01.07.2021
162
Күн
Сарғайып талып шықты да,
сазарып барып батты Күн,
шашыратып алып шаттығын,
жинай алмасын ұқты ма,
торлады Жерді бұлт-күнә.
Қара ниеті адамның;
көңіл-кеуденің тарлығы;
ашылған бейуақ араның –
қара бұлт болып барлығы
бүркеді бетін жан, ардың.
Күн көзін қадап құмартқан
жап-жасыл жердің жамалы
жасаурап жарқын жанары,
қасіреттен күйіп мұнарытқан,
жаны сау жер жоқ бір аттам.
Қалмады мөлдір бір бұлақ,
жейдесі жыртық, жаны ауру
жерді аяп жаны шығады,
сары уәйім шегіп Күн жылап,
шығады содан сарғайып,
батады содан тұнжырап.