26.06.2021
  208


Автор: Әбдінағым Көшер

АҚЫСЫНА – РЕСТОРАН НЕМЕСЕ «АЛАҒАН ҚОЛЫМ БЕРЕГЕН»

(Юморлық әңгіме)



       Ресторанның төріндегі төртпақ столдың төрт бұрышында төртеуміз: кеспелтектей Кәуек, түрің құрғыр Егеуәлі, майға піскен палаудай ақ сары Жүзік-қыз және мына мен, яғни Әкәуәлі.
       Әлгі Жүзік – қыздан басқамыз бір-бір оқтаудан жұтып алғандай сіресіп-ақ отырмыз. Апандай –апандай аузымызға дәм апарғанда ғана еңкейген рай танытамыз. Бір-бір есекке жабу боларлық алашадай-алашадай ала галстуктеріміз мойнымызды қылғындыра деміктіріп барады. Жүзік қыз кілең ошағанның арасында өсіп тұрған бір тал қызғалдақтай, мына біздің арамызда дараланып, ажарланып, аузымыздың суын құртып, ойымызды әр қиянға жетелейді.
       Егеуәлі Саңырақоваға, мен үйдегіге үйленгенімізге опық жегендей сыңайымыз бар. Кәуек өкінішсіз. Себебі ол сұр бойдақ деген атаудан шығыңқырап, енді «бойдақ шал» деген лақапқа кіріңкірей бастаған кездері еді. «Ой, қарақасқа сабазым-ай, айың туып оңыңнан, жұлдызың туып соңыңнан, осы Жүзік қызғы үйлене қалсаң, сен де адам қатарына қосылғалы тұрсың- ау», деп қоямын іштей.
       «Цыплята табака» мен «Чахомбилидің» майда-шүйде тауық сүйектерін де қоймай күтірлете мүжідік. «Мына аш бәлелерге қайдан тап болдым?», деп отыр ма, қайдам, Жүзік қыз біздің аузымызға таңдана қарап қояды. Әсіресе, Кәуек қасқа өліп барады. Мана біразда еттурағыштан өткен бифштекстің ұсақ-мәйде-ее бір түйір түйіршегіне қақалып қалып, жөтеліп-шашалып қалғанында желкесінен түйгіштеп емдеп, сыра ішкізіп, қақалғанын әрең басып едік, ол аз болғандай міне шөженің мойын омыртқасын «күтір-күтір» еткізіп жеп қойды. Ой, оңбаған ақымақ. Жә, бізді қойшы, мысалыға, мен қарным ашып тұрғанда, әшейін сырттай қызыққаным болмаса, Жүзік-қызды қайтейін, үйдегіміз бар ғой. Егеуәлі де солай, үйінде Саңырақовасы дегендей...
       «Ал енді бағанадан бері өңештен өтіп, асқазанға дүңк-дүңк түсіп жатқан тағамдарға кім төлер екен?», деп ойлана бастадым төртінші коньяктың қалпағын қайырып жатып. Мен Егеуәліге сеніп келгенмін. Оның себебі, әнеукүні Саңырақ шалдың кіші қызын әрі жеңілдеу, әрі айлығы көптеу жұмысқа орналастыруға жәрдем еткенмін. Егеуәлі сонда балдызының қуанышына бір рыстыран «обещайт» еткен. Жүзік қызды да осы рыстыранға Егеу әкелді. Мына жұтынып отырған мешкей Кәуекпен таныстырмақшы. Егер әлгі грек мифтеріндегі айта беретін махаббат Құдайы қолдап, бірін-бірі ұнатып, желімдей жабысып бара жатса, атастырмақшымыз. Айтпақшы, Кәуек маған сеніп келіп отыр осы рыстыранға. Мұның себебі бар. Бұл ит маған түнеу күні Жапонияда тігілген майда помбарқыт шалбарды кәстемімен тауып беріп қарық қып тастаған. Ақысына бір рыстыран «обещайт» ете салғанмын.
       Асылы бұл фәниде шамалап, азма-аз ғана қулау болмасаң да қиын-ей. Менің де аздап-аздап Қожекеңе ұқсаңқырыған қулығым бар еді. Сондықтан әлгі Кәуекке берген «минус» обещаниемді Егеуәлінің берген «плюс» обещаниесімен жымдастырып, тігісін жатыстырып-ақ жібермекші болғанмын. Ал, хош делік. Сонымен тамақ жеп, әбден «барқ-барқ» кекірене тойып, енді шайға өте бергенімізде Егеуәлі ішін ұстап ым қақты. Тысқа шықтық. Енді қолымызды шайып ішке кірмекші болып тұрғанымызда мен:
       – Әй, Егеуәлі ақшаңды төле, давай кетейік бұл арадан, анау Кәуек мешкейдің аузынан сөзі түсіп тұр. Қызбен сөйлесіп бізге тарыдай да абырой әпермейді, – деп, едім, Егеуәлі:
       – Ой, кетеміз ғой, бірақ менің қазір төлейтін жартының жартысындай да көк тиыным жок, төлейтін анау бойдақтың әнін айтып отырған мешкей Кәуек. Кеше айтқан ол: «Егер бір қызбен таныстырсаң, кәдімгі ғадетіміз бойынша бір рыстыран менен» деген, – деп екі көзін біресе төңкеріп, біресе алақ-жұлақ еткізіп қалтырай бастады.
       – Ей, денің дұрыс па, әлде ауруың бар ма өзіңнің, ол ғой маған сеніп келді, мен саған сеніп келдім, сен оған. Сонда кім төлемек, а? – деп бақырып қалдым.
       – Бұл пәледен құтылудың ең оңай жолы – қашу. Олай болса, давай зытайық, – деп Егеуәлі тызылдады.
       Мойында галстук барда жүгіруге болмайды. Оның үстіне бұл жер қаланың ең мәдениет сақтауды талап ететін орталығы. Мәдениетсініп мойныңа галстук байладың ба, онда жүгіруге болмайды, ұят болады. Ал енді, шіркін көсіліп жатқан Созақтың кең даласы болса бір сәрі, ақбөкендей безіп кеп беретін. Сонда да екпіндей басып, желіңкіреп отырып, көшенің қуыс-қуысын қуалап тайып тұрдық. «Сорың құрғыр, Кәуекке обал болды», «әй бірақ сауап», «сонда да обалды», «жоқ, өзіне сол керек» деген қарама-қарсы екі оймен жағаласып, тепеңдеп келеміз...
       Кәуек бізді тапса аямайды. Сондықтан да ертеңіне таңсәріден емханаға бардық та бір көңілі жақын таныс емшіден рыстыран «обещайт» етіп бір жұмаға көк қағаз алдық. Енді Кәуектен тығылатын жер іздеу керек. «Дачаға» баруға баруға болмайды. Кәуектікі біздікілермен көрші. Билет алып бастың ауған жағына тайып тұрудың тағы жөні жоқ, балалар оқуда, сомадай болып жалғыз қыдырған жараспайды. Екеуміз әрі ойланып, бері ойланып, ақыры «Жат жамбасым жеті ай» атты қырықнеше қабатты супер отел-қонақ үйден орын алуды ұйғардық. Горхомхозда бір таныс бар еді, соны қуып жүріп, ең жоғары қабаттан бір аптаға тегін орын алдық. Оған да реті келгенде бір рет рыстыранға апарамыз деп уағда айттық. Мен қабаттардың қырык екіншісіндемінде де, Егеу қырықнешіншісінде. Кәуек пәле таба алмасын деп әдейі жоғарыға шыққанбыз.
       Құдайға шүкір, әлі Кәуектен хабар жоқ. Өлі ме, тірі ме, әлде қамалып кетті ме, ол жағы әзірге тұман. Сбежий газеттердің соңғы бетін қарап қоямыз. Газетте «некролог-секролог», көңіл айту жоқ, значить ол әлі тірі. Жан тиыштығы кімге жақпайды, былқ-былқ еткен креслода шалқайып жатып, Егеу екеуміз бір-бірімізге телефон шалып, тірі екенімізді айтып, Кәуек пәледен қатер жоқтығын білдіріп қоямыз. Осылай бес күн өтті, іш пыса бастады. «Қарап жатқанша кешкілік келіншектерге барсақ қайтеді?» – деп едім, Егеуәлінің тамырын басып. «Тышқан мысықтан құтыла алмай жүріп құйрығына қалжуыр байлапты» деген, немене, тыныштық жақпай жатыр ма, еріксең ән шығар, өлең-жыр жаз», – деп, мұғаллимсінді. Мынаған ақыл қонайын депті ғой, егер енді бір жұма осында омалсақ, өзінен ғұлама-прәпессір шығар-ау, ә?!Бір апта өткеннен соң Кәуектің ашуы басылған болар деп, мысық табандап жайымен басып көшеге шықтық. Күнге шықпағалы жүзіміз ақжемденіп қалыпты. Тура аурудан тұрғандаймыз. Сыраның өшіретіне қосылдық. Мойнымыздағы галстугімізді алып тастағанбыз. Аяғымызда спорттық кеда, киіміміз жеңіл, алда-жалда Кәуек кездесіп қалса, қашуға ынғайлы болсын деп осылай киінгенбіз.
       «Шымкентскоеның» өшіреті енді келіп, екі бокал құйдыра бергенімізде «О, Құдай, ананы қара, анауың Кәуек ғой. Бізге қарай салып-ұрып жүгіріп келеді. Тура оқалақ тиген өгіздей секіріп-секіріп қояды.
       – Ой-бай-айй, қаш!, – деп үлгерді Егеуәлі, сөйтті де өзі безіп кетті. Мен де соңынан көтердім өкшені... Ұялатындай мойнымызда галстук жоқ. «Мына бір интеллигентті қараңдар-ей, жүгірісін өзінің» деп, ешкім саусағын саған қарап шошайтпайды. Ал, спирт... тойыс спортсмендерге жүдә ұқсаймыз. Кәуек те «шуу, қара қасқа», – деп соңымыздан түсіп кеп берді.
       – Аялдамаға қарай тарт!, – деп бақырдым, алдымда желке тістесіп келе жатқан Егеуәліге. – Автобус немесе троллейбус, әйтеуір біріне мінерміз.
       Бірақ, қазір кешкі алтылар шамасы ғой, қайдағы автобус пен троллейбус. Олар да қасақана жұмыс аяқталып, үйге қайтар мезгілде келмей күттіріп қоймай ма? Ал керек емес кезде құрттай жорғалай-жарыса, кезек бермейтінін қайтерсің. «Әтесіне мың нәлет, осыдан бір құтылсақ, екіншілей ешкімге рыстыран обещайт етпеспіз», – деп қашып келеміз.
       Тамақты бізден екі есе жейтін Кәуек жүгіруден де бізге қарағанда екі есе жылдам екен. Орағытып алдымыздан шықты. Келе сала:
       – Ой, айналайындар, қайда асығып бара жатырсыңдар? Тоқтай тұрыңдаршы! – деп, бізді төрт құлаш құшағымен орап алды. Бұлқынуға шамамыз жоқ. «Қайда жоғалып кеттіңдер-ей, сендерді де көретін күн бар екен-ау» – деп бетімізді жалап жатыр. Сілекей –сілекей бетімізді оның аппақ көйлегіне үйкелеп алдық. Гәптің мәнісін тез түсінген Егеуәлі:
       – Бастығымыздың қызы ұл туған екен, соны хабарлауға асығып едік, -деді.
       – Онда Егеуәліге не жорық сандалып, – деп Кәуек танданыспен маған қарады. Мен ойланбастан:
       – Нәрестенің әкесі біздің бастықтың інісі еді, мен де Егеуәліге құсап... сүйінші...
       – Онда сүйіншілеріңді сендер де дайындаңдар, – деп Кәуек аспанға секіріп-секіріп қойды.
       – Е, о ненің ақысы екен?!
       – Мен үйленетін болдым.
       – Қойшы-ей, кімге?
       – Ол қайсы ақым... тойыс... ақ қыз саған тиейін деп жүрген?
       – Ақ қыз екенін қалай біле қойдыңдар-ей? Әлгі Жүзік қой.
       – Не дейді-ей? Жүзік?! Мынаның есі дұрыс па, өзі? Ішіп алған ба, әлде ауруы бар ма?
       – Қайтіп-ей?
       – Ой, қызық болды. Сендер іштеріңді ұстап сыртқа шыққанда-ақ қашқандарыңды сездім. Сондықтан күйінгенімнен тағы бір бөтелкеге заказ бердім. Қашуға болмады – даяшыға кепілдікке қалғанмын. Жүзік-қыз ішпесе де бір өзім сілтей-сілтей қатты мас болыппын. Жүзіктің сендер туралы қатты қайғырғанын еміс-еміс естіп қалдым. «Ана екі байқұсты ақша дәметкен милиция әкетіп қалған шығар» дейді. Сөйтіп, мені өзі сүйреп шығарып, даяшы мен есеп айырысты. Қай жерде тұратынымды күрмелген тілімнен біле алмағаннан соң, үйіне апарды. Сендерді «Не боп қалды екен?» деп екі күн уайымдады. Сол екі күн бойы мен Жүзіктің үйінде жаттым. Жалғыз өзі. Пәтер жалдап тұрады екен. Екі күн дегенде мастығымнан айығып, өзіме-өзім келгенше Жүзік мені әбден бақты. Вопшым, достар мұны жумаса болмас, сендерден немді аяйын, жүріңдер, – деп «Піс қазаным бес ай» атты орталық ресторанға жетеледі. Егеуәлі жеңімнен тартып, көзін қысты. Қарасам, түрің құрғыр, иттің тамағы бүлкілдеп тұр екен, түсіне қойдым да: «Мен қазір» деп маңайда тұрған таксофонға жүгірдім. Шалт-шалт ызбандадым да қайтып келдім. Егеуәлі ырза болып жымиып қойды. Әтесіне нәлет «Ауру қалса да әдет қалмайды» дегендері рас екен. Қандай күш итергенін қайдам, әлгі емші мен горхомкоздағы пірәдерларды рыстыранға шақырып, ызбандап қойыппын. Енді Егеуәліні кайдам, мен бұл кәпірге сенбей келемін. Ит білген бе, заказды беріп-беріп анау қонақтарымыздың көзінше бізді тастап тайып тұрса...





Пікір жазу