24.06.2021
  244


Автор: Нұрхалық Абдырақын

Абай: Жақсы менен жаманды айырмаудың басы...

Қалың елім, қазағым, қайран жұртым,


 


Ұстарасыз аузыңа түсті мұртың.


 


Жақсы менен жаманды айырмадың,


 


Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.


 


Қазақтың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай осы өлең жолында «мұрт» туралы тоқталады,  мұсылман адам сыртымен де ішімен де көрікті болуы керек.


 


Әр сөзіне қатты мән беретін сөз зергері «мұртты» бекерге тілге алған жоқ, мұрт қоюдың өз әдебі, тәртібі бар. Орыстану бастаған сол заманда, олардың мұртты ауыздарына қарай сәлеңдетіп өсіріп, оны сорып жүретін жаман әдеті жұқты. Қазақ та ежелден мұрт қойды, алайда мұртты ауызға жеткізбей, астыңғы жағын жақсылап қырып, бет әлпетіне, қасының ұзын-қысқа, жуан-жіңішкелігіне сәйкестіре әдемі, жарасымды етіп қойып, өте таза ұстады, ауызға түссе ол мәкурһ, ауыз айналысы ашық тұратын, керек болса тұмау тигенде ағып кетсін деп мұрт ортасын аз ашып қоятын болған. Дәрет алғанда мұрт-сақалдың түбіне су тимесе дәрет толық болмайтыны жақсы білген, сондықтан да мұртты қатты қалың әрі қатты ұзын өсірмейтін. Орыстық (шығыс Еуропалық)мәдениет қазаққа алғаш келгені туралы Қажғұмар Шабданұлы да «Қылмыс» романының алғашқы томында сатирамен түйреген. Көршісінің баласы орысқа барып алты ай тұрып келгенде «балаң не үйреніп келіпті?» депті бір шал бір шалға, «тік тұрып сиюді үйреніпті». «Оны несіне үйреніп жүр алысқа барып, біздің қоңыр сиырдан үйрене салмады ма?» деген екі шалдың әңгімесі ерксіз еске түседі. Демек қазаққа сол лат, кір дүниелер еш ұнамаған Абай атамыз соны тілге тие етеді. Сол үшін де Абай «Орыстың ғылымын оның пайдасына ортақ болу үшін, зиянынан қашық болу үшін үйрен»,- деп халқына ақыл айтқан. 


 


«Жақсы менен жаманды айырмадың,


 


Бірі қан, бірі май боп енді екі ұртың.» Осы екі жол жалпы өлеңнің өзегі саналады. Онда ақын «салдарын алдымен, себебін артынан» жазған. Неге ақын қан мен майды екі ұртқа салды, ауызға салатын басқа нәрсе жоқ па?  Талқанға-ақ, қақалдыра салар еді. Жақсы мен жаманды айырмаудың басты себебі адал мен арамды айырмауда екенін осы «қан мен май» арқылы өте тамаша жеткізген. Қан арам, оны ауызға салуға болмайды. Бауыздау қан денеге тисе дәретті бұзады. Ал май толығымен адал. Әйтсе, алыстан шалып, кең пішетін дана ақын, соны меңзеп, адал мен арамға мән бірмесең істің бәрі бос дейді. Сол кезден бастап сенде жақсы мен жаманды айыру қабілеті жоғалады дегенді қадап айтады.


 


Адам не жесе сол, қандай малдың етін жесе соған бара-бара ұқсайды. Орыстар қазақты қолға үйрете алмағанда аттың жал-құйрығынан аямай салық салып, аттарын мінуге амалсыз қалдырған, жал-құйрығы күзелген атты қазақ мінбейді. Иесі қайтыс болғанда мініп жүрген атының жал-құйығын күзеп ақ байлап тұлдап өріске жібереді, оны ұрының өзі алмайды, жылы толғанда асқа сояды. Одан соң орыстар жылқының тұяғы мен сүйегінен салық салып, қазақты жанама жолмен аттан түсіріп, жылқысын азайтып, сиырдың етіне еріксіз қаратты, содан кейін қазақтар тектіліктен ақырындап ажырап, бірін-бірі жамандап домалақ арыз жазып, орысқа өздері жем болды. Одан соң қойдың етін көп жегізіп момын жасады.


 


Адам бір грамм арам ас жесе қырық күн бойы ісі өнбейді, намазы, дұғасы қабыл болмайды. Бүгінде адал мен арам қатты араласып кеткен, сондықтан да барынша сергектікпен, талғампаздықпен адал ас жеуге тырыссақ өзіміз үшін пайдалы. Ғаламтордан «E-қоспаларын»дағы халал және харамның тізімін шығарып алып, ас бөлмесіне жапсырып қойса ұрпақ таза өседі. Сондықтан Абай бар күнәның басы сол қан  мен майда деп топшылайды. Тіпті, қазақ еркек қойды көп жесек, еркек бала көп болады деп ұрғашы тоқтысын малдың аналық басын көбейтуге қалдырып, еркегін жеген.


 


  Бет бергенде шырайың сондай жақсы,


 


  Қайдан ғана бұзылды сартша сыртың?


 


 Қазақ дүние танымында сарт сөзі саудамен айналысатын адамды айтады, сондықтан да Абай уәдеге тұрмайтын арсыздыққа кетіп бара жатқан, болмыс, бітімі бұзылған қазаққа ашынады, күйінеді. Түріңе қараса қазақсың, ал ісің сарттікі дегенді осы екі жолда толғайды.


 


Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,


 


Аузымен орақ орған өңкей қыртың.


 


Бұл екі жолды дәл қазіргі ғаламтордағы топ-топқа бөлініп алып айтысып, тартысып жататын қазақтарға айтқан сияқты Абай атамыз. Адал мен арамды парықтамаған адам осындай сөз ұқпас, тоғышар болады деп күйінеді. Бұрында қазақ сөзге тоқтаған, бір ауыз сөзбен үйдей дауды шешіп, жөнге салған. Төле би, Әйтеке, Қазыбек  көкелеріміз дуалы ауыз, аузына арам салмаған нағыз тақуаның өзі болған.


 


 Өзімдікі дей алмай өз малыңды,


 


 Күндіз күлкің бұзылды, түнде - ұйқың.


 


Бұл жолдарда ақын қазақтағы ұрлықтың асқынып, тыныштықтың ел арасынан кеткенін айтады. Ұрлық малдың нағыз арам екенін ескертеді, арам табиғи( харам ли аниһи) арам және адами фактордан болатын қақысы өтелмеген(харам ли ғайриһи) арам болып екіге бөлінеді. Барлық ел арам жеп бітті деп ашынады. Кезінде аталарымыз айдаған бидайы қатар тұрған егістікке жел мен тозаңданып бір-біріне өтеді, содан жеген наным арам болады деп, елден бөлек жотаның не тоғайдың маңына барып бидай айдап нан жеген. Әйелінің хайызы келген кезде және бала емізген уақытында   жасаған тамағы мәкрауһ деп тамақ жемеген. Таза далада жүрген тауықты бір жеті аяғынан байлап қойып таза бидай беріп, таза су ішкізіп, зәрі(нәжісі) ішіне өтіп кетеді деп жүнін ыстық суға жидітпей, қолмен жұлып тазартып, сыртынан қалдықтарын үйітіп тастайтын. Кешегі Ақан сері барған үйінде бір тал қыл-қоқыс көрсе дәм татпаған екен. Міне бұл қазақы тақуалық.


 


Көрсеқызар келеді байлауы жоқ,


 


 Бір күн тыртың етеді, бір күн - бұртың.


 


Арам ас жеген адам «байлаусыз, тұрақсыз, көрсеқызар» деп сөгеді ақын.


 


    Бас-басына би болған өңкей қиқым,


 


Мінеки бұзған жоқ па елдің сиқын?


 


Екі алдам біріксе бірің басшы болыңдар, бір-біріңді тыңдаңдар, болмаса, екі айрық жолға келгенде ұрсысып екіге бөлініп кетесіңдер деген ұстанымды жақсы білген қазақ сөзге қорыған. Осы жақсы қасиеттің елден кеткеніне қатты налиды.


 


Өздеріңді түзелер дей алмаймын,


 


Өз қолыңнан кеткен соң енді өз ырқың.


 


Елді орыстың билеп отырғанын меңзейді.


 


 Ағайын жоқ нәрседен етер бұртың,


 


Оның да алған жоқ па құдай құлқын?


 


Жақын туыстар тез өкпелегіш келеді, себеі ол бір туғанын міндетсініп, туысында жоқ нәрсені сұрайды, соны бер деп дәметеді, оның қолынан келмейтін істі істеп бер деп қолқа салады, солай ол байқұстың қолынан ол іс келмесе, көшке берген тайын сұрап, өкпелесіп кетеді, болмашы бір тал сүйекке де өкпелейді, бұл жамбас менің жолым еді оны ананың алдына қойды деп бұртыңдайтыны тағы бар. Міне осы жолдарда қазақтың ағайын араздығын дәл басып айтады.


 


Бірлік жоқ, береке жоқ, шын пейіл жоқ,


 


Сапырылды байлығың, баққан жылқың.


 


Құрғақ мақтанды, жалған атақты сынайды, адамдардың ниеті тарылып кеткенін де осы шумақта тілге алады.


 


Баста ми, қолда малға талас қылған,


 


Күш сынасқан күндестік бұзды-ау шырқын.


 


Оңалмай бойда жүрсе осы қыртың,


 


 Әр жерде-ақ жазылмай ма, жаным, тырқың?


 


Ішінде білімі, қолында өнері жоқ, тек бар болғаны төрт аяқты малға (байлыққа) сенген құр кеуделік, егес, малға талас, бақастық, күндестік, бөспеліктің елді құртатын дерт екенін жеткізеді.


 


Қай жеріңнен көңілге қуат қылдық,


 


Қыр артылмас болған соң, мінсе қырқың?


 


Тиянақсыз, байлаусыз байғұс қылпың,


 


Не түсер құр күлкіден жыртың-жыртың.


 


«Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, күлкішіл кердең наданның» деп өзі жырлағандай мағанасыз бос күлкі, тұрақсыздықты сөз еткен Абай адал мен арамды білмеген, жақсы мен жаманды, жау мен досты айырмаған елде көңілге қуаныш сыйлар не бар деп ашынады.


 


 Ұғындырар кісіге кез келгенде,


 


Пыш-пыш демей қала ма ол да астыртын?


 


Ақыл айтсаң, сөз тыңдамай, күбір- күбір сыпсыңдап өзінше ақылды кісі бола қалады деп ақын өлеңін аяқтайды. Демек, күнә мен надандықтың басы адал мен арамды айырмауда екенін айтады, оған мән бермген адам жақсы мен жаманды білмейді. Осы өлеңде өрнектеген жамандықтың барлығы содан шығады деп ишара береді. Себебі имани терең білімді Абай мынаны біледі.  Алла Тағала адам тәнін жаратып, адамның садрына(кеудесіне) рух(жан) салады, содан соң екі қастың ортасына нәпсіні орналастырды. Адамға таңдау еркін берді. Міне әңгіме осы жерден басталады. Солай адам сыналады.


 


Аллa тиым сaлғaн іс­тер­дің бә­рін нәп­сі қaлaмaйды, Аллaғa қaрсы ке­ле­тін іс­тер тү­гел­дей нәп­сі­нің қaлaуы. Ақылдaн бұ­рын нәп­сі­­мен ( ерік­ің­мен) кү­ре­су парыз етілген.


 


 Нәп­сі төртке бө­лі­не­ді. 1. Әмра нәпсі, ол үнемі жамандыққа шақырады. 2. Ләуәмма нәпсі, ол бір кү­нә жaсaсa, де­реу өкі­не­ді. 3. Мүлқама нәпсі, ол тақуалықпен жүрседе күнәдан арыла алмаған нәпсі. 4. Мұтмайын нәпсі, ол күнәдан мүлде алыс, тақуалықтың шыңындағы нәпсі. Нaғыз мү­мін нә­пі­сін ұмытмайын етіп тәр­бие­леп aлaды. Адал жеген адамның рухы шаттанады, арам жеген адамның нәпсісі күшейеді, солай жамандыққа тартады да тұрады, ал адал жеген тақуа жақсы іске мойын бұрады. Адамды адам ететін адал ас, сондықтан Құран Кәрім де бұл тақырыпққа арнауды тоқталады.


 


Өз ұлтын өзінен артық жақсы көрген ақын елі үшін күйіп жанады. Абайдың ерлігі де осында.





Пікір жазу