01.07.2021
  298


Автор: Дидар Қуаныш

Өз отыңды сөндірме...

Сүйдің, күйдің, үйлендің.
Ерекше бір күйге ендің.
Жанын бағып жарыңның,
Жағынуды үйрендің.

Бауыр бастың, сыр аштың.
Арман қуып, қыр астың.
Ол қуанса, қуанып,
Мұңайса, бірге жыластың.

Айлар өтті, күн жетті,
Сәбиге енді сен де епті.

Табыс табу, асырау –
Ол бір жақтан сенделтті...

Уайым басып санаңды,
Тірлік қинап, жан алды.
Оймен батып кештерің,
Оймен атты таң алды.

Ренжістің, ренжідің.
Қыл үстінде ендігің.
Қайда сол бір сезімің,
Қайда көңіл кеңдігің?

Біле білсең, бәрі – сын,
Өз қолыңда әр ісің.
Сабыр етсең сәл-пәл-ақ,
Алла оңдар әрісін.

Сондықтан, бұлт төндірмей,
Өз санаңды көндір де,
арнаға бұр жолыңды...
ӨЗ ОТЫҢДЫ СӨНДІРМЕ...





Пікір жазу