26.06.2021
  334


Автор: Әбдінағым Көшер

ӘНБИКЕНІҢ ӘЛЕГІ НЕМЕСЕ «МЫҚТЫ ҚҰЙРЫҒЫМЕН ДИІРМЕН ТАРТАР»

(Сатиралық әңгіме)



       Мекеме бастығы Кәуек қарамағындағы кадрлардан түңіліп, әбден күйінгеннен, тура осы жолы жоғары білімді, кем дегенде өз мамандығы бойынша үш жыл стажы бар, оның үстіне мамандығы тура осы бос орынға сәйкес, тек ғана өзіне тиісті жұмысымен айналысатын, өсек пыш-пыш сөзді аңдымайтын бір маманды алармын-ау деген ойда отыр еді, қоңыр дермантинмен қапталған есік қағылды.
       – Да-да-а, – деді бұл, ойынан арыла алмай. Еңкеңдей кірген жас жігіт «үкхһөө-үкхһөө» деп жөтеліп алып, сөзге кірісті:
       – Аға, айтайын дегенім... бір қарын... қарын... қарындасымыз бар еді – деп, аз-кем кідірді. Сосын «іңңе- іңңңң» деп күлген кейіп танытып болып:
       – Есімі Әнбике ғой... Соны жұмысқа орналастыруыңызды сұраймын...
       – Білімі?
       – Орталаудан жоғарырақ,
       – Мамандығы?
       – Мұғаллима ғой, не неғой, шет ел маманы, неее, шет тілі маманы дегенім ғой.
       – Ау, ауылға барып бүлдіршіндерді оқытпай ма?
       – Ауылға барғысы жоқ ғой...
       – Онда бізге де бармайды, мамандығы сәйкес келмейді екен.
       – Енді көке, бір жолға алыңызшы, нетіп жолын нетеміз ғой...
       – Бомайды, жоқ!
       Ешнәрсе өнбесін түсінген жігіт шығып кетті. Есік тағы қағылды.
       – Да-да-аа.
       Бұл жолы үлкендеу, жігіт ағасы кіріп келді.
       – Кеңіз, тыңдап тұрмын, не мәселе?
       – Бір құдашам бар еді, есімі Әнбике, Соны ғой, соны іске орналастыра алмай, қатынымнан сөз естіп, былай... «Құр аяққа бата жүрмейді» дегендей. «Құрғақ қасық ауыз жыртады» дегендей. Ауыз майлау дегендей...
       – Мамандығы?
       – Мұғ... шет тілі...
       – Бізге бұғалтыр керек ғой, Ақша есептеу оңай емес, алмаймын...
       Бір сағаттан соң есік қағылмастан ашылып, арғы жақтан тік жаға, бүркіт галстук байлаған, кекселеу кісі кіріп келді.
       – Ие, е?
       – Бір қыз бар еді, есімі Әнбике...
       – Мамандығы мұғалима, бірақ бізге бұғалтыр керек, – деп Кәуек жауапты алдын-ала айта қойды.
       Үш сағаттан соң ақ шашты, төбесіне шляпа киген, қолтығында жуан пәпкесі бар, басқарма бастығы есікті теуіп ашып, кіріп келді.
       Кәуек орнынан атып тұрып, иіліп сәлем берген оған.
       – Әй, жолдас Кәуек Маманович, біздің бір келініміз бар еді.
       – Есімі Әнбике ғой?!
       – Йә, дәл таптың, қалай неттің бе? Мамандығы мұғаллима сияқты... Біздің салаға... Нешеуа мәселе дипломда. Сен нетіп оны жарат, тәрбиеле, жақсы маман шығаруға тырыс!
       Осы кезде тойған қозыдай тыныш тұрған телефон шырылдады.
       – Да-да, тойыс әле-әлеу! Кәуек Маманович тыңдап тұр.
       – Мен «Анау» министерствосынан Түгеншееевпін!
       – Йә, йә, көке! Әнбике жайында ма?
       – Дәл таптың бала, орналастыра ғой!
       – Қалай, жағдайыңыз жақсы ма? Аман-есенбісіз? Бала-шаға... Қам жемеңіз, қазір шақырамыз, уже тамаша орын берілді...





Пікір жазу