25.06.2021
  249


Автор: Құрал Көмекұлы

МАХАМБЕТКЕ ТАҒЗЫМ

Ереуіл атқа ер салғаным жоқ,
Егеулі найза қолға алғаным жоқ.
Туған жерді риясыз шексіз сүйем,
Толағайдай толықсып толғанып кеп.
Бергенімнен әзірге алғаным көп,
Айта алмаймын өзіңді жалғаным деп.
Кеудемде рух шоғын маздатамын,
Арманыңа алыстан жалғанып кеп.
Сенсіз мен шыңдарға шыға алмаймын,
Кім екенімді де ұға алмаймын,
Сәулеңнен қуат алып туған аймын.
Болашақтың бұлыңғыр есігінен,
Именіп мен де әрең сығалаймын.
Намыс жүзін қылыш емес ар кескен,
Кешір бізді Махамбеттер саз кешкен,
Желтоқсанның жасындары наркескен.
Тәуелсіздік тойымыз жалғасады,
Бас айналып мағынасыз баз кештен.
Мәңгүрттермен бірге сөніп түн болам.
Жақсыларға жалғанбасам кім болам?
Рух азып, бордай тозып кетпейік,
Махамбеттің ескерткішіне жүр, балам!





Пікір жазу