29.06.2021
  349


Автор: Әселхан Қалыбекова

Қызылқұмдық ақын Әселхан Қалыбекова мен Шардаралық ақын Камал Ендібаевтің жыр айтысы.

«Оңтүстік Қазақстан» газетінде 1986 ж 14 қазанындағы нөмерінде жарияланған.


Камал:

Деп жүрме сөз бастауды қызғанады,
Әселхан, сан айтыстың мұзбалағы.
Болғанымен жасың кіші,жолың үлкен,
Сыйлап өскен халықпыз, қыз баланы.
Сол үшін өзіңе енді бұрып тұрмын,
Әселхан, айналайын сөз бастауды.

Әселхан:

Армысың алдымдағы көрген халқым,
Айтысқа тамашалап келген халқым.
Екі күн жүйріктерді жарыстырып,
Уыстап жыр маржанын терген халқым.
Осыдан төрт жыл бұрын Әселхан да,
Ортаңа ұялшақтап енген халқым.
Бір нәрсе осы қызда бар екен деп,
Өздерің алдыменен сенген халқым.
Айқасып өнердегі аптаппенен,
Төріне осы айтыстың аттап келем.
Қып -қызыл отқа түсіп додаларда,
Намысын туған елдің сақтап келем.
Сағынып көрістік қой өздеріңмен,
Жасарып заманымыз өзгерілген.
Октябрьдің қарсы алуға 70 жылын,
Сәби де талпынады жөргегінен.
Кемеңгер партияның саясатын,
Тоймайды тереңдігін көз көруден.
Қарыштап алға халқым басу үшін,
Съезде нақты шара көзделінген.
Мың сәлем облыстық ағайынға,
Еңбеккер Қызылқұмдық ерлерімнен.
Астарын әр шумақтың тереңдетіп,
Айтайық бар табысты өлеңдетіп.
Асыра орындадық етті, жүнді,
Отанға артығымен өткізілді.
Салмағы семіртілген әрбір қойдың,
51 килограмға жеткізілді.
Өреді үш жарым мың ойсыл қара,
Түйені Төреқұлдай баққан аға.
Шұбаты бал татиды ішіп көрсе,
Еңбектен құрметін тапқан аға.
Қалқабай Бәйімбетов жылқы баққан,
Төсіне жас та болса орден таққан.
Шопандар жайлауымның жайсаңдары,
Қайтпаған қиындықтан қайсарлары.
Оңалбек,Тұрлыбек пен Жолдасбектер,
Жыл емес, бес жылдықтар майталманы.
Табиғаттың ықтыра алмай тас бораны,
Байлығым Орынбайдан басталады.
Құмдары қарасаңыз таудан үлкен,
Көрген жан сұлбасынан жасқанады.
Аптабы аңыз болған бұл өлкені,
Мамырдай қыр қыраны басқарады.
Әр құмнан отар-отар қой өреді,
Әр үйде батыр ана көп балалы.
Жұз қойға, жұз жиырмадан төл алынып,
Орынды ауданымның мақтанары.
Жаңғыртып жақсы түрін ғұрпымыздың,
Мерейін көтерейік ұлтымыздың.
Деген бар: «соңғы түйе жүгі ауыр»,
Басайық шаршағанын жұртымыздың.

Камал:

Тыңдаушы халық көрермен,
Жанкүйері айтыстың.
Жігер беріп бойыма,
Иесі еткен тың күштің.
Шабытқа шабыт жалғаған,
Жанардағы нұрлы ұшқын.
Сіздерден көріп нәр алам,
Қатысушы әр адам.
Мен жүйрігің боп тұрмын,
Байшұбарға балаған.
Денем қызып алған соң,
Ылди өрге қараман.
Алпамыстай алыппын,
Өлеңге балуан анықпын.
Көңілінен шықпасам,
Емеспін ақыны халықтың.
Кемістіктер жойылып,
Жетістіктер орнаған.
Ақынның тілі сақшыдай,
Қоғам мүлкін қорғаған.
Пәре беріп, пәре алған,
Еңбексіз пайда тапқандар.
Қоғам мүлкін сатқандар,
Арамызда бар болса,
Сынаңыздар аямай.
Өзара сын айтуға,
Ақындар әбден хақың бар.
Қоғам мүлкін қастерлеп,
Ұқыпты оған қараңдар.
Айтыстың мәні мазмұнда,
Міне осындай жарандар.
Жалпы сәлем бәріңе,
Ендібаев Камалдан.
Армысың ару Әселхан,
Кездеспей көптен сағынған.
Отырардың ақ гүлі,
Өлеңмен бүршік жарғызған.
Жүрегім адал менің де,
Ләзатты сөзің бал тұнған.
Бабаң аты Ергөбек,
Сөз қалдырған бірталай.
«Не ексең соны орарсың»,
Деген екен халқым-ай.
Сом алтынның сынығы,
Көшпейді сыны жарқырай.
Халқыма мәлім боп тұрсың,
Күміс көмей, жез таңдай.
Айтысында қыз жігіт,
Сөзіңе жауап таба алмай.
Састы ғой сабаз айта алмай,
Торғайлық ақын Қонысбай.
Өлеңге батыр нар қызым,
Палуан дене кең маңдай.
Тасқындай берсін талантың,
Сыр суындай сарқылмай.

Әселхан:

Жайылған Қызылқұмның атақ,даңқын,
Жырлайын домбырамен алып қарқын.
Үш ақын Шәуілдірден келгеннен соң,
Есімі шығады оның жарқын,жарқын.
Қызылқұм қойнауы құт ел біледі,
Ерлігін көзбен көрсең сендіреді.
Байқасаң бес жылдықтың қортындысын,
Одақтың қанша туы желбіреді.
Осы жұрт қыздарыңды мақтап отыр,
Әр адам сөзімізді жақтап отыр.
Кешегі жарқылдаған Тәушен апам,
Бүгінде осы айтысты жапқалы отыр.
Бір тынбай Комбайнның таныс әні,
Мойнынан сап-сары алтын дән ұшады.
Жарқырап Камаздардың маңдайында,
Жұлдыздар түні бойы жарысады.
Аралап егісімді көрген адам,
Ғажайып арулармен танысады.
Механизатор Роза, Құндызайлар,
Жігіттің қандайынан қалысады.
Ұнагүл,Бибіхатша тағыда бар,
Үйренген жүгерінің бабын олар.
Әрбірі болшақта бір-бір Кәмшат,
Ең кемі, бір-бір үйдің бағы болар.
Кәмеке, ауылымды араладың,
Артыңа желден қорқып қарамадың.
Осында еңбек еткен қыздарымның,
Қолын алып кетуге жарамадың.
Баулыған балаларды зор жұмысқа,
Кішімат Досановтың жолы нұсқа.
Әуезов мектебіне тең келетін,
Мектеп жоқ аудан түгіл облыста.
Шардараң сәулеті асып шарықтаған,
Айдында шағаласы қалықтаған.
Сырғасы сылдыраған сұлу өлке,
Бойына артық бұйым дарытпаған.
Жұп-жұмыр ,жұмыртқадай әппақ қала,
Көтерген мерейіңді асқақ қала.
Шабытты шымырлатып отырар ма ем,
Көзімді толқынына тастап қана.
Диханның дәнге айналып күміс тері,
Ақжарқын көңілді екен ырысты елі.
Айқасып ғашықтардай тербеледі,
Бастарын көтере алмай күріштері.
Қызылқұм совхозыңнан анықталды,
Жұманның бөлімшесі шарықтаулы.
Білікті Сапаралы агроном,
Түсімін бар егістің жайып салды.
Сын айттың деме енді мақтап алып,
Дертінен жамандықтың сақтаналық.
Еңбексіз табыс тапқан жорға шығар,
Сондайлар тиылмай жүр олжа құмар.
Қорабын машинаның биіктетіп,
Жортатын алып-сатар өз заңы бар.
Совхозың «Юбилейный» қасыңдағы,
Мезгілсіз түскен ақтай шашыңдағы.
Қол созым жерде тұрып көрсетпеп ең,
Тағы да отырмысың жасырғалы.
Қайқайып жабылып тұр жалғыз клуб,
Қиын-ау оның енді ашылмағы.
Әр жерде, қирап жатқан техника,
Көп екен жүргенінен шашылғаны.

Камал:

Әселхан айталыды ойдағы өлең,
Халықта айтулы өлең, пайдалы өлең.
Өзім барып көзіммен көріп келдім,
Не кемшілік, не жетістік айта берем.
«Шардара төрт қақпаның кілті»-фильмінің
Жас директор кейіпкері «Целинний»-дың,
Механизатор Әуелхан Бекболатов,
Рольінде ойнаған Қажымұқанның.
Алғашқы ұйымдасқан «Восход», совхоз,
Таңданып қадалады қараған көз.
Тіл жеткізіп айту мүмкін емес,
Ақ күріш айналасы тұнып тұрған.
Шаршау жанның жүйкесін тынықтырған,
Мектеп,клуб, емхана, балабақша,
Бар жағдайын халықтың толықтырған.
«Октябрьдің 50 жылдық» атындағы,
Совхозымның айтарлық тартулары.
Өткен жылдың өзінде таза пайда,
Миллион сомға жуық артылғаны.
Биназарова Тәжікүл ел мақтаны,
Екі бірдей съездің делегаты.
Төртінші бөлімшеде меңгеруші,
Сыр маржаны ағылған күміс дәнді.
«Қазақстан» совхозын біледі одақ,
Уақыт тар айтуға атап, атап,
Әр гектарға 70 центнерден түсімділік,
Дәл кәзір жүріп жатыр күріш орақ.
Нәр бердік Шардараның кесегіне,
Бүгінгі ұқсамайды кешегіге.
Әселхан өзің барып көріп қайттың,
Жете алмай о, шеті мен, бұ шетіне.
Әселхан сен де айып жоқ сұлу керім,
Әркімде мадақтайды туған жерін.
Құзылқұм табысты аудан болса егер,
Дұрыстап қояр еді-ау көшелерін.
Шопандар тойындағы біздегі өткен,
Ақын айтыс, балуан күрес,кереметтер.
Арқан тартыс, атжарыс, түрлі ойын,
Қыз қуу, жігіт қашып, қыздар жеткен,
Әсеке-ау, көріңіз деп өтінсем де,
Өзің ғой кідірместен тастап кеткен.
Бұл өзі ата қазақ жолы емес пе,
Тойлардан дәм, тұз, татып жүріп кеткен,

Әселхан:

Асығыс болғанан соң қарамадық,
Сен оған қалып па едің жараланып,
Тойыңды бүгін болмаса ертең көрем,
Мен үшін күйінеді Камал нағып.
Жаңағы қалып кетту-ау, ойдағылар,
Айттың ба жаттағанды қолдағы бар.
Жауапсыз қалып кетті-ау, ай Кәмеке,
Әлігі шоферлар мен жолдағылар.
Бетбұрыс біздің елде басталынған,
Шаралар мерзімінде атқарылған.
Ауданда барлық ұйым салауатты,
Көрмейсін бөтен мінез жастарымнан.
Өлеңмен думандатып мерекені,
Жаямыз дастарханды берекелі.
Бозбала,бойжеткенді айтыстырып,
Қымызбен шұбат ішіп, той өтеді.
Жоюды маскүнемдік шараларын,
Сен болсаң қаулыға да қарамадың.
Ішкілік сатады екен, көп жеріңде,
Барған соң ауданыңды араладым.
Тойыңда көптеп арақ қояды екен,
Құмарлар қанып ішіп, тояды екен.
Боламыз салауатты деп жүргені,
Әшейін бер жағынан бояма екен.
Әндетіп Шардараны шалқып басып,
Көшеңде мастарың жүр қолтықтасып.
Қайда жүр салауатты ұйымдарың,
Тәртіпті жіберіпті осалдатып.

Камал:

Аулақ болғын Әселхан,
Жанама бір шумақтан.
Ақындарға жараспас,
Ділмарсыған құр мақтан.
«Байырқұмның» екі жағына,
Жауап берер мен емес.
Жауапты оған адам бар,
Ұстап отырған ел басын.
Тату адам өтірік айтып,
Жамандамас жолдасын.
Бос сандалған ешкім жоқ,
Жүрген шығар оларда,
Рұхсатын алғасын.
Әселхан бас иемін өнеріңе,
Майда шүйде әңгіменің керегі не?
Қаншама десең дағы тілім ұзын,
Сен едің қолдағы бар қызыл гүлім.
Отырар, Шәуілдірден келіп тұрсың,
Жүйрігі деп санаушы едім Қызылқұмның.
Әселхан татып едім тұзыңды енді,
Көп ішінде төмен болмасын жүзің енді.
Шынымен терең қуып айта берсек,
Достығымыз тұр әзір үзілгелі.
Жақсы сөз айту керек халайыққа,
Қызықшылық қалайда қылайықта.
Дарынды білсін халқым қолымдағы,
Адаммын ақындықтың жолындағы.
Халықтың көңіліне жол табу керек,
Ақыннан шыққан сөздің айтылғаны.
Әселхан сөзің өткір болса дағы,
Қайтейін жоқ екен ғой тартымдығы.
400 келідей өткенде еттеріңіз,
Жаңағы бір сөз де айтып кеткеніңіз,
Еттің барлық мәліметін тауып алдым,
Әсеке, қызармай ма беттеріңіз.

Әселхан:

Білемін жүрегіңде дауыл барын,
Кәмеке, айтар сөзден жаңылмағын.
Айтысып жүруші ем кіл азусызбен,
Қуанам сендей парлас табылғанын.
Жарысса екі жүйрік тең болады,
Әйтседе біреуі сәл кем болады.
Бәрібір бір ширегің жетпей жатыр,
Осыны мойындасаң жөн болады.
Шөпке де, суға да, бай Шардараңыз,
Өзіңмен бірге жүрып шарлағанбыз.
Көк құрақ асфалтьттің екі жағы,
Көлкіген су боп жатыр айдалаңыз.,
Есепте бір тамшы су тұрған шақта,
Еңбекті зая кеткен ойлағанбыз.
Сыр суын Шардарадан байлап алып,
Отырсың керегіңше пайдаланып,
Болса егер ондай теңіз Қызылқұмда,
Біздің ел қонар еді айға барып.
Әрине сусыз бізде түк өспеген,
Сонда да шөп жинадық күреспенен.
Сіздерде әрбір үйдің ауласында,
Жүздеген жиюлы тұр «пресс» -деген.
Біздерде мал азығын жасақтауда,
Бірінші мемлекеттік үлес деген.
Жүргенім жоқ кемшілікті теріп көптен,
Ризамын жерлеріңе көріп кеткен.
Жерің от, мал азығың сай болса да,
Мал саны Шардарада кеміп кеткен.
Біздерді қой өсірген көрмейсің бе?
Әр сұрақ қойған сайын терлейсің бе.
Шөп көпі деп жекеменшік бөліп алып,
Совхоздың малына дым бермейсің бе?
Көшеңде тал жоқ -дедің көріп тұрып,
Бұл сөзді неге айттың сеніп тұрып.
Су жібер Шардарадан мықты болсаң,
Өзім-ақ, тал егейін жеңім түріп.
Бауды да сізден көрдім қурап кеткен,
Байлығын табиғаттың қорғамапсың,
Қарыс жер қабатыңда теңіз тұрып.

Камал:

Жинасақ үйге прес, тірестіріп,
Жатыр ғой жем мен шөпке күрес жүріп.
Өз алдына бермейме айтшы Әселхан,
Аудандарға тарқаттық үлестіріп.
Шөп алар бізден келіп барлық аудан,
Рас айтып отырсың сулы аудан.
Балтакөлің шөп алады, Ақтөбемен,
Өзің де білесің ғой Қожатоғай,
Су ішкен құдығына түкірмеген.
Оны да ойлап сөйле бұдан бұлай,
Ет өткізу мемлекетке үлкен міндет.
Облысты отырсыңдар артқа сүйреп,
Тоғыз айда өткізген 446 ірі қара,
Тұр небәрі 281 килограмман кеп,
Мүйізді ірі қарадан тірі салмақ,
Мүмкін емес 400 ден кейін қалмақ,
Әселхан әр жерлерде сенің ойың,
Биылғы тоғыз айда өлген қойың,
23762 шошымайма тұла бойың.
Ұсақ түйек айтпаймын кемшілікті,
Өлген қойдан сескеніп, зәрем кетті.
Алдарың жаз емес қой қыс таянды,
Қалай енді жинайсың жем мен шөпті.

Әселхан:

Ол рас ауданымыз шөп алады,
Оны әлі бір емес-ау, көп алады.
Айтыстан кейін Камал сен кіріссең,
Өзіңе рахмет деп алады.
Кетіпсің әншілікке жетіліп те,
Отырсың барлық сынға бекініп те.
Соншама жаман болса біздің аудан,
Мына менің айтқаным өтірік пе?
Айтайын өз басыңа аз ғана сын,
Түсінбей сен отырсың сөз мағнасын.
Отырар- деген өлке менің елім,
Біледі бүкіл әлем, арғы тегін.
Шардара, Шардара –деп асқақтама,
Қызылқұмда тарихым жатыр менің.
Шыңғыстың зұлымдығын қалтыратып,
Еске алып өткен күнді сансыратып.
Музейге қойып қойдық ойлансын деп,
Барлық сол тарихтарды жарқыратып.
Білесің Шәуілдірдің тек емесін,
Біздегідей музейдің көп емесін.
Он тоғыз еңбек ері, екі батыр,
Ұрпаққа ұсынады өнегесін.
О, бастан мен бәріне дайын жанмын,
Отырар бұрмасындай қайырмамның.
Қолыңмен ұстамай-ақ тебірендің,
Көргенде қылыштарын Қайырханның,
Апатсыз қозғалсын деп өмір кеме.
Бейбіт күн, бейбіт еңбек бәрінде де,
Қарасаң парасатты пікір толы.
Жасады партиямыз мәлімдеме,
Қол жетіп келісімге күлімдеген.
Басылар жер жүреі дірілдеген.
Әлемге ортақ бейбіт таң атсын деп,
Қосамын үлесімді жырымменен.
Өтінде Арыстанды-Қарабастың,
Еңбектің майданына араластым.
Жел емес, сәл екпінге шыдай алмай,
Басыңды құрысын деп ала қаштың.
Жатырмыз сол даланы гүлдендіріп,
Біздермен айтысуға жарамассың.
Сақтаймын намысымды жерге жықпай,
Осыны мойындасаң азаматсың.
Өлеңді айтқан сайын жеңілденем,
Тарығып отыр еді елім неден?
Шаһарды от пен оққа ораса да,
Отырар Шыңғысханға берілмеген.
Сол елдің болсам рас Әселханы,
Қоймаймын бас идірмей тегінде мен.
Түсінсең осы сөздің астарына,
Кәмеке,қол берерсің жөніңменен.





Пікір жазу