Туындылар ✍️
Әселханның Заман Жанысбаевпен Көпбай Омаровты еске алу тойындағы айтысы.
Әселхан:
Күмбірлеп қара жердің көкірегі,
Толғанып көптен бері жатыр еді.
Алла –деп шақырған соң аяқ бастым,
Армысың ақындар мен батыр елі.
Елеңдеп құлақтары қалқайып қыр,
Дейтіндей тойлы ауылға тартайық бір.
Абай жыл, Жамбыл жылдан бата алып,
Мәреде Мұхтар жылы марқайып тұр.
Көнекөз Көпбай ағам асыл еді,
Тойыңның талай көркін ашып еді.
Бәріңе бір-бір дастан арнағандай,
Ол кісі шын өнерге ғашық еді.
Ал енді мына тойға сәт тілейік,
Жігітке атқа мінген бақ тілейік.
Дарабоз перзентін аялаған,
Жалғасын жақсы дәстүр тапты дейік.
Кезедстім әріптеске Заман- деген,
Өзінше әрбір адам қамал деген.
Замеке осы жолы мықталып қал,
Бұл жолы құтылмайсың амалменен.
Айтысып сахнада жең түрілген,
Сіздердей көрермендер келтірілген.
Айтысты баста десем бастамайсың,
Деккі жеп шыққанбысың кемпіріңнен.
Заман:
Ау,ей ер елім, есенсің бе ерен елім,
Аярым барма, сіре сенен елім.
Қалықтап ақын қиял аспанға ұшсын,
Көргенде қос алыптың төбелерін.
Жүргем жоқ, шаршы топқа Әсеке жаңа түсіп,
Жасымнан серік болған өлең едің,
Көрген бар, көрмеген бар мына тойда,
Сіздерге сәлемімді берем елім.
Жиынға келдік әппақ тілекпенен,
Адамды сол тілек қой жүдетпеген.
Өлеңнің арыстаны Әселханмен кез келіп тұрмын,
Халқым-ау менде қандай жүрек деген.
Айтамыз көмейге сөз толғаннан соң,
Қарап ап, жан-жағыңды шолғаннан соң.
Бастауға жүрексініп Әселжан, тұрғаным жоқ.
Сөз бердім жолың үлкен болғаннан соң.
Халқына өлең жайлы, өнер жайлы,
Айтатын кім бар Әсел, сенен жайлы.
Көбекеңмен сапарда бірге жүрдің,
Сөз болса айта отырғын Көбең жайлы.
Әселхан.
Өткенді еске алу арман қылып,
Бұрынғы бабалардан қалған ғұрып.
Баладай еркелетіп қайран ұстаз,
Біздерді жүреді екен, алдандырып.
Жақсыны жырлаушы еді, жандандырып,
Жаманды қоюшы еді малдандырып.
Сұм ажал қапылыста қармақ салды,
Үлгерпей, кейінгіге қамдандырып.
Артынан ағып кеткен жұлдыздардың,
Жарқ етті-ау айдай аппақ саң қалдырып.
Ол рас Көбекеңе жүрдік жақын,
Жоқ еді, одан мықты, одан батыл.
Бір қора айтыскермен Ташкентте,
Ұстаздың көрдік біздер соңғы сәтін.
Жыр деген нөсердей боп сәуірдегі,
Айтыста менің де атым дәуірледі.
Айтысып мен келгенде,-айналайын,
Жарайды осы қалқам дәуім -деді.
Мұндайды жүйрікпіз ғой талай көрген,
Мәз болып менде ағама жанай бергем.
Қара тер маңдайынан шып-шып шығып,
Жүзіне боп-боз болған қарай бергем.
Ортайып көңіліміз тола күйден,
Біткен жол басын сонда шолақ иген,
Екі елдік ақындары жылап-сықтап,
Құшақтап алып қайттық қонақ үйден.
Әкетті сөзге жалған келтірмей-ақ,
Қалғандай домбырасы шертілмей-ақ.
Жәкендер, Бекарыстар ол кездерде де,
Жас еді Көбекеңнің бөркіндей-ақ.
Шын жүйрік қайран ұстаз, есіме алсам,
Өткен жыл он жыл емес,он күндей-ақ .
Көбеңнің мына сіздер ұлысы едің,
Әу –десе ойға түсер тынысы едің.
Арқауы неге бостау мына тойыдың,
Замеке айтсайшы өзің,інісі едің.
Заман:
Ал халқым өнер деген қайнар бұлақ,
Сау тұрса қызыл тілім сайран құрад.
Көбеңнің әруағы үшін көсілейін,
Диірменші оны Заман айналдырад.
Айтыстың Көбең еді құлагері,
Әр сөзі өз халқына ұнап еді.
Үлкенге үлкен, кішіге кішідей боп,
Сыпайы мінезімен тұрар еді.
Ойлансақ ау Әсеке мына сіздер,
Өнерін ап барушы мұрагері.
Сөзден сөз айта берсе туатын ед,
Көбекең облыста ірі ақын ед.
Еске алып жатқан туыс, Алшын, Тілеу,
Тойыңа жасап жатқан рахмет.
Ал шәкірт айтудан сөз ерінбейді,
Бұл халқым шын сүйгенін ерім –дейді.
Әр жерде байқап жүрмін ал Әсеке,
Тойға ерткен жан жолдасың көрінбейді.
Айтпаған сөз шығарып ақын ба, екен,
Әзілмен сөз сөйлейін батыл бөтен.
Бір тоқал ап бердім –деп айтушы едің,
Байекең сол тоқалмен жатырма екен.
Әйтеуір ақындардың болсын бағы,
Көңіілге әзіл күлкі толсын дағы.
Тоқал алып бергенің рас болса,
Жұғысты мына бізге болсын дағы.
Қалдымғой жария етіп мына көпке,
Әселжан мына көпке, жүрмейді өкпе.
Тыңдаушы ағайынғңа алтын сырға,
Әсіресе айта көрме Қабылбекке.
Әселхан:
Замекең сөз сөйлейді босаңдатпай,
Жауапты айтып отыр осалдатпай.
Зәкеңе Көбекеңді жырла десем,
Шығыпты сахнаға тоқал таппай.
Ақынды әркез халық асқақ көрген,
Алғандай жырды тауып тастас жерден.
Байекең тоқалымен үйде Зәке,
Сіз бар деп осы жерде тастап келгем..
Байекең білесізғой болған тәуіп,
Тәуіпке әңгіме айтқан,болар қауіп.
Өзіңмен шыққаныма мен қуандым,
Алғандай балпанақтай бала тауып.
Халқыңа қаншша ақын болсаң да құт,
Не жетсін жүргеніңе жол шаңдатып.
Көзіңді бадырайтып таяқ беріп,
Қойға сап қояр ма еді,томпаңдатып.
Заман:
Ақтықтың адалдықтың, мінбесінен,
Қатамды а,Құдай кешірер деп, күн кешірем,
Көбеңмен жиырма жылдап бірге жүріп,
Қызықты талай+талай күн кешіп ем.
О халқым, ал жиылған тойың барда,
Күресер Әселханмен бойым барма,
Тоқал деген еркекке жарасар ед,
Әсеке әлдеқандай ойың бар ма?
Қалайша жауап таппай қала аламын,
Мен дағңы көптің ішін араладым.
Мен бар деп келген болсаң шыныменен,
Сенің-ақ бола қойсын қалағаның.
Әселхан:
Замекең атып отыр, мергендей-ақ,
Өзінің қуатына сенгендей-ақ.
Ә,демей қалауымды бере салды,
Қоштасып, кемпірімен келгендей-ақ.
Аққу боп талай таққа қонғанбысыз,
Жігіт боп сайран құрып толғанбысыз.
Құдайдан кешу сұрап жүр екенсің,
Соншама көп күнәкәр болғанбысыз.
Тірліктен түйін іздеп, ой аңдаған,
Жалғанның қызығына тояалмаған.
Серігі Көбекеңнің сырнай еді,
Насбай мен конягін қоя алмаған.
Өлеңді әдемелеп, өретұғын,
Байқастап, әріптесті көретұғын.
Алдымен айбат қылып, айқайлап ап,
Соңынан Тәушен апам еретұғын.
Уақыт кетті міне заңдастырып,
Жастарды әкеп жатыр алмастырып.
Біздерге кәриялық жақындады,
Ұрпақ бар жырды әкетер жалғастырып.
Әуелеп әнге ұйытқан даламызды,
Іздейміз сырнай тартқан ағамызды.
Қадірлеп ақындардың Құлагерін,
Қызығы бұл айтыстың жыңы қызды.
Аунатып орынына Көбекеңнің,
Ағайын өсіре бер, балаңызды.