ДИССЕРТАЦИЯ НЕМЕСЕ «ҚАЗАННАН ҚАҚПАҚ КЕТСЕ, ИТТЕН ҰЯТ КЕТЕДІ»
(Сатиралық әңгіме)
Кандидаттық диссертациямды жазу үшін үш ай демалыс алдым да уәкіл егізім, яғни досым әрі құрдасым Егеәлінің ауылына желкілдеп жетіп келдім. Тау бөктері. Рахат.
Тақырыбым да жеңіл – «Күшіктің үруі және ырылдауы». Не көп? Ауылда күшік көп. Тек қана зерттей біл.
Автобустан түсе сала Егеуәлінің үйіне қарай асықтым. Әдетінше алдымнан арсалаңдап Егеуәлі шауып келе жатыр. Бұрындары Құттыаяқ екеуі жарыса шығатын, бұл жолы ол көрінбейді.
Егеуәлінің екі езуі екі құлағында, мен бір жола қалып қоятындай жыйылмайды-ау, жыйылмайды. Арсалаңдай қуанып, ыржалаңдай береді. Үйге жеткенімізше жыйылмады. «Не болды соншама, қойсаңшы енді», – деп басу айтсам, «Құттыаяқ күшіктегелі жатыр, қалай қуанбайын», дейді. «Диссертациям тезделетін болды» деп, мен де езудің тізгінін босатып, жымиғансыдым.
– Ау, «құтты қонақ келсе, қой егіз табады», маладес Әкәуәлі келіп еді, біздің Құттыаяқ сегізін тапты, – деп Аңырақай шал екі санын шапаттап, қуанғаннан секіріп жүр.
Аңырақай шалдың ойынша күшік зерттеу оңай болғанымен, мен үшін қиямет-қайым еді. Бұл хайуаның не үрмейді, не ырылдамайды.
Алғашқы күндері өзім күзетіп жүрдім. Қыңсылағаннан басқа ешқандай дыбыс бермейді найсап. Жалығайын дедім. Сосын кезектесе күзететін болдық.
Бір күні кезекке Егеуәлінің үлкен жаманы – Жәуек кетті. Жасы төртте болсада құлағы қалқиып алып, пысықтың пысығы. Магнитофонды көтере алмайтын болғасын өзім апарып бердім қасына.
Ұйықтап қалма, ұйықтадым дегенше бітті, қораның аржағында тұрған көзі тұздай, аузы қазандай, тырнағы айырдай нән қасқыр «ап-хап» деп жеп қояды, білдің бе?! Күшіктің үргенін естісең мына бір тетікті міне бір саусағыңмен басасың, білдің бе? – деп әбден оқытып, үйге кіріп кеттім.
Түн жарымда есік қақты Жәуек.
– Не болды-ей, үрді ме? – десем.
– Қорқам-ей, – дейді.
– Неден? – деймін.
– Жаңағы сіз айтқан қасқырдан, – дейді.
– Ей, қайдағы қасқыр? Ондай бәле жоқ бұл маңда, бар, тұр күзет... – десем:
– Қойшы-ей, өзің күзет, – дейді. Тіресіп тұрып алғасын далада, күшіктің қасында шынымен ауызы апандай қызылкөз дәу қасқыр бар шығар онда, деп Жәуекке сендім де, қанша батыр болсам да, жалғыз баруды ұятқа санап, Егеуәліні ояттым.
– Не, үрді ме? Деді ол көзін уқалап.
– Қайдағы үрген, ана жаман Жәуегің қасқырдан қорқып келіп тұр. Екеуміз барайықшы, – дедім.
– Қасқыр дейді? Шын ба ей? Онда шалды оятсақ қайтеді? – деді Егеуәлі тыр-тыр қасынып.
– Қасқыр шал жемейді, шалды мазалап қайтеміз, Саңырақованы оятайық та, қанша деген мен әйел ғой, ол өзін жегізбес – дедім мен, – Жәуек төртеуміз қосылсақ, ешнәрседен қорқыңқырамаспыз. Осы кезде біздің өзі туралы айтқанымызды түсінде есітіп қойды ма қайдам, Саңырақова оянды. Ол езуін қаптың аузындай керіп жіберіп есінеп алды. Мөлиіп отырған бізді көрді де:
– Ей, тұр жоғалыңдар, мен киініп алғанымша, – деп азу тісін көрсетіп еді, төсегіміздің астына қалай кіргенімізді байқамай қалдық. Ол киініп, тойыс халатын жамылып далаға шығып кетті. Егеуәлі екеуміз жарыса түрегеп, артынан жайымен жүріп отырдық. Иттің күркесі қораның бергі жағында орналасқаны қандай жақсы болды. Саңырақова өзінің жұмысын бітіру үшін, қораны айнала беріп қарасын батырды. Өзім түгілі Егеуәлінің қорқып тұрғанын сезіп отырмын.
– Бүйтіп ит күзетіп жазған диссертациясы құрысын, магнитофонды алайық та үйге барып жатайық, қой жүр, – деді Егеуәлі тісіне-тісі тимей.
– Саңырақованы кү...
– Жау алмайды оны, жатарда бидай көжені Саңырақтың ақысы қалғандай ішіп еді, енді отырысын он сағат, – деп, үйге қарай жүгіре жөнеліп еді мен де зыттым.
Саңырақова өз жұмысын бітіріп бірер минуттан соң дін-аман үйге оралды. Көксоққан Жәуек өтірік айтыпты. Жасы беске толмай жатып әлден өтірік айтатынына мен сәпсім қынжылып, біразға дейін дөнбекшіп ұйықтай алмадым.
Сөйтіп түнгі күзетті доғардық, енді тек күндіз қарауылдаймыз. Таңертең тұра сала «Майлыаяқ, Майлыаяқ, кә-кә», – деп шақырсақ, Егеуәлінің үйінен үш үй әрменірек тұратын көршісі – Тайлыаяқ жетіп келеді, мұртын салбыратып.
– Неменеге таңғы шайымды ішкізбей, азанымен шақырасыңдар-ей-ә? – деп ұрсады бізге.
– Сізді емес, мына итті шақырдық, сіз ит емес шығарсыз ойбай, – деп, біз азарда -безер боламыз. Ол байғұс, бес-алты күн азанымен сөйтіп келіп жүрді де, ақырында «Майлыаяқ» емес «Тайлыаяқ» деп шақырсаң да ат ізін салмайтын болды. Тек қана біз емес, күллі ауыл-аймақ «Тайлыаяқ» деп шақырса да «әу» демейтін халге жетті.
Майлыаяқты үргізе алмай әбден шаршап жүрсек, әлгі темекіші-Түлкібақтың төрт күйеуден қайтып келген қызы - Гүлкімкелді күлміңдеп қасымызға келіп, «пішту» деп ернін шығарып кететінді әдетке айналдырды. «Арық малдың тезегі көп болады» деген осы екен де. Аттың доғал ерніндей күпсік ерні «пірп» деген кезінде шиқандай қызара айналып, помидордай болып кетеді. Мұқатқаны ғой байғұстың. Мынадай масқарашылығына әрең шыдап жүрдік. Әй, бірақ шыдам деген нервінің де шегі бар екен. Бір күні Күлкімкелді сырдаң-сырдаң басып қасымыздан өте берді. Өте берді де күнделікті әдетінше ернін... Басыңнан айналайын, Егеуәлінің басы бас ғой, іші толған ақыл ғой. Ол Майлыаяқтың басын Гүлкімкелдіге қаратып тұрып:
– Майлыаяқ, қап мына қатынды!... – деп бақырып жіберіп еді, «шәу-шәу» етіп, үріп-үріп жіберді жануар. Магнитофонды іске қостық та, Майлыаяқты жетекке ала Гүлкімкелдінің соңынан түсіп кеп бердік. «Қап қатынды, бас Майлыаяқ, қап қатынды, бас Майлыаяқ» – деп, Егеуәлі екеуміз «айтақтап» келеміз. Гүлкімкелді қорқып кетті. Қашып кеп берді ол да. Тура осы қарқынымызбен ауылды алты айналдық. Жетінші айналымында магнитофонның кассетасының төрт жолы да таусылды. Запас жоқ, енді қайттік, ойбай?! Біздің тоқтағанымызды Күлкімкелді байқамады білем, қашуын доғармады.
– Екі сағат жүгіріппіз, кассета біреу-ақ, сен Егеуәлі жүгіріп барып үйден екіншісін әкелсейші, мен анау қатынды қуа түрайын есін жиғызбай, егер есін жиса үйін тауып алады да шықпай қояды, – деп едім, түрің құрымағыр, Егеуәлі көнбеді:
– Қойшы, бүгінге осы де жетер, қарным ашып кетті, – дейді. – Ту амалсыздан үйге қайттық. Үйге келе сала Егеуәлі:
– Дабай, жаңағы жазғанымызды тыңдап көрейік, – деп еді. Мен:
– Құртып қоямыз, – деп жолатпадым, – Бұл сенің анау шетелдік эстрадаң емес ғой бұл, бұл дегенің ғылыми еңбек.
Тақырыптың бірінші бөлімін жазып бітірдік. Енді екінші бөліміне кірісу қалды.
Иә, енді ырылдату керек. Майлыаяқты «қытық-қытық, қытық-қытық» деп қытықтап та, қос қолдап тұрып шымшып та, желкесінен бүріп жұлқып та көрдік. Ырылдамайды. Тіпті, титімдей ғана «ыр» деген даусын да шығармайды. Егеуәлі ерегіске құмар жан. Сол итпен ерегісем деп жұмысынан бір ай өтпеске алды. Мекиендерге өзінше қоқан лоқы көрсететін қызылқұйрық қораздан да бұрын тұрамыз ұйқыдан. Көзді тырнап-тырнап жібереміз де, Майлыаяқты әурелейміз. Нәйсап ырылдамайды, қайта ыржақтайды. Несіне жетісетінін қайдам.
Ернін шығармақ түгілі, мұрнын тыржитса да, әнеукүнгі уақиғадан кейін Гүлкімкелдіні өте-мөте жақсы көргенсіреп кеттік. Ғылыми жұмысыма қозғаушы күш болды ғой, ол біздің есімізде мәнгі қалады енді.
Фигураңнан айналайын, Гүлкімкелді сол күйі қасымыздан өтпей қойды. Баяғы мимикасын сағынатынды шығардық.
Жарықтық Гүлкімкелдінің әкесі – темекіші-Түлкібақ деген азамат та бір жүрген дөң. Жынына жақпаса атасына да сәлем бермейді. Үйге қонақ келсе тепкілеп-тістеп, төрге жақындатпай, есік алдына отырғызып қояды, есіктегі қонаққа төлькі сұрақ жаудырады.
Бір күні... Иә, бір күні Аңырақай шалдың мұрынға иіскеп отыратын насыбайы іңір қараңғыда таусылып қалды. Насыбайшы шалдың да есек мінезі бар, ол насыбайын тек қана базарда сатады, ал үйіне барсаң ит қосып қуады. Сонысына түсінбедік. Насыбайымды ұрлайды дейтін шығар қырсық шал.
Ал енді қайдан таптық насыбайы құрғырды. Аңырақай шалдың мұрнының қышымсуы ұстай бастады. Қышымсу күшіне мінді дегенше бітті, онда Кеңсірік кемпірден бастап бәрімізді дымымызды қоймай сыбайды. Тәк, аузына ақ итті кіргізбеу үшін, кеңірдегінен көк итті шығармау үшін насыбай тап.
Насыбай табу үшін үй-үйді ақтап, безіп кеттік. Мен темекіші – Түлкібақтың үйіне тарттым. Әшейінде жарығын аямай төгіп тұратын электр жарығы тура мен темекіші-Түлкібақтың табалдырығынан аттай бергенім де өшті де қалды. Не әрі кетерімді, не кіріп келерімді білмей біраз секунд тұрып қалдым. Қой енді не болса да деп, аяғымдағы туфлиімді шешпей-ақ өте бермекші болып (шешсем қараңғыда таба алмай қалармын) аттай беріп едім, Гүлкімкелдінің кіші баласының аяғын басып кеттім. Желкең үзілгір тура горшокта отыр екен. Бақырып қоя берсін. Сөйтті де тыртаң-тыртаң кірпі құсап қараңғыда жорғалап кетті.
– Бүгім-әй? – деп, темекіші Түлкібақ ақырып жіберді. Не үшін келгенімді ұмытып қалдым. Селк ете түсіп қорықпастан, кейін бұрыла беріп шелек пе, әлде кастрюль ме бір нәрсеге шалынып құладым. Қолымды жерге тіреймін деп ербеңдеп едім, саусақтарым быламық па бір нәрсеге «былш» малынды. Иісі мүңкіп кетті. Тұра сала есікті әрең іздеп тауып алдым да әрең шықтым. Артымнан темекіші Түлкібақ түсіп кеп берді. Сол жақта мал қораның есігі ашық тұр екен, қойып кеттім. Кіргенім сол еді, қораның терезесінен қасқыр ма, әлде адам ба, әйтеуір бір пәле атып шықты. Мен де жүгіріп бардым терезеге. Осы кезде белімнен бір нәзік қол қаусыра құшақтап алып өзіне тартып, қысып өлтіре жазадады. Мен зәре –иманым қалмай терезеден сыртқа ұмтылдым. Қорықпағаным сонша, тіпті жаңағы жабысқан пәлені өзіммен бірге ала шықтым, терезеден. Жаңағы пәленің белімнен құшақтағаны айналайын екен, енді аузы басымнан сүйгіштеп, бетімді сілекей қылып жіберді. Ерін таныс сияқты, қайда көрдім бұл пәлені, а?.. Қай жерде еді? Ей, қоя тұр. Мынау әлгі Гүлкімкелдінің помидор ерні ғой. Тура сол. Соның өзі. Ойбай, масқара. Әй,менде не әкесінің ақысы қалып еді?
– Жібер!, – дедім.
– Жібер дегенше одан да өлтіріп кет, – дейді. Масқара, енді қайттім? Көмекке кімді шақырамын енді, ойбай? А? Мына пәле әр жерімнен сығымдап, бетімді айғыз-айғыз сүйгіштеп өлтіріп барады. «Тайлыаяғым...», «Тайлыаяғым...» деп сыбырлап қояр емес. Ол «Тайлыаяқ» десе, мен «Майлыаяқ!» – деп бақырдым. Майлыаяқ нағыз дос екен, байлаулы шынжырын үзіп жетіп келді. Гүлкімкелдінің астында жатқан мені көріп қатты ашуға мінді Майлыаяқ. Тура белің үзілгір Күлкімкелдінің юбкасынан тістеп алып жұлқылады-ай келіп, бір жұлқылады. «Ыр-ыр» етеді. Қап магнитофонды әкелуім керек еді. Мен итеріп, Майлыаяқ тартқылап Гүлкімкелдіні үстімізден әрең түсірдік, тұра сала магнитофонға жүгірдім. Егеуәлі де саққұлақ екен, қанша дегенмен осы момент үшін бір ай өтпіскі алды ғой, мен бармай тұрып-ақ ол магнитофонды әкеліп, бәрін жазып алыпты. Күлкімкелді орынан атып тұрып, бетін шымшыды.
– Сен албасты қайдан келіп қалдың-ей? – деп, маған бассалды.
– Әй, мен қайдан білейін?! – деймін мен.
– Құдай сақтасын, мен сені Тайлыаяқ шығар десем, әй, ол қалай кетіп қалды-ей?! –деп таңдайын тақылдатты да қалды.
Сөйтіп Гүлкімкелді екінші рет көмектесті. Көп жаса Гүлкімкелді. Сенің мен үшін «жануар тану ғылымының кандидаты» атағын алуыма үлкен көмегің тиді. Жаса Гүлкімкелді, жасай бер...
Дыбыс жазылған су жаңа кассетаны магнитофонмен қоса ғылыми советке апардым. Ғылыми советтің төресі әбден мақтады, ол:
– Бұл еңбекте ешқандай жасандылық жоқ, бәрі шындық, тура табиғи түрде жазылған. Күшіктің үруінде де, ырылдауында да еш жасандылық жоқ. Тіпті, керек десеңіздер әртістік те жоқ. Сонымен қатар Әкеуәлінің бұл ғылыми еңбегі шынайы достықтың тек қана қиналған сәтте ғана сыналатынын да айқын ашып бұлтартпас шындықпен дәлелдеп берді. Не деген таңғажайып эпизод. Не деген ақиқат! Сондықтан Әкеуәліге даже докторлық ғылыми атақ беру әбден орынды, – деп аяқтады сөзін.
Бүкіл зал, коридор ду қол шапалақтап, дүрлігіп кетті...