30.06.2021
  211


Автор: Фариза Оңғарсынова

Өзімен сын

Кестелеп көкірегімнен шырайлы өлең,
сырласып жүрмеймін бе Күн, Айменен.
Қазақтың бар салмағы маған ғана
түскендей болып неге жылай берем?
Қарным тоқ.
«Садақа, - деп – бастан құлақ»,
жетпей ме жырдан мәңгі тапсам мұрат.
Шырқырап шындық іздеп жүргенімше
жатқандай тас төбемнен аспан құлап?
Байлықтың өспесем де кешіп селін,
халқымнан «Әй, кәпірді» есітпедім.
Жамаймын, бітеймін деп не жыным бар
басқаның жыртығы мен тесіктерін.
Жарқылдап қол ұстасып таңдай жырмен
жүрсемші, кіл есімнен танбай мүлдем.
Жердегі қасіреттен адамзатты
бәрібір азат ете алмаймын мен.
Жаға алман ханға, кетсем де арам өліп,
көрінсем халқым бірақ қалады оңып.
Бейшара басшыларды сынап қайтем,
бәрібір кетпейді олар дана болып.
Ел кегін алам демей езден ана,
жүргенім жақсы шықпай селге дара,
десем де, өзгеретін түрім бар-ау
Аспан мен Жер ауысқан кезде ғана.





Пікір жазу