АРСЫЗ ШАЛ
Бір жиында сөйлеп тұрды мықты ақын,
Атам қазақ дәстүрінің нұсқасын,
Біздің халық жасы үлкенді сыйлаған,
Сол әдепті жас ұрпақ та ұстасын.
Деді ақын даусын биік көтеріп,
Қариялар қадіріне жетелік.
Елдің бағы, мына сіздер дегенде,
Иық қомдап қалды қарттар жөтеліп.
Шоқша сақал жүзі нарттай қып-қызыл,
Сайпар шалға оңалғандай іс бүгін.
Құдағи деп маған қарап күлімдеп,
Көтергісі келіп отыр ыстығын.
Бірін-бірі ішкізуге жан салып,
Сауықшыл топ шырқап жатыр ән салып.
Әлгі найсап құдағишыл сығыр шал,
Екі көзі бөтелкеде тамсанып.
Құймайсың ба дегендейін бірің кеп,
Шыны ұстады саусақтары дірілдеп.
Байқаған соң асабаны шақырып,
Бокалға құй, толтыр дедім күбірлеп.
Шал жымыңдап, тартқанында бокалды,
Көкке шаншып тік тұрғызды сақалды.
Ду-ду етіп қолын соқты масаң топ,
Балалар мәз, - қара атамды, атамды.
Екі беті одан сайын қызарып,
Қутыңдады шалдың тілі ұзарып.
Бата қылды, Құранды да заулатты,
Есіп сөйлеп, білектерін сыбанып.
Өлеңдетіп келе жатыр екпінді,
Адал-арам ішіп тынды, жеп тынды.
«Құдағи-ау, қатырдыңыз, ризамын,
Жұптай салсаң болатын еді», - деп күлді.