30.06.2021
  155


Автор: Фариза Оңғарсынова

Жатыр ем үйде сызбай мен

Жатыр ем үйде сызбай мен,
салқындап аяқ-қолдарым.
Кеткендей әлім. Мұздай дем.
Еңкейгені ме жорға – күн?..
Жатқанда батпан зіл басып,
біреуге дауысым жетсін бе.
«Бойыңды жазып, қырға шық!»
демейді маған ешкім де.
Сарқылып үміт-дәмем де,
жыраққа кетті жарма жыр,
Кең шалқар мынау әлемге
қажетсіздеймін дәл қазір.
Даналар да өткен сөзі үлгі,
өртеумен жанын жалын от.
Қажетсіз сезсең өзіңді,
өмір сүрудің мәні жоқ.
Оралды кенет дүркіреп
үйдегі данышпандарым.
Әрқайсысында – мың тілек,
арбайды алыстар бәрін.
Жатуға жай жоқ – күн күлген
алысқа бәрін жібермей.
Орнымнан атып тұрдым мен
құр атқа қарғып мінердей.





Пікір жазу