29.06.2021
197
Қоңыраулатып көктемдер келді маған
Қоңыраулатып көктемдер келді маған:
айналғандай бақтарға желді далам.
Бұл күйімді кешті ме, кешірер ме
осы күнгі, бұрынғы, ендігі адам?!
Нұрланады сайда да, белде де арай,
Жерде мекен бар ма екен кең даладай?!
Қанат қылып жанымның қуанышын,
ұшып келем аяғым жер жанамай.
Анау аспан, анау Күн күлімдеген,
көңілім - құс, көзде - нұр, діріл денем.
Ән шырқағым келеді бар ғаламға
шаттығымды сездірер үнімменен.
Жүрегімде бір нәзік шуағым бар,
шуағым бар жоя алмас су-ағындар.
Ей, тауларым, кең далам, серпіліңдер,
менің қуанышыма қуаныңдар!