30.06.2021
  176


Автор: Фариза Оңғарсынова

Ойламадың сен мені, еске алмадың

Ойламадың сен мені, еске алмадың,
алар бір кез адамдар кешкен жалын.
Өмір деген кетеді өкіндіріп,
есіңе алма. Бірақ тек кеш қалмағын.
Аяғансып мұңайма: «Зарлы ғашық
ұзақ түні жүр-ау, - деп, - таңға ұласып…»
Мен өтермін арыма дақ түсірмей,
бірге шығар белестен жалғыз асып.
«Қалай ғана, жүр екен жанып, жылап,
бітті онда, - деп аяма, - дарын-бұлақ».
Мейірімге тапшы-ау деп аялама.
Кейін өртеп жүрмесін арың бірақ.
Мені әлі де біреулер сынар, алдар
(сын тағуға шебер ғой бұл адамдар).
Аласармай кетуі мүмкін бірақ
менше күліп, дәл менше жылағандар.





Пікір жазу