Әселхан Қалыбекова мен Баянғали Әлімжанов айтысы
Екі күнге созылған жыр сайысында кеншілердің ықыласына бөленіп, ала бөтен айтыс өнерін көрсеткендер Қазақстан Республикасының Халық ақыны Шымкенттік Әселхан Қалыбекова мен Көкшетаулық Баянғали Әлімжанов болды.Бұл екі талант айтыс өнерін жаңа бір биікке көтерді. Екі ақынның да толғауы терең,самғауы ерен болды.Кеншілердің еңбегінде,кеніштердің бүгінгі проблемаларында тап басып жырлады.Баянғали Шығыс кенішінің атынан,Әселхан Оңтүстік кенішінің атынан айтысқа түскен.
Баянғали:
Дәм жазып ауылыңа қайта келдім,
Тойыңа құтты болсын айта келдім.
Бір жұтым Көкшетаудың таза ауасын,
Сендерге алып келдім байтақ елім.
Куәсі болып жүрмін қарқыныңның
Сүйемін беттеріңнен барлығыңның.
Баянжан жұқаларды қиратар деп,
Мінекей дәу апама салды бүгін.
Ағайын сөзден қашпайын,
Мына отырған дәу апам,
Қарсы алдыма қарасам-
Алатаудай көрінед,
Қаратаудай көрінед.,
Ағыл-тегіл жырласа,
Ауызынан өңшең бір,
Лағыл маржан төгілед.
Сілкініп бір жырласа ,
Жанар таудай көрінед.
Менен басқа ақындар,
Мына отырған апамнан,
Қорқатұғын көрінед.
Ағайын құлақ салыңыз,
Мына отырған апамның,
Оң жағында қара алтын,
Сол жағында сары алтын.
Тоқ етерін айтқанда ,
Осы таудай апамның
Өнебойы бәрі алтын.
Тағы да қызық бастаймын,
Кеншілерді мақтаймын.
Мен айтамын апатай,
Сенің өзің санап ал,
Біздің Шығыс кеніште,
Жиырма шақты Женя бар.
Қырық шақты Коля бар,
Елу шақты Евгений,
Алпыс шақты Аня бар.
Жетпіс шақты Жора бар.
Ойлап тұрсаң ағайын,
Өзімде талай арман бар.
Осы жерде байқасам,
Аталар бар,ана бар.
Еңбек сауып қартайған,
Талай-талай жандар бар.
Бас иемін сендерге,
Саулығы мен жастығы
Жер астында қалғандар.
Әселхан:
Ризамын өздеріңді көргеніме,
Ешқашан өкінбеймін келгеніме.
Тағы да басымды иіп сәлем берем,
Жездіңе,Жезқазғанға,Жәйреміңе.
Баянжан жырың жақсы елпілдеген,
Қыздарды табынтасың көркіңменен.
Шетелдің ринктегі боксеріндей,
Түріңнен айналайын селкілдеген.
Кетпейді соғыс зары құлағымнан,
Айырмақ болған мекен тұрағымнан.
Қорғасын заводында Шымкентімнің,
Әр он оқтың, тоғызы шығарылған.
Майданның көрген білер анық атын,
Екі үйдің бірі қара жамылатын.
Жауыма Жезқазғанның рудасы,
Бомба боп,снаряд боп жарылатын.
Тайынбай ешнәрседен жолында адам,
Майданға қару берген жалындаған.
Балмұқан Аймақанов деген кенші,
Жоспарын қырық есе орындаған.
Асты сыз, іші суық тігіп шатыр,
Қалмаған жарамдылар іске татыр.
Бір өзі қырық жанға тең келсе де,
Елеусіз, ескерусіз ,солар жатыр.
Тепкіні теперішті көрген елміз,
Өзгеге өз несібін берген елміз.
Жанды да отан үшін пида қылып,
Ертеңгі болашаққа сенген елміз.
Сол сезім,сол сенімнің арқасында,
Фашистті бас көтертпей жеңген елміз.
Іргесі сол одақтың ыдырады,
Түсінбей жүргендер көп бұны да әлі
Бөлінсе бөрі жейтін бөрте лақтың,
Заманы қалай-қалай құбылады.
Өткенді енді бүгін саралаймыз,
Беруге бар,алуға шалағаймыз.
Қатыгез көршілері тонап кеткен,
Жалаңбұт сызда отырған баладаймыз.
Тұрбалар жұтты талай сап қып көлді,
Буынбай болмайды енді тас қып белді.
Үрейлі арғы жағы үңірейіп,
Беліңді бүгілдірер аштық келді.
Бас қоспай болмайды енді іріленбей,
Дүние шайқақтайды бүлінердей.
Тірлік жоқ бауырларға жалғаспаса,
Бірі-етек,бірі-жаға,бірі-жеңдей.
Қазынаң қалған мынау саяңда тұр,
Бұл өмір жеткізбейді аяңға құр.
Тарихты сендей білер бір адам жоқ,
Аржағын жалғап жібер Баян батыр.
Баянғали:
Барайын енді сөздің төтесіне,
Жетеді-ау тыңдағанның жетесіне.
Жарасы сұм соғыстың жазылған жоқ.,
Әкемнің снаряд бар шекесінде.
Мен қалай туған ел деп толғанбаймын,
Сөзіне апамыздың жалғанбаймын.
Өз қолы өз аузына жетіп елім,
Асқақтап тұрғандығын армандаймын.
Апатай үй дедіңіз,бүй дедіңіз,
Боксер деп ініңізді түйредіңіз.
Сіздағы құр қалмаңыз Юныңыздан,
Өнер ғой таеквондоны үйреніңіз.
Бұл сөзім тыңдаушыға ұнағандай,
Секір деп мына менен сұрағандай.
Бұл жерде мен секірсем дәнеңе емес,
Егер де дәу апамыз қозғалса ғой
Жезқазған опырылып құлағандай.
Бұл сөзді тыңдағандар дұрыс дейді,
Айтқаны Баянғали ірі іс дейді.
Өйткені кен байлығы тазаланған,
Қойнауы туған жердің қуыс дейді.
Азамат өтер дәйім елін сүйіп,
Әр кезде туып өскен жерін сүйіп.
Сарқылып Жезқазғанның бар байлығы,
Қалмасын Қарсақбайдың кебін киіп.
Бір кезде біздерден де алтын алған,
Байлықтың түгін қоймай сарқып алған.
Пайдаға батып алып сатып кеткен,
Тек қана туып өскен халқы қалған
Жете ме көкейіңе сөздеріміз,
Жанғандай шырадай боп көздеріңіз.
Ағайын байлығыңа ие болып,
Билеңдер өз жеріңді өздеріңіз.
Әселхан:
Кезінде Шығыста Руслан Юн жүріпті,
Ісінің бәрі бірдей тыңғылықты.
Халықтың қажетіне жарайтұғын,
Бір жақсы шарушылық құрдырыпты.
Қазіргі Урумовың жүргізе алмай,
Жаптырып сол шаруаны тындырыпты.
Етінен, сүтінен де айрылған соң,
Кеншілер кешіре ме бұл қылықты.
Емес қой малы семіз қора мықты,
Ел қамы көңіліне оның оралыпты.
Біреуің айтпадыңдар Шығыстықтар,
Кешегі Вопченко мен Омаровты.
Қызмет еткен екен елге жөндеп,
Шығыпты жолы құрғыр көлбелеңдеп.
Үйінен тіке түрып кеткен жандар,
Үйіне қайтыпты ғой көлденеңдеп.
Өзің тап енді Баян есебіңді,
Жасырған ел біледі кеселіңді
Марқұмдарды сен айтпасаң мен жоқтайын,
Ұмытсаң кім болғаның кешегіңді.
Баянғали:
Айтылар өлең енді ойлы болсын,
Ақынның айтар сөзі сайлы болсын.
Өмірден өтіп кеткен боздақтардың.
Марқұмдар жатқан жері жайлы болсын.
Оларда осы жерде жүрген екен,
Жұмыстың жайын жақсы білген екен.
Кеншілер жаппай танып ол кісіні,
Еңбегі Вопченконың сіңген екен.
Бұл істі тағы да алға жалғар деймін,
Ұрпақтар қыран құстай самғар деймін.
Өлгендердің артынан өлмек жоқ қой,
Тірілер тәуір ісін жалғар деймін.
Апатай қандай сөзге барасың,ә,
Ініңе қызық кінә тағасың ба.
Отырсың таудай болып араласып,
Корей мен Осетиннің арасында.
Ел біткен қалай көрер мұныңызды,
Айта бер беу апатай шыныңызды.
Таудай боп отырып ап қайта-қайта,
Болмастан мақтайсыз ғой Юныңызды.
Қазағым туған елін сүйіп тұрсын,
Ел үшін оттай лаулап күйіп тұрсын.
Еңбегі туған елге риясыз боп,
Орденмен медальдардан биік тұрсын.
Мақтадың беу апатай істеріңді,
Танытып жатырсың ғой күштеріңді.
Ал енді айтыңызшы алдың күні,
Қорықпай бір шақтаға түскеніңді.
Көкейге талай сырды түйдің бе екен,
Ойыңа отты өлеңді жидың бе екен.
Шақтаға түсер кезде қайран апа,
Үстіңе кенші киімін кидің бе екен.
Жезді де жүдеп жүрген бауырлардың,
Киімі сізге сірә сыйды ма екен.
Әселхан:
Деді ме болсын айтыс дуға берік,
Алып боп анамыздан туған едік.
Абырой болды бүкіл Жезқазғанға,
Костюмі Тамерланның тура келіп.
Оянбай көп ғылымнан қапы қалдық,
Жараны жай қалмады жасырарлық.
Есектің құлағындай дипломды,
Көбіміз оқымастан сатып алдық.
Бірді екі білімімен талпынғанның,
Алдына көлденеңдеп жатып алдық.
Білімсіз оқығандар қатырып жүр,
Қаржысын үкіметтің сапырып жүр.
Ғылымды сиыр қылып,сауып ішіп,
Тұмсығын балқаймаққа батырып жүр.
Не пайда дипломнан жатқан қоқып,
Көзіңді жүрген жоқ па қарға шоқып.
Бабасы ,руына қарамастан,
Санасы, сәулесі бар баланы оқыт.
Еселеп қазынаңды толтырарға,
Темір де, мыс та бізде, вольфрамда,
Өзіміз машинаны жасап жатсақ,
Аспай ма мерейіміз қоңсыларға.
Қамал көп алда тұрған алынбастан,
Келеді өр биіктер бағынбастан.
Тәуелсіз әлі-ақ нағыз ел боламыз,
Құдайдан басқа адамға табынбастан.
Баянғали:
Апам кеп Жезқазғаным сасқан екен,
Киімін Румовтың тапқан екен.
Кеп қалса Әселханға,шақ келсін деп,
Қазағым оны жақсы баққан екен.
Өлеңі апамыздың теңіз болсын,
Жақсылық осы тойда егіз болсын.
Қазағым бастықтарды баға берме,
Қарапайып кеншіде семіз болсын.
Әселхан:
Бұл өлең келе берер жұтқан сайын,
Жаныңа жақындаймын ұққан сайын.
Әйелдер,дұға оқыңдар тәуба қылып,
Шахтадан азаматың шыққан сайын.
Елімнің қонақ күткен салты қандай,
Келгелі көңіл шіркін шалқығандай.
Көз жетіп, көрмегенге сезім жетіп,
Жырымыз мыс қазанда балқығандай.
Бірер күн алдыңызда еркеледік,
Ыстығы асыл тастың шарпығандай.
Бойыңа бар байлықты еншіледің,
Айтайын бірер ауыз ел тілегін.
Тигенде өз билігің,өздеріңе,
Жани түс жігеріңді кеншілерім.
Өлеңнің сорғалатып көк дауылын,
Кеншінің риза қылдық көп қауымын.
Ер едің сен-дағы бір асып туған,
Көкшеңе аман-есен жет бауырым.