Серік Құсанбаевпен айтыс.
Серік:
Желпінтіп жел мая жыр желгеннен соң,
Тереңнен сөз маржанын тергенннен соң,
Айтысты «біссімілдә»деп бастап кеттім,
Сөйле деп апам кезек бергеннен соң.
Жаным жоқ енді сөзден тарығатын,
Шығады сөзін жанып анық ақын,
Түнжарым болса дағы мынау халық,
Түрі жоқ бұл айтыстан жалығатын.
Мен дағы бір бақытты адам болдым.
Екі бірдей жолыққан халық ақын.
Әлі де бүлкілдейді салар әнім,
Апасы өлеңімді бағаладым.
Төсінде Алатаудың дүбір салып,
Үкілі жыр тұлпарын тағаладым.
Болғанда халқым теңіз тебіренген,
Төсінде шарықтаған шағаламын.
Осындай қос ақынға жұптап салған,
Жасай бер ортадағы ағаларым.
Сіздерден үлгі алсақ жаңылмаспыз,
Дұшпанға жыртылмасын жағаларың.
Көңілің аш бөрідей жалақтасын,
Өлеңде бірге жүрген табақтасым.
Шалғайда жатсадағы Әсел апам,
Көңілі жақын әрі қабақтасым.
Інісі осы менен сәл дамылдап,
Әселхан апам жырды сабақтасын.
Әселхан:
Жырлайық жалықтырмай халықтарды,
Уақыт талай жерге барып қалды.
Әруағына екі сөз айтайықшы,
Осы айтыс арналған алыптарды.
Абай бас, Жамбыл жамбас,Мұхтар мойын,
Бірнің алға апарған бірі ойын.
Ғаламның қарашығын қарықтырып,
Қаптаған інжу -маржан тұла бойын.
Жақсыдан өшпейтұғын іс қалады,
Кейінгі ұрпаққа үлгі нұсқағаны.
Халықымен көзайын боп жасай бермек,
Алаштың аласармас үш тағаны.
Жасқанбай ағалық бір атағынан,
Бұл Серік сөз бастады шатағанан.
Сұққылап саусағымен түк қоймады,
Жұлмалап Қонысбайдың сақалынан.
Көрсеттің осы жерде ағаң қандай,
Беретін бұл өнерге бағаң қандай.
Халық ақынның бәрі саған бұйырып тұр,
Ал енді сыбағаң бар маған қандай.
Серік:
Өлеңнің түскеннен соң сапарына,
Кеп қалдым ақын апа қатарыңа.
Бәйгеде біреу қалар, біреу озар.
Ол сірә күндегенге жатады ма?
Абайлап тамыр басып сөз сөйледім,
Ағамның қол салғам жоқ сақалына.
Бұл сөзді зерделеп жұрт тыңдай ды ма?
Шоққа сап шар болатты шыңдайды ма?
Ағамның сақалына қол салғанша,
Ағайын мұндай қолым сынбайды ма.
Қашанда ағаларды саялаймын,
Сөзіңді, өзіңді де аялаймын.
Деген бар күш атасын танымайды,
Жаңылған жеріңді апа аямаймын.
Көңілің жадырап тұр күз емес қой.
Мынау ел жер ортасы түз емес қой.
Он бес жыл көріп жүрген сан сыбаға,
Оған жасып қалатын сіз емес қой.
Әселхан:
Қашанда жүзі сынбас елі бардың,
Айбынды Алатаудай төрі бардың.
Қарағым аямасаң аямай көр,
Бәлені сеннен келген көріп алдым.
Апаңды онда тыңда ау қарағым,
Жырыммен жақсыларды баурағанмын.
Қызмет мансап емес, дүние емес,
Тағдырдан өлең ғана даулағанмын.
Көркімді көк атттыға пұлдағам жоқ.
Жұртымды өнеріммен жаулағанмын.
Ергөбек, Майлықожа, Құлыншақтың,
Жұртына талай барып аунағанмын.
Ел жеген әкімдерге қарсы шықтым,
Асынып Махамбеттің жау жарағын.
Халқыма кебегімді көрсетпеуге,
Елекке түсіп талай саулағанмын.
Мен бүгін жақсылардың жалғасы боп,
Назарын дүниенің аударамын.
Серік:
Өзіңдей жырда бүгін сыңарым бар,
Төгілген көмейіме жыр әнім бар.
Әлгінде өзің айтқан Түркістанмен,
Арыстанбабқа қанбай жүрген құмарым бар.
Сол елдің топырағын түйіп алып,
Мойныма салып алған тұмарым бар.
Ел ойлар ақын жырын толғайды деп,
Жалынды жырдан сәлем жолдайды деп.
Менің де жүрегім апа сезіп отыр,
Сүрінсе Серік қазір сорлайды деп.
Өзімше менде ойланып отырмын ғой,
Топырағы киелі жердің қолдайды деп.
Атың бар Әселхандай қазағымда,
Әзірге тарқаған жоқ базарыңда.
Қырықтың қырқасына шықсаң дағы.
Қыздай боп нұр төгеді ажарың да.
Әуелде домбыра алып топқа түстің,
Келесің жақсы жайсаң назарында.
Алдыңда үміт оты күлімдесін,
Өзіңді жұлдыздай бір түнім десін.
Сыр бермей сара жолдан желіп өткен,
Босаңдығың ешқашан білінбесін.
Алла деп үкілеген жыр тұлпарың,
Тілегім өле-өлгенше сүрінбесін.
Әселхан:
Серікжан ел сенімін ақтай берсін,
Әпкесін өйтіп-бүйтіп мақтай берсін.
Түркістанның түйіп алсаң топырағын,
Тіл көзден сені қалқам сақтай берсін.
Халқыңа парызың көп өтелетін,
Ізгі ойлар көңіліңді жетелесін.
Азамат босаң егер әріптесім,
Сен дағы ер күнәсін көтересің.
Біріміз-бірімізді мақтап алып,
Айтылар сөзді артқа сақталамық.
Қоғамның шіріп жатқан күнәсінен,
Ерлдерді көрші кәне ақтап алып.
Серік:
Кеудеңде бір жүйрік жыр жұлқынады.
Шабытың келген кезде жыр шығады.
Байқаймын апатайым аузын ашса,
Көмейден зарға толы үн шығады.
Қоғамның былығы көп, шылығы көп,
Соны айтуға талайлар тұншығады,
Ініңмін өнерге бас иіп жүрген,
Сөз сөйлеп тоқсан ауыз топ алдында.
Айтарын тобықтай ғып түйіп жүрген.
Ақындар домыбырасын қолға алады,
Айтсам деп заман жайлы толғанады.
Атын атап түсін қазір түстемей -ақ,
Айтайын қоғам жайлы сондадағы.
Бүл күнде ақтарылып халық деген.
Жеті алмай жетер жерге зарықты өлең.
Ауылда тауық мінез басшылар көп,
Қалғандай орта жолдан ауып келген.
Осыны жер-жерлерде айтыста айтып,
Басшылар құлағына салып келгем.
Мал бітті өрісіңде ей ағайын,
Геноцит боп кетет деп қауіптенем.
Барады саясатқа айналып жыр,
Пысықтар шаппай-ақ, бәйге алып жүр.
Айлық жоқ ала жаздай мына халық,
Банкир мен коммерсанттың ым жымы бір.
Мұрттары сорпа ішкендей майланып жүр,
Туады халқым жарқын күнің анық.
Зарлыға сөз айтамыз күліп алып.
Осы ойды Әсел апа үзбеңіз тек,
Жөнелші әрмен қарай іліп алып.
Әселхан:
Көрінді өлеңіңнің сынық тасы,
Мұныңды енді былай дұрысташы,
Тауыққа жамандарды теңеп тұрсың,
Адал ғой тауықтың да жұмыртқасы.
Қай досы келіп жатқан Тәуелсіздік,
Жақсылық күте-күте күдер үздік.
Әншейін дабырайған нәрсе сынды,
Әңгіме қылатыұғын сіз бен біздік.
Айтпайды ақын өлең тоқтығынан,
Не пайда сахныда соқтығудан.
Қасірет шегіп жатса қалың халық,
Әлі сол Тәуелсіздік жоқтығынан.
Келген жоқ Тәуелсіздік бізге әлі,
Әзірше сор татиды оның дәмі.
Бостандық , бостандық деп бостандықтың,
Бос қалған бос сандықтай кетті сәні.
Қоғамның тұрғаннан көп жығылғаны.
Жаныңның шымырлайма шыбын жаны.
Алаңдап Ресейге отырмыз ғой,
Сағаттың қозғай алмай тіліндағы.
Серік:
Болашақ болжап көрсем кеткен екен,
Саясат сенің сұрқың өктем екен.
Дамыған берлық елдер бұл қазақтың,
Қазіргі кезеңінен өткен екен.
Әлемге аты шыққан жапондықтар,
Отыз жылда осы халге жеткен екен.
Халықым деп көңіліңді жасытпаған,
Деп ойлаймын көңіліңіз ашық маған.
Ақынба бұндай тойда тебірентіп,
Көңілден көк өзен жыр тасытпаған.
Біздерге келеді апа ондай күндер,
Қоян алар демей ме, асықпаған.
Көңіліңде гүлдей берсін көктем гүлі,
Көрінсін өлеңіңнің өктемдігі.
Шәмшінің еліненсің, Шәмші ағамды,
Айтып ем өзіңізге өткен жылы.
Ақындық парызың сол өтелді ме?
Намыста кейде қолдан кетер міне,
Көшесін бергеніңе біз қуандық,
Ал басын Шәмші ағаның көтерді ме?
Ініңіз жыр маздағын жағып жатыр,
Өзіңе кінәлі етіп тағып отыр,
Әрине, оған апам кінәлі емес,
Ішінен басын шайқап налып отыр.
Елдегі әкімдерің сол мәселені,
Көтермей ақын апа неғып отыр?
Әселхан:
Бұл күнде айналып тұр бұл расқа,
Замана кетті тіпті жылымасқа?
Шәмшіні, аялауға көтеруге,
Болып тұр Шәмшіекеңнің жүзі басқа.
Тіл кеспей айтарды айтып қалу керек,
Жеріңе өзің айтқан налу керек,
Бір істі Шымкентте бітіру үшін,
Алдымен Дулат болып алу керек.
Кентаулық естідің бе кеншілерді,
Асусыз бір тұйыққа ел тірелді.
Алмаған соң айлап жылдап жалақысын,
Ашуы кеншілердің өршігенді.
Білместен күн батысын, таң атысын,
Қопарған қара жердің қара тысын.
Кеншілер жұмысына қайтады ғой,
Қайтарса мемлекет жалақысын.
Аштықтан арлан жатса иретіліп,
Қу түлкі жем қылмайма шиге тығып.
Көгертті мына заман ішімізді,
Бітпестен, ия қоймастан сүйретіліп.
Көп жоқтың бар жоғы ғой олардікі,
Онымен орала ма қоғам құты,
Теңге емес теңдік іздер күн туарма?
Аяққа басылды деп адам құқы.
Әділетті жақтаған бір депутатты,
Бір есер ұрып жығып ел шулатты,
Сол есерден пара жеген тергеушілер,
Ол істің шала пұла бетін жапты.
Қиынғой мына заңның есеймегі,
Жаншылды ел арманы көкейдегі.
Білседе ақ қараны ләм деместен,
Үн -түнсіз отыр Шымкент дөкейлері.
Қарасаң кіршігі жоқ бой басына,
Мың құрық бойламайды айласына.
Заңгерлер залым молда боп кетті ғой,
Шариғатты бұрып айтар пайдасына.
Серік:
Ақиқат ақ сөйлеуді ұнатады,
Өлмейді ол, өркенді елге гүл атады.
Қайсы бір дінде жүрген дүмшелерім,
Жігеріңді құмдай ғып құлатады.
Бұл күнде қалталының бәрі қажы,
Ондайлар бізді кейде жылатады.
Шалқымай қамас көңіл сірә бүгін.
Өлеңнің маздап жанар шырағымын.
Домбыраң сөйлей алмай Әсел апа,
Кеп жатыр жәрдемші боп мұғалімің.
Шәмшінің жөнін сізге жүктегенмін,
Ойымнан шықпады ма діттігенім.
Аядай бір Шымкентте бұл не сұмдық,
Көзімізді бақырайтып жіктегенің.
Бірлікті айтады ғой бұл ақындар,
Сізден мұндай рушылдықты күтпеп едім.
Әселхан:
Айтысқа шықты ақындар,
Серіппедей атылып,
Бірлікті айт деп отырысың,
Жауыр болған тақырып.
Көп ішінде көсемдер,
Бірлікті айтар қатырып,
Былай шыға көз қысар.
Өз жүздесін шақырып.
Ел бөлініп жатқан жоқ,
Ел басқарған көкелер.
Бақылдаған текелер,
Түшкіргені мәкүрік,
Аузына алып Құдайды,
Өп -өрітік жылайды.
Қора-қора сабан сөз,
Біріктірмес ылайды.
Төле,Әйтеке, Қазыбек,
Үш жүзімнің құтындай.
Ошақтың үш бұтындай.
Бірі келіп сыр жақтан,
Бірі келіп қыр жақтан,
Бірі келіп ой жақтан,
Бір қазанды қайнатқан,
Ордабасы үстінде,
Бір ошақты майлатқан,
Бір-бірін сөзбен алар да,
Қарсы шықса сонарға,
Қисынын тауып әділет,
Қосыла кеткен жол арна,
Осылардай ұл тумай,
Шындық үшін жұлқынбай,
Халыққа бірлік қонар ма?
Серік:
Арамдықты нарық сірә сүймейді екен.
Сорлыға несібесі тимейді екен,
Кешегі Абай атам айтып кеткен,
Жамандыққа бұл заман күйлейді екен.
Бөлінген басшыларың жүзге, руға,
Неге апа жүздері күймейді екен.
Маржан қып тағы жырды шашар ма еді,
Құйқытып құба белден асар ма еді?
Кешегі Ауғаныстан секілді қып,
Соларды дара ағашқа асар ма еді.
Түңілме қазағымның тірлігінен,
Сұрап апа алғандайсың жырды кімнен.
Ынтымағы ыдырамай ырысты елдің.
Құдайым айырмасын бірлігінен.
Осыған жауап іздеп келген жаман,
Жүрегің бір сұмдықты сезген жаман.
Мың өліп, мың тілірген қазақ халқы,
Сыр бермей неге болсын төзген жаман.
Ант айтқан сол қазақтың ақылсызы,
Жерініп өз дінінен безген заман,
Құдайым қуат берсін дінімізге,
Құдайым шуақ берсін тілімізге.
Тілменен дініміз егер өшіп жатса,
Шықпайды кейде тегі үнімізде.
Әселхан:
Болса да екі аяғым тең секілді,
Әлі де айтағаным кем секілді,
Лақтырып енжарлықты тастамасақ,
Созылар суға тиген көн секілді.
Қыбырсыз мүшкілдіктен,жақсылық жоқ,
Арбалған әб жыланға жем секілді.
Серпіліп дүниеге сергек қарап,
Тазарып тәуба қылсақ жөн секілді.
Тыңдаушым енді бұған тоқтасайық,
Тағы да ел қаласа бас қосайық.
Жалығып кетрер Серік халық бізден,
Тұрғанда дәмі кетпей қоштасайық.