29.06.2021
  343


Автор: Әселхан Қалыбекова

Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ ПЕН Әселхан ҚАЛЫБЕКОВАНЫҢ АЙТЫСЫ.

Әселхан׃

Әнім бар Оңтүстіктен қалықтаған,
Тыңдаушым өз сөзімнен жалықпаған.
Қуанып Абай тойға келгеніне,
Көңілім нәрестедей шарықтаған.
Әселхан дегендерің осы екен деп,
Қол соғып жатыр мына халық маған.
Қасымда қаршығадай қара бала,
Ғұмырын осы өлеңге бағыштаған.
Алдыңа қос перзентің шықты, халқым,
Айтыстың арғымағын арытпаған.

Анамыз қызықтаған бала бөркін,
Шырқасын бала да еркін, дана да еркін.
Ұлы той өтіп жатыр Шыңғыстауда,
Жырлайтын соны бізге сана берсін.
Тізілген жұмыртқадай ақ отаулар,
Түндігін желпілдетіп баға берсін.
Шарт түйген құйрық-жалын арғымақтар,
Алысып ауыздықпен шаба берсін.
Мықтының біреуі едің Мұхаммеджан,
Ал енді қыздырайық айтыс көркін.

Мұхаммеджан׃

Қоя алмас қара балаң аяп жанын,
Жаудырсын жырдан жасын, жай оттарын.
Ассалаумағалейкум, тұрқы биік,
Тұлпардан туа салған саяқтарым.
Дәл бүгін біздің қазақ күтуші елміз,
Байлайтын жігіттердей бай аттарын.
Жерұйық қып қойғандай Жидебайды,
Тұскиіздей түр-түске бояп бәрін.
Қазағым, қайрат күшің бар екн ғой,
Тағдырдың жесең де көп таяқтарын.

Кеп жатыр шетел жұрты шартараптан,
Сарқытын қайтаратын сар табақтан.
Өткесін халық жиып Қарауылда,
Қарау ұлдың тойы емес қалта қаққан.
Әлемге үлгі сыйлар жиын болсын,
Наубайдың шаңырағындай нан таратқан.
Алақанын толтырып қуанышқа,
Ағайындар кеп жатыр арқа қаққан.
Болғасын «ойын арзан, күлкі қымбыт»,
Қашпайымыз сауық пенен салтанаттан.
«Беу, дүние!» деп ән айтатын қазақпыз ғой,
Құлап бара жатсақ та жарқабақтан.
Халықтың біз болмайық Ұлтандары,
Ортадан озып шықсын тұлпарлары.
Барымызды сіздермен базарлаймыз,
Ізгі өнердің мұндағы іңкәрлары.
Сегіз ақын келіп ек сұрыпталған,
Секілді сұлу ойдың сұлтандары.
Бірімізді-біріміз толықтырдық,
Сегіз тұяқ секілді сұңқардағы.

Өнерім өмірдегі өз қанатым,
Өзгенің мойындарымыз озған атын.
Армысың, Әселхандай ардақты апа,
Әрдайым артында асыл сөз қалатын.
Өзіңізден қанатты сөз естуге,
Алатаудан ақ бұлттар қозғалатын.
Айбары елден бөлек апам едің,
Арыстанның аузынан олжа алатын.

Жылы сөз – жүректердің дәрігері,
Абайдың қабылдаса қалың елі.
Осынау халық ақыны болғаннан соң,
Атағыңыз алашқа мәлім еді.
Топтан торай бермейтін өзің едің,
Қасқа тісін қандаған кәрі бөрі.
Бойдағы қалған күшті сығымдап көр,
Бөлтірікті лақтырып әрі-бері.

Әселхан׃

Басуға мәңгілік қадам жетпес,
Тіріде қадіріңе бала жетпес.
Қасқыр боп, арыстан боп аңдысқанмен,
Алладан пәрмен болмай ажал жетпес.

Мәңгілік өлең жырдың асқарындай,
Өлеңнің өлмейтұғын дастанындай.
Жинақы жырың қолмен қойғандайын,
Арқаттың қатпар-қатпар тастарындай.
Көкпенбек кең өлке жоқ басқа ауылда-ай,
«Көкпенбек» атты ауылдың бастауындай.
Көзімді қарықтырды күміс көлдер,
Тоғжанның түсіп қалған шашбауындай.

Арылып көрмесе де қайғы өмірден.
Өнерге мен қараймын бай көңілмен.
Шыңғыстың шың-құздары тыңдайды екен,
Ұлы Абай ән салғанда Әйгеріммен.

Көтерген ел сенімін арқасына,
Жүйріктер шықты елдің ортасына.
Бірігіп шықсын бүкіл қазақ бүгін,
Шыңғыстың шұбар ала тау-тасына.
Әселхан көргендерін еселесін,
Біздерді нағыз ақын десе десін.
Көргенде қазақ рух бір сілкінді,
Абай мен Шәкәрімнің кесенесін.

Бұл тойда көрген қызық бір ғасырдай,
Қуаныш көкіректе тұр басылмай.
Алып ару далаға таға салған,
Қос кесене, қос күміс сырғасындай

Алыстан көрінісі сондай дерем,
Басқалай теңеу таппай қарай берем.
Ақындар мұны неге жырламайды,
Сонда жатыр Шәкәрім, Абай деген
Киесі әруақтың сол емес пе,
Алдыңа көрсеткендей шарайнамен.

Мұхамеджан:

Жиһанкез жер танымас кезе білмей,
Еш жерден ел табылмас өз еліңдей.
Арманы аласармай қазақ халқы,
Заңғар ұл туыпты өз кезегінде-ей.
Абай биік болғанмен байтеректей,
Сөзі шырын, ақ қайың өзегіндей.
Біздің Абай бұл күні әлемге ортақ,
Мұхитқа құйған Ертіс өзеніндей.

Тұратын тобықтылар бірлігінде,
Көрсетіп барлық қазақ ірілігін де.
Дәл осындай той, ағайын, өтті ме екен?
Осынау алты алаштың тірлігінде.
Әлемге Абай ортақ болмаса егер,
Туар ма еді Евразия кіндігінде?

Абайдың асыл жырын шырақ қылсақ,
Кеудеден ағып шыққан бұлақ қылсақ.
Жан дүниесіне біз сонша жақындармыз,
Өзінен қаншалықты жырақ тұрсақ.

Аман бол, тау дарындар, дәу ғалымдар,
Жабықтан сәуле болып сауладыңдар.
Әлемдегі әдебиет ордасынан,
Алтын тағын Абайдың дауладыңдар.
Ұлы бабам қазына қалдырыпты,
Орныменен олжадан сауға алыңдар.
Қазақтың қоржынында қор ғып қоймай,
Әлемнің қазанына аударыңдар.

Ал, халқым бақытынды таптың қандай,
Көңіліңді қандай іс бар шат қылғандый.
Шәкәрім мен Мұхтардың топырағын,
Атомдарға қор қылмас тапқыр маңдай.
Сахаровтың сандалған сарбаздары,
Адамдарды жұтуға сап құрғандай.
Жақсының да ірісін, жаманның да,
Жаратқаным Семейге тап қылғандай.
Ұлы Абай ұрпақтары қыбын тауып,
Курчатовты құрсаулап жаптырғандай.
Үні де полигонның өшті білем,
Азынаған айғырды ат қылғандай.

Жақсы сөз – жүректің валидолы,
Әркім тауып айтпайды, әрине, оны.
Алға ұста Абайлардың адал ойын,
Бастасын бақыттарға фәни жолы.
Бұрын әлем Семейге көз тігетін,
Болғаннан соң бомбаның полигоны.
Жауыздықтың жауабы берілген соң,
Бүгінде Абайымен таниды оны.

Әселхан:

Тауы бар Семейімнің, жартасы бар,
Орны бар, өзгермеген картасы бар.
Қырық жыл полигонға ойнақ болған,
Семейдің қырық тесік арқасы бар.
Көлім деп қызыл тілге айналдырған,
Аралдың кеуіп тұрған аңқасы бар.
Корабль Байқоңырдан ұшқан сайын,
От болып өртенетін жаңқасы бар.
Мінекей, жетпіс жылда жеткен жерім,
Әлі көп құпиялы қалтасы бар.
Империя құлағанмен сағым болып,
Тірлікті шауып кеткен балтасы бар.
Алданған қу түлкіден арыстандай,
Биіктен құлап сынған жамбасы бар.

Қазағым не көрмеді бақ та ашылмай,
Айтатын алтын сөз бар ат басындай.
Нәресте еңбегіндей былқылдаған,
Қол жетті дәл бүгінде шаққа осындай.
Күллі әлем Абай тойға үңіліп тұр,
Еріген Самарханның көк тасындай.
Халайық Нұекеңді хан көтерді.
Апарып ордасына ақ шатырдай.
Маңдайы еш халықтың ашылмаған,
Өзінен туған ұлы таққа отырмай.

Шықтың ба Қарауылдың төбесіне,
Қыдырып Абай сүйген белесіне.
Абайдың басқан ізі қалды ме екен,
Сезімнің үндейтұғын төресіне.
Қарауыл көк айдында жүзіп жүрген,
Ұқсайды Нұх пайғамбар кемесіне.
Президенттің ар жағында ордасы тұр,
Аққудай шаң жұқтырмай денесіне.
Осындай сұлулықты жырлайық та,
Шақырған жоқ Қарауыл көжесіне.
Отырмыз даладағы сахнада,
Айналып осы айтыстың шегесіне
Абайдың «Айттым сәлем қаламқасын»,
Жырлап тұр таулары да, дөңесі де.
Бұл тойын бас ақынның айта-айта
Ұмытпай ала жүрер көп есіне.

Мұхамеджан:

Бұл апам тектілікті жол қылғандай,
Айтатын өлең сөзін мол қылғандай.
Асыл сөзің қалмасын аяқ асты,
Ханның қызын жасыққа қор қылғандай.
Халық бізді сап отыр алақанға,
Қияға қыран құсты қондырғандай.
Құнарлы сөздеріңді ақтардың-ау,
Жылқының жілік майын толтырғандай.

Мықтыға мақсат емес бәрін білген,
Жақсы сөз айтқан сайын жаным кірген.
Жаныңда құмырсқадай балаң едім,
Дәніңді татқаннан-ақ дәмін білген.
Баяғының биіндей бір апамсыз,
Баянды жақсылыққа жаның күлген.
Құмырсқа жолын білсе болғаны да,
Аяз би оған қарап әлін білген.

Халыққа өлең жолдау қадірлі істей,
Сөз шықпайды жалынға жаның піспей.
Әрдайым ардақты бол, ақын апа,
Алты алаштың аузынан атың түспей.
Аяңдап артыңыздан мен келемін,
Асықпай шығатұғын ақыл тістей.





Пікір жазу