ЖАРМАСЫП ҚАЛ!...
(Фельетон)
«Қазығұрттың» ішін адақтап өтер,
«Отыз төрт» деген арбасы бар.
Бір сағатта далақтап жетер,
Сыймайсың оған, жармасып қал!
Таң намасы құлақты жаратын кезде,
Оқушылар үшкілге баратын кезде,
Базаршылар «боқтығын» арқалап ап,
«Верхныйға» ойранды салатын кезде,
«Отыз төрт» деген арбасына
Сыймайсың енді, жармасып ал!
Саудагерлер «прибылын» алатын кезде,
Қолдарын «бакс»-ке малатын кезде,
Автобусқа жолаушылар толатын кезде,
Қу қуды қулықпен «жонатын» кезде,
«Отыз төрт» деген арбасына,
Тырмыс, ойбай жармасып қал!
Сыймағандар жабыла, өкшелей қуамыз,
Жетіп алуға белімізді бекем буамыз,
Еркегі мақұл, әйелдер нашар қууға,
Екіқабатымыз жолай, «Жолдыбайды» туамыз.
Жаяулап қуып, соңынан тіліміз салақтап,
«Колосқа» дейін барамыз, дамбалымыз далақтап.
Сол жерде көріп, амандасамыз көршімен,
Қайта алмай үйге, көздері кеткен алақтап.
«Отыз төрттің» жағдайын,
тұра алмай қалған тұралап,
Әкімге айтып, арыз жаздық, «урралап»
Мойнынан әкім тез «снимать» етіп парызды,
ЖШС «НПЦ ТТ-қа» сырғытты біздің арызды.
«НПЦ ТТ» аударып-төңкеріп, түсінбей,
Настроениесі түсіп, қайтаратындай қарызды,
Сырғытты әрі, футболдың ала добындай,
Алыстап кетті, арызымыз бізден қара үзді.
Арызымыз сөйтсек, «НПЦ ТТ»-дан
ТОО «Бек»-ке жетіпті,
ТОО «Бек» шара көрмей, арызымыз текке кетіпті
Содан арыз ескіріп, шаң боп, аз-маз нетіпті,
Одан бері бір-екі жыл өтіпті.
Ал біздікі сол қуу, «отыз төрт» деген арбаны,
«Қазығұртта» далақтап «Нұр»-дың бар жаны,
Жете алмаса отыра қалып ызадан,
Ариялап, ойбайлап, осы әні еді салғаны:
«...Ахахооу, жармасып қал, жармасып қал!»
Таңғы мезгіл «отыз төрт» жетерлік болар ма?
Аялдама көліктерге «навалом» толар ма?
Осы өлеңнің себі тиіп жолаушыға,
Әкімдердің миларына қонар ма?!
(Осы өлең «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жарияланғаннан соң бір аптаның ішінде Шымкенттің «Қазығұрт» мөлтек ауданына екі бағытта автобус жұргізілді)