АР ҒЫЛЫМЫ
Болса да мықты тұғырың,
Тартса да ауыр шығырың.
Санаңа сәуле түспесе,
Саяз су сынды ғұмырың.
Көзіңнің алмай шырымын,
Сақтай көр, сақтан, құлыным.
Менмендік кірсе кеудеңе,
Құрыдымдей бер, құрыдым.
Құдайға жақсын қылығың,
Көгерер сонда шыбығың.
Екі дүниең армансыз,
Үйренсең ардың ғылымын.
Сынақтан шығып ығырың,
Тыңдама нәпсі сыбырын.
Шайқалып кетсе тұнығың,
Толтыру қиын шығынын.
Қулардың жолы ашық тұр,
Момынның көңілі жасып тұр.
Қоғамның пультін құтыртып,
Ібіліс ымдап басып тұр.
Жүрекпен өмір сүргенің,
Аллаға жетер жүлде бұл.
Ар ғылымын үйренсең,
Бар ғылымды білгенің.
Ақиқат нұрын тілеп шын,
Ақырет шарты жүдетсін.
Алқынып Зәмзәм ішкендей,
Ашылар көзі жүректің.
Имани ілім күймесін,
Исі аңқып руқ сүйресін.
Ықылас қылса ынталы ер,
Ындынын ынсап билесін.
Арамды арам дәндетер,
Адалды адал сәнді етер.
Ар ғылымын білгеннің,
Бар ғұмыры мәнді өтер.