04.07.2021
  238


Автор: Қайырғали Медет

Жан-дүние

− О, жалған дүние-ай!... Өмірлік жан жарым мына жарық пәниден жан дүниемді түсінбей-ақ баз кешті-ау... Өзекті өртеп бара жатқаны сол... Өкінішті... Әйтпесе, «өзекті жанға бір өлім» деген. Мұны жақыныңды қара жердің қойнына берген кезде ғана мойындап жатамыз. Тәубемізге келгендей боламыз. Сосын қайтадан мәңгі өмір сүрердей қылықтар жасаймыз. Өмірде аза бойыңды қаза қылар сәттер көп болар... Жан жылатар жағдайлар сирек... Кез келген адам мұндай күйге жан-тәнімен түсе алмас. Жан дүнием астаң-кестең, алай-дүлей... Сірә, енді оны ұға қояр пенде жоқ шығар... − Өзімен-өзі ақырын күбірлеп сөйлесіп отырған арқалы ақынның тұнық жанарынан мөп-мөлдір ыстық тамшы үзіліп түсті.
«Жарықтық, соншама қызғаншақ болар ма?! О заман да, бұ заман, ер-азаматтың мұндай қызылкөз пәлеге душар болғаны... Сезімнің жетегіндегі адам үшін қызғаныш болғаны жөн-ақ. Бірақ мұншалықты оның шырмауында маталу өте қиын екен. Құдай-ау, қырық жыл отасқанда, бөгде еркекке бір сәт тіктеп көз тастауды да, «сымбаттысын-ай» деп сырттай болса да, сүйсіне тамсануды да білмеппін ғой, мен пақыр... Енді... ақын болған соң, онша-мұнша сөз сайыстарда кейбір қуақы қайындармен уытсыз әзіл-қалжыңдар айтылатыны рас. Дегенмен... қызғаныш атты әзәзілдің қып-қызыл шоғына өмір бойы шарпылып өтемін деп ойладым ба, тәйірі?!
Толықсып тұрған, жігіт атаулының көз құртына айналған жастық шағымда, жарықтық, өзі бір көргеннен желімдей жабысты. Мен де, не қара басқанын қайдам, бұрын-соңды сезінбеген ерекше бір күйге түстім. Еліктің лағындай сақ та бейкүнә басым, отқа ұмтылған көбелектей ессіз болдым. Оның инедей қадалған өткір жанарына арбалып, торға түскен тотыдай бебеу қақтым... Махаббат деген құдіреттің бұғауына түскен соң, төңірегім тұманданып, онан өзге ешкімді көре алмадым... Көрінбеді де. Отты жанар өн бойымды лаулата өртеп, қозғалуға, шырпыған жалыннан құтылуға мұрша бермей матап тастағандай... Иә, сол сәттен бастап, махаббат деген тылсым да құдіретті сезімнің ыстық құшағына қалай енгенімнің сезбей де қалған едім.» − Арқалы ақын ой орамын үзіп, терең күрсінді. Бірақ, келмеске кеткен қимас та тәтті ойлар қайта оралып, тұмшауынан босата қоймады. −Содан бір жетіден соң-ақ, сөз байласып, әке-шеше, туыс-бауырға «қайыр, хош» демей, бөтеннің артына міңгесіп кете бардым... Қазекемнің қыз алып қашу дегені осы дедік. Махаббаттан көзсіздікке ұрынып, жүректері бұлқынып, ештеменің парқына бара қоймаған жастардан не жөн-жоралғы сұрарсың?! «Алдымыздан өтпеді,» деп бір туғандар қапалы, «тақыр кедейдің бұл не басынғаны?» деп ағайындар ашулы... Ой, заман-ай, де! «Дүние көшіп қонған пәни сарай, бақи деп біз алдандық мұнда талай» деп ата-бабамыз босқа айтпаған ғой. Бәрі өтті, кетті! Қас қағым сәтте көрген түстей ғана белгі қалғаны ма?! Адам жүз жасаса да аз. Бірақ «мың күн қараңғыда болғаннан, бір күн жарықта болған артық» демей ме атам қазақ. О, тоба! − Бөлме ішіндегі алакөлеңке қоюланып бара жатқан соң, арқалы ақын орнынан тұрып, шам жаққысы келді. Бірақ бұл ниетінен тез айныды. Жылы орнынан қозғалғысы келмеді. Анығында, жұбайы жайлы жанына жақын ойлардан айырылып қалудан қорықты. Есіне оның бір қылығы түсіп, еріксіз мырс етті. Ел ішіндегі айтулы бір тойға жыр сайысқа кеткен. Ол екі баламен ауылдағы шаңырақта қалған. Той басталар сәттегі абыр-сабырда әудем жердегі сахнаға асығып бара жатқан. Кенет көп ішінен әлдекімге соқтығысып қалды. Қолындағы домбырасы жерге түсіп кете жаздады. Қараса... алдында өз күйеуі тұр! Ол «Сені іздеп келгем...» деді сасқалақтап. «Жай ма? Балаларға бірдеме боп қалды ма? Оларды кімге қалдырдың? Мұнда ізімше қалай жеттің, жер шалғай емес пе?» Сұрақтың астына алған. Ол «бәрі жақсы, мен кеттім» деп әп-сәтте ізім-ғайым жоқ болған. «Е-е, аңғал басым, үй болып, шаңырақ көтергелі ол, жарықтық, үнемі сырттай аңдып, мен барған жердің бәріне барған екен ғой. Қайдан білейін... Сынықтан сылтау іздеп, болмашыны сөз еткенде, тіпті, «далаға шықпай, үйқамшақта отырасың», деп шу шығарғанда, сағаттап отырып жан дүниемді, жан сезімімді алдына ақтарып салғам, талай рет. Сонда сабасына түсіп, бас изеп, құлдық ұрғанымен, жан сырыма терең бойлай алмады-ау, жарықтық... Әлде, түсінгісі келмеді ме, қайдам?! Мен қайбір талантым тасып бара жатқаннан ақын болды дейсің?! Бұл жолға өздігімнен де түсе қойған жоқпын. «Адам баласы небір ғажайыптарды жасай алады, тек өлең ғана Құдайдың құдіретімен дүниеге келеді», деген екен баяғыда бір данышпан... Адамның жан дүниесі шексіз-ау. Сірә, адамның жан дүниесі райхан гүлдей нәзік, теңіздей кең болғанымен, тастан да қатты болса керек. Алла тағала пендесін солай жаратқан. Бірақ біреу таяз, біреу терең. Адамдардың өзара ұғыса алмай қалуы осыдан болар, бәлкім...
Ағайыннан алыстап, бауырдан бөлінгенде басыма бақыт құсы қонды ма?! Әрине, бар бақытым − бес балам. Олардың риясыз күлкісінен бөлек, керемет сезімдерге елітіп, жан дүниеңді ерекше елжіретіп, бас айналар сәттер көзді ашып-жұмғанша өте шыққаны ма?! Ғажайып сезімдерге берілу, жан дүниеңнен махаббат ләззатын сезіну адам бойында көп бола бермейді екен ғой. Мүмкін, көп болатын шығар. Жақсы нәрсе пенде үшін үнемі аздық етері анық. Үнемі атар таңмен таласа, күйкі тірліктің шылауында кетіп, күн батып, қас қарайғанда, қамшының сабындай қысқа ғұмырдың бір күні өте шыққанын аңғара да бермейміз. Шаршап, сүріне құлаймыз. Тіршілік осылай жалғаса береді. Сөйтіп, жан дүниеңдегі көз майын тауыса жиған тұнық та мөлдір байлығың қалай таязданғанын, тіпті, ылайқаланып бара жатқанын аңдамайсың да...
Өркениетке жетеміз деп техниканың тізгініне жанталаса жармасқан мына заманда сіздің жан дүниеңізді нұрландыруға кім құлықты дейсіз?! Қара бастың құлқынын ойлап, қара бала, сары қарын қамы үшін көштен қалмайтын кәсіпке қолы жетсе болды-дағы. Жарқыраған жан дүниең кімге дәру болмақ бүгінде?
Есіне ойынан шықпай жүрген бір жағдай түсті. Сонау астанадан қартайған шағында туған топыраққа оралған рухани жан дүниесі керемет терең, арыстандай айбарлы азаматтың бір жиында жалтақ та жағымпаз, таным-түйсігі таяз ортада, шиебөрі-шенеуніктер арасында дәрменсіздіктен ыңырана күңіреніп отырғанын көріп, мұның да бір сәт түңіліп кеткені бар-ды. Дара тұлғаны біреу танып, өресіздігінен сырт айналса, бірі тіптен танымай, мұрнын шүйіре «бұл кім еді?» дегендей қылық танытты. Оның теңіз түбіндегідей тұңғиықтағы маржан ойларын, жеті қат көк жүзіндегі жауһардай асыл сөздерін ұғар жан табылмағандай. Сол сәтте мұндай сұрқия көрініске арқалы ақынның жұдырықтай жүрегі сыздап, тұла бойын қысқы шілденің шыңылтыр аязы алмастай тіліп өткен еді. Сонда жан дүние тереңдігінен жапа шегіп, бөтендік көріп отырған тұлғаны қатты аяп кеткен-ді. Оны ойлап жүрегі және сыздады...
Иә, бірде тату, бірде қату, бір сәт шуақ төккен күндей, бір сәт түнерген түндей, бір уақ жаймашуақ, бір мезгіл алай-дүлей, өмір осы... «Өзен ағысын бөгеуге болады, өмір ағысын бөгеуге болмайды» деген. Дәл солай өтіп жатыр, өте бермек...
Ал, мен оны жан дүниемді түсінбеді деп кінәлаймын. Менікі кінә емес, жай наз ғой, наз. Әркімнің жан дүниесі өзіне. Адамға тек пендауи түсіністік қана керек екен-ау. Біз болсақ, бірін-бірімізге жатып кеп өкпелейміз, ренжиміз, жүз көріспейтінде жағдайға жетеміз. Не үшін? Неге?» − Арқалы ақын ой-орманынан алаңқай ашыққа шығар соқпақ іздеп аласұрды. Таппады. Енді бір сәт ой-орманның қалың нуында адасып жүре бергісі келді. Беталды. Шаршап құлағанша...
Әлдекім ішке еніп, қабырғаны сипалай жүріп шамды жарқ еткізді. Ой теңізіне малтып жүрген арқалы ақын оқыс жағдайға селк етті. Күні бойы тұмшалап, еңсесін езіп, қозғалтпай отырған қорғасын ой бытырадай шашырап, жым-жылас болды. Бойын тіктеп алды. Үлкен немересі Елдос екен.
− Е-е, сенбісің? − деді.
− Апа, қараңғыда жалғыз неғып отырсыз? − Ол таңырқай қарады.
− Жәй, әншейін... ойға шомып... Бері жақында. Сені «жуырда үйленбек» деген сыбыс бар ғой. Бізге айтпай...
− Жо-ғә-ә, апа.
− Иә, үйленсең несі бар?! Жас емессің. Әлде көздеп жүрген ешкімің жоқ па?! Байқаймын төңірегіңде небір керемет сұлу қыздар жүр. Солардың бірін қолыңа қондырмақ болсаң, қой демейміз.
− Ой, апа, немереңізге кет әрі емес бойжеткендер жетерлік қой... енді...
− Жарығым-ау, онда несін ойланып жүрсің?
− Ойланбай қайтейін, апа! Жан дүниемді терең түсінер сұлу жолықпай жүр емес пе? Көпшілігі жәй...
− Не дейді?! Жан дүниесі несі? − Арқалы ақын елең ете қалды. «О, тоба! Тұқым деген осы-ау. Тартпасаң тумағыр...» деп ойлады сосын, немересіне таңырқай қараған қалпы.
− Апа, не болды? Ойыңыздан дөп түстім-ау деймін, − деп немересі күлімдей кеп құшақтай алды. − Өзіңіз ылғи да жан дүниеңді түсінетін адам ізде деуші едіңіз ғой.
− Е, бопты, балам, сөзімді зердеңе құйыпсың. Дұрыс. Қосағың жан дүниеңді түсінетін болсын! − деп арқалы ақын немересін бауырына басты.





Пікір жазу