01.07.2021
283
Иман жайлы кей имам салар үнге
Иман жайлы кей имам салар үнге,
жұрт ұйиды көзі де, сөзі де ұнап.
Хафиз ақын айтқандай, ал өмірде
имандылық дегеннен өзі жырақ.
Мұсылмандық жайласа бетін жердің,
құрбандыққа шалардай жанын қазір.
Баспақ беріп, орнына жетімдердің
өгізін алуға әзір.
Сол имамдай, саясат қуғандар да,
сөзбен жұмақ жасауға шебер бәрі.
Үміт артқан адал ел қу жалғанда
соларға сенер де әлі.
Сенер халық, қалса да арандап мың,
алдаушы, рас, бір күні құлайды анық.
Басын әбден қатырды адамзаттың
жер секілді тарих шыр айналып.
иман имам мұсылмандық Фариза Оңғарсынова Фариза Оңғарсынова шығармашылығы Фариза Оңғарсынова өлеңдері