01.07.2021
  256


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өмір - бұлақ жыраққа қашады ағып

Өмір - бұлақ жыраққа қашады ағып,
жастығың да қалады тасаланып.
Адам сосын отырар ой кеміріп,
жақсы, жаман істерін жасап алып.
Жас жылдардың қалғасын тасы құлап,
кей қылығын еске алар ашынып-ақ.
Бармағын да шайнайды, өткен күннің
өкініші бүгіннен басымырақ.
Өкінеді, ойлардан тапса да ермек,
тығындайды тамағын жас та кернеп,
сонау күндер дәл бүгін бір оралса,
бәрін-бәрін басқаша бастар ем деп.
Күш кеткенде қолыңнан қарманасың,
көрінеді ақыл да, ар да басым.
Кеуіп қалған көңілдің арналарын
толтыра алмай, іздейсің жан дауасын…
Айналаңда жандар да тапшы бүгін,
айырмапсың досыңды, қасты бұрын.
Енді барар жан таппас дер кезінде
шығармаған мейірім, жақсылығың.





Пікір жазу