01.07.2021
  203


Автор: Фариза Оңғарсынова

Бір құдірет бар дейді...

І
Бір құдірет бар дейді асқан дана,
қайда онысы Жерде ме, аспанда ма?
Құрығы ұзын деседі сол біреудің
дөп тиетін бұққанға, қашқанға да.
Қайда өзінің мекені? Ұлы ма анық?
Жарылқағыш адам ба нұры жарық?
Тірі жанға көрінбей отыр ма әлі
жалғыз өзі аспанға шығып алып?
Қүнге қызып жатыр ма, қарап Айға,
әлде бір кез жерді де аралай ма?!
Бәрі білгіш адамның, жоқ па сонда
ол мықтыны көретін амал-айла?!
Көргіш оның, шамасы, жанары бек,
жазалайды жандарды қара жүрек.
Қалтырайды біреулер дірдек қағып
жердегінің қимылын бағады деп.
Ал, Жерде де мықты көп толып-тасқан,
е дегенде езуден көбік шашқан.
Ойға алғанын жасайды олар бірақ,
биіктегі көрер деп қорықпастан,
Қалай сонда көрмейді тақсыр-айбын
(миым жетпей осыған асты қайғым),
іс-қимылы жердегі көп мықтының
нұсқауы ма әлде анау бас «құдайдың»?

ІІ
Күштіні айтып күлгенмен,
солқылдайды шекем көп:
пиғылымды бір жерден
оқып қоймас па екен деп.
Бір жылаймын, бір күлем
сақтағай деп жасаған.
Қайтер едім дүрбімен
көріп тұрса тасадан?
Кекесінге кім шыдар,
түртеді осы ой ішімді.
Жіпке тізіп жүр шығар
менін қимыл-ісімді.
Періштесіп жүргенмен,
былығым да жетерлік.
Мінезім де түрленген,
болмашыға кетем күрт.
Мазақтаймын есіре
мінез-құлқын ортаның.
Сөйте тұра есіме
Ол түскенде қорқамын.
Оның өзін сынға алам,
кеткендей-ақ есем көп.
Отырса әлі шыңда аман,
ақ, қарамды кешер деп.

ІІІ
Берілгішпіз зар-мұңға,
«Өмір - тартысты алаң»,— деп.
Өкпелейміз тағдырға
барып тұрған сараң деп.
Біреулер жүр таба алмай
жақсы әйелді гүл көрік –
елсіз, күнсіз аралдай
жалғыздыққа жүр көніп.
Жеткізбей жүр біреуге
машиналы жақсы орын.
Біреу кең үй тілеуде –
арманы жоқ басқа оның.
Біреу зәру көмірге,
ақша қажет маған мың...
Таусыла ма өмірде
кем-кетігі адамның.
Сұраймыз біз бас ұрып
соның бәрін «Құдайдан».
Мүмкін ол да ашығып,
ішіп отыр құр айран?
Кіргізе алмай үйіне
бір шүйке бас нұры алау,
сол мықтының күйі де
керім емес шығар-ау.

ІҮ
Төсекте жатам толғанып,
елестеп өткен-кеткенім.
Соңымда талай жол қалып,
тозайын депті шекпенім.
Өтіпті менің күнім көп
іздеумен жанды әні үлгі,
естіртіп, кейде күбірлеп
сақтағай деумен жанымды.
Шығыппын талай қыр, шыңға
білмеймін күшті кім құйған;
апарған сол бір тылсым ба,
сирағым ба әлде шидиған?!
Адасып түндей тұманда,
денені, жанды талдырдым.
Бәрі де менің күнәм ба,
ісі ме әлде тағдырдың?
Азабы молдау іс қылдым,
ойласам, өнер де асылық.
Алдында не бір күштінің
жығыла алмадым бас ұрып.
Жақсы ісім жанның бағы да,
еншіме тиген мұра-ды.
Жағымсыз қылықтарыма
тағдырым ғана кінәлі!

Ү
Шынында, осы ғаламда
керемет біреу бар, рас:
ұқсайды өзі адамға –
сақалы ұзын, жаны жас.
Дем алып жүрек, өкпемен,
шаршайды ол да қалжырап.
Түрі де түсі жоқ деген –
әншейін мылжың, сандырақ!
Қыдырса кейде, не жүрсе,
шығады жалғыз жолға кеш.
Машинасы оның, меніңше,
«Линкольн» де емес, «Волга» емес.
Бейшара жеке дара тым,
кеудесі содан өрт кілең.
Басқаның басын шағатын
жерлестері де жоқ білем.
Келсе егер байтақ жеріне,
қысымы түсіп көбірек
кетеді қайта: «Мені де
өлтірер адам, тегі»,- деп.

ҮІ
Өнер қуып, түн мүжіп,
ұйықтай кетсем, түс көрем:
мықтылармен бір жүріп,
кейде бірге түстенем.
Кешем ғажап таңды да,
есіп алдан нұр леп.
Сол «мықтының» алдына
кіргенім бар бір рет.
Пенде ме, әлде жан ба ұлы,
жолдас керек оған да:
сахабалардың барлығы
сабылып жүр со маңда!
Жұрт табынып сөзіне,
етіп жүрген әлі үлгі
Мұхамбеттің өзі де
ақын екен кәдімгі!
Құрмет екен көргені,
кедергі жоқ жолында.
Атағы не ордені
болмай шықты оның да.
Сәбилер жүр
өңдерін
күн қыздырып, бұлт өбіп.
Көзімді ашсам: бөлменің
тас төбесі түр төніп.

ҮІІ
Сөз етіп аспан, Айды,
күнәға баттым білем,
аздай-ақ басқа қайғы,
ұмыттым шат күнді мен.
Тіркестер тырағайлап,
ойларым орнықпады.
Сөздерді тұман айдап
кеткендей. Қорлық-тағы!
Өнермен бірге тұрып,
бір жатып жұбанып ем.
Жарысқам түнде тұрып
жыр-шыңның бұлағымен.
Мең-зең боп жүрмін бүгін,
аурудан айыққандай.
Дыбыс жоқ - қылғынды үнім,
менде бір айып бардай.
Өнер деп бүлінемін,
тып-тыныш қалғып жатпай,
онсыз да қыңыр едім,
тағы да қалдым жақпай.
«Күштінің»— азап маған
кәріне ілінгенім.
Мысықты мазақтаған
тышқандай күнім менің!

ҮІІІ
Көрмей-ақ жамандығын,
біреуді жамандадым.
Ол жайлы залалды ұғым
қаладым таралғанын.
Кім жатыр тергеп-біліп
пікірдің ақ, қарасын:
жаманда жерлеп тұрып,
сазға мал шақша басын.
Данышпан, данасын да
аяма, жақ күйені!
Шыға алмай дара шыңға,
қаусасын жақ сүйегі!
Құласын, жаза кешсін,
орасын шалқыма шаң;
жол бермес саған ешкім,
тек өзің аршымасаң.
Жандардың жаны сырлы
талабын тасқа ұрамын.
Қолда деп бар ісімді
тағдырға тапсырамын!

ІХ
Жасағанға сиынып,
шырылдаумен шаршадым.
Бас изедім бұйығып
айқайына баршаның.
Ойлауменен дос қамын
өз жайымды ұмыттым;
бәрін құптап, қоштадым
жаман, жақсы ғұрыптың.
«Аққа бәрі жақ» десіп,
өстік жанды даттамай,
шындық үшің қақ кешіп,
ала жіпті аттамай.
Туатындай жұмақ-күн,
қоя салып баламды,
жанұшырып жұбаттым
жылап жатқан адамды.
Періштедей жаны үлгі,
қызықпай мал, ақшаға,
ашықсам да, нанымды
бөліп бердім басқаға.
Дәмін татып зар-мұңның,
келем әлі оңбай мен,
күн өткізіп «тағдырдың
көзі түзу» болғаймен.

Х
Әзіл басқа, шынында «құдай» қайда
ұстатпайтын ол сағым-мұнардай ма?
Несі кетер көрініп жүрсе көзге,
не жыны бар тығылып тұман-жайға!
Қайтеді екен жарқырап тұрса күліп,
неге керек қашқақтап, мұнша бұғып!
Қайда екенін біле алмай сол «мықтының»,
қанша ғасыр адамдар жүр сабылып.
Адамзат та қызық-ау, жоққа налып,
іздеу салып, жүрегін шоққа малып,
біреу бар деп Жасаған, біреу жоқ деп,
бірін-бірі жүріпті отқа жағып.
Көрінбейді ол - айқайла, жыла, жүде!
Жаратушы бар болса, тұрағы не?
Бір мықтының, әйтеуір, бары рас деп,
кейбіреулер күбірлеп жүр әлі де.
Бұл ұғымда белгісіз бар ма сырлар?
Өтті жерде жұмбақты сан ғасырлар.
Қорықпастар жүргенде шалқып-тасып,
неге жаза тартады тәубашылдар?
Аспанға ұшпа іздеу сап, жерге сіңбе,
елеңдеме құлаққа келмес үнге:
ол құдірет өзіңмен бірге мәңгі,
әр пенденің әлемдей кеудесінде!





Пікір жазу