27.06.2021
  150


Автор: Қарауылбек Қазиев

КҮЙ СҮЙГЕН ҚАРЫНДАСЫМ

Бұл өзі ертеректе болған оқиға еді. Қаншама қыс пен көктем араласса да көңілге шұғылалы сәуле қалдырған сол бір солқылдақ шақтың шынайы сағынышы басылмақ емес... Ол кезде ай да ақырын аймалап, аялы нұрын мол төгетіндей көрінетін...
      Май айының соңғы күндері ғой деймін. Біздің үй көкмайсасы әлі де жапырылып үлгермеген үлпілдек құрақты кішігірім өзеннің бойына кеп қоныс тепті. Табындап өскен көк шалғынның қара сұр жалтылын ойнатып енді ғана сүт байлай бастаған-тұғын. Көз қиып, іште іште отыру қиын, қандай да бір қуанышты мұң жүрегіңді сыздатып, алысқа, беймәлім жыраққа жетелейді. Қас қарайған шақтарда үйге кіре алмай, елеңдейтін қаяусыз қымбат күндер-ай!...
      Түстеп берер аты жоқ, осындай ойнамалы сезім құшағында жүрген күндердің бірінде көрші ауылдың бейтаныс бір қызы келді. Бір байқағаным, көзі ерекше қап-қара екен. Жүріс-тұрысы еркін, салған жерден іш тарта сөйледі.
      - Мен сізді ерулікке шақырып келдім.
      Қапелімде сасып қалдым білем, таңданбайтын нәрсеге соншама сұқтанғаным артықтау шықты...
      - Енді кім болушы еді, сізден басқа жаңа көршіміз жоқ әлі.
      - Рақмет... Үйге кіріп, дәм ауыз тиіңіз.
      - Асығыспын, ағасы, кешке дастарқандас болармыз.
      Қонақ кәдеңізді жұптай келуіңізді ұмытпағайсыз.
      Бейтаныс қыздың ғайыптан шыққандай келуі қалай тез болса, кетуі де сондай асығыс болды.
      Төменгі беткейдегі сиырлы ауылда тұратынын айтты да, енді ғана айқындала бастаған жаңа ай жүзіне бетін бұрып, тез-тез жүріп кетті. Менің тұла бойымды әлденендей ыстық леп шарпыды.
      Мен бейтаныс қыздың үйіне келгенімде, шоқтай жиналған бір топ жастар отыр екен.
      - Кешеуілдеп келіп, күнәңізді көбейттіңіз бе, асықпаңыз, айыбын артынан өтейсіз, - деп үй иесі төрге шығарды, - бәрін де өзіңіздей көріп қысылмай отырыңыз, - деп отырғандармен қысқаша таныстырып өтті.
      Менімен қарсылас жайғасқан екі жігіттің кескін-келбеті өзгеше сымбатты екен. Әсіресе, жоғары шеттегі ақ құба бозбаланың көркі көңіл кескілейді. Қияқтай қастары қиылып, тәкаппар, паң отыр. Жүзіне тура қарай алмастай сұстылық сұлулығы басым. Мен ептеп қысыла түстім... Аз-кем абыр-сабырдан кейін үй иесі үкілі домбырасын қолына алып:
      - Мен беташарын бастап берейін, әрі қарай жалғастыру сіздерден болсын, - деп бір күйді шертіп ала жөнелді.
      Күйін аяқтағаннан кейін үй иесі ерекше нұрға бояла түсіп, домбыраны көркем жігітке ұсынды.
      - Ендігі кезек сіздікі болсын.
      - Мен шамалы ет үйретіп алайын, - деп әлгі жігіт қасындағы жолдасына бұрды.
      - Қойлы ауылдың баласы болмағанмен, ешкілі ауылдың баласымыз дегендей, күй тартпасақ та аздап тамақ кенейтініміз бар, - деп қасындағы жолдасы бөгелместен бір әнді бастап кетті.
      Байқаймын, екі жігіт те құр алақан емес. Жолдасы әнін аяқтағаннан кейін қасындағы көркем жігіт тіп-тік отырып, тәкаппарлана бір күй шертті.
      Сөз жоқ, әдемі жігіт күйді таза тартты. Бірақ өзін соншама биік, парасатты ұстауы күйдің ішкі ырғағына үйлеспейтіндей көрінді маған. Ол сүйріктей сұлу саусақтарын сермеп тастап, қою қастары қиылып, емін-еркін күй тартып отырғанда үй иесі мейірлене көз тастап, аса ілтипатты сезім құшағында еді. Қыз күй аяқталғаннан кейін барып орнынан еркелей түрегелді де, домбыраны маған ұсынды.
      - Кәне, енді жаңа көршінің лебізін тыңдап көрелік... Менің көңілім алабұртып, көптен бері бойымды кернеген, құятын арнасы беймәлім, белгісіз аңсауды тысқа шығардым...
      Байқаймын, нұр жайнаған қыз көңілі жуаси түсті. Реңіне қандай да бір кірбің үйірілген кейпін жасыра алмай:
      - Кәне, сіз қайта бір тартып көріңізші! – деп домбыраны көркем жігіткеұсынды. Ол тіп-тік бойын түзу ұстаған күйі тағы бір күй тартты.
      Мен үй иесі – бейтаныс қыздың жүзіне тепкен жұқалаң арайдың бір шығып, бір басылғанын аңғардым. Бұрын көргенімдей емес, жайнақы жанарын мұң аралас нәркес кілегей тұмшалаған. Ішінде жасы бар сияқты қарақат көздерін маған аударып:
      - Енді сіз тартып көріңізші, бөгелмеңізші, - деп домбыраны ұсынды.
      Мен иек астында болғанмен еш уақытта орындалуы мүмкін емес арманымды сырға қостым.
      Қыздың жанарынан меруерттей жас сынықтары біліне бастады. Бетіне бір теуіп, бір жоғалған жұқалаң арайға тұншыққандай еркін демін әзер алып, еркін бір тыныстап алды да ішкі тыншуын кетірген кездейсоқ көңіл құйынын күй тілімен сөйлетіп кетті.
      Үй иесі күйін аяқтап болысымен көңіл түпкірінен лықсып шыққан әлде нендей солқыл толқынын тежей алған жоқ. Екі қолымен бетін басқан күйі құс төсекке етпеттей құлады. Ағаш кереуеттің шым-шым дірілдеуінен оның өксікке тұншығып жатқанын аңғару қиын емес еді. Басқалардың қалай қабылдағанын қайдам, өз басым бейтаныс қарындасымның бойын кернеп, жүрегін дуылдатқан түсініксіз аңсауының өлшемге симас түпсіз екендігіне, оған ешбір жұбату айтып, дәл қазір айықтыруға болмайтынына, оқыс келген оқшау тілектің уақыт емімен ғана сауығатындығына көзім айқын жетті... Мен тысқа шыққанымда жұлдыздардың пырдай ақтары төгіліп түсердей балқып-еріп, жыпырлап тұрған еді ... Содан бері көп заман өтті. Бейтаныс қарындасымның тартқан сол күйі сол бояу, сол ырғағымен әлі күнге дейін құлағымның түбінен естіледі... Қас қарайған шақтарда үйге кіре алмай елеңдейтін қаяусыз қымбат күндер-ай!..





Пікір жазу