Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім
Махаббатсыз, сезімсіз көңіл жетім,
мұндай күйде түсің де, өңің де – түн.
Жомарт жастық жылыстап, жас ұлғайса,
жалғыздығың сезілер со күнде тым.
Бала өсірдің – тірлікке ектің егін,
жұттың талай өмірдің дертті демін.
Сен көрмеген мейірім, жақсылықты
балам бойға сіңірсе деп тіледің.
Қорғаладың шырылдап құм-дауылдан,
(сол бір сезім сені де нұрға жуған!),
Қалдырды аман сәбиге махаббатың
өзіңді азу, тұралау, жынданудан.
Сол балғының жаныңа қорек дер ем,
өз алдына ел болды, бөгет те кем;
өз өкімет, өз соты бүгіндері
мәселелер шешеді бөлек сенен.
Көз қуантып табады жас та теңін,
енді сенде бар достар, ақша, сенім.
Бірақ өзің жыл сайын ұғынасың.
серіктестің орыны басқа екенін.
Жас шағында адамның сенері көп,
талай жарға соқтырар кеме-жүрек.
Арман ұзап, асылы, қартайғанда
ұғысар жан жаныңа керегірек.