Армысың, ағайын
Қолыңды бер, ағайын,
Жайдық құшақ, кел жақын.
Өзіңмен бірге жырлайын,
Емес пе қазақ өз халқың.
Еліңмен елім іргелес,
Түбіміз бірге бауырлас.
Көшеміздей Құркелес,
Ауыл мен ауыл ауылдас.
Өзбек елі өз елім,
Қосылған малы төскейде,
Керіліп жатыр көгенім,
Деген ем бірге өскей де.
Жалғассын жырым тағы да,
Байлығы шалқар өлкеміз.
Тербелер гүл бағы да,
Бір шертсек күйді екеуміз.
Тыңдасын аймақ Гүлстан,
Халық қой жырды ұнатқан.
Өзбек, қазақ туысқан,
Жырымен жанып оятқан.
Отырған айтып әзілді,
Дастархан толы тамағым.
Көтерсек бірдей көңілді,
Ашық та жарқын қабағым.
Шертші күйін дутардың,
Қойылсын топы шекеге,
Көрейін биік қыздардың,
Бұдан бір қызық өтер ме?!
Қара да қасы қиылып,
Денесі әсем қимылдар,
Билесе қыз иіліп,
Сақталар есте көп жылдар.
Домбыра мен дутардың
Ойнасын күйін оркестр.
Сұрайық биді қыздардан
Жалғаса берсін бұл дәстүр.
* * *
Тату да тәтті отырсаң –
Үйіңде сенің береке
Қабақты шытпай кең тұрсаң –
Өз үйің күнде мереке.
Ұя басқан қоңыр қаз,
Көлінен ұзап үшпайды.
Зайыптар болса көңілі саз.
Бірін де бірін құптайды.
Рахаттана келгенің,
О да бір шаттық емес пе?
Әлдилеп бөбек сүйгенің,
Шыққаның биік белеске!
Жұмақ қой шіркін өз үйің
Отырсаң ойнап бөбекпен!
Қызық-ау қайран сәбиің,
Күлдіреп қойса кенеттен!
Ақынның қызық кей кезі,
Балаша жетім мұңайып.
Өзгерер кейде мінезі
Тұрса да дүние гүл жайып.
Сезбестен ешкім қалауын,
Оңаша жүрсең ауылда.
Жаныңды сілкіп алатын
Керек қой сонда дауыл да.