АШЫҚ ХАТЫ - Ауыл мұңын тербейік кел енедеше.
Елім,жұртым қиналса,елеңдесе,
Ұл едім ғой,қайтсыншы менен де есе.
Әселхан-ау неге үнсіз жатсыз бүгін,
Ауыл мұңын тербейік кел ендеше!
Қиын шақта несіне тарытнайық,
Қызы едің ғой Отырар атына лайық.
Бүтін байлық сенде бар-өлең деген.
Жақсы сөз бар менде де жарты байлық.
Сен де, мен де болмадық таққа қарық.
Мал мүлік жоқ біз елге ап барарлық.
Әселхан-ау көмейден көсілт өлең,
Жыр құсыңды бипаздап, баптап алып.
Отырарға менде ортақ еншілес ем,
Ала алмадым өмірде кемшін есем.
Сен ақиық қонып ап құзар шыңға,
Тұрымтайды болғаны менсінбесең.
Тұсаулы аттай митыңдап қалатын көп,
Менсінбесең болғаны шал ақын деп.
Мен өзіңдей сайысқа түсе алмадым,
Өлеңшінің толтырдым санатын тек.
Ардақтаумен көз жұмған ата тегім,
Амансың ба,әз халқы мәрт өлкенің?
Амансың ба, сұлу Сыр,ақ Арысым,
Амансың ба,Арыстанбап бақ мекенім?
Дат,Әселхан!
Қалайын датымды айтып,
Кешіп жатыр күнің ел халқың қайтіп.
Бай манап пен шенеунік... не қайыр бар,
Жаратпаған соң құдай Атымтай қып.
Көңіл бөлмей атақ –даңқ көлеміне,
Ал Әселхан жауап бер өлеңіме.
Сөз патшасын қасиет тұтатұғын,
Қазақ едім... бағымнан көремін де!
Ырысымды айтпаушы еді аз деп ешкім,
Көрмейсің бе бүтіннің баз кешкенін.
Ойрандалған Отырар төбесіне,
Ойнақтайды өңкей мас –мәз боп өскін.
Ой-хой,дала кеше кор міскініңді,
Қалың тарих жоғалды үшті күйлі,
Үш жылымды ойлайтын қазақ едім,
Қарабастау қарманбай үш күнімді.
Бір қонағым бейпіл сөз бағамдаса,
Жеңіл тимес маған да, саған да аса.
Отырар тағы ойран салдың ба деп,
Күліп кетсе қайтеміз... жамандаса!
Пенделікке болмай тұр жорымасқа,
Неге елімнің тұзы кем, соры басқа!
Әселхан-ау,аш құрсақ дейді еліңді,
Ең алдымен соны айтшы, сол распа?
Жараспайды сыр бүгу мәрт кісіге,
Жасырмайын менде енді гәпті ішімде.
Ақындарын жеңіп кеп өзге ауылдың,
Көз салмайсың ауылыңның фактісіне.
Құтты болсын тоқсаннан төл алғаның,
Орындалған секілді көп арманың.
Бірақ малдың шығына еске оралса,
Аспан жерге түскендей болам жаным.
Жүгіруші ең, желімен жағаласа,
Көзін салмай кеттің бе далаңа аса.
Ұлы оқымай, қыз безіп кетті –дейді.
Бала басқа шықпай ма қарамаса.
Қойып еңдер... жеңіпті-ау арақ –ханша,
Мәз емес ау пейілде, қабақ та онша.
Әкіміне ауылдың жеткіз сәлем,
Кеш емес қой тәртіпке талаптанса.
Бас бөрікте, қол сынса, жең ішінде,
Тиым барма тентек пен телісіне.
Әліде, ішкі істер, сотың мен прокурор,
Қол қайып па еді, бейбіт бір келісімге?
Болғансың ба одағай кәсіпке үндер,
Жағаларын ұстап жүр есіткендер.
Телефонның бағанын ұрлап сатып,
Сымсыз,дымсыз сойлеуге көшіп пе еңдер?
Түгендеуге ерініп түлігіңді,
Жауып тастап жатасың түңлігіңді.
Құдіреті Алланың күшті емес пе,
Көріп қойса, қайтесің ұрлығыңды.
Өткем сөйлеп жүргенде, көктем шығып,
Көкөрісің қурады көктен қысып.
Дихан отыр арызын өткізе алмай,
Айтақырға амалдап еккені ұшып.
Аузымен ай билеп құсты ұшыра,
Бір-бір билік шығарған тұс-тұсына,
Әселхан-ау не істеп жүр жақсыларың,
Қу нарықтың тістеліп қысқышына.
Малын бағып қар кешіп,мұзын ойған,
Көксарайдың қызы едің қызыр қонған.
«Шәуілдірге» бір басшы таба алмастан,
Құтылмай-ақ қойдыңдар ызың ойдан.
Жусан да емес, бұл халық бетеге де,
Жетпей жатыр осыған жете неге,
Тоңып емес, тойып ап секіргендер,
Не бетімен қарайды ертең елге.
Неге үнсізсің, айтпайсың халіңді ашып,
Берген қолың жатпас па алымдасып.
Әселхан-ау сен жүрсің Астанада.
Ауылда жүр коммерсант малын сатып.
Еріккеннен құрдасың айтты деме,
Қаралайын бостан-бос ақты неге.
Анда –санда «қарыны жарылатын»,
Қалмағанда шығар-ау «ақ түйе»-де?!
Өндірі едім арманшыл осы араның,
Қамын ойлап кеткен ем дос ағаның.
Табанына тапталған жүгерінің,
Жәйі қалай, қор болды ау Қосаралым.!
Азаматтың азайып елде нары,
Табалмайсың іздесең емге «дәрі»,
Замананың құбылған кезі боп тұр,
Бастық,биің,әкімің пенде бәрі.
Талай басшы кетіп еді, талайың кеп,
Қалыпты ғой босаған табағың тек.
Бәрі өтті- кетті енді, мен отырмын,
Бір айтуын айтып-ақ қалайын деп.
Сенде мұңлық, ер едім мен де мұңлық,
Есітерме үніңді елдегі ұлық.
Әселхан-ау жайыңды жақсы білем,
Салдырмай жүр сағанда теңге құрық.
Мендік өкпе білемін келіспей тұр,
Түскеннен соң айтам ғой кей іске кір.
Молда қожаң таласып садақаға,
Жағайын деп жүрме екен пейішке нұр?
Дат Әселхан!
...Болдым-ау датымды айтып,
Мінберінен барады ақын қайтып.
Өз қолымды өзім де кесе алмастан,
Ауызыма түспеді-ау апырмай түк.
Тұрымтайды асырап қыран салып,
Жүрсек деймін шақырса құлан шабыт.
Ей, Әселхан, еліңе бас- көз болғын,
Қиын емес ақынға бұл оншалық .
Қиын емсе маған да, саған да аса,
Күміс көмей қылыш тіл жалаңдаса.
Ең қиыны-ұрпағың мәңгүрттеніп,
Ең жаманы -туған жер қараң қалса.
Байқамайсың,сезбейсің өрен елім,
Заман өтсе әттең-ай, көрер едім.
Өзің үшін бір қызың отқа түсіп,
Өкінумен өткенін көбелегің.
Өлең сөзге жатпайды, қола асылға,
Бек кідірсең Әселхан боласың ба?
Біздің мекен білесің алыс емес,
Табысайық өлеңнің додасында.