Дауылды аңсау
Ақтымық.
Теңіз-
Маужырап дел-сал жас келіншектей жар құшқан,
қымсынып жатыр, тұншығып жатыр рахат пенен
алғыстан...
Тәкаппар, тентек теңізге мынау
таңданып кетіп барады
ақ шағалалар таңда ұшқан.
Ұйқыда теңіз,
албырап жатыр қас арулардай құлпырып,
дүние-ай, қанша сұлулық деген, нәзіктік деген
тұр тұнып!
Әншейіндегі арман боп жүрген аспан да
бүгін қас қақпай
телміріп тұрды ынтығып.
Мен тұрдым сонда
алапат ойдың толқындарына мың батып,
көңілімде бір сәт қол жетпестерге
жанымның күйін тыңдатып.
Қарсы ағыстарға құлашты сермеп кеттім мен,
қалғып кетпесем, бұл - бақыт!
Мезі боп кеттім тыншудан.
Аңсарым ауған ақ толқындардың арманы қалай
тарқады, тентектеу сенің
мінезің қайда, шалқарым?!
Самарқау мына бей-жайлығыңды сенің серпуге
дауылы керек Арқаның!
Мен нәзіктеу болғанмен,
бұйығы сенің әсемдігіңнен ләззәт ала алман,
тентектігің керек табыну үшін саған жан!
Қыз-толқындарың алысып жатса
жалынан құшып асаудың,
парлатып жасын жанардан!
Сондай бір шақта
найзағай болып жарқ етіп өтсем төбеңнен,
о, сонда менің бақыттылығымды көрер де ең!
Мүлігіген меңіреу тыныштығыңды талқан етуге
ақ дауыл болып келем мен!..