
Тыным көрмей шиқылдан шіркін есік
Тыным көрмей шиқылдан шіркін есік,
таты кеткен топсамен тұр тіресіп:
біздің үйдің кішкентай патшалары
кіріп-шығып жүреді дүркіресіп.
Жабылмайды құлпы да қырық сынып,
(қазақтағы кілттемес ғұрыпты ұғып).
Кім келсе де қақпа ашық.
Мұны білген,
«жиендер» де жүреді кіріп-шығып.
Бөлмелер ме?
Құрқылтай ұясындай,
тәртіпті өскен адамның миы ашырдай.
(Жайлылық пен тыныштық жазылған тек
адамдарға тұратын үйі ашылмай).
Есік жаппас халықтан ғұрып қалып,
үйді аңсайды у-шусыз, тыныш, жарық.
Айналадан бір мезгіл жырақтайды,
есігіне ішінен құлып салып.
Шаршай ма әлде адамдар бір-бірінен,
жүгіріспен кеш қылып күнді кілең,
оқшаулансам деген жай далбаса ма
айналаның мазасыз тірлігінен.
Біздің үйде сырласса – жұрт жеңілдеп,
жолықтырған адамдай күткенін тек.
Жылулы орта – үйіміз. Кейде өзім де
тұрам іштен есікті кіліттегім кеп.