01.07.2021
  179


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ізденіс

Жалаңаяқ шарқ ұрып, шеңгел басып,
кезіп келем өмірді кеудем жасып:
болады екен адамдар арманы – қан,
қиянаттың қорықпай зардабынан
адалдықты аттаған белден басып.
Қайда, қайда кетерсің Жерден қашып…
Жауыр қылды қу тірлік сананы ысып,
қасаңдық та бейне бір залал ісік –
күннен-күнге көз көре ұлғаяды,
кім тазалар қан құйып, қан алысып?
Құдай деген бар болса, жүр-ау соның
арсыздықты қолтықтап шарап ішіп.
Рахаттың ләззатын жүзіп ішіп,
ақ тілеулі сезімі, ғұмыры – шық
жерді қайдан табамын,
мәжібүрмін
жай басуға, секілді ұры мысық.
Аспанына кетер ем, жұлдызы, Айы
жатқан шығар онда да қырылысып.
Мұны ұғатын ойлының от – тынысы,
оны өртейтін зымиян топтың ісі;
ар аттауға адалдық қолын байлар,
ал, ісікті іреуге жоқ қылышы.
Көкбеттіктің кеудесі көтерілсе,
құнжың қағар қиқулап көп құнысы.
Сұр зұлымдық сүйретіп от-арбасын
таптағанда жеріңді, қатар басың.
Мылқаулықтың қайғысын татам ба шын?
Тірі отырып өлесің, таптаушының
соғысқанда сойылын отандасың.
Жаудан бетер жақының, ісің де ала,
салмақ түсер осыдан қысымға да.
Мәнім кеткен, бар әзір мысым ғана,
досым селқос сырымды бөлісуге.
Келем ала қарға боп көп ішінде
ақиқатты айтқаным үшін ғана.





Пікір жазу