01.07.2021
145
Құлқыңды көріп бүгінгі
Құлқыңды көріп бүгінгі
достарың сенен түңілді:
өзіңді бір кез қолпаштап,
көтеріп көкке жүгірді.
Жандары шығып қолдады,
сыпырып жұртты жолдағы
таққа да жеттің ақыры,
ал, тақтың билік – қорғаны.
Жоқтықта сені жебеген
жандарға енді керек ең.
Сен бірақ шірік балықтай
лақтырдың бәрін кемеден.
Ұмытып дос кім, тамыр кім,
біртіндеп құрытып арылдың
куәлардан
өсер жолдағы
сұрқия сұмдықтарыңның.
Халықтың жады, сыр, мұңы –
дүниенің өлмес тұрғыны.
Құлқыныңа түбі қадалар
тарихтың қанжар-шындығы.
құлқы дос халық жұрт Фариза Оңғарсынова Фариза Оңғарсынова шығармашылығы Фариза Оңғарсынова өлеңдері