01.07.2021
214
Тарғыл тірлік
Аспан тарғыл, жер тарғыл, тарғыл үміт,
төзім - тасты жұқартты жаңбыр үгіп.
Сары даладай сабырлы санама кеп
сахараның құйыны салды бүлік.
Сән-салтанат жырақтар бүлікті елден:
әйел долы, қыз – бетпақ, жігіт – кердең.
Қыздың жиған жүгіндей тең-тірлігің
қасаптағы ешкідей жіліктенген.
Жермен, көкпен өмірім үйлесті еді:
үзік бауым өрнекті, ши кестелі…
Жарастығым жоғалды үйім құлап,
жұмыр Жерде қаңбақтай күй кешкелі.
Ойым кетті жинаған керегеде,
тойым кетті қираған тегенеде.
Пайымдау жоқ, ойың жоқ, жебір тірлік,
«саналы өмір кешпейсің неге?» - деме.
Санам сарсаң, ой сарсаң, түк ұқпаймын,
сарсаң өмір кешкенге туып па Ай, Күн?!
Қара құйын қиратып шаңырағын,
шашыраған салдырап уықтаймын.
тірлік төзім қыз жігіт Фариза Оңғарсынова Фариза Оңғарсынова шығармашылығы Фариза Оңғарсынова өлеңдері