01.07.2021
170
Түстер
Болатын аппақ түстер көңіл ашар.
Жасыл түс – жасыл дүние төрін ашар.
Айбары сескендірер еді жұртты
ұстаса қара дойыр қолына шал.
Қызыл түс қыздай еді жаудыраған,
бұл күнде басқа арнаға ауды ғалам:
ағы – ақ, қызылы да – қызыл емес,
қалмаған жан талғамы сау бір адам.
Мырсылдап келін жылап, ана жасып,
бала жүр әкесімен жағаласып.
Дүние әлем-жәлем болып барады,
ақ жолақ, қара жолақ араласып.
Жақтырмай жасылды ма, қараны ма,
дүниенің іші-сырты ала-құла.
Алапес тіршілікте бір сатыда
адамның жақсысы да, жаманы да.
Табиғат – алуан түсті асыл кілем,
аласыз әр түске де басымды ием.
Жалғанды жарқыратар түстер қайда:
ақ, қара, көк пен сары, жасыл, күрең?!