01.07.2021
  134


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жер ортасына келгенде

Жер ортасына келгенде
пайда болды бір құзыр:
өңешім бе, кеудем бе –
өртейді кеп бір қыжыл.
Артық тамақ та ішпеймін,
жүріс те жоқ мезгілсіз.
Машинадан түспеймін,
жүргем де жоқ ел-күнсіз.
Айналама қарап мен
күзгі аспандай бұзылам:
іш жағымда бір жылан
салып жатады жүз ылаң.
Анау – сол да кісі ме!-
озып кетті менен деп.
Ас айналмай ішіме,
қасіретті шегем кеп.
Бастық қойды мынаны –
артық па еді ол менен?!
Қалқиып қос құлағы,
өмірде түк көрмеген.
Тұман басып Күн маған
тар секілді Жер-тұғыр.
Аян берді түнде анам:
«Күншілдіктің дерті бұл».
У жанымды тырнады,
жаттым, көзім жұмулы.
Жоқ па сонда бір дәрі
қайтаратын бұл уды?!





Пікір жазу