңкиген тау-тау пілдердің қасында мұның атқа мінген әскері жаяу адамдай тым жұпыны, тым жатаған көрінді. Оны анау дәу мінгендер қазір-ақ жайпап өтердей. Кеше құр қол босқындарды қыруға екіленіп кіріскендер бұ жолы сасайын деді. Әсіресе молдалар, жұлдыз қарайтын сәуегейлер, қазына ұстайтындарда өң қалмады. Бұл: «Соғыс тұсында сендер қайда боласыңдар?» —деп сұрап еді, олар: «Біз анау қатын-балалар қорқар, солардың қасында қара боп тұрсақ қайтеді?» — деп шу ете қалды. Әмірші күліп жіберді.


Алқаптың екі бетінен жер қайысқан қалың қол маң-маң басып, бір-біріне жақындап келеді. Екі жақтың қақ алдарындағы шолғыншы әскерлері енді-енді маңдай түйістірерде, ол өз әскерінің қақ ортасындағы үйік обаның басына шығып, жайнамазын жайып, құбылаға қарап, намазға жығылды.


Намаз оқып отырып майдан даласына көзі түсіп еді, алдыңғы шеп— ауыр пілдер мен қарша бораған қара тасқа қайрат қыла алмай, мысық табандап шегініп келеді екен. Ол жайнамазын шұғыл жиып, ортадағы әскерден екі қанатқа қосымша әскер жіберді. Сол-ақ екен жау әскері бұларды маңдайдан тықсыртып, ішке біраз еніп кеткен кезде, екі қанаттың тосқауыл әскері қос бүйірден қаптағайлап дүрсе қоя берді. Барлық күштерін маңдайға салған жау әскері қапталдарынан мұндай тосын килігісті күтпеп еді, қапелімде сасқалақтап қалды. Соны сезген мұның ту сыртындағы тосқауыл әскер де қақ айрылып қос қанатқа қарай ұмтылды. Бұлардың маңдай алды күштері жаудың пілдерін өз соңдарына салып, тереңге шегіне берді. Қос қанаттан тап берген мол әскерден тоқтай қап қорғанған жау әскері пілдерінен қара үзіп алыстап қалды. Соны пайдаланған бұлардың алдыңғы шебі, жүз жиырма пілді арттарынан орағытып қоршауға алды. Екі сақинаның ортасында бір-бірінен ажырап қалған жау қанша жанталаса ұрысса да, бірте-бірте әлсірей берді. Ашамай үстіндегі мергендерді бұлардың жан-жақтан жауған жебесі баудай жайпады. Көп ұзамай ер жүрек жігіттер қылыштарын жалаңдатып пілге қарсы шапты. Бір-біріне тұмсығынан байлаулы хайуандар бүйірлерінен кірш-кірш кірген қылыш пен найзаға қайрат қыла алмай біріне-бірі соқтығып, ұйлығып қалды. Алпамса хайуандарға да жан керек екенін біліп алған сарбаздар онан сайын екілене түсті. Пілдердің ара-арасындағы тас атқыштарды қолға түсіріп ап, алып хайуандарға қақ маңдайларына ат басындай ауыр тастарды қарша боратты. Көп ұзамай жол үстіне теңкиіп-теңкиіп құлап жатқан пілдер көбейді. Олар да қара қанға малшынды. Әлгінде ғана кейбіреулердің үрейін ұшырған дәу хайуандар бірте-бірте сирей берді. Бір уақытта бұның он төрт жасар немересі бір пілді қолға түсіріп, алдына алып келді. Ол ойына: «Дәуітке Сүлейменді беріп ек, ол оған қандай тамаша қызметші бола білді» деген сүре оралып, ер жүрек немересінің маңдайынан иіскеді. Сол екі арада екінші сақинаның ортасына түскен жау әскерінің де күл-талқаны шықты. Кең алқаптың бойында жайрап жатқан өлікке ат сүрініп жүре алмады. Сол күні бесін намаз тұсында ол астанаға келіп кірді. Туы жығылған елдің қалған ақсүйектері қаланың қақпасын өздері ашып, алдынан шығып бастарын иді.


Қалың әскер бөтен елдің бай астанасының аңырайып ашық-тесік жатқан қақпаларынан тұс-тұстан лап қойды. Ол қолбасшыларымен жеңілген елдің патша сарайында думандатып отырғанда, оның жер қайысқан сарбаздары қала ішінде сайрандап жүрді. Шаһарды сыртынан төрт жағынан төрт түменге күзеттіріп қойды да, қалғандарына жау астанасында құмарларынан шыққанша ойран салуларына, құшақтары талғанша құшып, қоржындары толғанша тонауларына ерік берді. Бұл ойран екі аптаға созылды. Әркімнің қос-қостан мініп шыққан аттарының тұла бойы қоржыннан көрінбейді. Бірақ жұрттың ындыны жаман ашылыпты. Әрқайсысы жүз-жүзден құл мен күң ертіп шыққан жауынгерлер де болды. Бәрінен де бір сығыр көз, жылтыр қараның қорлығы өтті. Бұл жеңілген елдің бір топ ақсүйектерін ертіп, нөкерімен қала ортасындағы алаңда келе жатып, тапа-тал түсте көшеде алысып жүрген екі еркекті көрді. Анадай жерде бір-біріне қосақтаулы екі ат, оның қасында қолдарынан қыл шылбырмен байлап, бір-біріне тіркеп қойған он шақты әйел, еркек тұр. Алысып жатқан екеудің қастарына хан келгенімен де шаруалары жоқ. Екі көзі бірдей соқыр, еңгезердей едірең мұрт, мосқал біреу мойнына қос қолдап жабысып қалған сығыр көз, сыптығыр қараны шекеден де, тұмсықтан да періп жүр. Шарапқа аямай тойып алған сыптығыр қараның ұзын мойны, едірең мұрттының зіл жұдырығына төтеп бере алмай, көк есектің мойнына таққан қоныраудай әрлі-берлі бұлғаңдай береді. Бірақ дүниеқоңыз сып-тығыр қараның қос қолы, еңгезердей соқырдың алқымынан айрылар емес. Ол мына масқараға шыдай алмады. Көптен бері істеп көрмеген әдетіне басып, екі көзіне қан толып, күймеден секіріп түсіп, төбелесіп жатқандардың қасына жетіп бар-ды да, сыптығыр қараны оң иықтан қылышпен тартып қалып еді, аяғын құшақтап құлап түсті.Еңгезердей соқыр енді мұның етегіне жармасып, жібермей қойды:


— «О, қайырымды адам, кім боласыз... Анамнан қалған жалғыз көз— ақық алқа еді. Мына бір көрсеқызар сүмелек жабысып алып бермей тұрған еді. Тәңір жарылқағыр, атыңды айтшы! Өмір бақи аузымнан тастамайын», —дейді.


— «Ой, пақыр, менің аты-жөнімді біліп қайтесің, —деді Әмірші.


— Шіркін, еліңнің барлық еркек кіндігі сендей болсайшы!»


Содан бұл қайтар жолда қай қалаға соқса да, алдынан ғаріпті қорғаған қайырымды билеуші туралы аңыз шықты да отырды.


Елге келген соң, ол өзі жоқтағы оқиғаларды айтқан бір топ ғайбатшыны той үстінде дарға асты. Енді ешкім оған арыз айтып келмейтін болды. Алда-жалда ол білмеуге болмайтын сұрқия хабарды шайқылар мен сейіттер ғана тұспалдап сездіреді. Манағы алма да солардың ісі болмасын! Сонда бұл ненің нышаны? Өз ел, өз топырағында оған қандай қатер төнбек? Жақын жерде бұған жүрегі барып шаба қоятын жау да жоқ. Машырық елшісіне көп ұзамай найзамен өзі баратынын сездіріп, бұның халқы мен ер жүрек әскерінің көңіл күйі қандай екенін көрсін, білсін, айтып барсын деп екі ай бойы тойда ұстады да, той біткен соң, кеше ғана, еліне қайтарды. Ол барып жеткенше, бұ да атқа қонады. Кеше тойдан кейін ел-елге дәруіш, диуана қып жіберген жансыздарымен сөйлесіп көріп еді, төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ, төңірек тыныш деген. Шалғай аймақтар мен керуен жолдарының бойына, шекараға таяу маңайларға дәруіш, саудагер, бақташы қып ұстап жүрген мың түйелі, мың атты құпия әскері де ешқайдан бүлік бар деп хабар айтқан емес. Елден салық жинайтын уәзірлер мен жер-жердегі әміршінің сыртынан қойған аңдушы сақ құлақтарынан да кісі сескенердей хабар түскен жоқ. Бірақ ондай алыс аймақтағы сорақылықтарды бұлай құпиялап қайтеді... Әлде бұл алыс жорықта жүргенде сарайда бірдеңе болды ма екен? Бұл өз төңірегіндегілердің ішіндегі күмәнданатын адамдарын, қайда жүрсе де, көзінен таса қылмай, өзімен бірге ала жүретінді. Бұ жолы жорық ұзаққа созылатын болғандықтан, сарайға бас уәзірін тастағанды. Егер ол қазынаға қол салса, оның жарасы жеңіл. Ол үшін ешкім бұлай тұспалдап жатпайды. Әр жорықтың алдында бір, соңында бір қазынаны өзі тексереді. Олай болса, көп ұзамай, ол ұрлық өзінен-өзі ашылады. Бірақ бас уәзір ақыл мен айланы, сабыр мен ашуды бірінен-бірін асырмай ұстайтын орнықты кісі еді. Оның қазынаға қол сұғардай сұғанақтыққа баруы еш мүмкін емес. Оның үстінен айтылатын әңгімелерге бұл көп құлақ аса да бермейді. Ондай кісіге жау көп, жала көп болатынын өзі де біледі. Сонда бұл нышан нені білдірмек... Өз ошағының басы аман. Кешегі тойда бәрінің де бастары түгелді. Содан бері бүкіл дүние асты-үстіне шығардай боп, бүлініп шыға келуі еш мүмкін емес. Әлгі қызметші әйелдің жіберген ағаттығы ғана... Бірақ аршып, ішіндегі құртты көріп тұрып, ол алманы, кім болса да, лақтырып тастамай ма? Бұның табағына салғандары қалай? Жоқ, не де болса, әлдекім әдейі істеп отыр? Сонда оның не ойлағаны? Әлде қазір адам жіберіп, сейіттерінің бірін шақырса ма екен. Піріне де жорықтан кейін асығыс кіріп шығып еді. Бұрынғыдай ұзақ сұхбаттасып отыра алмағанды.


Әмірші ешқашан түсін, не басқадай көрген нышанын әуелі іштей болжалдап алмай тұрып, ешкімге жорытпайтын. Сонда өзегінен құрт шыққан алма... Ол қастандыққа емес, сатқындыққа, опасыздыққа меңзеуге тиісті ғой. Ол не қылған опасыздық! Заманының мынандай тынышында бұған сатқындық жасап, басына пәлені қаралай өзі шақырып алатындай ол кім?


Қолбасыларының бәрін санап шықты. Ешқайсысының дәл осы сәтте бұған қарсы қол көтерердей сылтау-себебі жоқ сияқты. Үлкен жеңістен соң, әсіресе алыс жорықтардың алдында қолбасыларының басына алтынды жаңбырша жаудыратын мұның қашанғы әдеті. Күнгейдегі бай елді шапқандағы мол байлықты да, кешегі мағрұп елдерінен түскен мол олжаны да ол қолбасылары мен ер жүрек жауынгерлеріне аямай-ақ үлестіріп баққанды. Әскер төңірегіндегі адамдарды өзінің сіңірген еңбегінен он есе артық бағалаған жөн. Сонда олар қандай қанды қасапқа айдасаң да құлшынып тұрады.


Осыдан он жыл бұрын күнгей еліне жорыққа аттанарда диуанда пікір екі жарылды. Бұның үлкен ұлы: «Ол елдің мол алтынына ие болсақ, күллі әлемді біз билейміз»,-деп құлшынса, әмірлері: «Қара шыбындай қаптаған көп халықты бағындырып ап, билеп-төстер болсақ, көп ұзамай олар өзімізді жұтып қояды. Ұрпақтарымыз ана тілін де ұмытып қалады», — деп тартыншақтағанды. Сонда ол құран аштырып еді: «Пайғамбар, заң білмес, жөн білмес бұзақыларға қарсы соғыс аш», — деген сүренің үстінен шықты.


Күнгей елінің алтыны кейбір әмірлерінің қисайған ауыздарын қайта түзеткенді. Қара шыбындай қаптаған елді де жеңуге болатынына сол жорықта көздері жетіп қайтқанды. Ал машырықтың алтыны күнгейдің алтынынан көп болмаса, аз емес. Оны тиыннан тиын балалататын мұның елі жақсы біледі. Ендеше, дәл қазір жаңа жорыққа шығардай кім табыла қояды. Кім? Ол мынау тығырыққа кеп тіреліп қалды. Тұма бұлақ сылдыр-сылдыр ағып жатыр. Қашан келсең де, мынау тылсым кеңістің әлдебір жерінен жапырақ қозғар леп тауып тұратын биік ағаштар басындағы судыр-судыр да сол қалпы. Бәрі де бұған: «Ойлан, ойлан», — дейтіндей. Бой сергітем деп келгенінде, қайдағы-жайдағының бәрін есіне түсіретін осы бір қалтарыс оңашаға, ондағы өсекшінің аузындай ылғи сыпсыңдап тұратын осы бір жапырақ сыбдыры мен су сылдырына ыза боп кеткендей, орнынан тұрып, жалғыз аяқ соқпаққа түсті. Сумаң соқпақ енді оны қайтадан сарайға бастады. Манағы маужырап тұрған тып-тыныш дүниені әлдебір түлен түрткендей. Маңайының бәрі ың-жың дыбыс. Жұдырықтай ақ тамақ торғайлар қыт-қыттап ағаштан ағашқа қонады. О да бұған бірдеңе айтайын деп оқталғандай, тамағының асты бүлк-бүлк етеді. Таң атқалы бұны ағаш арасынан аңдып жүргендей кенет жол қапталынан киік қашты. Бұдан үркіп қашып бара жатпағандай, таңын жарқылдатып мазақтап бара жатқандай. Сумаң соқпақ өрік ағашының астынан өтті. Уақтылы жиылып алынбаған жеміс өз-өзінен үзіліп түсіп, жерде шашылып жатыр. Көбі иістеніп бұзылып кетіпті. Қанаттары күнге шағылысып, жарқ-жұрқ еткен бармақтай-бармақтай кек шыбындар шашылып жатқан өріктің бірінен соң біріне қонып, кекең-кекең етеді. Шіріген жемістен жексұрын нәрсе бар ма? Кеше ғана аппақ боп үлпілдеп тұрған гүл-ау бұл. Одан түйнек салды, Көк жапырақты жөргек қып, мынау жатаған ағаштар жан-тәнін салып әлдилеген кішкене түйнек жер қойнауынан нәр еміп, аспан тесінен нұр еміп өсе берді. Сары алтындай құлпырып, көзге түскенше асықты. Болды-толды... Болғаны-толғаны осы, сирақтары салтақ-салтақ мына бір малғұндарға жем болды. Миуаның қадірі, шіркін, көзіңе от боп басылып биікте тұрғанда ғой... Биіктен бір құлаған соң, мынау өріктердей аяқ астыланып қор боласың... Жұрт аямақ түгілі тыжырынып жиіркенеді... Кешегі бал шырынға толып балбыраған тәтті мәуе екеніңді не қылсын. Бұтаққа біткен жеміске бұлай өз бәсін өзі түсіріп, биіктен құламасқа құдай тағала ақыл бермеген... Ал тырмыса-тырмыса биікке шыққан адамның өзі құлағаны-өлгені... Оны өзгенің сұқты көзі одан гөрі де жоғарырақ өрмелете түспекші. Сумаң соқпақ сарайды шыр айнала қоршаған тоған судың үстінен көпірге кеп тірелді. Ол табан астында бойын жиып, манадан бері ой манауратып бара жатқан ала көзін қайтадан суытып алды. Сол сұп-сұр күйінде сарайға кірді. Сол сұп-сұр күйінде өз бөлмесіне өтті.Қызметші тағам ап кіргенде де, ол кең жайдың қақ ортасындағы шытыра хауыздың жанындағы жолбарыс терісін жапқан жатаған тақтада сол сұп-сұр қалпы отырғанды. Қызметші әйел егде еркектің төсегіне алғаш жатқалы келе жатқан бала қыздай, ернін жымқыра тістеп, бұның дәл алдына кеп тоқтады. Қолындағы табақшасын дөңгелек дастарқанның үстіне әкеп қойды. Ернін қанша тістегенмен, ұялғанын білдіріп бетіне шапшыған бір тамшы қан жоқ. Опаны аямай жаққан ат жақты сопақша жүзі ақ шағылтақтанып тұр. Сүрмелі көздің сояу кірпіктері қыдығы кеткен бетте өз-өзінен мен мұндалап тұратын қақсақалдыққа тән қайсарлықты астына бүгіп, өп-өтірік келтірген болады. Бұрын қызметшілеріне назарын тіктемеуші еді, бұ жолы тінте қарады. Тайсала қоятын қызметші әйел көрінбейді. Сонда қалай, мына әйел манағы құрт шыққан алманы әліге дейін көрмеген, білмеген болғаны ма? Көрсе бұдан нағып қысылмайды? Қызметші әйел беті бүлк етер емес, дастарқанды реттеп болды да, басын иіп, тағзым еткен күйі жұп-жұмыр бөксесіне сарғыш шытыра көйлектің етегін бүлк-бүлк тепкілетіп, тек әйел ғана ойлап таба алатын бір әдемі әзәзіл жүріспен есікке жылысты. Есік жабылған соң барып, дастарқанға қарады. Көзі қақ алдында жатқан манағы нарт қызыл алмаға түсті. Бұл жолы пышақпен кесілген сызығы ақсиып айқын көрінеді. Өзін өзге тағамдардан бөлектеп оқшау қойыпты. Әлгі әйел бәрін біледі екен! Жастығының қасында тұрған қоңырауға қолының қалай тиіп кеткенін білмей де қалды. Есіктен басын иіп, тағзым етіп, қызметші әйел қайта көрінді. Бұл өне бойын зіркілдетіп алып бара жатқан ашуды жасыруға бар күшін салып бақты. Қапелімде босағада мүләйімсіп тұрған әйелге не дерін де білмей қалды.


— Мына алманы осындағы бақтан үздіңдер ме?


— Жоқ, тақсыр ием, сізге әдейі Ұлы ханым жіберіпті.


— Бара бер!


Қызметші әйел жалт бұрыла бергенде, жымқыра тістеген езуінен жымиған күлкі қылаң берді... Қызметші әйелдің езуіндегі сол бір жымысқы күлкі әдетте мөлтең-мөлтең ағып жататын момақан бұлақтың бетіне де көшіп қонғандай. Сонау қара жер көкірегінен имене шыққан шым-шым су сәлден кейін болар-болмас толқын мезіретке көшіп, жымың қағады, тіпті үнінде де бір аяр сылқымдық бардай-сылдыр-сылдыр, сыңғыр-сыңғыр... Бұрын дүниенің барша сұғанақ көзінен қалқалайтын қалтарыс деп келетін осы бір оймақтай оңашасын да кейінгі күндері әзәзіл жайлап алғандай. Тіпті астындағы тастың өзі бұл неме сілейіп қашанғы отыра бермекші деп, дөңбекшіп жатқан тәрізді. Тіпті сонау ағаш басындағы ойнақтаған жапырақтар да, бір-біріне бұның біле алмай жүрген әлгі бір құпиясы жайлы сыпсыңдасып тұрғаннан сау ма? Бұрын осында келгенде құрыс-тырысының бәрі жазылып, көңілін пысынатқан кермек ойлар да өз-өзінен қоздап қоя беруші еді. Бұ жолы селкеуі көбейіп кетті.


«... Ұлы ханым жіберді».


Бұл осы соңғы жорығына немерелерінің үлкендерін ертіп бәйбішесін де ала шыққанды. Ылғи көші-қондымен жүрген балалар елді қатты сағынған соң, осыдан екі жылдай бұрын оны немерелерімен бірге кейін қайырғанды. Анада, көктемде жорықтан қайтып келе жатқанында әдейі бұның алдынан хабаршы шаптырғанда, ол мұндай оқшау хабар айтпап еді ғой. Келген соң ол тойға дейін ай жарым уақыт Байтақ шаһардан сәскелік жердегі Ұлы ханым мен немерелері тұратын сарайда дем алып жатқанды; бәйбіше онда мұндай шәлкем-шалыс ештеңе сездірмеп еді. Той үстінде де ол тарапынан ешқандай реніш аңғарған емес. Енді аяқ астынан жасаған мынау ишарасына қалай түсінуге болады? Не де болса, тойдан кейін душар болған жағдай. Егер одан бұрынғы нәрсе болса, баяғыдан бері байқатпай келіп, бүгін айтуы ақылға еш қонбайды. Шешелерінің сарайына балалары көп барушы еді. Өйтетіндері бұдан гөрі шешелерін жақын тұтқандары емес, көбіне-көп әжелерімен бірге тұратын кішкентайларын көруге баратынды. Әлде солардан оғаш мінез байқады ма екен? Бірақ баларының қылығына бола бұған шағынатындай не жені бар? Олар анасының айтқанын екі етпеуші еді ғой.


Балаларынан қандай мінез шығуы мүмкін... Жаман айтпай жақсы жоқ деп, көзі жұмыла қалса, орнына кім болатынын әлдеқашан өз аузынан айтып қойғанды. Мұрагерінен әзір сұрқия ой шыға қоюы мүмкін емес. Әлде оған өзге бауырлары көз аларта бастады ма екен? Бірақ оның да қисыны келмейтін тәрізді. Бәрі де бір анадан туған, кіндіктестер. Өзге анадан туған ең үлкен ұлы алыста, күнгей елінде, билеуші боп қалды. Мұндағы үшеуі әлі билік дәмін сезе қоймаған жас. Апыр-ау, сонда не болғаны... Әлде мынау ертең-бүгін жолға шығамыз деп отырған алыс жорықтың алдында бұның балаларының басын айналдыратын әзәзілдер табылды ма? Жеті жыл бойы жорықта жүріп, қатын-баласына жаңа қауышып жатқан жұрттың қапелімде үзеңгіге қайтадан аяқ салуға зауықтары соға қоймайтыны да рас. Бұл соны біліп, өткен жорықта көзге түскендердің бәрінің басынан алтын жаудырып баққан-ды. Әлде сонысы қате болды ма екен? Бірден жарылқай салмай, әлі де емексіте тұрғаны дұрыс па еді? Баяғыда өзінің бір әміршіге айтқан ақылы бар-ды: «Түріктердің көздері қандай қысыңқы болса, көңілдері де сондай тартыңқы келеді. Оларды адал қызмет еткізудің жаңғыз жолы көзін қазынаға, көңілін мақтанға тойғызу. Өзгеден тартып ал, өзіңдікін сатып ал». Ол да сол талай елді шарлап жүріп, тартып алған алтын мен асылды өз қарауындағыларды сатып алуға жұмсап жатқан жоқ па? Әйтпесе қатындарының бауырындағы байсымақтарды жылы төсектен алтыннан басқа не тұрғыза алушы еді. Кеше ғана осы мінез шығарады-ау дегендердің дүние-қоңыздарына қазына таратып, бақ құмарларына дәреже үлестіріп, ындындарын тесіп жатқан қызыл құрттың басын қайтарғандай болып еді ғой. Сол екі ортада не шыға қалды екен. Машырықтан келген елшіні әмірлер мен қолбасыларға, тіпті өзінің балаларына да жуыттырмай қойғанды. Ол неме сонда бұл құрған қыл тұзақтан да құмырсқа боп өтер жол тапқаны ма? Не де болса алып-жұлып бара жатқан оқшау хабар болды. Әйтпесе бәйбішесі анада, айтатын сөзім бар еді деп арнайы кісі жібергенде, кейін сөйлесерміз деп, кідіртіп қоймап па еді. Енді, міне, бұдан әрі күтуге шыдамы жетпегендей, мынау ишара алманы жіберіп отыр. Осы қазір балаларын жиып алса ма екен? Бірақ жаман айтпай, жақсы жоқ, олардың біреу-міреуін таққұмарлықтың әзәзілі арбап жүрсе, бұның аяқ астынан балаларын шақыртқаны, ондай қара ниет шаруаны тым шұғылдатып жіберуі де мүмкін ғой. Жоқ, оларды дәл қазір шақыртуға болмайды. Басқа бір шаруа шығар. Алда-жалда балаларының көңілі өйтіп қараға аунаса, бәйбішесінің тап бұлай елдің алдымен елпеңдеп, өз қолымен әкеп сала қоюы екіталай.


Ұлы ханымның алалайтыны бұның өлген әйелінен қалған үлкен ұлы еді. Оны сонау көз көрмес алысқа, жау аймаққа, билеуші етіп жіберткізген де сол болатын. Пірдің аузын алып, тақтың мұрагерлігіне қояр да қоймай жүріп өзінен туған үлкен ұлын белгілетті. Бұл үлкен баласының көңіліне қарап, біраз созбалақтап көріп еді, бірақ баласы өзге бауырларының ала көзінен қаймықты ма, әлде әкесін екі оттың ортасына салғысы келмеді ме, мұрагерліктен өзі бас тартып, алыс Күнгей еліне билеуші қып жіберуді сұрады. Тұла бойы тұңғышының сол қылығы есіне түскенде бұның асқар таудай көңілі күрт жығылып, бір түрлі шөгіп қалады. Әлгі бір жан-жақтан дікеңдеп қоя берген көп оспадар сауалдар да табан астында жым болып, әлдеқайда жым-жылас жоғалып кеткендей. Ойына сонау бір сергелдең жылдар түсті.


Бұның тұқымы жеті атасынан бермен қарай әскер басы-ды. Арғы бабасы Ұлы ханның үлкен ұлының әскерін басқарыпты. Сол үрдіс атадан атаға көше келе, бұған да жетті. Ол осы өлкеде аты шыққан бір кәрі билеушіде әскербасы әмір еді. Кәрі билеуші бұны өз балаларынан бетер жақсы көрді. Қызына үйлендірді. Қайын атасы дұшпандарының қастандығынан қаза тапқанда, тағына бұл отырды. Ол кезде бұл Қосөзен елі қырық бөліктін. Бәрі де сонау жер түбіндегі Ұлы хан тұқымына тәуелді еді. Бұл таққа отырған бойында ұсақ хандықтардың басын біріктіргісі келді. Ол үшін бас-басына хан боп қалған немелердің әрқайсысына жеке-жеке: «Қалғандарды қуып шығып, елді екеуміз билейік», — деп хат жазды. Билік дегенде көмекейі бүлкілдеп тұратын әмірсымақтар бұған жеке-жеке хат жолдап, ризашылықтарын айтты. Онсыз да ала бүлік ұсақ хандықтардың арасына от түсті. Алыстан қай жеңгенің менікі деп өңшең баққұмар немелерді сүзістіріп қойып бұл отырды. Сол екі арада ауыр қолмен алыстағы Ұлы ханның өзі іргеге кеп тоқтады. Әмірші қалған әмірлердің алдын орап, Ұлы ханды қол қусырып қарсы алды. Ондағы ойы— өзге ұсақ хандықтар арасында өз беделін нығайтып алмақ еді. Бірақ Ұлы хан тұқымы бұған сенбеді, тақтан алып, қайтадан қолбасылыққа түсірді. Тіпті көп ұзамай оны Ұлы хан тұқымына қастандық жасағалы жүр деп астыртын өлтірмекке ниеттері ауды. Құдай көмектесіп, әлгіндей бұйрық бұның өз қолына тиді. Ол елден қашып кетті. Күні кеше ғана, жорықтан қайтып келе жатқанда, өткен ұлан-асыр құмның ішінде әлденеше жыл қашып-пысып жүруге тура келді. Әйелін жетектеп талай-талай шағыл кешті. Талай-талай құмақ жонда жалаң аяқ ізі қалды. Қазір құс мамықтан басқа тимейтін табанына қадалмаған шөңге жоқ. Құмға түскен жалаң аяқ ізді жел өшірді. Шөңге тескен жараларды уақыт жазды. Сол бір күндерді бүгінде үлкен ұлын көргенде ғана есіне алатын. Ол өз бауырынан шыққан барлық перзенттерінің ішінде бөлекше ыстық көрінетін. Өйткені, ол болмаса, бұның бұл күн, бұл дәрежеге жете қоюы да неғайбыл еді. Ұлы шағылдарды кезіп, тентіреп жүргенде, құм елінің бір бегі қолға түсірді. Әйелі екеуін қырық құлаш құдық зынданға әкеп салды. Сыз құрдымға күндіз күннің сәулесі, түнде айдың нұры түспейді. Өлім аузындағы оларды мазақтағандай сонау ту-ту төбеде өлмеші бозамық сәуле ғана жылтырайды. Ара-арасында жүні жалбыраған дудар бөрік құдық аузындағы әлгіндей әлжуаз жарықты да көлегейлеп, түнекте жатқан екеудің тас төбесінен түн боп төнеді. Сүйегіне шым-шым батып шымылдатып бара жатқан сыздан шыдай алмай, аунақшыған келіншегінің қолындағы темір кісен ғана оқтын-оқтын құлынның кісінегеніндей оқыс үн шығарады. Ерлі-зайыпты екеуі онсыз да көңілдерін қыжылдатып жатқан өкініш пен ызаның қан шапшыған жарасын қасығылары келмей, бір-біріне тіл қатпайды. Ауық-ауық күрсініп қана қояды. Солай қырық тоғыз күн өтті. Елуінші күнгі түн сүттей жарық болды. Оны бұлар зынданның аузындағы күміс табақ төңкеріп қойғандай дөңгеленіп жатып алған оқшау нұрдан сезіп жатты. Қара көрдей қапас түбінде қасарысып, сыр бермей жатқан келіншегі кенет жанын қоярға жер таппай, бебеулей бастады. Тұла бойы өртеніп барады. Маңдайынан тер ағып қоя берді. Қолы кісендеулі. Иығымен демеген болады. Келіншегі бебеулегенін қояр емес. Тұла бойын түгел дірдек қаққызып, сүйек-сүйегін қан қақсатып қақырата бастаған, бұрын-соңды басынан кешіп көрмеген бейтаныс азапқа қылар қайран таба алмай, сыз жарға қайта-қайта басын ұрады. Бұл оған иығын тосады. Әйелдің тастай ауыр басы бұның бұғана сүйектерін қиратып жіберердей екілене түйгіштейді. Әлдебір сәтте әйелі үн-түнсіз сұлқ талып түсті. Сол екі арада бұл өмір бойы естімеген әуелі әлденеге тұншығып, артынша-ақ құлақ жарардай бажылдай жөнелген ащы дауыс шықты. Сол-ақ екен құдықтың аузындағы дөңгелек нұр оқыс ғайып болды да, артынша қайта жарқырады. Әуелі омырауына болар-болмас бірдеңе құлағандай болды. Ол омырауындағы нәрсені иегімен іздеп жүріп, тауып алды. Кілт екен. Тісімен тістеп тұрып, сұлқ жатқан әйелінің қолындағы кісенді ашты. Әйелі әлгі бір шарылдаған дауыстан оянып кеткендей, кеудесіне жан кіріп, қозғала бастады. Сәлден соң есін жинап, қайтадан бебеулей жөнелді.


— Бол, мына кілтпен менің қолымдағы кісенді ағыт,—деп ақырды бұл.


Әйел қараңғы қапаста сипалап жүріп қолын әзер тапты. Сосын кілтті таба алмай, біраз азаптанды.


— Бол, бол!—дейді бұл дызығып. Әлгі бір ащы бажыл басылар емес.


Бір уақытта кісен де ағытылды. Бұл жалма-жан ащы айқай шығып жатқан жерге ұмтылды, қолына жып-жылы бірдеңе ілікті. Кішкене сәби кіндігі үзілмей шыңғырып жатыр. Ащы даусы бірте-бірте тарғылданып барады.


Ол жас нәрестенің бауырына бас қойды да, шұбатылып тұрған жып-жылы ішекті тісімен қырқып үзіп жіберді. Әйелінің шашын күрт-күрт жұлып ап, тас қып байлап тастады. Бауырындағы жып-жылы жұдырықтай ет сонда ғана жаны жай тауып, омырауына кіре түсті. Пәлен айдан бері ширығып жүрген жүйке-жүйкесінің бәрі түбіттей түтіліп, сүйек-сүйегі борша үгіліп қоя берді. Ол арқанды әуелі әйеліне кигізді. Кішкене нәрестесін құшақтап өзі сосын шықты. Зынданның аузында тұрған дудар бөрік қара сақалдыға әйелінің мойнындағы жақұт алқаны үзіп ап, ұстата салды да, қолындағы қылышын жұлып ап, бек жатқан ордаға қарай беттеді. Зындан басындағы абыр-сабырды естіп қап, жан-жақтан жүгіре шыққан қарулы сарбаз бір қолында жас нәресте, бір қолында ақ алмас, ордаға қарай ұмтылып келе жатқан жалаң аяқ, жалаң бас, жүзі суық адамға қапелімде не істейтіндерін білмей, аңтарылып тұрып қалды. Ордаға кірер жерде тоқтатпақшы боп, екі сарбаз шалғайына ұмтылып еді, қабаған итті қамшысымен тартып-тартып жібергендей, оң қолындағы ақ алмас айға қарап екі-ақ рет жарқ етті, екі босағаны қан жуып қоя берді. Ол әйелін жетектеп бектің үстіне кіріп барды.


Есік жақтағылар тұра ұмтылғанды, бек оларға иегін қағып ишарат білдірді. Көтерілген қарулар қынабына қайта түсті. Бектің ойына не түскенін кім білген, бұларды балалары қырқынан шыққанша оңаша отауға жасырып бақты да, балалары қырқынан шыққан соң, екеуін екі атқа мінгізіп қашырып қоя берді. Кейін бұл дегеніне жетіп, кеше белінен басып қорлағандарды енді өзі бірінен соң бірін аяғына жаныштап, бүкіл осы елге бір өзі дербес билеуші болып алған соң, сол құм арасындағы елге қалың қолмен бағыт түзеп еді, бір апта жол қалғанда ұлы дарияның жағасында аттарынан түсіп, найзаларын құмға шаншып тізіліп тұрған дудар бөрік көп жасақты көрді. Бұлар жақындай бергенде, орталарынан үш кісі бөлініп шығып, бұған қарсы жүрді. Әмірші ортадағы үшкіл сақалдыны таныды — баяғы өзін қашырған бек екен. Ол бұған бес адымдай жер қалғанда:


— Мынау-құран, мынау-қылыш. Бізге сенсең құран ұстап анттасамыз. Ал сенбесең, мә қылыш, бәрімізді шауып таста, біз қару жұмсамаймыз,—деді.


Бек өле-өлгенше бұның қадірлі әмірлерінің бірі болды. Алғашқы әйелі отыз тоғыз жасында дүние салған-ды. Ол ханым боп қызықты дәурен сүрмей, бұған жар боп қана өткен, қиын-қыстауды бірге өткерген, алғаш рет әке атандырып, дұшпанның сөзі мен ғайбатынан сарсаң кесек боп қатып қалған суық жүрегіне тұңғыш рет жылу дарытқан қадірлі зайыбына арнап мешіт тұрғызды. Үлкен баласы көрген сайын көзіне оттай басылады. Есіне сонау жастық шағы, аяулы жары түседі. Оны бөтен елге де қимай аттандырғанды. Осы күнге дейін баласының дұшпан елдің оқ боп атылар мың сан көзінің сұғында жүргенін ойлағанында, тұла бойы дүр тітіркеніп, жон арқасын мұз қарып өткендей болады. Үлкен ұлы кеткелі жер қайысқан қалың қолдың арасында жүрсін мейлі, айғыр жиын ду-дудың ортасында отырсын мейлі, төрт жағында төрт ұлы, қаптаған немерелері қоршап тұрсын мейлі, өзін-өзі бір түрлі жалғыз сезінеді. Мынау көл-дария аспанның астында кімнің болмасын мәңгі серігі құлазыған жалғыздық екенін де енді ғана ұққан сияқты. Анасы марқұм өлерінде, арса-арса сүйегін зорға көтеріп жатып:


— Балам, сен арманыңа жеттің. Ал мен арманда кетіп барам. Жапан түздегі оқшау әулиенің ағашындай жалғыз қалпыңда тастап барам. Астыңдағы тақты кебісіңнен мықты көрме — одан да сыз өтеді. Үстіңдегі ақ ордаңды сауытыңнан мықты көрме— оған да көз өтеді. Жан-жағыңдағы әр қатыннан тараған торпағыңды айбар тұтпа— оларға да сөз өтеді. Қаптаған қалың әскеріңді қалқаныңнан мықты көрме— оған да көз өтеді. Қайбір ыстық-суығыңды бір көріп, бір көрпеден еретін әйелің бар. Әр көрпенің астындағы әйел де бір — үйірдегі бие де бір. Сауырындағы сенен гөрі бауырындағы құлыны жақын. Жылқы баласының еркегі, тісі қатайған соң, үйірден алдымен атасын шайнайтын. Содан сақ бол. Көп ұлды кім тауып көріпті. Қартайған шағында апанын бөлтіріктеріне алдырып, желдің өтінде қалған кәрі бөрідей әрі-сәрі күнге ұшырамайын десең, көп баланың бірін баулы. Көп қатынның бәрінің көңілін табам деп шөре-шөре болмай, қадіріңді өткізіп, бірін тұтын. Сенің әкең, ұлы жалғыз өзің болған соң, ертерек аттан түсіп, билікті саған берді. Ал сенің балаң көп, өз күшіктеріңді өз көзіңше қырылыстырып қоймай, өле-өлгенше ешқайсысына тағыңды берме. Тұғырдан түскен соң, балалы қатыныңды сағалама — балаларына арқа сүйеп, басыңның қадірін кетіреді; баласыз әйелді сағала - балалы әйелдеріңнің алдында баласыздығынан қорғалақтап, өзіңді пана тұтып, өле-өлгенше сыйлап өтеді, — деген. Өзге жұрт есітпесін, өзі мықтап ұғып алсын дегендей, қолынан тас қып қысып ап, сыбырлап, қадалып айтқан осы сөздерді естігенде, бұның сай-сүйегі шымырлап қоя бергенді. Айтарын айтып болған соң, әл кеткен қаймыжық еріндер қайтадан табысып, манадан бері бұның жүзіне қадалып алған сұрғылт көздер өз-өзінен бірте-бірте алыстап бара жатқандай көрінді. Ауру қаусатқан кәрінің қалтылдақ қолы құс мамық төсекке сұлық құлап түскенде, қаһарынан күллі жаһан ыққан әмірші басымен анасының бауырынан көзі ашылмай тұрып ажыраған бала күшіктей абдырап қалған-ды. Содан бері алыс жорықтардан елге оралғанда есіне анасының осы бір сөзі түседі. Сөйтіп, қазіргі Ұлы ханым шынында, бәйбішенің орнына түскен пара бәйбіше еді. Ұлы тұқым ұрпағының бірінің қызы-ды. Бұл бүкіл елді біріктіріп жұлдызы оңынан туып тұрғанда, ата-тегінде ешкім таққа отырып көрмеген ақсүйек те емес, қара сүйек те емес, ала сүйек деп көз аларта беретін жуан тұқымның өзін кіндіктен матап, өз қолында ұстап отыру үшін әдейі үйленгенді. Шетінен бақ құмар келетін айтулы тұқымның қызы бұның қылышының астына бір тудан соң бір ту жапырыла құлап жатқанын көріп, өсіп-өнген өз жұртынан гөрі бұған бауыр басыңқырап кетті. Төркіндерінің кейбір пыш-пышына құлақ та аспайтын болды. Қыздарының қыңырайғанын көре-көре, төркін жағының да көңілі суйын деді. Бірте-бірте қыздарын емес, бұны жағалап келетінді шығарды. Өйткені батпан көкірек шонжар әулеттің таусылып бітпейтін шетсіз-шексіз көп қолқасын қыздарынан гөрі бұл оңайырақ орындап жіберетін-ді. Қазір мұның найзасынан аспандағы ай мен күннің езі айбынатындай болған тұста, олар бір кездегі жуан тұқымның ұрпақтары екенін айтып, тұмсықтарын шүйіруді біржола ұмытқанды. Олар келе-келе бабаларын ауызға алуды атымен қойып, енді оңды-солды бұны айтып мақтанатын болды. Кейінгі кезде бұның ұлдары ер жетіп, өзімен бірге жорыққа аттанып, ерлік көрсетіп көзге түсе бастағанда, кер ауыз тұқым бұның өзін де қоя қойып, «біздің анау пәленше жиен баяғы пәленшекеме тартқан, көрерсің де, білерсің, ол әкесінен де озады» деп жиендерін мақтайтынды шығарып жүр. Бауырынан өрбігеннің бәрі ұл болып туып, бәрі де аман-есен ер жетіп келе жатқаннан бері Ұлы ханым да бұрынғыдай асты-үстіне түспейтін болды. Тіпті кейінгі кезде балаларынан туған немерелерінің бәрін өз қолына жиып ап, тек жорықтан қайтқан уақытта болмаса басқа уақытта: «Келсе, өзі келсін», — деп, сарайында жатып алатынды шығарды. Ана бір жылы анасының сөзі есіне түсіп, нағашы жұртынан кіші әйелін алды. Он алтыға енді шыққан бала Қыздың мінезі баяғы алғашқы әйелін есіне түсірді. Тарпаң-тұрпаңсыз, биязы. Биліктің әзәзіл дәміне әлі құныға қоймаған уыз жас. Кейінгі жорығына бұрынғы әдетімен Ұлы ханымды алып, оны осында тастап кеткенді. Ал Кіші ханым жорықтағы жарының құрметіне мұнара салыпты. Қазір байтақ шаһардағы мұнараларының бәрінен бойын асырып тұрған— сол. Алмас хан осы оңаша сарайды Кіші ханымға бергенді. Енді алыс жорық алдындағы аз тынысын осында өткізбек. Егдерген шағында бұрынғыдай сарайдан-сарайға көшіп жүргенді қойып, осында біржолата тұрақтамақ.


Бәлкім, бәйбішесінің соған іші тарылып жүрген шығар. Баяғыдан бері осыған да ақылың жетпей отыр ма дегендей, дәл тұмсығының астынан ара ұшып өтті. Төбесіндегі жапырақтар да жамыраса сыбдыр қақты. Ол мынау ойына оқыс түскен ақылға қайран қалды. Жастық шақта ой екеш ойың да бірден шалатын жас тазыдай бүйтіп басын қатырып із шарлап кетпейтін еді. Әрине, бұрын қасынан шығармайтын өркөкірек бәйбіше жас әйелімен оңаша кеткеніне риза емес. Тірі ол түгілі өлген әйеліне мешіт салған жылы да Ұлы ханымның ұзақ уақыт қабағынан кірбің кетпеді. Бұрын мешіт шымбайына батып жүргенде, енді, міне, жаңа мұнара тағы қосылды. Кәрі әйел күйеуіне жұрттың үстінен сөз тасып жағынбаса, басқа несімен жағады? Әлгі нарт қызыл алма да — бәйбішесінің сондай іші тарлығынан шығып жатқан ишара. Ендеше бұған бола бас қатырудың қажеті жоқ. Бүгін күні бойы жанын тызылдата жеп жатқан жегі құрттың ындыны бітелгендей, арқасы жайылып қоя берді. Әмірші сол күні күндегісіндей емес, жайлы ұйықтады, жай тұрды. Таңғы астан соң күйме жеккізді. Сарай қақпасынан жарқырап шыға келген сары ала күйме соңына желкілдетіп нөкер ертіп, жаңа біткен оқшау мұнараға қарай тартты. Үш тарапты табанына таптаған Әмірші өзі басып алған елдерде алтын тәж бен тақытқа қандай өш болса, сәнді сарайлар мен мұнараларға да сондай өшті. Ол өзінің жаһандағы билеуші атаулының бәрінен озғаны секілді астанасын да бар шаһардың бәрінен оздырмақ. Кешегі жорығынан да мыңнан астам шеберді көзінен тізіп айдап келді. Әр жорықтан оралған сайын, астанасын бір аралап шығады. Қазір Байтақ шаһар мұның өзі көрген шаһарлардың қай-қайсысынан да ажар асыра бастады. Әсіресе өткен жолы қатты риза болды. Кіші ханым бұның көңіліндегісін көрмей біліп, алдынан кекпен таласқан көк мұнара салғызып қойыпты. Өзінің салынған жері де сәтті табылыпты; анадайдан мен мұндалап тұрады екен. Айналасы ашық. Ажар салыстырардай өзге мұнаралардың бәрі алыста. Әнекей, көк мұнара күлімдеп шыға келді. Көзің түскенде-ақ, бірден көңілің жадырап қоя береді. Әншейінде әрі кетіп өңсізденіп тұратын шілде аспанына да көк ніл қайта оралғандай, әсіресе мұнара төбесіндегі аспан, ала бөтен мөлдіреп көрінеді.


Мұнара, бұлар жақындаған сайын, биіктей берді. Күлім қағып тұрған өңі бірте-бірте сұстана түсті. Дәл іргесіне келгенде, зеңгір көкті төбесімен тіреп шалқалап жатып алды. Әміршінің көкірегіндегі бір-бірімен итжығыс түсіп, арбасып жатқан әр ұдай сезімдердің бәрі де жым болды. Көз алдында көк тіреп тұрып алған тәкаппар мұнара көңіліндегі көп түйткілді қуып шықты. Осындай асқақ мұнараның басқа еш шаһарда жоқ, тек өз астанасында тұрғанына қатты риза болды. Басқа шаһарда тұрса, соңындағы самсаған сан нөкер әлдеқашан қолдарына балта алып, әміршілеріне аспандай қараған тас құбыжықты талқандай бастаған болар еді. Бұл жолы бәрі ауыздарын ашып қапты. Бұдан былай бұл мұнара оның аспандата көтеретін көк туындай күллі әлемнің тас төбесінен қарап тұратын болады. Ұлы Әміршінің өзі секілді жер түбінен мен мұндалап, өзіне шақырып тұрады да, қасына келгенде, айбынтып шыға келеді. Көк мұнара көзіңді жіберер емес. Әмірші тәкаппар сұлудың асқақ жүзіне телміре қараған бозбаладай тамсанып әлі тұр.


Ол мынау көк мұнараға, оның ажарына ажар қосқысы келгендей, төбесінен төңкеріліп жатып алған мөлдір аспанға, жеті жыл бойы осынау заңғар биікке мысқалдап өрмелеп, осындай мұнара тұрғызған шеберге, алыс жорықтан шаршап қайтқанда, қалжыраған көңіліңді тастүлек қырандай самғатып аспаннан бір шығаратын көз қуаныш әзірлеген зайыбына — мұның абыройын асырып, атағын жайып жатқан мынау жарық дүниенің бәріне аса разы болды. Көк мұнара, алыстасаң болды, қайтадан бұрынғы жылы өңіне ауысады. Жаңа ғана қасына барғанда, состиып-состиып сұс көрсетіп тұрып алған көк тастар қайтадан күліп қоя береді. Алыстаған сайын, көзіңе шоқтай басылады. Жаңа ғана аспандай қарап, көз қиығын салмай тұрған асқақ сұлу, қасынан ұзай бергенде күлім қағып, қайтадан өзіне шақырғандай. Шырқ айналып шыққың келмейді. Мына мұнарада еркекке тән ерлік пен тәкаппарлық емес, әйелге тән паңдық пен мейірім қоса қабаттасқан ерекше бір сүйкімді көрік көбірек. Ол сан-сапат жорықтарында талай мұнаралар мен сарайларды көре-жүре, тап мынадай сиқыр сұлулықты бұрын-соңды ешқайдан жолықтырған емес. Бірақ көзін жібермей, көңілін тұзақтап тұсап-матап тастаған өзгеше көріктің сиқырына түсіне де алмай келеді. Жанына жақындағанның ешқайсысына мейір танытпай, ту-ту алыстағы аяулысына күлімдей қарап, келе гөр, келе ғөр деп жалбарынған аяулы ару, асыл жардай асқақ мұнара... Мұнараны салған шебер жас ханымның алыс жорықтағы жарына деген сағынышты махаббатын қалай дәл бейнелеген...


Жаңа ғана жарқ-жұрқ етіп дәл жанында тұрған асқақ мұнара алыстаған сайын әлдебір көкшіл кіреуке жамылып, жүрегіңді шымылдатар мұңлы мұнараға орана түсті. Енді «апыр-ай, тастап кеткенің бе?.. Кетпе... Кете көрме...» деп жалынып тұрғандай.


«Тоқта! Қайт кейін!» Табан астында былайғы ойдың бәрін белден омырып, көңіліне ұялай қалған осы бір оқыс бұйрық көмейіне кептеліп тұрып қалғандай. Әмірші шалқалап жатқан жұмсақ арқалықтан басын жұлып алды, бірақ, үндемеді... Енді сарайға қайтып оралғанша, мұнара жаққа қарамауға тырысты. Оның бұл мінезін қасындағы нөкерінің ертең қандай саққа жүгіртерін біле алмай, жұмсақ арқалыққа қайтадан шалқалап, көзін жұмып ап жатты да қойды.


Түскі тамақта әлденеге жүрегі өртеніп, ештеңеге тәбеті тартпады. Балға малып мұздатқан бір тілім қауыннан басқа аузына ас алмады. Салқын қауын өз-өзінен лоблып тұрған жүрегін басқандай болды. Бұл жолы алма әкелінбепті. Қызметші әйел де жұп-жұқа селдір желеңнің ар жағында көзін төмен салып, үлбірей қалыпты... Кешегідей бұны сынай қараған сыңай танытпады... Қызметші әйел кеткен соң, кең бөлменің қақ ортасындағы күңгірт күрең, көк мәрмәр шаршылардан қиюластырып жасаған хауызда бүлк-бүлк шығып жатқан мөлтең суға қарап біраз отырды... Сол бір көз жасындай, көріне түсіп жоғалып жатқан мөлт-мөлт тамшыларға қараған сайын, көңілі әлденеге жібектей жұмсарып барады. Көктемнің майда самалындай әлдебір майса сезімнен мұның жанында пәлен жылдан бері тапжылмай жатып алған қаттылық пен қатыгездіктің меңіреу тоңы біртіндеп мүжіле түскендей, қараптан-қарап отырып әлденеге елегізіп, бір түрлі жалғызсырағандай болды. Көкірегінде ойда жоқтан аяныш оянды. Мынау еміс-еміс көрініп ап, бойын жазып шапши алмай қайтадан құрдымға жоғалып жатқан мөлдір суды ма, жоқ әлгі кіреуке көк мұнарға оранып ап, мөлдіреп қала берген көк мұнараны ма — нені аяп отырғанын өзі де білмейді... Мынау мөлдір судай мап-майда үлбірек сезім ойына тағы да ханымды түсірді. Ол әлгі көк мұнарада бұған алыстан қол бұлғаған сағынышы мен асыға күткен ынтызарын, өзгеден ала бөтен өліп-өшкен ықыласын ғана емес, жалғыздығын, басқалардың көптігін істеп басынғанын көріп, қамырыққан қам көңілін, «кел, мұңымды тыңда, ұқ, қорға» деп шағынған жалбарыныш сезімін түгел бейнелегендей. Асқақтық пен нәзіктік, шаттық пен мұң, ерлік пен аяныш, сағыныш пен құштарлық — бәрі қосылғанда махабаттан басқа не болушы еді.


Оның қандай екенін басқа білмесе де, бұл біледі. Марқұм қайтыс болған бәйбішесі пәлен күн шағыл кезген қуғын-сүргін жүріске шыдай алмай, мұның бауырына кіруге именіп, жасқаншақтап қасына жабысып: «Әбден болдырып барам, сәл демеп жіберші»,-деп қиналғанда, қажыған жанарынан тап осындай біріне-бірі тіркесіп көрінген көп сезімді көруші еді. Анада үлкен ұлы оңаша кеп қоштасып кеткенде де, оның қалың қабақтың астына тереңірек жасыруға тырысып баққан жанарынан баяғыда анасының көзінен аңғарған сол бір кіреукелі күйді көргендей болғанды. Мана көк мұнарадан алыстай түскендегі көзіне іліккен көріністен де сол бір өзіне өзге жұрттан ерекше ыстық екі адамның жанарынан байқаған тілмен айтып жеткізе алмастай тылсым сезімді көрген екен ғой. Сиқыр мұнарадағы ала-бөтен көріктің сырына енді түсінгендей болды. Ол Кіші ханымды осы қазір көргісі, оның жаутаңдаған жанарына осы қазір үңілгісі келді. Көкірек тұсы әлденеге оқыс бұлқынғандай секілді. Ол тап бүгінгідей албырт сезімді көптен басынан кешіп көрмеген тәрізді еді. Аяқ астынан мұндай күйге ұшырағанына ма, жоқ пәлен жылдан бері мұндай сезімсіз сіресіп қалай өмір сүріп келгеніне ме қайсысына қайран қаларын біле алмады. Не де болса, ханымды тап осы қазір көргісі келді. Оның жанарының да қандай екенін ұмытып қалыпты. Көп оңаша жолығып жарымағанды, жұрт ішінде әйелінің жүзіне сұқтанып қарап отыра алмасы сірә белгілі... Шамасы, ашаң жүзін ашусыз сынық көрсететін мөлтілдеген мойыл қара көзді, сұлу қыр мұрынды, ыстық ықылас сыйғыза алмастай тым қаймыжық жұқа да, сезімсіз дөрекі көнтек те емес, етті, ұлпа ерінді, жұмыр иек болса керек. Өлтіріп-өшіріп, күйдіріп-жандыратын шоғынан гөрі шуағы, естен тандырар сиқыр күлкісінен гөрі кісі қиып кете алмастай жұмсақ мұңы, нұры мол, ұялшақ, биязы, махаббатқа адал әйелдердің түр-түсі әдетте солай келеді деседі. Манағы көрген көк мұнарада бейнеленген махаббаттап әлгіндей әйелге тән махаббат. Адамзат жүрегіне баратын төте жолды әйел жүрегінен бастаған Сүлеймен пайғамбардың өзі сұлу-сұлудың қанша бір түрімен пейілдес бола тұра, адамды әлгіндей қаяусыз сезімімен жіпсіз матап алатын ибалы аруларды періште тұтқан көрінеді. Сүлеймен пайғамбар шырын шарапты тәтті ләззатынан айрылып қалам деп, тілінің ұшын ғана тигізіп, тек дәміне тамсанып отырыпты-мыс деседі. Ал бұл ат үстіндегі сарт-сұрт сарбаздығына басып, тап олай сырбазсып көрген еместі. Бақса, осы уақытқа дейін маңдайына біткен бақтың рахатын қызықтап көрмепті. Оның ерте суынған жүрегі аяғының астына кеп құлаған әр алуан тулар мен домалап жатқан көп тәждан басқадан ләззат іздемепті. Қит етсе, басындағы тәж бен астындағы тақыт аяғын байлап келіпті. Қырық пышақ елдің тәжін киіп, тағына мінген адамның олай болмасқа амалы да жоқ еді. Енді, міне, екеуі бір сарайда отырып, қасына Кіші ханымды шақыра алмай, дал боп отыр, Өзгелер тарапынан тізені көп көріп, әбден қаттылыққа үйреніп, үй ішін де маңына көп жолата бермейтін. Әмірші ханымдар бөлмесіне де тек түнде ғана бас сұғатын. Елші қабылдаған, жұртпен кеңескен, не үй іші боп, бала-шағамен түгел бас қосқан ошақ басы мәжілістер болмаса, әйелдерімен күндіз оңаша жолығу салтында жоқ-ты. Енді, міне, қанша алағызса да, Кіші ханымды қасына шақыруға, не өзі барып жолығуға төңірегіндегілерге өзі үйреткен салт аяғына тұсау боп отыр. Тапа-тал түсте әсіресе бәйбішесі әлгіндей жорамал жолдап, әр қызметшісі бұл не істеп, не қояр екен деп, әр адымын аңдып отырған тұста күндіз Кіші ханыммен жолығысса, төңірегіндегі жұрттың неге жорырын кім білсін... Кешті асыға күтті. Бұған дейін зулап еткен уақыт енді аяғына тұсау түскендей, баспай қойды. Күн көзі де ұлы бесінге барды да, бір орында тапжылмай тұрып алды. Оңаша бөлмеде сарылып отыра беруге дегбірі жетпеген Әмірші қайтадан бақ кезді. Күндізгідей бұлақ басына барып ойға шомып отырғысы келіп еді, іріген айрандай ойының басы қосылмай, орнынан тұрып кетті. Ауық-ауық күн көзіне қарап қояды. Жаудан қайтпаған жүрегі әйел төсегіне жақындауға қаймығатындай болған кезінде, жаңа үйленген бозбала жігіттей, күннің тезірек батқанын, тезірек ымырт орнағанын тыпырши тосты. Көлеңке ұзарды. Ағаш-ағаштың көлеңкелері бір-бірімен ұштаса бастады. Бақ іші күңгірттене Әмірші сарайына қайтты. Манадан бері сарыла тосқаннан саз тартқан жүрегіне тағы бір күптілік кірді. Кешке абажадай кең бөлмеде самсай маздаған самала шырақтар жарығында өзінің мынау ұлан асыр жарық жалғанда жалғыз екенін ойлап елегізіді. Көк найзалар арасында тұрса, қасқая шапқан қалың жаудан да қорықпас еді. Жалаңдаған жас жігіт шағы болса, ойланбастан ханым бөлмесіне қойып кетер еді. Алағызған албырт махаббат айдап апаратын жастан кетті. Сырласып, құса таратуға кіретін сырдесте бәйбішесі емес, уыздай жап-жас бейтаныс бойжеткен. Атын да білмей, асығыс ұшырасып, айрылысып кеткен көп кәнизактың біріндей Кіші ханым осы кезге дейін өзіне бір тіл қатып көрген емес. Әмірші, міне, отыз жылдан асыпты, ешкіммен сырласып көрмепті. Қазір барып Кіші ханымға не дейді? Абажа бөлмеде атымен жат бір әйел, бір еркек не бітірмек, не сөйлеспек? Үлбіреген бала қыздың өзінің әйелі екені шын. Ол түгілі бүкіл байтақ шаһар, ондағы әр үй, әр адам Әмірші дегенде тік тұрады. Бүкіл ел тік тұрады. Жарты әлем аузына қарайды. Бірақ жарты әлем толы жанның ешқайсысымен іш ашысып сырласа алмайды. Кіші ханым да-сол жарты әлемді жайлаған жұмыр басты пенделердің бірі. Мынау оңаша сарайға екеуден-екеу қамалғандарына әлденеше күн өтті. Бірақ батылы жетіп күйеуінің қасына келе алмады. Неткен тамұқ дүние... Ашса-алақанындағы, жұмса-жұдырығындағы жарты әлемдегі жан біткеннің жаны да, тәні де-бәрі өзінікі, бірақ бәрі жат... Бәрі де бұдан тек бұйрық қана күтеді. Бұрын ол өзінен басқалардың бәрі де өкіметтің өктемдігі деп аталатын көзге көрінбес қыл тұзақпен шандулы, тырп етерге дәрмен жоқ тозақ торда екенін жақсы білетін. Бірақ ондай тордан өзін азатпын деп ойлайтын. Бүгін кеп байқаса, сол өзгелерді матап келген қыл тұзақ, енді, міне, өзінің де аяқ-қолын шырмай бастапты. Жұрт бұрын әміршінің көзі мен сөзінен қорқатын болса, енді, міне, Әмірші де жұрттың көзі мен сөзінен қорқатынды шығарыпты...


Міне, ол мысық табандап өзі жататын бөлмеден шықты. Түн ортасы ауғанша тырп еткізбей матап қойған сиқыр тұзақ біржолата ағытылып қалып қоймай, әлі де сирағына жабысып шұбатылып келеді.


Қақ төбедегі мәрмәр шытыралар да, қос қапталдағы безерген мылқау қабырғалар да, тас бағандардың тасасына тығылған ұры көлеңкелер де, аяғының астындағы масаты кілемнің жапырыла құлап жатқан майса түктері де, тіпті қолындағы шырағдан да —әр адымын көз жазбай бағатындай; сарай ішінде әлдебір қалтарыстардан енді қайтер екен, енді қайтер екен, деп тағаттары таусылып аңдып тұрған мыңдаған тіміскі көздер мен қазір қай-мығып, дымдары ішінде боп, жұмулы тұрған талай-талай жымысқы еріндер, ол қазір Кіші ханым жатқан бөлменің табалдырығынан аттауы-ақ мұң, бәрі бірдей жабыла табалай жөнелгелі тұрғандай. Мыңдаған жанның басы бұныкі болғанмен, ойы бұныкі емес, тілі бұныкі болғанмен көңілі бұныкі емес. Бұл бір өзі мыңды аңдып тұра алмайды, мың бәрі жабылып бұны аңдиды. Мың қол, мың аяқтың әр аттағаны, әр қимылы бұның көзінен таса, ал бұның әр қимыл, әр аттағаны мыңның көзінде. Олар мынау оңаша сарайдың ішінде түн ортасы ауғанша кірпік ілмей аңдып отыр. Әне сақал-шашы ағарған, көзі қып-қызыл екі кәрі азбан құл қол қусырып босағадан жылыстай берді. Тірі өліктей боп мөлиіп, кірпіктерімен жер шұқып тәлімсіп тұрғандарымен, көзір тұстарынан өте бере-ақ, бір-біріне ым қағады. Әмірші әлдекім ту сыртынан қанжар сұғып алғандай, жалт қарап еді, айтқанындай-ақ екі құл бастарын енді көтергелі жатыр екен, оның сұп-суық жанарына оқыс шарпылып, қайтадан мойындары салбырап жерге қарап кетті. Серпе ашылған ауыр есік те қайта жабылғанда, емен жақтауға әлденеңе деп міңгір еткендей болды. Әмірші самала шырақтар самсаған тағы бір кең бөлмеге өтті. Бір жақ бұрышта үйіріле қалған қара қоңыр көлеңкеден әлдене қылаңытады. Ол-созалаңдап орнынан тұрып жатқан қызметші кемпір... Кіші ханымның күтушісі. Әміршінің барлық әйеліне жас кезінде, хан ордаға алғаш аттаған шағында сол күтуші болады. Падиша төсегінің маңынан жүріп кермеген осы бір қартаң әйел ханымдарға әмірші әйелі болғанның қалай болатынын үйретеді. Сарайдағы басқа қызметшілердей емес паң. Маңғаз басып, маңғаз сөйлейді. Әнеки, өзге қызметшілердей елпең ете қалмай, қалт-құлт тізесін нығыз ұстауға тырысып, керіле басып келеді. Елдің бар асылын ұстайтын қазына бастығы да тап мынандай кердеңдей алмас. Күтуші кемпір өзге сарай адамдарына ғана емес, Әмірші мен ханымның өзіне де аспандай қарайды. Құдды сол болмаса, олар бір-біріне жол таба алмастай. Әсіресе бұл алыс жорықтан оралғанда, басқанынан жер ойылатындай боп батпансып қалады. Міне, әдейі тоса тұрсын дегендей ұзын шұбақ бөлменің бір шетінен аяғын санап басып ілбіп келеді. Күлгін атлас көйлектің үстіндегі алақандай сұрғылт беті бірте-бірте айқындала түсті. Ең алдымен, екі жерде едірейіп-едірейіп бурыл шалған қос жүндес қабағы көрінді. Қаймыжық еріндерге шабына төнген орақ мұрны сосын барып аңғарылды. Бір түскен жеріне желімше жабысып, қадала кететін екі меңіреу жанары танымай қалғандай біраз тесіліп тұрды да, Әмірші қабағын шытқанда барып, аударып әкетті. Шұбатылған жеңі тұтқаға оратылып, асығып-үсігіп есік ашты. Әмірші ту сыртына желімше жабыса қалған күтуші әйелдің өлімсіреген күңгірт жанарынан қашып құтылғанша асығып, ханым жатқан бөлмеге озды. Бөлме іші бозамық. Ханымның төсегі қай тұста екенін, біраздан кейін барып аңғарды. Оң жақ бұрыштағы жермен-жексен жайпақ тақтаның үстінде томпиып жатқан соның төсегі. Солай қарай беттеп еді, көрпе мен жастық екі жерге екі төбе боп үйіліп қалған мыж-мыж төсектің әлдебір жерінен екі Әмірші селт ете түсті. Екі үйік көрпе жастықтың арасы қайтадан тынши қалды. Баяғыдай емес, шоғы қайтқан солғын жанары күңгірт бөлменің бір түкпірінде еміс-еміс қылаңытқан төсекке қараған сайын, бұлдырай берді. Әлгінде ғана екі жерде екі үйік болып жатқан екі төмпек бір түрлі қозғалатын сияқты, біресе дөңкиіп биіктей түседі де, біресе, жым-жылас төсекпен төсек боп жоғалып кетеді. Әмірші бірер қадым ілгері аттады. Көрпенің астынан ешқандай тіршілік белгісі білінбейді. Кіші ханым әлдеқайда жым-жылас жоғалып кеткендей.


Төсектің төңірегі бөлменің басқа жеріндей емес, бір түрлі бұлыңғырлау. Сұлу әйелдің жас тәні мен әр алуан гүлдердің шырынынан жасалған жұпардың иісі ию-қию араласып, көңілдің әлдебір зымыран шыңырауына тұншыққан түсініксіз сезімді түрткілеп жатқандай. Әміршінің жаңа ғана темір серіппедей шиыршық атып кірген жүйке-жүйкесі буға ұсталған қайыстай жібіп, жұмсарып барады. Аяғын аттаса, құлап түсердей абдырап тұрып қалды. Оның буалдырланып тұрған жанары тағы да ағараңдап оқыс шоршып түскен екі әлденені шалып қалды. Тұла бойын түгел еріте жөнелген бусаң сезім кілт кідірді, жүрегінің басы бүлк ете қалғандай болды. Дөңкиіп үюлі жатқан көрпенің тасасынан қос ақ білек қайта-қайта алақан жайып көкке көтерілді; кенет оқ тигендей, ұйпа-тұйпа үйіліп қалған көрпенің үстіне сылқ құлады да, екі қол айқаса, кетті. Сүйрік саусақтар бірінің арасына бірі сығымдала кіріп, біраздан соң құшағындағы мамық көрпені мытып ап, бауырына қыса түсті. Манадан бері қауқиып тұрған мамық көрпе әлдеқандай сиқыр құштарлық билеп алған темір тегеурін жас құшақтың мытып қысқанына шыдай алмай, еріген қардай боп, шежіп барады. Көрпе тасасындағы бал-бұл жанған ал қызыл жүз енді көрінді. Мамық жастық деңкиіп төсек басында қалыпты. Ханымның мойны бір жағына әнтек қисайып, жастықтан аунап кетіпті. Ұйпа-тұйпасы шыққан қолаң шаш жазық маңдайын жартылай көміп алған. Қос көз тарс жұмық. Қатты қызудан ауа жетпей ауырып жатқан кісіше, аузы әнтек ашылып қапты. Албыраған екі ерін өз-өзінен ісініп, бір-бірімен жымдаспай, екеуі екі жаққа шегінісіп кеткен. Ханым өз тісін өзі күл қып үгіп жібергісі келгендей, тістеніп апты. Бір-біріне қадалып қалған ақшыл тістердің ар жағынан әлдебір аласұрған қомағай құштарлық сес бергендей. Кіші ханымның ұйықтап жатып, әлденеге өліп-өшіп, ентіге шыққан демі Әміршінің құлағын шаянша шағып алды. Осы бір тұңғиыққа біржола батып бара жатқан кісінің жаны қарқараға келгендегі су астындағы былдырындай тұншыққан дыбысты ол алғаш рет он бес жасар бала кезінде естіп еді. Жастайынан балаларға қосылмай оқшау ойнайтын ол бір күні атына мініп ап, тау баурайын тіле құлаған сайдың бір жақпарында бөктергінің ұясына тұзақ құрып отырған-ды, сайдың табанындағы кішкене қыстақ жақтан бұл отырған жақпардың астындағы тұма бұлақтан су алуға келе жатқан әйел көрінді. Құмырасын иығына қойып, төгілтіп пәрәнжа жапқан әйелдің тұма бұлақ қайнап шығып жатқан қалтарыс кеуекке кіруі-ақ мұң екен, жақпарды орағыта құлайтын жалғыз аяқ жолда шақпақ тастарды шақыр-шұқыр құлатып түсіп келе жатқан, жалы тілерсегіне төгілген қара ат мінген қаба сақал біреуді көрді. Жал құйрығы шұбалған көшелі қара ат аяғын санап басып, төменге құлады да, тасаға түсіп, көзден ғайып болды. Бала аңшы оның ешқайсысына мән берген жоқ, аңғардың ар жағында әлденеге шырқ айнала шүйіп жүрген бектергіден көзін айырмай отыра берді, кенет сай бойынан шыңғырған әжептарқы дауыс шықты. Әйел даусы. Орнынан атып тұрды. Әйел бажылдап үсті-үстіне шыңғырды. Бала қолына садағын алып, тастан тасқа қарғып, асыға-үсіге манағы әйел су алуға кіріп кеткен кеуекке қарай жүгірді. Бір-екі жерде сүрініп кетіп, алақанын тасқа сыдыртып алды. Оған да қараған жоқ. Бұл кеуекке жақындаған сайын, әлгі шыңғырған дауыс әлсірей түсті. Бұл онан сайын зәре-құты қалмай, жанталаса ұмтылды. Ақырында, тұма бұлақ шығып жатқан қалтарыс кеуектің жар қабақ ернегіне де жетті. Енді болмағанда биіктігі құлаш жарым ернектен кеуекке бір-ақ ырғығалы түр еді, құлағына көмекке шақырып шыңғырған да, шағынып жылаған да емес, бұрын-соңды бұл естімеген бір түрлі ерсілеу дыбыс естілді. Ауру батқан азаптың емес, иіген саулықтың мекіренгеніндей әлденеге байыз тауып рақаттанған мекер дыбыс. Бала аяғының астындағы кесекті теуіп жіберіп, кеуектің астын бір тасыр-тұсыр еткізді де, қайтадан орнына беттеді. Біраздан соң жалды қара атына мініп, сай табанындағы ағын суды кесіп өтіп, арғы өр бауырға тырмыса көтеріліп бара жатқан бейсауат жолаушыны көрді. Көп ұзамай әйел де кеуектен шығып, сай-табанында ақсиып жатқан жалғыз аяқ жолдың бойында су толы құмыраны бір иығына қондырып ап, бөксесі бұлт-бұлт ойнап, бұрала басып бара жатты. Қаннен-қаперсіз кішкене қыстақтан жаздыкүнгі шытырмақ аспанға көрінер-көрінбес боп селдір түтін ұшады. Бекерден-бекерге жарадар болған баланың қос алақаны шымырлап барады. Тас кеуек пен өзі ғана куә болған әлгі оқиға ойына түскенде, баланың көкірек терісі жалбырап, қан шапшып тұрған ұлпа алақанынан гөрі де удай ашып тызылдай түседі. Әмірші енді аңғарды. Қазір де көкірегін тап сол жолғыдай әлдене тызылдатып алып барады.


Өз-өзінен дөңбекшіп жатқан ұйпа-тұйпа төсектен құдды бір құбыжықтан қашқандай безіне шегіншектеді. Есіктен қалай шыққанын да білмей қалды. Созалаңдап орнынан тұрып жатқан күтуші кемпірді де байқамады, азбан құлдар да көзіне түспеді. Кіші ханым иемденген бөлмелер біржола артта қалғанда барып, қызметшілері бұл неге тез шықты екен деп тан қалатын болды-ау деген ұры ой қосарлана кетті. Онсыз да тызылдап келе жатқан көкірегі онан сайын ит жыртқандай болды. Өз бөлмесі биылдыққа жеткізбес жердің түбі боп көрінді. Әмірші өз төсегіне болдыртып жетті. Айдалада кең бөлменің қуыс-қуысынан бұның көзіне түспейтін әлдебір тіміскі көздер бұл не істер екен деп, табалап қарап тұрғандай, ол жатарын да, тұрарын да білмей, абдырап қалды. Бөлменің қақ ортасындағы жыланша шапшыған кішкене хауыздың еміс-еміс сылдырынан басқа дыбыс та жоқ. Айналасы ат шаптырым жер алып жатқан кең сарайдың еш жерінен ешқандай сыбыс шықпайды. Кең бөлмедегі ауа бір-бірімен ұстасып, ұйып қалғандай. Тынысы тарылып барады. Хауыздың қасына келіп еді, мөлт-мөлт жылап тұрған мөлиме суға қараса, көкірек тұсын темір сауыттай сірестіре қысып тұрған ашу үгітіліп күйреп кетердей, ілбіп басып бақша жаққа қараған терезенің алдына келді. Шыр айнала қоршап жатқан хан сарайдың қақ ортасында хауыз бен гүлзар. Бұл терезенің алдына келгенде, батуға айналған айдың солғын нұры астынан әр жер-әр жерден бозараңдап әлденелер көтерілді де, бұрыш-бұрышқа үнсіз жылыса берді. Олар-сақшы сарбаздар, бұның көзін ала беріп, бәрі бірігіп әлденені ермек қып отырды да, енді бейуақта терезе алдынан хан көрінген соң, көлеңке-көлеңкені сағалап орын-орындарына безіп барады. Ай әлдеқашан еңкейіп кеткен. Оның бозамық нұры ауланың қақ ортасындағы хауыз төңірегі мен қарсы беттегі терезелерге ғана түсіп тұр. Бұл жатқан бөлме жақты қазанның түп күйесіндей қап-қара түнеріңкі түнек қоршап апты.


Жым-жырт. Көзді де, құлақты да бірдей байлап тастайтын жымысқы түн. Күндізгі абыр-сабырдың, қимыл қозғалыстың бәріне у беріп, талдырып тастаған тыныштық пен қараңғының қайраттарына мінген шағы. Ұры ойлар, ұры қылықтар, ұры сезімдер шағы. Күллі әлем түп-түгел күңірсік төсекке сүңгіп кеткендей әзәзіл шақ... Жұрттың күні бойы көңілге алуға да қысылып-қымтырылып жүретін сайқал нәпсінің аяғындағы тұсаудың ағытылатын шағы. Кім-кімнің де көңілін шайтан иектейтін шақ. Жарық күн мен ояу жанарлар көзден таса қалтарыс-қалтарысқа қуып тыққан ыбылыс ластықтың мың-мың құрты қайтадан бас көтеріп, қараңғыны жамылып, қаптап өріп шыға келетін шақ. Адамдар — тек күндіз ғана адам, ал түнде олардың өзге жануарлардан ешқандай айырмасы жоқ, пыр-пыр ұйықтайды, қасында әйел жатса, барша жануарлардың қай-қайсысындай о да шырпынып аласұрады. Ертең қайтадан күн шығып, қайтадан жұрттың көздері тірілген шақта, әлгі жануарлардың бәрі өледі де, олардың орнына жарық күннен қысылатын, өзге өзі тектестердің көзі мен сөзінен қорқатын пенделер қайта тіріледі. Былайғы пенденің күндізгі қысылып-қымтырылып, өз аяқ-қолын өзі матаған сіреспе тіршіліктен бір сәт босап, арқасы жазылатын түндері бар, түнде ол жұрттың көзін де көрмейді, сөзін де естімейді, ың-шыңсыз оңашаға көшеді. Бұның ондай түні де жоқ. Бұл түнде де тас қараңғыда алау оттың жарығында жападан-жалғыз отырғандай. Түнек қараңғының түкпір-түкпіріндегі жымысқы көздердің бәрі бұны көреді, ал бұл төңірегін тас қып қымтап алған тас қараңғының тасасында не болып, не қойып жатқанынан атымен бейхабар. Ол адамдық тіршіліктің күндізгі бейнетін бір кісідей-ақ тартқанмен, түнгі ләззатынан біржола мақұрым...


Мынандай тас қараңғы түнде, төңірегінде күйек сасып теңкиіп жатқан өңшең жануарлар ортасында, қапаста қапырық жұтып отырғаннан асқан азап бар дейсің бе? Бұның қасында төңірегі шұлғау сасыған жортуыл түндер не деген пейіш, ертең оққа ұшатынынан, не тірі қалатынынан атымен бейхабар, ерін жастанып, найзасын құшақтап, қор-қор ұйықтап жататын жауынгерлер неткен періште, сондай түнде сәл мызғыған не ертеңгі шабуылдың жай-жапсарын ойлап көрер таңды көзімен атқызған неткен рақат! Өліп-өшіп елге оралғанда, осы жұрттың төбесіне шығар мүйізі қайсы? Әміршінің арықты жарып шығып, беталды құла түзге ақтарыла жөнелген қашпа судай, ойда жоқта қоздай бастаған оғаш ойлары осы арада жар қабақ жағаға кеп соқтыққандай тоқырап қалды. Есіне әлгінде ғана өзі барып шыққан бөлме, ұйықтап жатып шайтансыраған әйелінің ыңыранған оғаш дыбысы түсті. Сол-ақ екен жаңа ғана көз алдына елестеген, мынау қара түнде қаптап өріп келе жатқан құрт-құмырсқа енді бұның да балағынан еніп, кеудесіне қарай жабыла жорғалай бастағандай, тұла бойы түршігіп кетті. Жалма-жан терезе алдынан кетіп, хауызға беттеді. Бір түрлі өзінің ояу екенін, әлде ұйқысырап жатқанын анықтап білгісі келген кісідей, бөлменің ішінен түк қалдырмай тінте қарады. Төрде бос жатқан төсегін керді. Бет алдын хауыздағы судың мұздай лебі жалап өткендей болды. Алтын жалатқан жіңішке түтіктің аузына қолын апарып еді, әлдеқандай, ту тереңнен жыланша ирелеңдеп шығып жатқан мөлдір сұйық саусағын шағып алды.


Ол бойын жиып ала қойды.


— Апыр-ай, сонда әлгі қызыл алма...


Аузынан оқыс шығып кеткен осы сөздерді біреу естіп қалды-ау дегендей, пышақ кескендей тыйыла қалды. Үркек ой арғыға барғысы келмей, қанша тайсақтағанмен, айнала анталай шыққан көп күдік, кеп сауал, жан-жақтан жабылып, қамшының астына алды. Бейшара ой тұяқкетті тұғырдай көп сауал кес-кестеген шытырман жолды жасқаншақтай басып, көп күмәннің көк ала тұман қойнауына қойды да кетті.


Сонда бәйбішенің жорамалы Кіші ханымға бағышталған болды. Күндес қатындар... Үйреншікті соқпаққа түсіп, текіректей жөнелгісі келген көнбіс ұғымды тағы бір тосын тосқауыл сауал тізгінінен тартып, тұқыртып тастады... «Әрине, солай... Әлгінде ғана төсегінде әлдекімге құшағын жайып, бауырын тосып жатқанын өз көзіммен көрмедім бе? Перзент сүйіп көрмеген жас әйел еркектен басқа кімге еміренуші еді...» Сонда оның осыншама өліп-өшкен еркегінің кім болғаны? Бәлкім, өзі шығар. Жоқ, жоқ, қисынға келмейді. Бұл жас әйелмен тап ондай аңсарға айналардай төсек сіңісті бола қойған жоқ-ты. Бір-екі рет бірге түнеп шыққан Кіші ханым тым ұялшақтық танытқан-ды, ондай әсіре құштарлық, ашқарақтық көрсете қоймағанды. Ендеше, ұйықтап жатып, түсінде ынтық болған еркегі өзге біреу. Жүрегі бір түрлі шым ете қалды. Өзінің мынау жарық жалғанда атымен егей екені есіне түскенде, көкірегіне тас боп қатқан сіреспе мұз еріп, өксігендей болды. Кенет осы мен кімге өкпелеп отырмын деген ой оралды да, енді-енді сетіней бастаған тымырсық ашу қайтадан сіресе қалды.


Сонда мұның аруағын аттап, басынып жүрген, киелі төсегіне килігіп жүрген кім болғаны? Ол білетін жарық жалғанда езін басынардай жан бар ма еді? Жорыққа аттанғанда елдің бетке шығар еркегінің бәрі соңында жүрмеуші ме еді. Апырау, ханымның көзі түсердей адам қалып па еді? Қызылға талпынған аш бүркіттей, адуын ойды тежеп, әлгі сауалға жауапты байыппен іздей бастады. Күйеуі жорықтағы жас әйел кімді кезіктіруі мүмкін. Сарайда қалғандардың бәрі жас жағынан мұның ізін қуып жүргендер. Жап-жас әйелді тап әлгіндей таңдай қақтыра қоятындай ешқайсысы жоқ сияқты. Ол сарайда қалғандарды жеке-жеке есіне түсіріп көрді. Әрқайсысын таразыға қанша салып, салмақтаса да, ешқайсысының бойынан тап сонша, ханымның көңілі кетердей қасиет таба алмады. Сонда, кіші әйелінің көкірегіне жол тауып, күндіз есінен, түнде түсінен шықпастай боп жайлап алған жымысқы еркек кім болғаны? Дал болған ой бір қауым жерді шарлап-шарлап шығып, баяғы бір тығырыққа тағы келіп тірелді. Әр шығанға алып қашқан ойлардан басы қатып кеткен бе, екі шекесі шыңылдап қоя берді. Көз алдына әлдекім тікен тіреп қойғандай, жұмыла жаздап, жұмыла жаздап тұрған кірпіктері қайта ажырап кетеді. Өне бойын бірте-бірте ауырлата түскен мең-зең хал қаңғыма ойдың соңына түсе беруге қажығандай... Шынында да, осы Кіші ханымның әлгі бір көрер көзге ерсілеу ұйқысырағанында осынша дал болатындай не тұр? Мүмкін түсіне өзі кірсе, кірген де шығар. Пәлен жыл жорықта жүргенде, күйеуін сарыла сағынып, төсекте бір жататын жұп түндерді аңсаған шығар. Пәлен күннен бері бір сарайда тұрып, бірін-бірі көрмей, әне келеді, міне келеді деп күте-күте әбден титықтаған соң қалжырап ұйықтап кеткен шығар. Пәлен күннен бері бір өзін ойлап, әуре-сарсаңға түскен сана түсінде де іздеп сандырақтаған шығар... Егер сонша сарылып сағынбаса, мана күндіз, өз көзімен көріп, тамсанып қайтқандай тамаша мұнара салдырып қояр ма еді? Аспандай қараған асқақ мұнараның өне бойы толы махаббат табы емес пе еді... Махаббат... Жаңа бір жол тауып ап, адымы енді жазыла бастаған ойы кенет ұшпа құзға қайта кеп тірелгендей, әлгі бір «махаббат» деген сөзге ілініп тұрды да қалды. Иә, көк мұнараның өне бойынан өліп-өшкен махаббатты тану қиын емес. Бірден көзге ұрып түр. Бірақ сол кімнің кімге махаббаты? Көк мұнара алыс жорықтағы еріне ынтыға қол созған сағынышты жар ма, жоқ алыстан қол созған ғашық жүректі мен мұндалап қасына шақырған сиқыр сұлу ма, қайсысы? Мана бұл қасынан көзі қиып кете алмай көп қараған жоқ па еді, сонда сиқыр мұнара өзіне тартып тұрмап па еді? Сонда оны салған шебер нені бейнелеген болды? Алыстағы жарын күткен сағынышты бейнелесе, қасына барғанда, асқақтап аспанға қарап жатып алатыны несі, сәл алыстасаң болды, қайтадан өзіне баурап, қараған көздің шырқ айналып шыға алмайтыны қалай? Жоқ, жоқ, шебер мұнараны салдырған ханымның алыс жорықтағы жарына деген пейілін емес, өзінің ханымға деген көңілін бейнелеген... Өліп-өшкен махаббатын бейнелеген... Иә, солай. Көк мұнараның сиқырына ол енді түсінді. Әмірші ойда жоқта тауып алған мынандай оқыс жаңалығына, манадан бері жанын жегідей жеп отырған әлеке сауалдың ындыны тап бұлай оңай бітелгеніне қуанарын да, қынжыларын да біле алмады. Әлгінде ғана көз алдын тіреп тұрған кезге көрінбес кеп бақан құлап-құлап кеткендей. Өне бойына енді-енді дари бастаған мең-зең зіл жым-жылас жоғалды. Әлгі бір көзбен көріп, қолмен ұстатқандай, ұрымтал ойды жаңылып қалармын дегендей, іштей қайта-қайта ойлап, әбден жаттап отыр. Иә, бәйбішесі жіберген өзегіне құрт түскен қызыл алманың жауабы енді табылды. Енді бұған қолмен ұстатқандай даусыз айғақ керек. Айғақкерді табу да оп-оңай. Жай-жапсарды бәйбішесінен сұраса, о да айтып береді. Бағанағы күтуші әйелден сұраса, о да айтып береді. Тіпті азбан құлдардың білуі де әбден мүмкін. Ал бірден-бірі білетін кісі — бас шебер. Бұлардың қайсысын шақырып сұрағаны дұрыс. Ендігі гәп сонда? Әмірші тағы да маңдайын ұстап, ойланып қалды. Бірақ бұ жолы ойы манағыдай керенау емес, әбден балағын түріп, жел аяқтанып алған. Мұндайда әбден кесіп-пішіп ойлап алмаса, өзінің абыройына да оңай тимейін деп тұрған күпті күмәннің бетпердесін қалай ашса дұрыс болатынын да көп бас қатырмай, бірден тапты. Мұндай ұрымталын өзі біліп тұрған күмәнды дабыра қып ешкімнен сұрамау керек. Бірден күмәндінің өзіне жабысқаны жөн. Ал әлгіндей түбі шикі әңгімені білетіндер бұл сұрамаса, өздері батып ешкімге ештеңе айта алмайды. Ауыздарына құм құйылып жүре берсін. Бұл мұнара салған шебердің өзін шақырып, өзімен сөйлеседі. Көкірегіне өзі кеп ұялаған әлгі күдіктің анық-танығын соның өзінен біледі. Тек таң атсын, оған жаушы жібереді. Әлде оны шақыртуға бас шебердің өзін жіберсе ме екен. Иә, сол дұрыс... Бұл әңгіменің арты немен тынарын кім біліпті. Сонда бас шебердің де керегі болар... Әмірші орнынан тұрды. Енді аңғарды — таң алакеуімдеп қалса керек, терезеден көгілдір сәуле төгіліп тұр. Бөлменің ішін түп-түгел көк ала тозаң жайлап алыпты. Қарсы алдындағы хауыз да, оңдағы шып-шып шығып жатқан су да, сол күйінде қатып-қатып қалған көгіс тозаң, ошақ орнындағы үйінді күл сияқты. Жолап кетсең, күйреп үгітіліп түсердей. Әмірші сол орнында мелшиіп тұрды да қалды.


МҰНАРА


(Екінші бөлім)


I


Бәрі де мұның сол жөткірініп қалғанынан болды. Әйтпесе айналасын алыстан шолып келе жатқан қалың нөкер мұның қасына тоқтамайтын еді. Не шайтан түрткенін өзі де білмейді, аяқ астынан тамағының жыбырлап қоя бергені. Қайдағы аяқ астынан болсын... «Әмірші бүгін намазға келеді» деген хабарды естігенде-ақ, бұның екі тізесі дірілдеп ала жөнелгенді. Қорыққан баладай бірден сыр алдырып алғанына қысылып, қасындағыларға қарап еді, біразы қобалжып тұрса керек, әдетте түнеріңкі жүретін қабақтары жұмсарып, өңдеріне күлкі де емес, қорқыныш та емес, бір бейжай сезімнің табы қонақтапты. Іштеріндегі мосқалдары ғана сыр берген жоқ. «Келсе келгені жақсы» дегендей, мұрттарын ширатып қояды, көздерінде бір қуақы ұшқын ояныпты. Мұндайда қуану керек екенін, қорқу керек екенін анық білмейтін жастау жағы жүздері қуқыл тартып, абыржыған қалып танытты. Бұрын анадайдағы медресе үйіне әр таң сайын сары ала күйме кеп кіргенде ол осылай абдырап сала беретінді. Ондайда сонау етектен төбеге дейінгі шым-шытырық, ағаш тордың ішіндегі жүздеген адам бәрі бірден сайрап қоя берген тордағы құстардай: «Әне, өзі келді», — деп сыпсың ете қалатын-ды. Жүздеген кісінің аузынан бір сәтте, бірдей шыққан үш сөз таңғы ауаны тесіп өтіп, күймеден түсіп жатқан Ұлы Әміршінің құлағына жетіп барғандай көрінетін оған. Күні бойы медресе жақтан көз алмайтын. «Әнекей, өзі қарап отыр...» Сонау көк домалақ күмбездің төбесінде жыбырлап жүрген кішкене ноқаттардың аузынан шыққан осы сөз, мұнараның ұшар басында тұрған мұның құлағына ап-анық естіледі. Әлдекім Әмірші туралы бірдеңе айта қалса, тура көк желкесінен кеп жебе қадала кеткендей, тұла бойы дүр түршігіп, қара шашақты найзаларын көкке шаншып, сақшылар қоршап тұрған медресе жаққа жалт қарайтын. Бірақ самсап тұрған қарулы сақшылардың ешқайсысы елең етпегенін көріп, жүрегі орнына түсетін. Бірақ қашан күн еңкейіп сары ала күйме, қара ат мінген қалың нөкерді соңынан ертіп сарайға қайтқанша, медресе жаққа елегізіп қайта-қайта қараумен болатын.


Рамазан айының төрті күні дәл осы арада Әмірші мешіттің ірге тасының қалай қаланып жатқанын өз көзімен көріп тұрды. Бірақ бұның анадайда көп нөкердің ішінде тұрған Әміршіге бұрылып қарап алуға жігері жетпеді. Екі кісі алма-кезек алып беріп тұрған қыш кірпішті тұқшыңдап қалай берді. Олардың қиюының қалай келіп жатқанына да жөнді зер салған жоқ...


Содан бері төрт ай өтті. Бес жүз кісі тауда тас шығарып жатты. Екі жүз кісі оны сол арадан жылтыратып өңдеді. Арба жеккен тоқсан бес піл тасып тұрды... Төрт ай бойы таңертең күн көтеріле сары күйме медресе ауласына келіп кіреді де, күн бата ат мінген қалың нөкердің ортасында сарай жаққа қайтып бара жатады. Төрт ай бойы естігені: «Әне, анда өзі қарап отыр!»


Мешіттің біткеніне үш күн болды. Ішінде әрқайсысының биіктігі жеті құлаштан асатын тастан қашалған төрт жүз сексен баған бар. Әміршінің денсаулығына дұға оқып, жорықтарына бата беретін бұл мешітте бәрі алтын, бәрі мәрмәр. Мешіттің көк күмбезі тіпті сонау зеңгір аспанның өзіне көгілдір сәуле шашқандай, әншейінде шыжыған шілдедегі аптап ыстықтан отқа ұсталғандай өңі тайып, ақ айранданып тұратын ол бүгін қайтадан ніл жүгіріп, мөлдірей қалыпты. Үш күннен бері жұма намазды күтіп тұрған муәзіннен бүгін ғана байтақ шаһарды түгел жаңғырықтырып азаншының айқайы шыққан-ды. Жұма намазды осында кеп оқыған Әмірші мешіттен шыққан соң, оның сырт ажарын қызықтады. Мешітті Әмірші өзіне жақындаған сайын құты қашты. Ту сыртындағы көк сида мұнара қақ төбесінен шаншыла құлап келе жатқандай, басын көтермейді. Тамағы құрғап, кеуіп қалды, демі жетпей, тынысы тарылып барады. Дымы ішінде боп, тыныш тұруға тырысқан ол бәріне де шыдап бақпақшы болды. Бірақ көмейі әлденеге қыж-қыж жыбырлап, тамағы қышып қоя берді. «Қап, қайдағы пәле қайдан тап болды», — деп ойлауы-ақ мұң екен, алқымға толып, қылғындырып тұрған пәлекет босанатын жер іздеп, абайсыз жөткірініп қалды... Ол аз дегендей, тағы жөткірінді... Екі беті ду қызарып кетті.


Сол-ақ екен, мұның деңгейіне жетіп қалған сары ала нөкер кілт тоқтады. Тамағын буып тұрған жөтел де жым болды. Бұның жасаурап кеткен көзі қақ ортадағы аласа адамның басын әнтек шалқайтып мұнарға қарағанын шалып қалды. Әміршінің сол екенін іші бірден сезді. Бірақ тіктеп қарауға батылы жетпей, көзін төмен салып тұра берді.


— Бұны салған қай шебер?—деп сұрады болмашы естілетін бәсең дауыс.


— Ортөбелік шебер, —деді ас ұстаның орнықты қоңыр даусы.


Сары ала нөкердің ылдырмақ-шылдырмағы біраз ұзаңқыраған соң, бұ да назарын тіктеп еді, хан нөкерінің көбінің көзі арттарына бұрылып, мұнараға емес, мұның өзіне қарап бара жатыр екен.


Ертеңіне таңертең маңдайына асыл тастардан шатыра салған абажа қақпаның алдына кеп тоқтаған алпыс еркектің ішінде ортөбелік шебер Жаппар да тұрды. Хош иіс аңқып қоя берді. Әлдебір тұстан лып етіп самсап тұрған ай балталы сақшылар көрінді. Самал леп көтерілгендей. Ол бақ ішіндегі сансыз хауыздарда шапшып жатқан салқын судың лебіді. Жолға төселген қызыл қиыршық та жаңа ғана жаңбыр жауып өткендей су-су. Екі бетте ағаш сайын жеке-жеке қонақтаған әр алуан тауыстардың күнге шағылысып қырық құлпырған жалтырақ қанаттарында да меруерт төгіп қойғандай мөлдір тамшылар жылтырайды. Арқаларына, екі жағына екі ту байлаған алабажақ шатыр орнатып, қызғылт шәйіден малынтып жабу жапқан алты піл үйретушілерінің әміріне бірде түсініп, бірде түсінбей қап, бірі ілгері, бірі кейін, әрқайсысы әр уақытта тізе бүгеді де, орындарынан да үздік-создық кешігіп көтеріледі. Басына дағарадай қып сәлде орап, бір ұшын тас төбесіне шиыра түйіп, ал екінші ұшын тізесіне жеткенше салбыратып қоя берген алты едірек мұрт сыптығыр қара, астарындағы алпамса жануарларға көздері шатынап, қолдарындағы жіп-жіңішке темір шыбықтарын үсті-үстіне сермелеп кіжініп қояды. Еңгезердей хайуандар құдды бір солардың әлгіндей әлдеқандай боп едірейгендерінен қаймығып, ерсі мол денелерін еркіне көндіре алмай, майда құмаққа әлденеше омақасып, орындарынан әзер тұрып кетеді. Соның бәріне анадайдағы ағаш арасынан қызықтай қарап тұрған орғылт еліктер, жол бойында саудырап көп адам көрінгенде бет-беттеріне бытырап қаша жөнелді. Олар әуелі бақ ішінде үлкен тұт ағашының түбіндегі парсының масаты кілемі төселген көлеңке бастырманың астында монтиып-монтиып отырған үш кішкене баланың алдарына барып, тізелерін бүгіп тағзым етті. Үш бала орындарынан тұрып, ту түпте, сарайдың алдындағы саяжайда зер төгіп тіккен шаршы бөстекте қос құс жастықты шынтақтап, қарсы алдындағы ішінде қан күрең қызыл алмалар жүзіп жүрген, жан-жағын тарғыл мәрмәрмен көмкерген хауыздан көкке шапшып шығып, орта жолда қайтадан омырыла құлап түсіп жатқан ақ түтек суға қарап, үн-түнсіз ойға шомып отырған Әміршіге бастады. Таққа жиырма адымдай жер қалғанда олар кілт кідіріп, жер тізерлеп, қол қусырып, қайта-қайта иіліп тағзым етті. Үстіне мол пішілген өрнексіз желең шапан жамыла салған Әмірші шұбатылған мол жеңінен қолын зорға қылтитып, анадай жерде бір қапталда қырын орналасқан жеті уәзіріне әлдене деп белгі берді. Төр жақтарында отырған бас уәзір екі қолын көкірегіне апарып, тағзым етіп, орнынан тұрды да, ту сырттарындағы көлеңке бастырманың тасасына қарай кетіп қалды. Көп ұзамай қайта көрінді. Соңында — қолына жерге шұбатылған жібек сүлгінің үстіне салып кішкене табақша көтерген бір топ жігіт. Бас уәзір жер тізерлеп отырғандардың алдарына келіп бірдеңе деді. Оны соңғы қатарда жан-жағына алақтай қарап отырған мойыл көз қара жігіт Жаппар естіген де жоқ, түсінген де жоқ. Қолдарына табақша көтерген жігіттер бұлардың әрқайсысының қасына бір-бірден кеп тұра қалды да, бастарына алтын-күмісі аралас бір уыс теңгені саудыратып төге салды. Сосын иіліп алақандарындағы табақшадан аузын жібек шашақпен буған жұдырықтай кішкене қалтаны ұсынды. Жер тізерлеп отырғандар бастарын жерге жеткенше үсті-үстіне иіп, тағзым етті. Әмірші олардың тағзымын қабыл алғанын білдіріп, иек қаққандай болып еді, басындағы қардай аппақ шошақ бөркінің маңдайындағы бармақтай оқшау лағыл бір түрлі аса суық ұшқын шашып, оқыс жалт ете қалды. Бас уәзір ым қақты. Жер тізерлеп отырған, Әмірші алыс жорықта жүргенде елде елеулі қызметі сіңген бір топ еркек орындарынан көтерілді. Олар төменірек шегініп, жолдың бір қапталындағы айлапат түт ағашының көлеңкесіне барып тұрды. Әмірші енді шет елдерден келген елшілерді қабылдайтын болды. Олар да әуелі үш балаға, ханның үш сүйікті немересіне кеп, тағзым етті. Сосын үш бала елшілердің қолындағы шиыршықтаулы қағазды алып, аталарына беттеді. Оған үш адымдай қалғанда үш рет тізелерін бүгіп тағзым етті де, қолдарындағы қатырма қағазды ұсынды. Сосын тағы да үш рет тағзым етіп, орындарына оралды. Әр елшіні екі жағынан екі сарай төресі қолтықтап Әміршіге қарай алып жүрді. Олардың соңынан елшілер әкелген сыйлықтарды көтеріп келе жатқан сарай қызметшілерінің ұзын-шұбақ тізбегі көрінді. Елшілер Әміршіге он шақты адым қалғанда оң тізелерін бүгіп, қол қусырып, бастарын иіп тағзым етті. Оларды қолтықтап келген төрелер сол арада тұрып қалды да, қапталда отырған уәзірлер орындарынан тұрып, шет елдік меймандарды қолтықтарынан демеп, ханға беттеді, төрт-бес аттаған соң, тағы да кідіріп тағзым етті. Әмірші жақынырақ келіңдер дегендей ишарат білдірді. Елшілер енді екі-үш аттады да, бастарын иіп, қол қусырған күйлері, салмақтарын екі өкшелеріне салып, жер тізерлеп отыра-отыра кетті. Сосын олар Әмірші қойған сұрақтарға жауап берді. Ол әңгіменің мән-жайын алысырақта, тұт ағашының түбінде тұрған бір топ адам естіген жоқ. Көбі мына баққа алғаш рет аттап отырғанды. Көз алдарында болып жатқан мынау қызылды-жасыл қимыл-қыбырдың бірін де қалт жібермей, қадағалай қарап тұр. Елшілер жолдың екінші бетіне, уәзірлер отырған сәкіге қарама-қарсы қойылған биік сәкіге барып жайғасты.


Енді қызметшілер үшеу-төртеулеп қолдасып сыртын алтынның буымен шайған төрт құлақ талыс табақтарды лықа толтырып ет әкелді. Әміршіге жиырма қадамдай қалғанда жерге қойды да, қолдарын қусырып, тағзым еткен күйлері алқадан шығып алыстай берді. Оларды алдарына былғары жапқыш байлаған басқа жігіттер алмастырды. Қындарынан бір-бір сапы суырып ап, қолдарына көз ілеспей ет турай жөнелді. Әр алуан гүлдің хош иісі мен хауыздағы судың лебі ғана сезіліп тұрған салқын бақ ішіне жас қойдың жылы-жұмсағы мен сұр қазы, жал-жаяның тәбет қытықтар тәтті иісі аңқып қоя берді. Тай терісінен жасалған он шақты талыс ет ә дегенше туралып та бітті. Ет тураған жігіттер туралған етті қастарында иін тіресе тізіліп тұрған алтын, күміс, қыш табақтарға бөліп-бөліп салды да, тағзым етіп шығып кетті.


Қолдарына сырлы ағаш тегене ұстаған бір топ жігіт шықты. Олар әуелі сорпа толы тегенелерін жерге қойып, оған дәрі-дәрмек қосып тұздық әзірледі. Сосын оны сырлы ожаумен табақтарға құйды да, әрқайсысының үстіне ортасынан төрт бүктеп, жұп-жұқа шелпек салды.


Табақ әбден әзірленіп болғанда, олар да орындарын босатты. Сарай әкімдері әр табақты екеулеп көтеріп, Әміршінің, елшілердің, уәзірлердің алдарына апарып қойды. Төменгі жақтағыларға табақты жай қызметші жігіттер тартты. Еттен кейін жеміс берілді. Ең соңында бал қосып ашытылған тәтті қымыз ішілді. Қонақасы біткен соң манадан бері есік жақта тұрып қалған сыйлық көтергендер шеруі ортаға озды. Елшілер әкелген меруерт балдақ алмас қылыштар, зер төгіп тіккен құндыз тондар, ираны кілемдер, жеке-жеке табақтарға салып көтерген бас алтын, інжу-маржан, лағыл тастар, қымбат аң терілерін жұрт қапысыз көріп алсын дегендей-ақ, аяқтарын маң-маң басып, Әміршінің алдына жақындады, тізе бүгіп, тағзым еткен мезірет жасады. Сәл кідірді, Әмірші сыйлықты қабыл алғанын білдіріп, елшілер жаққа басын изеді. Елшілер тағы да әлденеше рет бастарын иіп тағзым етті. Сыйлық көтергендер шеруі орындарынан қайтадан қозғалып, қымбат бұйымдарды сарайға қарай алып жүрді. Әмірші орнынан тұрды. Былайғы жұрт та дүркірей көтерілді.


Қабылдаудан қайтып келе жатқандарға алпамса алты піл құлаш қақпа алдындағы сақшылар да найзаларын төмен түсіріп, бастарын иді. Көп ұзамай хан жаңа мешіттің құрметіне үлкен той өткізетін болды.


Әмірші бағының ту сыртында қысы-жазы тусырап бос жататын ашық алаңға жұрт түн ішінде алаулатып от жағып, шатыр тікті. Ұлы тойдың бәрі де осы арада өтіп жүргендіктен қала тұрғындары кәсібіне, дәреже, дәулетіне қарай көше-көшеге бөлініп қойылған-ды. Әр көшенің екі бетінде сылдырап арық ағып жататын-ды. Әркім өз шатырын қай көшеге тігетінін алдын ала білетін. Ертеңіне таңертең құлазып бос жатқан тегістік қатар-қатар тігілген қызылды-жасылды көп шатырға толды. Ең шетте - етікші, тігінші, ұсақ кәсіпқорлардың шағын шатырлары; ортаға қарай озған сайын шатырлардың көлемі де, көркі де өсе түседі. Әсіресе дәулеттілер мен дәрежелілердің бәсекемен тіккен шатырларының сәні мен салтанаты бірінен-бірі асады. Тойға тігілген шатырлар алыстан қарағанда, бірте-бірте сатылап биіктей түскен, аспан астын бір өзі толтырардай алабажақ алып орда секілді. Сол орданың күмбез шаңырағындай боп, қақ ортаға жан-жағын биіктігі кісі бойы қол созым шымқай көк жібек шымылдықпен, қоршалған кең ауланың ішіне әр қабырғасы ат шаптырардай ұзын төрт бұрышты Әмірші шатыры орнапты. Оның тас төбесіне жиырма кісі бойы он екі сырыққа тіреліп зәулім күмбез көтерілген. Он екі сырықтың басына шұбалтып қызылды-жасылды жібек байланған, олар он екі жерге өріп тастаған гүл алқадай жерге жеткенше күлтеленіп төгіліп тұр. Осындай абажа шатырдың әр бұрышынан қақ ортаға созылған, әрқайсысының басында айдың суреті салынған төрт ұзын бақан бір-бірімен айқұшақ қауып байласыпты да, соларды тіреу қып үстіне шағын мұнара орнатылыпты. Шатырдың ішкі жағына шыр айналдыра зер төккен қызыл мауыты ұсталыпты. Күмбез басталатын жердегі төрт керегенің төрт бұрышына қанатын қомдап ұшқалы отырған қыран бейнеленіпті. Әмірші шатырының қасына он бір ханымның отаулары тігіліпті. Олардың әрқайсысы бөлек-бөлек жібек қоршаумен қоршалыпты. Ортадағы бұл он екі қоршаудың ара-арасынан бір-біріне қатысып тұратын жол қалдырылған. Тақ иесі мен ханымдар түскен он екі шатырдың сыртынан шырқ айналдыра ортақ қоршау ұсталған: оның сыртынан жағалай шарап құйылған емен күбілер тізіліп тұр.


Атты жасақ он екі орданы күні-түні міз бақпай күзетеді. Оларға бас уәзірдің рұқсатынсыз ешкім жіберілмейді. Қадірлі қонақтардың алдында сақшылар күнге жалтылдап лыпылдап тұрған суық найзаларын төмен түсіріп, тағзым етеді. Сол қыл шашағы топыраққа былғанып, жер сүзіп жатқан сұсты найзалардың арасынан Жаппар да ішке өтті. Әмірші оны да тойдың алғашқы күні өз шатырына шақырып шараппен сыйламақ. Зәулім шатырдың қақ ортасында алтын тақ қойылып, одан әрі Әмірші әулетіне саты-саты биік сәкі орнатылыпты. Сырттан келетін қонақтар орын-орнына жайғасып болған соң, есіктен ылдырмақ-шылдырмақ арқалаған сайқымазақтар атып-атып кірді. Олар дәл хан тақыт алдына барып Ұлы Әмірші соңғы жорығында жеңіп қайтқан падишаларды әжуалайтын ойын көрсетті. Шатырдағы қонақтар сайқымазақтардың ыржалаңына қосыла күлуге Әміршіден айбынды, Әмірші жұртқа сыр алдырғысы келмей, күле алмады, сайқымазақтардың өздері ғана мәз-мейрам боп жүрді. Ойын біткенде қазына бастығы сайқымазақтардың бастығына табақшаға салып зер қалта ұсынды. Сайқымазақтар бастарын жерге жеткізе иіп тағзым еткен қалыптары есікке қарай жылыстай берді.


Олардың опыр-топыр есіктен шыға беруі-ақ мұң екен, көрші қоршаудан бәйбіше көрінді. Ол үстіне түгел көміп тұратын зер шайып, кестелеген қызыл көйлек киіпті. Оның сүйретілген ұзын етегін он бес әйел көтеріп келеді. Ханымның әбден қапысыз опалап-сүрмеленген беті қағаздай аппақ. Оның үстіне, бет-аузын төгілген ақ селдір пердемен қымтап алыпты. Басына әне бойына асыл тасты аямай төккен мұнара іспетті биік сәукеле киіпті. Оның салпыншақ қызыл мауыты етегі екі иығын жауып тұр. Мойнына әр жер —әр жеріне лағыл мен меруертті алма-кезектестіріп, көз қадаған алтын алқа тағыпты. Сәукеленің өзге салтанаты аз болғандай, оның қақ ұшар басына Әмірші тәжінің төбесіндей алтын төбелдірік орнатылыпты. Оның қақ ортасында баданадай-баданадай үш лағыл қызыл шоқ боп жанып жатыр. Төбелдіріктің төбесіне үкі қондырылған. Оның ұзын майса қауырсындары ханымның екі құлағына жеткенше екі айырылып төгіліп тұр. Ханым әр аттаған сайын басындағы ауыр сәукеле бұлғалаңдап, әр бағытқа ауып-ауып түседі. Жан-жағынан бірнеше әйел қолымен демеп келеді. Бәйбішенің мөлт қара шашы екі иығынан төгіле құлапты. Ханымға жүз әйел нөкер еріпті. Осынша ұзын-шұбақ шеруді хан әйелдерін күзететін бір топ азбан құл бастапты. Олар адымдарынан жер ойылатындай-ақ, маң-маң басып, маңғаздана қалыпты, ханымға құрмет көрсетіп, тағзым етіп, бастарын иіп тұрған қалың қауымға танауларын көтеріп кісімсіне қарайды. Ханым Әміршіден сәл кейінірек барып отырды. Бәйбіше енді жайғасып бола бергенде, екінші жақ қоршаудан жүз әйел нөкерімен Кіші ханым көрінді. Оның да салтанаты бәйбішенің салтанатынан бір кем емес. Ол бәйбішеден сәл төменірек жайғасты. Екеуінен кейін Әміршінің жеті келіні кеп қастарынан орын алды. Әмірші отырған жақ үкілері бұлғаңдаған аруларға толып, құдды бір пейіштің төріндей елден ерек көрікке бөленді. Жаппар арулардың ақ жүзі, лағыл, меруерт, алтын, зер атлас, жібек ию-қию араласып, сан алуан бояу аймаласқан сол бір тұстан көзін ала алмады. Ханымдар әбден жайғасып болған соң, шарап пен қымыз әкелінді. Қолына ұзын ақ шәйі сүлгі ұстаған ханзадалар шықты, оларға ілесе кішкене алтын тостағандар салынған алтын табақша көтеріп, қызметші жігіттер көрінді. Жолдың қақ ортасына жеткенде ханзадалар оң тізелерін бүгіп тағзым етті. Сосын қызметшілер ұсынған табақшадағы тостағанды қолдарындағы шәйі сүлгімен қусыра ұстап, ханымдардың алдына барып тағы да жер тізерлеп тағзым етіп, сусын ұсынды. Ханымдар тостағанды қолдарына алған бойда, ханзадалар бір адым кейін шегініп, сусын ішіліп болғанша, жер тізерлеген қалыптары міз бақпай күтіп отырды. Ханымдар сусын ішіп болған соң, бос тостағандарды сүлгімен алып, тағы да тізелерін бүгіп тағзым етеді де, сыртын бермей, шегіншектеген қалыптары шатырдан шығып кетеді.


Алпыс шебер орналасқан босаға тұстағы меймандарға екеу-екеуіне бір-бір қызметшіден шарап құйып тұрды. Әмірші сарқытын сарқып ішпеуге ешкімнің де қақысы жоқ. Күн бата қонақтар падиша шатыры тұрған жібек қоршаудан көздері бұлдырап әзер шығып, ойын-сауық қызып жатқан өз көшелеріне беттеді.


Жұлдыздары жымыңдап жаз түні орнап келеді. Күндізгі қапырық су сепкендей басылған. Салқын кеште самсаған шатырлардың арасында тойға жиылған жұрт жаққан алау оттар жарқырайды. От төңірегі ығы-жығы адам. Сырықтай ұзын кернейлердің кешкі тымық ауаны дал-дал жыртқан өткір де ежет даусына дамылсыз соғылған дабыл мен тамашашы қара нөпір халықтың шарап ішкен шат-шадыман көңіл күйін шерткен дутардың, сарнаған қыл қобыздың, күңіренген сырнайдың, сызылған сыбызғының сан алуан үні қосылыпты. Біресе бастарында тақия, көк ала жібек шапанның белін сарғыш түрме белбеумен қынай буған қыпша бел жігіттер саусақтарын сытырлатып, ойнақы да отты би билесе, енді бірде торғын жібектің үстінде тарам-тарам сансыз бұрымдары төгіліп, ақ білегін ақ сазандай ойнақтатып сұлу қыздар бұраң қағады. Бүйірлі жез шайқазанды ортаға алып, бір-бір ақ құманды дербес иемденген топ-топ еркектер бірінің сөзін бірі іліп ала жөнеліп, қарқ-қарқ күліп қағытпа сөзге қарық боп жатыр. Астына отты аямай өртеген дәу-дәу тай қазандардың қақпағы ашылғанда қапысыз бұқтырылған күріш палаудың иісі кешкі аспанның астын бір өзі жайлап, аңқып қоя береді. Жеңін шынтағынан асыра түріп тастаған өңшең бір мұрты жылтыраған аспаз еркектердің қолында ойнақ салған тал-тал қауаптан астында жайнап жатқан қып-қызыл сексеуіл шоғына шып-шып май тамады... Жастың да, кәрінің де мұрттарынан шарап тамшылайды.Әсем саз құлағыңа майдай жағып, мұрныңды өңшең бір тәтті иіс қытықтайды.


Ашық аспан астында мыңдаған саржалқын алау асыр салып билеп жүр.


Ду-ду күлкі... Думан әбден қызып алған. Жұрттың бәрі мәз-мейрам...


Әмірші тойының тұсында адамдардың бір-біріне қоқаңдап қыр көрсетуіне тыйым салынған. Той тұсында бола беретін анау-мынау күнә-кемшіннің бәрі кешірімді. Тек шеннен шықпаса болғаны. Ал шеннен шыққандардың шаруасы бізбен болсын деп, шатырлардан былайыраққа, оқшау төбенің тұр.


Той өткен соң Әмірші жаңа мешітке барып, намазға жығылып, бата алды да, батыс жаққа жорыққа аттанды. Ол жорыққа аттанған бойда Жаппардың жатқан үйінің қожасы — Ахмет бай қызын ұзатты. Кеш болса көшедегі арықтың сылдырынан басқа ештеңе естімейтін тыныш көшедегі Ахмет байдың шағын ауласының абыр-сабыр болғанына екі аптадан асып барады. Елдің ең алдымен күбінгені де Ахмет байдың өзі-ді. Тамаша десе ішкен асын жерге қоятын саудагер тойға бір апта қалғанда-ақ сандықтың түбінде жатқан тойға киетін киімнің бәрін алдырды. Сосын айнаның алдына барып ұлы сәскеге дейін отырады да қояды. Әуелі басына сәлде орайды. Былай орайды, айнаға қарайды келмей тұрған тәрізді, олай орайды, айнаға қарайды келмей тұрған тәрізді.


— Қатын, бері келіп кетші...


Әйелі я бақша суарып жатады, я тандыр жауып жатады, күйеуінің шақырғанын қапелімде естімей қалады.


— Қатын, керең болып қалғансың ба?..


Ауланың әлдебір түбінен жер астынан шыққандай тұншыққан әлсіз дауыс естіледі.


— О, не боп қалды, байеке? Ахмет бай күйіп-піседі.


— Ау, бері кел, бері...


Әйел қолын етегіне сүртіп, күйеуі отырған бөлмеге беттейді.


— Маған қарашы.


— Иә.


— Не «иә, иә» дей бересің. Көрмеймісің?..


— Көріп тұрмын, байекесі...


— Нені керіп тұрсың?


— Сізді керіп тұрмын, байекесі.


Ахмет байдың бұдан арғыға шыдамы жетпейді, күйеуінің неге ашуланғанына түсіне алмай аң-таң боп тұрған әйелін, басындағы дағардай сәлдесін шешіп алады да, құлаштап тұрып бір тартып, үйден қуып шығады. Шебер жігіт есік алдындағы саяжайда бұның бәрін естіп, ішінен мырс-мырс күліп отырады.


Ахмет байдың даусы біраз уақытқа тынып қалады. Бір уақыттарда барып өзі көрінеді. Басында —дағара сәлде, үстінде — қырмызы шапан, аяқта — көксауыр кебіс. Дегене қарынды ені бір қарыс деңмент белбеумен буып салған. Шапанының ойық омырауынан аппақ шәйі көйлегі жарқырайды. Мейманнан:


— Ұст — Үкә, қалай? — деп сұрайды.


— Келісіп тұр, байеке.


Ахмет бай саяжайдан шалқақтай басып төмен түседі, ауланың әлдебір түпкірінде жүрген әйеліне:


— Қатын, дүкен бүгін ашылмайды, — деп бір айқайлайды да, қолын құлаштай сермеп, бірақ біреу екі аяғын тұсап қойғандай, адымын жазбай тыпыр-тыпыр басып, дарбазаға беттейді. Содан ымырт түсе бір-ақ оралады.


Дарбазадан аттамай жатып:


— Қатын, құманыңда су бар ма? — деп айқайлайды. Жез дегендегі ыстық суға аяғын малып отырып, су құйып тұрған әйеліне, үй қожасының алдынан шыққан Жаппарға, тандырдың қасында тамақ пісіріп жүрген қызына ауланың түбіндегі шошалада сабан қажап тұрған есегіне, одан бері дөңкиіп-дөңкиіп көрінген қос доңғалақ арбаға, көптен бері қол тигізілмеген мыжық-мыжық дуалға, бозғылт аспанда енді-енді жымыңдап көріне бастаған бірен-саран жұлдыздарға, арықта суы сылдырап ағып жатқан тыныш көшеге, көрші-қолаңға, он сан сарайлары мен хан бағына, күллі шаһарға, тіпті күллі дүниеге түгел естілсін, Ахмет байдың бүгін базардан не бітіріп қайтқанын бәрі де түгел білсін дегендей даусы саңқылдап, қай саудагердің дүкеніне кіріп, киімін көрсеткенін, кіммен балағаттасып, кіммен тәжікелескенін, кімге тіл тигізгенін, шайханада неше құман шай ішкенін, әскияда кімнің шамына тигенін, кімнің бөденесіне бәс тіккенін — бәрін-бәрін түк қалдырмай тәптіштеп түгел айтып береді. Сосын сәлдесін, шапанын, шалбарын, ең соңында көксауыр кебісін әйелінің қарына бір-бірлеп арта береді, киімге иегіне дейін көміліп, үйге бұрыла берген әйелін әлденесі ұмыт қалғандай кілт кідіртіп:


— Айтпақшы, көрпең қанша болды? — деп оқыс сауал қояды.


Әйелі көрпенің саны қаншаға жеткенін айтады.


— Той деген болып қалды, байқа... — деп бір сұс көрсетіп қойып, шақшасынан насыбай ап иіскейді. Ауланы басына көтеріп, бақырып-шақырып бір түшкіргенде көкірегінің басына қонақтап тұрған барша зілмен бірге көңіліндегі барша сөз де сыртқа Тамақтанып алған соң, еркектер бөлмесіне Жаппардың қасына салынған төсегіне жантаяды да, басы жастыққа тиер-тиместен қорылдап ала жөнеледі. Ышқынып-ышқынып барып бір басылып, қайтадан қоздайтын Ахмет байдың «түнгі хикаясын» тыңдап жатқан жас жігіттің қапелімде ұйқысы келмейді.


Ұлы Әміршінің Байтақ шаһары тып-тыныш. Кесек дарбазалардың ішіндегі сықсима оттардың бәрі өшкен. Жұрттың бәрі ұйқыда. Тек Жаппар ғана ояу. Солай әрі төңбекшіп, бері төңбекшіп жатады-жатады да, бір уақыттарда қалжырап ұйықтап кетеді. Кенет бөлменің іші құлаққа ұрған танадай тым-тырыс бола қалады. Жаппар оқыс тыныштықтан оянып кетеді. Ахмет байдың төсегі бос жатыр. Аң-таң боп айналаға қарайды. Қарсыдағы әйелдер бөлмесі есігінің болмашы сықырын естігенде барып, ұйқылы-ояу жымиып қойып, бір аунап түседі... Елден ала бөтен Ахмет байдың өзі асығып күткен той да келді. Ауланың ішіне үш-төрт жерге тай қазан асылып, палау басылды: әлдене жерге шоқ өртеліп, кәуап пісірілді. Тандырдан от кеткен жоқ... Аулада — дәм иісі, еркектер бөлмесінде — шарап пен тер иісі, әйелдер бөлмесінде — миуа мен әтір иісі. Күні бойы ішу-жеу... Арасында — дутар мен дабыл даусы. Еркектер бөлмесінде шырқ айнала отырған алқа топтың қақ ортасында саусақтарын сыртылдатып он бір-он екі жасар бала билейді, қалғандары дабылдың ырғағына қосылып, тершіген жүндес омырауларын жұдырықтарымен сарт-сарт сабалайды, әйелдер бөлмесінде буындары былқылдап қыз билейді, серіктері алақандары ауырғанша аямай қол соғып қошаметтеп бағады.


Күннің қызылы семе еркектер бөлмесінде тойға арнайы шақырылған қази қолындағы ішіне күміс сақина салған тостағанға неке суын құйып, қасына күйеу мен қалыңдықтың куәгерін шақырды. Ақ некенің дұғасы оқылғасын қази қолындағы судан күйеуге бір ұрттатып, куәгер мен жігіттің жолдастарын ертіп, бөлек үйде шымылдық ішінде отырған қалыңдыққа беріп жіберді. Көп ұзамай тостаған қазидың қолына қайтып оралды. Ол екі әке мен күйеудің, куәгердің алдында дұға оқып, ақ некеге бата берді. Дастарқан қайта жайылды. Ойын-сауық қайта жалғасты. Түн ортасынан ауды. Күйеу жігіт қалыңдығын көруге баратынын айтып әйелдер бөлмесіне хабар салды. Әйелдер бөлмесіндегі әбігер көбейді. Бәрі қолдарына бір-бір шырақ жағып ұстады, күйеудің алдынан шықты. Бөлмеде шымылдықтың ар жағындағы қалыңдықтан басқа ешкім қалған жоқ. Соңына дуылдаған бір топ жас жігіттерді ерткен күйеу, әйелдер отырған бөлмеге беттеді. Олардың есікті ашып қалуы-ақ мұң екен опыр-топыр басталды да кетті. Әйелдер жас жігіттерге дүрсе қоя беріп, күйеу тартпаққа көшті. Бажылдаған әйел даусы. Күйген шүберек иісі. Кейбір жігіттердің сақалына от тиіп, шапанының етегімен ұрғыштап, сөндіре алмай жүр. Ақыры, әйелдер күйеуді жігіттерден тартып алды. Біреуі оның басын қолтығына қысып ап, тердегі шымылдыққа қарай сүйрелей жөнеліп еді, бір топ әйел жапа-тармағай соңдарынан жүгірді. Күйеуден айрылып қалған жігіттер өз бөлмелеріне оралып, дастарқан басына қайта отырды. Әйелдер бөлмесіндегі күйеу жігіт дастарқан басында отырғандардың әрқайсысына қыз көрсетер сыйлық тартты. Ал қыз-келіншектер ән салып, би билеп күйеу жігіттің көңілін көтерді. Соның бәрінде жас келін шымылдықтың ар жағында отыз-қырық көрпені бірінің үстіне бірін қабаттай берген, ертең күйеуінің үйіне өзімен бірге алып баратын жасау төсегінде жападан-жалғыз сарылып отырды да қойды. Күйеу жігіт шымылдық ішіне келіншегінің құрбыларын әбден риза қылған соң барып кірді. Екеуіне бір табақ палау мен жеміс әкеліп қойылды. Шымылдық сыртында дастарқан басында дуылдасып өзге қыз-келіншектер отыр. Түннің бір уағы болды. Қатар-қатар жүк жиналған керме жіптерге қалыңдықтың киімдері жарқыратып жайып қойылған, жерде қалыңдықтың етіктері, кебіс-мәсілері тізіліп тұрған әлем-жәлем бөлмеде қыз бен жігіт жалғыз қалды. Қу келіншектер кетерінде шамды сендіре кеткен... Жас келін мен күйеуді оңаша қалдырып шығып кеткен сақа келіншектер есік, терезеден тың тыңдайды. Әуелі дымдары ішінде боп үн-түнсіз тұратын олар әлдебір уақытта бір-біріне сыпсыңдай жөнеледі, енді біраздан соң сылқ-сылқ күле бастайды. «Неге күлгенімізді жұрт біліп қалмасын, жайырақ күлсейші» — деп, бірінің бірі мықынынан үзіп-үзіп алады. Сосын іштегі дыбыс басылған кезде, олар да күлкілерін пышақ кескендей тез тыя қояды. Қапелімде не болып, не қойғанын біле алмай аңтарылып тұрып қалады да, сәлден кейін бір-бірімен сыбырласып кеңес құрады. Сосын іштерінен біреуіне жас жұбайлардың есігін қағуды тапсырады. Есік қаққанда, ар жағынан күйеу кеп есік ашады, әлгі әйел онымен бірге сып етіп бөлмеге еніп кетеді. Көп ұзамай қолына күйеу мен қалыңдық берген сыйлық ұстап қайта шығады. Әйелдерге әлдене деп сыбырлайды. Сол-ақ екен, таң атқалы ол не айтып келер екен деп сабырлары сарқылып тұрған әйелдер ду күліп жібереді. Бәрі жапатармағай сыртқа қалыңдық пен күйеудің шешесі қос құдағиға жүгіріп, екеуінен шүйінші алады.


Ертеңіне күн шыға күйеу жігіттер отырған бөлмеге бойдақ достарымен ақырғы рет думан құруға қайтып келді. Бұдан былай ол үй иесі, бойдақтармен бірге жүріп-тұра алмайды. Бөлме ішіндегілер күйеу жігітті ортаға алып дуылдасып жатқанда, Жаппар сыртқа шығып кетті. Кешеден бергі ың-жыңнан басы зеңгіріп, дарбаза алдындағы жалғыз тұттың көлеңкесіне зорға жетті. Сол түні түс қайта той тарқады, күйеу жігіт үйіне кетті, қалыңдық әке-шешесінің үйінде қала берді. Ахмет бай тойға киген сәнді шапанын шешкісі келмегендей, үйіне бір кіріп, бір шығып, көлбеңдеп жүр. Қалыңдық шымылдық құрулы үйде. Көрші-қолаңның төрт-бес қатыны ауыздары жалпылдап, әлденелерді сыпсың-сыпсың әңгімелеп, ыдыс-аяқ жинасып жүр. Жаппар сең соғып кеткендей мең-зең. Көз алдында күйбеңдеп жүрген адамдарға таңырқай қарайды. Сол күні бөлме іші күндегіден ала бөтен қапырық боп кеткендей, түнде де тыпыршып жата алмады. Жалаң аяғына кебіс сұғып, сыртқа шығып еді ай сүттей жарық екен. Шым дуал біреу кеп әктеп кеткендей тым бозарып кетіпті. Ауланың түкпірінде сабан қажап тұрған есектің бір сарынды тысыр-тысырынан басқа дыбыс та жоқ. Ол есік алдындағы бастырмада тіреу жөке ағашқа арқасын сүйеп, түнгі самалға омырауын тосып тұра қалды. Кенет әлдене дүк ете түскендей болды. Ол қақпа жаққа қарап еді, көзіне ештеңе түспеді. Әлгі «дүк» еткен дыбыс жерге сіңіп кеткендей, артынан ешқандай сыбыс шықпады. Бұл аң-таң. Құлағын түріп тыңдайды-ақ. Сол баяғы шошаладағы есектің тысыр-тысыр сабан қажағаны ғана естіледі. Қапелімде әлгі дүсірдің қай жақтан шыққанын да аңғармай қалды, қайтадан дыбыс шықпаған соң аяғын еппен басқа бастырмадан шықты. Жалан аяқ сұға салған кебісі өкшесіне шылп-шылп соғады. Әлдекім үйдің көлеңке жақ сыртына сып бергендей болды. Ол кілт кідірді. Ілгері басарын не кейін қайтарын біле алмай біраз аңырды. Жүрегі дүрс-дүрс етеді. Не де болса, тәуекелге бел буып, тез-тез басып, көлеңкеге беттеді. Сол-ақ екен үй сыртынан біреу жұлдыздай атылып шықты да, шым дуалға қарай жүгіре жөнелді. Бұ да кебісін сылпылдатып, соңынан қуып берді. Қашқын дуалға жете беріп жалт бұрылды да, қалт тоқтап қалды. Шым дуалға асыла берген қолы сылқ төмен түсті. Сосын қашан бұл қасына барғанша тырп етпей тосып тұрды. Қол созымдай жер қалғанда барып тіл қатты.


— Е, Ахмет ағай екен десем, сен екенсің ғой.


Даусынан тани кетті-кешегі күйеу жігіт. Жүндес қабағын түгел тікірейтіп, бұған жек көріп, не мүсіркеп тұрғаны белгісіз, езуіне күлкі үйіріп, шаншыла қарап алды да, жайбарақат үйге беттеді. Құрық сүйреткендей ай астында ерсі ербеңдеген ұзын көлеңкесін соңына ертіп кетіп барады. Жаңа ғана қашып-пысып жүргенін ұмытып кеткендей, талтаң-талтаң. Ұзын-тұра көлеңке үйдің бұрышынан айнала бере ұры иттің құйрығындай бір бұлаң етті де, ғайып болды. Жаппар көзіне қос көрінген кісіше ай нұрынан ақ шаңылтақ боп жатқан аула ішіне аңыра қарап тұрып қалды.


Содан бір апта бойы түн ортасы ауа бере-ақ бұл жатқан бөлменің терезесінің түбіне әлдене дік ете қалады да, артынша қалыңдық жататын бөлменің есігі сықырлап ашылады. Күйеу жігіт қалыңдығын бір жыл бойы қайын-жұртында қалдырып, түн баласы қайын атасы мен қайын енесінің көзіне түспей, ұрланып барып түнеп тұратын әдетті ақыр аяғына дейін ұстануға, әлденеден тәуекелі жетпеді білем, той өткесін бір аптадан соң-ақ келіншегін өз үйіне алып кетті. Енді Жаппар әр кеш сайын жұмыстан қайтқанда аула ішіне бұрынғыдай емес, бір түрлі тосырқап қарайтын болды. Әр жері кетік-кетік кісі бойы шым дуалдың бұрынғы қалпы. Бір бұрышқа сүйей салған шаңырақтай-шаңырақтай қос даңғалақ арба да бәз-баяғы орнында тырп етпей түр. Түпкірдегі сабан салулы шошаладағы көк өсек те бұрынғысынша күтір-күтір күйсегенінен танбайды. Бірақ аула іші бұрынғысындай емес, қаңырап тұрған сияқты. Ахмет бай бұрынғысынша қарнын сипап кіріп, сипап шығып жүргенімен қауқылдай жөнелмейді. Туғалы бітпеген сабырды енді тапқандай. Кемпірде де дыбыс жоқ. Қап-қара пәрәнжә мен толарсаққа дейін шұбалта жабылған қоңыр шапанның ар жағындағы бүлк-бүлк қыбыр ғана, оның кеудесінде жан барынан хабар бергендей. Анада той тұсында қалыңдыққа шымылдық ұсталған бөлме енді Жаппарға тиді. Жас келіншектің алғашқы ақ неке түндері өткен бөлменің әтір, опа-далап, сүрме иісі әлі біржола өшіп үлгере қоймаған. Ол күн сайын қақ төрге салулы төсегіне жата бере-ақ, бөтен, бірақ бұған етене таныс, етене жақын әлдеқандай сүйкімді иіс аңқып қоя бергендей болады да, алабұртып жата алмайды. Көзін жұмды-ақ тар бөлменің бұрыш-бұрышынан селдір перде жамылған қолаң шашы төгілген әлдебір ару бұның төсегіне қарай аяғын санап басып, жақындап келе жақандай болады: көзін ашып алса — әйнектен емескі түскен айдың тозамық нұрынан басқа ештеңе жоқ. Солай біразға дейін көзін бір ашып, бір жұмып жатады, жатады да қос кірпіктің астына шойын құйып қойғандай боп, көз аңғары зіл тартқанда барып, амалсыз қалжырап ұйықтайды. Түсінде де әлгі бір елес бұның қасына қол созымдай жерге төсек салып жүреді. Ақ мамық төсекке бір сүңгиді де, тырп етпей жатып алады. Бұл өз-өзінен тағаты таусылып тыныш та жата алмай, тұрып та кете алмай, арпалысумен болады. Тұрайын десе, әлдебір сиқыр ту сыртынан желім құйып қойғандай, тұла бойын қозғай алмайды. Басын біреу майса құмаққа көміп тастағандай, әлгі бір жұмбақ ару жатқан жаққа аударылып қарайын десе, зіл боп жабысып жібермейді. Тек бір уақыттарда ғана ұйып қалған қолына жан бітеді, жанындағы төсекке қарай жайлап соза түседі, құс мамық жастыққа жете бергенде созулы білегі тастай бірдеңеге тақ ете қалады. Жаппар ұйқысынан шошып оянады. Осылай өз-өзінен елегізіп, төңбекшумен өткен мазасыз түндерден соң жұмыс басында да өне бойы зіл тартады да жүреді. Ахмет бай қызын ұзатқан соң, ол бір түрлі көлденең көзге ашылмай, тас түйін боп, өз-өзінен тығылып, тұйықталып алған.


Хан жорыққа аттанарында байтақ шаһарда жұрттың бақ ішінде, ашық алаңдарда сауда жасап, әлемдегі ең үлкен астананың көшелерін айқай-ұйқайға толтырып, ат пен есектің тұяғынан ұшқан шаң-тозаңға бөктіріп қоюға тыйым салып, қаланың бір шетінен екінші шетіне шыққанша созылатын жабық көше салуды бұйырған-ды; сол жабық көшенің екі бетіне саудагер бұйымдарын сататын дүкендер ашып ортаға күні-түні су шапшып тұратын хауыздар орнатуды тапсырған-ды. Содан бері түн баласы тасыр-күсір, қорғандағы құлдар кеп, болашақ көше өтетін жердегі үйлер мен дуалдарды қиратады; таң атқанша қираған үйдің орнын айнадай қып тазалап қояды; ал бұлар таңертең тазартылған жерге жабық базардың дүкендерін салады. Жабық базар шаһардың орта тұсынан енді-енді ғана асып барады. Қыс айларында жерге тоң қатып қап, құрылыс мандымай қойды. Күні бойы жүздеген шебердің қатар отырып ап тас қалағаны, құрылыс басының абыр-жабыры қажыта ма, жоқ көңілі біржола торықты ма, Жаппар енді түн баласы аласұрып шығатын мінезді тыйып келеді. Бұрын көз алдында үлбіреп тұрып алатын Зухра бейнесі де бірте-бірте көмескі тартқандай. Бұрын бір үйде тұрып, күнде көріп жүретін таныс жүз бір жылдан бері мынау шым-шытырық дуалдарға толы шаһардың әлдебір жеріндегі бөтен үйге барып тығылып ап, енді қайтып көзге түспей қойған соң көкірегінде сайрап тұрған күлімкөз елес те бірте-бірте солғын мұнар ортасына шегіне түскендей. Алайда ғайыптан-ғайып ойына түсіп кеткенде, жап-жалаңаш омырауын аяз сүйіп алғандай, жүрек тұсы мұздап қоя береді. Торығу мен қимастықтың екі ұдай сезімі қанша итжығыс түсіп келсе де, енді-енді бір-біріне бел алдыра бастапты.


Жаппар бұрынғыдай емес, әлденеге тас түйін боп, бойын жиып алыпты. Жүріс-тұрысынан да, қас-қабақ, көз тастасынан да торыққандық байқалады. Енді алдындағы қатар-қатар қаланып жатқан тастан басқа ештеңеге алаңдамауға белін бекем буғандай.


Бір-біріне тізбектеле түсіп жатқан қыш тастар бұның буалдыр мұң, бұлыңғыр үміт, қапырық уайымнан аршылған ойларындай сараланып, сайрап жатыр. Жабық көше ұзара түсті. Әмірші жорыққа аттанып кеткелі де екі жылдың жүзі боп қалды. Хан қайтып келгенде өз бұйрығының орындалғанын көрсін деп, бас шебер де қатты асығып жүр. Күнде ертемен елдің алдымен кеп, шеберлердің жұмысын көріп кетеді. Қазір де әне жеңіл күймесін есік алдына доғарып, тас қаланып жатқан жабық бастырманың астына кірді. Күндегідей жолындағы тас қалаушылардың қасына тоқтап, тіл қатыспастан бірден түпке қарай аяндады. Әлде тағы да бір шұғыл шаруа шықты ма екен? Кімге беттеп келеді? Алдын кес-кестеп әрлі-берлі тас тасып жүргендерге назар салған жоқ. Тартып келеді. Қайда жетіп тоқтар екен? Міне, мұның қасына таяп қалды. Тоқтамай өте шығатын шығар. Жоқ, бұрылды... Иә, тұп-тура өзіне беттеді. Қасына келді. Үюлі жатқан қыш тастардың үстіне аяғын салып, тіл қатты.


— Жаппар, таста...


Бұл не дегені? Жаппар оның бетіне қарады.


— Жүр, сарайға барамыз. Сені бас уәзір шақыртып жатыр. Бас шебердің солқылдақ жеңіл арбасы бас уәзір отырған ақ сарайдың қақпасының алдына кеп тоқтады. Есік ашқан сақшылардың ара-арасымен, алдына түсіп ап, асыға аяңдап бара жатқан бас шебердің соңынан ере берді. Сарайдың сап-салқын, саңғыраған әлденеше бөлмелерінен өтіп, ақыры бір самаладай көкшіл бөлмеде қақ ортадағы дөңгелек хауыздың төр жағында ағаш сәкіде отырған бас уәзірдің де алдына жетті. Ол тағзым еткен сәлемін қабыл алды да, бұның бас-аяғына ұзақ тесіле қарап отырды: бір қауым уақыт өткен соң не де болса айтайын деп тәуекелге бел буғандай, аузын аша беріп, тағы да сүзіле қарап қойды. Сосын бас шебер жаққа бұрылып:


— Неге шақыртқанымды айтып па едің? — деп сұрады.


— Жоқ, тақсыр, — деп бас шебер тағы да тағзым етті.


— Ендеше, Жаппар ұста, Кіші ханым жорықтағы Ұлы Әмірші елге оралғанда көз қуансын деп мұнара тұрғызбақшы. Соны сізге салдырмақпыз, — деді де бас уәзір тостағандай көзін бір төңкеріп қойды. Кімге болса да, басын төмен салып жіберіп, иегінің астынан жоғары қарай бажайлап бір шолып шығатын бас уәзірдің әдеті болса керек. Оның тесіле қалған бадырақ көзіне тік қарауға қаймыққандай Жаппар ұста иіліп тағзым етті. Бас уәзір ішіп-жеп бара жатқан бадырақ көзін тағы да бір рет шыр көбелек айналдырып алды да, назарын енді Жаппардың екі иығынан асыра есік жаққа қарап:


— Ұқтыңыз ғой, — дей салды.


Даусы бір түрлі салғырт шыққандай болды.


Жаппар бұған не деу керек дегендей бас шеберге көз тастап еді, ол уәзірдің не дегенін атымен естімеген кісіше, меңірейіп тұра берді. Жаппар бас шебердің бейтарап жүзіне аңтарыла қарап біраз тұрды да, бас уәзірдің әзінен жауап тосып отырғаны ойына түсіп, асыға-үсіге:


— Ұқтым, — дей салды.


Содан Жаппар қазықты қайда қағарын білмей бір ай жүрді. Байтақ шаһардың ішінде бармаған, біресе жердің топырағына, біресе маңайдағы үйерге жалтақ-жалтақ қарап, басын сипап тұрмаған жері қалмады.Ақыры ол мінген арба Кіші ханым тұратын бақтың түстік жағындағы оңашалау алаңқайдан келіп бір-ақ шықты. Ескілікті обаның орны қаланың былайғы табанынан біршама биік сияқты. Топырағы да не кебіртік, не майда ұлпа емес, қатқақтау. Ертеңгі күні мұнараны шөгере-шөгере еңсесін түсіріп тастамайтындай. Тым бір қиын бұру шет те, бықынажай орталық та емес. Жан-жағы ашық. Шаһардағы аты шулы мешіт-медреселер мен хан сарайлары да бұл арадан біраз жер. Төңірегінде көрушінің кезі мен көңілін бұрып әкететіндей ештеңе жоқ, оңаша. Терістік қапталында Кіші ханымның сарайы ғана бар. О да көк мәуеден көрінбейді. Не де болса тәуекел деп қазықты сол араға қақты. Әр жер — әр жерінен ін қазып, тышқан тесіп тастаған ескі үйік обаның төңірегіне жан-жақтан шаңдатып арбалар келе бастады. Жал-жал қызыл кірпіштер үйілді. Белуарына дейін тыр жалаңаш шешініп алған тұтқын құлдар қара қайыс арқалары қақ төбеден шақырая қараған шілде күнінің астында жарқ-жұрқ етіп жер қаза бастады. Темір күректермен бірге олар да жер қойнына сіңе түсті. Күннен-күнге қомақтана түскен жал-жал топырақ биіктеген сайын терге малшынған қара күрең иықтар кезден бір-бір ұшып жер астына біржола еніп, жоқ болды. Жаппарда тыным жоқ, болашақ мұнара тұратын обалықты біресе ана жағынан қарап, біресе мына жағынан қарап шапқылады да жүрді. Бір күндері қырық құл жер бетіне қайта шықты, олар қазған шұңқырға енді Жаппар түсті. Шыжыған шілде күнінде жер асты қанша рақат көрінгенмен бір-екі күннен кейін одан да жалықты. Жарыққа, жер бетіне құлшынды. Сонау төбеде көк ніл аспан жылтырап жатқан жарық дүниеге тез-тез жетіп алмаса, әлдебір тажал күш жер астына байлап тастайтындай, жоғарыдан тері зембілге сап жіберіп тұрған қыш кірпіштерді асыға қалады.Ақыры құлдар қазған құдықты толтырып жердің бетіне шықты. Қара жердің қойнынан қақ жарып шығып келе жатқан тас бәйтерекке өткен-кеткеннің көзі түсе бастады. Сонда балаң шебердің балғын көңілі көлденең көздің көп қарағанына бір түрлі масаттанып қалатынды шығарды. Осынау ескі обаның басында қыбырлап жүрген қарайған адамның ішінде тек бір бұған ғана көз алмай тесіле қарап тұрғандарды байқаса болды, бұлшық етін қадала сорып, қалжыратып бара жатқан дамылсыз қозғалыс әлгі бір сарын, бір ырғақ пәтуасыздығынан айрылып, табан астында айрықша бір мән тауып сала береді. Ондайда шаршағанын да білмей қалады. Күн санап сатылап биіктей түскен мұнарамен бірге о да жер бетінен, кірпіш тасып, балшық илеп күйбеңдеп жүрген көп құлдан алыстай берді. Енді құлдар кірпіш пен тасты мұнараның іш жағындағы саты баспалдақтармен зембілдеп таситын болды. Екі кісі зорға айналып тұрардай тап-тар мұнарада жапа-жалғыз. Жаңа салынып жатқан мұнараны, кірпіштен кірпішке биіктеп, көкке өрмелеп бара жатқан шеберді алыстан тұрып қызықтайтындардың тобыры да сирей түсті. Енді олардың да мәні жоқ. Сонау жердің бетінде күйкентайдай боп тәлтиіп-тәлтиіп тұрғандардың бұған айтқан сөздері де, құмарта қараған көздері де жетпейді. Кірпіштер қайтадан ауыр тарта бастады. Тұсаулы аттың китің-китің жүрісіндей құрылысшының кірпіш санаған күйкі қимыл-қыбыры мезі қып барады. Енді оның асыға күтетіні тас таситындардың келіп тас түсіріп кеткені. Олардың ту сонау мұнара түбінен әуелі дүңгірлеп шығып, бірте-бірте тақ-тақ қатқылдана түсетін аяқтарының дыбысына құлағын тосады да тұрады. Құлдардың көбі шеттен келген. Олар бұның, бұл олардың сөзіне түсінбейді. Бірақ қасынан ақ тер, көк терге түскен еркектердің әншейінде тым ерсі, тіпті жиіркенішті көрінетін бір түрлі құдірет-күш беретіндей күңірсік иісі мүңкіп қоя бергенде, ол қалтарыс бір түкпірде қара аңсап тұрған тұсаулы аттың өзге жылқы көргенде оқыранбай не кісінемей қалмайтынындай, әлдене деп бір сөйлеп қалады. Құлдар бұның не айтып тұрғанына түсінбесе де, тістерін ақситып күліп қояды. Енді мұнара шаһардың таяу жердегі үйлерінен бой асыра бастады. Жақын махаллалардың тап-тар көшелері мен аядай аулаларындағы қимыл-қыбырдың бәрі көз алдында. Жатаған үйлердің ара-арасындағы әрлі-берлі шұбап жатқан қара ноқаттар — есек мінген, не жаяу кетіп бара жатқан көшедегі жұрт мың сан сүрлеуге түсіп ап, әрлі-берлі жөңкіліп жатқан әлдеқандай кішкене мақұлқаттар секілді. Олардың көзге әзер шалынатын құрдым қарасы да, ерсілі-қарсылы сеңдей сапырылысқан мәнсіз қозғалыстары да кісі күлерліктей. Әсіресе базар маңы құмырсқаның илеуінен бір аумайды. Әншейінде арасында жүргенде қызығатын қызылды-жасыл дүниелер де мынадай зеңгір биіктен қарағанда құнсыз, қызықсыз, тіпті көзге де ілікпейді. Осы бір ұсақтықты, мәнсіз абыр-сабырды адамдар өздеріне өздері қасақана ойлап шығарғандай. Мынау ұлан-асыр шалқар болмыста әрқайсысы алды алдына шалқайып жүруге жер жетпегендей бір-біріне соқтыға-қақтыға жөңкілетін әне біреу сүрлеулерді, кеңістікті кеңірдегінен алып қылғындыратын жолбарыстай көріп, төрт жағынан төрт тас жақтаумен қоршап, қыспаққа алып тұратын әне бір тас табыттарды тауып алыпты, сондай бірінен-бірі аумайтын тас қорапшалар арасында, сұрықсыз сұрқай илеуде біріне-бірі соқтығып, құмырсқаша құжынап жүріп бір-бірімен атақ таластырып әлек болады. Осынау мәнсіз илеу біріне-бірі соқтыққан құмырсқаларын да мәңгіртіп жібергендей. Әйтпесе, мынау ұлан-асыр кеңістікте бет-бетіне бытырап жүрмес пе еді, сонда олардың әрқайсысын жеке-жеке қуып жүріп өлтіретін кім бар дейсің? Ал мынандай быжынап жатқан илеуді бір жайпап кетуге қай жау қызықпайды. Өзге илеулерді аямай таптап жүрген атақты билеуші өз илеуін жылдан-жылға құжыната түсуде. Тап осы салып жатқан мұнарасының қажеті қанша... Көлденең көк аттының көзіне түртіп, екі аяқтылардың тағы бір илеуі бар деп жау шақыруға ма... Әлде, мынандай қапас илеуге жуымаңдар, маң түзден айрылмаңдар деп ел үркітерге ме... Неге керек?.. Не үшін керек?.. Оны өзі де білмейді. Былтыр бадырақ көз бас уәзірден тапсырма алды да, кірісіп кетті. Сонау мәуе бақтың ішінде, әлдебір түкпірде бұған қарап отырған Кіші ханымға керек болды дейді. Оның мынандай тас үйікке неге сонша құмар бола қалғанын ит біліп пе? Осылай шәлкес ойлар ойқастағанда ол мынау шым-шытырық шаһардан да, сол шаһардың дәл өзіндей шым-шытырық сергелдең ойдан да сергітетіндей бостан кеңістікке құлшынады. Мынау сұп-сұрғылт шым үйіктер тасасында сағым шалып жатқан ұлы даланы көргісі келеді. Бірақ күн жеп қуарып кеткен жер өңдес шым дуалдар мен шым қабырғалар, бір-біріне астасып араласып кеткен күзді күнгі лайсаң шалшықтай мына бір еш бедер-белгісі жоқ сиықсыз сұп-сұр перде, қайда қараса да көлкештеп көз алдында тұрып алады. Ол сол бықпырт лайсаңға тұншығып қалмайын деп, тырбынып, тас мұнараға иек асып, көкке қарай тырмыса түседі. Жаппар мұнаралардың неге керек екеніне енді түсінді. Сөйтсе, ол адамдардың мынандай төрт тарапты түгел байлаған тығырықтан көз бостандық алар кеңістікке, көк есектің құйрығының деңгейінен бой асыра алмайтын аяқ асты аласалықтан көңіліңді сергітер зеңгір биіктікке, қол басындайды ірі, құрық бойындайды биік көріп, қайдағы-жайдағының бәрін қазына, қалай-солайдың бәрін қасиет санап, күйбең-күйбеңмен күн өткізетін күйкіліктен бір кездегі ұлан-асыр болмысты барша ерен ұлылығымен көре алатын ірілікке, илеудегі қыбыр-жыбыр тіршілік иесінен аспан астын түгел шолып, түгел барлай алатын қырағы жанар, ұшқыр қиял, биік арман иесі адамдыққа ұмтылған өр дәменің құлшынысы екен. Тышқан екеш тышқан да ауық-ауық топырақ сасыған тар інін тастап, жонын шуаққа тосып, сығырайған кішкене көзін ұлан-байтақ болмысқа құныға қадап, жарық дүниенің өз індігешіндей емес көл-көсір кеңдігіне, жер бетінде тек күйкілік қана емес ұлылық та бар екеніне көзі біржола жетіп, көңілі бітіп, масаттана әндетпеуші ме еді. Бәлкім, жер кіндігін тесіп шыққан мына мұнара, адамдардың әлгіндей асқақ дәмесі ғана емес, анау аяғының астындағы былқ етпес көнбіс қара жердің сонау тас төбеден еміне төнген көк аспанға емірене созған білегі шығар. Қолындағы қыш кірпіш күні кеше сонау төменде көк есектің тұяғына жаншылып жатқан көк тиындық құны жоқ топырақ емес пе еді тәйірі... Енді, міне, ол бұның білегінен әлдебір сиқыр қақтай сорып шығарып жатқан күшпен қосылып, жайдауыт бедерсіздіктен көлденең көзді өзіне алаңдатпай қоймайтын биік нысанаға, ешкім ескермейтін мағынасыз ұнтақтан назарыңды көкке сүйрер маңғаз мұнараға айналмады ма? Былтыр алғаш қазық қаққанда, ол ескі обаның төбесіндегі көк ніл әуеге қанша телміріп қарағанмен, көз алдынан қазір-ақ бір-бір ұшып жоғалатын алдамшы елестен басқа ештеңе көре алмаған-ды. Әлгінде ғана алдында аспанмен таласып тұрып алған сиқыр мұнара көзін уқалап ап, енді бір қарағанда, жер жұтқандай жым-жылас жоғалып кеткен-ді. Бірақ бүйірін тышқан тесіп тастаған бұжыр төмпектің төбесінде көз алдыңда көлбеңдеп тұрып алған, қазір ғайып болатын сол бір алдамшы елесті шындыққа, көргеннің көз жауын алатын көрікті көк мұнараға айналдыруға болатынын ол баяғыда-ақ білген-ді.


Одан бері де сегіз жылдың жүзі ауыпты.


Екі ала қоржынды теңдеп ап, тау-тау шағылға итіне тырмысқан көк есектің соңында әкесі екеуі келе жатты. Жарты ай бойы сол бір митың жүріс. Құм арасында араға екі-үш күн салып жолығатын бетіне сексеуіл төсеп, шағырмен жапқан көмбе құдықтың басында аяқ суытып алады.


Алда келе жатқан әкесі үндемейді, ауық-ауық кілт тоқтап, ылғи өрге қарай емпеңдей беріп, пысытқан киіздей қап-қатты боп ұйып қалған белін жазып, екі бүйірін таянып біраз тұрып алады да, бір күрсініп қойып қайта жүреді. Тек көк есектің ғана іші пыспайды. Серек құлағын қалқитып жығып ап, басын көтермей жорғалай береді. Екі аяқтылардың еркіндегі хайуан өзіне бәрі бір тыным болмайтынын әбден біліп болған. Мынау ақ сұрқай кеңістіктің тағы бір жерінен су ішіп от шалатынын іші сезіп келеді. Екі аяқтылар бұны аяп емес, әздері үшін тыныс қылады. Соның бәрін көкірегіне жаттап алған көк есек ештеңеге алаңдамайды, мимырттап тартып барады. Ал анадай жерде артта келе жатқан ендір қара жігіт, он жеті жасар Жаппардың осы сапардан әлдеқашан іші пысқан-ды. Қыс бойы төсек тартып жатқан әкесі наурызда басын көтерді. Аяқ астынан қайрат біткендей, көздей жерін жыртты, тырмалады, дән септі. Жермешел шым үйдің жанындағы өлі қаңқадай ербиіп-ербиіп тұрған аз ғана жеміс ағаштарының түбін қопсытып бұтағын қырықты. Соның бәрін үнсіз істеп, үнсіз бітірді де балаларын жиып, Жаппардан басқаларының қайсысы қандай шаруа істейтінін айтты.


Араға кеп уақыт салмай, Жаппарды ертіп жолға шықты. Айдаладағы шағын қыстақтың тұрғындары есіктерінің алдына шығып, бұлардың соңынан аңтарыла қарап қалды. Көк есекке өңі кеткен тықыр қоржынды теңдеп ап, ауладан шығып бара жатқанда, көрші әйелдер анасынан:


— Құмырашы қайда базар шығып барады? — деп сұрады.


Өзі аң-таң, анасы иығын қақты. Қайда келе жатқандарын Жаппар әлі білген емес. Қыстақта әкесі жайлы алып-қашпа әңгіме көп. Оның қайсысының шын, қайсысының өтірік екенінен балалары да бейхабар.


Құмырашының қайдан келгені де жұмбақ. Бір суық күзде бейсаубат керуенге ілесіп келді де, қалып қойды. Ешкімге дін ашпайтын дәу қара кісі саз балшыққа жан бітіретін шебер екен. Көп ұзамай өз күнін өзі көріп кетті. Бір жетім қызды алды. Үйлі-баранды болды. Баласының ішінде жанына ертіп, жақын тартқаны да осы Жаппар. Неге назары түссе де, тесіле қарайтын әдетімен өз баурынан шыққан балаларының да әр қадамын қалт жібермей қапысыз бағып отыратын әкесі тек осыған ғана көзінің аласын азайтып, мейіріммен қарайды. Мейірімі де аса тапшы. Арқасынан қағып, маңдайынан иіскеп көрген емес. Алайда әкесінің өзге балаларының қақ жауырындарына шаншудай қадалатын суық көзқарасы Жаппарға дегенде тайқып кетеді. Әкесінің өзіне неге көңілі бітіп жүргенін Жаппар да білмейді. Әйтеуір әкесі бірдеңеге жұмсаса, ту сыртынан әлдекім садақ ататындай жалтақтаған бұрынғы бүгежек қимылдан бір-екі жылдан бері құтылды.


Әкесі ауық-ауық саз қарайтын-ды. Үлкен дарияға барып құятыны, әлде үлкен дариядан қашып шыққаны белгісіз кішкене өзек бойындағы оңаша қыстақтан ертеңгілік көк есегін жетектеп шығатын да, күні бойы айдалада маңып-маңып кешқұрым қос қоржынын толтырып үйге қайтатынды. Сондай бір сапарына бұдан екі жыл бұрын жазғытұрым бұны ертіп шықты. Қыстақтан алысқа ұзап шықпаған бала әуелі көк есекке мініп ап, алдында анадай жерде әлдеқайда аяңдап тартып бара жатқан әкесінің соңынан емпеңдеп ере берді. Әуелі қыстақтың шетіндегі қозылақ жайылып жүрген кішкене қолаттан асып, кебіртік жалдың басына шықты. Сонау ойда, айнала қырпық-қырпық кейбір жоталар қоршаған ұзын-шуақ тайпақ қолатта, жарлының дастарқанына шашып тастаған бір уыс жүгерідей бытырай шашылып қыстақ жатыр; кемірейген саз балшық дуалдармен қоршалған шөкім-шөкім танаптық жерлер шытыраның көзіндей, ию-қию. Үйді-үйдің төбесінен шүйкедей түтіліп көк түтін ұшады. Бұрын өзіне шетіне шығып болмастай көрінетін мекені алыстан қарағанда тіпті қораш екен; кішкене нәрсені кергенде жаны ашып, елжіреп жүре беретін балапан жүрегі ту сонау қолат ойдағы қара қожалақ қыстағын мүсіркегендей, аяқ астынан шымырлап қоя берді. Бала көк есегін тебініп, анадай жерге ұзаңқырап кеткен әкесінің соңынан салды. Бірте-бірте кебір азайып, бұлар тақтайдай тегіс қара жонға шықты. Қыстақта жүргенде құрдым көрінетін аядай көкжиек жонға шыққан соң далиып сала берді. Бұрын етегімен жер сызып тұратын аласа аспан да зымырап биікке бір-ақ шырқап шыға келгендей. Әкесі сонау бұлдыраған көкжиекке жетпей тынбайтындай кеңірейіп тартып барады. Ал Жаппарға сол бұлдыраған көкжиек биылдыққа жеткізбейтіндей көрінеді. Жылмиған тұлдыр жон басқан адымыңды мандытар емес, көл-көсір көсіліп жатыр. Әкесі түс ауғанша сазарған қалпы жүре берді, жүре берді. Түс ауа айдаладан бір домалақ төбе көрінді. Әуелі әжептәуір биік көрінген төбе жақындаған сайын астынан әлдебір жемір кеміріп жатқандай, бірте-бірте аласарып, тіпті жақындағанда жылмағай жазықтан басын көтермей жатып алды.


Әкесі төбенің басына шығып, алыс көкжиекке қарап ұзақ тұрды. Саз барлап шыққанмен, төбеге жеткенше жер реңіне бір рет те зер салған жоқ. Жеткесін де, аяғының астындағы топыраққа емес, алыс көкжиекке көзі боталап кеп қарады. Ар жағындағысын оның сұқты жанарынан жасырғысы келгендей, көкжиек те көз талдыра бұлдырап, мұнартып жатыр. Бала мынау шетсіз-шексіз кеңістіктен, оның сілтідей тынған жым-жырт тыныштығынан, тылсым сабырынан бір түрлі елегізетін тәрізді. Бұрын өңі түгілі түсінде көрмеген алып біреумен ойда жоқта бетпе-бет оңаша кездесіп қалғандай, жон арқасы мұздап қоя берді. Көк есек те көзі жасаурап, жыпылық-жыпылық кірпік қағады. Бала көз ұшында көлкіп тұрып алған көкжиектен де, көкжиекке телміре қараған сайын тұнжырай түскен әке жанарынан да ештеңе ұға алмады. Бірақ бұдан соң ол кішкене қыстақты қусырып алған тар қолат өкпесін қысып бара жатқандай, кеңге қашатынды шығарды. Үй іргесіндегі алақандай бақшалықта тұқшыңдап жүруге құлқы шамалы; кішкене қыстақтың азғантай қозы-лағын айдап, өріске кетуге құмар. Тар қолаттан ұзаңқырап шығады да, қозы-лағын көкке жайып, шалқасынан түсіп аспанға қарап жатады да қояды. Қапелімде құлаққа ұрған танадай тып-тыныш кеңістікке бағзыдан бері тек осының келуін күтіп жатқандай бірте-бірте жан кіре бастайды. Әуелі көл-дария көк аспанның әлдебір жеріне қадалып ап сайраған торғай үні шығады; оған көктен, жерден көп шырыл қосылады; індігеш-індігеш аузынан жон арқасын шуаққа тосқан дала тышқандары өн бойларына шымырлап дари түскен күн нұрына масаттанып, шықылықтап береді. Көктемгі балауса көкті күрт-күрт орған қозы-лақтың тынымсыз тысыры да бала құлағына күйдей жағады. Құлағы тола үн, сыбдыр. Көз алдында көк аспан.


Ерен болмыс, жалпақ әлеммен жапа-жалғыз бетпе-бет қалған бала шуақ сорған жылы топырақтың үстінде ұзақ маужырайды. Өзі тілімен түсіндіріп бере алмастай бір тұңғиық сырларға алғаш түйсігеді. Айналасындағы абыр-сабырды, асығып-үсігуді білмейтін бей-жай тіршілікке, парасатты тыныштыққа тәнті болады. Сонау төбеден төнген көк аспанға, соған дейінгі екі арадағы тұнық кеңістікке көзі құныға түседі. Көкжиектен мамырлап көтеріліп, баяу жылжып келе жатқан қаймыжық шарбы бұлт осынау ұлан-асыр дүние иесінің «жарық жалғанда не болып жатыр екен, барып біліп келші» — деп, жұмсап жіберген құпия шолғыншысындай астындағы көл-көсір алқапты көлеңкесімен тінткілеп жүр. Міне, сол қазбауыр мамық бұлттың жер бетін сипап келе жатқан майда алақаны —қоңыр салқын көлеңкесі бұған да жетті. Бала әлдебір тылсым құдіретке түйсіккендей тұла бойы дүр шімірігеді. Артынан қайта күн шығады, шуақ молаяды, баланың балғын тәні қайтадан маужырай бастайды. Өмір ызғары қонақтамаған балапан көкірегі мынау көктемгі шуақтай тамыз нұрға толады, сан қилы қиялға шомады. Әлдебір уақытта жамбасы ұйып, арқасы талғанда басын жерден көтереді. Төңіректе үн азайған. Күн көзі де баюға бет алыпты. Қиялшыл бала айдалада жалғыз қалып қояр дегендей көкжиекке иегін тіреп, сығалай қарап тұр. Оның орнынан тұрғанын, анадай жерде жатқан шыбыртқысын алып, қозылағына беттегенін көрген соң ғана барып, көкжиектің тасасына сырғиды.


Ымырт түсе жан-жақтан жабыла боздап өрістен қайтқан сауын түйелермен бірге бұл айдаған аз ғана қозы-лақ та соңдарына қою қараңғыны ертіп, тар қолаттағы кішкене қыстаққа қайтып келе жатады.


Жаппардың үй-үйдің арасындағы күл-қобырдың үстінде асыр салып ойнап жүретін кәп балаға қосылмай, ыңғай оңашалана беретіні әкесіне ұнаған тәрізді. Ұстаханасына ұрлық қылғандай бөгде жұртты кіргізе бермейтін әкесі бұны өзі ертіп апарды. Кесек дуалдың бір бұрышына жапсыра салынған шеберханадан сыз бен күйген саздың иісі аралас шығады. Әкесінің шарыққа аяғы тиюі-ақ мұң екен, тып-тыныш бөлменің іші құлағыңды тырнайтын ащы шарылға толады, тұп-тұнық ауа дар-дар жыртылып, әкесінің алдында қара көк мөлдір шеңбер шыр көбелек айналады. Құмырашының жер түбінен есекке артып әкелген саз топырағы әуелі суға араласып, балшық болған-ды. Енді, міне, сол баттасқан балшық зырылдаған дамылсыз қозғалыстан қайтадан жым-жылас жоғалып, ауадағы шыр көбелек айналған қара көк шеңбер кейпіне түскен. Жаппар көзбояушы көрсететін көп сиқырды көріп отырғандай әкесінің балағын тізесінен асыра түріп қойған жалаңаш балтырындағы бұлт-бұлт ойнаған бұлшық етке, қарсы алдында ауада зыр көбелек жүгірген жұмбақ шеңберге міз бақпай қадалған шебердің суық жанарына аңтарыла қарайды. Бала жанары адам қимылының тап мынандай сиқыр күшіне алғаш рет қанығып отыр. Жусан мен бетегенің, изен мен бұйырғының арасында шашылып жатқан шаң топырақ, қолға ұстасаң тұрмайтын, қайдан шығып, қайда сіңіп жатқаны белгісіз пәтуасыз сылдыр сұйық су, қуарған сексеуіл шырпысынан шырт-шырт түлеп, түтін боп жоғалатын баянсыз от, қазір болса, қазір жоқ өткінші қимыл — өңшең бір тұрлаусыздықтан көрерге көз керек әп-әдемі бұйым шыққанына еріксіз қайран қалғандай.


Көп ұзамай әкесі шарыққа бұның өзін отырғызды. Көздің жауын алатын әдемі құмыра жасауға саз топырақ пен су, қара көрік лапылдата маздатқан сексеуіл шоғынан да басқа ән бойындағы бұлшық еттің бәрін солқылдата сорып шығатын қара күш, көз етіңді суырып алғанша міз бақпай қарайтын жіті жанар, тоқсан тарау жұлын-жүйкеңнің бәрін шүйкедей иіріп, түбіттей түтетін үміт пен күдік, ынта мен ыждаһат, соның бәріне ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстайтын қатыгез қанағатсыздық пен көнтері көнбістік керек екенін бала сонда ұқты. Бір кезде өзі отыратын бұрыштағы қоқыр-соқырдың арасында жатқан ескі ашамайдың үстіне енді әкесі жайғасыпты. О да бір кездегі өзіндей бұның әр қимылына міз бақпай қадалып қапты. Оның жүзінде бір кездегі бұның жүзіндегідей таңырқау, тамсану жоқ. Әке көзінің өткір сұғы бұның өн бойына ине боп шаншылып жатқандай. Кәрі шебер балапан көңіл баласының ұп-ұлпа жүйкесін сол бір шаншудай қадалатын сұсты жанарымен ширықтырмақ. Әйтпесе, албырт жастың ыждаһаты да лақтың түбітіндей, иірілуден гөрі түтілуге оңтай тұрады. Жаппар шын шеберді шыңдайтын өзгенің көзі екенін сол әкесінің ертеден қара кешке міз бақпай қараған мір жанарынан ұқты. Әкесінің шеберханаға бөгде жұртты неге кіргізбейтінін де енді түсінді. Шебер де он екі мүшесіндегі ен сұлулықты шәйімен қымтап, көлденең көзді оқыс жалт еткен ай дидарымен ынтық қып қоятын кермиық кербез сұлудай, кез келген тіміскі көзге сыр шаша бермеске керек. Жұрт оның маңдайындағы шып-шып терді, қалжыраған жүзін, кірбиген қабағын көрмеске керек, көрсе қолынан шыққан бұйымды көрсін, таңдансын, қызықсын, бас исін. Шын шеберге содан артық мұрат жоқ. Өзгенің телміре қараған сұсты жанарынан қысылып-қымтырылмаған, өзгенің өз қолынан шыққан бұйымына тамсана қарағанына іштей масайрап мадиықтанып қалмайтын қанжылым мінезден шебер шықпақшы емес. Әкесі Жаппардың қолынан шыққан бұйымнан гөрі сол көлденең көзге енжар қарамайтын сезімталдығына сүйсінді. Соны көрді де, өзге балаларындай жабы түйсік емес, әсершіл ұлы барына риза болды. Баласын өзінің кәсібіне баулуға ынты-жынтымен кірісті.


Жаппар осы бір жан-жағынан сыз аңқыған тар лашыққа таңертең кірсе, кешке бір-ақ шығады. Әуелде танауын жарып кете жаздайтын күйген саздың күңірсік иісі қазір байқалмайтын болды. Құмыра қырнайтын шарықтың зыр көбелек суылына да құлағы үйренді. Бала осынау шұқшима кәсіптен қанша шаршағанмен зеріккен жоқ. Күніне бір құпиясы шығып тұрады да, құныға түсті. Әкесі баласын қиын кәсіптен ә дегенде зеріктіріп алмайын дегендей, ауық-ауық дүкенін апта бойы ашпай, бой жаздырып алады. Ондайда бала әрі-беріден соң қол бос жүрістен іші пысып, дүкенге, шарыққа асығады. Көп ұзамай қыстаққа Жаппардың қолынан шыққан құмыралар да тарай бастады. Алғаш рет ол өз қолынан шыққан құмырамен суға бара жатқан қызды көргенде, дарияға жеткенше, анадайдан соңынан ерді де отырды. Қыз талдырмаш денесі бұралаңдап, бұның қолынан шыққан қыш құмыраны суға толтырады да, май топырақты имене басып, қыстаққа қайта бет түзегенде, манадан бері қыр соңынан қалмай еріп келе жатқан бала шебер жақын тұрған дуалдың тасасына зып береді, қыз неге еріп келе жатқанымды біліп қоя ма деп қысылады... Қазір қыстақта Жаппардың қолынан шыққан құмырасы жоқ үй кем де кем.


Енді, міне, әкесі аяқ астынан алыс жолға шығып, бұл білмейтін беймәлім бір жерге ертіп келеді. Мынау құм басқан өлкеде бұл екеуінен басқа ешқандай тірі пенде жоқтай. Қажыған көзің қарайған іздесе, қасына келсең — не жүзген, не сексеуіл боп шығады. Жазғытұрым жабырқау құм ішіндегі мимырт жүріс осы бір онсыз да беймәлім сапарды одан сайын мәнсіздендіре түскендей. Жаппар тұқшыңдаған көк есек пен ерге қарай емпеңдеген әкесінің соңынан ере беруге жалыққандай бір ауық құм үстіне шалқасынан түсіп жата кетті. Төбеде де мелшиген үнсіз аспан. Мөлдір көкте бұлттан жұқана жоқ. Тек дөңкиген шағылдарға астасқан жері ғана сәл мұнартады. Биіктеген сайын тұп-тұнық. Ол телмірген аспанға қарап жатты-жатты да, қайта тұрды. Сосын сусыма құмды борбайлап кешіп, көк есектің соңынан салды. Күн еңкейе деңбек шағылдар сиреп, олар құмақ жазыққа шықты. Сол-ақ екен, әкесі кілт тоқтап, айналаға көз салды. Әжім-әжім құм... Әкесі жаяу борасыннан сақина-сақина боп шимайланып қалған майса құмақтан әлдебір сиқыр жазып кеткен дұға оқып тұрғандай, шүңірек көзін шүйілте төңкеріп, төңіректі ұзақ шолды, ұзақ ойланды. Сосын есегінің басын шығысқа бұрды. Олар қызыл шағыл қара қатқақпен астасар жеріндегі шұңғыл түлейге кірді. Жаңа ғана жер табандап жатқан қызыл шағылдар көлеңке ұзарған сайын бірте-бірте биіктеп, ніл ыдырай бастаған кешкі аспаннан енді-енді көрінген кілегей бұлттарға араласып кеткендей. Көк есек құдды құрдымға сіңіп бара жатқандай... Әуелі әншейін көлбеуіт басталған ойпат күрт тереңдей түсті. Әкесі қара түлейдің қақ ортасына кеуделеп енуге дәті бармай, көз ұшынан ернек көрініп тұратындай жерге барғасын, есегін сексеуілге байлады. Жаппарды жиырма қадамдай аулаққа алып шықты. Сосын ұйысқан сексеуілдің қалыңдау жеріне жетектеп апарып, бұталардың арасындағы анадай жердегі кемер ернек еміс-еміс көрінетін оймақтай саңылаудан көзіңді аударма деп тапсырды.


— Қашан өзім келгенше қыбыр етпе.


Әкесі кес-кестеп тұрып алған сексеуіл бұталарын қолымен көтеріп, басқа бір жаққа жылыстай берді. Сексеуіл бұталарының сытыры әлдебір уақытта барып басылды. Шамасы, әкесі де қойлайлы орын тапса керек...


Тоғай арасы сыз, салқын... Жаппардың танауын дымқыл жүзген мен сексеуілдің әлдебір көңірсік иісі жарып барады. Күннің қызғылт нұры ит тұмсығы өтпес қалың жыныстың ту төбесіне іркіліпті. Ағаш арасына қараңғылық ұйыса бастады. Көз алдындағы селдір саңылаудан құмақ ернек қана қылауытады. Жалғыз қалған Жаппар елегізіп, төңірекке құлағын қанша тұрса да, ештеңе естілмейді. Бір уақытта мимырт жүрістен әбден қалжырап қалған өне бойы дел-сал тартып, кірпігі ілініп барады екен, жалма-жан көзін ашып ала қойды. Дәл маңдай алдындағы селдір саңылаудан әлдене бұлаңытқандай болды. Жаппар көзін уқалап, қайта қарады. Түйелі адам. Басына дағарадай қып сәлде орап алған біреу бұлар тығылып жатқан түлейді алыстан орағыта шолып, астындағы сала мойын қызыл нарды борбайлатып, қызылға қарай желіп барады. Ашамайының басына ілулі томпиған әлдене бұлғаң-бұлғаң етеді. Шамасы — сусын болса керек. Жаппар таңдайы кеуіп қатты шөлдегенін енді байқады. Анау жолаушыны тоқтатып, сусын сұраса қайтеді. Кенет әкесінің «өзім келгенше қыбыр етпе» дегені есіне түсті. Басы зеңіп, ернекті жағалап бірте-бірте қашықтап бара жатқан бейсаубат жолаушының соңынан көзін алмай, қатты да қалды. Енді байқады — түйе үстіндегі сәлделі адамның оң қолында ылдырмақ-шылдырмақ тағылған ақ таяғы бар екен... Диуана... Алба-жұлба, осындай жандар оқтын-оқтын бұлардың қыстағына да соғып кетіп тұратын-ды. Жаппарға анау диуана да дәл қазір бұлардың қыстағына кетіп бара жатқандай көрінді. Көңілі әлденеге құлазып сала берді. Жалғыз түйелі алыстай-алыстай ақыры көз ұшынан ғайып болды. Жаппар басы зеңіп бара жатқан соң, маңдайына сексеуілдің түбінен мұздай сыз топырақ алып басты. Шағылдардың тасасына барып күн батты. Жаппардың алдындағы селдір саңылау бұлыңғыр тартты. Көп ұзамай қара түлейді шыр айнала ымырт қоршады.


Кешкі ымырт қара түлейдің ішіне енуге дауаламай, ернек басына іркіліп тұрып қалғандай... Аспан боп-боз. Ернектегі ақ шағыл құмақ та кешкі ымырттың бозғылт сәулесінен күл өңденіп көрінеді. Жаппардың айналасындағы андап-андап тұрған сойдақ бұталардың да бірте-бірте жігі жымдасып, біртұтас қап-қара қараңғылыққа айнала бастады. Ернек үстіндегі пышақтың жүзіндей жіп-жіңішке солғын сәуле әлсірей-әлсірей ақыры біржола ғайып болды. Аспанның әр жер— әр жерінен жұлдыздар жылтырады, әуелі тұңғиық аспанның төріне барып іліне қалғанына қаймыққандай жыпылықтап тұрған сирек солғын жұлдыздар қатарлары көбейгесін нұры молайып, біраздан соң мынау елсіз шөлдегі қара түлейге тығылып отырған әкесі екеуін көздері шалып қалғандай, қақ төбелерінен жыпырлай төніп, жымың қағысты. Шөл аймақтың жұлдызы быжынаған қап-қара түні орнады. Жаппардың әлгінде ғана бойын балбыратып бара жатқан дел-сал ұйқы су сепкендей серпіліп, сүлесоқ кірпіктері қайтадан дүр көтеріліп, тікірейіп алды. Қайда қараса да, қара бурадай шабынып тұрған қою қараңғылық. Құлағын қанша түрсе де, сыбыс жоқ, меңіреу тылсым. Жан-жағынан қаумалай қоршап келе жатқан беймәлім қауіп сесін шығармай мысықтабандап үн-түнсіз жылжитындай. Бұл жүрегі атша тулап, сол бір қатерлі қауіп қанды шеңгелін қашан салар екен деп дегбірсіз тосады. Бірақ беймәлім қауіп үнсіз қабатын қара төбеттей, бұның әр қимыл, әр сыбдырын қалт жібермей анадайда аңдып жатады да қояды. Мұндай жүйкеңді құртатын үрейлі тыныштықтан қазір қанжар салатынын айтып шабатын атойлы қатердің әлдеқайда артық екенін Жаппар алғаш рет сезіп отыр. Түн ауып барады. Кенет түлей шетінен сыбдыр шықты. Әлдекім қалың сексеуіл мен жүзгенді омыраулап жарып келеді. Әлден соң тағы бір сыбдыр қосылды. Сосын өрт тигендей тоғай ішін сатыр-күтір жайлап кетті. Жаппар манадан бері құшақтап отырған сексеуілдің қу томары мынау ойда-жоқта опырып-жапырып келе жатқан көп дүсірден қорыққандай, бауырына тығыла түсті. Жаппар мұндай түлейлерде әр алуан хайуанның жүретінін жастайынан көп естіген. Ол тағыларға тән жат иіс шығар ма екен деп, кешкі тымық ауаға тұмсығын тосып еді — ондай ештеңе байқалмады. Бірақ дүсір күшейе түсті. Бір үйір аң қалың жынысты сарт-сұрт жапырып, жағаласып ойнақ салғандай. Жаппардың тамағы кеуіп қалды. Қары талғасын құшағындағы қу томардан қолын ажыратайын десе, жаны кеткен саусақтары сіресіп қапты. Дүсір кеуделеп біраз жерге дейін келді де, кейін қайтты. Бұның сірескен саусақтары сонда барып жазылды, бойын түзеп алған сексеуіл бұтасы өзге бұталарға соқтығып, болмашы сыбдыр етті. Бірақ Жаппарға соның өзі таудан тас құлағандай үрейлі естілді. Оған жыныс шетіндегі көп дүсір әлгі сыбдырды құлақтары шалып қап, сұлық тына қалғандай көрінді. Жаппардың екі қолы алдына сыймады, жүрелеп отыра кетті де, дірілдеп бебеу қағып бара жатқан қос қолымен екі тізесін тас қып құшақтап алды. Әлгі тоғай шетіндегі сатыр-сұтыр жым-жылас жоғалды. Бұл құлағын қанша тұрса да, қайта естілмеді. Кенет дәл маңдай тұсынан от жарқ ете қалды. Бұл өз көзіне өзі сенбей, көзін тарс жұмып ап, біраздан соң, қайта ашты. Әлгі от маздап жанып жатыр. Ұп-ұзын қызыл тілі сумаңдаған түнгі алау тас төбесіндегі жымыңдаған көп жұлдызды өшіріп тастағандай, жан-жағына алқызыл шұғыла шашып жалаң-жалаң етеді. От қасында серең-серең етіп бір топ адам жүр. Біреулер қою қараңғылықтың қойнынан әлденені құшақтап шығады да, отқа тастайды. Сол-ақ екен онсыз да көк шарпып жатқан түнгі алау тіпті аспандап кетеді. Отты шыр айнала ербеңдеп жүрген адамдардың не істеп, не қойып жүргеніне бұл түсіне алмай отыр. Бірінің көлеңкесі біріне қосылып, ернеуден түлейге қарай әлденеше қара сырық көлеңке жарыса құлапты. Бұл біраздан соң жарық пен қараңғылықтың астасқан жерінен қаз қатар қаңтарулы тұрған көп атты көзі шалды. Отқа жақын жердегі аттардың ерінің басына ілулі қынаптар түнгі алаудың шұғыласы түскенде жарқ-жұрқ ете қалады. Жаппар олардың не қылған адамдар екенін біле алмай аң-таң. Елсіз түзде түн ішінде бейсаубат қару асынып жүргеніне қарағанда қорқынышты адамдар. Бағана әкесі, бәлкім, осылардан қорықты ма екен? Керуен тонайтын қарақшылар болады деуші еді — әлде солар ма? Олардан сонда немді тартып алады деп қорқады? Жаппар ернек басында қаннен-қаперсіз лапылдап от жағып отырған көп адамға үрейлене қарады. Бірақ олар түлей жақпен жұмысы жоқ. Отқа иіріле қапты. Бір-біріне бастарын изеп, қолдарын сермеп қояды. Жаппар олардың түнгі алаудың жарығынан серейіп-серейіп көрінетін ұзынтұра көлеңкелеріне, дағарадай бөріктеріне, белдеріне салбыратып асып жүрген қылыштарына қарап көп отырды. Ол осы бір жүзі суық адамдардан сескенуін сескенгенмен, манағы ымырттағы мелшиген үнсіз тоғайдан қорыққанындай емес, бір түрлі арқасы жазылып қалғандай. Әлгінде ғана ту сыртынан тісін қайрап тұрғандай көрінген көп жыртқыш та кейін серпілгендей. Ернек басындағы бейсаубат түнгі жолаушыларды қара тұтты ма, бағанағы бойын балбыратқан тәтті ұйқы қайта меңдете бастады. От қасында сенделіп жүргендерге мүлги қарап отырып, ұйықтап кетіпті.


Бір уақта әлдекім иығынан тартқылады. Оянып кетсе — әкесі. Ол мұны ымдап: «Соңымнан ер», — деді. Екеуі бағана сексеуілге арқандап кеткен есегіне келді. Сосын әкесі есегін жетектеп, мана өздері құлаған өкпе тұстағы ернекке тартты. Түлейден шыға бере-ақ таң бозарды. Бұл ернекке шыққан соң, түнде әлдекімдер от жаққан тұсқа қарап еді. Қарайып оттың орны жатыр. Қасында жан жоқ. Жаппар аң-таң. Осы бір ұйқылы-ояу қалпы құмнан қашан шыққандарын да байқай алмай қапты. Әлдебір уақытта борпылдақ май топырақты айдау жолдың бойында келе жатқанын бір-ақ көрді. Алдынан сонадай көкжиекпен астасып жатқан ала теңбіл тау көрінді. Одан көп беріде көкшіл мұнарға қалқып тұрған көп қарайғанды көзі шалды. Қапталда ат шаптырым жерде сол көп қарайғанға қарай бұрын-соңды бұл көрмеген қызылды-жасыл ұзын-шұбақ керуен кетіп бара жатты. Керуеннің алдында бір топ нөкер омыраулап, құйысқандап, кілем жапқан, үстіне сарғыш шатыр орнатқан пілді шырқ айнала қоршап апты. Керуеннің екі бетінде атты нөкер. Сол ұзын шұбақ шерудің соңын алып көк найзалы бір топ қол тағы келеді. Сары ала шеру көк мұнарға бөгіп, көлкіп тұрған кең қойнауға ене түсті. Бұлар көш соңындағы жүздері сұп-суық көк найзалы сақшылардан айбынғандай, қалып та қоймай, қуып та жетпей, алыстан ғана қараларына ілесіп ілбіп келеді. Түнде түлей ішінде от жаққан да солар болып шықты. Әкесінің Ұлы Құмнан шығатын жол-соқпақтардың қай-қайсысында да бейсауат жолаушыларды тергеп-тексеріп, торып жүретін қарулы сақшылардың қаһарына ұшырап қалмас үшін, қалың түлей ішіне әдейі түнегеніне Жаппар енді түсінді. Бірақ ол осыншама қалың қол анау салтанатты сары ала көш жыра-жықпылы, ұры-қарысы көп түлей маңынан қауіпсіз өтсін деп, алдарынан әдейі жіберілгенін, ал әлгі сары ала шатыр ішінде Әміршінің жас әйелі Кіші ханым кетіп бара жатқанын онда білген жоқ-ты.


Бұның бәрін ол әкесі Байтақ шаһардың әр жер— әр жерінен төбеге салған қисық-қисық жиде ағаштарының тұқылынан басқа ештеңе көзге түспейтін, сарғыш саз топырақпен жымпитып майлап тастаған тәпене үйер мен кесек дуалдар қоршаған тап-тар ирек көшені шарлай-шарлай жүріп, әзер тауып түскен үйінің сөзуар иесінің аузынан шай үстінде естіген-ді. Ол осы күнгі жатқан үйінің қожасы Ахмет бай болатын. Ахмет әуелі бұның әкесін тани алмай біраз тұрды. Есік ашып қарсы алған жуан қара кісінің майға бөгіп жылтырап көрінетін қысыңқы көзі көпке дейін сығырайып ашылмай қойды. Әкесі:


— Ахмет саудагер, ұмытып қалғансыз ба? Мен Ортөбедегі құмырашымын ғой. Сауда жасап барғаныңызда, біздің үйге талай қонып едіңіз. Байтақ шаһарға келсең, біздікіне түс деп өзіңіз айтқан соң, әдейі іздеп келіп тұрмын, — деп жөнін айтты. Қожайын мейманның өңін енді шырамытқандай, екі қолын қусырып, омырауына апарды. Қақпасын ашты. Ол қонақтарын өзі бастап алып жүрді. Алдарына түсіп ап емпеңдеп келеді. Оңаша бөлмеде үш еркек боп шай ішті. Саудагер шай үстінде ескі танысы — бұның әкесіне естіп білген бар хабарын жайып салды.


— Мен мына баламды әкелдім. Көзімнің тірісінде сіздің қолыңызға жеткізейін дедім. Анада біздің қыстаққа соғып, кеткен бір дәруіштен хан шаһарда жаңа мешіт салдырам деп, жан-жақтан шебер жинап жатыр деп естігем. Баламды соған іліктір, — деді әкесі.


Ахмет шаһарда хан орданың адамдарынан басқаның бәрін танитын болып шықты. Базардағы күйкентайдың күркесіндей тар дүкенде өткен-кеткенге бақырып-шақырып отырған төрт-бес саудагермен көк шай үстінде сөйлесіп көріп еді, бас-аяғы бір аптаның ішінде ортөбелік әкелі-балалы қос құмырашы жаңа мешітті салып жатқан көп құрылысшының санатына қосылып шыға келді. Жаңа мешіт енді-енді бой көтере бастағанда, әкесі үйреншікті сырқаты ұстап жатып қалды. Әкесімен екі ай бірге істеген бала шебер көгілдір мешіттің күншығыс жағындағы көк мұнараға алғаш рет бір өзі шығарда қатты қобалжыды. Күннен-күнге биіктей түскен мұнараның басында жетім торғайдай жан-жағына алақтап отырған бала шебер көлденең біреудің көзі түссе, именіп бұғып қалады. Тас төбеден тесірейіп тұрып ап, ілбіп, жылжып болмайтын бедірейген күн көзі тұсау бойы көтерілгеннен қашан ұясына барып қонақтағанша жас шебер жан-жағына алақтаумен болады. Жүрегі лүпілдеген үрегей жас адамның сырғанақтап көше беретін кезбе көзі біресе күнді аңдиды, біресе көк мешіттің қабырғасында жыбыр-жыбыр қозғалып жүрген өзге шеберлерді шолады, Әмірші бұлардың әр қимылынан көз жазбай бақылап отырған көрші медресе жаққа да жалтақ-жалтақ қарап қояды.


Күні бойы шоқ басқандай тыпыршумен болатын Жаппар бір күні кешке жұмыстан қайтса, әкесі әл үстінде жатыр екен. Есіктен бұл көрінгенде, қолын созып қасына шақырды. Екі көзі жасқа толып, қиналып жатқан әкесінің жүзін де дұрыстап көре алмады. Бөлме іші су түбіне айналғандай, төңірегіндегінің бәрі алашабырланып, бұлдырап көрінеді; еміс-еміс бозартқан бірдеңелер әрлі-берлі тербеліп жүр, тек қарсы алдындағы әнтек ағарып көрінетін біреу ғана су түбіне шөгіп, жабысып қалған бір парақ қағаздай, қыбырсыз. Сырылдаңқырап шыққан көмескі дауыс енді-енді еміс-еміс естіле бере, өшіп қалды. Манадан бері бұның қолынан тас қып жабысып алған қатқыл қол кенет сылқ түсіп кетті.


Әкесін жерлеген соң, мынау бейтаныс шаһарда жападан-жалғыз қалды. Әкесінің өлер алдында не дегенін де дұрыстап ұға алмады. Басы жоқ, аяғы жоқ «кетпе» деген бір ауыз сөзі ғана құлағында. Енді жаңа салынып жатқан көк мешіттің шығыс бетіндегі мұнараның тас төбесіне қонып ап, бір тас қаланған сайын мойнын созып, қарсы алдына бір қарап алады да, басқа ештеңеге алаңдамайды. Бірақ қанша қарағанмен, жер өңдес сарғыш шым үйлер мен әр жер — әр жерде оқшау-оқшау сорайған бозаң шынарлардан басқа ештеңе көзге түспейді. Көкшіл аспан мынау құжынажай шаһардың үстінде аунап алғысы келгендей, шалқасынан түсе сұлапты. Көкжиекті, бұл баяғыда әкесі екеуі келген сар даланы, көзіне бір іліктірмей, ол мұнара да біткен-ді. Енді, міне, тағы да сол баяғысынша әр тасты қалаған сайын, айналасына бір қарап қояды. Бір-біріне ұласып кеткен жермен-жексен шым үйлер төңірегіне көлкештеп күлгін перде тұтып қойғандай арман болған көкжиек көзіне шалына қоймайды. Кеше ғана көз алдында теке тіресіп тұрып алатын биік медреселер, мешіттер, мұнаралар бүгінде төменде қап, ию-қию сары лайсаңға біржола сіңіп, аяқастыланып барады. Көз ұшында шоқ-шоқ қарайғандар көрінді. Қала шетінде бау-бақша.


Жаппар мынау қолға ұстар дәнеңесі жоқ мөп-мөлдір, шетіне-шегіне жетіп болмайтын тұлдыр көкке қарай тырмысып келеді... Әр кірпіш қалаған сайын, құрдым шыңырау түбінен жарық дүниеге ұмтылған кісідей жаныға өрмелейді. Күн санап көз ұшындағы қарайғандар да төбелерінен әлдекім жапырып жатқандай, аласара-аласара, ақырында әлгі сары лайсаңның шетін көмкерген жай әншейін көк теңбіл жолаққа айналды. Енді сол көк теңбіл жолақтан бірден ірге ажыратып кете алмай, бұта басына қонақтаған көк шұлан жабағыдай боп, ұйысып жатып алған солғын көкжиек те сәт санап бауыр көтере түскендей. Әлгі көк теңбіл жолақтың үстіндегі солғын мұнар арылып, мөлдіреп ніл тұна бастапты.


Түс ауып, ауа буалдырдан арылған кез еді. Көкжиекке іркіліп, мөлдіреп тұна қалған көк нілдің арасынан әлдеқандай сарғыш бірдеңе қылаң берді. Жаппар өз көзіне өзі сенбей, қолындағы май қадағын тастың үстіне тастай салып, тершіп тұрған көзін білегіне бір сүйкеп, қайта қарады. Тұнық астынан алашабырланып көрінген көл түбіндей боп, әлгі бір көз ұшындағы көк нілдің ар жағынан, көлбеп созылып жатқан сарғыш кеңістік көзіне айқын шалынды. Жаппар мойынын созып ентелей түсті. Көптен көргісі кеп аңсағаны — осы. Көптен көз алдын көлкештеп келген көкжиектің көгілдір пердесі де бұның ішіп-жеп бара жатқан қомағай жанарынан қаймығып, жолында тұрмайын дегендей, ту-ту әріге сырғып бара жатқандай. Жаңа ғана буалдыр кіреукенің тасасында бұғып жатқан сарғыш, сұрғылт кеңістік кенет бас көтеріп, мынау төңірегін жасыл жолақ көмкерген түйе қотырдай оқшау ойдым алқапқа жан-жағынан ентелей төніп келеді.


Бұл бір кірпіш биіктеген сайын, сол бір жағалай қоршап, жапыра қамап келе жатқан жойқын қол бірте-бірте жақындай түсті, жолындағы ербиген-ербиген тал мен желекті, сонадайдан сойқансып сорайып-сорайып тұрған мұнаралар мен көк күмбез мешіттерді, шымнан соққан шымқай сұр үйлерді таптап өтетіндей, жан-жағынан төніп-төніп келіп қапты; сол бір бірте-бірте далия түскен құба сұр кеңістік мынау көп кесектің қоршауындағы бұны, жапан түзінен айрылып, жалқы жүрген бейбақты, құтқарып алуға құлшына ұмтылып келе жатқандай... Қашан күн батып, көз байланғанша мұнара басынан түскен жоқ. Ертеңіне таңертең де мұнараға жеткенше асықты. Содан бір апта бойы алып ұшты да жүрді. Мұнараға жеткенше, Байтақ шаһардың сыртында шалқып жатқан шалқар кеңістікті қайта көргенше, дызығып жаны қалмайды. Бірақ ұлан-асыр кеңістік сол баяғы керілген күйі жатып алады. Жаппар күні бойы көкжиекте қырық құбылып жөңкіліп жүрген көк сағымның арылғанын күтеді; бесін ауа сағым қайтып, көкжиек аршылғанда, сол баяғы бері де келмей, әрі де кетпей, сұлық көлбеп жатқан шөлді көреді де, көңілі құлазиды. Ол да мынау безер шаһардай мұның шарқ ұрған қиялын жіпсіз тұсап-матап, бұның көргісі келген, көңілін құрт боп жеген таныс аймақты әлдебір қалтарысына тығып ап, түк білмеген, түк көрмегенсіп бедірейе қалыпты.


Енді оған бір аптадан бері ұшпаққа шығарғандай қып қуантып жүрген мұнара басы да көңілін құлазытып, жерінте бастады. Бұрын мұнара оның мынау жан-жағынан қоршап ап, өкпесін сығып бара жатқан құрдым қапастан көл-көсір бостанға қашып құтылатын жалғыз жолы сияқты еді. Енді, міне, шаһардың күңірсік қапасынан алып шыққанмен, сонау бедерсіз кеңістіктің тылсым самарқаулығынан, тас бауыр селқостығынан арылта алар қайран онда да жоқ екен. Баяғыдан бергі бір елі биіктесе де, тау басына шыққандай мәз-мейрам боп, тынымсыз тырбанғанының бәрі әншейін зая бейнет боп шықты. Бүгінде ол өзін есек дәмемен айдын судан тас тастап өтем деп, бір қауым жерге дейін өткел салып келуін келгенмен, ұлан-асыр көк телегейден бәрібір өте алмайтынына көзі кеш жетіп, кері де кете алмай, ілгері де баса алмай, су ортасы құрдымда қалған қайрансыз жандай сезінеді. Жаппар енді таңертең жұмысқа келе жатып, алдында жер бетінен сорайып шыққанымен, зеңгір аспанға жете алмай, орта жолда қалған опырық мұнараға аңтарыла қарайтын болды. Мұнараның басына өкпесі өшіп, шаршап шығады. Аттаған сайын жіліншігі жеміріліп бара жатады. Жұмысы да өніп жарымайды, май қалақты қолына керенау алады. Күн көзі аяғына жем түскендей, жылжымай тұрып алыпты. Шаһар сыртында манаурай керіліп ақ сұр шөл жатыр. Шаһар іші тырп етпей орын-орнында қатқан да қалған. Көше-көшеде де қыбырлап жүрген ешкім жоқ. Ауаның өзі мынау қыбырсыз-қимылсыз дүниеден қарап тұрып ұйыған қатықтай боп қоймалжыңдана түскендей. Осыншама биік мұнараның ұшар басында да лып еткен леп сезілмейді.


Шілде аспаны шыжыңқыраған сайын сонау көз ұшындағы ақ сұр шөл де, одан бергі, әдетте қаралтым көрінетін бақшажай көк жолақ алқап та, шаһар үсті де күзді күнгі адыраспанның күліндей боп күлгін тартып барады. Әлдебір тажал білегін сыбанып ап, аспан асты дүниені айлапат тай қазанға айналдырып, бүкіл жер бетін күл қып өртеп соған салып жіберіп ертеден кешке дейін сілті қайнатып жатқандай. Сонау қаныпезер күн көзі сол айлапат қазанның астында лапылдап жанған алауға тамызық беріп тұрған тажал шоғы тәрізді. Жаппар осы бір қоймалжың дүниенің ортасында мал-тығып жүргендей қимылы ауырлап, өне бойы зіл тартып барады. Істеп жатқан ісіне, төңірегіне қанша зер салып қарағысы келсе де, зейіні быт-шыт шашырап, ештеңеге тұрақтамайды. Жаппар әлдеқашан ұмытқан қайдағы бір елес көлбеңдеп көз алдында тұрып алды. Мынау бозамық аспан бір сәт баяғы бала кездегі езі өскен сұрқай қолатқа айналып кетеді... Сұрқай қолатта тығылып отырған кішкене қыстағы көз алдына сайрап келе қалады. Тіпті, әне, қолат бойынан соңына таспа шаң ертіп бұл баққан бір шөкім қозы-лақ шұбырып өріске шығып барады... Соңдарындағы жалғыз өрім селдір тозаң қойыла-қойыла кенет әлденеше өрімге айналады. Арқасына он-сан бұрым төгілген талдырмаш қыз толқи басып өзенге беттеді. Иығында — бұның қолынан шыққан құмыра. Дәл осы тұста ұйығандай боп жан кетіп қалған денесін әлдекім шымшып алғандай, тыз ете қалады. Сол-ақ екен мынау аспан мен жерді түгел көміп алған күлгін күлдің арасында бозарып сеніп бара жатқан қос жанары оқыс тіріліп жан-жағына қарайды. Талма түс. Тас мұнара. Аяғының астында тырп етпестен талып жатқан өлі шаһар. Төбесінде етпеттеп төніп келе жатқан күл-күл күлгін аспан. Жаппардың ойына жаңа ғана кез алдына елестеп кеткен қыстағы түседі. Баяғысынша құмыра жасап сатып неге жүре бермеді екен? Мына жарық жалғанда қой баққан мен сауда жасағанның, құмыра күйдірген мен мұнара салғанның арасындағы айырма қайсы? Бәрі де — жанбағыстың далбасасы. Қайсысының рақаты көп екенін кім біліп жатыр? Қайта мынау аспан мен жердің арасында күдік пен үміттің тайталасына түсіп, жалғыздықтың тар қапасында жапа шеккенінен сонау қара жерден табаныңды бір елі көтермей, күнкөрісті күйттеген күйкі тірлігі дұрыс емес пе еді... Онда мынау құжынаған кеп адамның қақ ортасында жалғыздықтың жапасын шегетін ішқұста тірліктен бейхабар оңаша қыстақта күнін көре бермес пе еді. Марқұм әкесі қартайған шағында осы бір құмырсқаның илеуіне неге ділгәр бола қалды екен? Соншама өліп-өшкенде не қызық көрді? Жарты жылға жетпей жатып көз жұмды. Қатын-баласының бір уыс топырағы да бұйырмай, жат жерде қалды: сөйте тұра, ажал аузында жатып бұған «кетпе» дейді. Онысы несі? Кетпегенде көрер рақаты мынау ма? Есірік дәме мен күл етек күдіктің құшағына кезек жығылған пұшайман тірлік пе? Әкесі байғұс мұның шебер болғанына сонша неге құмартты екен? Қары талғанша жұмыс істеп, қарны тойғанша тамақ ішіп, ажалды сағатына дейін арман да қумай, уайым да жемей күн кешетін өзге бір қарапайым кәсіпке неге баулымады екен... Баяғыда саз қарай шыққанда, жапантүзде жападан-жалғыз тұрып әлдебір жаққа көзі боталап көп қараушы еді. Сондағы көрсем-ау деп көкейін тескені осы ма, мынау аяғының астында талма түсте күлден шыққандай боп, өң мен түстен айрылып қалған өлі шаһар ма?! Енді, міне, бұл да әкесі армандаған қолмен ұстарға жоқ тұлдыр ауадан тиянақ-таяу іздеп, сонау зеңгір көкке жетпей қоймайтындай боп, өлімін сатып, күніне бір елі болса да, биікке тырмысқан осы бір жанқаста кәсіптің соңына түсті. Тұрлаусыздан тұрақ, тұлдырдан тірек таппақ есірік дәме. ... Талма түстің ыстығынан ба, жоқ өз-өзінен зығырданын қайнатып, өне бойын у боп жайлап бара жатқан ызадан ба, әйтеуір көз алды қарауытып төңірегі бұлдырап қоя берді. Мынау шырқау биіктен ұшып кетем бе деп сескенгендей бір-екі саты төмен түсіп тұрды. Көз алдындағы бұлыңғыр тұтаса түскендей, әлгінде ғана шыр айнала өзі қалаған, әлі сылақ жүгірмеген қотыр-қотыр қыш кірпіштер де бірте-бірте қызғылтым өңінен айрылып, бір түрлі түссіз, сондықтан да түсініксіз жұмбақ мұнараға сіңіп бара жатқандай. Бұл — аспан мен жердің арасында қалықтап тұрғандай, Тек дәл аяғының астындағы мұнараның басына көтерілетін оймақтың аузындай қара қуысты ғана әлгі бір жан-жағын түгел обып келе жатқан озбыр бұлыңғыр әлі жалмап үлгере қоймапты. Кенет аяғының астында қарауытып жатқан қара қуыс оқыс жарқ ете қалды; артынша-ақ маңайына ойда жоқтан сарғыш сәуле шашырағандай болды; сол бір ақшыл, сарғыш ұлпа сәулелер өсе-өрши түсті. Ұлғая-ұлғая әлдебір тұлғаға айналды: қозғалатын, қыбырлайтын тәрізді. Бұған қарай жылжып келе жатқандай. Деңгейлескендей. Міне, мұның дәл қасына, қарсы алдына кеп тоқтады. О да мынау көгілдір аспан мен сонау аяқ астындағы түссіз, тұлдыр зымыранның арасында қалқып тұрып алды. Егер бірін-бірі абайсыз қағып кетсе, екеуі де сонау құрдымға құлап, быт-шыт болардай... Қарсы алдына кеп тоқтаған елес қайта қозғалды, Бұған қарай жақындап келеді... Тұла бойы дүр түршігіп, оқыс селк ете қалды. Көз алдын көлкештеп тұрған түссіз мұнар жым-жылас ыдырап, төңірегіндегі үйреншікті дүние үйреншікті қалпымен құлазып қоя берді. Сылақ жүгірмеген қотыр-қотыр қыш тастар аяғының астында төбе-төбе боп үйіліп жатыр. Мұнараның ернеуіне тастай салған балшық-балшық май қалақ құлап кетпей шаққа тұр. Әлгі бір бастығыры — лыққан кісінің түсіндей бұлыңғыр, буалдыр дүние күн қыза көтерілетін күзгі мизамдай әлдеқайда ғайып бопты. Бірақ ол жаңағы дел-сал бұлыңғыр сәт пен дүние қаз қалпында көз алдында сайрап тұрған мына сәттің қайсысының өңі, қайсысының түсі екенін айыруға ақылы жетпей, аңтарылып қалды. Егер әлгі дүние түгел селдір мұнараға бөккен буалдыр елес өңі болса, көзді ашып-жұмғанша неге ғайып болған? Ал егер бар нәрсе бадырайып өз кейпінде құлазып тұрған мына сәт өңі болса, қарсы алдында алтын қамқаға малынып мөлдіреп тұрған мына бір әйел қайдан шыққан? Балшық-балшық мұнараның басында ол не бітіріп жүр? Мынау ми қайнатқан шілде ыстығының бейшара тас қалаушыға тап қылған тағы бір тәлкегі де, тәйірі...


Әр жер — әр жерінен алтын жүгірткен селдір перденің ар жағынан мойылдай мөлдіреп қос жанар бұған қадала қапты. Сол қап-қара екі жанар мен екі керме қас болмаса, мынау зымыран мұнараның басына жел көтеріп әкелген әлдекімнің селдір пердесі екен деп қалатындайсың. Қарсы алдына кеп қадала қалған әлгі бір жұмбақ әйел басынан аяғына дейін мөлдіреген селдір ақ шәйіге көміліп апты. Жаппар алдындағы әйелдің адам екенін, жоқ қос боп көрінген әншейін елес екенін анықтап білгісі келгендей, назарын тіктеп тінте қарады. Оның шеберге тән қырағы көзі селдір пердені өртеп кетердей боп шоқша жайнап тұрған әдемі екі жанарды алдымен шалды. Әйел мұның өз көзіне өзі сенбей тұрғанын аңғарып қалғандай селдір жамылғының ар жағынан күнге шағылысып жарқырап көрінетін қамқа көйлегінің етегін сүйріктей әдемі саусақтарымен бүре көтеріп, кенереге жақынырақ барып, төменге көз салды да, биік сәукелесін түсіріп алмайын деген кісіше, дереу бойын тіктеп, кері бұрылып еді, маңдай тұсынан бармақтай лағыл жарқ ете қалды. Сосын бұған әлдене айтқалы оқталды да, не айтарын білмей қысылып, қымсына күлімсіреді. Сол бір оқыс қызарып, қымсына жымиғаны манадан бері от шаша қараған қос тана көздің астында қыбырсыз жатқан бұйығы ақша жүзін түгел нұрландырып жібергендей болды. Жаппар осы бір әдемі күлкіні танитын сияқты. Алдында тұрған әйелден өзіне өте-мөте қанық, көптен белгілі бір сымбатты шырамытатындай. Әйел етегін сәл қымсына көтерген қалпы төменге түсетін баспалдаққа беттеді. Көлеңдеген жұқа қамқа көйлектің етегінен балапан қаздың балақ жүніндей балтырымен балтыр қып әлденеше қатарып тастаған ақ атлас шалбары көзге шалынып қалды. Үлбіреген аппақ перде жер жұтып бара жатқандай қараңғы қуысқа сіңе түсті. Жаппар әлі аң-таң. Аппақ перде қараңғы қуысқа сіңіп жоғалғанмен, әлгі бір қымсына жымиған шие ерін мен жаудыраған екі көз мұнара басындағы бұлыңғыр ауаға мәңгі орнап қалғандай, көз алдынан кетер емес. Ол жер жұтқандай әп-сәтте жоғалған сиқыр елестің өне бойын балбыратып бара жатқан әдемі әсерінен айрылып қалам ба деп қорыққандай, қарсы алдындағы құлазыған кеңістікке есеңгіреп қарап, біраз мелшиіп тұрды-тұрды да, ернектегі май қалағына қол созды.


Апыр-ау, әлгі бір бал-бұл жанған шие еріндер мен нұр жайнаған қос жанарды бұл осы қайдан көріп ед. Етене жақсы білетін тіпті таныс бір адамға ұқсайтын тәрізді. Кім еді сол... Тіпті жүріс екеш жүрісі де, күнде көріп жүргендей боп, көзіне оттай басыла кетті ғой. Бұның тас таситын құлдар мен бас шеберден, жатқан үйінің иелерінен басқа күнде көріп жүрген ешкімі жоқ-ты. Ендеше, бұның көзіне оттай басыла қалатын ол қайдағы таныс... Айтпақшы, әлгі әйел Зуһра емес пе? Оны да алғаш рет дәл осылай ойда жоқ жерде көріп еді ғой. Бетінен шарқаты түспей, малынған жібек көйлектің ар жағынан құрақтай майысқан талдырмаш денесін бұлт-бұлт ойнатып, қыбыр-қыбыр қимылдайтын да жүретін бала қыздың, күн сайын бір үйден өргенмен, ешқашан жүзін көрген емес-ті. Қыз еркектер отыратын бөлмеге, сірә да, бас сұқпайды. Оқтын-оқтын аула ішінде ғана көріп қалады.


Бір күні ол үйге келсе, саудагер мен әйелі жоқ екен. Аула ішінде біреу ыңылдайды. Бұл кім болды екен деп, саяжайға шығып қарап еді, өрік ағашынан жеміс үзіп жатқан Зуһраны көрді. Биік ағаштың басына лақша қарғып, жеміс қағып жүрген бала қыздың бетіндегі шарқаты сусып иығына түсіп кетіпті. Бұның қарап тұрғанын сезіп қап, жалт бұрылып еді, жайнаңдаған қос жанар көкірегін шоқша қарып өтті, өкпелегені де, еркелегені де белгісіз, керме қасын оқыс серпіп, жәудірей қарады да, шарқатын түзеді. Аппақ жазық маңдайы мен қыр мұрынын, албыраған шие еріндерін алғаш рет сонда көзі шалғанды. Зуһра бұдан қымсынып үйге қарай тайып тұрды. Бұл оның бұлт-бұлт ойнап бара жатқан шәйі көйлегінен көзін ала алмай, ұзақ қарап тұрып қалғанды. Содан былай ол үйге келгенде көзімен Зуһраны іздейтін болды. Шешесінің қасында жыбыр-жыбыр қимылдап жүретін қыз көйлегінің естілер-естілмес болмашы сусылына ылғи құлағын тосады да отырады. Зуһра да әкесі үйде жоқта, мұның көзіне түскісі келгендей, аула ішінде күйбеңдеп жүрген шешесіне қолғабыс жасаған боп, үйге бір кіріп, бір шығып тыным таппайды. Оның бұлт-бұлт ойнаған көйлегі мен дәйім жел ұшырып әкетердей боп желбіреп жүретін желең шарқаты мұның көңіліне көктем еккендей, өн бойына жұмбақ сезім жүгіретін. Бірақ ол көкірегін шым-шым шымырлатып жатқан сол бір ұялшақ сезімнің қаншалықты қатерлі өртке айналғанын Зуһра қыздың шәйі көйлегінің сусылы Ахмет байдың үйінен атымен жоғалғанда барып бір-ақ аңғарды. Өз жүрегінің іңкәршен көрер көзге айрылып қалған жігерсіздігіне осы кезге дейін іші өртенеді. Бүгінде ол дәмесінің келмеске кеткеніне әбден кендігіп, торығып болғанды. Сөйткен Зуһра мынау ұшпа мұнараның басына қалай шығып жүр? Әлгі жүн қабақ күйеуі оны мұндай жерге қалай жібере қойды екен? Бәрінен бұрын жаңа оны көріп тұрып, бір ауыз тілге келмей, үн-түнсіз қала бергені қалай болды? Ол баяғы балалығын кешіргенмен, дәл осы жолғы ынжықтығын еш кешірмейді. Енді ол мұны бір кеудесінде қыжыл жоқ тірі өлексеге балап кетті. Күні бүгінге дейін жүрегінде өшпей келген ыстық ықылас бұдан былай жеккөрініштің жиренішті ызғарына айналатын шығар. Ол жалма-жан ернекке ұмтылды. Сонда барып көрді — мұнара түбінде үш-төрт күйме тұр екен. Әлгі аппақ перде ыстықтан әбден күл өңденіп кеткен саз топырақта жел көтеріп, ұшып бара жатқан құстың мамығындай боп ағараңдап қаз қатар тізіле қалған күймелерге қарай беттеді. Соңында бір шоғыр адам. Солардың бірі топтан бөлініп жүгіріп барып, қақ ортадағы көк жібек перде тіккен күйменің есігін ашты. Екі сарғыш перде жамылған әйел әлгі әйелдің екі қолтығынан демеп күймеге отырғызды. Қызметші әйелдер қолтығынан демегенде, ақ желең перде бір-ақ желп ете қалды да, астындағы жарық, жалғаннан түгел жасырын жанды әлдекімнің әзәзіл жанары көріп қалмасын дегендей, қайта қымтай қойды. Тыпыршып тұрған жарау аттар ағызып ала жөнелді. Күйменің терезесіндегі көк жібек перде желмен ойнап бара жатты. Шебер соңына селдір тозаң ертіп зулап бара жатқан күймелерден көз айырмай қадалды да қалды. Күймелі керуен анадай жердегі Кіші ханым тұратын сарайдың баққа көмілген биік қорғанына кіріп, жоқ болды. Жаңа қасында болған әйелдің кім екенін ол енді барып аңғарды. Дүние күндегі байырғы кейпінен айрылып, қайдағы бір бұлдыр елеске айналып кеткендей. Төңірегіндегінің бәрін буалдыр мұнарға көміп, ымырт орнап келе жатты. Ол мұнара басынан сүлесоқ түсті. Төменге кеп жуынды. Құлдарды әлдеқашан қамалға айдап әкетіпті. Мұнара қасында мұны жатқан үйіне апарып сап, әкеліп сап тұратын қоңыр күймеден басқа ештеңе қалмапты. Ертеңіне таңертең күймеден түсіп жатып, мұнараға көз тастап еді, оның әлі әшекей жүгірмеген қотыр-қотыр қабырғалары мынау мөлдіреген таңғы ауада, тұнық көк аспан астында тым сиықсыз көрінді. Қара жердің қабырғасын қаусатып жіберетіндей боп, жер табандап жатып алған тап мынандай зілман үйікті қалай қалап шыққанына бүгін өзі қайран қап тұр. Оның дәл мынандай оспадар сиқын да бүгін аңғарды. Шамасы мынау ығы-жығы кесек дуалдардан қашан бой асырам, сонау шаһар сыртындағы бостан түз көзіме қашан көрінеді деп бір тастың үстіне бір тасты өре бергеніне мәз болса керек. Түні бойы түсінде де кешегі бір мизам сағымындай ақ селдір перде мен күйме қапталында желмен ойнап желбіреп бара жатқан көк шәйі көз алдынан кетпей қойды. Енді, міне, күз білініп қалған майда самал, таңғы ауа, ашық аспан аясында осыншама ойнақы да үлбірек дүниені езіп, жаншып тұрған мынау шомбал тас үйіктің бар салмағы өз жотасына түсіп тұрғандай, бір түрлі көңілі құлазып, ойсырап қалды.


Әр тасты қалаған сайын анадай жердегі биік тас дуал қоршаған Кіші ханым бағына жалтақ-жалтақ қарап қояды. Оған сол бір жым-жырт бақтың ішіндегі оңаша сарайдың әлдебір терезесінен Кіші ханымның өзі қарап отырғандай көрінді. Сонда мынау сойқан үйік оның да жанарын жәбірлеп, кешегі ақ селдір пердедей үлбірек арманын тапап-жаншып тұратын шығар. Жаппар қолына көтере берген қып-қызыл шық тасты жерге қайта қойды. Төңірегі дауылдан кейінгі көл бетіндей туырылып тұнып тұрған мөлдір ауа. Ол не істерін білмеді... Пәлен ай бойы тыным таппай тырбынған тіршілігі табан астында мәнсізденіп шыға келді. Төңірегінде төбе-төбе боп үйіліп қалған кірпіштерді көтеріп алып, кенереге апарып қалай беру керек екенін біліп-ақ тұр. Бірақ қолы көтерілер емес... Төңірегін тас қып қымтап ап, көрсетпей қойған күл өңдес кесек дуалдардың қоршауынан құтылып, кең болмыс кенересінен асып-төгіліп жатқан көл-көсір көкжиекті көрсем-ау деген дәмесіне әлдеқашан жетті. Енді сол өліп-өшіп аңсаған көкжиегі де кең дүниенің көз алдына күлтілдеп тұра қалған ісіктей боп, бұған бір табан жақындай түсудің орнына күннен-күнге әрі ығысып, қашқақтап барады. Бұрын әлдебір алыптың күңірсіген саз қабырғалардан тынысы тарылып, тұншығып бара жатқанда, жұлып ап, зеңгір көкке, зымыран биікке бір-ақ шығаратын әлеуетті қолындай асқақ сезілетін мұнара енді бұған төңірегінде көлкіп жатқан бостан дүниеге емін-еркін шарқ ұрғызбай, көзін бақырайтып матап қойған, жер қойнынан емес, көк қойнынан ойып қазған меңіреу зындан сияқты боп көрінді. Жерге де түсе алмайды, көкке де жете алмайды, пұшайман тіршілік... Қайта мынандай азаптан қапас зынданның өзі-ақ дұрыс шығар. Онда да аяқ-қолың матаулы бейшара хал кешкенмен, көлденеңнің көзінен аулақсың ғой. Ал мында маңайдан өткен адам бір қарамай, бір сөйлемей өтпейді! Көлденеңнің көзі мен сөзінен артық қорқынышты не бар? Ту сыртыңнан қадалса, садақтың оғындай, қарсы алдыңнан сұқталса, көкірегіңді кірш еткізіп өте шығар көк найзаның ұшындай көлденеңнің сұқты жанарынан қаймықпайтын жан болмайды. Әсіресе өзің жайында не айтып, не қойғандарын біле алмайтындай, алыстан қадалған жұрт көзі мен құлағына анық жетпейтін күңк-күңк жұрт сөзінен өткен азап бар дейсіз бе? Ондайда ішінде арыстан жатқан апан үңгірдің аузында тұрғандай, қашан арандалып қаларың белгісіз екіталай хал кешесің. Сонда да пенде пақыр жұрт көзіне түсуге құмар. Жұрт көзінен сәл таса қалса болды, қапас зынданның қақ түбінде жатқандай аласұрып бағады. Қайта нағыз тамұқ қара нөпір қалың көптің ылғи көз алдында тұратын жария өмір емес пе? Қапас зынданда жамбасыңа тас батып, жон арқаңнан сыз өтсе де, жан-жағыңнан анталай қоршаған қорқау қараңғыға қарсы сілтейтіндей қайран таба алмай, тырп етпес тымырсық күн кешсең де, әйтеуір қайда екенің белгілі тұрлаулы тіршілік қой. Ал айдай жарықта, айдай елдің алдында жалаңаш келе жатқандай қарсы жолыққан жанардың бәрінен қымсынып, біреу жымия қараса, бұл неге жымияды деп, біреу алара қараса, бұл неге көз алартты деп, елдің қас-қабағын бағып, қылп-қылп күн кешкен қиямет қайым еркіндігінде не мән, не пәтуа түр? Сонда да жұрт көзге түскісі келеді. Міне, мұны да шиге шаншыған құмалақтай қып күллі шаһардың төбесіне шығарып, әрі өткен, бері өткеннің көзін бір жалт еткізіп, аузын бір жалп еткізіп, іш құста күн кештіріп қойған да — сол ел көзіне түссем деген дәме... Бұл енді түсініп отыр, байғұс көксау әкесін де жапан түздің бір қалтарысындағы қарапайым қыстақта жұртқа құмыра жасап беріп, сауаптарына қалып, ақысына келген азғантай тары-талқанды талшық қып, өз төр, өлең төсегінде күрк-күрк жөтеліп, жайына жатқыздырмай, жер түбінен Байтақ шаһарға сүйреп әкеп, жат біреудің оң жағында көз жұмдырған да — сол. Енді, міне, талай-талай жел көкірек немені әуелі желкесіне мінгізіп, көкке көтеріп, сосын аяғының астына бір-ақ алып ұратын сол бір арман деген ала бүлік неменің ағаш атына бұ да қонжиды.


Міне, ол мынау әлі күн қыза қоймаған, ауадан көгіс ыдырай қоймаған айна таза таңда аяғының астында үйіліп жатқан қыш тастарды көтеріп ап, күндегі үйреншікті тіршілігіне қайта кірісіп кетуге түрткі болардай ілік іздеп алақтап түр.


Шаһар сол баяғы шаһар. Саз балшық үйлер жұпыны дастарқандағы сілекейленіп қалған азғантай науат пен шекердей қалай болса солай бет-бетіне шашырап жатыр. Аспанның да еш қылаусыз ап-ашық жатқанымен, ештеңеден рай танытпайтын тымсырайған қалпы. Жаппардың жер мен көктің арасынан ештеңе тастамай, тіміскілеп жүрген жанары ақырында тағы да Кіші ханымның бағына түсті. Бүгін байқады, күнде жасыл желек астында көміліп, көрінбей тұратын ханым сарайының ауласы көз алдында дәл алақанындағы нәрседей ап-анық сайрап жатыр. Сөйтсе, бұл салған мұнара шаһардың төбесіндегі зеңгір аспанды бір өзі дербес иемденіп, шырқау биікке шығып апты. Енді, міне, жан-жағынан адам аттатпай, айбалталы күзетшілер қоршап тұрған, ұшқан құс болмаса тірі пенденің көзіне түсірмей, құпия сақталатын ханым сарайы аяғының астында қапты. Бақ арасындағы ақсиған жолдарды, оймақтай-оймақтай көгал алаңдарды, бір-екі жерде айнадай жалтырап жатқан мөп-мөлдір айдындарды ап-анық көріп тұр. Ойда жоқтан асығыс оянған әлдебір ашқарақ сезім манадан бері жан-жағында тау-тау боп үйіліп жатқан қыш кірпіштерге қолын қайта создырды. Мұнараны бұдан гөрі де биіктете түспек. Сонау жұмбақ сарайды қалтарыс қалдырмай, түгел керіп отыратындай қып биіктетпек. Қабағынан қан шашырайтын қаһарлы патша қалтарысқа тығып баққан сұлу ханым сарайын тас төбесінен тамашалап отыратын аспан астындағы жалпақ дүниеде жалғыз осы ғана, тіпті үш тараптың туын түгел дерлік аяғына жыққан Әміршінің өзі де ханым сарайын тап бұл секілді алақанындағы нәрседей тұтас керіп, тұтас шола алмақ емес.


Аяғының астындағы тау-тау үйінді азайып барады. Жаппар ұста ол күні қалай қас қарайғанын да байқай алмай қалды. Ертеңіне таңертең қолына май қалақты алып жатып, тағы да ханым бағына қарады. Бәлкім, сонау көп терезелердің бірінде Кіші ханым бұның әр қимылын көз жазбай бағып отырған шығар. Ол енді мұнараны ханым бағының қай түкпірінен қарасаң да, төбеңнен төніп тұратындай қып бітірмек.


Күндегі бір тас қалап, бір шай ішім ойланып тұратынын қойды. Жұмысы өніп барады. Мына қарқынымен енді бір аптада мұнара деген жерінен шығады. Енді тек оны көрген жанның көзінің жауын алатындай қып безендіруі керек. Мынау сұп-сұр топырақтың төсіне қонжита қойған мылқау тас үйікке көк пен жерді астастырып тұратын айырықша ажар таппақшы. Ол үшін мұнараның ұшын бір деңгейде бір тегіс қып бітірмегені жөн, онда мұнара қанша биік болса да, пышақпен қырыққандай келте боп көрінеді; ал найзаның сүңгісіндей тым сүйірлеп жіберуге тағы болмайды, шаншып қойған әлденедей о да ерсі. Ендеше мұнараның ұшы қай жерден қайтатынын байқатпайтындай ғып аспанмен аймаласып жататын көгілдір күмбезден көмкергені дұрыс. Сонда мұнараның көктен жерге құлап келе жатқаны, не жерден көкке самғап көтеріліп бара жатқаны көрген көзге жұмбақ боп тұрады. Оған керегі де сол. Мұнараның анадайдан айбар шашып айбындап тұрғанын да, не көрген адам қолтығына қысып кеткісі келгеніндей қып, құр әншейін қуыршақ болып жұтынып тұрғанын да қаламайды. Көрген жан тамсанып қана қоймай, тәңірдің әлдебір жұмбағының шешуін табуын тапса да, есіне дәл анық түсіре алмай, айран-асыр қалып арманда аттанатындай қып әшекейлегісі келеді. Көз алдына әнеугүні күйменің терезесінен желмен ойнап бара жатқан желбірек шәйі көлең ете қалды. Жаппар көктен іздегені жерден табылғандай қуанып кетті. Бұл мұнара да тап сондай жеп-жеңіл, тап сондай ойнақы болуға тиісті. Мұнараны керген жан қапелімде әлдебір арудың сонау зеңгір аспандағы ақ періштелердің біріне ұмсына созған ақ білегі екен, деп қаласың. Тіпті ертең Әмірші алыс жорығынан қажып оралғанда да, алдынан әлдекім білегін көтеріп күтіп тұрғандай көрінсін.


«Дереу дермене іздетіп, қаңбақ өртетіп, ніл бояу жасайтын күл әзірлетуім керек» — деп түйді шебер. Мұнараның қалған жерін көп ұзатпай қалап бітіргісі, көңіліне аяқ астында ұялай қалған арманын жүзеге асыруға тезірек кірісіп кеткісі келді. Енді кідірсе көз алдында, мынау мөп-мөлдір, тұп-тұнық көк ніл ауаға ойда жоқта орнай қойған әлгі бір ғажайып суреттен біржола айырылып қалатындай... Көңіліне сондай күдік оралуы-ақ мұң екен, көз алдына сайрап тұра қалған әлгі ғажайып суретті әлдебір әзәзілдің оспадар қолы сыпырып сүрте бастағандай көрініп кетті. Жаппар әлгі таңғажайып көріністен шынында да айрылғаным ба деп, көз алдына тесіле қарап еді, көкпеңбек мөлдір ауа ғана көлкіп тұрып алды. Төменде — сол баяғы хан бағы. Қақ ортадағы ашық алаңқайда жайылысқа шыққан аппақ қаздардай боп, мамырлай басып бір топ әйел жүр. Бұл олардың қайдан сап ете түскенін қапелімде байқай да алмай қалды. Көк алаңқайдың құбыла шетінде жылтырап жатқан оңаша айдынға қарай беттеп келеді. Айдынның екі жағында мұнара секілді биік екі тұғырға ақ шытыра перде жабылыпты. Айдынның жағасында үюлі қызыл шоғырлар көрінеді. Әйелдер айдын тоғанның жиегіне іліге бере тоқтай қалды. Қаз қатар тұра қап шешіне бастады. Жап-жасыл шөп үстінде теңгедей-теңгедей дөңгеленіп ақ шытыра көйлектер қалды. Құс мамығындай үлбіреген аппақ желеңдер астынан әлі қайратына міне қоймаған күннің нұрында бір түрлі алқызылданып албырап көрінетін ақ сүйрік тәндер атып-атып шығып, көлкіп жатқан көкпеңбек суға қойды да кетті. Төрт бұрышты көкпеңбек тоған төбесінен моншақ жауғандай-ақ айранданып шыға келді. Келіншектердің аппақ білегі айдын бетін сабалап, бір-біріне су шашады. Арасынан екі-үшеуі үзіліп шығып, айдын жиегіндегі мая-мая боп үюлі тұрған қызыл шоғырға бас салды да, күп-күрең алмаларды тоған бетіне лақтыра бастады, судағы әйелдер топ-топ жауып жатқан алмаларды су бетіне қарғи көтеріліп қағып алады. Күп-күрең алмалар көкпеңбек айдын үстінде бұршақша жауып тұр. Келіншектер бірінің қолын бірі қағып, күрең алмаларға жапа-тармағай жармасып жатыр. Асыр салған ақшыл тәндерге қызыққандай ақ жал су да шалп-шалп секіріп, еркетотай келіншектердің едірейе көтерілген омырауларынан сүйіп-сүйіп алады. Көздің жауын алатын сұлу, сымбатты қомағай толқындардан қорғаштағандай, қос иықтан дудырап бос төгілген тып-тыныш тоған ойда жоқта бір үйір ақ сазан түсіп кеткендей астан-кестен боп, жиегін шылп-шылп сабап бұлқынып жатыр. Бірінен-бірі өткен ақ сүйрік сұлу денелер жанап өткен сайын қытығына тиіп кеткендей, кек айдын көкке шоршып-шоршып қояды. Жаппардың көз алдында өңшең бір ақ толқындар асыр салып билеп жүр. Сонау оңаша көл бетіндегі көп діріл мұның көңіліне көшіп қонғандай. Тулап жатқан айдын беті бір уақтарда барып тыншыды. Қырық сұлу тоған жиегіне аяқтарын суға малып отырып ап қыздырынды, біраздан соң шаштарын тарады, бірінің бірі бұрымдарын өре бастады.


Сосын орындарынан бәрі бір уақытта дүр көтерілді де, анадай жерде ағарып жатқан киімдеріне барды. Қырық бірдей қызғылтым сұлу тән ақ мамық желеңнің астына кіріп жоқ болды. Сосын мамырлап басып сарайға қарай беттеді. Олар сарай алдындағы қалың көк желектің астына кірер-кірместе, манағыдан бері қайда тығылып тұрғандарын кім білсін, бақтың түкпір-түкпірінен он шақты еркек жүгіріп шығып, айдын бетінде жыпырлап жүзіп жүрген күрең алмаларды қолдарындағы ұзын сырықтың басына байлаған тор көз ауларымен сүзіп ала бастады. Енді шебер бұдан бір сүйем биіктеп кетсе әлгіндей әдемі көріністен біржола айрылып қалатындай кібіртіктеп жұмысы өнбеді. Баяғыдан бері сумаңдап көкке шапшып келе жатқан мұнара тап осы араға келгенде аяғына жем түскендей, бір елі жылжымай қойды.


Ханым мен нөкері суға шомылған сайын, салынып жатқан мұнара жаққа қарар ма екен деп, көзін тігіп бағады-ақ. Бірақ айдын бетінде асыр салып боп жиекте байыздап отырған қырық әйелдің ешқайсысы төбелерінен төніп тұрған мұнара жаққа мойнын бұрып қарамайды. Бұл олар қашан киімдерін киіп болғанша көзін алмайды. Бірақ қырық әйел әдейі уәделесіп қойғандай бұл жаққа бір де бір рет көз салмастан қайтадан сарайға беттейді. Жаңа ғана мамырлап басып, қыдырып жүрген қырық әйел көзден таса болғанда, хан бағы көрер көзге әдеткі ажарынан айрылып жүдеп қалады. Мөп-мөлдір күміс айдын әлдекім күл шашып жібергендей, аяқ астынан әлемтапырықтанып шыға келеді. Ираны кілемдей қырық құлпырып тұрған гүлзарлар да күйе түскендей солғын тартып кетеді. Ханым бағымен қоса мұның да көңілі құлазып қоя береді. Жаппар көзі боталап, әлгінде ғана Кіші ханым нөкерін ертіп жүріп өткен, ту-ту төменде әзер-әзер көзге түсіп, ақсиып жатқан жіңішке соқпаққа телміре қарайды. Бірақ жас ханымның өзі түгілі ізін де жым-жылас жұтып қойған сылқым сүрлеу мұны мазақтағандай ақсия күліп жата береді. Бала жігіттің көңілі сол бір жасыл желек астына сүңгіп жоғалатын сумаң соқпаққа түсіп ап, көзден бір-бір ұшқан қырық сұлудың соңынан салып береді. Бірақ жас ханымды, оның қырық нөкерін күнде-күнде мұның көзін қызықтыратын ғажайып көрікті көлегейлеп тұрған көк бұйра желектің ішіне енуге батылы бармай, тентіреп-тентіреп кері қайтады.


Жаппардың күндегісі осы. Кіші ханым тағы да сейілге шығар ма екен деген есек дәмемен күннің батпағанын тілейді. Бірақ ханым сәскелік серуеннен кейін бақ ішіне аттап шықпайды. Жігіттің жүзі солған гүлдей сарғайып сала береді. Сол-ақ екен әлгінде ғана алып ұшқан асау арман қайтадан тұқшаңдаған тұғырға айналып, үйреншікті тіршіліктің ирелең соқпағына түсіп ап, беки жөнеледі. Бұғанасы бекігелі бері қолынан балшық кетпеген құлақ кесті қара құл басымен көңілінің ханымды ойлап елегізгенінің күпірлік екенін де енді ұқты. Жаңағы бір көкірегін алай-түлей еткен әзәзіл сезімді біреу-міреу байқап қалған жоқ па дегендей жан-жағына алақ-жұлақ қарап қояды. Бірақ бір қабат аспанның арасында тұрған оның алабұртқанын кім көруші еді. Ол да бір, зәулім шынардың басына қонған жұлма-жұлма торғай да бір, ханым мен нөкерінің одан айылдарын жимай аппақ айдында шомылып ап, сарайға тып беріп тайып отыратындарының себебі де сол.


Тәкаппар ханымның аспаннан басқа ештеңеге түспейтін асқақ жанарын өзіне аударудың жалғыз жолы — мына мұнараны бұрын соңды бұл Қос өзен елінде ешкім көрмеген ғажайып көрікке бөлеу. Баяғыда өзі Байтақ шаһарға мұнара салдыртам деп бел буғанда көңіліне оралған көрікті елестен де өткізіп әшекейлесе, ханым қайтып қарамас екен! Қасындағы қырық нөкер әйел мақтап, ауыздарының суы құрып, сусылдай жөнелгенде ханым осынша сиқыр көрікті өз қолынан жаратқан бұған да қайран қалатын шығар! Әлгінде ғана сабыр тапқан тентек жүрегі қайтадан лүпілдей жөнелді. Мұнараны жаңағы өзі ойлағандай жас ханым мен нөкерін еріксіз өзіне қарататындай қып безендіруге бел буды. Мұнараның қасынан әрқайсысы алты қанат ордадай он шақты тандырды қатар жағып, дермене мен жапақты тау-тау қып үйіп, әуелі бояу әзірлейтін күл өртеді, сосын таңғы аспандай көкпеңбек, күнге шағылысқанда қырық құбылып, жылтырап тұратын шытыра тас күйдірді. Бір айдан соң он шақты шеберді қатар өрмелетіп, мұнара сыртын шытырамен жаптыра бастады. Өзі көгілдір торқаға орана түскен мұнараны біресе ана жағынан, біресе мына жагынан шығып қарайды да жүреді. Кейде тіпті шаһардан бір көш жерге ұзап шығып, айдалада жападан-жалғыз көк мұнараға міз бақпай қарап тұрады. Тұнық судай көкпеңбек ауадан әзер байқалатын жер түбіндегі қаралтым сырық жаңа мұнара оған әлдене деп ым қағатындай. Жаппар өз қолынан шыққан сол бір тілсіз перзентінің не дейтінін түсіне алмай дал болғандай, көз айырмай көп телміреді. Күймеде отырып та қырық сығалайды. Түсіп алып та қарайды. Бір уақ қолын маңдайына апарып, көк аспанда күлімдей жүзген күн көзін ұзақ бағады. Құдды бір тұңғиық аспанның өзінен әлдекім бұған аян беріп, ақыл айтатындай жым-жырт айналаға құлағын тосып тың тыңдайды. Әлгі жерден су шыққандай жалма-жан күймесіне отырып ап, тағы да бір жаққа құйғыта жөнеледі. Ол арада да мынау мөлдірей тұнып жатқан тылсым ауаның әлдебір жерінен тек өзінің ғана көзіне көрінетін әлдекіммен үнсіз арбасқандай қалшиып қатады да қалады. Біресе көңіліне қонбайтын ерсі бірдеңені көзі шалып қалғандай, басын шайқап, өз-өзінен таусылып, жан-жағына түкірініп бітеді. Кейде тіпті екі қолымен бетін басып, тұрған жерінде шөкелеп отыра кетеді. Мынау жарық дүниені енді қайтып көргісі келмегендей, екі көзін тас қып жұмып алады. Жаңа ғана көз алдында сайрап жатқан күйкі дүниені көңілінен аластап қуып, жым-жылас ұмытқысы келгендей, жағы әбден қарысып қалғанша тістеніп бағады. Көзінің алды қарауытып, қайдағы-жайдағы алабажыр елестер тым-тырақай қалқып жүрген бұлыңғыр қоймалжың бірте-бірте қойыла түседі. Төңірегі қап-қара түнге айналғандай. Әлгіде ғана жынына тиген нәрсенің бәрі зым-қайым жоғалып кеткендей. Көзін қайта ашып алды. Өткір жарықтан жасаурап кетіп еді, жеңімен кірпігін бір сипап етті. Кенет көз ұшында еміс-еміс бұлдырап тұрған жаңа мұнарадан бұрын-соңды ойына түспеген, енді сәл кідірсе қайтадан жоғалтып алатындай әлденені көзі шалып қалғандай орнынан атып тұрады. Қуқыл бетіне қан жүгіріп қуанып кетеді. Күймеге отыра сап мұнараға қарай қайта шабады. Құйындатып шауып келеді де, жалма-жан жоғары шығатын баспалдаққа өрмелейді. Мұнараны шыр айнала қоршап қойған тор-тор ағаштың арасында қыбырлап жүрген шеберлерге барып, әлденелерді айтып жөндесіп жатады. Қолын қайта-қайта сермелеп, көңіліне әлгінде ғана қона кеткен жаңа ойын түсіндіріп бағады. Сосын төмен түсіп, үюлі шытыра тастарды дәл осы қазір көріп тұрғандай, ұзақ үңіледі. Біраздан соң қос уысын шытыра тасқа толтырып ап, тандыр жағып жатқандарға қарай аяңдайды.


Соңғы айлардың ішінде әбден имиіп арып кетіпті. Өңі сұп-сұр. Терісінің бәрі сүйегімен сүйек боп қатып қалған. Тек екі көзі ғана тыным таппайды, неге түссе де, іші-бауырынан өткізіп ішіп-жеп қарайды. Ине жұтып қойғандай байыз таба алмай, аласұрып жүр. Күні кеше қара жерді ойып жіберетіндей тырп етпей табандап алған зілман, мұнара күннен-күнге ажарланып барады. Анадайда міз бақпай қарап тұрған жұрт жаңа мұнараның шаһардағы басқа мұнараларға атымен ұқсамайтын ерекше бір сипатын көрер көзге көріп тұрып, бірақ оның сыры неде екенін біле алмай, пұшайман болады. Көк мұнара күн орынан ауған сайын әр алуан кейіпке көшіп құбылады да тұрады. Қараған жан соның бәріне қайран қалады. Бірақ оның сиқыры неде екенін біле алмайды.


Шебер мұнараның ұшар басының әшекейін өз қолынан өткерді, бұл аймақтың суық түсіп жарымайтын тағы бір келте қысы өтіп, май тоңғысыз шуақ орнады. Ханым бағындағы ағаштар шетінен бүршік жарып, айлапат қорғанның ішіне көк көбелек қаптап кеткендей, көк селдір перде тұтылды. Көп ұзамай көк бүршіктердің бәрі ақшыл, қызғылт гүл ашып үлбіреп шыға келді. Ханымның күнбе-күн сәскеде нөкерін ертіп серуендейтін кезі де жақындап келеді. Жаппар сол күнді асыға күтті. Ақыры оған да жетті. Қызыл ала шәйі ұстағандай ұлпа желек астынан үлбіреген көйлек киген бір топ әйел шыға келді. Шыға келді де, аяқтарына жем түскендей, тоқтап қалды. Сосын мамырлап басатын үйреншікті жүрістерінен жаңылып, мөлдіреп жатқан тоғанға қарай суыт аяңдасты. Тоған қасына жеткен соң да, баяғыдай желең көйлектерін сыпырып-сыпырып тастай салып, суға күмп-күмп қойып кеткен жоқ. Көк мұнарадан көздерін алмай, аңыра қарап тұрып қалды. Қап, бәлем, солай ма екен!.. Жаппар өз-өзінен масаттанып, мырс ете қалды. Көмейіне қайтқан өштің бе, әлде көкірегіне сыймай бара жатқан көл-көсір қуаныштың ба, бір толқыны лықсып, көзінің алды мұнартып кетті. Көк мұнара күннен-күнге өсе түсті. Бірақ сарай жақ шеті кетиіп тұр. Жаппар сол кетіктен хан бағына қарап телміреді де отырады. Ертең-ақ көзінен бір-бір ұшатын әсем көріністі қимағандай, әлгі кетікті бітегісі келмейді. Оны бітесе, хан бағында хор қыздарынша асыр салып ойнаған қырық сұлу да біржолата ғайып болады. Жасыл алаңқайда мамырлап басып қырық сұлу сейілге шығады. Ортасындағы басына жарқ-жұрқ еткізіп елден ерек сәукеле киген ханым. Олардың айдын жиегіне кеп иіріле қап жаңа мұнара жаққа қарап тұрғанын көргенде, Жаппар өзін пейіштің тас төбесінен қарап отырған жаратқан иенің өзі екенмін деп қалатындай. Талай рет жігерін құм қылған тас мұнара оған қайтадан шарықтатып шырқау көкке шығаратын шапағат қанатына айналды. Бірақ сол бақытының өтпелі екенін, енді бірер күннен соң қолынан мүлдем шығып кететінін ойлағанда ішін ит жыртқандай болады.


Ол бір тәуекелге бел буды. Қашан жендет ай балтасымен келіп айдап әкеткенше мұнарадан түспейді де, мына кетікті бітемейді де. Біраздан соң Жаппардың көңіліне не қашқанын түсініп қалғандай бас шебер мұнараның басына өзі шықты. Әміршінің ұлы жорықтан қайтып келе жатқан хабарын айтты. Оған дейін мұнараны бітіріп, айналасын айнадай қып тазартып қоюы керек. Жүргіншілердің айтуы бойынша, бұл салған мұнара сонау Ұлы Құмнан шыға бере-ақ көзге түсетін көрінеді. Әмірші ертең жеңіспен оралған тойында жорықта көзге түскен баһадүрлерімен бірге бұған да асыл тарту тартатын шығар; бұдан кейін бұл салған мұнараның лақабы аспан астына түгел тарайды. Жаппар бас шебердің не айтып тұрғанын естімеген жанша меңірейіп тұра берді. Сөзінің зая кетіп жатқанын сезген шебер әңгімесін кілт доғарып, әріптесінің жүзіне қарап еді, талайдың қас-қабағын аңдып қалған әккі көзі жас жігіттің өзгенің бәрін ұмыттыратын бір аңсар сезімнің құшағында тұрғанын біле қойды. Ол Жаппардың ой атаулыдан атымен ада, тұнжыр жанары тесіле Қарап қалған жаққа көз тастап еді, ту-ту төменде, өз бағындағы жасыл алаңқайда нөкерін ертіп мұнараға қарап тұрған ханымды көрді. Бас шебер ләм-мим деместен төмен түсіп кетті.


Әміршінің елге оралып келе жатқан лақабы күннен-күнге күшейе түсті. Жаппар тұратын махалла халқының да, мұнара салысып жатқан мұның серіктерінің де аузындағы хабар — тек сол ғана. Бірақ Жаппар соның ешқайсысын да құлағына ілмегендей. Күнде төсектерінен тұра сап, жаңа мұнарға бір қарап алып, дастарқанға отыратын Байтақ шаһардың тұрғындары баяғы сол бітелмеген кетікті көреді. Бірақ жендет балтасының суық жүзін өңі түгілі түсінде де көргісі келмейтін пақырлар көңілдеріне қашқан сұрқия ойды отыз тістен сыртқа шығаруға батылдары бармай, іштерінен тынып жүр. Оны сезбейтін тек Жаппар ғана болса керек, тіпті Ханым екеш Ханым да шаһар тұрғындарының көңілінде не жатқанын естімей-ақ білген түрі бар. Әмірші алдынан хабаршы аттанатын күні таңертеңгілік Ханым сарайынан екі күйме зулап шыға келді де, мұнараға беттеді. Оны мұнара басында тұрған Жаппардың да көзі шалып қалғанды. Әлден соң ту-ту алыстан, мынау өзі қолдан өріп шығарған зынданның түбінен тық-тық басқан аяқ дыбысы естілді. Екі адам қатар сыймайтын, тек жалғыз адам ғана көтерілетін тас сатымен әлдекім жоғары өрмелеп келеді. Жігіт өз жүрегінің дүрсілі сол тырс-тырс басқан жұмбақ аяқтың тырсылымен бір мезгілде жарыса шығып тұрғанын байқады. Ханым сарайына көз салып еді — жасыл алаңқай қаңырап бос жатыр. Түбіне шоғыр-шоғыр көлеңке алған ағаштар да томсырайып тұр. Күллі дүние мұнымен бірге сонау қап-қараңғы тас мұнараның ажал жасырғандай аждаһа қарнындағы тық-тық дыбысқа құлақ түріп қалғандай. Жаппар ту сырты мұп-мұздай боп қоя берсе де, қобалжыған жоқ. Бірақ мұнараның басына асай-мұсайын асынып Мүңкір-Нәңкірдің өзі көтеріліп келе жатқандай өне бойын иненің ұшындай дызылдатып бара жатқан әрі өткір, әрі сұп-суық бір тосын сезім билеп алды. Бірақ ажалын абыржымай тосқан, өмірден үмітін біржолата үзген жандай, тырп етпей сабыр жиып, қасқая тосып тұр. Аяғының астындағы қарауытып жатқан қараңғы үңгірден көзін алған жоқ. Аяқ дыбысы бірте-бірте күшейіп барады. Жаппардың өне бойы сіресе, қатая түсті. Тіпті бұлшық еттерінің өзі тас түйін боп, біржола қатып қалғандай. Жүйке-жүйкесінің бәрі ширығып алған. Аяғының астындағы қап-қара үңгірден әлдене жалт ете түседі. Әрине, жендеттің балтасы. Қатыгез Әміршінің алдынан кетік мұнара салып, қарсы алуға кімнің дәті шыдайды. Қазір айтқан тілді алмаған қыршаңқы бұның басын айбалтамен қағып тастап, мұнараның қалған шаруасын бас шеберге бітіртеді. Жаппар аяғының астындағы аран қуыстан көзін көтере алар емес. Мұнараны тасырлата шыққан ащы тасыр енді аяғының астындағы үңгірден емес, мұның тас төбесін тақылдата жаншып шығып жатқандай. «Шыда, шыдап бақ». Аласұрған санасының қарманып тапқан жалғыз медеті сол ғана. Тамағы құрғап барады. Көмекейіне әлдене кептеліп тұрып алғандай. «Қайта осынысы жақсы болды, — деп ойлады ол. — Қазір жендет балтасын көтергенде даусы да шықпай, бірден осы тұншыққан күйім мүрдем кетсем жақсы болар еді. Жанымның қалай қарқараға келгенін ешкім естімей-ақ қойсын». Аяқ дыбысы таяп қалды. Сіресіп тұрған мойны кенет хан бағына қарай кілт бұрылды. «Жендетін жіберсе де өзі көзіме бір көрінсе екен». Жасыл алаңқай бұрынғысынша құлазып жатыр... Күн сәскеден мана асты. Айдын қасында ешкім жоқ... «Бүгін шомылуға да шықпағаны ғой. Құлағын жарып бара жатқан әлгі бір тасыр қайда?»


Әлдене сұп-суық боп жарқ ете қалды. Бірақ жендеттің балтасының жарқылы сияқты емес. Бет алдын әлдене ағараңдап желпіп етті де, әлгінде ғана мұның жанарын жарқылымен мұз боп қарыған меруерт жүзікті ілезде көлештеп тастады. «Иә, өзі келді... Рас, өзі...» Қарсы алдында, дәл баяғы алғашқы көргендегісіндей боп, ханымның өзі тұр. Сол баяғы ақ желең көйлегі, басында да сол баяғы ақ селдір перде... Жоғарырақ көтерілсе, жел ұшырып әкетердей, сатының ақырғы басқышына жете бере тоқтай қапты. Сол баяғы қымсына күлімдеген нәркес жанары. Шиедей албыраған етті екі ерін... Бұл таң атқалы өне бойын сірестіре сығып тұрған темір құрсау аяқ астында омырылып түскендей, тұра ұмтылды. Ханым бұның үрт қимылынан шошып қалғандай кері ыршып кетті. Шебер әлгі қимылынан ұялып қап кілт кідірді. Өзіне мөлдірей қараған сұлу әйелге байыптап қарап еді — үлбіреп тұрған уыз жас... Бұдан әрі үрке, әрі әлденеге қымсынып, бір түрлі қиыла қарайтын сияқты. Баяғыда Зуһра да дәл осылай бір түрлі үркесоқтап, бірақ кері де серіппей жәудірей қарап еді ғой... Мынау да тап солай. Қақ маңдайдағы бармақтай нарт лағылы мен үстіндегі желеңі ғана өзге. Дәл осы қазір көкейіндегіні ашып айтпаса, бұ да Зуһра құсап, ендігәрі бұған жоқ. Қазір-ақ көзінен бір-бір ұшады... Сосын жүрегінің дәл тұсына әлдекім ине шаншып қойғандай мәңгі-бақи қадалатын да жүретін тымырсық өкініштен құтыла алмайды. Жаппар әлдене дегісі кеп тамағын кенеп еді, бәрібір даусы шықпады. Ханым телміре қарап тұр. Жаппар қолын созып еді, ханым бұлқынған жоқ. Ол жұп-жұмсақ, ып-ыстық елестің бауырына қалай кіріп бара жатқанын байқамады. Өмірінде жалғыз-ақ рет тап болатын қас қағым ғана бақытты сәті осы екенін сезді. Қолынан шығарып алса, енді қайтып оралмайтынын да біліп тұр. Еріп бара жатқан денені бауырына қыса түсті, оттай ыстық обыр ерін оның өзін де ерітіп бара жатқанын бір-ақ байқады...


Мұнара уәделі уақытта бітті. Алыс жорықтан оралған Әміршінің алдынан күнге шағылысып күлімдеп тұрды. Жаппар мұнараны Әміршінің әдейі арнап келіп көргенін, таңырқап ұзақ тұрғанын, қатты сүйсініп аттанғанын түгел естіген. Бірақ сарайдан хабар болмаған. Бір күні талма сәскеде әдейі шабарман кеп, сарайға жүр дегенде, Жаппар алдында сый-сияпат күтіп тұрмағанын бірден біле қойғанды. Ол қара көлеңкелеу хан сарайдың қақ ортасында хауыздың қасында күшігендей боп, бүрісіп отырған қара сұр кісінің індете қараған шегір жанарынан ештеңе бүгіп қала алмады.


МАХАББАТ


(Үшінші бөлім)


Кіші ханым соңғы үш айдың ішінде әбден арып кетті. Әр қилы түске боялған шытыра терезеден түскен ала шабыр көлеңкеде отыра-отыра өңі сілтіге салған сүйектей бозарып барады. Бұрынғы сәл қыбыр етсе, дір-дір етіп тырсиып тұратын жұмыр мойны сылынып қапты; үнжұрға сүйегі сойдиып-сойдиып шығып кеткен. Жанарынан да нұр жоғалып, көзінің айналасын мынау бөлменің ішіндей қара көлеңке кіреуке жайлап алыпты. Ханым күндес қатындай сәл міні болса бетіне басып тәлкек етіп тұрған шар айнадан теріс айналып кетті. Айлапат сарайдың қақ ортасындағы атқылап жатқан дөңгелек хауыздың сыпсың-сыпсың дыбысынан басқа құлақ селт еткізер үн де жоқ. Күні-түні сол бір сыпсың-сыпсың. Кейде талма ұстағандай жүйкесі ширығып, әбден діңкесіне тигенде хауызды тапап тастайтындай боп, қасына жетіп барады. Бірақ моп-момақан боп мөлтең-мөлтең ағып жатқан суды көреді де, бойын кернеп келген ызаның орнын әлдеқандай бір мұң жайлап, хауыздың қасындағы үстіне қалы кілем жапқан мәрмәр сәкіге отыра кетеді... Солай дел-сал біраз отырады-отырады да, қайта тұрады. Хауыздан сәл алыстауы-ақ мұң екен, әлгінде ғана жәутең-жәутең ағып жатқан періште тамшылар қайтадан көп әзәзілге айналып сыбырласып қоя береді. Ол кейде сол сыпсыңды естімес үшін қашан көзі ұйқыға кеткенше хауыздың қасында отырады да қояды. Мынау мәрмәр сәкіден бір қадам алыстаса болды — бүкіл дүние пыш-пыштасып қоя беретіндей. Шымыр-шымыр қайнап шығып, сыздықтата атқылап тұрған мөлдір судың момақан сылдыры анау алтынмен безеп тастаған жап-жалпақ емен есіктің ар жағындағы күтуші кемпірдің, азбан құлдардың одан әрі нөкер қыздардың жапатармағай сусылдасқан жабыр-жұбыр әңгімесіне ұласып, бір қадам алыстаған сайын күшейе түскендей. Тіпті сарай бағындағы әр алуан ағаштардың мың-мың жапырақтары да мұны айтып сыпсыңдасып тұрғандай. Анда-санда жұрт көзінен тасалау шеткері оңашалау соқпақтарға түсіп, сейіл құрғанда, ағаш арасынан жылтың-жылтың сығалап бой көрсетіп қалатын еліктер мен тарғыл бұғылар да: «Ә, әлгі жұрттың бәрінің сыпсыңдасып жүрген ханымы осы екен ғой» деп, әдейі бұның әр адымын аңдып тұратындай боп көрінеді.


Кейінгі кезде бөлмеден аттап шығуды қойды. Әмірші ие де тым-тырыс жатып алды. Күнде ертемен киіндіруге келетін қызметшілерінің аузына жәудіреп қарағанмен, ешқайсысы ләм-мим демейді. Әлгінде ғана ауызғы бөлмеде не деп сыпсыңдасқандарын бұл естіп қойды ғой деп қымсынатындай, бәрі де именшектеп кіріп, именшектеп шығады.


Баяғыда бұл түскенде бәрі де жайраңдап-жарқылдап жүруші еді. Тіпті жанарымен жер сүзіп жүретін бұқа мойын күтуші кемпірдің өзі аяқ астынан аспандай қарап ешкімге көзі түспейтін мінез шығарғанды. Мерекелердің алдында бәйбіше сарайынан сөз тартып, ханымы мен нөкерінің салтанатын бәйбішенің салтанатынан асырам деп әбден тыраштанып бағатын. Әмірші шатырына кіргенде екі күтушінің бірін-бірі көзімен атып, кекірейісіп тұрғандарын көргенде, бұның күлкісі келетінді.


Ол бұны құдды бір өз қызындай асты-үстіне түсіп аялап бақты.


Қалған күтушілері де, нөкер қыздары да бұл дегенде жандары басқа. Көбісі-ақ бұдан үлкен. Содан ба, бұны Әміршінің әйелі тұтып айбынғандарынан гөрі, туған сіңлілеріндей көріп аяп-аялағандары көбірек. Құдды бір өздерінің ет бауыр сіңлісі падишаға күйеуге шыққандай мәз-мейрам. Олар үшін бұл дүниеде бұны киіндіріп, шашын тарап, сыландырудан артық рақат жоқтай. Елең-алаңнан орындарынан тұрып, аяқтарының ұшынан басып, бұның ұйқыдан оянғанын тыпырши тосушы еді. Көзін ашуы-ақ мұң, жан-жақтан атанақтай жүгірген қызметші қыздардан, бұл ұйықтайтын кең бөлме өңшен бір ақ қанат көбелекке толып кеткендей, құлпырып қоя беретін. Ханым жан-жағынан анталай қараған көп жанардан қаймығып, қанша қымтанып бақса да, жан-жағынан жапатармағай созылған кәп қол бәрібір өз ырықтарына көндіретін. Алабұртқан албырт тәні жұп-жұмсақ аялы қолдар тигенде бір түрлі байыз тауып қалатын.


Бір күні кешқұрым тамақтан соң күтуші кемпір нөкер қыздардың бәрін шығарып жіберді де, ханыммен екеуден-екеу оңаша қалды. Ханым қызметшінің аузына аңтарыла қарады. Кемпірдің екі көзі жалт-жұлт етеді. Орақ мұрынның астындағы қаймыжық жұқа ерінде бір сәт мүдіру жоқ, аузы аузына жұқпай әлденелерді айтып, сусылдай жөнелді. Қызметші кемпір бір сиқыр дұға оқып отырғандай, ханым оның сүлікше қадалып алған екі көзінен жанарын аударып әкетуге жігері жетпей арбалды да қалды: тіпті бөлменің іші бір түрлі шыр айналып бара жатқандай көрінді.


Бір уақыттарда барып күтуші кемпір үсті-үстіне тағзым етіп, есікке қарай шегіншектей берді. Кемпір шығып кеткен соң да, бөлменің іші әлденеге бұлдырап тұрғандай көрінді. Самала шамдалдардың жарығы төменге түспей, сонау зәулім төбеге ұйып қалғандай. Әлгі кемпір айтқан түсініксіз әңгімені бөлме ішіндегі бұлыңғыр жарық онан сайын күңгірттендіре түскендей. Әлденеге басы мең-зең тартып, жүрегі лоблыған соң, хауызға қарай беттей беріп еді, есіктен кіріп келе жатқан Ұлы Әміршіні көрді. Бөлме ішін жайлап алған жаңағы түсініксіз буалдыр аяқ астынан ыдырап кетті. Бір түрлі тербеліп тұрғандай көрінген үйдің едені де Ұлы Әміршінің аяғы тигесін тырп етуге мұршасы келмей, тыныштала қалғандай. Ханым өзіне қарай жақындай түскен Ұлы Әміршіден көзін алмай қалшиып қатты да қалды. Қол созымдай жерге келгенде барып, Әміршіге тағзым ету керек екендігі есіне түсіп, төмен иіле беріп еді, әлдекім қарынан демеп, жоғары көтерді. Сасқалақтап қалған ханым жалт қарағанда, Әміршінің мейірлі қос жанарын керді. Ертеңіне таңертең бұл құлқын сәріден тұрып, қызметшілерінің келуін абыржи тосты. Екі беті ду-ду жанып барады, не істеп, не қоярын білмей, мамық көрпеге көміле түсті. Бір уақытта емен есік ашылды. Ең алдымен, ырғала басып күтуші кемпір аттады, соңынан жарыса-жармаса нөкері көрінді. Бұл өзіне қарай арсалаңдап келе жатқан көп әйелдің беттеріне қарай алмай, ұятты жанарын жан дәрмен иығына дудырап түсіп кеткен қою шашының тасасына жасырып бақты. Нөкері күндегіден де көңілді. Бәрі келген бетте-ақ, мұның маңдайынан сүйіп, мәз-мейрам болып дуылдасып жатыр.


Әмірші бұл жататын бөлмеге екі-үш рет аяқ ізін салған соң, нөкері бұрынғыдан бетер масаттанып кетті. Әмірші елшілер қабылдаған бір салтанатта бәйбіше нөкерінің шеттерінен бұл отырған жаққа түйіле қарап тұрғандарын көріп, қызғаныштың ызғарын алғаш рет сезгенді. Бәйбіше отырған жаққа көзі түсіп кетіп еді, тәкаппар арудың жүзінде әлдеқандай бір зәрлі ашудың табы тұр екен, неге екеніне өзі де түсінген жоқ, манадан бері мұның әлденеге лобли соққан жүрегі аяқ астынан жай тауып, арқасы кеңіп сала берді. Бақастықтың уындай көк зәр, бақастықтың балындай тәтті бал жоқ екенін ол көп кейін білді. Бірақ сол күннен бастап басқа түгілі, қызметші екеш қызметшілерінен қысылып-қымтырылатын именшектігін қойды. Сөйтсе, әншейінде төбесінен батпандай басып тұратын ханымның ауыр сәукелесі көлденең көздің қарап отырғанын көргенде өз-өзінен құстың мамығындай боп жеңілейіп жүре береді екен. Енді күтуші кемпір мен қыздардың бәйбіше сарайының салтанаты жайында айтатын пыш-пыш әңгімесін бұрынғыдай емес зейін салып тыңдайтын болды.


Әмірші соңғы жорығына аттанарда шаһар ортасында бір өзі ғана тұратын оңаша сарайына ауғанды. Оның не істеп, не қойып жатқанын сырттай еміс-еміс естіп отырды. Әміршінің болашақ жорыққа аттанатыны, диуанда қай бектің не дегені жұрт аузынан сан құбылып жетіп жатады. Соның көбісі-ақ кейін бекерге шықты. Бекерге шықпағаны тек Әміршінің бұл жорығына немерелері мен бәйбішесін ала кететіні болды. Бұған қарағанда, Әмірші бұл жорығына бір жыл екі жыл емес ұзақ жүретіндігін байқатты. Соны естігенде Кіші ханым байыз таба алмады; әлденеше рет Әмірші отырған сарайға баруға да оқталды, бірақ батылы жетпеді. Әсіресе бәйбішесін бірге ала кетеді дегенді естігелі бұл нөкеріне, нөкері бұған тіктеп қарай алмады. Бәрі де қара жамылғандай көңілсіз. Бақ ішіндегі бұрынғы шат-шадыман сейіл де тыйылып қалды.


Әлденеше ай бойы хабар салмай кеткен Әмірші бір күні кешқұрым өзі келді. Әміршінің күймеден түсіп жатқанын жеткізген күтушінің хабарын естігенде, сыртқа жүгіре жөнелмей шаққа шыдап тұрды. Бірақ Әмірші бірден бұның бөлмесіне кірмеді, өз бөлмесіне өтті. Одан соң да түн ортасы ауғанша ұзақ күттірді. Ханым кең сарайдың қай бұрышына барып байыз таба аларын біле алмай, сенделіп жүрді де қойды. Ең соңында, күдер үзгендей боп, қараңғы терезенің сұп-суық шынысына телміре қарап тұр еді, жайлап есік ашылғанын құлағы шалып қалды. Одан арғыға дегбірі жетіп тұра алмады, алғаш рет батылдық жасап, Әміршіге қарай апыл-ғұпыл асыға аяңдады. Екеуден-екеу оңаша кеште баяғыдан бері жарылып кетердей боп, көкірегіне сыймай жүрген көп сөздің ешқайсысы аузына түспеді. Бар батылы жетіп айта алғаны:


— Әміршім, бұл жорығыңыз ұзаққа созыла ма? Жаңа ғана болды. Әмірші бұның жүзіне ұзақ телміріп отырып:


— Оны Алла біледі, — деп, бұның дір-дір етіп алып ұшып бара жатқан екі қолын алақанымен баяу сипап өтті.


Ертеңіне күллі шаһарды дауылпаз үні басына көтерді. Әмірші жорыққа аттанды. Кіші ханым абажадай кең сарайда бір өзі қалғандай елегізіп жүрді. Мынау жарық жалғанмен байланыстырып тұрған жалғыз дәнекер — өзінен әлденеше жас үлкен, осы бір қарсы келгенді қарып алатындай сұп-суық шегір көзінің әлдебір түкпірінен бұған дегенде мейірім ұшқындап қоя беретін сұсты адам — Әмірші екенін сонда ұқты. Бұрын ол барда дүние тап мынандай құлазып тұрмаушы еді. Бұның қабағына кірбің кірсе, қызметшілері де моп-монтаны бола қалады. Он жетіден жаңа ғана асқан ханым дүниеде адам үшін жалғыздықтан асқан азап жоқ екенін сонда түсінді. Оңаша бақты қанша кезсе де, көңілі сергімейді. Бабына келіп балбырап тұрған маужыр бақтың қай бұтағы да өмір қызығын тойлап жатыр. Бұтақтан бұтаққа ұшып қонған сан алуан бармақтай құстардың мазасыз шырылы да, гүлден гүлге қонып, әндете көтерілетін бал аралардың ызыңы да, күн астындағы тіршіліктің ләззаты мен рахатын жырға қосқандай. Оқтын-оқтын ұрлана ескен майда лептен дүрліге билей жөнелетін майса жапырақтар өне бойларын қуаныш кернеп, асыр салып қоя береді. Кіші ханым бұндай сейілдерден сергіп оралудың орнына жалғыздықтың, құмардан шығып қызығын көрмеген ыстық ынтықтың, өне бойын өртше жалап бара жатқан сағыныштың, әлденеге елегізген түсініксіз мұң мен қол-аяғын бірдей тұсап қойған амалсыздықтың, мына дүниеге келгелі алғаш рет бастан кешіріп отырған, өне бойын білдіртпей кеміріп жатқан қырық сезімнің басы қырық жаққа тартқылаған әрі-сәрі хәлдің —соқталаңына түсіп әбден қалжырап қайтады да, қара көлеңке сарайдың ішінде екі қолы алдына сыймай отырады да қояды. Оның көңілін көтереміз деп өнер көрсететін нөкер қыздар одан бетер қамықтырып алады. Ыңырана шығатын зарлы саз оның көкірегін шымырлатып жатқан өзіне де түсініксіз әлдебір ұлпа сезімге бірден шық ете қалады; нөкер қыздардың алма мойындарын әлденеше бұралтып билегені, сүрмелі қастардың астынан сүзіле қарайтын тана көздерін бұдан айырмай, қаладай аппақ тістерін жарқыратып жымия күлгендері, жас сәбиді уантқандай жасанды көрінеді; бұл үшін өздерін зорлап көңілдендіріп, зорлап күліп жүргендей сезілді. Бұл ойын-сауыққа елігудің орнына нөкер қыздарын осынша әбігерге салғанына ыңғайсызданып қалады. Зауқым жоқ басым ауырып отыр сияқты болмашы сылтауларды бұршақша жаудырып, ондай отырақтардан қашқақтап бағады.


Кіші ханымның жанын жайлап алған мұң серуен көңілді сауықтардан сейіле қоймайтынын аңғарған нөкері әлгіндей орынсыз ыржалаңнан табан астында тыйылып, сілтідей тына қалады. Сарай ішін ұнжырғаңнан зіл боп басатын қоңырқайлық қайта жайлап алады. Күтуші кемпір де ханымды немен сергітерін білмей әбден басы қатса керек, біресе оны бақ ішіндегі мыңдаған гүлдерді аралатады, біресе ханымға төркінінен жасауға келген, Әмірші сыйлаған, әкімдер мен ұлықтар, уәзірлер мен қолбасылар, елшілер тартуға тартқан неше алуан сақиналар мен жүзіктерді, сырғалар мен белдіктерді, бірінен-бірі өтетін асыл тастарды көрсетеді, енді бір уақ шар тараптан алдырылған уәлат, махфис, рауия, шамсия, шәдда, машад, тафсила, гүлстан, мисрия, абиария, лулуиа, сабурия, мискалия, сафибар, кидн, атлас, қамқа асыл маталарды жайып салып, қайсысынан көйлек тігейік деп, мата таңдатады; хан қазынасында тау-тау боп үйіліп жатқан бұлғын, суыр, құндыз, барыс, ақ тиын, қызыл түлкі терісінен ішік таңдатады; ханым бірақ соның қай-қайсысына да құлық таныта қоймайды.


Күтуші кемпір мұны асыл жиһаздар көрсетіп қызықтыра алмасын білген соң, ханым өз бөлмесінде жападан-жалғыз отырғанда қасына кіріп келіп, қайдағы-жайдағыларды әңгіме қылатынды шығарды. Сарай маңының өсегі Кіші ханымның құлағына кіріп те шықпайтын тәрізді; кемпірдің сөзімен шаруасы болмай, меңірейген күйі отыра береді.


Әккі кемпір сүлесоқ ханымның көңілін сергітетін әңгімені ақыры тапты. Бір күні ол бәйбіше сарайына қатысқан қызметші әйел айтып келген Әмірші жаулап алған елдерде бәйбішеге қандай құрмет көрсетіліп жатқанын айта бастап еді, манадан бері томсырайып мең-зең отырған Кіші ханымның қабағы қимылдайын деді. Кең сарайдың ту-ту алыс бұрышына қадала қалған қос жанарын бұған төңкере қарады. Кемпір қыбыңды енді таптым ба дегендей, бәйбіше сарайында ұзақ жылдар бойы қызмет істегенде көрген-түйгендерін баяндай бастады. Лауазымды ханымның өзіне тіл тигізуге айбынып, оның күтушілері мен нөкерін жерден алып, жерге салып жамандай жөнелді. Олардың Әмірші Кіші ханымның сарайына біржола көшіп алғаннан бері бұған атарға оғы жоқ көрінеді. Жан-жақтан ағылып келіп жататын, сый-сияпат езіне бұрынғыдай дербес бұйырмайтын болғанына, бәйбішенің іші удай ашитын тәрізді; кейінгі кезде Әмірші басқа жұрттан келген тартудың асылы мен аруақтысын Кіші ханымға тартқылайды деген пыш-пыш әңгіме бәйбішенің өз аузынан да, келіндерінің аузынан да талай жерде шығып қалып жүр деседі. Кемпір ауық-ауық ханымға бір қарап алады да, оның қас-қабағынан ашудың нышанын көрмеген соң, қайтадан сусылдай жөнелді. Орақ мұрнының астындағы шыр айнала мизамның сілеміндей жіңішке-жіңішке әжімдер шиырлап тастаған қаймыжық аузы өрмек тоқып тұрған өрмекшідей жыбыр-жыбыр; қашан ханымды торына түсіріп тынбай тоқтайтұғын түрі жоқ. Бәйбіше сарайындағы бұл жөніндегі сыпсың әңгіменің бәрін жіпке тізіп айта бастады. Кіші ханымның жастығы болмаса, сұлулығы болмаса, ханымға лайық еш қасиеті жоқ; ұлы тұқымның тіке өзінен тарамаған, бір бүйірлеу көп төрелердің біреуінің қызы; төркін жағы да жансыз-жақсыз; Әмірші шешесінің өлердегі аманатын бұза алмай ала салды, тақтан түспегенмен, тұғырдан түскелі отырған кәріге тиген бейбақтың енді етегі қанап, бала сүйе қоймағы да екіталай, жаман айтпай жақсы жоқ, Әмірші әлдеқалай болып кетсе, қу тізесін құшақтап жалғыз қалады...


Орақ мұрынның астына өрмек құрып орнығып алған ала құрт әуелі өрмегінің бір ұшын Кіші ханымға тартты да, артынша-ақ соны бойлап шым еткізіп шағып ап, оның табан астында боп-боз боп кеткен өңі мен жел үрген шоқтай лап ете қалған уытты жанарын көріп, аяғын тартып ала қойды. Ханымның қай жағынан шығып қалдым дегендей, жаңа ғана өзі осып тырнап алған жараның аузын өзі сүртіп бақты. Табан астында тек әйелдердің ғана қолынан келетін мәймөңкелікке көшіп, өз айтқанын өзі жуып-шая бастады. Қызғаныштың тілінде шоқ, ұртында мұз. Шоғымен бетіңді, мұзымен жүрегіңді қарып сөйлемесе, қызғаныш бола ма! Әмірші иенің ықыласы мен салтанатын бір өзі иемденіп қалған шынжыр балақ, шұбар төс тұқымның қызы-бәйбішенің тәйтік қызметшілері Кіші ханымды аузынан әлі емшек табы кетпеген жас көріп, басынып қалғылары келеді ғой. Бірақ оларымен не бітірер дейсің. Әлгіндей-әлгіндей күйдіргі әңгімелерді күңсіткеннен арғыға жете қояр шамалары қайсы? Әміршінің өзі асқар таудай боп, панасына алып отырғанда, бәйбіше сарайындағы көп сумақайдың сыпсыңы құр әншейін желдің суылы, шыбынның ызыңы боп қалады. Дегенмен, үлкен-үлкен деп басқа шығарып қоймай, қыбын тауып, бәйбішені де аяғын тарта сөйлеуге үйреткен жөн. Құдайға шүкір, Ұлы Әмірші алтын басымен кіріп-шығып жүрген құттыхананы шауып ала қоймас...


Кемпірдің әңгімесі қайтадан аруақтанып барады. Енді жұқа танауы дірілдеп, көтеріле сөйледі. Орақ мұрнының астында ерсі қарауытып жатқан сұйқылт түктері тікірейіп-тікірейіп кеткен... Қызметшісінің аяқ астынан арқаланып бара жатқанын байқап, ханым оның жүзіне таңырқай қарап еді, кемпір қапелімде артықтау әңгіме айтып қойдым ба дегендей, оқыс тыйыла қалды да, әлдебір ұмыт шаруасы есіне түскенсіп, орнынан асығыс көтеріле бастады.


Қызметшінің әлгі әңгімесі, аяқ астынан жүрегін тызылдата бастаған оқыс бір сезім ханымның көп күннен бері көкірегін тымырсық боп жайлап алған түсініксіз қапырықты төтен соққан өкпек желдей сейілтіп жіберді. Өне бойын жайлап алған мең-зең зіл ыдырап кеткендей ханым өзін қунақ сезінді. Бәйбіше сарайының әңгімесі пәлен күннен бері оның қол-аяғын матап алған енжарлықтың қыл арқанын күрт-күрт үзіп жатқандай. Тұтқиылға тіреліп дағдарып тұрған ой-сезімнің де қарсы алдынан қасқа жол ашылғандай... Енді әлгі кемпір айтып кеткен әңгіменің егжей-тегжейін қайтадан бір бажайлап ойлап көруге бел буды. Көзге көрінбей бір қиянда жатып ап, мұның әлі ызғар шалып көрмеген балғын жүрегіне мыстан тырнағын аямай батырып, осып алған бәйбішенің озбыр шеңгелі оның бойына бір қайрат бітіргендей болды. Жас ханым қақырайып сарайда отырғанымен, өзінің айбарсыз, дәрменсіз екенін, азулы бәйбіше бала көріп басына бастағанын байқады. Ащы тырнақтың есесін ащы тырнақ қайтаратынына жас та болса, әйелдерге айрықша тән бір түп көрегендікпен түйсігіп отыр. Оның балғын жүзіне бір суық нұр жүгірді. Бұрын мойылдай боп мүләйім мөлдіреп тұратын көзіне қылыштың жүзінен ғана байқалатын сұп-суық қатыгез ұшқын орнапты. Жүріс-тұрысы да шып-ширақ. Ханымдарының бойындағы мына өзгерісті нөкерінің қырағы көзі бірден байқап қалды. Бұрынғыдай жабыса-жармаса кетуге бір түрлі қаймыққанмен, ішінен риза боп, қайтадан мәз-мейрам күйге түсті. Ханым кешке құлқы болмай, көріп тұрып, көзге ілмей кеткен асыл мата, қымбат тері, қызылды-жасылды жиһазды сарайына алдырып, қайтадан қарап шықты. Күтуші кемпірге көңілі ауғандарын көрсетіп, не киіп, не тіктіретінін айтып әмір бере бастады. Ханшаның байыбына бара алмаған жерінде күтуші кемпір ретін тауып, ақыл қосып қояды. Ханым ондайда бұрынғыдай аузын ашып таңырқап қалмайды, «е, осы дұрыс екен» деп елп ете де түспеді, қызметшісінің сөзін үн-түнсіз тыңдап, келісім бермес бұрын біраз ойланып алады.


Қақсал кемпір ханымның билік дәмін түсіне бастағанын аңғарып, ішінен қыбы қанып, бұрынғы-бұрынғы ма, енді ауыр денесін асықтай үйіріп, шұнаңдап кетті. Ханымның қазынасында не бар, не жоғын тексеріп, не керек екенін, оның қай өлке, қандай уалаяттан табылатынын айтып, құлағына құйып бақты. Ханым өзіне керекті заттарды айтып бас уәзірге күтушісін жұмсады. Бас уәзір күтуші кемпірді қомсынса керек, мардымды ештеңе айта қоймапты. Қызметшісінің айтып келген хабарын естігенде, ханым сарайға қайтадан кісі жұмсап, уәзірді өзіне шақырды. Өз жауабына ханымның шамданып қалғанын іші сезіп келген кәрі уәзір есіктен құлдық ұрып аттап, кіре сала тапсырмасының бәрі де орындалатын болғанын, бұл сұраған қымбат тері, асыл мата, иіс май мен әтірлерді жіберуге тиісті уалаяттарға хат жазылғанын, арнайы адамдар жіберілетінін баяндады. Әміршінің өзі сыйлайтын бас уәзірдің Кіші ханымның аяғына кеп бас игенін көргенде, күтуші бас ұлықты өз аяғына жыққаннан бетер айызы қанып тұрды. Кіші ханым шаһардағы ең атақты шеберлерді шақырып, киім тіктіріп жатыр дегенді естігенде бәйбіше сарайындағылар тұлынын тұтып қалыпты.


Ханым өзі ойлап тапқан жаңа шаруаның соңына құнығып кірісті. Кіші ханымға тігіліп жатқан киімдер мен уалаят-уалаяттардан жиылған асыл дүниелер жайындағы алып қашпа әңгімелердің алды жорықта Әміршімен бірге жүрген Ұлы ханымның да құлағына тиіпті. Ұлы ханымның аузынан шығыпты-мыс деген лақаптар бәйбіше сарайынан Кіші ханымның өзіне де жетіп жатты. Ұлы ханымның шамына тигенін естіген соң, жас ханым бұрынғыдан бетер масаттанды, жүрегіне күндесінің бейпіл сөзінен түскен жарақат жазыла бастады. Қайтқан өштің сиқыр ләззаты жанына майдай жағып барады, бәйбіше сарайындағылардың ішін күйдіретін, айла амалдың бірінен соң бірін ойлап табады. Бұрынғыдай емес, сейілді, серуенді көбейтті. Әсіресе күн қыза нөкер қыздарымен бірге хауызға шомылғанға, кек айдында алма лақтырысып ойнағанға құмар. Күнде ертемен қызметшілері ағаш басынан алма үзіп, хауыздың қасындағы жеңіл шатырдың астына тау-тау қып үйіп қояды. Күн қыза жаңа піскен алманың жұпар иісі аңқыған тұста ханым нөкерімен шомылуға шығады.


Қызыл алмалар қалқып жүрген мөлдір айдында жастықтың, алаңсыз бақыттың буына алмадан бетер балбырап піскен балғын тәндер өне бойларын шепітіп сүйген сұғанақ толқындардан әлдеқандай жұмбақ ләззат тауып, рақаттанып қалады. Әдеттегі тәкаппар сырбаздығынан, асқақ мәртебесінен, асыл мен қымбатты аямай төгіп баққан шұбалған киімінен бір уақыт ада боп, ойнақтап шыққан балауса тән әлгіндей емін-еркін бостандыққа қапелімде құмары қана қоймайтын болса керек, ханым хауыз басына ұзақ айналады. Судан шыққан соң хауыз қасындағы жеңіл шатырдың астына жатып ап, қызметшілеріне үстін сылатады; онсыз да жұпар шашып тұрған ханым бағының ішінде, дүниенің түкпір-түкпірінен алдырған хош иіс майлар мен әтір иісі аңқып қоя береді. Ханым жас қыздардың сүйрік саусағына қытығы келеді де, сылаушыға қызметші әйелдердің қолының қаруы барларын ғана таңдап алады. Ханымның жасындағы әйелдің тәні не тілейтінін жақсы білетін сақа келіншектер одан қолдарының қуатын аямайды, ұзақ сылайды. Ханым ондайда жылтылынан айрылып, лайытып бара жатқан жанарын ұзын кірпіктердің астына жасырып, еткінші рақаттың ләззатына елітіп жатады да қояды. Сөйтіп жатып, кейде қиялға шомады. Ондайда мынау өзі жүрген бақ хиссалардағы пейішке ұқсап кетеді; қасындағы нөкерінің пейіш бағындағы хор қыздарынан несі кем? Бұдан артық рақат қайдан табылмақ? Осындай жұмсақ өз қолында, осындай рақат өз төрінде тұрғанда, Әміршінің қайдағы бір ит арқасы қиянға айлап-жылдап жорыққа кететіні ара-тұра оған миға сыймайтын, түкке қажеті жоқ, құр әншейін ессіздіктей көрінеді. Бірақ сол-ақ екен, Ұлы Әміршінің ойына келген шаруаны мансұқтау пенде біткенге кешірілмейтін күпіршілік екені есіне түсіп, тізгін үзіп бара жатқан тентірек ойын тежеп ала қояды. Ондайда ауызға енді іліге берген жемінен жұрт айырып жіберген шабытты тазыдай солығы басылмаған ойы Әміршіні тастай беріп, бірауық бәйбішенің соңына түсіп береді. Жорықтағы Әміршінің соңынан қалмай соған не азап екен...


...Әлгіндей ой келгенде жон арқасына ойнақ салған саусақтардың қимылынан да өткен, әлеңкедей жаланып тұрған әлдебір әзәзіл нәпсіні демде тояттатып кететін тосын рақатқа кенеледі. Құдды төбесінде, сонау шырқау аспанда шілде күні емес, көзі қанталап күндесінің өзі қарап отырғандай көрініп кетеді. Өзінде жоқ дәулетті көріп алсын, іші күйсе түз жаласын дегендей, шалқасына аунап түсіп, сылаушыларға омырауын тосады. Кәрі күндесінде мұнда бар мынандай көрік, мынандай балғын тән жоқ. Ендеше, ол мұның жастығын күндейді. Алтын басты Әміршіні қойнынан жұлып әкеткен сиқыршы күшті күндейді. Өзінің баламен бала боп, ошақ басында қалғанына күйінеді. Соның есесін күйеуінің соңынан қалмай, жарбаңдап, жағынып қайтармақ. Жағынғанда не бітіреді? Шұлғау жуып беруден басқа қолынан ештеңе келмейтін кәрі әйел Әміршінің көңілін немен тындырады... Жоқ, Әмірші енді оған бәрібір жоқ... Ол бәйбіше үйіне күңсіп көп ұрпағым отырған ошақ қой деп, күлін сағынып бармаса, неменеге ынтық боп барады. Ал бұның сарайына алыс жорықтар мен арпалыс соғыстардың тауқыметінен соң, денім жайылатын, көңілім масаттанатын жұмағым, алтын бақты пейішім деп келеді... Рас... тап солай... тап солай... оған енді шүбәсі жоқ... Бірақ Әмірші алтын тәжді басымен бала жігіт құсап, күні-түні бұның қасынан шықпай қайдан отырсын. Дүниенің төрт бұрышы тықыршып хабарын тосқан атақты билеуші қарауындағыларға қатарынан екі-үш жыл тыныштық берсе, өңшең шуылдақ хан бұрынғы қаһарынан айрылған екен, қатынжанды боп төсек күзетіп отырып қалған екен деп масайрамай ма... Соны ойлағанда әлдекім жүрегінің басына ине сұғып алғандай болады. Жоқ, ол асыл текті ханзада басымен Әміршіні сасық ауыз қара тобырдың әлгіндей табасына жем қылып қоя алмайды. Жаңа ғана Әміршінің алыс жорыққа шығатыны мән-мағынасы жоқ құр әншейін азап сияқты көрінген ойының күпірлік екеніне көзі енді шындап жеткендей болды. Жоқ, ол Әміршісін жорық түгілі бейбіт кезде, Байтақ шаһарға оралған соң да, нақсүйері екенмін деп, қасынан шығармай, ұстап отыра алмайды. Өйткені мұндағы жұрттың да жатса-тұрса аңдитыны — алтын басты билеуші. Оның әр жүрісі, ең азы иегінің әр ишарасы — дүйім елдің көз алдында. Ендеше, Әміршінің бала сүйдірген бастас қосағым ғой деп анда-санда бәйбішенің ордасына барып тұруы да орынды. Келін бар, кепшік бар, әке тағына әлеңкедей жаланып жүрген ұлдары бар, соларға қыр қылып, бәйбішесімен сырласқан боп барады. Алыс жорыққа да сол үшін ала кетеді. Бәйбішемен оқтын-оқтын ақылдасқан да болады. Бірақ онысы көлденең көзге перде ғып тұтқан құр мезірет қана. Әйтпесе қызымен құрдас мұның әр адымын санап, тұлынын тұтып отыратын сол немеден қайбір ақыл шығып жарытады дейсің. Кіп-кішкентай қуыс көкірекке күндестік пен кейуаналық бірдей сияр ма? Дегенмен ол екеуі оңаша сөйлескенде бір-біріне не айтады екен? Ханым ойынан мүдіріп, қаңтарылып қалады. Өне бойын балбыратып бара жатқан жаңағы рақат, жаңағы ләззат аяқ астынан сарқылып қалғандай, қапелімде, көзін ашып, басын жастықтан жұлып алғысы келсе де, сылаушыларға сыр алдырып алармын деп, көзін тарс жұмған күйі сұлық жатып, үзілген ойының ұшығын іздейді. Қанша дегенмен, екі егде кісі әңгімелескеннен басқа не бітіреді дейсің? Бәйбіше Әміршіні көргенде бұл құсап көмейіндегі сездің бәрі быт-шыт шашырап абдырап қалмайтын шығар.


Анада жорыққа аттанарда Әміршіге жалғыз қалған кездегі басына түсетін сартап сағыныш пен зіл батпан мұңды наз қылып айтып көрейін деп еді — айта алмады. Ертесіне қоштасарда қанша дегенмен ханыммын ғой деп, өзіне деген қимас сезімін білдіріп құшқысы келіп еді — батылы бармады. Өз бөлмесінен шығып бара жатқан Әміршінің артынан қарап, табалдырықтың алдында қалшиып ұзақ тұрды да қалды. Ту сыртынан телміре қарап тұрған мұны сезді ме, Әмірші орта жолға кілт кідіріп, артына бұрылып қарады, бұған қайтып оралғысы келген кісіше, не әлдене дегісі келгендей, ұмсына берді де, кенет қапталына көзі түсіп, қайтадан жөніне кете барды. Ханым Әміршінің көзі түскен жаққа қарап еді — басын иіп, құлдық ұрып, қаз қатар тізіліп тұрған азбан құлдарды көрді. Өзінің табалдырықтың алдында сілейіп тұрған мына тұрысының ерсі екені сонда барып есіне түсіп, есікті жауып алды. Бірақ Әміршінің кетіп бара жатып, кілт тоқтап, бұрылып қарағанынан өзіне деген өзгеше ықылас танығандай боп, жүрегі орнына түсейін деді. Қатал Әміршінің суық жанарының түбінен тек өзінің ғана көзі шалып қалатын жұмсақ нұрдан да бұл қимастық сезінетін тәрізді. Адам жүрегінің ең бір тұңғиығынан шымырлап шығатын сол бір қимастықтың, ыстық іңкәрдің емін тапса махаббат қана табатын шығар. Сонда Әміршінің бұны сүйетіні ғой... Ханымның көкірегінде әдемі қуыршақ көрген бала қыздың балапан жүрегіндей әлдене ойнақшып шыға келді. Ханым екі бетіне ду етіп екі шоқ тиіп кеткенін аңғарды. Әлгіндей аңтарылмай, маужыраған рақаттың саумал көліне қайта сүңгіп, үзілген ойын қайта жалғастырды. Ал әлгі қимастықтың, бір-біріне деген өліп-өшкен ыстық іңкәрдің сарқылған шағында екі адам арасындағы бұрынғы махаббат жайлаған салқар көңілді нендей сезім иемденеді екен, әлде ел көшкен жұрттай боп біржола құлазып қала береді ме екен? Ақылы «иә солай» деп, осы бір тұспалды қаншама жөн көргенмен, сананың әлдебір терең қатпарына бұғып жатып алған ұры күмән қайта-қайта басын көтеріп, қаңғыма көңіліне байыз таптырмай тағы бір қиырға дедектетіп сүйрелей жөнелді. Егер екі егде адамның арасында бұрынғы сезімнен ешқандай жұрнақ қалмайтын болса, бұрынғы қосақтардың өле-өлгенше бір-бірінен жұп жазбайтындары несі? Әлде өлімнің алдындағы, бейшара кәріліктің алдында жалғыз қалғысы келмеген қорқыныштан ба екен? Ендеше, ондай үрейден бір ошақтың басынан өзгеге билігі жүрмейтін жай жұмыр басты пенделер қорықса қорқар. Бірақ шартарапты аузына қаратқан, өле-өлгенше қасынан кетпейтін жары, отан, өз әулеті, қарақұрым қолы мен қалың халқы бар Әмірші қорқар ма? Жоқ, ол бәйбішеге басқа бір сезіммен баратын болды. Ол сезімнің аты не? Иә, егде адамдардың көкірегінде, ең болмаса кешегі күйіп-жанған алау махаббаттың орнында ып-ыстық қоламтасы-сыйластық қалмайды дейсің бе? Сол ыстық қоза біржола сөніп біткенше, адам пақыр да өліп бітетін шығар. Манадан бері түбіне жете алмай қойған сауалдың жауабын оңай тапқанына әуелі елп етіп қуанды. Артынша-ақ әлгінде ғана лақтай ойнап шыға келген көкірегі мұздап қоя берді. Сонда Әмірші мен Ұлы ханымның арасында әлі де ыстық табы суып үлгермеген сыйластық жатқан болды ғой. Әлдебір оқыс шаншу көкірек тұсын бүріп алғандай болды. Әлгінде ғана қызметшілердің асыр салған саусақтарынан балбырап елітіп жатқан балғын денесі аяқ астынан солып, семіп бара жатқандай көрінді. Қазір тұрып кетпесе, жан-жақтан жабыла жұлмалап жатқан көп шеңгел оны жұлым-жұлым қып біржола түтіп тастардай. Ол орнынан асығыс көтерілді. Мап-майса жібек көйлек тұла бойын тікен боп шағып, етіне ерсі суық тиді. Күтушілер шашын өріп болғанша зорға шыдады. Әлгінде ғана рақаттанып, жаны жай тапқан жерден әзірейіл көргендей кетуге асықты. Ол қайтадан тұнжырап қалды. Өзінің жалғыз екенін, байлы, балалы, әлденеше орданы өз бауырынан таратып отырған бәйбішенің қасында қарасыз, қауқарсыз екенін алғаш түсініп, қатты налыды, ішіне шоқ түсіп кеткендей, өне бойын өрт жалап барады. Ол не де болса, сол бір өрт тезірек жанып бітсе екен, мұны түп-түгел күлге айналдырып, мына дауа таптырмас қасіреттен біржолата құтқарса екен деп тіледі. Сол қалпында енді бір сәтке шыдаса, көп ұзамай әлгі тілегі де орындалатындай боп көрінді. Ол енді ештеңені ойлағысы келмеді. Шекесін шыңылдатып, бұл көңіл қойып, құлақ аспағасын, ызыңдай-ызыңдай шыбынға айналған көп ой көзінің алдында қара құрым боп шырқ үйіріліп ұшып жүрген секілді. Бұл сол бір ызыңдаған көп шыбынды, тиіп кеткен жерін тістей алатын жиіркенішті жәндіктерді көргісі келмей, денесі түршігіп, көзін тарс жұмып алды. Енді әлгі ызыңдап ұшып жүрген көп мақұлқат одан гөрі де ұсақтай-ұсақтай қара құрым масаға айналып бара жатты. Бұл олардан бұрынғыдан бетер шіміркеніп, безгек тигендей қалтырай бастады. Кенет әлдебір жеріндегі күре жүйкесі күрт үзіліп кеткендей, бүкіл денесі қалш-қалш етіп қоя берді. Онысынан өзі шошып кетті. Тарс жұмық кірпіктері бір-бірінен кілт ажырап, көңіліне: «Осы мен ауырып қалғаннан саумын ба?!» — деген ой сап ете түсті. Жалма-жан отырған жерінен ұшып тұрып, төр алдындағы айнаға беттеді. Айна алдына келіп еді, өзінің әлгіндегі көңіл күйіне өзі қайран қалды. Күлге айналып бара жатқан ештеңесі жоқ, бұрынғы қалпы. Асығыс өрілген қолаң шашы жол-жөнекей босап, қобыраңқырап кетіпті. Қайта онысы өзіне бір түрлі сән қосқандай. Қызметшілері жаңа ғана иіс маймен сылаған мойны, омырауы, екі беті жылтырап тұр. Қорқыныш пен уайым алма-кезек арбасқаннан ба, сол жып-жылтыр екі бетінің ұшы алмадай албырап тұр да, жазық маңдайы бір түрлі көгіс сұрланып апты. Ұшы тым сүйірленіп кетпей, жұқа нәзік танауын жасырар-жасырмас боп жұмырланып біткен әдемі қыр мұрны мынау иіс майды аямай жаққан жылмағай беттегі орынсыз жылтырақты жақтырмағандай, бір түрлі бұйығы қалып танытады. Сол бұйығы мұңды айқындай түскісі келгендей сүрмелі қастың астынан жасаураған екі көз мүләйім мөлдірейді. Ханым айнадағы жәудірей қарап тұрған мүсәпір бала қыз өзі екендігіне сенгісі келмей, тесіле қарады. Мына түрімен жарық жалғанда қорықпай қайтып тірлік құрып жүр. Оны көрген адам өліп-тіріліп сүймейтін де, құрметтемейтін де, табынып таңғалмайтын да шығар, тек «байғұс балақан-ай» деп мүсіркейтін ғана болар. Ұлы әміршінің көзінен бұл керіп жүрген ұшқын да өзі ойлап жүргендей өртеніп бара жатқан махаббаттың емес, жай әншейін аяныштың нышаны шығар. Арыстандай ақырған асау бәйбіше мынандай мүскін немені табанына салып таптап кетпегеніне шүкір. Мынандай бейшара балапанға жарық әлемді қалтыратқан қаһарлы ханның қылыш сілтесең де селт ептейтін қайсар жүрегі қайдан өліп-өше қойсын! Бұл оған сүйікті жары тұғырдан қалғанда төсек жылытуға алған жай әншейін жас иіс қана. Бұл бейбақ үлкен кісінің өзіне деген бір сәткі мейірімін махаббатқа жорып жүріпті ғой. Жоқ, жоқ, сен енді ханның бір сарайы мен санаулы түндерін иемденген жас иіс ұрғашы күніңе қанағат қыл, тіліңді тобаға келтір... Бәйбішемен бәсекелесу сенің не теңің? Жаһанды қалтыратқан Ұлы әміршінің жүрегіндегі қимастықты да, махаббатты да сол иемденген. Оның жолына тұрам деп босқа арамтер болма. Дәл мынандай мүсәпір кейпіңмен бәйбіше құсап күллі дүниенің күңкілін құлағына ілмейтін Ұлы әміршінің назарын тоқтатар салиқалы ақылды қайдан табасың, салауатты сұхбатты қайтып құрасың? Алыс жорығына бірге ала кетіп, қиын кезде шақырып кеңес сұрайтындай кейуаналықты құдай сенің қай жеріңе қисын?! Ханым мына бір аяқ астынан қайдағы-жайдағы ойына оралып, көңілін біржолата меңдеп алып бара жатқан күздің сылбыр жауынындай салыңқы сезімге қарсы тұрар қайран таба алмай өз-өзінен мүжіліп жүре берді. Ту сыртына әлдекімнің демі тигендей болды. Жалаңаш отырғанда үстіне бөгде біреу кіріп келгендей, жалт бұрылып еді. Күрең қобдиша құшақтаған күтуші кемпір тұр екен. Мұның шарасынан шығып кеткен қос жанарын көргенде, шырқ айнала әжім мен түбіт қылтанақ көмген екі езуін ыржитып, күліп жібергендей болды.


— Мынаны жаңа бас уәзір әкеп беріпті. Жорықта жүрген Әміршінің сізге арнайы жіберген сәлемдемесі көрінеді, — деп, қолындағы қобдишаны бұның алдынан көлденеңдете берді. Өне бойын жидітіп ала жөнелген әлгі бір дел-сал халден әлі арылып бола қоймаған ханша кемпірдің сөзіне не жауап қатарын, не істеп, не қоятынын білмей абдырап қалды. Кемпір қобдишаны ханымның төсегінің үстіне апарып қойды. Ханымды солай қарай сүйреледі. Ханым кемпірдің жетегінде енді-енді тәй-тәй тұрған жас сәбидей тәлтіректеп еріп келеді. Кемпір қобдишаны өзі ашуға батылы бармай, малынған жеңінің ұшынан жылтырап көрінген кішкене кілтті мұп-мұздай қып ханымның қолына ұстата берді. Ханым абдырап қобдишаның алқасы қайда екенін таба алмады. Кемпір амалсыз өзі ашуға мәжбүр болды. Ашты да қобдиға қарарын, ханымға қарарын білмей, алақтап тұрып қалды. Ханым көпке дейін көзі бұлдырап ештеңе көре алмады, Бір уақыттарда барып қобдишаның ішінде ағараңдап жатқан әлденелерді аңғарды. Назарын қайта жиып қарап еді, қобдишаның ішінде саудырап жатқан монтаны меруерт, жанарыңды еркелете сипайтын биязы өң, алуан түсті ақық, ойнақы маржан, көзіңді алмас қылыштай тіліп түсетін өткір, өңі суық яспис, ұяла жылтырайтын ақшыл-сарғыш жақұттар, күздің шайдай ашық аспанындай тап-таза, мұп-мұздай көкпеңбек сапфир, күлім көз зүбаржат, нарт қызыл лағыл, жан-жағындағы езге тастардың өңіне орай құбылатын су тамшысындай мөлтең-мөлтең шамир, бұрын-соңды бұл көрмеген, атын білмейтін бірінен-бірі өткен тағы да талай асыл тастарды көрді. Солардың ең үстінде, осынау әр алуан, түске құбылған кішкене көлшіктің бетінде жүзіп келе жатқандай боп бір тал аппақ гүл жатыр. Ханым әрінен, әдемі хош иісінен әлі арыла қоймаған нәзік аппақ гүлді қолына алып, бауырына басты. Жаңа ғана өне бойын буып тұрған темір арқан өз-өзінен тарқатылып жүре берді, таң атқалы мұңлы жанарына іркіліп тұрған ащы жас көктемнің жылы жаңбырындай боп төгіп берді. Зәбір мен сағыныштан қабына-қабына, кеуде сүйегіне жабысып қалғандай зіл тартқан жүрегі қайтадан ойнақтай жөнелді. Ханым қасында қызметші әйел тұрғанын да, оның алдында бала қыз құсап, көзі бұлаудай боп жылап отырғанының ерсі екенін де елең етпеді; манадан бері сүлдері құрып, сүлікше сорып жатқан әзірейіл үрей бұның көңілінен мысық табандап жылыстай бастады. Хақ тағала, Ұлы әмірші бұны әлгінде ғана билеп алған қапырық қасіретті, сүйек-сүйегін түгел ұнтап бара жатқан тұңғиық мұңды дер кезінде көріпті. Бұның жанын жан-жақтан жапатармағай талап жатқан сағыныш пен жалғыздықтың, күдік пен күмәнның, шамырыққан намыс пен наланың қорқау төбеттерінің ырылы оның да құлағына жетіпті. Жер түбінен ат шаптырып, адам жұмсап сый жіберіпті.


Ханым қолындағы аппақ гүлді шөп-шөп сүйіп алды. Қызметші кемпір ханымның жан-күйін айтқызбай-ақ түсініп тұрса керек, оңаша қалдырып шығып кетті. Ханым төсегіне жантайды. Қобдишадағы асыл тастарды қолына алып көре бастап еді, аппақ омырауының үстіне ақ, сары, көк — әр алуан көп тамшы саудырай төгіліп, дүниедегі тілмен айтып жеткізе алмас ең бір ғажайып көркем тамшылардың жаңбыры селдетіп қоя бергендей болды. Ханымның көкірегіндегі әлгі бір қапырық қасірет жаңбырдан соңғы аспандай әбден ашылыпты. Енді оның орнын көл дария боп шалқып қоя берген бір жұмбақ нұрлы сезім билеп алғандай. Ол алыс жолдағы жарына жүрегінің ең тереңінен ағыл-тегіл ақтарылып жатқан алғысын айтар еді — ол бәрібір естімейді. Ибаны, именшектікті бәрін лақтырып тастап, мынау лапылдаған жас тәнін, жаңбыр сағынып, кенезесі кеуіп жатқан аптап алқаптай аппақ төсін айқара ашып, бауырына қысар еді, мынау абажадай кең сарайда оның жайылған құшағына түссіз ауа, тұлдыр кеңістіктен басқа ештеңе бәрібір ілікпейді. Ұлы Әміршіге деген риясыз көңілін хатпен айтса ерсі, кісіден айтып жіберуге болмайды. Ол патшазадаға, асыл жарына, өз жүрегін, өз тәнін шымырлатып шыққан ықыласы мен шексіз махаббатын қалай білдіре алады? Ол жорықтан оралып, мына бөлмеге аттанғанша қашан? Құмарынан шыққанша құшып, қордаланып алған көл-көсір сезімді ақтара салар арманды күннің қай кезде туатынын кім біледі? Оған дейін ұлы патшаға деген ыстық ықыласы мен риясыз алғысын қайда жұмсайды? Мынау қайтадан қанын кептіре бастаған махаббат шөлін немен қандырады? Оның жолына құрбандыққа шалынуға әзір ниетін Әміршінің өзіне, анау қызғаншақ бәйбішеге, сарайдағы сыпсыңдасқан көп қызметшіге, шаһарға, мынау жарық жалғанның түгел бәріне қалай жариялай алады... Осы қазір, ең болмаса, ертең ел-жұрт соны естімесе, мұнша шалқар мұхит қуаныштан жүрегі жарылып кетердей. Әмірші ие жорықтан оралғанша сарылып өтіп болмайтын сағыныш күндері мен ыстық іңкәрдің шоғына шарпылған тауқымет түндерін қалай өткізе алады? Өне бойын кеулеп алып бара жатқан мынау сезімге нені басу қылады? Бұған дейінгі бәйбішені қайтсем шамдандырам деп жүрген күйкі қаракеті мынандай алапат сезімге кенеу бола ма? Қазір-ақ жолға шығып, жорықтағы жарының соңынан барар еді. Өйтсе, Әміршінің шамына тиеді, әрі мынау сасық ауыз көп шуылдақтың өсегіне ілінеді. Ханым төсегінің үстінде шашылып жатқан асыл тастарды жинамаған күйі бір шетіне қисая кетіп, қиялға шомды. Ұлы әміршінің мынандай риясыз ықыласының есесін немен қайтармақшы? Ертең алыс жорықта қалжырап оралған оны немен қуанта алады. Шіркін, падишамен қосылғалы бері жар аңызығын қызықтап та құмарынан шыға алмады. Әмірші жорыққа аттанбай тұрып құрсақ көтеріп қалса ғой, қазір мынау жіберген сыйлығының қарымтасын жақсылық хабармен қайтарар еді. Екі қабат әйелдің құрсағындағы жас нәрестенің әр қыбырын аңдып тықыршыған күндері, мынау айналасын түгел аңылжытқан сар тап сағынышты да байқатпас еді. Оның әр қимылын хатқа салып, Әміршімен үзбей хабарласып тұратын сылтау да табылар еді. Ертең ол келгенше аман-есен босанып, алдынан тал бесіктегі кішкене ханзаданы көтеріп шықса, күйеуінің көңілін біржолата бір өзі иемденер еді, балаларын алға тарта беретін бәйбішенің де аузына құм құйылар еді. Бірақ қолында дәл қазір ондай қайранның жоғы есіне түсіп, тағы да аңтарылып қалды. Ол Ұлы Әміршінің өзіне деген қимас көңілінің есесін риясыз махаббатымен ғана қайтара алады. Одан басқа еш қайраны жоқ. Ендеше, бұл өзінің шексіз махаббатына бір ғана хан ие емес, көрген жұрттың бәрінің де көзін жеткізетіндей ескерткіш ойлап табуы керек. Ертең хан ие жорықтан оралғанда, елден бұрын махаббатын, сана менен сағынышын, ыстық ықыласын көретін болсын. Ол мынау асыл тастарды бәйбіше құсап, бауырына басып өзі иемденбейді, бәрін де ертең ұлы падишаның көзін елдің алдымен сүйсінетін әлгіндей әсем ескерткішке, махаббат мұнарасын салдыруға жұмсайды. Ол мынау Байтақ шаһардағы барлық мұнараның бәрінен де бой асырып тұруы керек. Көрген жан мұның Ұлы Әміршіге деген шынайы махаббаты мен асқан ақылына қайран қалатын болсын. Ол сол күні ың-шыңсыз рақаттанып ұйықтайды. Ертеңіне тұра сала бас уәзірге хабаршы жіберді. Бұл өз ойын айта бастағанда, бас уәзір тостаған көзін бақырайтып, қадалып қатты да қалды; ханымның ойына таңғалғаны да, сүйсінгені де белгісіз; ат жақты бетінде қимыл-қыбыр жоқ; сұп-сұр. Ханым айтарын айтып болғанда барып, саусақтары сабаудай-сабаудай екі қолын кеудесіне қусырып тағзым етті.


«Құп болады, мәртебелі ханым!»


Арада екі апта өтер-өтпестен бас шебер кеп, мұнараны Ұлы Әміршінің Ұлы бәйбішесіне салғызған мешітті салуға қатысқан шеберлердің бірі салатын болғанын айтты. Енді ханымға ермек табылды. Күн сайын бас уәзірге қызметшісін жұмсап мұнараның жайы қалай болып жатқанынан хабар алып отырады. Мұнараның өз сарайының маңынан салынатын болғанына қатты қуанды. Бір күні таңертең ұйқыдан тұрып жатып әлдебір қызыл қожалақ нәрсенің бақтағы ағаштардан төбесін асырып, терезесінен төніп тұрғанын көзі шалды. Көрпесін серпіп тастап, терезе алдына келді. Өзі салдырып жатқан мұнара сол екені есіне енді түсті. Мұнараның ұшар басында сыртынан қарағанда құмырсқадан да әулетсіз әлдененің қыбыр-қыбыр қимылдағаны байқалады. Әмір бергеніне жылға жуық уақыт болып қалған-ды. Енді, міне, мұнара сарай қорғанынан да, ондағы биік-биік ағаштардан да бойын асырыпты. Содан былай сол бір сорайған қызыл қоңыр нәрсе терезесінен төнді де тұрды. Ол күн сайын терезе алдына келіп, мұнараның кешегіден қанша биіктегенін өлшейді. Бірақ мұнара оншалықты өсіп жарымайтын сияқты. Өз қиялының шындыққа айналып, Байтақ шаһарда жаңа бір мұнараның асқақтап аспанға бой көтеріп қалғанын көріп, алып ұшқан көңіліне ойда жоқтан тағы да қобалжу кірді. Мұнара басындағы құмырсқа ертеден қара кешке дейін қылтияды да тұрады; оның жыбыр-жыбыр қимылының өніп жатқаны шамалы; мына қалпымен мұнара шамалыда біте қоймастай, оның көкпен бой таластырып, көзді тартып тұрғанын бұл көзі тірісінде көре алмастай. Сонау тым сойқан елестейтін сиықсыз тас діңгек айнадай жалтырап жатқан көк шәйі аспанға абайсыз тиіп кеткен лас дақтай боп мәңгі бақи осылай, көзге шыққан сүйелдей боп, қадалып тұрып алатындай. Ханым мұнараға өзі барғысы, көк қойнына бір шығып алып, сол арада қадалып тұрып қалған қаныпезер шебермен көзбе-көз жолығып, мұнараны тезірек бітіре гөр деп жалынғысы кеп кетті. Бірақ, оның реті қалай болатынын біле алмай көп сандалды. Күтуші кемпірмен ақылдасып көріп еді, әншейінде бұның ә дегенін екі еткізбей алып ұшып тұратын неме әлденеге кібіртіктей береді. «Әуелі қызметшілерді жіберіп, құрылыстың қалай жүріп жатқанынан анық-қанық хабар біліп алсақ қайтеді»,— деп қипақтайды. Астыртын жіберген қызметшілері де: «Құрылыс жақсы жүріп жатыр, күніне пәлен жүз тас қаланды, мұнара қазірдің өзінде Байтақ шаһардағы биік-биік деген мұнаралардың біразынан бой асырды, мынандай зәулім мұнараның басына тас жеткізудің өзі бір күш; мұндай кекпен таласқан мұнараның бұдан шапшаң біте қоюы мүмкін емес», — деп келеді. Бірақ соның бәрі ханымға бұның көңілін жұбатайын дегендердің әншейін ойдан қиыстырған мүләйім әңгімесіндей көрінеді. Не де болса, мұнараны өзі барып кермей, көңілі көншір емес. Күтуші кемпірдің бұдан арғы қипаңдағанына құлақ аспай, салынып жатқан мұнараны өзі барып көретінін айтып, бас уәзірге адам жіберуге әмір етті.Уәделі күні уәзір мен бас шеберді, бір топ қызметшісін ертіп, өзі салдырып жатқан мұнараны көруге аттанды. Қызылды-жасылды күймелі керуен сарай қақпасынан шыға бере-ақ, күнде бақтың тасасынан қылтиып қана көрінетін қызыл қоңыр мұнара ханымның көзіне оттай басылып аспандап шыға келді. Бұлар жақындай түскен сайын асқақ мұнара көкке өрмелей түскендей тым биіктеп барады. Түбіне келіп, күймеден түскенде қызыл-қоңыр қыш тастан қаланған тас бәйтерек ханымның таң-тамаша жанарынан жарық дүниені бір өзі қалқалап, шалқалап жатып алды. Ханымның тұла бойын бір діріл билеп, қол-аяғы жеңілейіп сала берді. Екі қолтығынан демеген қызметшілері болмаса, мына қазір мамықтай қалықтап зәулім мұнараның ту-ту ұшар басына бір-ақ шыға келердей. Мұнараға қарай апыл-құпыл асыға адымдайды. Бұл келеді деп айнадай жалтыратып тазалап қойған мұнараның айналасында құрақтай иіліп көп адам тізілісе қалыпты. Құлдар, қызметшілер, сарай адамдары. Бірақ бұның оларға көз салып жатуға мұршасы болмады. Бас шебер мен күтуші кемпір бастаған бес-алты қызметшінің алдына түсіп, мұнараның ішіне енді. Тас баспалдақпен жоғары өрмелей жөнелді. Біраздан соң өкпесі өшейін деді. Соңында келе жатқан қызметші қыздың алқына шыққан тынысы құлағын жарып барады. Мұнара ішіндегі тас түнек қараңғы қойыла түсті, қызметші қыздың қолындағы жалпылдақ шырақ болмаса, аяқ алып жүре алмастай. Құрылысшылардың тас тасығанда аяқ астын көрмекке жаққан шырақтарының түтінімен екі жақ қабырға қара күйеленіп қалыпты. Ханым малынған көйлегінің екі етегін қымқыра көтеріп ап, өрмелеп келеді. Біраз жүрген соң мұнараның ішіндегі қара күйедей қою түнек бірте-бірте сейілейін деді. Ақырында, шаңқай түстегі шілде аспаны жарқ ете қалды. Ханым мұнараның басына шықты. Соңындағы қолына шырақ ұстаған қызметші жаңғыз кісі зорға сиятын қылдырықтай мұнараның ішінде, төменде қалды. Қою қараңғыдан оқыс жарыққа шыққаннан ба, әлде мұнараның зәулім биіктігінен бе ханымның басы айналып кеткендей болды. Біраздан кейін бойын билеп, жан-жағына көз салып еді, Байтақ шаһар тым төменде быт-шыт шашырап жатыр. Жерде жүргенде аспандап көрінетін асқақ мұнаралар, мешіттер, әсем сарайлар мына жерде баланың ойыншығындай тым құрдым көрінеді.


Ханымның жүрегіне қайтадан қуаныш жүгірді. Ол бекер қобалжып жүр екен. Мына мұнара шынында да тамаша. Байтақ шаһардың аспанын қазірдің өзінде бір өзі иемденіп алыпты. Ханым жан-жағын қармай шолып жүрген ашқарақ жанарын бір сәт ез төңірегіне тоқтатып еді, мұнара жиегіне сүйеніп тұрған шеберді көрді. Өне бойы балшық-балшық. Сонысынан қаймығады ма, қорыққан баладай тұрған жерінде қатыпты да қалыпты. Ләм-мим үн де жоқ. Тырп етіп қозғалған да жоқ. Осындай зәулім мұнара қолынан шыққан шебердің қоянның көжегіндей қорғалақтап тұрған мына бір мүсәпір кескінін көріп, аяп кетті ме, әлде қызық көрді ме, ханым жүзіне қалай күлкі жүгіргенін өзі де байқай алмай қалды. Мынау зәулім мұнараның басында екеуінен басқа тірі жан болмаса да, өзінің бұл қылығын орынсыз көріп, ханым әлгі сыпайы күлкісін теп-тез тыйып ала қойды. Одан ары бұл арада тұра беруден бір түрлі ыңғайсыздық сезіп, екі етегін қолымен қымқыра көтеріп қызметшісі күтіп тұрған тас баспалдаққа беттеді. Бұрыла беріп, қайта бір қарап еді, шебердің ерімдей жап-жас жігіт екенін сонда барып байқады. Ат жақты, қыр мұрынды, алақандай-алақандай екі көзі тұңғиық мөлдірейді... Ханым тас қараңғы мұнараның әр баспалдағын санап басып, төменге түсті... Күймеге мініп жатып, мұнараның басына тағы да қарады. Зәулім мұнараның басында бет-аузы анық байқалмай, еміс-еміс бұлдырап тұрған шеберді тағы да көзі шалды. Оның бұдан қысылып-қымтырылып жәудірей қараған жасқаншақ жанары есіне түскенде бір жымиып қойды


Содан кейін мұнараны көп уайымдамайтын болды. Көптен бері ұмытып бара жатқан баяғы күнде-күнде бақта қыдырып, нөкер қыздарымен бірге шомылатын әдетіне қайта оралды. Енді айдында шомылып болып, қызметшілерге денесін сылатқанда да, баяғыдай қайдағы-жайдағыны ойлап басын қатырмай, күннен күнге көкке ермелей түскен зәулім мұнараға қарап жататын болды. Бір күні мұнара басында құмырсқадай қылтиып отыратын шебер әлдеқайда зым-қайым жоғалды да кетті. Бұл қызметшілерін жіберіп, хабар алдырып еді, шебер мұнараның әшекейіне кірісіп жатыр екен деп келді.


Жаз өтіп, күз түсті. Бұл аймақта болып жарымайтын қыстың аз ғана айлары да зырлап өте шықты. Кеше состиып тұратын қып-қызыл мұнара әуелі тор-тор ағаш сауыт жамылды. Біраздан соң бал арадай быжынап көрінетін жиі-жиі ағаш тор көздерінің ар жағынан көгілдір әшекей де қылаң берді. Енді ханым нөкерін ертіп, күн ұзаққа бақты аралап, күннен-күнге өңі өзгеріп келе жатқан мұнараны қызықтайтын болды. Мұнара әуелі кегіс тартты. Көкпеңбек мұнара көк аспанның өзімен астасып кеткендей. Анау тор-тор ағаш кездердің арасында қыбыр-қыбыр қимылдап жүрген құйттай адамдар тас мұнараға емес, аспанның өзіне әлдеқандай өрнек салып жатқандай; аспан мен мұнараның ара-жігін ажыратып алғысыз. Ханым соның өзіне қанша масаттанды десеңізші. Сонау көк аспанның баурына жармасып қыбырлап жүрген кішкене адамдар бұл таңертең төсегінен тұра салып, терезенің алдына келген сайын тосын бір сиқыр ойлап табады.


Көк мұнара күн сайын қырық құбылады. Әуелі күні кеше қожырайып тұратын қып-қызыл тас діңгектің орнына аспанды тіреп тұрғандай жып-жылмағай, жіп-жіңішке көк сырық шыға келіп еді, енді ол бірте-бірте сөзбен айтып жеткізе алмас, тек көз ғана түгел түйсіге алатын сиқыр көрікке ие бопты. Ханым оны өзіне етене таныс бір нәрсеге ұқсататын тәрізді. Бірақ дәл неге ұқсайтынын есіне түсіре алмады. Көп ұзамай мұнараның әлдекімнің аспандата көтерген әсем білегіне келетінін байқады; шебер бұның алыс жорықтағы хан иеге жер түбінен қол бұлғардай тағатсыз сағынышын тап басып, дәл бейнелегеніне қайран қалды.


Көк тіреп тұрған мұнара кейде оған жер төсінің ең бір шипалы сөлі мен нәрінен жаралып, көк бойлап өсіп келе жатқан майса құрақтай көктемнің сылап-сипап есетін майда самалына болар-болмас тербеліп тұрғандай көрінеді. Ханым ондайда сонау көз ұшындағы көк діңгекті бір түрлі аяп кетеді. Бұл өлкенің көктем мен күзде екілене есетін аңызағы мен аспанынан от шашырған шыжғырма шілдесі осы бір нәп-нәзік сүйкімді өсімдікті ертең-ақ солдырып тастайтындай. Мұнара күніне бір мінез шығарады. Бір күні жас майсадай үлбіреп, жас сәбидей мөлдіреп тұрса, ертеңіне-ақ жан-жағына ойнақы нұр таратып, жайнақтап шыға келеді. Бірде терезенің алдынан ет жүрегіңді елжіретіп, үн-түнсіз телміріп тұрып алса, артынша-ақ төбесімен көк тіреп аспандап шыға келеді.


Ханым тас мұнараның көрген жанның көңілін қырық саққа жүгіртіп, қайран қалдыратындай не сиқыры бар екенін қанша қараса да, біле алмай-ақ қойды. Бәрінен бұрын шебердің көрер көзге бітіп тұрған мұнараның ұшар басында әлі күнге күйбеңдеп неге жүріп алғанына түсінбей дал болды. Шебер мұнараның ұшар басының баққа қарайтын жағын қалап бітірмей кетитіп қойыпты. Ханым бұрын сонау тас діңгектің ұшар басындағы қыбыр-қыбыр қимылдап жүретін кісіден түк айылын жимай, хауызға кеп шомылатын еді. Енді зәулім мұнараның ұшар басындағы кішкене кетіктен сығалап тұрған кішкене құмырсқа мұның тұла бойынан ештеңе тастамай түгел көріп алатындай қымсынатын болды.


Күнде-күнде бақ ішіне сейілге шыққан сайын үйреншікті айдынның қасына келіп, көк мұнараға ұзақ қарайды. Тас мұнара мұнымен әлдене деп арбасып тұрғандай. Қасындағылар түсініп қалмасын деп, бұның тек бір өзіне ғана әлдене деп ымдайтындай. Тіпті сол тас мұнара оны бір күн көрмесе сағынып қалатын тәрізді — сарайына кіріп кеткенде, терезенің мөлдір шынысының ар жағында мұңдана мұнартып тұрады да, сейілге шыға келгенде, аяқ астынан жадырап жарқырап қоя береді. Тас мұнара күннен-күнге жақындай түскен секілді. Сарай мен бақты шыр айнала қоршап тастаған тас дуалдың түбіне кеп, одан бері қарғып түсуге батылы жетпей, мұңая қарап тұрғандай. Ханым енді тас мұнараға әлдекімнің бұған түсініксіз тілде жазылған сәлемхатындай ертелі-кеш тесіле қарап, онда жазылған құпия сырдың егжей-тегжейіне жете алмай ежіктеп отырған кісіше ұзақ сарылады. Кейде анау тас мұнара мұның өзі сияқтанып кетеді; оның бойында да көрер көзге құлпырып тұрғанмен, әлдебір қаяулы мұң бар; бұның көңіліндегідей ғұмыры тарамайтын-тарқамайтын, өзге түгілі езіне де түсініксіз, іштей кеміріп жататын бұйығы іңкәр, именшек құштарлық бар; батылсыз жандардың аузынан өмірі шықпай, жәудірей қараған жанарларында жартылай жас боп тұнып жататын тұп-тұнық, тұңғиық наз бар. Жоқ, мынау мұнара бұның өзі емес, әлдекімнің «апырай, ұқпағаның ба» деп жазғыра қараған жанары сияқты. Енді аңғарды-баяғыда мұнара басында көрген шебердің көзінен де тап осындай әрі аянышты, әрі сүйкімді бір жұп-жұмсақ нұр көргендей болып еді ғой. Шебер сол өз жанарында тұнып тұрған тұңғиық сезімді тас мұнараға айнытпай көшіріпті де қойыпты. Сонда мынау ертеден қара кешке терезесінен телміре қарап тұратын сиқырлы жанар не дейді? Бұны не деп жазғырады? Тап бұлай жазғыратындай бұл соншама неден жазып қалып еді! Бұның бетіне тіке қарауға да жігері жетпеген жас жігіттің тап мынандай қазымырлыққа бара қоюы мүмкін бе? Мүмкін емес. Шеберге ез өнерін жарық жалғанның алдында жарқыратып жайып салғаннан асқан бақыт бар дейсің бе? Бұның жазғаны — Байтақ шаһардың төбесінен қарайтындай көркем мұнара салдырғаны ма? Ендеше бітіп тұрған мұнараның ұшар басын көзге шыққан сүйелдей қып кетитіп қойғаны несі?


Ханым тағы да күймесін жектіріп, мұнараны көруге аттанды. Бақ ішінен жәудіреп көрінетін момақан мұнара жақындаған сайын асқақтай түсті. Дәл қасына келгенде, ешкімге көзі түспейтін тәкаппар сұлудай тіпті аспандап кетті. Ханым бұл жолы мұнара басына көтерілген жоқ. Бас шеберден мұнараның неге бітпей жатқанын сұрап еді; «шебердің бір ойы ойлағанындай боп шықпай жүр, соның жолын тапқан күні құрылысты аяқтаймыз», — деп уәде қылды. Ханым сарайға қайтып келе жатып та, күйменің терезесінен көзін алмады; тас мұнара алыстай түскен сайын әлгі бір сылқым тәкаппарлығынан айрылып, қайтадан мөлдіреп қоя берді. Ханым өз бөлмесіне кіріп, терезеге қарап еді — күндегісінше жаудырай қарап тұрған монтаны көк мұнараны көрді. Ханым енді бұның тегін еместігіне біржола ден қойды.


Шебер, әрине, бұның көкейіндегі жорықта жүрген Ұлы әміршіге деген өзінің қаяусыз махаббатын, тұңғиық сағынышын бейнелейтін мұнара тұрғызғысы келген ойын дәл түсінген. Алыстан аяныш шақыратындай қып мұнараны мұңға бөктіріп қойғаны да соның айғағы. Сонау жер түбінен қарағанда ол бәлкім «асыға гөр, тезірек жете гөр» деп жалынып-жалбарынып тұрғандай көрінетін шығар. Ал бірақ жақындаған сайын шалқақтай түсетіні несі? Шебер бұнысымен Әміршінің ашуына тиіп алмас па екен? Қаншама сағынып келген күнде де, өзіне арнап салдырған мұнараның әлгіндей шекелей қараған астамшылығы оған ұнай қояр ма? Оның үстіне бұл сарайдың ішінен қарағанда, ол неге осынша тұнжырап тұрады? Қайта мұннан қарағанда, көк мұнара сағынышын басып, жорықтан оралған Әміршімен аман-есен қауышқан ханымның қуанышты көңіліндей жадырап тұруға тиісті емес пе? Көк тастан тамшылатып жас аққызбағаннан басқаның бәрі қолынан келген шебер мұны неғып аңғармаған? Әрине, шебердің мұнысында бір сыр бар. Шебердің сол бір бұқпантай сырын бұдан бұрын көлденең көз, былайғы жұрт біліп қойса, қайтпекші? Ханым күтуші кемпірге айтып, базардағы жұрт жаңа бітіп тұрған мұнара жайында не айтып жатыр екен, біліп келсінші деп, астыртын адамдар жіберіп, тың тыңдатып еді, халық жорықтағы падишаның алдынан мынандай мұнара салдыртқан ханымның кемел ақылы мен салған шебердің асқан өнеріне таңдайларын қаққаннан басқа әлі ештеңе аңғара қоймапты. Ханым жансыздардың бұл хабарына көңілі біржола көншімегенмен де, қайдағы-жайдағыға мән беріп құр бекерге қуыстанғанына өз-өзінен ыңғайсызданып қалды. Көлденең көзден қысылатындай ештеңе жоқ. Шаһардағы жұрт мұнарадан ханымның жорықтағы жарына деген кіршіксіз сезімін көреді. Әмірші әуелі жарының өзіне деген шексіз сағынышын аңғарса, мұнараға жақын келгенде ханым махаббатының жарық жалғанды қабағына қаратқан Әміршіден басқа ешкімді көзге ілмейтін асқақтығына көзі жетеді.


Жап-жас шебер бұның көңілін айтпай біліп, айнытпай бейнелеген; Ұлы Әмірші бұл салдырған мұнарадан еш мін таба алмайды. Тек тезірек келсе екен сол күн? Ол күні пейіштің ақ құсындай боп Әмірші иенің асқар ала көңілінің ең шырқау биігіне аспандап бір шығар еді. Күндесі де қызғаныштан басқа, айтар ештеңе таба алмай дымы құрыр еді. Ол неменің Әмірші иемен бірге пәлен жыл жол жүрдім, пәлен жер көрдім, пәлен піл, пәлен түйеге қазына артып, ырғап-жырғап келемін деп аспандаған көңілі қарсы алдынан мынандай өңі түгілі түсінде көрмеген көрікті мұнара көк тіреп шыға келгенде, аяқ астынан қанаты қырқылып, жер болып қалар еді. Падиша да қаншама бәйбіше деп дабырайтып, бастас санап, басын асырып жүрген Ұлы ханымның қанша жыл отасқанда, қанша жорықтан жеңіспен оралғанда онсыз да асқақ көңілін астанасына кіре бергенде дәл мынадай қып одан бетер аспандатып тастайтындай ақыл таба алмағаны сол арада бірден есіне түсер еді, оның қанша асыл текті болғанмен алтын санап, асыл жиғаннан басқа ештеңені білмейтін дүние қоңыз, етегіне тоңғақ жұқтырғыштығымен ғана бағы асып тұрған жай әншейін жабық құрсақ әйел екеніне біржолата көзі жетер еді. Кісінің ішіндегісін айтқызбай біліп отыратын падиша бұның адал махаббаты, ақ пейілмен қоса жас та болса бас болуға жарап қалған кемел ақылына да риза болар еді. Бұ да «алдыңнан көрдің бе, қандай сый әзірлеп қойдым» деп көргімей-ақ баяғы сол бір үлбіреген балапан қалпы қарсы алар еді; пәлен жылдан бері шымырлап өніп, дәл қазір көкірегіне шып-шып толып, зорға сыйып тұрған көл-көсір іңкәрін, жұлын-жүйкесін, өне бойын түгел өртеп бара жатқан қомағай ынтығын да бірден селдетіп ақтара салмай сол баяғы алғашқы түндеріндегідей именшектеп, қымсына қауышар еді; сөйткенмен де, оған өзіне асыл текті патшазаданың пейіл білдіргенінен асқан бақыт жоқ екенін сездіріп, жар қызығын бағалай білетін әйелдік парқын да қапысыз байқатып бағар еді. Сол күн тезірек келсе екен тек, мынау аңылжыған үлкен сарайдың бұрыш-бұрышы бұның шат-шадыман қуанышының ағыл-тегіл ақ толқынына толар еді. Сол арманына қолын мына көкшіл мұнара жеткізгелі тұр. Ханым арманындай әсем мұнараны салып жатқан шебердің әр саусағын сүюге әзір. Тек мұнараны тезірек бітірсе екен. Тек анау көзге сүйелдей қадалып тұрған кетікті тезірек бітесе екен. Шебер мұнараның ұшар басына барып, бұнша неге телміріп тұрып алды? Айтпақшы, Әмірші көк мұнараға сарайдан көз салғанда оның мынандай бір түрлі жазғыра қараған тұнжыраңқы кейпінен тіксінбес пе екен? Мүмкін, мұның басы жетпей жүрген жұмбаққа ол түсінер. Әрине, солай... Әлемнің төрт бұрышын тізесінің астына басқан билеушінің бұл дүниеде түсінбейтіні болады дейсің бе? Сонда оның өзі жоқта ханымның терезесіне дәл мынандай боп жәудірей төніп тұрған сиқыр мұнараның сырын неге жоруы мүмкін. Әрине, анау тас мұнараға жан бітіруге аз-ақ қалған асқан шебердің өз аузынан айтса, тілі кесілетіндей бір тым құпия тылсым сырын өнерімен тұспалдап білдіргеніне жориды. Иә, оның әнеукүнгі мөлдіреген монтаны жанарындағы именшек наз махаббат екен ғой. Дәл солай. Оны Әміршінің қырағы көзі түгілі, енді, міне, пәлен күннен бері бас қатырып жүрген бұның өзі де түсініп отыр.


Ханым мынау ыңғайсызда үстінен сап етіп түсе қалған оспадарсыз біреудей оқыс тұжырымынан бір түрлі абдырап қалды. Көк мұнара бұның терезесіне бұрынғысынан бетер төне түскендей: «Дәл таптың, солай еді. Апырай, ақыры түсіндің-ау, ал енді ұқтың ғой, не айтасың, жауабың қайсы?» — деп еміне түскендей. Бұдан әрі тұра берсе, мұнара құдды биік қорғаннан, мынау терезеден қарғып түсіп, бұл тұрған бөлмеге кіріп келетіндей, терезе алдынан алыстай береді. Мұнара көзден таса болғанда барып, көңілін бірледі. Енді мынау ертеден қара кешке дейін терезесіне төніп, қиылып тұрған қиқарға не істерін білмеді. Ең алдымен, ойына оралғаны, бітіп тұрған мұнараны қасақана бітірмей қойған қаскөй шеберді шақырып алып жазалау; көңіліне шайтан қашқан бала жігітті, махаббат түгілі басымен қайғы болатындай қыла қорқыту... Бұны ойлағанда әлгінде ғана аңтарылып қалған көңілін зіркілдеген ашу биледі. Көзін жерден көтеруге жігері зорға жетіп тұрған әлгі неменің дәмесін қара! Бәсе, мұнараның ұшар басынан түспей, қиқайып отырып алуында бір мән бар еді-ау. Жоқ, не де болса, оның тезірек көзін құрту керек екен. Байтақ шаһардың мыңдаған жымысқы ауызы пыш-пыштап жөнелмей тұрғанда аспандағы айға қол созған есірік немені көкесіне көрістірген жөн. Әйтпесе, алтын басты хан иенің ақ адал төсегінен қара табан құл кедей, қу шұнақ қара сүйек дәмеленді деген не сұмдық? Бұны біреулер біліп қалса, мынау жарық жалғанның алдында Ұлы Әміршінің абыройын асырам деп жүріп, бетіне мәңгі өшпейтін салықты өз қолымен салғаны ғой. Жоқ, бұл ханым басымен ондай есірік дәмеге жол беріп қоя алмайды. Қазір күтушісін шақырады, ол барып уәзірге айтады; уәзір оны бүгін осы таңнан қалдырмай тас зынданның түбінен бір-ақ шығарады. Айбалталы жендеттер мына сұрқияны ешкім естімей тұрғанда мойнын қырқады. Мынандай ғажайыпты орнатқан байғұс шебер өз нәпсісіне ие бола алмағанның қырсығынан айбалтаға жем болады. Өз обалы өзіне! Ол үшін бұл құдай алдында да, адам алдында да жазықты емес. Не де болса асығу керек. Әміршінің елге бет түзеді деген хабарын жақында алды. Қаңқу оған жетпей тұрғанда, қиқар шебердің көзін құртып, мұнараның қалған жерін бас ұстаға бітірту керек. Бірақ ертең Ұлы әмірші мынау терезесінен телміріп тұрған әзәзіл мұнараны бәрібір көрмей ме? Ондағы сайрап тұрған қомағай құлқынға түсінбей ме?


Ханым қапаланғанынан ернін қыршып тістеп алды. Енді не істемек? Әлде қамалдағы құл-құтанның бәрін босатып, мынау сайқал мұнарадан жұрнақ қалдырмай таптатып тастаса ма екен? Бірақ онда әзірге бұның бәрінен бейхабар ел аузының не деп алып қашатынын кім біліп тұр. Ханымның өзі салдырған мұнараны өзі құртқызып жібергенін ел аузы бәрібір оңды нәрсеге жори қоймас. Бұл пәтуасының дұрыс екендігіне Ұлы Әміршіні де иландыра алмас. Ханым терезенің алдына қайта келді. Мұнара сол бәз баяғы қалпы. Ұшар басындағы кетіктен әлдене қылтыңдайды. Енді не істеу керек? Мынау өз-өзінен сайрап тұрған мұнара мұның қымтап жасырып баққан құпиясын ел алдына бәрібір жарқыратып жайып салмай ма? Оны жасыру ешкімнің қолынан келмейді. Келсе, тек мынандай сиқыр мұнара салған шебердің өзінің ғана қолынан келеді. Ол бірақ ынтыға күткен тілегіне жетпей тұрып, бұның қолқасын бәрібір істемейді. Мұның көз алдында баяғыда мұнара басында көрген именшек өндір қара торы жігіт сайрап келе қалды. Мөлтеңдеген байғұс бала бұған шыннан ғашық боп қалған ғой. Албырт жас, қайда қол созғанын білді дейсің бе? Ханым енді түсінді — шебер мынау сиқыр мұнараға өзінің өліп-өшкен соқыр махаббатынан басқа ештеңе бейнелемепті. Ол өзінен бұның не талап ететінін әлдеқашан есінен шығарған, өз санасындағы қырық құбылып, ақыл мен ойға қыл тұзақты салып ап, білгенін істеген аңғал сезімнің айтқанынан шыға алмаған. Шебер мына мұнараға алыстаса қиып кете алмайтын, жақындағанмен бәрібір қолы жетпейтін үмітсіз махаббатын бейнелеген, өлімге де разы есірік дәмесін, ессіз құштарлығын бейнелеген, ол мынау кетік мұнараның басынан өздігінен түспейді. Барып, бұл дәмесінің ессіздік екендігіне көзін жеткізу керек, «өзіңді ажалға, мені масқараға ұрындырмай тұрып, мұнараны тез бітіре көр», — жалынуы керек. Егер бұны сүйетіні рас болса, айтқанын жерге тастай алмайды. Бейшара албырт жасты әзәзіл жолдан айбалтаның жүзімен кетіргенмен, бәрібір оның әлгіндей ессіз құштарлығы зәулім мұнараның басында мәңгі сайрап қалады; оны айламен ғана қайтару керек райдан; мынау терезесінен күні-түні жазғыра қараған жалбарынышты, үнсіз құштарлық пен тылсым іңкәрді бақыт аңсаған албырт көңілдің дегеніне жетіп, шын ғашықтың бірден тойынып, бірден қарық бола қалатын періште көңілі қуанышқа кенелген күні ғана жойдыруға болады; жанын жегідей жеген ғашықтық дертін дәл мынандай қып мөлдіретіп жеткізген шебер басына бір сәт қонған бақытты да айнытпай бейнелей алады; ендеше, оған сол басына қонған бақытты бейнелету керек; оны ұстаның әлгіндей асау дәмесінен атымен бейқам Әмірші де, былайғы жұрт та ертең күйеуімен аман-есен қауышқан ханымның риясыз қуанышының табы екен деп түсінеді. Ендеше, асау дәме, албырт көңіл байғұс шебер жетсін дегеніне... Ханым манадан бері қырық саққа жүгіріп тұрған көңіл тізгінін тез жиып, әлденеге белін бекем бұған рай танытты.


Ертеңіне таңертең күтуші кемпірді шақырып алды. Қызметші әйелдердің ешбірін есіктен қаратпады. Ханымды киіндіретін, шашын тарайтын көп нөкер ішке кіре алмай, есік алдында топылып тұрды да қойды. Түске жақын іштен күтуші кемпір шықты. Ауызғы бөлмеде топырласа қалған нөкер қыздардың әрқайсысының жүзіне ішіп-жеп қоятындай ажырайып қарап тұрды да, біреуін алып қалды да, қалғандарын бөлмелеріне қайтарды. Ештеңеге түсіне алмаған нөкер қыздар иықтарын қиқаңдатып, бөлме-бөлмелеріне тарап кетті. Түс қайта хан сарайдан соңына нөкер ерген ханымның күймесі шыға келді де, салынып жатқан мұнараға беттеді. Мұнараның қақ түбінде қатар-қатар тізіле қалған көп күйме қаңтарылып ұзақ тұрды. Біраздан соң ғана шаңдатып сарайға қайта беттеді. Ертеңіне нөкер қыздарымен бақ ішіне сейілге шыққан ханым мұнара басындағы елден-ерек кемірейіп тұратын кетіктің көзді ашып-жұмғанша тез бітеліп бара жатқанын байқады. Үш күннен соң мұнара біржолата бітті. Терезе алдына келген ханым күлің-күлің етіп құлпырып тұрған жаңа мұнараны көрді. Әмірші ие жеңіспен оралғанына той жасағанда көк мұнараны салған бала жігітке шара табақ алтын динар сыйлады. Шебер жігіт сыйлықты алып жатып, көзінің астымен Кіші ханым отырған жаққа бір қарап қойды; ол көзін тез аударып әкетіп, шебердің мына қылығын ешкім байқап қалмады ма екен дегендей, бәйбіше нөкері отырған жаққа көз жүгіртіп еді, ешкім ондай рай танытпады. Ханымның көп күннен бергі әлденеге өз-өзінен қуыстанып, лүпілдей соққан жүрегі орнына түскендей болды.


Той өткен соң, Әмірші өз сарайына кеп түскенде бұның қуанышы қойнына сыймады. Аспандағы күнді аңдиды. Жаздың күні бұған ерегіскендей батып болмады. Күн көзі қашан ұясына барып қонғанда, шыжғырған ыстықтан «уһ» деп демін алған бүкіл дүниемен қоса бұ да төбесінен жүк түскендей бір рақаттанып еді. Бұны пәлен жыл бойы өртеп баққан сағыныш шілдесінің басыларына да онша кеп уақыт қалған жоқ-ты. Күні бойы күнді аңдыған көзі енді есік жаққа елеңдей бастады. Бірақ қанша қадалғанмен алтын шайған жалпақ есік қылп етпейді. Солай есік жаққа елеңдеумен түн де етті. Ертеңіне таңертең бұны киіндіре келген қызметші әйелдер әлденеге қымсынып кірді; бірақ көздерінде «ештеңе етпес, жорықтан соңғы ырду-дырдудан шаршаған Әмірші сарайға келмей жатып, бұның табалдырығынан аттағанды ыңғайсыз көрген шығар»,— дегендей жұбату нышаны бар.


Ханым күні бойы екі қолы алдына сыймай тыпыршумен болды. Бірауық сыртқа шығып бой жазайын десе, Әміршінің бұлақ басында оңаша сейілдейтінін біліп, бақ ішінде кездесіп қаламыз ба деп қысылады. Алғашқы күндері Әмірші, шыннан да, шаршап оралған шығар, біраз тынығып, есін жисыншы деп, іштей мүсіркеп жүрді. Бірақ күндер өте берді. Есік жақтан шыққан әр дыбысқа құлағын тігеді. Әмірші аяқ ізін салмады. Енді ханым түн баласы төсегіне тікен шашып қойғандай төңбекшіп шығатын болды. Күтуші кемпір мен қызметші әйелдердің қас-қабағын аңдиды. Олардың да жүздері сынық. Хабар айтудың орнына бұның өзінен жауап күткендей, жаутаң-жаутаң қарай береді. Бұл да сыр алдырғысы келмей, тырысып бағады. Бірақ бұның көңіліндегіні айтқызбай ұғып қалған қырағы қызметшілер қазіргі күйзелісін көрмей жүр дейсің бе?! Олар да бұрынғыдай самбырлап сөйлеп, жамырай күлмей, аяқтарының ұшынан басады. Сыртқа шығудан қалған ханым оңаша отырып, ойға шома-шома басы зеңгіп кеткен тұстарда терезенің алдына келеді. Қаннен-қаперсіз көк мұнара мұны көзі шалып қалғандай күлің-күлің етеді. Ханым Әміршінің жылы қабақ танытпай, бүк түсіп жатып алғанына шағынғандай терезе алдында ұзақ тұрады. Бірақ бұл қанша телміріп қарағанмен, жалтыраған асқақ мұнара сол баяғы аспандағы күн көзімен қас қағысып ойнаған күйі мәз-мейрам. Бұрынғыдай бұның терезесіне телміре қарамайды. Дегеніне жеткен кісідей тоқмейіл, шат-шадыман. Сан жылдар бойы әр кірпішін санағандай боп салдыртқан мұнарасының бұның жан дүниесіндегі алай-түлейден атымен бейхабар мынау сылқым сипаты оның көңілін мұз боп қарып алғандай болады. Жалт-жұлт мұнара бүгін кеп бұған қыр көрсетіп тұрғандай. Е, бәлем, бұрын өзің де кекірейіп, көз алдыңдағы жалынған, жалбарынған кісіге көз салмаушы едің ғой... Қанша жыл телміртіп едің. «Телмірген қалай болады екен, бәлем», — деп үнсіз табалағандай. Ханымның ойына мұнараны салған шебер түсті. Әнеу күні сыйлық алып жатқанда өңіне тағы да бір қарап, көңіліне түйіп алғанды. Жазық маңдай, қыр мұрын, қара торы жігіт. Алақандай қос жанарына қандай сыр да сыйғандай. Ол қазір қайтып жүр екен? Шара табақ алтынға масаттанатындай дүниеқоңыз жанның сыңайы емес-ті. Оған да өзі салған мынау мұнара көзіне шоқтай басылатын болар. Әсіресе анадағы бір күн есіне түскенде іші әлем-жәлем болып кететін шығар. Ханым есіне сол түскенде, көңіліне шөгіп жатқан зіл батпан жазғытұрымның селі жүріп, шайылып кеткендей, езуіне күлкі үйіріліп, үнсіз жымиып қояды. Беті ашылмаған бала жігіттің аңғал қылығына күлкісі келеді. Сол есіне түскенде оны бір түрлі аяп, тіпті жақсы көріп кетеді. Бауырына басып, құшақтап: «Ешқайда жібермеймін, кетпеші, кете көрмеші», — деп жалынады дейді. Дәмесін қара сабаздың! Өмір бойы ханым құшып өтпек қой... Қызметші қыз осыны айтқанда бұл сылқылдап күліп жіберсе де, артынша-ақ тыйыла қалған-ды. Онысы қызметшісінің алдында ыңғайсыз күлгеніне қысылғаны еместі. Қарсы алдында монтиып отырған қызметші қыздың үлбірек еріндерінің арасынан әлгі бір сөз шыққанда, бұл күлуін күлгенмен, жүрегін әлдебір өткір қанжар тіліп түскендей болған. Ойда жоқта өзі сезген осы бір ауыр жарақатты жасырғысы кеп, үнсіз жымиған күйі қызметші қызды сұрақтың астына алғанды. Мұнараның басында не болып, не қойғанын бажайлай түскен сайын, әлгі бір жарақат жан шыдатпастай сыздата бастады. Қызметші қыз айтып келген бала жігіттің әрбір қылығы ойлаған сайын бұның ет жүрегін от боп қарып, тызылдатып бара жатты. Ол қарсы алдында отырған монтаны қыздың балбұл жанған екі бетіне, шоқтай жайнаған қос жанарына, әлденеден қысылып-қымтырылған етті еріндеріне, тал шыбықтай бұратылған сұлу сымбатына қызығып тұрғандай, көзін алмай қадала қарады. Оның бетінде нөкер қыздардың жай күндергі қақақу-күлкі шаттығына атымен ұқсамайтын өзгеше бір қуаныш табы тұр. Ханым басымен бұл әлі күнге бастан кешіп көрмеген ерекше қуаныш. Өзіңе өліп-өшіп ғашық болған жанның ағынан жарылып ағыл-тегіл пейіліне армансыз кенелген қай әйелдің басында да өмірінде болса бір-ақ рет болатын, болмаса атымен болмай өтетін аса сирек қуаныш. Ондай бақыт маңдайына жазылғандар да бар, жазылмағандарда бар. Бұл өзі соның қайсысына жатады? Бұндай бақыт енді оған екі айналып келе ме, жоқ па... Жалпы ондай бақыттың екі айналып келуі мүмкін бе өзі... Міне, бұл өзіне еншіленген әлгіндей бақытты өз қолынан басқа әйелге беріп жіберді. Анада шебер жігіттің дәмесін анық аңғарған күні күтуші кемпір екеуі әрі ақылдасып, бері ақылдасып, оны ренжітпеудің амалын тапқанды. Мұнара басына ханымның киіміндей киім киіндіріп, оған ұқсайтын нөкер қыздардың бірін жібермекші болған-ды. Сонда күтуші кемпірдің нөкер қыздардың ішінен таңдап әкелгені осы қызды; енді, міне, ол өзгеге тиесілі махаббатты емес, өзіне еншіленген бақытты қызықтап келген адамша, ыстығы өне бойынан әлі аласталып бітпеген, жаңағы бір жас құшақтың буына балқып, бал-бұл жайнап алдында отыр. Ханым ішін тырнап бара жатқан өкінішті әйел адамның қай-қайсысында да болады деп еститін орынсыз әлсіздікке жорып, сабырға тұншықтырып бақты. Күтуші кемпір мен екеуінен басқа ешкім білмейтін осы бір құпияны ойға алмауға, тез ұмытуға тырысты. Ертеңіне мұнара басындағы кетіктің бітелгенін көргенде өз жүрегіндегі құлазып тұрған әлдебір олқы жойылғандай сезінгенді, кешегі өкініштің орнын шым-шымдап қуаныш толтыра бастағанын байқағанды. Хан келіп, мұнараны көріп, мақтапты дегенді естігенде сол бір өкінішті өкініш атымен естен шыққан-ды. Енді, міне, аяқ астынан қайтадан сап ете қалды. Бәрі де мынау Әміршінің аяқ ізін салмағанынан туған қаяу көңілден болар. Қаяу көңіл де бір, күл тіміскілеген бұралқы күшік те бір, қайдағы жоқты тауып алады. Әйтпесе, бұл алтын басты Әмірші құшағында жатып, әлдеқайдан ләззат іздейтін төмен кәнизак емес, асыл сүйек ханша емес пе! Кінәмшіл көңіл осы бір ойдың тұсында тағы да тұсалып қалды. «Алтын басты Әміршінің құшағында жатып...» осы бір сөз ойына қайта оралғанда, езуіне кекесін жүгірді. Құшаққа жатып қарық боп жүр еді. Түн баласы табалдырығынан аттамаса да, құшағында жатқан болып телінеді. Өзін-өзі алдарқатқан бір дүние. Әйтпесе, міне, төсегі жамбасын шағып, дөңбекшумен өткеніне әлденеше түн болды. Бүйткен өмірде не қызық бар? Сан жылдар бойы сарылып күткендегі көрем дегені осы ма еді? Өліп-өшіп сүйгендегі тапқан шапағаты ма бұл? Бәйбіше құсап қазына жимай, қолындағысының бәрін шашып, көк мұнара салдырғандағы көңілін тапқаны осы ма? Бәрі де әншейін алданыш қана... Мынау қу бас жалғыздықтың алдындағы қорқыныш тудырған бос сандырақ. Кез келген кеудесінде жаны бар мақұлқаттың бәріне тиесілі жұптық өмір бұған бұйырмағаны. Бұл тек өзін-өзі алдарқатумен жүр. Ақ некелі қосағының мүсіркегенін қимастыққа, махаббатқа жориды. Жарық жалғанның барша асылын жамбасына басқан Ұлы Әмірші сыйлаған бір қобдиша асыл таста не тұр дейсің! Ондайды Ұлы Әмірші сақилығы ұстағанда қайыршыға да ұстатып кетуі мүмкін ғой. Егер ол мұны өліп-өшіп жақсы керетін болса, бір сарайдың астында әлденеше түн өткізе тұрып, дәл осылай, бүк түсіп жатып алуға дәті қайтып шыдайды?!


Ханым күні кешегі Әмірші жорықтан оралғанда бастан кешем ғой деген бақыты жайлы арман-қиялы ойына түскенде өзінен өзі қызарып, соншама ессіз болғанына өзінен өзі ұялады. Соның бәрі көзінен бұл-бұл ұшқанына қатты қамығады. Қайта сол сартап сағыныш құшағындағы күндерін аңсайды. Ондайда әйтеуір дәме, үміт бар еді ғой. Өз қиялына өзі мәз боп жүруші еді ғой. Қиял демекші, өзінің осы Әміршіні өліп-өшіп сүйемін деп жүрген сенімі де құр әншейін мәңгінің қиялы емес пе екен. Өзгенің тарапынан махаббат қызығын кермеген әйелдің осынша ессіз құштарлыққа берілуі мүмкін бе өзі? Әй, қайдам... Бұл осы кезге дейін Ұлы Әмірші тарапынан ондай ерекше ниет байқап көрген жоқ-ты. Ендеше, бұл екеуінің арасында ондай махаббат қалай желі салып жүр? Ол да тек бұның махаббат аңсаған көңілі өзі ойдан шығарып, сонысына өзі сеніп жүрген жай әншейін сергелдең сезім шығар. Бұл да жас ұстаның албырт дәмесіндей алдамшы бірдеңе ғой. Ханым бұл ойынан өзі шошып қалды. Құдіреттің өзіне тіл тигізгендей күпірлік сезініп, ішінен үш рет кәлимасын қайырды. Бірақ ойда жоқтан оп-оңай сап ете қалған әлгі бір ой көңілінен оп-оңай шығып кете қоймады.


Ол күні бұрынғысынан бетер бұқтығырылып зорға жүрді. Сүйек-сүйегінің бәрі сылынып бара жатқандай. Кешке сүлдері құрып әзер жетті. Әлденеше күннен бергі көз ілінбей ұйқысыз өткен түннен бе, жоқ күндізгі ащы ойлар көңілін торықтырды ма, басы жастыққа тиген бойда өне бойы мең-зең тартып жүре берді. Қалжыраған денесі ойда жоқта балбырап барады. Мынау құлазыған кең бөлменің төбесінен көзге көрінбей, тәнге тимей, ту сонау сүйекке барып бірден даритын рақат нөсері селдетіп қоя бергендей, сол нөсер қапырық көңілінен пәлен күннен бергі шиыршық атып, ширықтырып жүрген мазасыз ойларды, үрейлі үрейді, тымырсық қапаны, ет жүрегін езгілеген өкініш, ашу, ызаны — бәрін-бәрін сүре қуып, «дем ал, тынық, ештеңені ойлама, ештеңені уайымдама» деп, шамырыққан жүйке-жүйкесінің бәрін шипалы қолымен сылап-сипап жатқандай, күні бойы екі шекелігін күйретіп жібергендей боп сырқырата сығып тұрған зіл батпан да жеңілейе түсті. Көз алдын көлегейлеп алған бір жұмбақ перде бірте-бірте жан-жағын түгел қоршап келеді. Енді көз алдында сол мөлдіреген селдір пердеден басқа ештеңе қалмады, ханым өзінің ояу жатқанын да, ұйықтап кеткенін де аңғара алмайды; әйтеуір көз алдында тұнық ауада ұйып қалған селдір сәуледей боп, әлдене ағараңдап тұрып алды.Ханымның талықсыған денесінде әлі өшіп біте қоймаған әлсіз сана қарауыл қарағандай сол бір ұйып қалған ағараң сәуледен көзін алмайды... Ханымның алабұртқан жүрегі бірте-бірте тынышталайын деп, манадан бері оған бұқпантайлап жақындап келе жатқан арсыз ұйқы құшағына біржолата алып еді, ханымның қаннен-қаперсіз денесін көлденеңнің көзінен қарауылдап отырған әлсіз сана қайтадан мазасыздана бастады...


Ханым ұйықтайтын ұлан-асыр кең жайды барша жарық жалғаннан көлкештеп тұрған алтын шайған ауыр есік сықырсыз ашылып, аяғының ұшынан басып әлдекім ішке өткендей болды. Кірді де, одан арғыға батылы жетпегендей босағада тұрып қалды. Ханым қапелімде мынау бейтаныс мейманнан шошып кетіп, орнынан атып тұрғысы келіп еді, бүкіл ту сырты төсекке желімделіп қалғандай, қозғалтар емес. Екі қолын да әлдекім төсекке таңып байлап тастағандай. Есіктің қыр көзінде қыбырсыз тұрған адамның кім екенін білгісі-ақ келеді, бірақ қанша тесіліп қараса да, есік алдында ағараңдап тұрған адамның бет әлпетін ажыратуға жанарының қуаты жетпей, кез алдынан әлдебір мөлдіреген тұнық тұман көлкештей береді. Әлгі ағараңдаған неме де су астында қалқып жүрген нәрседей боп, бұлдырап көрінеді. Ол қозғалғандай болды. Бірте-бірте жақындап келеді. Бірақ бұл бет әлпетін бәрібір айыра алар емес. Бөлме ішін ақ селдір ағын жайлап алғандай. Әлгі ағараңдаған неме сол лайсаң селде қалқып келе жатқандай... Міне, тіптен жақын қалды... Апырай, кім болды екен. Ханым оны танитын сияқты. Әуелі шоқтай жайнаған дөңгелек қой көзін шырамытты... Жанарындағы жастыққа тән батылдық шоғын әлдеқандай бір жұмбақ мұң тұмшалап тұр. Бұған бірдеңеге налығандай боп мөлдіреп қарайды. Кісі қия алмастай аяулы жанар. Өзіне әбден таныс біреудің қарағаны...Күнде-күнде қасында жүрген, күнде-күнде көріп жүрген біреуі тәрізді. Бірақ жыға тани алмады. Әлгі бір жәудірей қараған монтаны жанар бұның іші-бауырын елжіретіп барады. Мөлдірей қараған қос жанарындағы тұңғиық мұң бұның ез жүрегіндегі дәл осындай тылсым бір сезіммен үнсіз тіл табысқандай. Бірақ бұл тырп ете алар емес... Апырау, мынау сиқыр көзқарасты кімнен, қайдан көріп еді... Жоқ, бұған тап мынадай жан баласы жолап көрген емес. Бірақ мынау көкірегіне күн нұрындай дарып бара жатқан сиқыр сәулені күнде керіп жүрген сияқты. Кім бұған осылай қиыла қараушы еді... Күнде біреу дәл қасынан тап осылай телміре қарап тұрушы еді ғой. Кім еді ол... Апырау, неғып ұмытқан... Оны көрген сайын да ойы осылай ойран болушы еді ғой... Ханымның тұла бойын маужыратып бара жатқан әлгі бір дел-сал бейжайлықтың орнын қайтадан мазасыздық жайлай бастады. Иә, алдында жәудірей қарап тұрған адамды енді таныды... Рас, мынандай мұңлы жанарды тек содан ғана көрген. Ол салған мұнара да өзінің тап мына кез қарасындай мөлдіреп, жәудіреп тұратын. Енді тек жанарын ғана емес, ат жақты сопақша жүзін де, сұлу қыр мұрнын да, етті, томпақ ернін де таныды. Иә, мынау мұнара салған жас шебер. Ол сырттан шыбын екеш шыбын ұшып кіре алмайтын хан сарайдың ішіне қалай өтіп жүр... Қаптап жүрген сақшылар мен қызметшілер қалай байқамаған... Ол анадағыдан соң бұдан торығар деп ойлап еді. Торықпағаны ғой. Қызметші қызды бекер жіберген екен. Одан қайта үмітін үздіріп, басымен садаға қып қоятындай амал ойлап таппаған екен. Енді, міне, сарайға еніпті. Қазір күтуші кемпір кіріп келсе қайтпекші... Мынасымен өзінің басын жұтып қана тынбай, мұның да абыройын айрандай төгеді ғой. Ханым оспадарсыз жігітке әлдене деп зекіргісі, осы қазір қуып шыққысы келеді, бірақ әлдекім кемейін тығындап қойғандай үні шықпайды... Бірақ шебер бұның жүзінен ашу аңғарғандай, мұның төсегіне өңмеңдеп келіп қалған жерінен шегіншектеп, есікке қарай беттеді. Мөлдіреген жанары қорқып кеткен сәбидей шарасынан шығып барады. Бұл оны аяп кетті. Есікке барып қалған жерінен: «Кетпе, кел», — деп ымдады. Бейсаубат қонақ бұның қай әміріне құлақ асарын білмей есік алдында абдырап тұрып қалды. Бұл оған қолын созып қайта шақырды. Ол сенер-сенбесін біле алмай, жасқаншақтай басып, қайта жақындап келеді. Бұл енді ол қашан қасына жақындап келгенше шыдамы жетпей тыпырши тосты. Жас жігіт жасқана басып, төсегінің қасына келді. Бұл оның таңырқай қараған жанарынан көзін айырмай күтіп жатыр. Жігіт жақындап келеді. Міне, төсегіне де жетті. Көрпесіне қолы тигендей болды. Бір-бірінен қысылғандай, екеуі де аңтарылып қалды. Кенет бұның көңіліне қорқыныш кірді. Дәл қазір, дәл осы бір сәтті өткізіп алса, мынау көз алдында мөлдіреп тұрған нәресте жанардан, батылсыз балғын бала жігіттен біржола айырылып қалатындай көрінді. Ол оған қымсына қол созды. Бауыры от құшақтағандай өртеніп барады. Ол төсегіне батылсыз енген жас жігіттің мойнына оратыла кетті. Бұның баяғыдан бергі сарылып күткен ыстық іңкәрі басқа ешкім де, ештеңе де емес, тек осы ғана. Бауырына кіріп еріп бара жатқан осы бір өндір бала жігіт қана... Енді бұларды ешкім де ажырата алмайды. Енді оны құшағынан өмір бақи шығармайды. Ол қасындағы бөгде денені темір құрсауындай сыға түсті, өзі де сығымдалып оның бауырына кіріп барады. Екеуінің бойындағы қан араласып, бірге ағып жатқандай; екі дене бір денеге, жаңа ғана бір-біріне үнсіз телмірген екі адам бір адамға айналып кеткендей. Екеуі де бұрынғы екі дара күнді атымен талақ етіп, енді ол күйге өмір бақи қайта оралғылары келмейтіндей. Ханым өне бойын билеп алып бара жатқан, бұрын-соңды бастан кешіріп кермеген бір алапат құштарлықтың ырқына біржола берілді. Оның болат серіппедей шиыршық атқан қос білегі, бауырындағы бала жігіттің балғын денесін біржолата үн қылып үгіп жіберердей, сығымдай берді, сығымдай берді... Осы бір сәт тым ұзаққа, тіпті енді қалған ғұмырына түгел созылса екен... Кенет сүйек-сүйегінің бәрі түгел еріп бара жатты да, болат серіппедей ширыққан темір тегеуріннен айрылды да қалды...


Ханым талма соққандай әлденеге сүлдері құрып, ұзақ жатты. Жаңа ғана оттай жанып жатқан омырау тұсы бір түрлі мұздап барады. Көзін ашып алды. Бөлмесінің іші ұяң жұмсақ жарыққа толы. Көзін сипап қайта қарап еді — маңайында ешкім жоқ... Түу алыста көз ұшында алтын шайған ауыр есік солғын жылтырайды. Ханым әлденеге алабұртып, терезе жақты, қақ ортадағы хауыздың маңын, бұрыш-бұрышты қайта бір шолып шықты. Ешкім көрінбеді. Ханым көкірегінің үстіндегі әбден мыж-мыжы шығып шиыршықталып қалған құс мамық көрпені енді аңғарды. Өз көзіне өзі сенбей жатты-жатты да құдды бір омырауында жорғалап келе жатқан жыланды көзі шалып қалғандай, оқыс ширығып, мыж-мыж көрпені аяғымен серпіп жіберді. Өне бойын қайтадан темір құрсаудай сыға түскен ащы ыза ақырында көзінен жас боп ытқыды. Екі көзден ыршып-ыршып шыққан ыстық тамшылар омырауын малмандай су ғып тастады. Бірақ көзін сүртпеді. Сол бір шоқ тамшылар неғұрлым көбірек шыққан сайын көкірегін өртеп бара жатқан тымырсық зіл де жеңілейе түскендей.


Ханым екі иығы селкілдеп, ұзақ жылады. Біраздан соң басы қаңғырып ауыра бастады. Енді көзін ілмеді. Көкірек тұсы тызылдап барады... Омырауына жиылып қалған ащы жас көкірегін у боп күйдіріп ойып түсірердей...


Таң атқанша көз ілмеді. Пәлен күннен бергі, тіпті пәлен жылдан бергі ойын ойран қылып жүрген жұмбақ құсаның сырына сол күні түсінді. Бақытсыздығын батылы жетіп сол күні ғана мойындады. Өзінің бағы ашылмағанына, күллі өмірі осынау қуыс кеуде құса тіршілікпен өтетініне, сол күні әлгі бір ойда жоқ түстен соң ғана әбден көзі жетті. Ертеңіне таң атар-атпастан ауыр есікті айқара ашып, қызметші кемпір көрінді, оның ізін ала бере баяғыша мәз-мейрам көп қызметшілер кірді. Олар жүгіріп келіп, бұны қоршай алды. Бұл олардың мынандай қағанағы қарқ, сағанағы сарқ мәз-мейрам қалыптарына қайран қалды, ал олар әз ханымдарының керден шығып тұрғандай ебіл-себіл дидарына ездері бұрын-соңды көріп көрмеген сұп-сұр, сұлық кейпіне, қос жанарын жайлап алған тұңғиық бақытсыздыққа, төңірегінен мүсіркеуден басқа ештеңе күтпеген мүсәпір халіне айран-асыр. Күтуші кемпір қызметші қыздарды ымдап бөлмеден шығарып жіберді де, алдында құр сүлдері ғана тұрған бейшара әйелді бауырына басып, шашынан сипап:


— Апырай-ай, Ұлы Әміршім бірдеңе деді ме, өңіңіз қашып кетіпті ғой. Бәсе, ол түнде сіздің бөлмеңізден бір түрлі қату шығып еді... Сонша не боп қалды екен? — деп күбірледі.


Ханым оның жүзіне мынау не айтып түр дегендей есеңгірей қарады...


— Әмірші ием дейсіз бе... Ол мұнда кіріп пе еді...


— Иә... Түнде келіп еді ғой... Бірақ көп кідірмей шығып кетті. Ханым бұны естігенде төсегіне құлап түсті. Шошып кеткен күтуші кемпір ханымның қан-сөлсіз жүзіне үңіліп, талып жатқанын аңғарды... Содан ханым түсте барып есін жиды. Қасында отырған қызметші кемпірден енді қайтып ештеңе сұраған жоқ. Ол да бұған тіл қатуға батылы бармай жүзіне жаутаң-жаутаң қарай берді... Иә, ол өмірінде өз күйеуінің алдында, Әміршінің алдында жаңғыз-ақ рет күнә істепті. Онда да өңінде емес, тусінде күйеуінің көзіне шөп салыпты. Бірақ сол жалғыз қылмысының өзін Әмірші иенің қырағы көзі қалт жібермей, үстінен шығыпты. Бұның бөлмесінде көп аялдамағаны — әйелінің түсінде шайтансырап жатқанын өз көзімен кергені ғой; ашулы шыққаны-бұның түсінде өзге еркектің құшағына кіріп, құштарлыққа берілгенін түсінгені ғой... Енді ханымның көкірегіндегі шілденің тамырсыз талма түсіндей шөгіп жатып алған қапырық қасірет бұрынғыдан бетер батпандай түсті. Содан қайтып ешкімге тіс жарып, ештеңе айтқан емес. Көкірегіндегі жан баласына сездіргісі келмеген жарақатымды бөгде құлаққа хабарландырып алам ба дегендей, тіпті уһлемейді де. Сүйегін сүйреткен ебіл-себіл бір хал. Енді ханымға бұл дүниеде, бұл тіршілікте ешқандай қызық қалмағандай. Дарға асса да, басын шапса да бәрібір, өз күнәсін, өз қылмысын мойындап болған. Иә, Ұлы Әміршінің алдында тек өзі ғана күнәлі. Жас шебердің тырнақтай да жазығы жоқ. Өліп-өшіп ғашық болғанмен, мұның маңына бір қадам жақындап көрген емес. Түсінде де бұл өзге құшақтың ырқына өз еркімен берілді. Бар күнә, бар айып өзінде... Алда-жалда әлгі бір оқиға түсінде емес, өңінде болса, ол осылай істер ме еді, жоқ па еді, ол арасын өзі де біле алмайды... Бірақ баяғыдан бергі есінен адастырардай боп, есілдертін аударып келген ыстық іңкәрінің не екенін енді жақсы біледі. Хан иеге өліп-өшіп ғашықпын деп жүрген ыстық махаббатының да жай әншейін еркектің темір тегеуірінін аңсаған ұрғашылық екенін ұқты. Жас шебер ебін тауып, хан сарайдың ішіне еніп, бұның бөлмесіне кірер болса, кім біліпті, бұл түнде түсінде істегенін өңінде де істейтін шығар. Өңінде де балауса бала жігіттің ағыл-тегіл албырт сезіміне тайталасар, қарсы тұрар дәрмен таба алмай, нәпсінің еркіне берілер, қаншама хан торқаны киіндіріп қойса да, ұрғашы ұрғашылығын істемей қоя ма? Көңілін түсінде жеңген әзәзіл өңінде жеңбей ме... Ендеше, жар алдындағы, ақ неке алдындағы, алтынбасты тәж иесінің абыройы алдындағы төмен етек қылмысы үшін шегетін жазаның қайсысына да пейіл. Егер дәл қазір ол өзі кіріп, бұның шашын бір талдап жұлса, қойдай қып сабаса, жонынан таспа тілсе, көкірегін жайлап алған әзәзілдің қызыл құртының көзіне су құятындай қып, аяғына салып таптап, күл-паршасын шығарып, сүйек-сүйегін үн қып үгіп, әбден мылжа-мылжа қып, қайдағы бір қорқаулардың ортасына лақтырып тастаса, оған да ырза; мынау өз-өзінен дал болған пұшайман тіршіліктен соның өзі-ақ артық; бірақ құдай, ең болмаса, бұған күйеуінен таяқ жейтін бақытты да қимапты ғой. Дүниеде бұндай тірі аруақ, тұл бейбақ бар дейсің бе? Соны ойлағанда өз бетін өзі тырнағысы, өз шашын өзі жұлғысы, мынау түк білмегендей тымсырайып тұрған тас қабырғаға өз басын езі ұрып, мылжа-мылжасын шығарғысы келеді. Ел көзінен қалтарыста, оп-оңаша өтіп жатқан ың-шыңсыз күндер мен тым-тырыс түндерде мынау құр сүлдерін сүйретіп жүрген қаңқаның әлдебір жеріне қонақтап ап, өздігінен шықпай жүрген шыбын жанның көзіне қалай су құюға болатыны жайында сан-сапат айла, амал ойлап табады, соның қай-қайсысын да жүзеге асыруға батылы да жететін сияқты; бірақ жеме-жемге келгенде бірін де істемейді. Онысы бірақ қанша дегенмен аз күндік жарықты қимаған қорқақтық емес-ті. Ол өзінің күнәкар денесін қандай жек көріп алса, мынау тіршіліктен де соншалықты жеріп біткен-ді. Ол анадағы түсінің емірге деген, бақытқа деген соңғы құштарлығы, соңғы ықыласы екеніне әбден мойын ұсынып алған-ды. Ондай түс көргеніне енді бұрынғыдай емес, өкінбейтін де, ұялмайтын да болған, бірақ енді оған сол күнді, сол бір сәтті қайта оралт деп тілеу қандай мәнсіз, қандай күпірлік болса, ондай тілек, ондай ықылассыз өмір сүру де соншалықты мәнсіз, соншалықты күпірлік сияқты көрінеді. Сондықтан оған енді қалған тірліктің құны бес тиын. Егер Ұлы Әмірші қазір өз кесімін айтып, бұны жазалар болса, соның ешқайсысына да қыңқ демей, пейіл болар еді. Ал өз басының мынау мәнсіз тіршілікке қол көтеруге ешқандай қақысы жоқ. Ханымның ондай қылығын елдің қандай саққа жүгіртіп, падишаның абыройына қандай нұқсан келтіретінін тайға таңба басқандай анық білмесе де, іші сезеді. Ақ некелі жарына ондай қиянат жасағысы келмейді. Ал Әмірші болса сол баяғы тырп етпей жатып алған күйі. Бұл ертеден қара кешке дейін тырп етпей жалпақ есікке жалтақтаумен болады. Қанша қарағанмен есік қылп етпейді. Сонда мынау абажадай кең бөлме оған тар лахаттан өткен тозақ боп көрінеді. Жүгіріп барып мұны өзге жарық дүниенің бәрінен оқшаулап, мынау бөлмені қапас зынданға айналдырып тұрған ауыр есікті балталап шауып тастағысы келеді. Сонда жаңқаланып сынып жатқан есікпен қоса бұның көкірегін қысып, жүрегін езіп, талмаусырап бара жатқан, өне бойын зірк-зірк қалшылдатып, безгекше безілдетіп жүрген ашу-ызаны да лақ еткізіп бір-ақ ақтарып тастар еді.


Бір күні күтуші кемпірді шақырды. Нөкер қыздарын ертіп, сыртқа шықты. Жол-жөнекей көзіне түсіп қалған қызметшілер де, сарай маңындағы сақшылар да бұған бұрынғысынша иіліп-бүгіліп тағзым етіп жатыр. Бірақ өңдері бұрынғыдай айбынып тұрмағандай, бұған мүсіркей қарайтындай; бұ да оларға көз салып жарымайды. Алайда тұстарынан өткенде ту сыртынан әлдекім тілін шығарып мазақтап тұрғандай, көк желкесі дуылдап қоя берді. Тіпті қасындағы нөкер қыздары да мұны сынап-мінеп келе жатқандай. Бұл баяғыда Әмірші жоқта өздері емін-еркін асыр салған тоған маңына, көгал алаңға жоламай, бұрын көп бара бермейтін қалтарыс бұрыштарға бет түзеді. Бірақ онда да көп аялдай алмады. Мынау көлденеңнің көзі көп бақ ішінде ауа екеш ауа да оған инедей қадалып тұрғандай. Қайтадан сарайға асығады. Енді оған мынау жарық дүниеден бұйырғаны — осы бір жұтып қоярдай боп құлазып тұрған кең бөлме мен бақтың бір үзігін қамтыған көлдей терезе ғана. Ойлай-ойлай ой да сарқылған. Сағыздай созылған ұзақ күн өтіп болмайды. Төңбекшіген мазасыз түндер жан-жаққа елеңдеумен өтетін күннен де жаман. Өзіңді өзіңе мүңкір-нәңкір қылып, өзіңді өзіңе тергеткен жендет түндерде күндіз бажайлай ойлауға батылы бара бермейтін кейбір жайларды әбден түбіне жетіп адалап шығады. Қазір тек өзін ғана емес, өзге түгілі өзі де сезбеген бір ұрлығын жарқыратып жайып берген әлгі бір бозбала жігітті де, соған тап қылған анау көгілдір мұнараны да, сондай мұнара салдыруға ниетін құлатқан баяғы бір Ұлы Әміршіден сәлемдеме келетін күнді де, сол ойын жерден жеті қоян тапқандай қуана қостаған кәп шуылдақ нөкер қыздары мен күтуші кемпірді де, соның бәріне түрткі болған бақ құмар Ұлы ханымды да — төңірегіндегінің бәрін түгел жек көріп бітті. Тіпті тап мынадай нағылет дүниеге мұны әкелген әкесі мен шешесіне де өкпесі қара қазандай. Анау көлдей терезеден албастыдай боп төніп тұрған қап-қара түнге де, күні-түні ауыз жаппай сыпсың-сыпсың сылдырап тұрған кішкене хауызға да, жамбасын абжыландай шағып жатқан төсекке де, анау күні кеудесінен басып, ойда жоқта көңілінің тұңғиық түкпіріндегі тым құпия тілегін жарқыратып жайып салған мынау көрпеге де лағынет... Осынша тамұқтың бәрін керіп, бәрін біліп, төбесінен төңкеріле құламай тұрған көкке де лағынет... Осының бәріне шыдап, көтеріп жатқан көнтері жерге де лағынет, осынша сұмдықты ішіне бүгіп, талай-талай нәресте көңілдің маңдайын тасқа ұрғызған мынау тымырайған тымырсық қаныпезер дүниеге түгел лағынет... Жер болған көңіл әбден ашынып, жарық жалғанның бәрін қарғағанда, тіпті алдамшы пәниді жаратқан хақ тәңірдің өзін нәлеттегенде, тек бір адамды ғана аузына алмайды. Ол — Ұлы Әмірші. Ханым кейде өзінің сол мінезіне өзі қайран қалады. Шынында, мұның өмірін тамұқ қылып жүрген, ең алдымен, сол емес пе... Міне, сарайдан шыға алмай сарғайып отырғанына әлденеше күн болды. Ол соны білмей жатыр дейсің бе?.. Ендеше, мұның күнәкар көзін құртып неге тынбайды? Әлде өзі салған азап аз болғандай өкініш пен ызаға, өсек пен табаға, жанын жегі құрттай жеп жатқан қапырық қасіретке талатпақ па? Бұдан ызасын солай алғысы келген шығар. Бірақ мұның осынша азап шеккенінен оның басына шығатын мүйіз қайсы, мұның жанын тырнайтын пыш-пыш оның жанын тырнамай ма? Ендеше, өзіне жақсы болса азаптай берсін, өмір бақи естімеген не сұмдығын естіп алсын... Өзіне де сол керек. Мұның жас өмірін осылай күлді-көмеш қып, өксітіп қойған өзі ғой... Өз обалы өзіне... Ханым мынау есірік ойдан шошып кетті. Не деп тантып барады? Тағы да баяғы төмен етек ұрғашылығына басты ма, алдияр тақсырға тіл тигізейін деді ме... Алтын басты ханым екенін ұмытып, жайдақ етек қара күң құсап, бұнысы несі тағы? Соны ойлағанда аза бойы қаза болды. Өзіне бұрынғыдан бетер жүрегі айнып кетті. Дереу кәлимасын қайырып, хақ тағаладан басқа күнәмді кешпесең де, Ұлы Әміршіге асыл сүйек басыммен тіл тигізген әлгі бір әзәзіл ойымды кеше гөр деп жалынды. Енді ол құдайдан, әлгіндей боп алжаспай тұрғанда, асыл сүйегімді әзәзіл пиғылдарға аяқ асты қылмай тұрғанда, жасаған иенің жарақты сотының алдына, өз күнәмнің отына өзім өртенетін күнге тез жеткізе гөр деп шын пейілмен сарқыла тілек тіледі.


Сол бір адал ақ тілеу көкірегіне шым-шым дарыған сайын, екі көзінен шымырлап шыққан оттай ыстық мөлдір тамшылар қайтадан селдете жөнелді.


АҢЫЗДЫҢ АҚЫРЫ


(Төртінші бөлім)


I


Дариядан өтерде ол күймеден шығып атқа мінді. Күймелер салға тиеліп жатқанда нөкерін ертіп өткелге беттеді. Шілденің іш тартқан кезі еді. Таудан келетін жойқын су жаздағыдай арнаны керіп кетпей, жөнге түсіпті. Әдеткі қошқыл құла түсі сәл бозғылданып, лайытпай тұнық жөңкіледі. Өткел тіп-тік жар арна кенет жайпауыт тартып, дарияның бала қыздың бұрымындай тарам-тарам боп, әлденеше жіңішке тармаққа бөлініп кететін таяздау тұсында еді. Бұл өткелден бұрын мағұрып пен машырықтың екі арасында әрлі-берлі тыным таппайтын керуендер болмаса, бүгінгідей жер қайысқан ауыр қол өтіп көрмеген-ді. Содан ба екен, арғы беттегі жанбауыр жағалаудың екі бетінде жүк артқан керуендер, жақын маңдағы қыстақтардың қауын-қарбыз жүзім, жеміс-жидек тиеген арбалары, салт атты есек мінген, қодас жетелеген базаршылар ығы-жығы ұйлығып қалыпты. Қалың қолға жол ашып тұрған қарулы сақшылардан айбынған жұрт шерудің алдындағы көк найзалы көп нөкердің ортасында тек кекілі ғана көлдей қара нысаналы ақбоз атқа мініп келе жатқан Ұлы Әміршіге ентелей қарайды. Әмірші жан-жақтан көзін сатып тұрғандарға назар салған жоқ; қарсы алдында ұлан-асыр көсіліп жатқан құла түзден кез айырмаған қалпы ер үстінде шалқақ отыр. Күміс ердің қасы мен болат үзеңгі күн нұрына шағылысып, Әміршінің онсыз да суық жүзін одан бетер сұстандыра түседі.


Қарлы шыңдардың ұшпа биіктерінен басталған адуын арынынан әлі арыла қоймаған Жойқын дария жыбыр-жыбыр толқынға толы. Жымың-жымың кең арна ат тұяғы тигенде лезде күлкісінен айрылып, әлем-тапырықтанып шыға келді. Әмірші соның ешқайсысына мән бермеген маңғаз қалпы. Таудың тастай суық суы тірсегін шағып, аяғын үрке басқан сала құлаш ақ боздың басын бостау ұстапты. Жылға-жылға көп тарамның бәрінен сыр білдірмей өтіп келе жатқан жануар өзеннің ұлы табанындағы соңғы арнаға жете бергенде сүрініп кетті. Бейқам отырған Ұлы Әміршінің шалқақ басы оқыс бұлғаң етіп, қамшы ұстаған қолындағы сұқ саусағынан әлдене сусып түсіп кеткендей болды. Жүрегі дір ете қалды. Қолына қарап еді — сұқ саусағындағы баяғыда үлкен қайынатасы ажал аузында жатып, бұны өз орнына әмір қып тағайындаттырғанда салған, қасына зұлыстар елінен ғана келетін аса сирек тарғыл-тарғыл мысық көз тас қондырған күміс жүзік жоқ боп шықты. Ол сұқ саусағындағы жүзіктің орнындағы бозаң тапқа қадала қарады. Екі қапталынан екі нөкер жігіт емпеңдеп жетіп қалған екен; ол көзінен ызғар шаша, оқыс жалт бұрылды да, бойын тіктеп ала қойды. Тізгінін тарта ұстап, қайтадан маңғаз қалпына көшті. Әміршінің қас-қабағын аңдап үлгерген екі нөкер үн-түнсіз орындарына жылысты. Әміршінің жүрегінің басын суық қармағандай жайсызданып қалды. Әлгіні неге жорырын білмей дал боп келеді. Ол оны саусағынан еш уақ тастап көрген емес-ті. Қуғын-сүргінде де, талай-талай алыс жорықтарда да қылп етпеген киелі жүзіктің бүгін кеп аяқ астынан өз-өзінен сусып түсіп қалғанын ішінен жақсылыққа жорыған жоқ. Мынандай алыс сапар алдында тап болған бұл тағы қай тұспал? Ол енді манағысындай емес, әлденеге тіксіне бастады. Қол шаһардан шықпай тұрып, алдын ала жіберген шолғыншыларға ызаланып келеді. Өткел аузына құжынатып қарайған халықты иіріп қойыпты. Осы жолғы аттанысы бұрынғы жорыққа аттанғандағыларына мүлдем ұқсамайды. Бәлкім бәрі аяқ астынан қауырт шешілгендіктен бе екен, әлде Байтақ шаһардың тап іргесіндегі тоғыз жолдың торабы өткел басына жүргінші жолатпау қиын ба? Қайткен күнде де, дәл мынандай ызы-қиқы қара нөпір оған ұнамай келеді. Әлденеден секем алғандай. Ол әрдайым жорыққа аттанып бара жатқанда әскер өтетін, әсіресе өзі өтетін көшелер мен жол бойына көлденең көз жуытпайтын-ды. Қанша дегенмен, ит арқасы қиян алыс жорыққа, жарығы таусылмағандар болмаса, көбісі өлім құшатын жат жердегі шайқастарға жұрттың бәр-бәрінің түгел дерлік риза бола қоюы екіталай-ды. Көп ішінен не шықпайды, біреу-міреудің көңіліне қара қашып жүрсе, қапы қалмас үшін әскер өтетін көшелерге жан баласын аттатпайтын. Байтақ шаһарды басына көтеріп, керней шалып, дабыл қағып бара жатқан қарақұрым қолға қала халқы аулаларынан шықпай тесік-тесіктен сығалап қарайтын-ды. Содан екі түнемелік жерге дейін жол бойындағы жүргінші біткенді аулаққа қуып тастап отыратын. Бұл жолы бәрі аласапыран болды да кетті, ондай-ондай ұсақ-түйек, тіпті есіне де кірмепті. Бәрін өзің айтып, жөн сілтеп беріп отырмасаң көретін күнің қашан да осы. Сәл көзің тайса, аузың тынса болды, жұрттың бәрі бос белбеуленіп шыға келеді. Талай жорықтың басы-қасында жүрген шолғыншы мыңдықтың басшысының мына қылығына әбден қанына қарайып отырса да, сырт көзге сыр алдыртпай, тістеніп бақты. Осыдан ол неме тек көзіне түссін, бәлем...


Әмірші көзінің қиығын екі жаққа кезек тастап қояды. Ақбоз судан шықты. Екі қапталда — қаз қатар тізілген найзалы сақшылар. Бәрі сіресіп қалыпты. Көк сүңгілердің ара-арасынан сақшылардың ту сыртынан ентелеп тұрған жай халық шұбарытып көрінеді. Арбалардағы теңкиген-теңкиген қауын-қарбыздардың, қап толы мейіздер мен зембіл-зембіл жүзім, жеміс-жидектердің әр алуан иісі аңқиды. Сол бір мұрын қыдықтайтын бейбіт иіс мынау судан шығып жатқан қара құрым қалың қолдың айналаға айбат шеккен үрейлі сұсын мәнсіздендіріп тұрғандай. Осы бір шыр айнала мүңкіп қоя берген күлді-көмеш от басы тірліктің күңірсік иісі әлдебір аярлықтан, бей-берекет жерде қайдан кездесері жоқ көлденең қауіптен сес бергендей. Әмірші шалқақ басын еңкейтпей, қос қапталынан шыққан әрбір сыбыс-сыбдырға жіті құлақ түріп келеді. Көзінің қиығына қарауытып-қарауытып көрінетін самсаған кек сүңгілерден басқа ештеңе шалынбады. Сол көп сүңгілердің арасынан иін тіресе сығалап тұрған қара тобырдың қатары да барған сайын сирей түсті. Енді олар бұның көзіне анық түсе бастады. Жеміс толы арбалар таусылып, қатар-қатар шөгерулі жатқан сала мойын нарлар көбейді. Алыс елдердің әр қилы киінген саудагерлері тұстарынан өтіп бара жатқан Ұлы Әміршіге иіліп-бүгіліп тағзым етуде.


Бір уақыттарда шалғы түскен құрақтай жағалай жапырылып жатқан ала тақиялар, сеңсең бөріктер, тығырық бөріктер, жалбағайлар, ақ сәлделер де таусылды. Оның осынау орылған шалғындай тып-типыл боп жылмиып жатқан жағада оқшау шошайған әлденеге көзі сүрінді. Жан-жағының бәрі намазға жығылғандай, жаппай етпетінен түсіп жатқанда, әлдекім есек арбаның үстінде басын иместен қалшиып қатып қалыпты. Әмірші мынау елден ерекше қиқар немеге амалсыз назарын тіктеуге мәжбүр болды. Жермен-жексен аласа арбаның үстінде өңшең құмыралар ортасында қайыс қара біреу отыр. Терісі сүйегіне жабысып қалғандай. Басы кекшиіп кетіпті. Арбиған екі қолын алдына қусырыпты. Қаққан қазықтай тік отыр. Шекелігі шығыңқы жазық маңдайдың астында екі жерден әлдене қарауытады. Ол көздің орны... Мынау өне бойын арқанмен шандып тастағандай сіресе қалған қатпа қараның соқыр екенін Әмірші енді байқады. Иә, дәл сол. Торсық шекесінен таныды. Әбден арыған. Өндіршегі сорайып шығып кетіпті.


Анада алдына келгенде өндірдей жігіт еді. Анау қазылып-қазылып кеткен екі білегінде бұлт-бұлт етіп бұлшық ет ойнап тұрған-ды. Жасөспірім жігіттің дөңгелене біткен жазық маңдайына сонда да, ең алдымен, көзі түсіп еді.


II


Ол есіктен именшектей кіріп, тағзым еткен-ді. Әміршінің алдына келген кісінің қай-қайсысы секілді оның да жүзінде абыржу барды. Бірақ бір үлкен шаруаны бітіріп едім ғой деп, аяқты алшаң тастап кестеңдей жөнелмей де, не қай ісіммен жазып қалдым деп екі бүктетіліп елпең де қақпай, зерделі жас адамға тән бір жарасымды әдемі ибамен алдына кеп, жер тізерлеп отыра кетті. Сосын бүгежектей бермей бойын тіктеп алды. Осы бір мөлдіреген әдемі жігіттің жүріс-тұрысы, кісіні ішпей-жемей тойғызатын сұп-сүйкімді ізеті Әміршінің жүрегін мұз боп қарып алғандай болды. Қарсы алдында отырған балауса жігіттің адам жүрегін оп-оңай баурап алатын бір сиқыры бар екенін ол бірден аңғарды. Бірақ қашан орнынан тұрып кеткенше оның дәл қандай сиқыр екенін біле алған жоқ. Жігіт өзінің неге шақырылғанын айтқызбай-ақ түсінген қалып танытты. Алайда ант-су ішіп ақталмады да, жалынып-жалбарынбады да, не салсаң де көндім дегендей, назарын төмен салып отыра берді.


Бұл оның жүзінен ұзақ уақыт көзін айырмай, үнсіз тергеді. Жігіт бәз-баяғы бір қалпынан міз бақпады. Әмірші біраздан соң босағада тізерлеп отырған бас шеберге ымдады. Жас жігіт қасына бас шебер кеп, иығынан тартқанда барып, басын көтерді. Бұл оның кереқарыс жазық маңдайының астында айналасына жұмсақ шұғыла шашып тұрған алақандай-алақандай екі нұрлы көзді сонда көрді. Сан қилы жұлдыздар жыпырлаған шілде аспанындай сан қилы сезімдердің сәулесін түгел жиған соң бір тұңғиық жанар бұның көкірегіне біржолата орнап қалды. Онда «апырай, аман-есен жібергеніңіз рас па» деген үнсіз таңқалыс та, лып етіп тұтана қалған қуаныш та, шексіз ризашылық та, бірақ өз күнәсін жасырмай түгел мойындап тұрған, ар жағына сыр бүкпейтін ақ көкірек адалдық та, монтаны мүләйімді білмейтін шынайылық та, тіпті осының бәрі өң бе, түс пе дегендей дүдамал үрей де — бәрі-бәрі түгел барды. Жігіттің жанарында ап-айқын сайрап жатқан әлгі сезімдер бұның көңілінде ешқандай күдік-күмән қалдырмай, Ұлы ханым қызыл алма жіберіп, тұспалмен білдіріп жатқан, бұл жоқта болған оқиғаның шындық екеніне көзін біржолата жеткізгендей еді. Содан сол бір тостағандай-тостағандай қос жанар кеп уақытқа дейін бұның көкірегін қызыл шоқша қыз-қыз қарып тұрып алған-ды. Әмірші алдында отырған жас жігіттің анау ауыр есіктерден әрі асқан соң енді қайтып жарық дүниеге шықпайтынын, оған көр қараңғы тас зынданға жол түсіп тұрғанын біліп отырды. Бірақ осы бір іші-бауырына кіріп бара жатқан жаудыраған екі жанарды көре отыра, көңіліне ешқандай аяныш жүгірмеді. Жүрегіне сексеуілдің шоғындай боп қадала қалған әлгі екі от бұрынғыдан бетер тызылдатып барады. Әрине, адамды бір көргенде арбап алады дейтін сиқыр көз әлгіндей-ақ болар. Жаудырай қараған әдемі қос жанар әуелі көңіліне аяныш орнатады, ет-жүрегіңді елжіретеді. Еркектің шыдамсызының басын жұтып, әйелдің шыдамсызының абыройын төгіп тынатын қандай қара пәленің де басы әрқашан сол бір елжіреуік сезімнен басталатын-ды. Елжіреуік сезім де бір, ұстамайтын ышқыр да бір — екеуі де абыройыңды айрандай төгеді. Бұл ойлап тапқан жан баласы екі етіп көрген заң мен төрдің басынан аттап өтпек, мына бассыздық та, шамасы, содан өрбіген. Бұл әлгі шариғатта көп айтылған ібіліс әзәзілдің қайда жүретінін ақи-тақи анық білмейді. Алайда бұған сол пәленің қай-қайсысының да жүрегін жаңғыз мекені адамның көңілі ғана сияқтанады да тұрады. Көңіл итке көз бен сөзден өтімді не бар?! Соны ойлағанда Әмірші әлденеге өз-өзінен ауырлап сала берді. Көп уақытқа дейін жаңа ғана жас жігіт шығып кеткен тарс жабық есіктен көз айырмай қадалды да отырды. Ол өзі шығып кеткенмен нұр жайнаған екі көзін осында тастап кеткендей. Енді, міне, сол екі жанар көзге көрінбей екі босағадан бұл қайтер екен деп, әр қимылын міз бақпай аңдып тұрған секілді. Ол айналасына көз жүгіртіп еді, назарына ештеңе ілікпейді. Әлгі бір жаудыраған монтаны екі көз ғайып болған есікке арқасын беруге бір түрлі батылы бармай, шегіншектеп, сылдыр-сылдыр су атып жатқан шытыра хауыздың қасына барып отырды. Көкірегіне темір тікен боп қадалып қалған екі мөлтең жанардан қайтып құтыларын білмеді. Сол бір желімше жабысып алған немелер енді өмір-бақи бұның қыр соңынан қалмайтындай. Одан қайткенде құтыла алады... Бәлкім, жас шеберді алғаш кергенде ханым да тап осылай сенделген шығар. О да өкшелеп қыр соңынан қалмаған жымысқы екі жанардан қалай құтыларын білмей аласұрған шығар. Бірақ әйел пақыр аласұрғанда не тындырады. Соңынан қалмағанды омақастырар қайрат онда жоқ. Ұрғашының қашанғы қайраны біреу-ақ. Еркек басын беріп құтылатын жерден әйел намысын тонатып құтылады... Жарайды... Ал енді бұған қайтпек керек? Қарсы келгенді оңдырмайтын қаһарлы падиша мұндайда не істегені жөн? Әміршінің қарап отырып тізгіннен айрылып, айдалаға лағып бара жатқан сергелдең ойы осы арада бір серпілді. Езуіне кекесін жүгірді. Әрине, құртып тынады. Ондай бөгденің қызылына сұғынған қомағай кезге құм құяды. Әмірші көңілі бұл тұжырымын да кенеу тұтпай тұр. Сонда падиша басымен алдына жаутаңдап келген монтаны жанарға қайтып қылыш жұмсамақ! Айбат шегіп келетін ата дұшпаннан айналып кетпессің бе?! Оқша атыла қараған ала көзді құртып тынбағанда қайтпексің! Өңменіңнен өте қараған өшпенді көз сені де қаныңа қарайтып, жүйке-жүйкеңді су тиген қыл арқандай ширықтыра түспей ме? Шықшытыңа құм толтырып қойғандай тісің шықырлап, өн бойдағы өжет қан бірден шекеңе шапшып, шымырлап шыға келмей ме? Ол қашан өзгенің қаны судай аққанда барып, арнасына түспеуші ме еді! Ондайда өшпендіңнің кеңірдегінен шүмектеп аққан қара қан жүрегіңді Қап тауындай айқара басып жатып алған қапырық сезімді бір-ақ серпіп, көзің шырадай жанып қоя береді. Ал именшек басқа қылышың тисе, атаңның аппақ сақалынан да қасиетті ақ алмаспен қотыр есектің құйрығын күзегендей масқара емес пе! Ондай пақырына біреудің төгілген қанын көргенде кездейсоқта көлбақа басып кеткендей тыжырынбассың ба? Әлгі неменің алақандай көзінен, ең болмаса бір мысқал өшпенділік көрсе не дейсің? Бұның жанына бәрінен де сол батады.


Қылыштың жүзіндей алмағайып қиын тағдыр кешіп келе жатқан Әмірші басымен бұрын-соңды дәл мынандайға кез боп көрмеген-ді. Көңілі ашудың да, ақылдың да ырқына көне алмай әрі-сәрі. Қанша бас қатырғанмен, еш тоқтамға келе алмады. Адасқан ойы қай тарапқа бұлтарса да аш тазыдай сүмеңдеген ұры сауалға тап болды. Ол дәл осындай жаудырай қарайтын қос жанарды және біреуден көрген сияқты еді. Бірақ қашан кімнен көргенін қанша ойласа да, есіне түсіре алмады. Ол да осылай мүләйімсіп мөлдірей қарайтын. Кімнен көріп еді соны... О да осындай өкпелеген жас баланың көзіндей ет бауырыңды елжіретіп жүре беретін жазықсыз жанарды...


«Жазықсыз жанар...» Әміршінің қырағы көңілі енді-енді арна түзеп, саралана бастаған ойынан осы бір сөзге сүрініп қайтадан мүдіріп қалды. Қайдағы жазықсыз жанар?.. Ақ некелі төсегіңе көз алартса, одан артық атаңның басын шапқаны керек пе? Қосағыңның етегіне көзін сұқтағаны іргеңнен найза шошаңдатқаннан кем оспадарлық па? Алтын тәжді басын былай қойғанда, кез келген жұмыр басты еркекке одан асқан қорлық, одан асқан масқара бар ма? Басынып болғасын, бас ұрғаны не керек? Кез келген жалба тонды, жұлма тымақты қара таяқтың кешірмейтінін бұл қайтіп кешіре алады?! Еркек үшін ата-мекеннің тыныштығы, ата-бабаның аруағы, ақ некенің беріктігінен артық намыс жыртатындай не бар? Алтын басты азаматтың асқар таудай абыройын көбелек көңіл ұрғашының делең-делең етегіне тәуелді қылып қойған құдай шебер-ай! Жаратқан иенің еркек кіндікке жасаған жалғыз қысастығы болса — осы шығар. Әмірші өз-өзінен күйініп, орнынан тұрып кетті. Әлгі бір жаутаңдаған монтаны жанар көзіне енді түссе, өз қолымен ойып алар еді. Ол аяғын ауырлап басып, терезенің алдына беттеді. Жете беріп, аң-таң тоқтап қалды. Жаңа ғана «енді көзіме түссе, бәлем» деп тістеніп тұрғаны жаутаңдап тағы алдынан шықты. Бақтың төбесінен бой асырып тұрған көк мұнара бұған дым көрмегендей мөлдірей қарайды. Жаңағы бір есіне түсіре алмай отырған монтаны қарасты ол баяғыда осы мұнараның бойынан көрген екен ғой. Ол үн-түнсіз жалбарынып тұрған мұнараның бұл сиқырына алғаш көргенде-ақ назар аударып еді. Бірақ оның мынандай сырына түсінген жоқ-ты. Бақса, бар гәп осында екен ғой. Мына мұнара ханымның терезесінен де күні бойы осылай жаудырап қарап тұрмайды дейсің бе? Ол да мұны алғаш көргенде қайран қалған шығар. О да мұнараның мынандай сиқырына кейін түсінген болар. Шебер өзі салған мұнараға көңілінде жүрген іңкәрін бейнелепті. Аузы жетіп айта алмайтынын мұнарамен білдіріпті. Күні-түні терезесінен телміре қарап тұратын мылқау мұнарадан ханым ойымды өзі-ақ түсінер десе керек. Монтаны жігіт, бақса, жер түбіндегіні ойлайтын жұлын құрттың өзі болып шықты. Тәйірі, еркектің соры сөзінде, әйелдің соры көзінде емес пе? Еркек неме айтқаныма жетіп тынам деп тыраштанса, әйел неме көзіме көрінгенді иемденіп тынам деп әуре болмай ма? Сондықтан да, көңілі сөзден азатын еркек кіндікті көлденең сөзден сақтандырған ата-баба әйелді көлденең көзден қорғаштап баққан ғой. Ақ некелі қосағының құшағынан табылатын төсектен басқа жердің бәрінде де ұрғашының көзін қара түндей қара пердемен қымтап ұстаған ата-баба соның бәрін білмей істеді дейсің бе? Ол неменің көзін ашып қойғаннан гөрі етегін біржолата шашып қойғанның өзі дұрыс. Көзі көргенде құмартпай тұрар ұрғашы ма? Құмартса болды, ол пақырлар құмарына жетпей сірә, тынар ма? Бұған енді бәрі де түсінікті болды. Ханым әуелі мынау күлімдеген көркем мұнараға қайран қалды. Сосын адамның ақылы жетпейтіндей сиқыр мұнара тұрғызған шеберді бір көруге құмартты. Көріп еді, жас жігіттің іші бауырына кіріп жата жатқан әдемі жанарына арбалды да қалды... Сонда оны әзәзіл жолдан ақ некелі қосақ еткен бұның абыройы, тәжі мен тағы, ата-ананың батасы, көлденең жұрттың көзі мен сөзі — ештеңе кідірте алмағаны ма? Ең болмағанда, ай астындағыларды түгел дерлік тітіркендіретін айбарының да бөгет бола алмағаны ма? Соның бәрі ашқарақ нәпсі мен адасқақ көңілді айқара бүркеп тұратын жылқының құйрығынан өрілген алақандай қыл перденің орнына жүре алмағаны ғой! Жарайды, сайтан иектегіш ұрғашының қомағай көрсе қызар нәпсісіне сенбей-ақ қоялық, бірақ сонда хан сарайына сырттан көлденең жігіт түгілі тірі шыбын кіргізуге тиісті емес сақшылар не бітірген? Ханымның соңынан бір қадам қалмауға тиіс нөкері мен оны көзінен бір елі таса қылмайтын күтуші кемпір қайда жүрген?


Әмірші сол түні төңбекшумен шықты. Таң атқанын асыға күтті. Күтуші кемпірмен сөйлесіп көруге бел буды. Көңілін егеу құйрықтардай жабыла кеміріп жатқан көп күмәннің басын бір қайырса сол күтуші кемпірдің жауабы қайырады. Ертеңіне таңертең даяшы әйелден күтуші кемпірді шақыртты. Күтушінің бәз-баяғы қалпы. Суда жүзіп келе жатқандай ұзын көйлегінің етегі дір-дір етіп, қалқи басады. Қашан қасына жетіп болғанша Әміршінің ішін пыстырды. Ақ төсегінің қырағы күзетшісі еңбегі өтіп кеткен жанша тым шалқалап қапты. Ұйқылы-ояу жүзінде қысылу-қымтырылудан атымен нышан жоқ. Әміршінің зығырданы қайнап отыр. Алдымен осы малғұнның кезін құрту керек екен. Жалпақ жаһан құрақ ұшқанда осы-ақ батпансиды да жүреді. Ұлы әміршінің тәжсіз баратын жерінде қызмет ететінін бұлдай ма, тіпті айылын жиса не дейсің! Бұрынғы мардамсығанын бір жөн дейік. Ал мына қазіргі кергуіне жол болсын! Бұл өзі жоқта не болып, не қойғанынан әлі бейхабар деп ойлайды ғой, шамасы.


Күтуші кемпір қасына келді. Кеудесін басып тағзым етті. Сосын манаураған маңғаз кейпі, не айтайын деп едіңіз, құлағым сізде деген кісіше бұған назарын тіктеді. Әмірші мынау алдында түк болмағандай салғырт тұрған кемпірге қапелімде не дерін білмей қалды. Бірақ бүкіл сарайда оның алыстан орағытып жатпай, істің жөнін бірден сұрап, бұқпантайсыз әңгімелесетін адамы — қазына бастығы мен осы күтуші кемпірді. Бұл жолы да зіркілдетіп алып бара жатқан ашуын зорға іркіп, жарықшақтау шығатын қоңыр даусымен бірден әңгіме бастады. Сөйлеп отырғанда тіке қарайтын шегір көзін кемпірдің жүзінен айырмады. Күтуші кемпір бұны әуелі үйреншікті әдетімен біразға дейін енжар тыңдады, сәлден соң барып, осыны шынымен айтып тұр ма, әлде әмірші адамның бағыныштыларымен ойнайтын көп «мысық-тышқанының» бірі ме деген кісіше, селдір кірпігінің астына әзер жасырынған ала көзін оқыс тірілтіп, бұның жүзіне бажырайып бір қарап қойды. Бұдан айбынды ма, жоқ әңгіменің төркінін аңғарып қалды ма, ала көзін сабаудай-сабаудай сида кірпіктерінің астына қайтадан көміп алды. Бұның одан арғы әңгімесіне үнсіз құлақ тосты. Бір уақыттарда орақ мұрынның астында жығыңқы жатқан төрт-бес тал қылтанақ мұрты тікірейіп шыға келді. Бір шамаға дейін солай тікірейіп тұрды-тұрды да кенет қайта сұлады. Қан-сөлсіз сұрғылт қаймыжық ерніне жымысқы күлкі жүгірді. Күтуші кемпірдің езуіндегі күлкіні көргенде, бұл сөзден тыйылып қалды. Кемпір Әміршінің неге тоқтағанын бірден түсініп, езуіндегі жымысқы күлкіні жым-жылас өшіре қойды. Иіліп тағы да тағзым етті. Бірақ Әмірші ендігі сөзді оның өзінен тосып, тым-тырыс телміре қапты.


Енді әңгімені күтуші кемпір бастады. Әміршінің аузынан шыққан әлгіндей сөздерден соң да ол бәз-баяғысынша нып-нығыз. Даусында да діріл жоқ. Аспай-саспай сөзіне кірісті. Оның мынау байсалды даусы, сабырлы жүзі, жалтармай тура қараған батыл жанары Әміршінің өзін аласарта түскендей. Әмірші сыр бермеуге тырысып, тырп етпестен тыңдап отыр. Қобалжыған көңілін талайды тергей, тыңдай үйреніп қалған сұсты жүзінің тасасына жасырып, күтуші кемпірден көзін айырған жоқ. Күтуші кемпір айтарын айтып болғанда барып, иегімен «жүре бер» деп мегзеді. Қызметші иіліп сәлем етіп, манағысындай манаурамай аяғын ширағырақ басып шығып кетті. Әмірші кемпірдің әлгі әңгімесін миына кірмейтін шым-шытырық шытырман бірдеңе тыңдағандай, басы мен аяғын таба алмай, дал болып отыр. Сонда кешегі шебердің құштым деп отырғаны ханым емес, басқа біреу болғаны ғой. Әміршінің қас-қабағынан қорқып қалған қалтырауық немелердің тапқан ақылдарының түрін-ай! Қиқар жігіттің басын қырқып тынатын жерде сау бастарына сақина тілеп алғандарын қарашы! Апырай, әлгі неменің дәмесін қарай гөр! Падишаның ақ некелі төсегіне сұқтанған сұғанақ неменің көзін қалай құртса да, күнә емес. Оның үстіне ол қазір дегеніме жеттім, ханымның қыпша беліне қолым тиді деп жүр ғой. Кеше мұның алдына келгенде де, кешірілмес күнә жасап қойғанын әбден мойындап отырмады ма? Ендеше оның сол бір есірік ойын өзімен бірге құртып тыну керек. Шама-шарқын білмей, аспандағыдан дәметкен нысапсыз көзіне құм құю қажет. Енді мұның ішіне қатқан қанды сол күнәкар неменің дірдектеп аққан қор қаны ғана жуып-шая алады. Оның арам пиғылындағы мұның ақ некелі төсегіне түскен дақты ақымақ басын жалмаған ақ алмастың жүзіне жұққан қан ғана кетіре алады. Тек көлденең көз ештеңе байқамайтын, көлденең құлақ ештеңе естімейтіндей қып тып-тыныш жайғастыра алса болғаны. Бірақ ел құлағы елу, олардың ештеңе естімеуі мүмкін бе? Тезірек жансыздарын базарға жіберіп, қара тобырдың не деп көкіп жүргенін білгені жөн.


Әмірші астамшылық ойлаған шебердің монтаны жанарын қалай құртудың қамына шындап кірісті. Бұрынғысындай емес, бір түрлі бойы сергіп қалғандай. Көңілі бықсық көп күмәннан арылды. Оның орнын енді өзегін өртше жалап бара жатқан өшпенділік жайлап алыпты. Жансыздарды базардан не естіп келер екен деп тыпырши тосты. Көп ретте аузын бағып қарап жүре алмай, қайдағы жоқ қаңқу таратып жүретін қара тобыр бұған не істеу керек екендігін өздері айтып беріп отыратын-ды. Бұл жолы да ол әлгі жігіттің жазасын жұрт аузындағы лақапты естіп алып кесуге бел буды. Жас шебердің хан сарайға шақыртылғаны әлі ел құлағына тиіп үлгермесе керек, базарға әзір ешқандай алып қашты лақап тарай қоймапты. Ол енді жансыздарын шебер жігіт тұрған махаллаға жіберді. Махалла тұрғындарының айтуынша, шебер тұрған үйдің қожайыны Әмірші оны жаңа бір керемет мешіт салдырғалы шақыртыпты деп көкіп жүрген көрінеді. Әміршінің құлағына мынандай жай әншейін дарақы дақпырт тап онша жаға қоймады. Ол базарға жансыздарын араға біраз күн салып барып жіберуге бекінді. Сонда жұрт жас шебердің сарайдан осынша уақыт оралмай қалғанын қандай саққа жүгіртер екен? Жаздың кербез әйелдің жүрісіндей мандымай қоятын мимырт күндері ұзақ сарылтып өтіп жатыр. Құлағына елең еткізердей еш хабар тие қойған жоқ. Ұлы ханымның сарайынан да ешкім ат ізін салмай, тым-тырыс жатып алды. Әміршінің қызметшіден қызыл алманы кім жіберді деп сұрағанын естіген соң, енді қайтер екен, енді не болар екен деп, тың тыңдай қалыпты. Күллі дүние бірінің аузына бірі түкіріп қойғандай, сестерін шығармай, әлдеқандай бір көзге көрінбес мың сан сиқыр тесіктерден бұның әр қимылын қалт жібермей, жабыла аңдып, сығалап тұрғандай. Әмірші қапас зынданға кешегі небер жігіт емес, өзі түскендей, ұзақты күнге тырп етпей отырады да қояды. Мынандай түбі шикі шаруаны алдымен ел аңғарын біліп алмай тұрып, жайғастыра салуға артынан тағы қандай қаңқудың өре түрегелетінін біле алмай дал болады. Қашан да тұтымындағы жұртты таң қалдырып үйреніп қалған басы өзі туралы ел арасына тарайтын ертеңгі лақаптың ұзын ырғасын алдын ала аңғарып алмай тұрып, ештеңе істемейтін-ді. Әншейінде сәл нәрсені өрт тиген қаудай лаулатып ала жөнелетін жұрттың аузына бұл жолы нендей тыйым бола қалғанына, қанша ойланса да, түсіне алмай қойды; Әмірші мықты болса, біздің лақабымызсыз өз бетімен іс тындырып көрсін деп, уәде байласып қойғандай, тырп етпей жатып алды. Әмірші мынандай меңіреу тыныштықты ішінен сан саққа жорып бақты. Бірақ ешқайсысының қисыны келмейтін сияқты. Шаһар халқының арасында көздерінің жауын алып тұрған, керкем көгілдір мұнараны тұрғызған жасөспірім жігіттің аяқ астынан үн-түнсіз жоғалып кеткені жайында ешқандай қаңқу тарамауы миға кірмейді-ақ. Хан базардағы қарайған халықтың көзге ұрып тұрған көк мұнара жайында ауыздарына үн толтырып қойғандай, жақ ашпай қалғандары, сірә, тегіннен-тегін болмаса керек. Әлде бұл жуырда ғана білген сұмдықты олар баяғыда-ақ естіп біліп қойған ба? Әрине солай. Жұрт жаңа мұнараның соқырға таяқ ұстатқандай көзге бірден түсетін тосын сиқырын әлдеқашан-ақ талай саққа жүгіртіп үлгерген-ді. Бұл түсінгенді олар түсінбейді дейсің бе? Енді сол сұмдық масқара тістерінен шықса, бастары кететінін біліп, іштерінен тынып пұшайман боп жүрген шығар. Сонда осыншама халықтың арасынан бір көбік ауыз көкіменің табылмағаны ма? Әлгіндей сандырақ аузынан абайсыз шығып кететіндей есерсоқ ешкім болмағаны ма? Бұл қаншама қылышынан қан тамып, қатаң тәртіп орнатқан күнде де ел аузына дәл осындай берік құлыптың салына қалуы мүмкін бе, сірә?! Әмірші осы бір масадай жабылып жатқан мазасыз сұрақтардың ешқайсысына қисынды жауап таба алмады. Маңайы түп-түгел масасы мен сонасы қаптаған қара балшыққа айналып кеткендей. Аяғын аттаса болды, аранын ашып жатқан жұтпа ұйық бірден тұңғиығына тартып ала жөнелетіндей. Есік жаққа телміріп, тырп етпей отырады да қояды.


Алтын шайған абажа есік апталар бойы қылп етпей тұрып алды. Ақырында Әміршінің пәлен күннен бергі сарыла күткен шағы да келді. Абажа есік жайлап ашылып, ар жағынан жансыз көрінді. Бүгежектеп ішке озды. Бұның қарсы алдына жетіп тоқтады. Иіліп-бүгіліп тағзым етіп, бұның аузына қарап тұрып қалды.


— Иә, не естіп, не білдің?


Жансыз бұның жүзіне жалтақтай қарағыштап, әңгімесіне кірісті. Базардағы жұрт Әмірші енді мынандай мұнара өз астанасынан басқа ешқайда салынбасын деп, шебердің екі көзін ойып алып, қаңғыртып жіберіпті десіп жүрген көрінеді. Әмірші жансыздың жүзіне ұзақ тесіліп отырды да, бара бер деп есікті нұсқады. Жансыз жылысып шығып кетті.


Әмірші арқасынан ауыр жүк түскендей, орнынан атып тұрды. Шуылдақ тобырдың айтып жүргені, шынында да, миға қонады. Біресе күлімдеп жайнап шығатын, артынша-ақ өкпелеген жас баладай жәудірей қалып, қырық құбылып тұратын мынау сиқыр мұнараны тек аспан астындағы ең ауыр тәж бен ең биік тақты иемденген бұның ғана астанасында тұруға лайық екені де рас. Ондай әсем мұнараны басқа қалаларға да салып, бағасын түсірмеу керек дегендерінің де әбден жаны бар. Ендеше мынау жарық жалғанда енді мұндай мұнара салынбауға тиісті. Ондай аса сирек өнер қонған бір туар шеберлердің қашанғы киетін кебін әлгі жас жігіт те кисін. Қай-қай Әмірші де ондай шеберді өзінен басқа ешкімнің қолына түсіргісі келмейді. Ендеше сол көп шуылдақтың дегендері-ақ болсын! Дәл мынадай көрікті мұнара бәрібір аңыз таратпай тұра алмайды. Ендеше оған лайық аңыз табылды. Естіген құлақтың қай-қайсысына да бірден қона кететін әбден қисыны бар лақап.


Әмірші көптен бері өз бөлмесінен аттап шықпаған-ды. Сол күні бақ ішінде серуен құрды. Өзі жақсы көретін оңаша бұлақтың басына барып, ұзақ ойланып отырды. Жер қойнынан сықылықтап күліп шығып жатқан мөлдір су баяғыдай ширыққан жүйке-жүйкесін түгел балбыратып, өне бойын бір бейжай сезімге бөледі. Әмірші екі шекесін қаусатып жіберердей сығып жатқан батпан зілден құтылып, омырауын ағаш-ағаштың арасынан ұрлана ескен майса самалға рақаттана тосты. Дүние балбырап тұр. Күлегеш бұлақ ауыз жаппай сықылық қағады. Ағаш басы сыбырласып, сусылдасып мәре-сәре. Асылы, пенде пақыр қайдағы жоқ азапты өзі ойлап табатын болса керек. Қайдағы жоқ қапырық сезімге беріліп, жоқтан өзгеге қамығып, зари қабатындай, соншама не бола қалып еді? Есірік дәмеге берілген есер неме тиісті жазасын тартады. Ол неме енді ешкімге сылқым мұнара да салмайды, ешкімнің басын әзәзіл боп арбай да алмайды; көрген жанның іші-бауырына кіріп бара жататын жаутаң-жаутаң қос жанарын жел қуық сәуріктерді піштіретін қанды қол жендетіне өткір қанжармен ойғызып алдырып тастайды. Онымен ғана қоймайды, ханымды құштым деп ойлап жүрген пәтшағар ертең біреу-міреуге аузына келгенді көкіп қоймасын деп, тілін де қырықтырып тастайды. Сосын ол найсап бұл дүниеде үн-түнсіз күн көріп жатқан көп мақұлықтың бірі боп меңіреу тірлік кешеді...


Ол сол түні жайлы ұйықтап шықты. Ертеңіне таңертең зындан бастығын шақыртқалы отыр еді, кіріп келе жатқан Кіші ханымды көрді. Ханым есіктен аттай бере, иіліп тағзым етті де, мамырлап басып төрге озды. Бұның қасына жете беріп мүдіріп тұрып қалды. Қақ маңдайындағы күрең лағылға шағылысып жарқ-жұрқ ете қалған қос жанары бұрынғыдай емес, қазылыңқырап кетіпті. Өні де құп-қу. Ханым сынық жүзін бұған тіктемей, бір қырын отырды. Әмірші оны мынандай ойда жоқта кіріп келер деп күтпеп еді. Қапелімде не дерін білмей, қысылып қалды. Сосын біраз уақыттан кейін барып, алдындағы өз-өзінен азып-тозған Кіші ханымды аяп кетті ме, қолын созып қасына шақырды. Мұның қолы тиюі-ақ мұң екен, бір қырын отырған ханымның ұзын кірпіктерінің ұшынан әлденеше мөлдір тамшы мөлт-мөлт тамып кетті. Кіші ханым Әміршінің қолына ернін басып, аяғының астына гүрс құлап түсті. Екі иығы селк-селк етіп, ағыл-тегіл жылап жатыр. Күні кеше ғана өзіне дүниедегі ең жексұрын адам боп көрінген, осы бір жас балаша өксігін баса алмай солқ-солқ жылап, аяғының астында жатқан әйелді қайтерін білмей, Әмірші абдырап тұрып қалды. Осыдан аз ғана күн бұрын дәл осылай аяғына кеп жығылса, не істейтінін кім біліпті, бұл жолы ол қараптан-қарап жүдеп, иіні түсіп, азып-тозып кеткен ханымды мүсіркеп тұр. Төмен еңкейіп, қарынан тартып тұрғызып алды; сосын ығысып қасынан орын берді. Кіші ханымға ештеңе айтқызғысы келмегендей, оның өрттей лапылдаған жұп-жұпсақ екі алақанын қолымен басып, үнсіз қалды. Ханым әлі жылап отыр. Көптен бері көкірегінде тұрып қалған ащы жас, шамалыда таусылар емес. Әлден соң Әміршінің мына үнсіз аялағанын көңіліне медет қылды ма, жұбанайын деді. Омырауын өртеп бара жатқан ызаның ащы жасы сарқылған соң, ханым енді не істерін білмей, абыржып сала берді. Әмірші де ештеңе сұрамады. Екеуі үн-түнсіз әрі отырды, бері отырды. Біраздан соң ханым өзінің мына отырысына ыңғайсызданып, кетуге оқталды. Әміршіге тағзым етіп есікке қарай беттей бере, қайтадан кідірді. Сосын біраз уақыт әлденеге батылы бармай, мүдіріп тұрды да, төменшіктеп тіл қатты.


— Хан ием, сіз мұнараны салған шеберді қаматып қойып па едіңіз?


Әмірші ханымның мынау төбеден түскендей тосын сұрағына ішінен қайран қалып тұрса да, байсалды қалпы жауап берді.


— Иә.


Ханымның екі беті ду қызарып кетті. Әлгі сұрағын өзі орынсыз көріп қысылды ма, әлде бойын басқа бір сезім биледі ме, бұның аяғына қайтадан жығыла беріп еді, Әмірші шынтағынан сүйеп қалды.


— Оның ешқандай жазығы жоқ. Ештеңе де болған жоқ.


— Білем.


Ханым рас айтып тұр ма дегендей, көзін көтеріп, Әміршіге қарады. Оның жүзінен ашу көрмегеніне таңырқап, үн-түнсіз тұрды-тұрды да, есікке беттеді. Әмірші қашан шығып кеткенше, одан көзін айырған жоқ. Ханым есікке жете беріп, артына бұрылды. Әміршінің не ойлап тұрғанын аңғара алмаған кісіше, жаутаңдай бір қарады да, айран-асыр қалпы шығып кетті.


Ханымның мына келісіне Әмірші де қайран қап тұрған-ды. Бұрын-соңды ол Ұлы ханымның өзін үстіңе сұраусыз бас сұқтырып көрген емес-ті. Кіші ханымның бұл қылығын қалай түсінуге болады? Әлде жорықтан оралғалы бас сұқпай жатып алған бұны көріп сағынышын басқысы келді ме? О да мүмкін ғой. Оның үстіне Ұлы ханым жіберген қызыл алманың жайын о да естімеді дейсің бе? Өз-өзінен қапаға тұншығып, жарылып кетердей болған соң, не де болса барып, бет жүзін көріп қайтайын деп нар тәуекелге бел буған ғой. Әміршінің жүзінен ашу көрмеген соң, көңілін басып, өз бөлмесіне кеткен шығар. Бірақ бас жоқ, көз жоқ, бірден жас шеберді сұрағаны несі? Бет-моншағын белбеуіне түйіп келгендегі шаруасы жалғыз-ақ сол шебер жігіттің жайы ғана болғаны ма? «Оның ешқандай жазығы жоқ». Бұл не дегені? Әлде әлгі жас жігітті қанды жазаның құрығынан құтқарып қалғысы келді ме... Ендеше неге жалынбады, жалбарынбады. Мұның әлгі «білем» деген бір ауыз сөзін кешірімге жорыды ма екен? Иә, ол екеуінің арасында ештеңе болмағанын бұл біледі. Бірақ ажалдан да тайсалмай, аспандағы айға қол созған ессіз жігіттің алтын тәжді падишаның абыройына дақ түсіре жаздаған астамшылығын бәрібір кешірмейді. Әлгі көп шуылдақтың ештеңе естімей жатып, ауыздары қышып, көкіп жүргендерін тезірек шынға шығаруы қажет. Әмірші өз көңіліндегі бір түйткілдің шешуін таба алмай-ақ қойды. Ханым жаңа есіктен шығып бара жатып, артына бұрылып неге қарады? Оның жаудыраған жанарынан бұл бір түрлі үрей сезгендей болды ғой. Ол мұның сыртқа сыр шашпайтын сұп-суық жүзін бүгін көріп тұрғандай, соншама неден сескенді? Әлде айтқан сөзінің бұған ешқандай әсер етпегенін көріп, тіксінді ме екен? Сонда бұл оның әлгі сөздері әсер еткенде не істеуі керек еді! Қапас зындандағы жас жігітті босатып жібер дейді ме? Ханым көңілінің қалауы не? Бұл оған жанға тиердей, шошытардай ештеңе айтқан жоқ. Ештеңені бетіне салық еткен жоқ. Ендеше ол осыншама неге үрейленеді? Әлде шебер жігіт жазаға ұшырап қалады деп қорқа ма? Абыройын аяқ асты қыла жаздаған ақымақ немені ханымның бүйтіп аяйтыны қалай? Қайта қара табан есерсоқтың әлгіндей оспадарсыздығын келіп өзі айтуы, қалың жұрттың алдында қара бет қып жазалауды талап етуі, сөйтіп күні ертең көп шуылдақтың сасық ауыздарында кеткелі тұрған абыройын ақтап алуы керек емес пе еді? Оның орнына бүгін кеп, ашып айтпағанмен, әлгі бұзақыға кешірім тілегендей рай танытты. Осының өзі әлгі немеге, шынында да, көңілі кетіп қалғаннан сау ма? Әйтпесе, бұның алдына қайдағы бір қу шұнақ құлға рақым тілеп келе ме? Жоқ-жоқ, бұнда бір гәп бар. Кісі бетіне тіктеп қарауды білмейтін ұялшақ Кіші ханымның бұл келісі тегін келіс емес, ол не де болса, жанын шүберекке түйіп, нар тәуекелге бел буып келіп отыр. Басын өлімге тіккенге барабар қылық. Әлгі немеге жаны шындап ашымаса, ол мұндайға өлсе барар ма? Сонда... Сонда... Күтуші кемпірдің анадағы айтып жүргені не боп шықты? Әлгінде ханымның өзі де: «Арамызда ештеңе болған жоқ», — деп ант-су ішіп еді ғой. Соның бәрі жалған болғаны ма? Жоқ. Жоқ... Ханым мынау терезеден күні-түні телміре төніп тұрған әзәзіл мұнара тұспалдаған әлдеқандай жұмбақ аңсарға ханым тіпті де кет әрі болмаған. О баста-ақ, оспадарсыз жігітті аяп, оған нөкер қызын жібергенде де тек өзінің абыройын ғана емес, мұнара тұрғызған жас жігіттің басының амандығын да ойлап істеген. Ендеше оған көңілінің әуелден-ақ құлағаны. Бірақ алтын тақты хан сарайдың аруағын да аттап кете алмапты. Албырт жігіттің асау дәмесін жазғырмаған да, жазаламаған да... Әміршінің ойы жылан арбаған торғайдай бір төңіректен шырқ айналып шыға алмай қойды. Бірақ мынау жер астынан жік шыққандай ойда жоқта сап ете қалған сұмпайы тұспалға көңілі әбден құлап тұр. Бәлкім, ханым өз құшағына ынтық болған асау дәмелі албырт жігітті тек мүсіркеп қана қоймай, өзі де алабұртып аңсаған шығар. Есіне анау жолғы түнде ханымның бөлмесіне барғаны сап ете қалды. Енді тапты... Ханымның сол жолғы түсінде құшқан еркегі басқа ешкім де емес — әнеу күнгі монтаны жігіт. Ханым онымен өңінде болмағанмен түсінде табысты. Ендеше ол сол бір жайнақ көз жас жігітпен өмірінде болмағанмен, көңілінде әлдеқашан қауышқан. Көңілінде ол ханымға бұдан гөрі әлдеқайда жақынырақ... Жаңа да соның жолына жанын құрбандыққа шалуға пейіл болып келді. Ал бұл болса шаршы ғаламды түгел тітіренткен Әмірші басымен түкке түсінбей, бала құсап, жылады екен деп мүсіркеді. Өмір бақи істеп көрмеген осалдығын жасады. Ұрғашының көзіндегі жас та бір, көзбояушының қолындағы алтын да бір - екеуінде де опа жоқ. Ханымның ақ неке төсегіне қаншалықты адал екенін әнеукүні түнде көзімен көрмеп пе еді? Ол өңінде аттай алмай жүргеннен түсінде аттап, өңінде істей алмай жүргенін түсінде істеп тынған жоқ па еді? Ендеше ханымның өңінде бұның алтын тәжді басының абыройын аттап кете алмай жүргені де қай ұрғашының да, қапелімде, тар төсекте алғаш табысқан бөгде еркекке аш беліне қол апартпай, бір қауым уақыт қарсыласатынындай жай әншейін құр мезірет қана екен ғой.


Әміршінің ойына осы түскенде, өңменіне әлдекім пышақ сұғып алғандай болды. Оның талайды көрген жұмыр басына бұрын-соңды дәл мынандай жарақат түскенін көрмеп еді. Мынау ол бастан кешіріп көрген жәбір мен жапаның ешқайсысына да ұқсамайды. Ол тұрған жерінде күлге айналып бара жатқандай сүлесоқ шөгіп, шөгіп отыра кетті.


III


Әмірші бұл дүниеде ештеңеге құлқы болмай сұлқ жүр. Базардан күніне сан сапат шапқылап келіп жататын жансыздарды да енжар тыңдайды. Зындандағы шеберді жазалауға да асыға қоймады. Күні кеше ғана көкірегін зірк-зірк қайнатқан өшпенділік те жым-жылас жоғалған. Оңаша бөлмеде ертеден қара кешке миын жейтін ащы ішектей шұбатылған қым-қуыт ойлар әншейінде жүрек қыжылдатып, намысқа шабатын нәрселердің бәрін түп-түгел мәнсіздендіріп жібергендей. Әміршінің ештеңеге құлқы соқпайды, ештеңеге асықпайды. Тіпті бұған дейін бір сәт бастан кешіріп көрмеген мына ахуалының сырын түптеп білуге де зауқы болмады. Ебіл-себіл бір тіршілік. Бір бұйығы мұң өне бойын дел-сал қып, әлсіретіп барады. Бұрлықтырып, белін жаздырмай, бүгежектетіп бара жатқан тымырсың жарақат. Ең болмаса жанымен қайғы қылатындай қып, қансыратып бебеулетпейді де.


Әмірші абайсызда басын жартасқа соққан асау шортандай әлденеге мәңгіріп қалыпты. Жер түбіндегіні ойлап, көріп-біліп отыратын сұңғыла басымен үш ұйықтаса түсіне кірмеген мынандай соққыға тап болды. Өзіне қиянат қылғандардың қай-қайсысы сияқты шебер жігіттің де көресіні көретінін іші біліп отыр. Бірақ оны қайтып азаптаса да, өші қайтатын емес сияқты. Оның күнәға ынтыққан арамза жүрегінен аққан қара қан бұның жанындағы жарақатты бәрібір жуып-шая алмайтындай. Қайта ол мұның өне бойын зіркілдетіп алып бара жатқан ашуды да, күні кеше ғана көкірегін аш мысықтай тырналап баққан ақи көз өшпенділікті де, тіпті алтын басты Әміршінің мынау жарық-жалғандағы ендігі тіршілігін түп-түгел пәтуасыздандырып жібергендей. Қаһарымнан Қап тауын ықтырам деп жүрген көкірегі ашудан да, ызадан да, өшпенділіктен де түгел айрылып, ағысы қатты өзенге абайсыз түсіп кеткен қураған сабандай қаңғалақтап қалыпты. Пәлен күннен бергі бұрлықтырып еңсесін езіп жатқан тымырсық сезімнің аты алданыш та, жәбір де, жапа да емес, жай әншейін өкініш боп шықты. Зіркілдеген ашудан да, қанды қайнатқан намыстан да ада мұндай өлімсіреген бозымбай бейшара сезімнің өкініштен басқа аты болуы ешқандай мүмкін емес. Сонда шартарапқа тізесін басып отырған сайыпқыран Әмірші не деп өкінеді? Ай астындағыларды түгел дерлік қаққанда қанын, сыққанда сөлін шығарып жүріп, шынашақтай төмен етек ұрғашының жүрегін бір өзі дербес иемдене алмағанына өкінеді. Бір төсектегі екі пенде екеуінің көңілі екі қиян жаратылғанына өкінеді. Сонда оның мынау тымырсық өкінішінің ар жағында Кіші ханымға деген өкпе жатқаны ма? Соңда алтын басты падиша төмен етек ұрғашыға өкпелей ме? Әмірші осы бір қара шыбындай оңай балалап жатқан пендешілік ойлардан серпілгісі, енді ештеңені ойламағысы келеді-ақ. Бірақ мынау құлазыған жалғыздыққа қарсы қылар қайраны — қайдағы-жайдағыны ойланып бас қатыру ғана. Осы бір аңылжыған жалғыздық көптен бері арқасына аяздай батып жүр. Көзге шыққан сүйелдей боп, өзге көптен жеке тұратын дара тіршілік әбден жүйкесіне тиіп біткен-ді. Бауырындағы балаларын әке боп, қойнындағы қосағын жар боп қызықтамаққа да мұршасы болмапты. Бауырынан өрген ұрпақ бұл мейірім білдіруге үлгермей жатып, ат жалынан тартып мініп, алды-артына кетіпті. Ол сол баяғы үйде де, түзде де құдай жалғыз, бұл жалғыз қалпында келе жатыр. Дүниеде көз алартатын жауының көбінің кезіне құм құйып, арқасын енді кеңге саларда Кіші ханымды түсіріп еді. Қартайған тәннің бабын табатын жас иіс болсын деп емес, жалғыздықтан қажыған жаны медет тұтатын қара болсын деп түсірген-ді. Кіші ханымның жастығына қарамастан орнықты, әйел басымен сабырлы мінезіне, ылғи бір арнадан аспайтын ибалы ізетіне көңілі бітіп жүр еді. Ана жолы алыс жорықтан оралғанда алдынан аспанмен тайталасқан көркем мұнара салып қойғанын көргенде, төбесі көкке жеткендей болып еді. Сол бір сүйек-сүйегінің бәрін еріткен көл-көсір қуаныштың енді, міне, күздің мизамындай кезінен бір-бір ұшқанына өкінеді. Тек Кіші ханымның көңілі ғана емес, күллі фәни тірлік түгелінен жалғаншылық екеніне көзі жетіп өкінеді. Дүниеге жұмыр басты дербес иеленіп туатын пенде пақыр өзгені қаншама қара тұтсын мейлі, қашан көзі жұмылып, жер астына түскенше қураған қу бас жалғыздықтан бәрібір құтыла алмайтынына көзі жетіп өкінеді. Бірақ жұмыр басты пенде біткеннің бәрі солай ма? Маңдайларына біткен азғантай бақ пен ырысты үрім-бұтағымен бірге бөлісіп, бұйырғанды қанағат тұтып жатқандар өмірі, сірә, жалғызсырайды дейсіз бе? Пенделік бақыт деген де сол шығар. Адамға лайық аз ғана тіршіліктің де, бәлкім, бар мән, бар мағынасы тек сонда тұрған шығар. Одан арғыға қанша кереленіп құлаш ұрғаныңмен пендеге бәрібір қанағат та, бақыт та бітпейтін болар. Соның бәрін қаншама арман, мақсат, мұрат деп күпілдегенімізбен, түптеп келгенде, жай әншейін ашқарақтық, тойымсыз нәпсінің ындынын күйттеген күпірлік қана шығар. Күпірлік жүрген жерде рақат пен ләззат болмақ емес. Ай астын аяғына жыққан бұл бір күн тыныш ұйықтады ма, бір күн қаннен-қаперсіз боп отыра алды ма? Ендеше, жұмыр басты пендеге соншама көп нәрсе керек емес екен. Жұмыр басты пенденің кез келгеніне лайық күйбең тірліктің қарапайым рақатынсыз қонған бақ пен даңқтың қай-қайсысы да соқыр тиынға тұрмайды екен. Кіші ханым да дәулетке де, дәрежеге де місе тұтпай, жұмыр басты пенденің қай-қайсысына да тиесілі кәдімгі пенделік бақытты, пенделік қызықты аңсағаны ғой. Жұмыр басты пенденің қыл-қыбыры аралас қарапайым қызығының жолында тәж бен тақты да құрбандыққа шалуға пейіл болғаны ғой. Алтын менен асылға толы сарайдан не керектің бәрін тапқанмен сол бақытты таба алмай, аласұрған болды ғой. Кіші ханым аңсаған әлгі пенделік бақыт мұның өзінде бар ма осы? Тақтың барын біледі, тәждің барын біледі, атақтың, даңқтың, дәулеттің, биліктің барын біледі. Бірақ бақытқа келгенде өзінің де тілі күрмеліп қалмай ма? Ызғындай ұрпақ, мол ырыстың ортасында отырып, айдалада жалғыз қалғандай, айналасы құлазып тұрса, мұның несі бақыт! Өзге түгілі өз үйінде астына ине шаншып қойғандай, жан-жағынан сезік аңдып, алақтап отыратын болса, несі бақыт? Өзге еркектер еркін кіріп, еркін шығатын өлең төсегіне жұрт көзінен ұрланып кіріп, ұрланып шығатын болса, ол не қылған бақыт? Елді аузыма қараттым деп жүргенде, ертең жұрт не дер екен деп жаны тырнағының ұшында тызығып отырса, ондай да бақыт болар ма? Пенде біткеннің бәрінен жоғары тұру жалғыз құдайға жарасқан дейді ғой. Адамға біткен астам даңқ, астам күш, астам өкімет, астам дәулет, астам өнер, түптеп келгенде, бәрі де бақыт емес, сор шығар. Айдай әлемді аузына қаратқан бұл түгілі, мұнара салып, бір шаһардың халқының көзіне түскен әлгі шебер жігіттің көрген күні мынау емес пе?! Түптеп келгенде, бұл үшеуінің күні күн емес. Басқа жұрт, ең болмағанда, дау-далабасын, іштерін кернеп бара жатқан құсаларын айтып, шер тарқататын кісі табады ғой. Бұл үшеуінде о да жоқ.


Егер осындай хал өздерінің емес, басқа біреулердің басында болып, бұдан билік сұрап келсе, үшеуін де жазғырып, жазаға тарта алмас еді. Ал бұл жолы ол кесімін айта алмайды, ол кешірімін жасай алмайды. Өйткені, үшеуі де бейшара, үшеуі де бір-бірінің мейіріміне телмірген қайыршы. Өңшең бейшара бір-біріне не көмек көрсете алады, өңшең қайыршы бір-біріне қайыр беріп не қарқ қылады? Ендеше бұның жас шебер жайындағы ел айтып жүрген лақапты расқа айналдырып тынам деуі әбден дұрыс. Шындап келгенде алтын саусақ шебердің жендеті бұл емес, көрмей-білмей сырттан тон пішіп, қор кекіректерінен шыққан күңірсік өсектеріне өздері де сеніп, өзгелерді де сендіріп жүретін әлгі өңшең шуылдақ қара тобыр. Шебер де, ханым да, бұ да — солардың сілімтік көздері мен пыш-пыш сөздерінің құрбандары. Егер бұл бір-біріне іңкәр боп, өліп-өшіп жүрген екі мұңлықтың тілеулерін берсе, ең алдымен сол көп шуылдақ шулап шығар еді. Мұның атарға оғы жоқ дұшпандарының өздері мұны сол сасық ауыз көп шуылдақтың айтып жүргенін бетіне басып табалар еді. Қайдағы пәлені бастап жүретін де солар, бұған ең азы күнәкар шеберге кесілер үкімді де солар айтып беріп отырған жоқ па? Ендеше сол немелер дегендеріне жетіп тынсын. Сөйтіп өздерінің бауырынан шыққанды өздерінің аузынан шыққанға жем қыла берсін! Өз лақаптарына өздері адаса берсін! Әйтеуір мұның сүйегіне дақ түсіргелі тұрған масқараны білмесе, көрмесе болды. Ендеше сол көкіме тобыр әлгі қаңқуларынан айнымай тұрғанда, тағы бір лақап таппай тұрғанда, жігіттің жазасын беру керек.


IV


Зындандағы тағы бір орын босады. Асылық ойлап, аспандағыға қол созған астам тілек шебердің нұр жайнаған қос жанары жендеттің қолындағы шоқ шашырап тұрған істік темірден ағып түсті. Бейшара жігіт көзінен айрылып, бебеу қағып жатқанда, тілі қырқылды. Қан-қан құр сүлдерді қыл арқанмен буып-буып, түн қараңғысында екі жендет дарияның ар жағындағы бір қыстаққа апарып тастады.


Талай жанның басын жұтқан Байтақ шаһардың көріп отырғаны бір бұл емес. Елден асқан өнер көрсеткен талай шебер осындай халге ұшыраған-ды. Бірен-саран жүрек жұтқандарының әлгіндей қатерлі жазадан қашып құтылғандары да болды. Жендеттің көмейін алтынға көміп, бастарына зауал төнген, Байтақ шаһардан ебін тауып, қашып кеткендер де бар. Олардың бір қатары өз өнерімен біржолата қоштасып, басқа кәсіпке көшсе, енді бір парасы ел асып, жер асып барып, басқа падишаларды паналайды. Ал азын-аулақ жүрек жұтқандары тақта отырған падишаның өлгенін күтіп, жаңа падишаның рақымына ұшырап, Байтақ шаһарға қайта оралады. Сондайдың біразынан хабардар Әмірші жас шеберді көз бен тілден айрылған соң да өз көзімен бір көріп тексеріп шықты. Қапқа салынып шандулы жатқан құр сүлденің, өзі жазаға кескен шебер екеніне көзі әбден жеткен соң барып, айдаладағы қыстаққа апарып тастауға әмір етті. Бірақ осынау жұлма-жұлмасы шыққан құр сүлдерді көргенде, бұрынғы ата дұшпандарын жазалағандағыдай айызы қанып, рақаттанбады. Ішінде шебер жатқан ала қапты көтеріп әкеліп көрсеткен екі жендет те бұған жай әншейін тауық ұрлап, тайынша ұрлап қашып жүрген сұғанақ, біреулердей көрінді. Олар осы бір ұрлық қапты сарайдан тезірек алып кетсе екен деп асықты.


Ертеңіне оған абажадай хан сарай бұрынғысынан бетер құлазып кеткен тәрізденді. Базар жаққа жіберген жансыздары да жарытулы ештеңе айтып келмеді. Қалт-құлт безбеннің екі басына кезек алақтап тұратын саудагер немелер көк тіреген көгілдір мұнараға қарап қоюға да мұршалары жоқтай. Шаңқ-шаңқ саудаласып, сарт-сұрт қол алысып, артық тиын-тебен жырғандарына мәз. Ол немелер тіпті дүниеде бұның, Ұлы Әміршінің бар екендігін де ұмытып кеткендей. Шаһар іші тым-тырыс. Әлде бәрінің де осылай бітерін әлдеқашан біліп қойған ба, бұл жіберген саудагер боп жүрген, дәруіш боп жүрген жансыздар қала халқынан да, шартараптан шұбырып жататын келімсек саудагерлерден де құлақ елеңдетердей ештеңе ести алмай қайтады. Жансыздар енді Ұлы Әміршінің көзіне көрінуге беттерінен басатын болды. Жансыздың бастығы базардағы шуылдақтың мынау сілтідей тына қалғандарын ішінен жақсылыққа жори қоймады. Саудасымен болып жатқан дағара бас алыпсатарлардың жылтыраған сақал-мұрттарының әр қимылын аңдып, іштерінде қандай ит өліп жатқандарын біле алмай дал болды. Енді олар саудасы жүріңкіремей, дүкендеріне көп адам келіп-кететіндерді тек базар ішінде емес, үйлерінің маңынан да аңдитынды шығарды. Махалла-махаллаларда қаңғырма дәруіштер, қайдағы бір ақсақ-тоқсақ қайыршылар көбейіп кетті. Бір топ жансыз баяғыда үйіне мұнараны салған ортөбелік шебер жігіт тұрған саудагерді айналдырып көріп еді, ол неме де хабарға жарытпады. Сол баяғысынша кімді әскияда жеңгенін, кімнің беденесіне бәс тіккенін айтып лепіргеннен басқа оның аузынан да жартымды ештеңе шықпады. Тек бір рет: «Мұнараны салған шебердің әкесі де баяғыда дәл осылай қуғынға ұшырап, қашып кеткен-ді. Содан араға жиырма жыл салып, баласын Байтақ шаһарға әкеліп, мешіт салып жатқандардың арасына қызметке орналастырып, көксау аурудан өліп қалды. Көрерсіңдер, баласы да сөйтеді. Бұның үйінде тастап кеткен дүниесі бар, соған ақыр түбі бір келеді»,— деп мақтаныпты. Жансыздардың бастығы оның соңына енді мықтап түсті. Бір күні жансызын әскияға жіберіп, әлгі мылжыңмен айтыстырып көріп еді, қызып алған неме, талай-талай сандырақты көкігенмен, ханым мен шебердің арасына килігетіндей ештеңе айтпады. Әміршіге шаһар халқының дәл мынандай ауыздарына сақ бола қалғандары ұнамады. Оның сырына түсіне алмай, талай таңды көзінен атырды. Өз тілдерін өздері жұтып қойғандай меңіреулене қалған көп шуылдақты қайтадан қайтып дуылдатарын біле алмай дал болды. Ертелі-кеш ерсілі-қарсылы сенделе-сенделе жіліншегі үзіліп кете жаздайды. Абажадай кең бөлмедегі әрбір тозаңды жатқа білетіндей болды. Енді оның ішінен қаңғыма ойына ілесіп айдалаға лағумен болатын кезбе жанарын бірауық тоқтататындай да ештеңе таба алмады. Қайта-қайта терезе алдына келеді. Терезе алдына келсе, ішіне шоқ түсіп кеткендей байыз таба алмай жүрген мұны үнсіз табалап тұрған кек мұнараны көреді. Кек мұнара басы қатқан падишаны әжуалағандай күлім-күлім етеді. Кейде сол күлімдеп тұрған көк мұнараға көзі түсетін көп шуылдақтың бәрі де сыртынан бұған миықтарынан күліп тұрғандай көрініп кетеді. Мына күлімдеп тұрған әзәзіл мұнараны көрген есі дұрыс адамның ештеңе ұқпауы, ұқса, мұны әжуа қылмауы еш мүмкін емес. Ендеше мынау көк мұнараны құртып тынуы, сүйтіп жұрттың езуіндегі жымысқы күлкіні көмірге айналдыруы керек. Әйтпесе ол мынау жан алғыштай жалаңдап қыр соңынан қалмай қойған қияңқы мысқылдан құтыла алмайды. Әркімнің жүрегіне қонақтап алған әзәзіл табаны сүйтіп аластағаны жөн. Енді жазыла бастаған жон арқасы кенет қайта құрысып қалады. Бұл ханым тұрғызған көк мұнараны өз қолымен қиратқызса, ел көңіліне қонақтаған әлгі бір сұмпайы лақапты өзі растап шықпай ма? Біреуден біреу естіп, анықтанығына көздері жетпеген соң, пұшайман болып жүрген күмәндарын біржола шындыққа айналдырып, басына төніп тұрған масқара бұлтын өз қолынан қоюлатып алмай ма? Ол қайтадан амалы таусылып, кеміріліп бара жатқан екі шекесін қолымен мытып ұстап, шөгіп отыра кетеді. Солай алсал отырады да, бір уақыттарда қарғып тұрады. Жаңа ғана амалсыздықтан күлгін қоламтадай бозарып жатқан көмескі жанары кенет шоқтанып шыға келді. Мына томсырайған еріндердің ар жағынан бері шыға алмай жатқан пұшайман қаңқуды сол жатқан жерінде біржолата тұншықтыратын амалды ақыры тапты. Оның бұдан артық жолы болуы еш мүмкін емес. Көк мұнараға байланысты бар шындықты өз көзімен көріп, әз қолынан өткерген бір ғана адам бар. Ол — бас шебер. Ел арасына қаңқу тараса, тек содан ғана тарайды. Ендеше оның көзін құрту керек. Мынау іштерінен тынып жатқан ұры көз жұрттың назарын соған аударуы керек. Күлімдеген көк мұнараға бір жан қол көтерсе, тек сол ғана көтере алады. Бас шебердің өзінен бір мысқал асып кеткен кісіні әкесін өлтіргеннен бетер жек көретінін басқа білмесе де, бұл біледі. Көк мұнараның елге көрсетпей бір кірпішін алып таста десе, ол қуана-қуана істейді. Іші тар шебер сосын қылмыс жасап жатқан жерінде ұсталады. Ел арасына «Бас шебер көк мұнараны салған жас шеберді көре алмайды екен, ол салған мұнараны астыртын құлатып тастай жаздапты. Тіпті анада Әміршіге жас шебердің үстінен ғайбат айтып барып, жазалатқан да сол екен», — қаңқу тарайды. Әмірші өз тұрғыласына қысастық қылған іші тар шеберді жұртқа естіртіп жазалайды. Көп шуылдақтың сосынғы әңгімесі екі шебердің арасындағы бақастық турасында боп кетеді де, ханым жайындағы қаңқу өз-өзінен жоққа шығады. Бұның астанасының көркі — көк мұнара да сол орнында тұра береді. Әміршінің айтқанын жансыздардың бастығы бас-аяғы екі күннің ішінде жайғастырып шықты.


Аяқ-қолына кісен салынып, айдалып әкелінген бас шеберді Әмірші тергеп-тексерген де жоқ. Сақал-шашы бір түнде ағарып кеткен бас шебердің жүзіне тесіле қарап отырды да, әлдене дегісі кеп, кемсеңдей бастағанда, қасындағы сақшыға дереу аузын байлатып:


— Ғайбатшыл неменің басын пәлеге душар қылған сасық тілін кесіңдер де, зынданға апарып қамаңдар. Сонда шіріп өлсін! — деп әмір етті.


Ол есіктен сүйретіліп шығып бара жатқан бас шеберге жиіркене қарап тұрды. Опасыздық пен зұлымдықтың қыл көпірінен талай өткен Әмірші іші тар, күншіл адамдарды жек керетін. Бірақ қарауындағыларға бастықты ылғи сондайлардан қоятын. Әсіресе шеберлерге, зергерлерге, ұсталарға әр қилы өнер адамдарына, ылғи да ішегіне қыл айналмайтын қарауларынан бастық қоятын. Өйткені, ол өз астанасының ажарын дүниедегі барлық астаналардан асырмақшы еді. Сол үшін де дүниедегі ең мықты деген шеберлерді өз қол астына жиып баққан-ды. Мұндайда кең пейіл кісінің мақтағандарын жинағаннан гөрі әлгіндей қызғаншақ, тар пейіл кісілердің жамандағандарын жинаған дұрыс. Өйткені, дүниедегі ең қырағы көз қызғаншаққа біткен. Ондай немелер өзінен сынық сүйем асатын біреуді көрсе болды, дереу байбалам сала бастайды. Дәл мынау есіктен сүйретіліп шығып бара жатқан көзі ылғи қысыңқы, құлағы ылғи түріңкі жүретін ылғи қатпа, жыламсақ неменің ғайбатының арқасында ол талай-талай бармағынан бал тамған щеберлерді тапқан-ды. Бірақ өзін бас шебер қойғанмен Байтақ шаһарда жұрттың көзіне түсетіндей ештеңе салдырмады; ол салған жалғыз нәрсе — хан сарайының астындағы тас зындан ғана. Тас зынданға түсер жерге Әмірші: «Барар жерің бәрібір жердің асты» — деген бір ауыз сөзді қашап жаздырған-ды. Ендеше, әлгі неме сол өз қолынан салынған тас зынданға өзі барып отырып көрсін.


Әмірші мынау сілімтік немені зынданға салғызғанына анадағы жас шеберді азаптағанынан гөрі әлдеқайда көбірек айызы қанып қалды.


V


Бас шебердің зынданға түскені жайлы хабар шаһар ішін бір дүңк еткізді де, басыла қалды. Әбден ажалы жетіп тұрған қураған шөпке от тигендей тез тұтанды да, тез сөнді. Бір-екі күн бойы өлген әкелері тірілгендей екі езуі екі құлағында келетін жансыздардың қабағы қайта салбырады. Үлкен ханымның сарайы сол баяғысынша тым-тырыс. Әмірші есігінен аттаған адамның аузына телміреді, әр қимылын көзімен тінтіп сыр тартқысы келеді. Тіпті дастарқанға қойылған тамақтан да, салынатын төсектен де, қызметшілері күнде жаңартып әкелетін киімдерден де әлдеқандай тұспал іздейді. Бірақ ешқайсысынан да назар аударта қоятындай нышан байқамайды. Бәрі де тап-тұйнақтай. Енді оған қызметшілері бұның көңілінің қалтарыс түкпірінде жатқан ең бір тұңғиық құпияны түгел біліп ап, бұның ойына күдік шаптырмаудың айла-амалын қарастырып жүргендей көрінеді. Тіпті күні бойы шаһарды шарлап қайтатын жансыздарының өзі бұның жанын жараламасқа естіген жайсыз хабарларын жасырып, әншейін көңіл алдарқатар бірдеңелерді әдейі айтып келетін секілді. Шынында да, мұның шамына тиетіндей сөлекет хабарды олар естісе де, тістерінен шығара ма? Өйтіп өле алмай жүр дейсің бе? Ендеше, елден естідік деп айтып келетіндері шетінен шып-шылғи өтірік.


Шаһардың халқы мынау жұмбақ мұнараны әлдеқашан-ақ сан саққа жүгіртіп қойған. Олар мұнараның күлімдейтінін де, жас шебердің жазаға қалай ұшырап жүргенін де, бас шебердің ойда жоқта зынданға қамалу себебін де жақсы біледі. Қажет десеңіз, Ұлы Әміршінің жорықтан қайтқалы Кіші ханымның сарайынан аттап шықпай қойғанының сырынан да хабардар. Әмірші жас иіс қызықтап, жар құшып алдарқанатын жастан кеткен. Ендеше ол осынша ұзақ уақыт нақ сүйерімен мауқын басып жатқан жоқ. Бетіне шіркеу бірдеңесі болған соң ел көзіне көріне алмай жатыр.


Әмірші осыны ойлағанда, әлдекімнің сұғанақ қолы шымбайына батыра шымшып алғандай ыршып кетеді. Орнынан атып тұрып бөлме ішінде сенделіп жүреді, жүреді де, байыз таба алмай бақ кезеді. Өзінен басқа тірі жан аяқ баспайтын, оңаша бақта да мың сан көз оны тасадан бағып, көз жазбай аңдып тұрғандай көрінеді. Ол көп жүрмей бөлмесіне қайта оралады. Әлдекім желкелеп әкеп, осы бір төрт қабырғаның ортасына қамап кеткендей, ешқайда аттап шыға алмайды. Құлыпсыз түрме, кісенсіз тұтқын. Ол үшін ендігі тірлік түп-түгел түрмеге айналғандай. Оған ең азы, кез келген жұмыр басты пенденің көлденеңнің көзінен тасадағы азын-аулақ еркіндігі де бұйырмаған. Әр адымы санаулы, әр сөзі аңдулы. Былайғы пенденің бәріне тән қарапайым тілек, іңкәр атаулы оған жат. Өйткені ол жұрт таңғалмайтындай ештеңе істеуге тиісті емес. Жұрт секілді қарапайым іс істесе, жұрт секілді қарапайым сөз сөйлесе, көбік ауыз көп қара таяқтың табасына ұшырайды. Бұның ашса алақанында, жұмса жұдырығында жүріп қалған қара тобыр күні кеше тәңір тұтып, аузына қарап жүргендері өздері сияқты жай әншейін пенде болып шыққанын көрсе, тұлындарын түтеді. Баяғыдан бергі алданып келген ақымақтықтарының өшін табамен қайырады.


Олар дәл осы қазір де мұны жабыла жамандап, жабыла табалап жатпағанына кім кепіл? Талай-талай тәж бен тақытты жай түскендей домалатқан падиша еркектің темір тегеурінін аңсаған мекер ұрғашының қомағай қолқасын орындайтын қайран таба алмай қор болғанын айтып, ішек-сілелері қатпайды дейсің бе? Кез келген еркек кіндіктей өз көзіне шөп салған өзге еркектен кегін жария қайырмай, бұқпантайға салып жүргенін айтып мазақтамайды дейсің бе? Тәңірден соңғы зор деп жүргендері кісінің қоры боп шыққанына әбден айыздары қанып, бір жасап қалатын шығар. Шіркін, сол бір сыпсың-сыпсыңды өз құлағымен естір ме еді. Сандарын соғып, беттерін шымшып мәз-мейрам боп жатқандарды өз көзімен көрер ме еді... Мынау көкірегін көр тышқандай кеміріп жатқан меңіреу күдік-күмәннан соның өзі дұрыс болар еді. Бұл ел аузына құм құям деп тыраштанған сайын сол сұмпайы лақап күшейе түсетін сияқты. Ендеше бұл несіне бұқпантайлайды. Ел көзіне неге көрінбейді. Енді не де болса, мынау қаракөлеңке үңгірде кәрі аюдай қамалып жатып, абырой таба алмасы белгілі болды. Ел не десе о десін. Қайткен күнде де мынау байлаусыз тұтқыннан босанбай болмайды. Күмән мен күдіктің шірік арқанын үзіп, халықтың көзіне көрінуі керек. Сонда жұрттың ауыздары барып айта алмай жүргендерін, ең болмаса, көздерінен аңғарады ғой.


Ой, шіркін, баяғыдағы бір замандар болса, дәл қазір қара тобырға қас қылғанда ұлан-асыр той жасар еді. Жұртты аузы-мұрнынан келтіріп, шарапқа қандырар еді. Сосын мас болғандардың не деп көкіп жүргендерін тыңдап көрер еді. Олай етудің енді, міне, еш қисыны келмей тұр. Байтақ шаһар түгілі төңірегіндегі өз әулеті мен әмірлерінің не ойлап, не қойып жүргенін біле алмай пұшайман. Олардың басын қайтып қосса екен... Шынында да мына мұнара оның бетіне шіркеу болған тәрізді. Бұның осы бұншама бүгежектеп қалғаны несі? Қанша дегенмен жалпақ жаһанды қалтыратқан қаһарлы хан аты бар емес пе? Сол немелерді жиып ап, бетпе-бет кездесіп, көздеріне неге үңіліп көрмейді. Оның үстіне мынау тас қамауда қашанғы қамалып отыра бермек. Басқаны былай қойғанда бауырынан шыққан шұбар жылан Кіші ханым мен әр адымын аңдып, тың тыңдап жатқан бәйбішесіне, солардың соңындағы көп шуылдақ нөкерге таба болмай, серпілмей ме бір... Өзі не істесе де, ауыздарын ашып, айран-асыр қылатын қор көкірек көп надан, бәлкім мұның бұл қылығына да жерден жеті қоян тапқандай таң қалар. Ең болмағанда, әйтеуір, өз төңірегіндегі көп шуылдақтың көңілдеріне не қашып жүргендерін аңғарып қайтады ғой.


Ертеңіне Әмірші бас уәзірді шақыртты. Бас уәзір есіктен бүгежектеп әрең аттады. Бір қараса ар жағындағыны түгел көріп қоятын бадырақ көзін жерден көтерген жоқ. Әмірші бұйрығын айтып бола бере, құлдық ұрып шығып кетті. Әміршіге кәрі түлкінің дәл мынадай қорғалақтап қалғаны ұнамады. Өз ойындағы күмән шын боп шығып жүрмесе қайтсін. Сарай маңындағылар Әміршінің кейінгі қылықтары неден өрбіп жатқанынан түгел хабардар емес пе өзі? Әлгі түлкі бірдеңеден сыр алдырып қалам ба деген кісіше кетуге асықты ғой. Өңінде бір үрей бар сияқты. Әлде бұдан өзі жоқта мынандай сұмпайы мұнараны неге салдырдың деп, бас шебердің кебін кигізіп жүре ме деп қорықты ма екен? Ол да мүмкін-ау! Қап, өзін жібермей ұзағырақ ұстай тұрмаған екен. Көп адам мұның үнсіз сотына шыдай алмай, қипақтап бітетін. Ол бос уәзірді тағы көргенше асықты. Одан басқа сарай адамдарын да, балалары мен әмірлерді де тезірек көргісі келді. Олар да әлгі бас уәзір құсап бүгежектер ме екен, жоқ па екен? Егер олар да жаңағы құсап, бастарын іштеріне алып, қорғалақтай бастаса, бірдеңені білетін болғандары...


Төрт-бес күннен соң Ұлы Әмірші аңға аттанатын болды. Үйір-үйір аңшы иттер, тазылар, садақшылар, Әміршінің қара-құрым жеке нөкері, аспаздары мен қызметшілер, аң үркітетін кернейшілер мен дабылшылар —ұзын шуақ керуен астанадан шығып, ту-ту көз ұшында еміс-еміс көгеріп жатқан зеңгір тауларға беттеді. Бір күншілік жол жүріп керуен тауға да жетті. Сарай адамдары, әкімдер, қол басылар, Әмірші әулеті ақар-шақар шыңдардың арасынан арсы-гүрсі құлайтын жойқын өзеннің бойындағы ну жынысты қойнауға шатырларын тікті. Тау арасы мен өзен бойындағы жыныстарды түгел сүзіп шығатын болды. Қызылды-жасылды керуен, жүзіктің көзінен өткендей сүлік сәйгүліктер, бес қарулы беліндегі сәнді саптар бұның баяғы бір шарасына толып шалқып жүрген дәурендерін еске түсіргендей. Жазықта миыңды шағып тұрған шақар шілде тау қойнауына кірген соң, қайратынан айырылып қалыпты.


Тау бойына қонған күні Әмірші ағыл-тегіл дастарқан жайды. Шарап судай ақты. Жұрт қанша дуылдасқанмен, Әміршінің құлағы елең етердей ештеңе аңғарта қойған жоқ. Бәрі де сол ертең басталғалы тұрған аңшылықтың жайы. Ат мақтаған, ит мақтаған, құс мақтаған кеу-кеу. Мергендіктерін салыстырып қызарақтасқан мақтан әңгіме. Әмірші айналадағы абыр-жабырға құлағын тоса отыра ренжірін де, қуанарын да білмейді. Әлденеден алданып қалған адамдай, қабағын салбыратып, тұнжырай түсіпті. Сол күні түнде де көз іліндіре алмады. Аңшылыққа қонған самсаған көп шатырда сес жоқ. Маңай тым-тырыс. Сыртта маужыраған жазғы түн. Саф ауа, өн бойын ал-сал албыратып бара жатқан бал шарап. Ертеңіне ертемен басталғалы тұрған ду-ду сайран. Одан артық қандай рақат керек. Көрші шатырлардан қор-қор дыбыс көбейді.


Әміршінің жақсы көретіні осындай түндер, осындай өмір. Сонау Байтақ шаһар мен қыстақтардың шым-шытырық махаллаларына тарап-тарап кеткеннен кейін соңындағы мынау көк найзалы қарақұрым қол түзеп жүрген көп еркек әрқайсысы бір-бір қатер, бір-бір үрейге, ең құрығанда бұл жайында аузына не келсе, соны оттап отыратын бір-бір көкімеге айналады. Ал қасында жүрсе бәрі жіптіктей, бәрі момақан. Қасы мен қабағына қарайды. Кейде тіпті олар бұның шетсіз-шексіз көп үрім-бұтағы секілденіп кетеді. Әншейіндегі бейбіт өмірден бір елі аттап шыққан соң, бәрі бірдей бұны паналап, баурына кіре түскендей. Міне, айлы түнде, жан-жағынан анталаған ақар-шақар шыңдардың арасында, бабасының төсегін шыр айнала қоршап алып ұйықтайтын тентек немерелердей, қаннен-қаперсіз қорылдасып жатыр. Аңғар табанындағы ағын су солардың құдіретті қорылымен бәсекеге түскендей, түнгі тыныштықты басына көтере сарқырайды. Оның сергек құлағы жұп-жұқа жібек шатырдың ар жағындағы ұлан-асыр дүниедегі сәл сыбыс, сәл сыбдырды қалт жібермей қағып ала қояды. Жүйкеңді тікен боп шағар, кірпігіне тіреу боп қадалар бөгде дыбыс жоқ. Түнгі тыныштық тамылжып-ақ тұр. Бірақ көзіне ұйқы үйірілмейді. Айналадағы жыныс арасынан аң иісін сезе ме, оқшау қостағы тазылар қайта-қайта қыңсылай береді. Шатыр сыртында құлаққа естілер-естілмес қыбыр көп. Әлдебір жәндіктер жыбыр-жыбыр түнгі тіршілігіне кіріскен. Әлдеқайдан шілделік шырылдайды. Соншалықты қарапайым болса да, бәрібір ақылың жетпейтін шым-шытырық шытырман дүние. Пәлен күннен бері көкірегін көк түтіндей бықсытып келген көп тұман ыдыраған тәрізді, бірақ біржола сейіліп те кете қоймапты. Ұйқысы келмегенмен өне бойы құп-қунақ. Мынау маужыраған тыныштықтың қойнына біржолата сіңіп кеткісі келеді. Тақты, тәжді, төбесіндегі шатырды талақ етіп, жым-жырт түнгі мұнарға бөгіп манаурай жатқан маужыр табиғаттың құшағына бір-ақ сүңгіп жоғалғысы келеді. Сырттағы түн салқынын пайдаланып өз қарекеттеріне кіріскен кішкене мақұлықтардай не істеп жатқанын өзінен басқа ешкім білмейтін, бөгде көзге еш қызығы жоқ, бір елеусіз тіршілікке көшкісі келеді. Ізін баққан көп көз бен көп сөзден құтылса, қайтадан ешкімнің ала көзіне ілікпейтін жай бір жұмыр басты пендеге, тіпті кез келгеннің, аяғының астында жататын елеусіз мақұлқатқа айналсын мейлі, әйтеуір мынау көзге шыққан сүйелдей көзтүрткі өмірден құтылса, еш арманы болмас еді. Қазір жібек шатырдан сытылып шығып, ну жыныстың арасына қойып кетсе ғой, шіркін. Ертең соңындағы қарақұрым нөкер не өзін, не сүйегін таба алмай, Байтақ шаһарға қайтар еді, ел аузында бұл жайында небір адам сенгісіз алыпқашты аңыздар тарар еді. Бұл соны естігенде миығынан күліп, ақымақ тобырдың көк ми есуастығына әбден айызы қанар еді...


Әмірші мынау қасқыр қиялының ешқашан жүзеге аспайтынын білсе де, көңілі бір түрлі тыншу тапқандай болды. Шатырдың аузынан бастап, бүкіл қосты шыр айнала қоршап жатқан кілең сақшы бұдан тіріде көз жазар ма... Өзі ойлап шығарған төр мен тәртіптің қыл тұзағы өз тірсегіне түскенін ойлағанда, Әміршінің көкірегі қайтадан кермек тартып қоя берді.


Бірақ Әмірші өне бойын балбыратып бара жатқан жым-жырт түннің жұмбақ рақатынан айрылғысы келмеді. Әлгінде ғана өзін пейіштің төріндей бір жайлы мекенге бастай жөнелген тентіреуік соқпақты қайтадан тауып алды. Ол оны мынау аңшылық алдында алаңсыз қорылға басқан қостан, күдік пен күмәнды кезек құшқан пұшайман тіршіліктен біржолата алыстатып, әлдеқайда жетелеп барады. Енді бұл өмір, бұл өңірге ешқашан оралтпастай. Ол мынау қарғыс атқан қағынды өлкеден алыстаған сайын басындағы зіп-зілдей тәжден, үстіндегі оқалы киімнен арылып, тұла бойы жеңілейіп бара жатқандай көрінді. Бір уақытта тіпті иығындағы лыпа ихрамға айналып кеткен екен дейді. Ақ майса топырақты жалаң аяқ борп-борп басып келеді. Көз алдында бұл бұрын көрмеген бейтаныс өлке. Күн мен жел мүжіп тастаған қоңыр таулардың ортасында шағын шаһар жатыр. Соған қарай ұзын-шуақ көп тобыр жөңкіліп барады. Соңдарында ілбіп бұ да келеді. Әлдебір сөздерді қырық қайтара қақсай бергендіктен тамағы құрғап, даусы қарлығып қалыпты. Қанша айқайласа да, үні шықпайды. Тек еріндері ғана жыбырлайды. Алдынан кесе-көлденең түсіп жатқан қара сұр жота көрінді. Жұрттың бәрі соған қарай емпеңдей жөнелді. Түс ауа олар әлгі жотаға да жетіпті. Жотаның басына үстіне кілем жапқан ашамайлы аппақ желмаяға мінген ақ сәлделі біреу көтерілді. Түйеден түспеген күйі, тізесінде жатқан кітапты ашып, күңірентіп оқи бастады. Күңіренген қою даусы оқтын-оқтын үзіліп кетеді. Сол кезде ихрамның етегін қолдарына ұстап, желпіп тұрған көп тобыр:


— Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірміз,— деп шу ете қалады. Мұндай құлдық ұрған сөздерді өзгелерден естігенмен, өзі айтып көрмеген Әмірші қапелімде аузы илікпей, жамырасып жатқан жұртқа көптен соң барып қосылады. Қасындағылар ағыл-тегіл жылап тұр. Бұның көлденең көзге сыр алдыртпаймын деп, көң боп қатып қалған сұп-сұр бетінде бір тамшы жас көрінбейді. Кеңірейіп тұрғанын біреу-міреу аңдап қалмасын дегендей жұрт айтып жатқан ұзын сарынға қосылып, жерден басын көтермеген күйі ол да әлдене деп ернін жыбырлатады. Түйенің үстіндегі ақ сәлделі кісі алдында жатқан кітапты жауып, қолын жайып бата қылды. Жұрттың бәрі жер тізерлей кетті. Батадан соң қара сұр қыраннан ине шаншар жер қалдырмай жыбырлап тұрған көп халық етектегі қойнауға қарайлап қойды. Бір жерде бұ да келеді. Өкпесі өшіп барады. Бірақ жұрттан қалып қоймайын деп ақ тер, көк тер боп жүгіріп келеді. Бұлар жотадан түсе бере әлдеқайдан ызы-қиқы саздар сарнап қоя берді. Аспанда жарқ-жұрқ оттар атылды. Мана күндіз әлгі ақ сәлделі адам құран оқыған қара сұр қыраңға келе жатып, көзіне түскен кең қойнауда қаз қатар тізіліп тұрған ағаш мұнараларға әлдекім от берген бе, шырадай маздап лаулап жанып жатыр. Шошақ-шошақ төбешіктер арасындағы иір-иір қойнаулар быжынаған отқа толып кетті. Кең алқапқа самсай қонған шатырлар түнгі алаудан әр алуан шұғылаға малыныпты. Осынау мидай қайнаған алабажақ дүниенің ортасында о да таң атқанша сенделіп шықты.


Ертеңіне кешегі ақ түйелі адам тағы да дұға оқыды. Жұрт тағы да жапатармағай намазға ұйыды. Намаздан соң тағы да етекке қарай жөңкіле жөнелісті. Қойнауға кіре берістегі жол ортасындағы қаққан қазықтай қара тасқа әркім қалтасынан жүгерідей-жүгерідей жеті қара тас алып лақтырды. Мекеге қажыға барғанда киетін киім. Алқаптың орта тұсына жете бергенде, тағы да тап әлгіндей қап-қара тас баған жолықты. Оған да жеті тас тастады. Ең соңында жұрт бұжыр-бұжыр қара тастардан қалай болса солай қалай салған тас қабырғаға тірелді. Оған да жеті тас тасталды. Олар енді дәу-дәу тай қазандар асылған жер ошақтарға беттеді. Қазанның маңында қолына сапы ұстаған қасапшылар жұрттың ишарға атаған малдарын жайғастырып, әлеңкідей жаланып жүр. Қазандықтардың арасында қайдан шыққандары белгісіз, қайдағы бір жұтынған жарлы-жақыбайлар, қол жайған қайыршылар қаптап кетіпті. Ихрам кигендер бір шетке шығып, қолдарына иір мойын жез құман ұстаған біреулерге шаштарын жібіттіріп жатыр. Біреуінің алдына барып, жүрелеп бұ да отырды. Иір мойын жез құманның шүмегінен саулаған жылы судан көптен бері құрысып-тырысып жүрген төбе құйқасы бірден жазылып жүре берді. Шашын жібітіп тұрған қайыс қара қынынан сумаң еткізіп ұстара суырып алды. Қимылына көз ілеспейді. Бұның шашын әпсәтте-ақ сыпырып тастап, енді аяғы мен қолының тырнағын алуға кірісті. Сосын шашын бір бөлек, тырнағын бір бөлек түйді де, екі кішкене түйіншекті қосақтастыра байлап, жерге көмді.


Тай қазандар түсірілді. Иін тіресе жайғасқан қарақұрым халыққа табақ-табақ ет тартылды. Ертеңіне жұрт шатырларынан шықпай күн ұзаққа дем алды. Араға тағы бір күн салып барып ойпаңда жатқан шаһарға беттеді. Түске таман шаһарға жетті. Қарсы алдарынан мысырлықтар алып келген су жаңа қара перде жабылған қағба көрінді. Жұрт қағбаның дәл қасына кеп тоқтады. Әлдекім бірдеңені дар-дар айырып жұртқа үлестіріп беріп жатты. Ол тәбәрікке жыртылып жатқан қағбаның бұрынғы шымылдығы екен. Анадайда қази уағыз айтатын мәрмәр мінбар ағараңдайды. Зәмзәмнің құдығының үстіне шағын күмбез орнатылыпты. Ол да жапа-тармағай қол жайып жатқан жұртпен бірге дұға қылды. Сосын қағбаның қара тасының қасына барып тұрды. Қара тастың үстіңгі беті жұрттың ерні мен қолының табынан жып-жылмағай боп жылтырап қалыпты: ал астыңғы беті қаралтым, қызғылт дақтары мол, тарғыл-тарғыл. Өзгелер еріндерін апарғанда былқ етпестен жатқан қара тас бұл еңкейе бергенде, бір қапталға қарай жылысып кетті. Қолын ұмсынып көріп еді, о да жетпеді. Көк желкесінде итермелеп тұрған көп тобыр оны қара тастың қасынан ысырып, ығыстырып әкетті. Ол үрдіс бойынша екі иығын жоғары-төмен қиқақтатып, бүлкілдей жүгіріп, қағбаны үш рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа еңкейеді, ол бұдан қашқақтап, әрмен жылысып кетеді. Енді жүрісін баяулатып, жай аяңмен қағбаны тағы да төрт рет айналып шықты. Әр айналып шыққан сайын қара тасқа иілгенмен, ол бәрібір маңайлатпай қойды. Өзге жұрт аузы жетпесе, қолдарын тигізіп жатыр. Бұл дегенде қара тас ойнақшып орнында тұрмайды.


Ол енді жұртпен бірге ауланың ішіндегі қағбаны салған Ыбырайым пайғамбардың қабіріне барып тағзым етті. Зәмзәмнің құдығынан су тартып ішті. Киелі құдықтың суы бір түрлі алғаулы екен. Ішкен сайын өңешін шоқ боп қарып жатқандай. Жұрт қағбаның ауласынан шығып, анадай жерде бір-біріне қапталдаса сұлап жатқан егіз тау Саф пен Мәруға қарай бүлкілдей жөнелді. Бұ да еріп келеді. Көз алдынан маңына бұл жоласа болды, сырғанақтап бір орнында тұрмаған қара тас кетпей қойды. Иығына алғаш ихрам ораған күннен бастап, қажыға келген кісіге шартты кәденің бәрін істеді; Ғұсылын да, намазын да қаза жіберіп көрген жоқ; тырнағын бояттырып, өне бойын ібіліс ластықты қуып шығады дейтұғын киелі маймен сылаттырды; ұмраны уақтылы атқарып, ишарға ақ түйе атады. Қағбаның ауласына жерленген жүзден астам пайғамбардың қабірінің қай-қайсысын да атаусыз қалдырмай, бастарына садақа байлаған-ды. Иығында иһрам барда қан төккен, жеміс жеген, айнаға қараған, көңіліне қара не күнә қашқан жері жоқ; өңі түгіл түсінде жанына ұрғашы жолап көрген емес. Сөйте тұра қажы атанып, басына сәлде орайтын шақта киелі қара тас қақпайлап мұны маңына жолатпай қойды. Ол мынандай ауыр жазаға қай пиғылынан тап болғанын біле алмады. Қасиетті Меке топырағын аттап, ұмра мен хажының барша жол-жорасын түгел атқарған, қағбаның қара тасын сүйген мұсылманның қай күнәсі де кешіріледі дейтіндері қайда? Зәмзәмнің суы көкірегін сілтідей жидітіп бара жатқаны несі?


Ол алдында бұрқ-бұрқ шаң көтеріп бүлкілдеп бара жатқандардың соңынан қызыл танау боп салып ұрып келеді. Тамағы құрғап, тынысы бітіп қалды. Көз алдынан сол баяғы тарғыл-тарғыл киелі тас кетпей қойды. Ол мұның алдына түсіп ап, шарықтың тасындай шыр көбелек айналып, қашып бара жатыр екен дейді. Қанша қуғанмен жеткізер емес.


Шұбырған халықтың алды баяғыда Ыбырайым қағба салып жатқанда жалғыз ұлы Ысмайылға бір жұтым су таба алмай әйелі Агөрдің жеті рет айналып жүгіріп шыққан Саф пен Мәрудің арасындағы қойнауға жетті. Екі өкпесін қолына алып, бұл да келді. Жан даусы шығып: «Хақ тағала, қай қызметіңе де әзірмін» — деп айқай салып келеді. «Тек жұртқа жасаған мейіріміңді маған да қия гөр» — деп екі етек боп жалбарынып келеді. Бірақ тірсегінен қағып өтіп, шыркөбелек үйіріліп, шыр айнала қашып жүрген қағбаның қасиетті тарғыл тасы бұған бәрібір жеткізер емес. Ол дауысым Алланың құлағына тимей жатыр-ау деген кісіше, құрғап қалған көмейін қаттырақ кенеп, бар күшін салып, айқайлады: «Ләббай...»


Әмірші әлдебір әжептарқы дауыстан оянып кетті. Жібек шатырдан жұқалаңытып күн көрінеді. Шамасы таң әлдеқашан атса керек. Сырттағы жұрттың күбір-күбірі құлағына талықсып жетеді. Әмірші қасындағы кішкене қоңырауды сыңғыратып еді, есіктен қызметші кірді. Аң аулауға лайық ықшам киім әзірлепті. Ол киініп сыртқа шыққанда, күн тұсау бойы көтеріліп қалған екен. Аттың бәрі ерттеулі. Аңға қосатын тазылар, дүрегей төбеттер, бөрібасарлар мен аю алатын салпы ауыз арландар алақызып, жұлқынып қояды. Құсбегілердің қолындағы бүркіт, қаршыға, ителгі, лашындар таңғы тыныш ауаны бастарына көтеріп, жыртына шаңқылдасады. Мұнарсыз таңда қарлы шыңдар айнадай жарқырайды. Төңірек тып-тыныш. Тек төменнен, аңғар табанынан тау өзені күркірейді. Мынау бес қаруы белінде, құс ұстап, ит ерткен қаһарлы қалың дүбірден өздеріне ешқандай қауіп жоғын білетіндей, кішкене жыршы құстар жақ жаппай сайрайды. Олардан басқа аң мен құс әлдеқайда жымып кеткен. Әмірші анадай жерде қаз қатар тізілісе қалған игі жақсыларға көзі түсті. Олар қоғадай иіліп, тағзым етіп жатыр. Әмірші солғындау сәлем мезірет жасады да, екі нөкер жігіті ұстап тұрған атына қонды. Садағын асты. Шоғыр-шоғыр жұрт үзеңгіге аяқ салысты. Кернейдің дөрекі үні қойнау үстінде көлкіп тұрған көк шәйідей көк ніл ауаны дар-дар жыртып, барқырай жөнелді. Соңдарына кернейшілер мен дабылшылар ерткен аң қайырмалайтын шолғыншылар елдің ең алдымен аттанды. Олар топ-топ боп, аң жатар жыра-жықпылы мол, жынысы қалың ұрымтал тұстарға беттеді. Олар жол-жөнекей аң ұшырасса, игі жақсылар қапыда қалмайтын ашық алаңқайларға айдап шығады. Әмірші мен игі жақсылардың көк желкесінде көлденең қауіптен бас-көз болатын көп нөкер келеді.


Самсап шатырлар қонған салтанатты қосқа азын-аулақ қарулы сақшылар тасталды да, басқа жұрт аң қуатын қойнауға ағылды. Аң қайырмалайтындар ақ бас шыңдарға барып бір-ақ тірелетін сілем-сілем тар қолаттарды сүзіп кетті де, былайғы жұрт етектегі кең алқапқа бағыт түзеді. Тамақ пісіретін аспаздар таң атпай жатып қатар-қатар жер ошақ қазып, жағалай тай қазан асып тастапты. Әміршіде үн жоқ. Қасындағылар да тым-тырыс. Олардың қасы мен қабағына қарап, құрақтай құлап құлдық ұрып жататыны әншейінде Әміршіні масаттандырып тастайтынды, бұл жолы көңіліне көк тікен боп қадалып келеді. Осы бір өңшең мүләйім жанар бұны бір түрлі мүсіркеп келе жатқаннан сау ма? Әмірші үшін одан асқан қорлық бар ма? Дәл мынандай тымсырая қалғандарына қарағанда, бұл немелер мұның жанын жеп жатқан жегі құрттан хабардар сияқты. Әншейінде аңшылық десе, қай-қайсысысың да аяқ-қолы жерге тимей, делеңдеп кететін еді. Бұл жолы бәрі сап-салмақты бола қалыпты. Тіпті күні кеше ғана дастарқан басында қауқылдасып отырған-ды. Бүгін енді аяқ астынан бәрінің де аузына қақпақ орнап, сілтідей тына қапты. Әлде бұның манағы ұйқыдан шошып оянған әжептарқы даусын естіп қойды ма екен... Естісе, Әміршінің әлденеге қамырығып жүргенін, әрине, түсінеді. Ендеше, олар өз билеушілерінің түсінде ұйқысырап аллаға жалбарынғанын іштерінен неге жорып келеді екен. Хан көңілін бебеулеткен қасіретті әрқайсысы әр саққа жүгіртіп әуре-сарсаңға түсіп келе жатқаннан сау ма? Әлде олар ішінен бұрынғы еміс-еміс естіген лақабымыз дұрыс боп шықты ғой деп келе ме екен? Егер бұған дейін құлақтарына ештеңе тимесе, Әміршінің манағы оқшау қылығына айран-асыр қап, таңырқамас па еді? Бірақ бұның індете қарайтын қырағы көзі ешбірінің бетінен таңырқаған рай көрмей келеді. Тымсырайған немелердің тылсым жүздерінде қайтып кетеміз деген өсіре сақтық пен көлгірліктен басқа ештеңе байқалмайды. Кейбіреулері жыныс-жыныстан аң қуалап кеткендерге әлсін-әлсін құлақ түріп қояды. Олар ойпаңға енді құлай бергенде тау жақтан дабыра қағылып, керней тартылды. Арсы-күрсі тау өзенінің жаңғырығымен жарысып, жапа-тармағай дүсір шықты. Сарт-сұрт сынған бұталар мен топ-топ тұяқ дүбірі, құлаған тастардың сылдыры ию-қию араласып кетті. Жұрт елеңдесе қалды. Әмірші тырп еткен жоқ. Иттердің даусы бірте-бірте жақындап келеді. Қасындағылар бұның ыңғайын бағып, ала қызба аттарының басымен үнсіз алысып қояды. Ол селт етпеді. Арна бойындағы қалың жыныстың тасыр-тұсыры тым көбейіп кеткен тұста барып, бас уәзірге иек қақты. Жұрт одан біраз ұзаңқырап шыққан соң ғана, қойнауға қарай қиқу салып ағыза жөнелді. Әмірші ұлы дүрмекке қосылмай кейіндеп қалды. Сай бойынан бір үйір бұғы шыға келіп, етектегі ұлан жазыққа қарай құйғытып барады. Аңшылардың кебі солардың соңынан салды. Тағы бірнеше топ тау өзенінің екі бетіндегі кең қойнаудың әр тұсына сүңгіп-сүңгіп кетті. Жаңа ғана қасында тымсырайып-тымсырайып бұны бағып келе жатқан көлденең көздерден құтылған соң, ол аң қуып, ызы-қиқы боп жатқан ойпаңға құламай, ат басын бір қапталдан көлденең сұлаған, сай табанындағы ұлы арнаға барып қосылатын бір бүйең салаға бұрды. Сылдырап су ағып жатқан кішкене өзекті бойлай қалың қамыс өсіпті. Әмірші жылғаға жеткен соң аттан түсті. Нөкерлері де аттарын ұстап аңтарылып тұр. Қамыс арасындағы кішкене бұлаққа беттеген бұның соңынан ере жүруге батылдары бармай, орын-орындарында тұрып қалды. Ол қамыс арасына кіріп, бұлақтың жиегінде жатқан оңаша дөңбек тастың үстіне отырды. Таудың тап-таза суын алақанымен іліп алып, беті-қолын шайды. Сосын мойнындағы садағын ап, қасына қойды. Белбеуін босатып, тас үстіне жантайды. Көптен бері түзде жүріп, дәл бұлай оңаша кетіп көрмеген-ді. Бүгін таң атқалы ешкімді көргісі келмейді. Сол бір сасық ауыз көп тобыр сыртынан не десе, о десін, тек көзін сатып қасында отырмаса болғаны. Әйтпесе бұл олардың жүзіндегі әрбір болмашы қимыл-қыбырды аңдып, жүйкелеп бітеді.


Төңірегінің бәрі көк майса. Құрақ басындағы түнгі шық әлі түгел кеуіп үлгермепті. Қалың құрақтан бойларын асырып, ентелей қарап тұрған ақар-шақар шыңдар да түнде біреу шомылдырып кеткендей тап-таза. Өзекті бойлап келте самал желпіп өтеді. Мұның көкірегіне орнап қалған бір тымырсық қапырық бәрібір айығар емес. Есіне таң алдында көрген түсі оралды. Анау қарлы шыңдар түсіндегі Арафе мен Мұздалифтің, Саф пен Мәрудың күйген бауырдай қоп-қоңыр шоқыларына, көп шуылдақ қиқу салып аң қуып жүрген көк жасыл қойнау аяғыңды бассаң бұрқ-бұрқ шаң ұшқан Мин алқабына атымен ұқсамайды. Алайда түсінде көрген өңірдің шаң-тозаңы, ыстық жалап кеткен топырақтың күңірсік иісі көкірегіне біржола орнап қалғандай. Ғұмыры кермеген алыс өлкенің көз алдына тап осынша анық сайрап келе қалғанына қайран қап отыр. Әлде қажыға сан рет барып қайтқан пірінің әңгімесінің әсері ме екен. Кешелі-бүгін ойына да алмаған жер түбіндегі киелі өлке бұның түсіне неге кірді? Әлде ата-баба бұған басындағы мына дағдарыстан қалай шығудың жолын меңзеді ме... Шынында да, осы хажыға неге бармайды? Арғы-бергіде қартайған шағында қағбаның киелі тасын сүйіп, бастағы тәжді сәлдеге, қолдағы алтын балдақты асыға айырбастап пақырана дәруіш боп кеткен падишалар аз ба? Олардың да осындай пұшайман халге ұшырап, дүниеден баз кешіп кетпегеніне кім кепіл?.. Бірақ түсінде жер түбіне тәубе етіп барғанда қағбаның қара тасының оны маңайлатпай қойғаны несі? Әлде бұның күнәсі жер бетіндегі пенде біткеннің бәрінен көп, бәрінен кешірімсіз болғаны ма? Ендеше киелі кітапта тақ мініп, тәж кигендердің әлемге алла тіккен шатырдың алтын қазығына баланатыны қалай? Жаратқан ие өз шатырының тіреулеріне осыншама кешірімсіз бе еді? Әлде қарақұрым қара тобырдың ортасында бір бұны қақпайлағаны «жүрер жерің бұл емес, сенің жөнің басқа» дегені ме? Олай болса жаратқан ие бұны кез келген жұмыр басты пенденің басына лайық, ең болмаса, айтуға да аузың бармайтын күлді-көмеш тақсыретке тап қылғаны несі? Дүниеде ұрғашының мекерлігінен келетін кесапаттан асқан қор кесапат болушы ма еді? Талай қуғын, талай сүргінді көре жүре, талай жерде сілті ішкендей бола жүре, соның ешқайсысына тап осы жолғыдай апшымап еді. Олардың бәрі алмас ұстап, атқа қонар азаматтың шыбын жанын қиғанмен де, абыройына дақ түсірмейтін бұйрықты тауқыметтерді. Ол осынша масқараға ұшырайтындай жаратқанға неден жазып қалып еді. Жазғаны алла тағаланың өзі бұйыртқан тәж бен тақтың абыройын қорғағаны ма? Талай күпірді жазмышқа бағындырып, талай кәпірді пайғамбардың жасыл туының астына жыққаны ма? Не істесе де, сәл тойынса, тәңірін танымай кететін қара тобыр таңғалмаса, табалай алмайтындай қып істеуші еді ғой? Өмір бақи сол бір нәпсі құлдарының қор көкіректері оңай кесіп-піше салатын оңай атау, оңай өлшемдерден қашып бағушы еді ғой. Әлде сол жұрттың бәрі ойламағанды мен ойласам, бәрі істемегенді мен істесем деген дәмесі күпірлік болды ма? Мүмкін, күпірлік болса болар, бірақ нәпсі деген нәйіс сөз мұның әлгіндей асқақ дәмесіне атау бола алмайды. Жоға, тәйірі... Күпірліктің де арғы төркіні нәпсі болатұғын. Кісіні күпірлікке қашан да тойымсыз нәпсі бастайтын. Астам өкімет, артық қатыгездік түгілі орынсыз сахилықтың өзі күпірлік. Барша күпірліктің ар жағында ындыны қанбас тойымсыз құштарлық жататын. Мақтан сүйгіштік, ләззат құмарлық, бақ құмарлық — бәрінің атасы бір. Ер жүрек бау кеспе ұрының төсегі құр тұрмас салдақыдан ешқандай артықшылығы жоқ болатын секілді, өз қолындағы өкіметті орынсыз қызықтайтын падишаның да сол борбайын бұлдаған арзымсыз ұрғашыдан айырмасы шамалы. Ендеше бұның қолындағы шексіз билік, атақ-даңқ, абырой — бәрі-бәрі жел етек ұрғашының бетіндегі арзан шырайдай, дүние қоңыз саудагердің қолындағы сасық дәулеттей, баянсыз фәнидің аз кіндік алданышы ғана болып шықты. Ал сонда түсінде күлді көмеш фәни тіршілікте күнәға талай батқан былайғы жұрттың ешқайсысына бүлк етпестен тып-тыныш жатқан қағбаның қасиетті қара тасының бұл жуып кетсе болды, маңайлатпай, сырғанақтап шыға келетіні несі? Әлде ар жағындағыны айтқызбай білетін жаратқан иенің қырағы көзі бұның көкірегіне мықтап орнығып алған өзі тектестерге менсінбей қарайтын астамшылық сезімді аңғарып қалды ма екен? Ендеше, қасиетті қара тастың әлгі қылығы бұны басыңа алтын тәж киіп, астыңа алтын тақ мінгеніңмен арғы түбің ұрғашының етегінен шыққан өзегі қуыс пенде екендігіңді мойындамайтының бар, пенделердің пендешілігі ғана кешірілетін жерге құлдық ұрып несіне келдің деп күстаналағаны болды ғой. Олай болса, қартайған шағында дүниеден баз кешіп, тақуалық құрып кеткен бағзы падишалар жалба-жұлба дәруіш тірліктен қандай жұбаныш тауып жүр. Бәлкім, олар әлгіндей пақырана күйге былайғы пенделердей істеген күнәмызға кешірім алар ма екенбіз деп емес, бойларынан күш, сөздерінен кие кеткен шақтарында қара тобырдың көз түрткісіне ұшырамайық деп түсетін шығар. Өйткені, пенде пақыр өзінен үстемге де, өзінен төменге де бірдей кешірімді ғой. Өзінен сәл жоғары тұрсаң, етегіңді сүйіп, аяғыңа жығылады, бірдеңе десең «ләббай тақсырлап» құлдық ұрады; ал енді өзінен гөрі халің мүшкілдеу бейшара болсаң, ет жүрегі елжірей жөнеледі, не десең де: «Қайтсін байғұс, оңай ғой деймісің» деп мүсіркеп қоя береді. Ол немемен тек тең бола көрме. Күнінде күркіреген падишалардың тұғырдан түсерлерінде жарлы дәруіштің жалба шапанына ынтық бола қалатындары да пенделердің әлгіндей мінезін біліп ап, кім көрінгенге күлкі болмайық деп табадан қашқандары шығар. Шынында да, мынау жан-жағынан анталап, сынап-мінеп, сәл ойларынан шықпасаң, пыш-пыштай жөнелгелі отырған көп тобырдың тіміскі көздерінен құтылудың жаңғыз жолы — тәж бен тақты талақ етіп, қажыға барып, қалған ғұмырына қолына аса ұстап, мойнына дорба асынып, мүсәпірана күн кешу болар. Сонда бәлкім қара тобырдың көкірегінде күннен-күнге қордалана түскен әзәзіл таба аяқ астында аянышқа айналар. Сынай қараған сұқты көздер мүсіркей қарар. Сөйтіп, ол да ешкімнен аспайтын жалба тонды жақыбай атанар. Онда мынау қайдағы бір бозөкпенің көзіне шөп, сүйегіне дақ сала жаздағаны да шымбайын дәл қазіргідей тызылдатпас. Мұның көкірегінде қандай шаланың бықсып жатқанын білгісі кеп, ешкім өліп-өше де қоймас.


Әмірші сол ел қатарлы елеусіз тіршілікке шынында да қатты қызығып еді. Түнде көрген түсі де желеп-жебеп жүрген ата-бабаның әдейі аян бергені шығар. Есіне енді түсті, туатын ай — жұрт қажыға баратын зүлқадж екен. Әмірші тезірек пірге жолығып, түнде көрген түсін жортқызып алғысы келді. Мынау ырду-дырдуды дереу тоқтатып, шаһарға оралуға асықты. Осы қазір өзек бойынан шыққан бетте-ақ дабылшыға дабыл бергізеді. Ол астындағы қара тастың қабырғасына батып бара жатқанын енді ғана байқап, екінші бүйіріне аударыла беріп еді, қалың құрақты жапыра-мапыра жақындап келе жатқан жойқын сытыр естілді. Мұның қимылдағанын сезіп қойды ма, құрақ арасындағы дүсір пышақ кескендей басыла қалды. Ол бойын тіктеп түрегеп отырды. Көзіне жасыл құрақтың арасынан тарғыл-тарғыл бірдеңе шалынғандай болды. Сол-ақ екен, мұның көріп қойғанын сезіп, одан әрі бой тасалағысы келмегендей әлгі тарғыл неме жасыл құрақтан ытқып шықты. Жолбарыс... Мысықтабандап жақындап келеді. Мұның жон арқасын оқыс қармай қалған мұздай суық бірте-бірте тарай бастады. Тіпті шынтағының түбінде жатқан садағына да қолын созбады.


Кешегі түсіне енді түсінгендей болды. Кез келгенге шөп-шөп сүйгізіп жатқан қара тастың мұны маңайлатпай қойғаны мынандай тосын ажалға көрінген екен. Бәсе, елден ерек ғұмыр кешкен бұның ажалы да, кез келгеннің пешенесіне жазыла бермейтіндей өзгеше болса керек-ті. Жолбарыс жақындап қалды. Ол алла тағаланың мынадай түпсіз тұңғиық құсаға тұншықтырып қоймай,есіркеп жіберген ақ өлімін асыға тосты. Қазір ол кептен бері көкірегінің басына шөгіп бүк түсіп жатып алған зіл батпан қапырық қападан біржола құтылады. Жан-жағынан жалаңдай қарап, әр адымын аңдып отырған сұқты көздердегі сұғанақ таба да жым-жылас жоғалады. Не бір сұмдықтарды айтып сусылдай женелгелі отырған сумақай ауыздарға да құм құйылады. Бұның қит еткеніне аузын ашып, көзін жұмып отыратын қара тобыр бұдан былай ала бөтен өлімін де ауыздан ауызға, елден елге, ғасырдан ғасырға көшкен сайын өсе, өркештене түсетін күпіме аңызға айналдырады.


Жолбарыс құлағын жымып тақала түсті. Кенет жонын күдірейтіп жата қалды. «Қазір атылатын шығар» — деп ойлады Әмірші. Анау топырақты мытып қысып алған пышақ тырнақтар қазір мұның өңешіне жармасады. Анау үн-түнсіз ақсиған тістер қазір мұның шекесінде ойнайды. Кенет жолбарыстың жон арқасы дір ете қалды да, мұның оң жақ иығына мойнын бұрды. Бақса, бұның нөкерінің бірі жүлге бойына шыға кеп, жолбарысты көріп абдырап тұрып қалыпты. Бір уақыттарда барып есін жиып, жалма-жан садағына жармасты. Әмірші жанында жатқан садаққа сонда қол созды. Қанды ажалға кезеніп тұрған нөкер жігіт тарғыл тағының орнынан атыла бере, сылқ құлап түскенін көрді. Айран асыр қап қаруын төмен түсіріп еді, аспай-саспай садағын асынып жатқан Әміршіні көзі шалды.


Әмірші жайлап басып жайрап жатқан олжасының қасына келді. Қақ жүректен оқ тиген жолбарыс атылуға мұршасы болмай, жер бауырлап жанталасып жатыр. Әмірші тосыннан тап болған өз ажалының ойда жоқта мүлт кеткеніне өкінді ме, әлде өз қанына өзі малшынып азап тартып жатқан аң сұлтанын аяды ма, күрсініп қойды. Артынша-ақ, неге екенін өзі де аңғармай бір мырс етті. Шамасы, тарғыл тажалды нөкерінен бұрын өзі атып түсіргеніне масаттанып тұрса керек, әйтпесе ол сығырың ертең Әміршіні ажалдан өзім арашалап қалдым деп кеудесін қағады ғой. Әмірші өзек бойынан шықты. Ат ұстап тұрғандар жалма-жан жүлге бойына жүгіріп барып, Әмірші атып алған жолбарыстың терісін сыпырып, қауқылдасып жатты.


Сол бір кеу-кеу әңгіме, ұлы падиша туралы жаңа лақап, сол күні аң қуа барғандардың аузынан түскен жоқ. Ертеңіне Әміршінің тосын пәрменімен Байтақ шаһарға қайтып келе жатқанда да айтқандары тек сол болды. Әмірші жақ ашқан жоқ. Томсарған күйі ой үстінде келеді. Кештетіп шаһарға жетті. Әмірші сарайға оралған түні де таң атқанша төңбекшіп шықты. Аңшылықта жүріп көрген түсі мен қапияда тап болып оққа ұшқан жолбарыс онсыз да шытырманға айналып бара жатқан тіршілігін бұрынғыдан гөрі де түсініксіз, бұрынғыдан гөрі де жұмбақтандырып жіберген тәрізді. Не де болса, бір шешімге бел буатын кез жетсе керек. Жаратқан иенің туралап жіберген ажалынан да өзі арашалап қалғанына қарағанда, бұдан бір түбегейлі шешім күтетін тәрізді. Бірақ ол қандай шешім болмақ... Түсінде көргеніндей — басындағы тәжді тастап, сәлде ора дей ме... Әйтеуір, мынау сарайдағы бұқпантай тірлік бұны мезі қып бітті. Не де болса, пірге жолығып, түсін жорытпай болмайды. Көптен бері ат ізін салмап еді. Өкпелеп те қалған шығар.


Ертеңіне күн қызбай тұрып, күймеге отырды. Байтақ шаһардың оңтүстік шығыс бетіндегі қаспақ-қаспақ қыраңдарға қарай беттеді. Мынау алқап та әлгі түсінде көрген өлкеге өте-мөте ұқсайды екен. Мұнда да күйген бауырдай қоңыр шоқылар. Мұнда да шілде сорып тастаған кебірдің күңірсік иісі аңқиды. Жағалай иін тіресе қалған қырпық-қырпық қотыр тастар мен қатпар-қатпар кебіртек жалдардың қақ ортасына жападан-жалғыз оқшау қонжиған қара шоқының басына қонып отырған алып самұрықтай қара жартастың құбыла бетінен үңірейіп үңгір көрінеді. Сол үңгірдің аузында әлдене еміс-еміс бозаңытады. Күйме жақындаған сайын әлгі бозараңдаған нәрсе айқындала түсті. Жақпар-жақпар қара жартастың көлеңкесінде ақ сәлделі қария отыр. Етекке салдыратып шауып кеп, түсіп жатқан ылдырмақ-шылдырмақты салтанатты күймені көрсе көріп те отырған шығар, бірақ селк еткен жоқ. Сол құбылаға жүзін тосып телміріп отырған қалпынан қыбыр етпеді.


Әмірші қасындағы нөкерін етекке тастап, киелі үңгірдің аузында көлеңкелеп отырған кәрі піріне ылғи да тек бір өзі ғана көтерілетін. Бұл жолы да сол әдетімен биік шоқының басына жаяулатып шығып келеді. Қандай алыс сапарға аттансын мейлі, қандай падишаның тәжі мен тағына сұқтансын мейлі, ол қай жорығын да әуелі осы бір біраз жерге дейін құмақтатып барып, сосын бірдей тайғанақ саз шаппа биікке тіп-тіке өрмелейтін бұралаң соқпақтан бастаған-ды. Ол қай дұшпанымен ұстасарда, ең алдымен сонау жақпар жартастың түбінде кәрі күшігендей шөмиіп отырған шынашақтай қара шалдың шоқша сақалын бір сипатып батасын алатын. Сосын Байтақ шаһардағы ең үлкен мешітке барып намазға жығылатын. Алыс жорыққа сосын аттанатын. Сол алыс сапар, қиын жорықтардың қай-қайсысында да жанына ауыртпалық түсіріп, қиналатын жер осы бір жаяуға жеткізіп болмайтын жандатпа бауырды. Әркімдердің тақасы тиіп, жылмағайланып қалған саздақ соқпаққа өкшесі тұрмай тайғанақтай береді. Ол осы бір қара шоқының басына қашан да болдыртып шығатын. Бұл жолы ә дегеннен-ақ жіліншігі жеміріліп қоя берді. Әлсін-әлі тоқтап бел жазып алады. Бірақ екі бұғанасына қорғасын қаптап қойғандай, барған сайын бөксесі зіл тартып, аяғы ұйып барады. Тынысы да бітіп қалды. Сонау етекте қалғандар алтын тәжді падишаның үпірсең ұшып кететіндей қаңғалақтаған қара шалға бола осынша азаптанатынына қайран қалып тұратын шығар. Ал алып қара жартастың астындағы құмандай қара шал биік жарға алқынып-аптығып шығып келе жатқан падишаны елең етпей, бетін құбыладан аудармай безеріп отыра береді. Шақшадай басына дағарадай ақ сәлде орап апты. Қушық кішкене бетіне сұс беретін бір уыс сұйқылт шоқша сақалы әуелеп қапты. Шүңірек қастың астында сығалап жататын күлгін кегіс жылтырақ көзін бұл жолы тарс жұмып алыпты. Падиша биік жардан шығып, ентігін басып, жөткірінгенде де тырп еткен жоқ. Күнге қурап қалған көнетоз бозғылт шапанының етегі жырым-жырым. Дәл сондай күн күйдірген ақ жем ұзын тіз киімнің жалба-жұлба балағынан жалаңаш тілерсегі көрінеді. Тілім-тілім боп жарылып кетіпті. Қолындағы аса таяқты мытып ұстап апты. Тарамыс қолындағы бар сіңір, бар тамыр бадырайып-бадырайып шығып тұр. Пір әлденеге ұйып қалған.


Падиша қашан қарсы алдына жер тізерлеп, қол қусырып, бас игенде барып, көзін сығырайтты. Сосын тым кекшие қалған басын түзеп, тіктеліп отырды. Керенаулау тіл қатып, жөн сұрады. Әмірші жөнін айтты. Пір сол қаққан қазықтай қалпы. Сөзін салғырт тыңдады. Кеңсірігі әнтек ілгері шығып кеткен қоңқақ мұрынның астына көлденең сұлап түскен көгіс қаймыжық ерінге әлденеше рет мысқыл жүгіргендей болды. Әмірші соны байқап, сәл кідіріп қалса, әбден қой балшықтанып кеткен қақтың суындай көпс жылтырайтын кішкене көзін адырайтып ашып алады. Әмірші анау күнгі түсі мен тосыннан тап болып, бірақ шаппаған жолбарыс жайын айтып берді де, пірінен үнсіз жауап тосты. Пірі сәлдей ойланған болды да, сығырақ көзінің бір қиығымен бұған қарап қойды. Сосын отырып-отырып барып:


— Жаратқан ие, ата-баба, желеп-жебеуші әулие-әмбие бар-бар уақытта пендесінен не дәмететінін ашып айтпайды. Ал мүсіркесе, ақыл қосса, ол тұспалдары соқырға таяқ ұстатқандай сайрап тұрады. Кие үркіткен, аруақ ренжіткен жерің бар шығар, балам, ойлан,— деді де тыйылып қалды. Енді жақ ашпады. Қолындағы асасын топыраққа нұқи қадап, тарамыс мойнын ілгері созып, жүзін тағы да құбылаға тіктеді. Бұл «сөз бітті, ендігісін өзің біл» дегені екенін Әмірші аңғарып қалды. Бірақ қай уақытта да алды суық кәрияның бұған мына бүгінгідей әуелеп қараған астамшылығын бұрын ешқашан байқамаған-ды. Бүгінгі әр қимылы жүрегіне тікендей қадалып отыр. Бірақ сабыр қылып, сыр байқатпай, тағзым етіп орнынан тұрды. Жаңғыз аяқ соқпаққа беттеді. Пірі сол баяғы мелшиген қалпы қала берді. Ақыл да қоспады, бата да бермеді; бұрын бұны жасырақ кезінде мүсіркеп, маңдайынан сипайтын әдеті болушы еді; бұл жолы оның жүзінен аспандай қараған астамшылық пен қазымырлықтан басқа ештеңе байқамады.


Әмірші онсыз да қиын жолдан бұл жолы тіпті ауырлап түсті. Мынау жаппай тұнжырап тұрған әбеқоңыр алқаптан тезірек шығып кетуге асықты. Біраз жерге ұзаған соң, артына бұрылып еді, бұған желкесін беріп, бүк түсіп жатып алған қара шоқыны көрді. Әмірші содан сарайға жеткенше ешқайда көз салған жоқ. Сарайға жеткен соң да көп уақытқа дейін әлдеқандай бір тымырсық ашуға булығып, өзіне-өзі келе алмады. Абажадай кең сарайға әрлі-берлі сенделіп жүруге манағы шоқыға шыққанда шаршап қалған аяқтары зіп-зілдей боп көтертпейді. Бір жерге тынығып отырайын десе, аяғының астындағы алабажақ кілем емес, өңшең быжырлата шаншып қойған тебен ине сияқты. «Құтылып шығар айла-амал табылмастай тығырықтан қаш». Ғұмыр бойы тұтынып келген осы қағидасы да күпір боп шықты. Енді, міне, шаршы әлемді астына басқан алтын тәжді падиша басымен күйеуі үстінен шыққан опасыз әйелдей, қолға түскен ұрлықшыдай дымы құрып дағдарып тұрысы мынау. Ақыл қоспақ түгілі, іштегі құсасын айтып сырласатын да ешкімі жоқ. Дәл қазір мынау Байтақ шаһардың сыртындағы құладүздің әлдебір жерінде санаулы ғұмырының қалған күндерін итшілеп өткізіп жатқан соқыр жігіт те, тас зынданда зарығып отырған бас шебер де, төрт қабырғаның арасына қамалып, құса боп жүрген Кіші ханым да - бәрі де бұдан жақсы. Олар, ең болмаса бастарына түскен бақытсыздығы үшін реніш артар біреулері бар ғой. Бұл кімге ренжи алады? Басындағы Қап тауындай қасіретті кімнен көреді? Алтын тәжді падиша хақ тағалаға реніш жүре ме? Тәңірі түгілі киелі үңгірді баққан жаңағы шалдың өзі анау. Аспанды асасымен тіреп тұрғандай бетіне дұрыстап көзін де салмады. Кісіге ісің түскеннен артық қорлық бар ма? Өзі де сол дүниеде кіріптарлықтан асқан қорлық жоғын біліп, қаршадайынан билікке таласпап па еді? Құл болып бас игеннен, қуғында жүргеннің өзін көп артық көрмеп пе еді. Сол үшін талай ажалдың аузына барып қайтпап па еді. Оның ешқайсысын осы кезге дейін ұмытқан жоқ. Әлі күнге дейін сол есіне түскенде шор боп біткен әлдебір ескі жарасы сыздап, сүйек-сүйегінің бәрі түп-түгел сырқырап қоя береді. Бірақ кіріптарлықтан, құлдық ұрғаннан өз басы аза бойы қаза бола тұра, алдына келген қайсы монтаны бастың мүддесін түсініп көрген еді, қайсысына шындап көңілі құлап еді. Асқақтай кірген астам басты ашуына жем қылса, жер сүйіп, аяғын құшып келген қор басты жиіркене тұрып мүсіркемеуші ме еді. Онысын қай бір қайырымдылық қысқаннан істейді дейсің, падиша атағына дақ салдырғысы келмей істейді де. Жалба-жұлба қайыршыға жаны ашып емес, жарлылық титықтатқан мүскіндердің көзің шайлығар қор кейпі мен мұрын тыжырынтар нас иісінен тезірек құтылғысы келген кәріп немелердің қайыр садақасындай әншейін көз алдартқан мезірет қой. Бәлкім, қиқар шал бұған кісіге кіріптар болғанның қандай екенін білсін деп, манағының бәрін әдейі істеген шығар. Көп асқанға бір тосқан дейтін күннің бұған да келгенін сездіргені болар. Бірақ соны дәл манағысындай кергімей-ақ, кейуана кейіппен де жеткізуге болмайтын ба еді. Бұрын қандай қарлы-қаратау қиын шаруамен барса да, кейуана қалпын бұзбай, кең отырып қабылдаушы еді ғой. Пәлен күннен бері ең алдымен кімнің жүзінен көрер екем деп алаңдап жүрген сол бір жексұрын кекесінді, айызы қанған дұшпанның ғана жүзінде тұрар арсыз табаны елден бұрын құдайдан соңғы жаңғыз жанашырым деп жүрген өз пірінен көргені ме? Иә, былайғы мыстан тобыр, бұның қырағы көзінен мұқият жасырып баққан жымысқы табаны ешқандай күлбілтесіз жарқыратып жайып салды, — тіпті «аруақ ренжіткен жерің бар» деп өз аузынан айтып та тастады-ау? Аруақ ренжіткені — Кіші ханым жайлы айтылып жатқан әңгімеге құлақ аспаған қалып танытқаны ғой. Пірдің ойынша, әзәзіл арбаған ұрғашының күнәсін жасырғаны өз төсегіне жұққан ыбылыс ластықтың сатпақ дағын ойып алып тастаудың орнына, жұрт көзінен алақанымен басып көлегейлеп баққаны. Бұл сонда не істеу керек еді? Кіші ханымды талақ тастаса, арғы-бергіде ешбір падиша істемеген масқараны бұл істеген боп шығар еді, халық алдында қайдағы бір қаңғыма қара сүйек көзіме шөп салды деп өз аузынан мойындағаны болып шығар еді. Сонда манағы қиқар шал бұған ездің езі істемеген есуастықты істемедің деп өкпелей ме? Онда хан күнәкар ханым мен оның ашынасын емес, өзін масқаралаған боп шықпай ма? Сонда пір күнәкарлардың жаза шеккеніне емес, бұның өзінің табаға ұшырағанына құштар болғаны ма? Ондайға Кіші ханымның жер болғанын қалайтын, соның жолында бұл масқараға ұшырап жатса, қайғыру орнына қуанатын Ұлы ханым барса барар, бірақ бұның өзі түгілі, әкесінің де көзін көрген пір қалай барады? Қолында аса, аузында алла отырып, күндестіктің желігінен көзіне ақ шел қаптаған ұрғашының соқыр ызасын ол қалай құптайды; қор көкірек ұрғашының көр соқырлығынан әулие басымен ол қалай аса алмайды. Әрине, пір Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмай жүр. Қажет десеңіз, оның жүзіндегі манағы мысқыл, манағы таба да солардан жұққан. Ұлы ханымның төңірегіндегі түйедейді түймедей қылатын мыстан сайқалдар әулие шалды да арбап алған ғой. Олардың пыш-пышының сиқыры тірі пайғамбардың көкірегіндегі киеден де құдіреттірек болғаны ғой.


Әміршінің жүзіне айыз қандырар ащы мысқыл жүгірді. Ол тіпті әулие басымен өңшең сайқал, өңшең мыстанға арбалып қалған киелі шалды аяп та кетті; өңіндегі жаңағы бір лып ете қалған кекесін аяқ астынан мүсіркеушілікке ауысты. Әулие шал әзәзіл пыш-пыштан алжасса алжасқан да шығар. Аттасаң болды, ар-намысың саудаға түсіп шыға келетін мынандай қор дүниенің төбесінен қарамай, ортасында жүрсе, қайдағы бір қалт-құлт әулие шал түгілі жаратқан жалғыз иенің өзі де әлдеқашан-ақ өз жолынан өзі адасып мәңгүрт болып шыға келер еді. Күллі дүниені әйтеуір бірдеңеге өліп-өшіп жататын толып жатқан құштарлықтардан тұрғызса, қайтіп нәпсіге берілмессің, қайтіп күнәға батпассың. Құштарлықтан пайда болған пенде тіршілігі құштарлықтан опат тапса, таңданатұғын несі бар? Құштарлық атаулы нәпсі болса, нәпсі атаулы пенделік болса, әлгі әулие пірдің өзі де пенде боп шықпай ма? Ол да құдай жолына құлшылықты өзге пенделерді аузына қарату үшін жасайды емес пе?! Ол мына өмірде көп нәрсені талақ еткенмен, барлық нәрсені талақ етпепті. Жұртқа ықпалы жүргенді о да жек көріп жатқан жоқ. Елдің елбек қаққаны, аяғына жығылғаны оның да жанына майдай жағады. Басқа түгілі алтын тәжді падишаның өзі алдына кеп, аяғына жығылатынын жұртқа қыр қылады. Әрбір мақтан әсіре құштарлық. Әрбір әсіре нәрсе күпірлік. Әрбір күпірлік күнәға батырады. Ендеше пір екеуінің күнәсы біп-бірдей. Бұл өкімет құмар, өктем мінез болса, ол да солай. Бұдан бір мысқал кем емес. Тіпті алланың айрықша рақымындағы бұның өзіне астамдық көрсеткені оның да күпірліктің балдыр-батпағына әбден белшеден батып болғаны. Әзәзілге де сол пенделіктің кек тұманына түсіп, көзінен айырылған көрсоқырлар ғана ереді. Ендеше киелі шалдың Ұлы ханым сарайының айтқанынан шыға алмайтындай жөні жоқ еді. Кәрі әулиенің бұл пайғамбар жасынан асып, тұғырдан түсерде ертеңгі тақ иелерін әсіріп-өндірген бәйбішенің ыңғайына кеткені де сол пенделік. Бүгінгі ықпалын ғана емес, ертеңгі күнінің де қандай болатынын ойлағаны. Ендеше, ол өз басындағы пенделікті көрмей, бұның басындағы пенделікті неге сонша жазғырады? Құранның өзінде жазылмап па еді: «Пенденің білмегі шарт: Алла — жалғыз; онда жора да жоқ, жолдас та жоқ; өзі ешкімнің перзенті емес, өзі де перзентсіз; оған ешкім тең келе алмайды; қасына серік, артына әулет ертпеген ол өз патшалығында қолындағы билікті ешкіммен бөле-жармайтын дара падиша. Ықылым орнамастан бұрын бар ол, ықылым түгел құрып кеткенде де құрымайды... Көктің билігі де, жердің билігі де бір сонда: көк пен жердегі, құрғақ пен судағы жан-жануардың баршасына сол ие, оларға одан басқа билеуші де, қорғаушы да жоқ. Адам тағдырын да сол билейді: ауру жіберетін де, дару жіберетін де, өлтіретін де, өмір беретін де тек сол ғана. Бірақ ол жаратқан жан иелері періште болсын, пайғамбар болсын, тіпті басқа мақұлқат болсын — бәрібір, түгел дерлік бейшара. Күші асқан құдірет те өзі, білігі асқан сұңғыла да өзі». Жаратқан иенің өзі кедір-бұдыр қып кемшін жаратқан дүниені бұл қалай бір тегіс қыла алады? Жаратқан жалғыз иенің өзі он сегіз мың ғалам өз билігімнен шығып кетпесін деп, өз қолынан шыққан жан-жануардың әрқайсысына әр алуан кемшілік пен әлсіздік беріп, сол арқылы тұтымында ұстаса, өз қарауындағы жұмыр басты пенделерді бұл қалай солай ұстап, солай тұтпайды? Құдайдың әзінде бар кемшілікті адам қайталаса, неге күстаналайды? Өзі жаратқан жан иелерінің аласынан алланың өзі әлгіндей сескенгенде, бұл қайтіп сескенбейді? Әлде, алла тағаланың мұнысы, тегі мен заты белгісіз бір өзі ғана істейтін ерекше мен ересенге тегі мен заты ұрғашының етегінің астынан шыққан жұмыр бастылардың бой ұруына болмайды деген тиырымы ма екен? Сонда өзім ғана жасайтын кереметтерде шаруаларыңыз болмасын, асқан рақым мен асқар жаза тек менің қолымнан шығуға тиісті, менен басқа ешқайсыңның қақыларың жоқ дегені ме? Олай болса, күнә, қылмыс деген қорқынышты сөздердің шын мағынасы — құдіреті күшті тобаның езім ғана істейтін істерді өзгелер істеп қоймасын, өзім ғана білетін нәрсені өзгелер түсініп қалмасын деген іштарлығы ғана болып шықты ғой?! Шариғатта жаратқан ие әлгіндей өз мінезіне сыралғы боп қалған адам тұқымын аямайтынын айтып, ақыр заманды басына төндіріп, қорқытып бағады. Алла екеш алланың өзі әлсіздігін білдіріп алудан осынша тайсақтағанда, пенде басымен бұл қайтіп тайсақтамайды. Ендеше пірдің бұған күнәкарлық куәсы көк мұнараны құртып, басындағы масқара хәлді жарқыратып езің жайып сал дегені адам түгіл құдайдың да құлағына ерсі естілетін есірік әңгіме.


Желеп-жебеуші қызырлардың езі бұған ешқандай аян бере алмады. Аңға барғанда көрген түсі осы сергелдең халіне көрінгені шығар. Қағбаның қара тасының қарсы алдында тұрып маңына жолатпай қойғаны осы ақыл таппай, тығырыққа қамалған пұшайман дағдарысы болар. Шынында да, бұл не істей алады? Егер құдіреті күшті құдая дәл қазір тосын апат жіберіп, оның күні бүгінге дейін көзінің қарашығындай көріп, қорғаштап баққан астанасын тып-типыл қып қиратып тастаса, бұл түк те ренжімес еді. Тіпті қуанар еді. Анау көзге күйік көк мұнарадан да құтылар еді. Опаттан шыбындай қырылып, жайрап қалатын жұмыр бастылардың көр көкіректеріндегі сасық лақап та біржола сап болар еді. Сол бір топалаң қырғында тоңқалаң асатын көппен бірге өзі де жоқ болса, оған да еш өкінбес еді. Әйтеуір әлгі насырына тиетін сұмырай өсек артында қалмай, өзімен бірге құрыса болғаны. Бірақ талай тілегін оп-оңай бере салған мырза құдай тап осы жолы кессе қан шықпайтын қас сараң бола қалыпты ғой.


Ол осы арада өмірінде алғаш рет жалпақ әлемді аузына түгел дерлік қаратқан ең құдіретті әмірші болғанына өкінді. Бақса, жақын маңайда сасық ауыз, сімсік көз өңшең найсап қаптаған мынау сайқал қаланы шауып алып, құртып жіберуге құдіреті жететіндей тегеурінді жауы да қалмапты. Бұған жеті қиян жер түбінде жатып, ылғи көз алартатын әлгі бір сығыр кездерге де қаны қайнап тұр. Тым-тырыс жатып алған немелерді, қас қылғанда осы, өзі барып шауып алса қайтеді.


Әмірші сол ойына бел буды. Көптен бері көңілінде жүрген жорыққа осы қазір аттануы керек. Қара тобырдың көкірегіне оқтын-оқтын толып кететін арам желді қуып шығудың бірден-бір емі қанды қасап қана. Құдай жібермеген, жауы жібермеген қанды қасапты өзі жасайды. Бұл бір-бірлеп құртып бітіре алмайтын әлгі бір сасық ауыз тобырды жаңа жорыққа бастап апарып, мың-мыңдап қырып қайтады. Тірі қалғандары өсек түгілі бастарымен қайғы боп оралады. Аман қайтқандарын құдайдан емес, бұдан көріп, бұрынғыдан бетер құлдық ұрады. Әмірші дереу жорыққа аттануға бекінді.


VI


Дария артта қалды. Әлгінде анталай қарап тұрған қара тобыр да алыстай берді. Құба шөл, құла тұз басталды. Шөлдің қақаған қапырық ыстығы қайтадан қайратына мінді. Қара құрым қалың қол толарсақтан құм кешіп жүріп келеді. Шақырайған талма түс салт аттылардың құрдым көлеңкесін де жалмап жұтып қойыпты; енді өздерін біржолата жоқ қып жібергісі келгендей өртеніп тұр.


Өкпек аптап бірте-бірте күшейе берді. Қайнаған ыстық бұл отырған күймеге де баса-көктей кіріп кепті. Барған сайын тынысы тарылып барады. Қабынған өкпесіне бір жұтым ауа іздегендей пердені ысырып, сыртқа көз салды. Сол баяғы құба шөл. Құла шағылдар шақырайған күн көзіне қарсы шығар қайрат таба алмай, қорғасын боп балқып жатқандай, аттың бәрі малтығып келеді. Шөлден қашқақтаған бір кішкене түз құсы шарықтап ұшып та кетпей, жер бетіне түсіп жорғаламай да, ұшып-қонып, күйменің құрдым көлеңкесіне тығылып секектеп еріп келеді.


Әмірші дүниеде осы бір шынашақтай құстан басқа ештеңе қалмағандай, шегір көзін соған қадап апты. Бармақтай құстың мына жанталасы қандай мағыналы. Тамағы бүлк-бүлк етеді. Жер апшысын қуырып бара жатқан қызыл жадын аптаптан жанын қоярға жер таппай шыр-шыр етеді. Бәлкім мына тірлікте одан басқа ешқандай мағына да жоқ шығар. Одан асқан әрекеттің бәрі мәнсіздене түсетін болар. Әрекет неғұрлым алапаттана түскен сайын бар мән, бар қасиетінен адалана түссе керек. Мынау алапат аптаптың арғы атасы — жібекше желпитін майса самал емес пе еді. Әуелде дүниені шаң-тозаңнан арылтсам деп ескен ұялшақ леп өз құдіретіне еліге-еліге, еліре-еліре жер бетіндегі түгел күйдіріп-күйрететін мүңкір-нәңкірге, демінен ажал шашыраған қызыл аптапқа айналмады ма... Әне, бейшара құстың табанын шоқ боп қарып, қанатын жалын боп шарпып, көрер кезге құртып жіберер түрі бар. Әмірші тажал тасқынына қылар қайраны болмай, жан ұшыра секектеген кішкене мақұлықтың ақтық азабын көргісі келмегендей, көзін тарс жұмып алды.


Дүниені құйқадай қуырып бара жатқан от леп оның да тұла бойын қари бастады. Мынау құтхана шатырын өңшең жендет басып алғандай, ол тырп етерге дәрмені болмай, сұлқ отыр. Тозақ отына шыжғырылғандай өн бойын өрт жайлап барады. Жан-жағынан жүздеген мүңкір-нәңкір жаныңды бер деп жалынып тұрғандай. Бәсе, манағы ойда жоқта қолынан сусып түсіп кеткен сақинасы оның осы сапардан тірі қайтпасына көрінген екен ғой. Ұзақ жолға аттанарда алдынан суханы сүймейтін кісінің қарсы жолыққаны да жақсы нышан болмаса керек-ті. Әміршінің көз алдынан соқыр жігіт кетпей қойды. Ол есек арбасын дария жағасына тастап, өзі мұның күймесіне көшіп кеп, қарсы алдына қасқиып отырып алғандай. Нұр жайнаған жаутаң жанардан айрылған соң, жүзіндегі баяғы мейірім жым-жылас жоғалып кетіпті. Әдемі жас жігітке лайық ізет-ибадан да еш жұрнақ қалмапты. Үңірейген-үңірейген екі көздің түбіне тажал тығылып тұрғандай. Өндіршегі сорайып, танауы қусырылып, екі беті күлдей боп-боз боп кетіпті, өңінен кісі шошығандай. Міне, ол бұған қарай қозғалғандай болды, бірте-бірте жақындап келеді. Сүйекпен сүйек боп қалған сұп-сұр беті бүлк етпейді. Ол мұның соңындағы қара құрым қолдан да сескенбейтіндей. Шаршы әлемдегі әрбір тірі пенденің құлағына көк найзаның сүңгісіндей суық естілетін айбарлы Әмірші атағынан да тайсалатын түрі көрінбейді. Күс-күс қос шеңгел кеңірдегіне тақап қалыпты.


— Қорықпа, — деді әлдебір қырылдақ дауыс, — барар жерің бәрібір жердің асты... Әмірші айран-асыр. Бұл қалай? Баяғыда тілін кестіріп тастамап па еді? Пышағы жалаңдаған жендеттің қан-қан бір кесек етті көзінше жерге лақтырып тастағаны қайда? Ендеше әлгі жексұрын дауыс қайдан шықты? Әлде оған құдірет қайтадан тіл бітірген бе? Әлде тілін кескеніңмен адамды мылқауға айналдыра алмайтын болғаның ба? Бәлкім, әлгі дауыс мына шебер жігіттің емес, өзінің — Әміршінің даусы шығар? Әміршінің көзі шарасынан шығып барады. Қарсы алдындағы құбыжық соқырдың қан-сөлсіз қаймыжық ерніне бір жымысқы күлкі ілігіпті. Әмірші шегіншектеп шалқалай берді. Оны бір жұтпа батпақ астынан обып барады. Ол, ең болмаса, жан тәсілім алдында тұяқ серпетіндей дәрмен таба алмай тырбанып жатыр...


Әлдебір уақыттарда барып көзін ашып алды. Шілде күні шыжғыра күйдірген шатырдың іші ысып кетіпті. Құс мамық төсекке үйелеп қалған екен, ыстық мамық өне бойын жандырып барады. Бұл жан-дәрмен басын көтеріп, есік жаққа қарап еді, ешкім жоқ. Әлгі тықыр бас соқыр әлдеқайда ғайып бопты. Ол шыжыған шілде мен пәлен күннен бергі бебеулеткен тымырсық ойлардан қайнап-қайнап, балдыр батпаққа айналған дәрменсіз мидан санасы тұмандана бастағанын, әлгінде ғана қарсы алдында жаланып отырған манағы өткел басында қалған соқыр да, мұның жанын алуға келген мүңкір-нәңкір де емес, жай әншейін қорыққанға қос көрінген сандырақ елес екендігін енді аңғарды. Бірақ көңіліне біржола орнығып алған осы бір озбыр күмәнның, бәрібір, мүңкір-нәңкірдей бұның басын жұтпай тынбайтынына да көзі біржола жеткендей болды.


Ол қайтадан есеңгіреп кетті. Енді жан-жағын шетсіз-шексіз құла түз жайлап алды. Білем-білем шағылдар да әлдеқандай шимай жазуларға толып кеткен сияқты. Бұл сөніп бара жатқан жанарының соңғы қуатын шым-шым сарқып, қадалып келіп оқиды-ақ. Әлдебір уақыттарда барып зорға-зорға ажыратқандай болды. Күллі дүниені: «Барар жерің бәрібір жердің асты» деген шимай жазу қаптап кетіпті. Ол тағы да көзін ашты. Төбесінен қара қоңыр күңгірт бірдеңе төніп тұрды. Бірақ Әмірші бұл жолы өзінің, үйреншікті алтын күйме, атлас шатырында жатқанын, әлде баяғыда өзі салдырған тас зынданда жатқанын анық ажырата алмады.





Пікір жазу