25.06.2021
  335


Автор: Хамза Көктәнді

Он екі таным

Бірінші таным Тіл Басқа бәле тілден. Тіл - тауға да шығарады, құзға да құлатады. Жұртқа жаман іс көрсетпе, жаман сөз айтпа. Біреуді сыртынан ғайбаттама. Сенің сөздеріңді естіген адам күндердің күнінде ол адамға кездесіп, ойыңды жеткізбесіне кім кепіл? «Тау тауға қосылмайды, адам адамға қосылады». Адал жанды адамды өзіңе өнеге тұт. «Жақсымен жолдас болсаң жетерсің мұратқа, жаманмен жолдас болсаң қаларсың ұятқа» деген сөзді ұмытпа. Тәжік халқы тілі жаңа шыққан баласына мың жыл бұрын өткен ұлы бабалары Рудакидің жырларын жаттатады. Ұрпақтарың өлең жаттасын. Сонда сөзінің қайда кетіп бара жатқанын байқайды. Тілдік қорын байытады. Өз сөзін айта алатынға болсу керек. Жүрегінде жалыны, өмірге өзіндік көзқарасы жоқ адам сені қарсыласыңның алдына жығып беруі мүмкін. Халқыңның жүрегіне жететін сөз тап, тұйықтан шығаратын жол нұсқа, Тілді көріктендіретін - ақыл. Ақылдың негізі жастықта қаланады. Екінші таным Жастық Жас өміріңнің бағасын біл. Жасқа - өлім жоқ, ол Алланың қаһарына ұшырайды. Әйтпесе, жас ағаштың жануы қиын. Сен әлі үлбіреген гүлсің. Гүлді кімнің құшқысы келмейді? Сен - дәмі тіл үйірген балсың. Балды кімнің жұтқысы келмейді? Құдайдан қорықпағаннан - қорық. Гүлмен бірге тікенді де жаратқан, салыстыру үшін. Жасырып жаман іс істегеннен гөрі әйгілеп қайыр сұраған жақсы. «Біреуге не істесең - басыңа сол келеді». Жастық шағыңда басыңа іс түссе арашалайтын, ауырыңды жеңілдететін дос таңдай, таба біл. Араласатын ортаң үлгілі болсын. Ол болашағыңа ықпал етеді. Азаматтар барлық жерде күн сияқты жарқырап тұрмайды. Сондықтан «жақсы-ау» деп ойлағаныңның бәрі - жақсы, «жаман-ау» дегеніңнің бәрі жаман емес болуы әбден мүмкін. Бұларды адал достар арқылы ажыратасың. Дүниедегі ұлы сезімнің бірі - достық. Үшінші таным Достық Мінезіңе қарап дос таңда, күшіңді шамалап жүк көтер. Тең - теңімен, тезек қабымен жарасқан. Досыңның дұшпан болуынан сақтан. Үй сатып алсаң - көршісін сұра, жер сатып алсаң - суын сұра. Өзіңе симаған сыр кісіге де сіңбейді. Достықтың да белгілі шекарасы бар. Жақсы көрген жек көре де алатынын ұмытпа. Қол - ауызға сүйікті. Пышақ қанша өткір болғанымен өзінің сабын жона алмайды. Ет пен тырнақ ажырамайды. Сондықтан ерлі-зайыпты сияқты өте жақын адамдардың арасында қазылық беру - қиын іс. Олар ашу үстінде ауыр сөздер айтса да, жеме жемге келгенде бірін бірі қия алмауы мүмкін. Жақын оттың жарығы күшті. Достық та солай. «Көзден кетсе көңілден болады ұмыт» деген сөзде ақиқат бар. Дархан жүректі жандармен жиі пікірлесіп, араласып тұр. Жақын отырған сыйдың құрметтісін алады, алыс отырған «немкеттісін» алады. Көздеген ісіңнен нәтиже шығарғың келсе, алыстан арбалайтын емес, жақыннан дорбалайтын жерге жылыс. Ұлы достық жүрегіңе ұят атты қасиетті ұялатады. Төртінші таным Ар-ұят Тірі адам көп нәрсені көреді. Бірақ ұятсыз адам бұралқы иттен де жаман. Ол өмірден адамның қоры болып өтеді. Опасызда ұят жоқ. Опа мен ұят - бір ағаштың жемісі, бір түліктің егізі. Ар-ұяттан сескенбей аттағандарда опа, уәдеге тұрақтылық болмайды. Ұяты бардың есімі құрметті, өмірі мәнді болады. Адам абыройды қасықтап жинап, шөміштеп төге салады. Адамнан тілеме, құдайдан тіле. Адамның бергені - есепті, Алланың бергені - есепсіз. Адамнан тілегеннің абыройы қашады. Ақылдылар дүние-малды өмірдің рахатын көру үшін және ізгілікті істерді жүзеге асыру үшін жияды. Жақсы атыңды жоғалтқанша, жаман жұллыныңды үз. Тура би төрде өледі, ит ошақ басында өледі. Жақсылыққа ұмтылғың, қайырым жасағың келсе сүрінгенді сүйе - береке табасың, абыройың артады. Қараудан құт қашады. Ұяттың бойындағы байлауы - сабыр мен қанағат, опа... Бесінші таным Қанағат, опалық, рахым Мен бір қолыма - от, бір қолыма мұз ұстаған жандаймын. Екеуін қоссам не мұз ериді, не от сөнеді. Біреуін тастайын десем екеуі де өмір сүруім үшін қажет. Қане, ақылды болсаң, жол тапшы осыған! Бұл саған айтылған бір мысал. Данышпан да тұйыққа тірелер шақ болады. Одан шығар жолды Алла ғана нұсқайды. Сондықтан барға мәзір, жоққа қанағат еткен дұрыс. Жетім бала өз тұсауын өзі кеседі: тарыққан кезіңде қабырғаңмен кеңес, жүретін жолыңа қиял көзін жібер. Қауіпті болса, айналып өтетін жол ізде, немесе сабырмен күт. Мінездің көркі - сабырлық, қанағат, ізгілік. Ізгі істің пайдасын есептеме. Ер тарықпай - молықпайды. Тәңірден таң сәріде тіле. Дүние - кезек, сөзсіз келеді. Қоғам да, заман да алмасып тұрады. Егер осы қасиеттер жүрегіңе мықтап мекен тепсе талай пенде осалдық жасайтын нәпсіңді тиясың. Жар мен досқа опалы боласың. Жүзіңнің жарықтығы, түсіңнің игілігі - ішкі жан дүниеңнің тазалығы. Адамды талай бәлеге душар ететін - нәпсі. Алтыншы таным Нәпсі Өмірде адам бойына енуге құмар тұратын жамандықтың түрі көп. Соның бірі - нәпсіқұмарлық. Ол - қиянатқа бастайды. Сабыр, қанағат, рахым, опа - нәпсіңді жеңер достарың. Нәпсі - жамандарға күйгізеді, жамандар - басты жерге игізеді. Нәпсінің мәні - ұрпақ жемісінде, дүниенің мәні - игілігінде. Алдамшы сезімдер құлдығына өзіңді душар етпе. Алдамшы сезімдерді қуу надандық. Оны тек өте ойы бұзылған адамдар ғана қуады. Көңілшек кісілер тез қауышады. Ұлы сөзде ұяттық жоқ. Көңілшек жігіт атының соры, көңілшек әйел к.. соры - көзіңді төмен, жүзіңді ашық ұста. Мәуелі ағаштың басы төмен болады. Көңілің кімді қаласа - сол сұлу. Ақылды адамдардың зұлымдығы орасан үлкен болады. Жаратылыстың сыйлаған парасатын адалдық пен ізгілікке бағышта. Тіске тұрған етке қарын тоймайды. Тірнектеп жинаған мүлкің де, түпкі мақсаты жат жолдас та сол сияқты - баянды емес. Жаманшылық ойламайтын, ақ ниетті адамдарға ырыс-ынтымақтың ықыласы түседі. Пайда көздегендер өзін жалғанның құлы етеді. Үйге әкеліп үйе бергенмен толмайды. Өзінің ықтияр еркін қанағатшылықпен меңгерген, көрсеқызар нәпсінің өткінші соққысына сабырлылықпен тойтарыс бергендерге баянды бақыттың бастауы - махаббат келеді. Жетінші таным Махаббат Жылуы жоқ жүрек - қуыс кеуде. Тіршіліктің жарығы - махаббат. Егер сүю болмаса өмірдің мәні жоғалар еді. Ғашықта шыдам болмайды, шыдам болса ғашық та болмайды. Қыз - жігіт көзіне түсу үшін бой түзейді, жігіт қыз жүрегін жаулау үшін ой түзейді. Ойлы жігіт алдында әйелдің жалғыз мақтанышы бар. Ол - дақ түспеген ары. Халық айтады: адамды арулап көмер алдында, ұлы денесін тазалап жуады. Осы жұмыс атқарылып жатқанда, мәйіт бұл өмірде арын өте таза сақтаған болса жууға кірген адамның жат қолын ұятты жеріне апарғызбай қағып жібереді екен. Мұндай құбылыстар әсіресе әйелдерде көп болатын көрінеді. Махаббаттың - басыңа қонған бағыңды бағала. Оны саудаға салсаң, аққу-сезімді жандар секем алып ұшып кетеді. Сүйіспеншілік өзінің тектілігімен ерекшеленеді. Сегізінші таным Тек және тектілік. Адам - пенде, ағаштың көркі жемісі болса, адамның көркі - жақсы іс. Инабатты болса - әйел, өнегелі болса - бала текті. Темір де тозады, асыл да мүжіледі, тау да шөгеді. Ертең өкінбеуің үшін соңыңдағыларға бейәдептілік көрсетпе. Жас бұтақ қалауыңа қарай игіледі. Тау арқанмен тартқанға бүгілмейді, дән себілмей астық өнбейді; тесік етік су кешкенде білінеді; ыдыста не болса сол құйылады - тұрған орныңа, жатқан жеріңе қара. Сөзіңді тыңдаған, сөзін тыңдаған жанға ой көзін жібер. Араб мәдениеті өркен жайған дәуірде түркілер «Ибн Тархан, ибн Мұхаммед әл Фараби» болды. Өткендерді «ов» болғаны үшін кінәлама, шамасына қарай қолынан келетін істі атқарды. Ал сен жария жаһанға «Пәленше ұлы» немесе «Пәленше қызы» деп жазу үшін күш сал. Сонда жыныс-затың мен әкеңнің есімі айқын болады. Тегі деген сөзге бабаң немесе руыңды алуға тиіссің. Руын білген қорлық емес. Тегіңді білу - тектілік. Ру - біздің халықтың маңдайындағы ғажайып ерекшелік, ата-бабаның қаншама ғасырлар екшеген, електен өткізге мұрасы. Олардың әруағын сила. Әрбір адам, мейлі қандай ұлт болсын, өзінің ата тегі туралы мақтанышпен аутуға тиісті. Жаман болсақ та, жақсы болсақ та осы топырақтан жаралдық.көкке көтерілсек осы топырақтан қуат аламыз және күніміз бітсе осы топыраққа айналамыз. Шошқа батпаққа аунатқысы келеді. Жамандыққа бойың бір үйренсе құтылуың қиын. Ол да бір ұйық сияқты, батырып жібереді. Жұпар иісі құтысында қалады - түріне қарама, қасиетіне, тегіне қара. Тектілік туралы халық өлеңі: Алтын да - тас, тас та - тас, Алтындай болмас, басқа тас. Алтынға алтын қосылса, бірін бірі тастамас. Дегенмен ғашықтық шарабына басың айналып жүргенде, бойыңдағы қасиетті тұмар - намысыңды жоғалтып алма. Тоғызыншы таным Намыс Адам бойындағы ең асыл қасиет - осы. Оның алдаспаны мұқалса, бишаралық балшығына бата бастағаның. Ешкімді басынба, басындырма. «Шалқайғанға - шалқай, ол құдайдың ұлы емес, еңкейгенге еңкей, ол әкеңнің құлы емес». Отаныңды, ұлтыңды сыйлағанды - сыйла, илегенді - иле. Аяқтың астында жатсаң, басың аман қалады. Бірақ жаның арыңның садағасы емес пе? Ойлан! Қиын іске сыналған, намысты ерді таңда. Ол опа береді. Еркін жеңе білген адам - нағыз намысшыл ер. Жаннан кешпей жеңбек жоқ. Намысшылды ызаландырма - отқа түседі. Ашу қысса - аузыңды жап. Ашулы адамда ақылға орын қалмайды. Халық көзімен қарағанда жарамсақтанып көкірегін басқан қолдан, тезек терген саусақ артық. Төмен қарамай айтысуға тұратын жерде - айтыс, тартысуға тұратын жерде - тартыс! Ұялатын жерді ажырата біл. Өмір болған соң не болмайды. Қайда да өзіңді салмақты ұста. Ешнәрсеге таңырқаушы болма. Мысалы қайғылыны көрсең, себебін білмекке әуестенбе... Оныншы таным Қайғы Қайғылының көзінше қарқылдап күлме. Тас - түскен жеріне ауыр. Кімнің бақытты болғысы келмейді? Кімнің жаман болғысы келеді? Қуантар болсаң асық, мұңайтар болсаң - сабыр тұт. Кісі айыбын ашқаннан жапқан жақсы. Өш алғаннан гөрі кешірген кісілік. Алдағы көретін күн, болашақ үшін рақымды болғайсың. Және соңыңа қайырыла берсең көштен қаласың. Түбінде тарығып жүрген - сүйінер, қамығып жүрген - қуанар. Қыстан соң көктем келеді. Бұлттанған аспан ашылады. Асылы, көктем мен күз күндері бұлтты болады. Сүріну - кәрі мен жасқа тән: бірі - қуаты жоқтықтан, екіншісі - сезімге аптыққан шағында сүрінеді. Рахат іздесең бейнетінен қорықпа, қуаныш іздесең - қайғысынан қорықпа. Бақыттың есігі біліммен ашылады. Әйелдің дауысы қатты шыққан үйдің босағасын аттама. Күйге жұққыш келеді. Танымай, білмей - қызықпа. Талант - данышпандық тауына шығаратын алғашқы баспалдақ. Бірақ оған да таңырқама. Он бірінші таным Талант Нағыз таланттарды күндегендер көп болады. Қараулар Алланың берген артықшылығын қимайды. Күш бар жерде өнерге жол жоқ. Жақсылар - жетім жүректі. Сондықтан дарынды адам көрсең қолыңнан келгенінше құрмет көрсет. Бірақ шегарадан асып кетпе. Орасан ойын әлі меңгере алмай жүрген жас дарын ұрыншақ келеді. өзіңе көлеңке түсуі мүмкін. Май пілікті көмсе, шырақ өшеді. Тәрбиесіз өскен талантқа амал жоқ: адал оймен айтқан сөзіңді толып тұрған Айға қол шошайтқандай қабылдайды. Есіңде болсын, қолдан жасанды дарын жасама! Ол ертең адамдарды алдайды. Сол үшін әруақ алдында сен күнәһарсың. Бірақ ел басқарған игі жақсылар мен аса ірі дарын иелері туралы халық арасына жайылған сөздің бәріне сене берме. Жел тұрса қамыстың үлпелекті басы жерге құлайды. Өмірге, қоғамға, тіпті әрбір адамға өз көзқарасың болсын - сөзге ерме. Іші күйген дұшпан не болса соны айтады. Мәуесі көп ағашқа тас та көп тиеді. Олардың күрделі ұғымынан туған оқыс әрекетін қарапайым халық түсінбей қалуы ғажап емес. Сосын «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» деген сөз шығады. Әліптің - артын бақ. Көзің жетпейтін істегі ең дұрыс әрекет - үндемеу. Тезекті қозғама исі шығады. Өнерге, адал дүние есеп керек. Қолыңдағыны базарлай біл. Қиылып сұрағанға берсең - өзіңді силағаның, немкетті өтінгенге берсең - өзіңді қорлағаның. Яғни еңбегіңді, өнеріңді сатуға арланба. Сол еңбегіңді немесе өнеріңді орындау үшін ойың, күшің, уақытыңды, яғни ғұмырыңның белгілі бір бөлігін жұмсайсың, сарп етесің. Ей, от басының үлкені! Далаңның кеңдігін пайдалан, малыңның бағасын біл. «Бит терісінен биялай жасағандар» сенен кем де, артық та емес. Бұл менің қолымнан келмейді деме! Арзан нәрсенің қадірі жоқ. Сондықтан өнер мен еңбектің қасиет -қадірі артуы үшін, қажет болса саудаласудан тартынба. Бұл өмірде алаяқтар жетерлік. Пысықта - ұят, зәлімде - опа жоқ. Таңырқайтын ең тамаша қасиет - мақсат, мұрат. Дүниенің қызығын халық қамы үшін қиған адамды байқасаң, іштей болса да басыңды иіп, тілеулес бол! Он екінші таным Мақсат пен еңбек Үйдің беріктігі іргетасына байланысты. Сол сияқты болашағың мен адамдық дәрежеңді алдыңа қойған мақсаттың, түпкі ниетіңнің адалдығы айқындайды. Ұлы адамдардың мақсаты да - Ұлы. Ұлылардың мың жасатқан Еңбек және ұлы Арман. Өлімді жеңетін қуат та - осы. Айналаң топас, тобыр болса, өзіңнің де мал болғаның. Билік, байлық, даналық - бір өзіңе байланысты. Бірақ алдымен ниетіңді, пейліңді тазарт - жолың оңғарылады. Алданамын деп қауіптенбе, адал адамның ақысын Алла жегізбейді. Аспанға Ай мен Күн қалай сиған. Айласын тапсаң арыстан да бастығады. Қолыңнан келгенінше еліңнің ой өрісін кеңейіт, ар-намысын оят: әруағын қадірлесін, ата жауын жәбірлесін. Қашан да қол бастайтын батырлар, ой бастайтын ақындар керек. Осындай перзентсіз жұрт - құнарсыз топырақ. Кеудесін оққа тосыпел қорғаған батырдың да, жүрегін жалау етіп ұран тастаған ақынның да - бағасы бар. Елді қанға батып қорғайтын ерлер, ерді күйіп-жанып тәрбиелейтін - әйелдер. Ізгілік те, зұлымдық та ананың ақ сүтімен бойға сіңеді. Ұлыңды азамат етіп өсір. Еркектер елде толып жүр. Әйелі азған елдің ертеңі жоқ. Кейбір қарау күштердің жымысқы ықпалымен, ұлдары - наша қорлық, маскүнемдікке салынған, қыздары - арын жоғалтып азғындаған ұлт, алдымен ғұрып салтын ұмытады. Кейін тілін жоғалтады. Мұның соңы бүкіл елдің жойылуына әкеліп соғады. Бізді осыдан сақтасын! 1990 жыл





Пікір жазу