30.06.2021
154
Жүреді біреу жақын кеп
Жүреді біреу жақын кеп
сәлемдесуге бата алмай,
«мінезі шәлкес ақын» деп,
айтулы мен бір қаталдай.
Ал біздің үйдің ірі-ұсақ
балалары үшін ең дана,
ең жайлы, жаны жылы, шат
әлемде жалғыз мен ғана.
Біреуі тартып шашымнан,
мінеді бірі ат қылып,
шықпайды бәрі қасымнан,
ентелеп келер аптығып.
(Кетеді сонда мұң демі,
тұрсам да жанды мұз қарып)
таласып маған жүргені
бірінен-бірі қызғанып.
Көңілінен шығар баршаның
мылқаумын мүлде үйде мен.
Кішкентайлардың жан шамын
жағатын нәзік күйге енем.
Жүремін ұқпай жат халық,
сұсты боп алыс жандарға,
мәңгілік жердей тапталып
үйдегі данышпандарға.